Ж. Жақсығалиев. Тектілік феномені (тарихи-этнографиялық пайым)
26.01.2015 5864
Отан тарихы ғылымында зерттеушілердің дендеп бойлай алмай жүрген ділгірлігінің бірі — тектілік феномені.

26.01.15

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды...

Бекасыл әулие (1822-1915)

Сөз басы
Отан тарихы ғылымында зерттеушілердің дендеп бойлай алмай жүрген ділгірлігінің бірі — тектілік феномені. Тектілік пен оның эволюциясы сыры толық ашылмаған ең күрделі мәселелердің бірі және оның құпиясының ғылымда жұмбақ күйінде жатқан қырлары жеткілікті. Тәуелсіздікке дейін қазақ тарихын негізінен жергілікті ұлттың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, этногенезисін жетік білмейтін өзге жұрт өкілдері жазғандықтан, аталған тақырып тесіле зерттеліп, тереңірек ашылмады. Басқа жұрттың дәстүрінен өзгешелеу көрінетін қазақ қоғамының қатпарларына жатжұрттық зерттеушілердің түсінік, парасат-пайымы жете бермеді. Шындығына келгенде, ұлтсыздандыру саясатын абайлап, жымысқылықпен жүзеге асыруға кіріскен кеңестік-коммунистік режим тұсында ұлттық дәстүр, ұлттық мәдениет, ұлттық құндылық сияқты мәселелерге нақты ғылыми тұрғыда көңіл бөлу мүмкін бе еді?! Оның бер жағында, азаттық алғанымызға ширек ғасырға жақындаса да ұлттық құндылықтарға бодандық дәуірде қалыптасқан стереотиптерден алшақтап кеткеніміз шамалы. Мұның сырын зиялылар бізде кейбір посткеңестік кеңістіктегі елдердегідей деколонизация (отаршылдықтан арылу) саясатының жүрмеуімен байланыстырады. Күні бүгінге дейін «қазақтар „ақ жұмыртқа, сары уыз“ қыздарын қалың малға бола қаусаған шалға сатқан» деген санамызға сіңген сыңаржақ түсініктен толық арылғанымыз жоқ. Ұлы қайнардан сусындаған дана халықтың аялап өсірген бойжеткенін «теңін тапса тегін бергенін», сонда да тегін сұрауды ұмытпағанын Кеңестер билігі байқамаған сыңай танытты. Дәстүрлі қазақ қоғамында нәзік жандыларға деген көзқарастың ықылым заманнан түзу болғанын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Аруларын аяламаған халық Асыл жар — ердің дәулеті; Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас; Ердің жақсысы елімен ойласады, әйелдің жақсысы ерімен ойласады; Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді, жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді; Ерге жаққан әйел елге-де жағады; Ерін баққан әйел елін-де бағады деген мәтелдерді шығармас еді. Орыс отаршылдары жүргізген ұлтсыздандыру саясатының жарқын мысалы қазақ әйелдерін үнемі күң ретінде жүргендей насихаттап, таптық принциптерге иек артқан маркстік-лениндік кеңес тарихнамасы ғасырлар бойы сыннан өткен ұлттық құндылықтардың ішкі қуатын, қадір-қасиетін өңін айналдыра көрсетіп, феодалдық қоғамның сарқыншақтары деп сынағаны белгілі. Сөйтіп ұлтты төл мәдениетінен жеріндірді. Сол мақсатта ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының шығармаларын коммунистік билік өз идеологиясының алаңына айналдырды.
Сөздің қысқасы, мыңның біріне ұя салатын тектілік құбылыстың тәрбиеге көнбейтінін, ол атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке бітетін асыл қасиет екенін қазақ халқы алыстан, аңғарды. Сайып келгенде, ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік, т.с.с. ата дәстүрлерді сары майдай сақтап, шынжырлы-текті тұқымдардың тамырын үзіп алмай, ұрпақтарға сабақтастыруда бай тәжірибе жинақтады. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан некелік-отбасылық қатынастың негізгі өзегі бозбала мен бойжеткеннің арасындағы тамыры жоқ арзан сезім емес, жарық дүниеге, ақыл-ойы зерек, дені сау, аяқ-қолы балғадай текті ұрпақ әкелу философиясымен байланысып жатыр. Өйткені қай кезде-де ұрпақтың денсаулығы мен зердесі мемлекеттің ең үлкен қазынасы екені сөзсіз.
1.«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер…».
«Ең мықты заңдар халықтың дәстүрлері»
(Конфуций).
Ортағасырлық жазба деректерде бірде Жәнібек хан ғұлама ғалым, шипагерліктен қараүзіп шыққан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: «Қандай ауруды емдеу қиын?», — деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын»,- деп жауап береді. «Оның алдын алуға бола ма?» — деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан,- деген екен. Аты, аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тиым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» (Тілеуқабылұлы Ө. Шипагерлік баян. Араб қарпінен көшіргендер — К.Елемес, Д.Мәсімхан. — Алматы: Жалын, 1996.15,43-б.), деген жарлық шығарады. Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы Жеті жарғы бойынша да жеті ата ішінде қан араластыру өлімге не, ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. М.Қозыбаевтың пікірінше, «тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол (қазақ-Ж.Ж.) халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. Алматы: Қазақстан, 1994. 59-б.).
Медицина не дейді?
Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе-де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқымқуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда орфандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50–55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені, аңғартады. Бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе, АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық мемлекеті заңдастырып үлгерген бір жыныстылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылықты және өзге-де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр. Өйткені еуропалық мәдениетте тек туралы түсінік жоқ, оларда отбасы ұғымы ғана бар. Соңғы жылдары шетелдіктердің өзгеден гөрі қазақ балаларын көптеп асырап алуының да негізгі сыры тектік қорымыздың тазалығымен астасып жатыр. Алаш баласының некелік-отбасылық түсінігіне мүлде жат, небір азғындықты білдіретін анайы көріністер адамзат тарихында жеткілікті. Бұған дейін-де аталған тақырып жергілікті зиялылардың (Набиоллаұлы Ж. «Жеті ата» // Егемен Қазақстан, 2013, 16 мамыр) зерттеулерінде көтерілгендіктен, біз дәйегімізге дәлел болмақ бір-екі мысалмен ғана шектелмекпіз. Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Григорий Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатынына шапқан жаман айғырға» теңеген.
Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер — белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады. Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буданынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұрпақ болмайтынын еске түсіреді. Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін-де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйткені жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге-де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымын еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақтың бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.

