Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хронология

Тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезеңіндегі Қазақстан
Верный атауы Алматы болып өзгертілді
КазАКСР астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілді

ҚАКСР астанасын Орынбордан Сырдария губерниясындағы Ақмешіт қаласына көшіру туралы Қазақ АКСР ОАК-нің шешімі шықты. Қалаға төңкерістік кезеңге сәйкес жаңа  Қызылорда атауы берілді. Орынбор Ресей құрамына өтті. решение ЦИК Казахской АССР о переносе столицы КАССР из Оренбурга в город Ак-мечеть (бывший Перовск) Сыр-Дарьинской губернии. Городу дали новое название, более соответствующее революционной эпохе, – Кызыл-Орда.  Оренбург отошел к России. 


Қазақстандағы жаппай ашаршылық жайлады

 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсының ара жігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халыққты күйзеліске душар етті.

Бұл азаматтық соғысының енді ғана аяқталған, большевиктер ел ішіндегі саяси- экономикалық, әлеуметтік шиеленісті өз пайдасына әлі толық шеше алмаған өлара кезең еді. Кронштат бүлігі, шаруалар наразылығы, большевиктер билігін әлі де мойындай қоймау – сол кезеңнің жалпы ахуалының сипатын көрсететін.Осы кезеңде тек қана Қазақстанда ғана емес, Ресейдің бірқатар жерінде де Астрахан, Царицын, Саратов, Самара, Симбирск, Уфа губерниялары ашаршылық құрсауына түскен болатын.

Әрине, Қазақстандағы ауыр жағдайды орталықтағы большевиктік билік білді. Солай болғанымен, ашаршылыққа ұшыраған Ресей губернияларға көмек көрсетуді талап етті. Өз еліндегі ашаршылықтың дендеп, етек алып бара жатқанын көріп, біліп отырған қазақ елінің билігі алдарында тұрған екі мәселені де шешу жолын ұстанды. Ресейге ішінара көмек жасағанымен, ел ішіндегі жағдайды реттеуді бірінші кезекке қойды. Сондықтан да болар, Қазақ Орталық Атқару Комитеті атынан Ә.Жанкелдин мен Киселев Қазақстандағы ашаршылық жайын айта келіп, жағдайды реттеу әрі бір жағынан жеңілдету мақсатында Қазақстан территориясындағы басқа ұлт өкілдерін, мысалы, украиндарды өз республикаларына қоныс аударуға рұхсат беруін сұрады. Ашық айтылмаса да, бір себептері немесе орталықтың алыстан ойлаған мақсаттары болды ма бұл ұсынысқа келісім бермеді. Сонымен қатар, алдын ала жоспарланған Қазақстанға Ресейден қоныс аударуға тиісті 2 млн адамды орналастыру мәселесі де өзгеріссіз қалды.

Қазақстанға Ресейден 2 млн адамды қоныстандыру қажет деген мәселе күн тәртібінде тұрғанымен, осы уақытта Қазақстанда аталған бес губерния мен бір уезде ашаршылыққа ұшырағандар саны да мәлімет бойынша 2 млн адам еді. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде – 75 мың ашаршылыққа ұшырады [1]. Бұл мәліметтің өзін орталықтың қырына ұшырап қалмау үшін қазақ билігі азайтып берген де болуы мүмкін. Себебі, осы жылдары ел ісіне белсене араласып, елдің ауыр халін өз көзімен көрген М.Әуезов «…аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады» дегенді бекер айтпаған болуы керек. Бұл биліктің дәрменсіздігі мен аштан қырылып жатқан қазақты көрген адамның жан айқайы, ышқынуы еді. Қазақстанда осыншама 2 млн адам ашаршылыққа душар болғанда, оларды ашаршылық тұзағынан алып шығу үшін қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру, оларға көмек беру орынына тағыда осындай 2 млн адам адамды Ресейден Қазақстанға қоныс аудару ешбір логикаға келмейтін еді.

