Астана қаласынан 38 шақырым жерде, Есілдің сол жағасында жатқан Жаңа Жайнақтың бұған дейінгі атауы Новостройка болған. Әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша, ауыл Воздвиженка совхозына қарайтын бір бөлімше. Негізінен «Ақтық» АҚ ретінде тіркеліп, егін шаруашылығымен айналысатын Воздвиженка ауылы Нұресіл деп өзгертілді. Ел арасында Жайнақ атауы жайлы әр қилы пікір бар. Бұл өлкені атам заманнан бері мекендеп келе жатқан байырғы тұрғындардың ойынша, Жайнақ – жер атауы. Олар батырдың есімі дегенге келіспейді, бұрын естімеген, қорымы қайда екенін білмейді. Ұрпақтарынан хабары жоқ.