Қан майданның алдыңғы шебінде жүрген партизандар мұз жастанып, толарсақтан саз кешті. «Отан үшін отқа түсеміз, қасық қанымызды қиямыз» деген ұранмен жүрді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Дүкенбаева Ұлы Отан соғысында шешуші рөл атқарған партизан отрядтарының ерлігі туралы осылай деді. Ғалымның айтуынша, майдан шебінде құрылған 65 мыңға жуық партизан отрядының құрамында қазақстандықтар өз борышын адал атқарған. «Майдандастарының арасында «Дядя Вася» атанып кеткен Қасым Қайсенов Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың соғыс тәсілдерін шебер қолданған», дейді тарихшы.