Бірақ, Қазақстанда ашаршылық тұзағына түскендер жоғарыда аталғандар ғана емес басқа да жағдайы дұрыс деген губерниялар жайы да оңып тұрмады. Тек қана, Ақмолада аштыққа ұшырағандар санын 100 670 адам деп көрсетілді. Ақмоланың өзінде жағдай осылай болғандығына қарамастан, оларға Москвадан берілген жоспардан тыс тағы да 300 мың тонна астықты Ресейге жіберу міндеттелді [4, 288 б].Лениннен жұмысшылар мен шаруаларға көмектесу керек деген жеделхат келген соң Арал балықшылары да 1921 жылдың 25 желтоқсанында Ресейге 14 вагон балық тиеп жөнелетті. Аштыққа ұшыраған Қазақстанға орталықтан көмек келгені былай тұрсын, қайта азық-түлік жіберу талап етілді.

Ақиқатын айтсақ, осы кезде ұлтжанды қазақ зиялылары, оның ішінде С.Садуақасов пен М.Әуезов ашаршылылық жайын айтып дабыл қақты. «…дәл осы, 1921 жылдың күзі мен 1922 жылдың көктем айларына дейінгі аралықта үлттың мүдейтін қорғайтын аса көкейтесті шаралардың бірде-біреуі Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары осылай атаған) бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, ішінара сая іздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденің айналасына топтасты.

Қазақстанның солтүстік батыс аймағын қамтыған аштық қазақ ұлтының келешегіне, ұлт болып қалуына қауіп төндірді. Аштық қауіпі күннен күнге ұлғайып, жан сақтау үшін қолына түскеннің бәрін жеп, тіпті адам етін адам жеп жатқандығы жөніндегі суық хабарлар жетіп жатқандығына қарамастан Орынбордағы қазақ билігі орынынан қозғалып батыл шараларға бара қоймады. Оның, екі түрлі себебі бар еді. Біріншіден, Қазақ Өлкелік Революциялық комитетінің мүшелері негізінен қазақ емес ұлт өкілдерінен құралды да, қазақ даласындағы ауыр халге соншалықты мазасыздана қоймады. Олар керісінше, Ресейдің ашаршылыққа ұшыраған аудандарынан Қазақстаннан азық-түлік көмегін ұйымдастыруға белсене кірісті. Қазақ отбасыларының тіршілік етіп отырған алдындағы азын аулақ малын,астығын жинап алды. Екіншіден, қазақ зиялылары арасында да таптық ұстанымдарына байланысты жік туып, биліктегі тапшылдар ел ішіндегі ашаршылықты, ауыр халды баяндап шара қолдануды талап еткен зиялыларды, алашордашылардың кеңес үкіметіне қарсы әрекеті деп қабылдады. Сонымен қатар, ұлтжанды қазақ зиялыларының ұлттық мәселелерді көтеруі биліктегі басқа ұлт өкілдеріне де ұнай қоймады. Олардың арасында келісе алмаушылық жиі болды. Сондықтан, билік қазақ еліндегі ашаршылыққа бастапқы кезеңде белсене кіріспеді.

Оны осы жылдардағы Қазақ Өлкелік революциялық Комитетінің жұмыс жоспарынан да көруге болады. Назар аударсақ:

1. ВКП(б) ның ХІІ съезіне дайындық.

 2. Ресейде аштыққа ұшыраған аудандарға азық-түлік жөнелту үшін жергілікті ұлттың қолындағыларын жинап алу; 

3. Бұған қарсы халықтың наразылығын ұйымдастырып отырған «қазақ ұлтшылдарына қарсы күресу. Сол кезеңдегі Қазақстандағы большевиктік биліктің ұстаған бағыты осындай болды. Халықтың алдындағы малы мен қолындағы соңғы өзек жалғап отырғанын әсіреқызыл белсенділер қорқытып-үркітіп жинап алды. Орталыққа жақсы көріну үшін жергілікті халықтыың өзі ашаршылыққа душар болып отырғанда, жиналғандарды Ресейге жөнелтті. Ал, бұл жағдайды көріп біліп отырып, мұндай іске наразылық білдірген қазақ зиялыларын тапшылдар «ұлтшылдар», «пролетарлық интернационализмге қарсылар» ретінде кінәлады. Сонымен қатар, С.Меңдешев бастаған большевиктер Москваға төмендегідей мәтінде жедел хат жолдаған. «Ашаршылық туралы қауесетті таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң мұқтажын жоқтағансып, еңбекшелердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбалам салуда» – деген. Профессор Т.Жұртпайдың пікірінше, «Шындығында, тура сол кезде С.Меңдешевтің туған ауылында түтіні тік шығатын бірде-бір үй қалмаған еді». Егер, 1921 жылдың наурызындағы мәліметке сенсек, С.Меңдешевтің елі Орал губерниясында тұратын 470 028 адамның 446 536-сы, яғни 99% аштыққа ұшырады. Басқа губернияларда жағдай сәл тәуірірек дегенмен олар да жағдай оңып тұрмады.

