Мұрат Мөңкеұлы – қазақ тарихының жалынды жыршысы
05.08.2014 5965
Қазіргі кезде Қазақстан тарихын зерттеу, зерделеу ісіне үлкен мән беріліп келеді.

Қазіргі кезде Қазақстан тарихын зерттеу, зерделеу ісіне үлкен мән беріліп келеді. Оған 2013 жылдың 5 маусымында Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің басшылығымен өткізген тарихшылардың жиыны түрткі болды. Бұл тарихшы ғалымдар алдынан тың тұрғыдан, тың әдістерді, тың деректерді пайдалана отырып қазақ тарихының жолында әлі де болса ашылмай жатқан жақтарын жарыққа шығару міндеті қойылды. Қазақ тарихын тың тұрғыдан зерделеу, зерттеу үшін өлкемізде өмір сүрген жыраулардың шығармашылығын пайдалану ісі кезек күттірмейтін маңызды мәселе болып табылады. Осы орайда Шынияз шығармаларында кездесетін деректердің негізінде Сарайшық тарихи кешеніне жеті ханның есімдері таңбаланған құлпытастардың қойылуын пайдалы тәжірибе ретінде айтуға болады. Ал Мұрат шығармаларын құрастырып, 1923 жылы Ташкент қаласында жинақ етіп бастырған, профессор Х.Досмұхамедов: «Қазақ тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды» деген болатын[1].

Міне, содан бері табанданған 90 жыл уақыт өтіпті. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдар тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерттеу, зерделеу, жариялау, көпшілік игілігіне айналдыру ісі әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолған алынған жоқ.

Ал шындығында Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б.толғауларында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баяндалады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары — әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Солардың барлығын анықтап, кім қай жерде, қай кезеңде өмір сүрді, қандай оқиғаларға қатысты, еліне, жұртына қандай еңбек сіңірді және т.б. мәселелердің басын ашып алу — біздің тарихшылардың кезек күттірмейтін аса шаруасы болып табылады. Сайып келгенде Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің тарихын жазу ісімен қазірден бастап айналыспасақ, біз уақытты өткізіп аламыз. Меніңше үш маңызды шаруаға тарихшылар, әдебиетшілер, географ мамандар, философтар мен халық педагогикасын зерттеушілер араласуы керек. Себебі ұлы жыраудың көтерген тақырыптарының ауқымы өте кең. Әрине, осы кезеңге дейін Мұрат шығармаларын Қ.Жұмалиев, Қ.Сыдықов, Б.Қорқытов, Б.Омаров сынды көрнекті ғалымдар әдеби туындылар ретінде зерттеген болатын.

Енді Мұрат шығармаларын тарихи тұрғыдан зерттеудің уақыты жетті.
Бұл жөнінде әлем тарихындағы пайдалы тәжірибелер бізге үлгі бола алады. Мәселен, б.э.д. ІХ ғасырда өмір сүрген гректің ұлы жыршысы Гомердің «Иллиада» және «Одиссея» атты жырлары осы елдің тарихын жазу үшін аса маңызды дереккөздері ретінде пайдаға асырылды.

Ежелгі грек тарихының аса маңызды оқиғасы грек-троя соғыстары туралы деректердің оны «Иллиададан» алып, елдің классикалық тарих оқылығына енгізілгенін бүкіл жұртшылық жақсы біледі.

Кейін, ХІХ ғасырда неміс археологы Г.Шмиман Кіші Азия түбегінен Троя қаласының орнын тауып, Гомер шығармаларындағы тарихи деректердің дұрыстығынайна-қатесіз дәлелдеген еді.

Тарихын жазу үшін біз неге жырауларымыздың шығармаларындағы дереккөздері пайдаға асырмаймыз? Бұл мәселені 2004 жылы академик З.Алдамжар да орынды көтерген болатын.

