Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі-Сарайшық қаласы. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.
Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ –ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке-Алтын Орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол, «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен». Сарай-жүк монғолша кіші Сарай деген мағынаны білдіреді. Ол кезде Алтын Орда үлкен Сарай, Сарайшықты кіші Сарай деп атаған. Бұдан кейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған орыс патшасы 6 Иван Грозныймен дос болған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасауы кезінде Сарайшық қаласына соғады. «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан қолөнері мен саудасы дамыған қала екен» деп жазған.