Ашаршылық меңдеген сол жылдары биліктегі большевиктер аштан қырылып жатқан қазақтар тағдыры жөнінде мәселе көтерген ұлтжанды қазақ зиялыларының іс-әрекетінкеңестік құрылысқа қарсы ұлтшылдардың әдейі жасап отырғаны деп айыптады. Ел ішіндегі аштықты дер кезінде тізгіндей алмаған билік уақыт өткізіп кеш қимылдады. Оның өзінде өздері ұлтшылдар деп айыптап отырғандардың талап етуімен. 1921 жылдың 10 желтоқсанында қазақ қызметкерлері қатысқан кеңесте күн тәртібінде, бірінші, қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру, екінші, қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және оларды тиімді пайдалану қаралды. Бірінші мәселе бойынша, М.Әуезовтың баяндамасы тыңдалды. М.Әуезов ел ішіндегі ауыр жайды баяндап «…Көптеген аудандардағы қазақтар көптен бері тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы да сол сияқты ұсақ жәндіктермен өзегін жалғауда, соның кесірінен әр түрлі жұқпалы аурулар мен індеттер естіп білмеген деңгейде таралып барады» деп мәлімдеді.

Осы кеңестен кейін ғана, қақаған қыста аштыққа ұшыраған аудандарға көмек көрсетуге қадам жасалды. Бірақ, қаһарына мінген қыста ел жағдайы одан сайын ауырлап кеткен еді. Осы кеңесте шалғай жатқан Торғайға Қостанай арқылы жіберілетін көмек бармай қалады, азық-түлік Қостанайдың өз басында қалып жергілікті халыққа жетпейді деген болу керек қабылданған қаулыда «Торғайға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қостанайдан бөлек жіберілуін орталық арқылы шешуге қол жеткізсін» деленді.

Қостанайға арнайы барған С.Садуақасовтың жазуынша, Қостанайда аштарға арналған асханалар мен балалар үйі ашылғанымен, ол қалың қазақ ішінде ашылмаған. Қостанайдың өз басында ашылған асханаларда тамақтандырып жатқан аштар ішінде қазақтар жоқ. Ал, асханаға қажетті ет үшін малды аш қазақтардың өзінен алып отырған. Қазақтарға жәрдем бермек түгілі олардың қолындағыларын жинап алған. «Қостанайдың орыстарынан қазақтың халі жаман. Қазақ ішінде аштық жазға қарай көбейді. Жер қарайып кеткен соң қайта қар жауап, малдың жартысына жуығын қырып кетті. Ел ішінде өліп жатыр. …Қостанай мекемелерінің аштарға жәрдем беруі де басқаша. Өздерінің Қостанайынша!.. …Бұл айтқандар – ертегі емес, шып-шын оқиға. Қостанайда болып отырған оқиға» – деп ашына жазды. Сондықтан да болар, Торғайға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қостанайдан бөлек жіберілсін деген қаулының қабылданғаны.

Алғашында аштыққа ұшыраған Қостанай губерниясына көмек көрсету, азық-түлік қорын қалыптастыру, оны жеткізу Ақмола губерниясына жүктелді. Бірақ, бұл кейін екі түрлі себеппен өзгеріске түсті. Біріншіден, 1922 жылдың басында аштық құрсауына түскен Челябинск, Қостанай, Самара губернияларынан аштар легі шамамен 470 мың адам жан сақтау үшін Ақмола губерниясына ағылып келді. Бұл әрине, қолдағы бар азық-түлік қорының бір бөлігін көмек көрсету үшін жұмсауға мүмкіндік бермеді. Сырттан келушілер жаңа проблемалар тудырды. Екіншіден, губерния құрамындағы Петропавл, Көкшетау, Атбасар уездері де осы кезеңде аштыққа ұшырады да, губерния әкімшілігі орталықтан аталған уездерді ашаршылыққа ұшырағандар ретінде санап, жиналған азық-түлік қорын ішкі қажеттілікке жұмсауға рұхсат сұрады.