Осы жерде айтылатын маңызды бір мәселе: зерттеушілердің Мұрат шығармаларының мұрағаттық роль атқара алатынын ескергені жөн, яғни жырау шығармаларын зерттеу, сараптау, зерделеу барысында ондағы дерекжер дұрыс па, бұрыс па деп жалтақтаудың ешқандай қажеті жоқ.

Мұрат өз шығармаларындағы тарихи деректерді сол кездегі аға буын өкілдерінен, атап айтқанда Есет Қараұлы, Мәтжан сынды ақылгөй даналардан алып жырларына қосып отырған. Олар өз кезегінде өздерінен үлкен шежіреші ақылгөймен араласа отырып, тарихи деректерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған.

Шындығында қазақ халқының өткен тарихын, жазу барысында көшпешілердің — өзге халықтардан ерекшеліктерімен, айыршашылықтарын, атап айтқанда жазба тарихының болмағанынан, ұрпақтан ұрпаққа ауыз екі мүлтіксіз жеткізіліп отырған ауызша тарихының, шежіресінің болғанын, ал оның аса көрнекті өкілі Мұрат сынды тарихшыларының болғанын ескеруге тиістіміз.

Енді Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа» толғауларындағы тарихи оқиғалармен деректерге көз жүгіртіп көрелік:

Мысалы, Мұрат ақынның аталған толғауларында «жеті жұрт» ұғымы кездеседі. Сонда «жеті жұрт» дегендер кімдер? Қай кезеңде өмір сүрген халықтар? Бір ерекшелігі ақынның «Үш Қиян» толғауында «жеті жұрт» тіркесі бір емес бірнеше жерде бар. Мысалы:

«Жеті жұрт кеткен жер,
Көшіп талақ еткен жер,
Сол секілді неткен жер?
Адыра қалғыр Ақ жайық,
Көпір салып өткен жер». [2]

Жырдағы тіркестердің бәрі ұқсас. Жеті жұрттың көшіп кетіп қалғаны айтылады. Жеті жұрт бұл-жеті хандық па? Жеті жұрт ақын жырлауы бойынша:Еділ, Жайық, Маңғыстау аралығын мекендеген. Жеті жұрт ұғымын тек осы толғауда емес, «Сарыарқа» толғауынан да кездестіреміз.

"Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай
Біз түгіл солардан қалған қоныс"[3]

-деп жырлайды. Ақынның осы толғауын оқып отырғанда, жеті жұрттың жетеу емес алтау деген өлең жолы да кездеседі.

"Бұл жерден дін мұсылман жеті кетті,
Біреуі екі келіп, екі кетті.
Бұл жұрт жетеу емес алтау екен,
Біреуін екі санап жеті депті«[4]

-деген жолдардың өзінде шешілмес құпия сыр жатыр. Екі келіп, екі кеткен халық кім? Бұл өте ойландыратын сұрақ. Ақынның қай сөзін құптаймыз. Жеті жұрт ұғымын енді, алты жұрт ұғымымен ауыстыру керек пе? Бұл қалай болғанда да халықтар барлығы мұсылман болғаны анық.

Ақынның соңғы «алты жұрт» ұғымы, белгілі жерлес ақынымыз Шынияз Шанайұлының «Жаңа Низам» толғауында кездеседі:

"Алты жұрт Асанменен анық кетті,
Жетеу деп білмегендер жалғап еді,
Еділден қара табан қалмақ босып,
Қозғаған ноғай артын солар еді.«[5]

Бұл жыр жолдары Еділ мен Жайық аралығын алты жұрт мекендегенін дәлелдей түседі.

Сондай-ақ Шынияз ақынның қалған жыр жолдарында да «жеті жұрт» ұғымы көп кездеседі. Мысалы:

"Көк Нарын жаман болса енді болды,
Мөр ұстап,қағаз жазған шенді болды,
Алдырып жеті жұртты бізден бұрын,
Бишара қалғандарға үлгі болды.
Соңғысы ойлап тұрсаң жалған екен,
Жеті жұрт бізден бұрын алған екен"[6]

-деп жырлайды. Осы өлең жолдарын келтіре отырып, нақты жұрт санына тоқталу қиындау.