Экзогамия дегеніміз не?
Сонымен қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» — бірдеңеден тыс, «гомос»- неке) жатады. Демек, экзогамия — аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «руын жасырған — құл», «тегін құл мен қу жасырады», «дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «тегін білмеген теріс бағады», «тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді. Бабаларымыз жеті атасына қарап кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы осы орайда мынадай бір қызықты дерек келтіреді. — Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді. Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида — некелену барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі — ұл, мейлі, қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қудалайды. Міне, тектілікті дәріптеу. Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» (Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті, ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты). — А., 2010. 99-б.) , — деп жауап берген екен. Отандық этнограф ғалымдар жеті атаға жіктеу, қан тазалығын сақтау, біле білсек, бүкіл жер беті халықтары ішінде тек қазаққа ғана тән салт-дәстүр екенін анықтауда. Бұл жөнінде зерттеушілік ғұмырын қазақтың этнологиясына арнаған белгілі ғалым А.Сейдімбектің пікір-тұжырымы назар аударарлық: «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мейлінше мол өмірлік тәжірибе жинақтап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тектілікке ұмтылу) зердесін таңқаларлық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» (Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. — Астана, 2008.170,171,174-б.). Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. Жұбайбек Жұмаханұлы айтқандай, тіпті, мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені, бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөлінеді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспайды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген (Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№ 2.55б.). Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген — жетесіз», «Жеті атасын білген ұл — жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген — жетімдіктің салдары», т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған. Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңқалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза.
Ж.Бабалықұлының деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны деп тауыпты. Жеті атаны ұстанады екен деген. Осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл — жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікменде немересін алады. Немере дегеніміз — туыс. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді (Бегманов Қ. Көрсетілген еңбек. 98-б.).Тәжік депутаттары да бұл мәселені енді-ендімемлекеттік-деңгейге көтеріп жатыр.
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, тектіліктің тамырын терең түсіну үшін алдымен қазақтың жеті ата тарататын дәстүрі мен ата-тек шежіресін мұқият зерделеген жөн. Қазақ генетикасы өзге ұлттарға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен дараланатын бай өрелі ілім болып қалыптасты. Ата-бабаларымыз исламның да (араб мәдениетінің де) тек өзінің табиғатына үйлесімді қағидаларын қабылдады, мәселен, шариғаттағы көпәйелалушылықты өміріне енгізгенімен, арабтар сияқты немере қарындасын әйел қылған жоқ. Ғасырлар бойы қазақ қоғамына билік жүргізген Шыңғыс ұрпақтары, яғни төрелердің жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыса беретін дәстүрінен-де бойын аулақ ұстады. Өзге жұртта кездеспейтін өте ерекше этникалық жүйенің тек дәстүрлі қазақ қоғамымен байланыстылығына ерекше мән берген Ә. Кекілбаев мұны «көшпелі тұрмыс пен көшпелі экономика үшін ауадай қажет туысқандық психология, соған негізделген этика мен моралъдан» (Ә.Кекілбаев.Үш пайғамбар, 134-135-б.) туындаған құбылыс деп қорытты.
2. «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,
Қарғадан қарға туар қарқылдаған…»

Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Сыпыра жырау (ХІІІ-ХҮ ғасырлар)

Текті-де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше классикалық биік-деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры — ұлттың тағдыры. Ата қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді, т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», — дейді. Кеңес қоғамында Ы.Алтынсариннің Асан мен Үсені кеңінен насихатталып, таптық күресті ту еткен коммунистер ұлтты тексіздендіруде жарлы баласы «сұңғыла», бай баласы «миғұла» деген түсінікті санаға сіңіруге барын салды.