Осыдан кейін Қостанай губерниясына көмек көрсету аштыққа ұшырамаған деп саналған Семей губерниясына міндеттелді. Қостанай губерниясы аштарына көмек көрсету басты мәселенің біріне айналды. Себебі, губерния халқының 90%-ы аштыққа ұшыраған еді. Қостанай губерниясы ішінде шалғайда жатқан Торғай уезінің жағдайы өте ауыр болды. 1921 жылдың жазындағы құрғақшылық, шөптің шықпауымен жетіспеушілігінен және қатал қыстан уездің 13 болысында да мал қырылды. Малдың қырылуы, жергілікті халықты тіршілік көзінен айырып ашаршылыққа ұшыратты. 13 болыс ішіндегі неғұрлым қуатты саналған Торғай, Шұбалаң, Майқарау, Сарықопа, Көртоғай және Қарақоға болыстарында да мал басы күрт кеміді. Елді аштық жайлады. Халық өз ата мекендерін тастап Ақтөбе, Қостанай, Жезқазған жаққа босты. Ақтөбеге жеткендері одан әрі басқа аймаққа кетті. Себебі, Ақтөбе губерниясының де халі оңып тұрмаған еді. Ол жақтағы халық та босқыншылыққа ұшырап жағдайы жақсы Түркстан губерниясына қарай ағылды.

Сонымен қатар, шалғайда орналасуы, көлік қатынасының қиын болуы, көмектің дер кезінде жетпеуінен Торғай уезі халқының жағдайы нашарлады. Сырттан келетін азық-түліктің жетуі де қиын болды. Сондықтан, қиын жағдайда қалған Торғай уезінің атқару комитетіне республикалық органдармен тікелейбайланыс жасауға рұхсат берілді.

Осы жылдары ел қызметіне белсене араласқан М.Әуезов «Еңбекші қазақ» газетіне ашарлыққа байланысты көлемді мақала жариялап, елді ашыққандарға жылу жинауға, көмек көрсетуге шақырды [10; 3,84 б]. Елдің ауыр халіне қазақ зиялылары көз жұмып қарай алмады. М.Дулатов та «Ақжол» газетіне бірнеше мақала жариялап, шындықты жазып, қазақ билігі қозғалсын, қимылдасын деген ниетте болды. «Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазғы салым ашаршылық күтіп отырмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ. Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді. Мал өліп жатыр. Жұрт жаяу, аш, жалаңаш… Темір үйезінде жұт. Ауру қалың, күнде жаназа… Бөкей ордасының қазақтары томыршық деген шөптің дәнін қағып жеп жатыр… Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүні өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, бишаралар қырылып жатыр, – деп жазды.

Ел ішін жайлаған аштық туралы айтылып, газетте жарияланғандарға «бұл ұлтшылдардың босқа даурығуы, кеңес үкіметіне қарсы іс-әрекеті, сондықтан ұлтшылдарға қарсы күресті күшейту керек» деп әрекетсіз отырған билікке М.Дулатов жанұшыра ашық түрде «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз? деген мақаласын Қазақстан үкіметінің назарынадеп атаумен жазды. «Елді ел қылу, қырғыннан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек. Бірақ, азамат өкіметтен рұхсатсыз атқа міне алмайды. Сондықтан қазақ өкіметі қазақты ел қыламын десе, закон жолымен бекітіп, аштар үшін күйлі елдерден жылу жинауға рұхсат етсін. Елге сенімді, білімді, таза азаматтарды бастық қылып, 20-30 комиссия шығарсын. Бұларға керекті күш-көмегін берсін. Комиссиялар үйезді, облысты, ауданға бөліп араласын, жиналған малдарын жаз бойы ашаршылық болып жатқан жерлерге айдасын. Аш босқындарды аман елдерге көшіріп орналастырсын» – дей келіп, «…жалғыз өкімет тарапынан көрсетілген жәрдемге ғана сүйеніп отырсақ, елді қырып аламыз. Өкімет жәрдемін көрсете берсін, ол өз алдына, өзіміз жұрттың қамын ойлауымыз керек» деп ел зиялыларын ел ішіне баруға, көмек көрсетуге шақырды.