Осы жеті жұрт ұғымына өлкетанушы Берік Қорқытов берген түсініктемені келтіре кетсек: «Алтын Орда хандығында мекен еткен негізгі ұлттар бүгінгі тілмен айтқанда түрікпен,өзбек,қазақ, қырғыз, татар,башқұрт. Басқалары көшіп, қонған жерлерінде қалып қойып қазақтың ескі жұртына екі келіп,екі кетуі де ғажап емес.1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 14-ші қыркүйектегі санында Ш. Құдайбердіұлының «Қазақтың қайдан шыққаны» деген еңбегі жарияланды. Еңбекті Шәкәрімнің «Түрік,қырғыз-қазақ хәм хандар» деген 1911 жылы Орынборда басылып шыққан кітабынан алып жариялатқан жазушы-ғалым Қ.Мұхамеджанов. Сол еңбегінде Шәкәрім былай деп жазыпты: «Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда барша Жошы ұлысы өзбек атанып онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханынан бөлінгенде қырғыз-қазақ атанған елміз.Ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес,көп ел еді.Оның көбі отырықшы өмірге кіріп,әр жерге барып, бір талайы ноғай, башқұрт атанып, бір талайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген ат бізде қалған». Онда Мұраттың айтқаны дұрыстыққа шығады. Дегенмен бұл әлі анығы ашылмай жатқан тың мәселе. Мұны анықтау әдебиетшілердің емес, тарихшылардың міндеті.[7]

Қорытындылай келе, жеті жұрт біздің тұжырымдауымызша: ноғайлар, қалмақтар, башқұрттар, татарлар, өзбектер, қарақалпақтар, қазақтар. Жеті жұрт ұғымын жеті хандық ұғымымен ауыстырғанда Алтын Ордан ыдырығаннан кейін пайда болған хандықтарға сәйкес келеді. Олар: Сібір, Өзбек, Астрахань, Қазан, Қырым, Қазақ, Ноғай хандықтары. Жырда жұрттардың көшіп кеткенін, қазақтардың қалғанын айтса, жоғарыда аталған алты хандық қазақ жерінен көшіп өзге жерге өз хандықтардың іргесін қалаған.

Бұл ұғым әлі де жұмбақ, шешу үшін әлі де көп зерттеулер керек етеді.

Сонымен қатар, ақынның толғауларында кездесетін тарихи тұлғалар да аз емес. Бұл тұлғалардың барлығы тарихта болған адамдар. Осы тұлғалар жайында қысқаша мәліметтер келтіре кетсек:

"Ақтөбе мен Қорғанша
Асан қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып
Әңгіме құрып кеткен жер«.[8]

Асан қайғы Сәбитұлы (14 ғасырдың ақыры-15 ғасырдың басы)- мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Ол Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі, Асан қайғы мазары делінеді. Асан қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы кезеңі хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Асан Қайғы қазақ халқы ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан Қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. [9]

«Үш Қиян» толғауында Асан қайғы елдің ақылшысы ретінде айтылады. Жырда әрқашанда халықтың мұңын жоқтайды. Асан қайғының Атырау өлкесінде Қорғанша қалашығында қызыл тастан үй салдырып, он жылдай мекен еткені жырланады. Кейін жұртты бастап, Тесіктаудан өтіп жөнеледі дейді.

Қазтуған Сүйінішұлы (шамамен 15 ғасырда өмір сүрген)-жырау, жорық жыршысы, қазақ эпосын жасаушылардың бірі. Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалған. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиет тарихынан орын алуына себеп негіз болады. Қазтуған жырлары алғаш рет Ғ.Мұштақовтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген кітабында басылған. Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген.[10]

Мұрат ақынның "Қазтуған«жырында Қазтуғанның Жайық пен Еділ арасын, Тайсойған мен Қарабау өңірлерін, Қабыршақты мен Қарасуды, Дендерден бергі баурайды мекен еткенін айтады. Қазтуған елді өзге жұрттың алатынын, олардың Еділ мен Жайыққа қала тұрғызатынын, Еділді алғаны-елді қалғанын, Жайықты алғаны-жанды алғанын, Ойылды алса-ойды алғанын, қайғылана жырлайды. Елді ынтымаққа, бірлікке шақырады.