Қазақ өкіметі ел ішіндегі жағдайдың одан әрі ушығып бара жатқанын білді. Енді шегінерге жер қалмағанын түсінді ме, әлде аштықты жою ісіне қалың қазақты жұмылдыра бастаған «алашордашылар» ықпалының өсіп бара жатқанынан, оның сыртында ел ішіндегі ахуалдың ауырлап, аштықтың жайлағанына көзі жеткен соң ба ұлт зиялыларына рұхсат берді. Оның сыртында ашаршылықтан босқан елдің тасқыны қазақ шекарасынан тысқары кеткен еді. Орталық Атқару Комитеті аштарға көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін өз өкілдерін губернияларға, 1921 жылы сәуірде Ақмолаға Қияқов, Семейге Тоғжанов, Қостанай-Торғайға С.Сәдуақасов жіберілді. [12,24-26 пп]. ҚОАК өкілі ретінде осы жылдары ел ісіне белсене араласып жүрген М.Әуезов те Семей губерниясына барды.

С.Сәдуақасовтың та «Қостанай-Торғай» мақаласы осы сапар нәтижесінде жазылып, 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 7-8 санында жарияланды. Осы мақаласында С.Сәдуақасов «Жүсіпбек Аймауытов соңғы бір мақаласында Орынбор азаматтарына «аштардың жанына барыңдар» деп жазды деген еді. Ұлттық мүдені қашанда жоғары ұстаған Ж.Аймауытов басқа да ұлт жанашырларымен бірлесіп ашаршылықа ұшыраған елге көмек көрсету мақсатында өзі тікелей араласып, басқаларға үлгі бола отырып жылу жинады.

Аштық Торғай елін есіңгіреткен тұста М.Дулатов ел аралап сауын айтып, аштыққа ұшырағандарға қол ұшын берулерін сұрап Семей губерниясының үш уезін аралап шықты. М.Әуезов Ертіс бойын аралап елден мал жинады. Ә.Бөкейханов өзі бас сауғалап жүрсе де 1921 жылы тобықтының Шаған, Бұғылы, Шыңғыс, Мұқыр, Қызыладыр және найманның сыбан болыстарынан сауынға мал жиып, Торғайға мал айдап бара жатқан Жүсіпбек Аймауытовқа табыстайды. Жанұшыра қимылдаған А.Байтұрсынов та қысыл таяң жағдайды баяндап, аштықтан халықты аман алып қалу үшін көмек қолдарын созуды сұрап үндеу жазды.

Жылу малын жинаушы ұлт зиялыларының ел ішіндегі беделінің, ықпалының жоғарылығы, оларға деген халықтың сенімі болар 1922 жылдың жазында 7 мың бас мал жиналды.

Жиналған малды шалғайда жатқан Торғай еліне апарып, ашыққан елге тарату жоспарланды. Оның себебі де бар еді. Біріншіден, орталықтан, сонымен бірге губерния орталығы Қостанайдың өзінен, әрі теміржолдан алыс Торғай уезі халқының жағдайы өте нашар болды. Оларға жол қашықтығынан көмек жетуі қиын еді. Екіншіден, жағдайы ежептәуір Қостанайдың шовинистік пиғылдағы орыс шаруалары ашыққан Торғай қазақтарына астық жіберуге қарсы болды. Ал, өз жағдайы ауыр аштыық жайлаған көршілес Ақтөбеден көмек келуі мүмкін емес еді. Үшіншіден, Семейде жылу жинау жұмысына торғайлық зиялылар, оның ішінде М.Дулатов белсене араласты. Сол жылдары от ауызды, орақ тілді, батыл М.Дулатов та өзі елінің қиын жағдайы жеткізе айта білген болар. Сонымен қатар, Семей еліне жете таныс А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ғ.Бірімжанов, Н.Құлжанов, Н.Құлжанова, С.Кәдірбаев, А.Юсупов және т.б. ұлт зиялылары шыққан Торғай елінің ауыр халі қазақ оқығандарын, жалпы білетіндерді бей-жай қалдырмаған болуы керек. Жиналған жылу малының Торғай уезіне жіберілуіне осы аталғандар себеп болды ма дейміз.

Семей губерниясының комиссиясы он екі болыстан жиналған малды Торғай уезіне жеткізуді, мал айдауды ұйымдастыруды, жалпы басшылықты Ж.Аймауытовқа жүктеді. Жолға шығу үшін қажетті керек жарақты дайындау, іздеп табу існе біршама уақыт кетеді. Осы аралықта мал айдайтын малшыларды жалдады, малшылар үшін қос, дәрі-дәрмек дайындады. Жиналған мал Қарқаралыда болғандықтан 1922 жылдың 19 тамызында шығып, 1 қыркүйекте Ақмолаға жетті.

Аштық басталған сол жылдары адам бойындағы жақсы сапалы қасиеттерімен қатар, жаман қасиеттері де байқалып көзге түсті. Ел-жұрттың бірі, жақсысы аштық қыспағына түскен халыққа қолындағысын бөліп беріп жанашырлық, бауырмалдық танытса, сонымен қатар, екінші біреулері, жаманы айтқалы отырғанымыз мал айдағандар арасында малды айырбастау, жоғалтып жіберу, ұрлау секілді қасиетерімен көрінді. Айдалған мал қыркүйек айының ортасында Торғай уезіне жетті. Жол бойы 172 бас сиыр – өлді, 46 бас сиыр – тамаққа жұмсалды, 9 бас – еңбек ақыға берілді, 22 бас мал – айырбасталды, 14 бас – киімге, басқа да керек жараққа жұмсалды,2 бас мал жоғалды. Жылқыдан да шығын шықты. 94 бас жылқы – өлді, 21 бас – тамаққа жұмсалды, 145 бас – ақыға беріліп, 47 бас – айырбасталып, 2 бас – Қарқаралыда қалдырылды. Екі түйе өлді. Айдалған малдан 2082 бас сиыр, 1982 бас жылқы, 185 қой, барлығы 4249 бас мал Торғай жеріне жетті.

Айдап әкелінген малды Торғайға жетпей 200 шақырым жерле Жалдама өзені бойынақалдырып, Ж.Аймауытов Торғайға барып мал үлестіруге байланысты халықпен әкімшіліктің қатысуымен жиналыс жасады. Малды халыққа тарату үшін арнайы уездік комиссия құрылып, әр болыстан өкілдер кірді. Сонымен қатар, комиссия құрамына уездік аштар комиссиясының төрағасы Құлжанов пен ел ішінде ықпалды адамдардың бірі Б.Болғамбаев кірді.

Осылай әкелінген мал Торғай еліне таратылып аштықтан қиналған жандарға көмек көрсетілді. Бұл арада Ж.Аймауытовтың ел таныған тұлға, адал азамат ретінде қызмет етті. Аштық есеңгіреткен елге бір адамдай көмек көрсетті. Ел аралап мал жинауға қатысты, айдап әкелуге, және ашыққан халыққа таратуға басшылық жасады. Бірақ, бұл Ж.Аймауытов шырғалаңының басы, қозғалыс нүктесі еді.

Ақиқатын айтсақ, алаш зиялылары осы қиын уақытта тағы да ұлтжандылықтарын көрсетті, қазақ тағдыры жолында бастарын бәйгеге тікті. Бұрынғы алашордашылардың ел ішінде абырой беделінің өсуі, халық сөзін сөйлеуі большевиктік билікке ұнай қоймады. Олардың қазақ үшін жасағандарын кеңестік билікті мұқату, кеңестік саясатқа ашық қарсылық, қастандық деп қабылдады. Әрі осы кезең қазақ зиялыларының арасындағы жіктелудің ашылу кезеңі еді. Себебі, алашордашылар кезінде аласапыран уақытта ұлт мүддесі үшін уақытша үкіметпен де, ақтар мен де жақындасқаны белгілі. Ал, енді олардың кеңес билігі жағына шығып қызмет етіп қатар жүргенін кешегі қарсыласы тапшыл, большевиктік ұстанымдағылар қабылдай алмады. Аштық жылдары да батыл қимылдап, ел ішіне барып, ел мұңын айтып ашыққандарға жәрдемдесіп қызмет жасауы кеңестік билікті елемеу, оны төмендету болып саналды.