Шора батыр-«Үш Қиян» жырындағы Шора Ноғайлы батыры. Өз халқын жауларынан қорғаған, халықтың адал ұлы. Арғы атасы Тама-Қарабура-Нәрік-Шора болып келеді.

Шора Нәрікұлы, Шора батыр (туған жылы белгісіз — 15.8.1546, Қазан қаласы) — батыр, тарихи тұлға. Кіші жүздің Жетіру тайпалық бірлестігінің Тама руынынан шыққан. Оның шығу тегі жөнінде шежіре-аңыздар көп, сондай-ақ «Шора батыр» және «Нәріктің ұлы Шора» атты жыр-дастандар халық жадында сақталып, хатталған. Осы әдеби мұралар мен орыс жылнамаларында 15–16 ғасырларда Тама руының Қазан қаласы маңын жайлағаны баяндалады. Туысқан татар халқы да Шора Нәрікұлы мен оның әкесі Нәрік ханды Қазан қаласының тарихында елеулі із қалдырған қаһармандар ретінде таниды. Олар өмір сүрген кезең айбынды Алтын Орда мемлекеті ыдырап, Еуразия кеңістігінде бір-бірінен оқшаулана бірнеше мемлекеттік бірлестіктер — Қазан, Ноғай, Астрахан бой көтерген бұлағай уақиғаларға тұтас келді. Әсіресе, Қазан билеушілері күш біріктіріп, қуаты кемелдене бастаған Мәскеу патшалығына жартылай тәуелді күй кешіп отырған еді. Шора Нәрікұлы осы кезде тарих сахнасына шыққан. 1545 ж. ол Галица боярының баласы Васька Бортевті Мәскеудің ұлы князі Иван Грозныйға жіберіп, Қазан хандығының бұрынғы билеушісі Сафа-Гирейге қарсы күресу үшін әскери көмек сұрайды. Көп ұзамай 1546 ж. 17 қаңтарда орыстардың Қазандағы елшісі Игнатий Яхонтьевтен Мәскеудегі патша сарайына хат келеді. Онда Шора Нәрікұлының Гамет шейх, Әбүйірхан, Сейіт және Қадыш мырзалармен бірігіп Сафа-Гирейді Қазаннан қуып шыққаны баяндалды. Сөйтіп, Қазанда Шора Нәрікұлы тобының жақтасы Шах-Әли билік құра бастады. Бірақ қазандықтар Қырым ханының азғыруымен Шах-Әлиге қарсы шығып, хан жағында аз ғана топ қалды. Оған қастандық жасалуынан алдын ала сақтанған Шора Нәрікұлы үлкен жиын сәтінде Шах Әлиді қашырып жіберді. Сафа-Гирей үшінші рет келіп Қазан тағына отырады да Шах Әлидің жақтастарын қуғындай бастады. 1546 ж. 15 тамыз күні Қазанда Шора Нәрікұлы, Баубек, Қадыш, т.б. мырзалар өлтірілді. Осыдан кейін Шора Нәрікұлының бауырлары — Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей Нәрікұлдары бастаған 76 адам Мәскеуге қашып, бас сауғалады. Кейін олар еліне қайтып оралып, халықты кәпірлерге (орыстарға) қарсы шығуға үгіттеді. Орыс тарихшысы Н.Карамзиннің еңбектерінде ағайынды Нәрікұлдарының 1546 ж. 26 тамызда Қазан қаласын Мәскеу басқыншыларынан қорғауға қатысып, ерлікпен шайқасқандары айтылады. Жалпы Ресей құжаттарында Шора Нәрікұлы «князь» деп көрсетілген. Демек, ол Қазан хандығының ел билеу саясатына тікелей араласып, ханға тікелей ықпал еткен «қараша» атты ақсүйектер тобына жатқан. Оны Шора Нәрікұлының Шах-Әлиге қамқор болып, жаудан қорғауы, орыс патшасына елшілікке баруы дәлелдейді. Әдетте «қараша» атағы әр рудың ең таңдаулы әулет өкілдеріне беріліп, ұрпақтан ұрпаққа мирасқорлық жолмен ауысып отырған. Қазақ шежіресі бойынша Шора Нәрікұлынан Шотқара, Есенгелді, Жабал, Жөгі өрбиді. Ал Есенгелдіден Аташал, Аташалдан Торым, Одан Базарқұл, Базарқұлдан Көкі, Көкіден атақты Есет тархан туады.[11]
Шора батыр жайлы тарихи аңыздар,әңгімелер, жырлар өте көп.Қазіргі таңда Шора Нәрікұлы атында Орал қаласында көше бар.