Ащы да болса айтып өтетін жай және бір таңқаларлығы партия мен мемлекет басында отырған Әліби Жанкелдин, Сейтқали Меңдешевтер өз елдері аштыққа ұшырап жатқанда үнсіз отырды, қозғала қоймады. Ел аралап, өз еріктерімен аштыққа душар болған елге көмек көрсетуін сұрап, жылу жинап жүрген М.Дулатов пен Ә.Бөкейханов аштықты пайдаланып, халық ішіне барып, кеңес үкіметіне қарсы астыртын әрекет жасауда деп айыпталып түрмеге түскенде де «олар ел үшін жүр-ау» деп қол ұштарын бермеді. М.Дулатовты Семейде тұтқындап, олан соң ОГПУ өкілінің бұйрығымен Орынборға жіберді. Бірақ, ащы мен тұщыны көрген М.Дулатов өзін ұстай білді. Содан да болар, тергеу, жауап алудан соң ісінен қылмысты әрекет таппады ма босатты.

Осы уақытта партиялық тазалау саясаты жүрді де «партияны әлсіретіп, оның бірлігін бұзып келген жікшіл топтардың бәрін дереу тарату талап етілді. Барлық партия ұйымдарына қандай да болсын жікшіл әрекеттерге жол берілмеуін қатаң қадағалау жүктелді. Сонымен қатар, «контреволюциялық күштер мен антипартиялық уклондарға қарсы күресу міндеті» қойылды. Бұл контреволюцияшыл, буржуазиялық уклон деген қоңырауы бар кешегі алашордашыларды кез келген жағдайда айыптауға мүмкіндік берді [15,213 б].

Осы жылдары мемлекеттік қызметке сенімсіз элементтерді, солардың ішінде бұрынғы алашордашыларды, олармен байланысы барларды жібермеді және оларды қайта тексеруден өткізді. Бұл Алашорда құрамында болған және олармен байланысы бар деген зиялыларды ашық қудаламаса да, мемлекеттік қызметтен шеттетуге мүмкіндік берді. Тексеруге түсті, бұрынғы іс-әрекеттері үшін жауап берді, қызметтен ығыстырылды. Қазақ зиялыларының таптық ұстанымы бойынша жіктелуі осы уақытта тереңдей түсті.

Осындай шиеленіскен жағдайда 1923 жылы «Еңбекші қазақ» гезетінің №69 санында Файзулла ишанның аштық кезінде Семей губерниясынан жылу жинауға белсене араласып, жиналған малды бір жыл бұрын ғана Торғайға айдап әкелуге басшылық жасаған Ж.Аймауытовты қаралаған мақаласы жарық көрді. Ж.Аймауытовты «малды өзі пайдаланып кетті, бай мен орташаларға үлестіріп берді», «Торғай оқығандарына, алашордашылар мен олардың туыстарына үлестірді» деп айыптады [16, 202 б]. Міне, осы мақала Ж.Аймауытов басына үйірілер бұлттың алғашқы найзағайы болды. Бұл үзіліп созылып, қайта қозғалып Ж.Аймауытовты айыптауға, кінәлауға сотқа тартуға дейін әкелді. Назаланған, мұндайды болады деп күтпеген Ж.Аймауытов «Мен Файзулланың газетке басқанынан қараланып, әлеумет көзінде азаматтығым жойылды деп ойламаймын. Кімнің кім екенін бар болсақ уақыт көрсетер. Жалғыз қынжылатын нәрсе: ауыр қызмет, ақ ниет зая кеткен сықылды «еңбегің еш, тұзың сор» деген мақалдың тап болуы, не жақсылыққа жамандық қайту табиғат заңы, болмаса өмір көрсетер. Тыныш жатып біреуді мінеуден, сөгуден оңай қызмет жоқ» – деп жазды. 

Малдың таратылуын тексеруге құрылған арнайы комиссия «мал байларға таратылды» деген үстірт, бір жақты шешім жасады. Бұл шешім тек Ж.Аймауытовты қана емес аштарға мал таратуға тікелей араласқан жергілікті азаматтарды да айыптау, қудалауға мүмкіндік тудырды.