Жаңбыршыұлы Телағыс-ноғайлы батыры. Мұрат «Қырымның қырық батыры» жырын жырлаған жырау. Сол жырдың басты кейіпкерлерінің бірі — осы Талағыс батыр. Ол жырда, Телағыстың жасы он беске толғандығы, қалмақтарға қарсы шыққысы келетінімен басталады. Қалмақтың ханы-Бегенге қарсы Орақ пен Мамайдан басқа Мұсаның отыз ұлымен аттанады. Телағыс Бегендей қалмақтың ханын жекпе-жекте жеңіп,қалмақ шаһарын мұсылман дініне кіргізеді. Бірнеше жыл өткен соң, Жаңбыршы батыр өлуге таянадып, қасына Мамайды шақырып алады. Сонда Жаңбыршы Мамайға Телағысты тапсырады. Жаңбыршы қайтқаннан кейін, Телағыс Мамайдың қарындасын алам дегенде, Мұсаның отыз баласы қарсы болады. Телағыстың Аққозы деген жылқышысы келіп, Мұсаның балалары өлтірмек боп жүргенін, сақ болу керектігін айтады. Бұл жағдайды естіген Телағыс ертесіне Мамайға келеді. Мамай Телағысға Боғданы талақ етіп, Еділдегі ноғайды Қырымға көшір дейді. Амалы таусылып, Асан Қайғыға келіп, көмек сұрайды. Үш күн ішінде Қырымның қырық батырын жинап, қастарына Сыпыра жырауды қосып аттандырады. Сыпыра жырау Қырымның қырық батыры мен Мұсаның отыз ұлын қырқыстырмай, тіл табыстырып, Телағыстың тойын жасайды.

Мұрат өз толғауларында аталған жырда, кездесетін деректерді ұтымды пайдаланған.

Қорытындылай келгенде Мұрат жырларында қазақ тарихына қатысты көптеген ұғымдар кездеседі. Жоғарыда берілген түсініктемелер үлкен жұмыстың бастамасы. Мұрат Мөңкеұлына туғанына өткен жылы 170 жыл толды. Осыған байланысты республикалық конференция өткізілсе, Мұрат ақынға ескерткіш орнатылса игі болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Аламан. Арыс баспасы Алматы 2002 жыл,154-бет
2.Мұрат.Құрастырған Б.Қорқытов.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2001ж. 130-бет.
3.Сонда,148-бет.
4.Сонда,151-бет.
5.Шынияз: «Тарихтың шежіреші хабарымын» Атырау қаласы,1996 жыл 4-бет
6.Сонда, 9-бет.
7. Мұратану 1992 жыл 10 қараша, 7-бет.
8. Мұрат.Құрастырған Б.Қорқытов.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2001ж.132-бет.
9. Қазақ ұлттық энциклопедиясы 1 том
10. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 5 том
11. Кекілбайұлы Әбіш., Үш Белес, А.,; 2001, Қазақ энциклопедиясы 9 том