Ғаламтордағы уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінде «тектіліктің — адам бойындағы асыл қасиеттердің парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық, т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктетуге мүмкіндік береді. Халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білген адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді» (kk.wikipedia.org/wiki/Тектілік‎) делінген. Сондықтан табиғи дарынды әлеуетті күш қашанда мемлекет үшін баға жетпес ұлттық құндылық. Халықтың көшін бастайтын ел ұстарлары мен игі-жақсылары жоғалса, ұлт та ұнжырғасы түсіп, тұлғасыз-тұлдыр ұлтқа айналады. Тамырынан айырылған теректей текті ұлдарынан айырылған ұлттың ұшпаққа шыға алмасы, ақиқат. Қалың тобыр арасынан дара көрінетін текті тұлға — бір қап арпа ішіндегі жалғыз бидай секілді айшықталып тұрады.
Тектілік тақырыбы сөз болған жерде ұлттың рухани қазынасы, дәстүрлі қазақ қоғамындағы таңдаулы топ — асыл текті, ақсүйектер саналған төрелер мен қожаларды айналып өту мүмкін емес. Текті атаның ұрпақтары ретінде зор беделге ие болған олар өзара қыз алысып, эндогамиялық некелерді қатаң сақтады. Жалпы төре тұқымында ертеден келе жатқан салт әрбір адам сауатты болуға және «жеті жұрттың тілін білуге тиісті» болған. Тарихқа жүгінсек хан тұқымы деп аталатын қуатты топ қазақ топырағында қайталанбас дара тұлғалар тудырғаны рас. Бір ғажабы олар, кейін қазақ қоғамымен біте-қайнасып, сіңісіп кетті және тарихи әдебиетте Шыңғыс ханның жеке басы мен Шыңғыстың «алтын тұқымына» (Владимирцов Б. Я. Общественный строй монголов: Монголъский кочевой феодализм. Л., 1938.С.17, 144–147) табыну біршама жақсы көрсетілген. Түйіп айтқанда, тек төре тұқымын дәріптеу көтерілген мәселенің барлық қырын ашуға мүмкіндік бермесі хақ.
Халық ауыз әдебиеті не дейді?
Жылдар бойы үстем таптың өкілі саналған «бай» туралы түсінігіміздің солғын тартқаны сондай, соңғы кезге дейін қазақтың батырлар жырындағы бас кейіпкерлер яғни, ел қорғайтын ұлы мақсаттағы ерлер негізінен байдың не ханның ұлы болып келетіндігіне мүлде мән бергеніміз жоқ.
Батырлар жырының сюжетіне тән негізгі ерекшелік — алдында мыңғырған малы бар әрі, ақыл-парасатымен халқына өте сыйлы, кемеліне келген жанның фәни дүниеде бір перзентке зар болып (Қобыланды батырды әкесі Тоқтарбайдың, Алпамысты әкесі Байбөрінің, Қамбар батырды әкесі Әлімбай ханның т.б.), «Тәңір мен пірге сыйынып», «әулие қоймай қыдырып», ғұмыр бойы, аңсаған шаранасын қартайған шағында зарығып көруге құрылуы — тектіден тұяқ көруді, аңсаған халықтың арман-тілегінен туған тәсіл екенін атап өткен жөн.
Біздіңше, осы тұста мәселенің мәнін тереңірек ашу үшін сәл аялдайтын бекет бар. Хисса-дастандардан көрі шынайы өмірде жағдай басқашалау. Олай дейтініміз Жаратушыға қанша жалбарынғанымен Мырза Құдай тілекті бермесе тектіден-де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін деректер жеткілікті. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті болатын. «Ат тұяғын басар тайдың болмауы» қазақ түсінігінде рухани қайғы. Ұлы адам да пенде. Тектіден тұяқ қалмаудың сыры неде? Ұлыларда неге ұл болмайды? Өмірден бір перзентке зар боп өткен саңлақтар (Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Ж. Досмұхамедов, Д.Қонаев, т.б.) қаншама?! Бұл — жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние. Осы орайда, пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген, аңыз-әфсана бар екені еске түседі. Қазақ мұндайда «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ" деген. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден тұқым қалудың оңай нәрсе емес екенін, аңғартады.
Бағанағы ой-сорабын әрі қарай жалғасақ, халық арасына кең тараған қазақ ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің шыққан тегінің де өнегелі тұқым болып көрсетілуі кездейсоқ емес. Мәселен, бастауыш сынып оқушысынан бастап, жақсы білетін ертегілеріміздің бірі «Ер Төстіктің" ақылды, тапқыр, батыл, т.с.с. болып ержеткендігін сипаттағанда әкесі Ерназар байдан да табиғи жаратылыс жағынан оған көптеген қасиеттер дарығанын ойлап жатпадық. Мұқым қазаққа мәшһүр «Аяз би» ертегісі бүгін біз көтеріп отырған тақырыптың тамыры ғасырлар тереңіне кететініне жарқын мысал. Ертегінің желісі ертеде Мадан деген хан болыпты деп басталады, ол өзінің қырық уәзірі арқылы таптырған Жер бетіндегі ең Жаман (болашақ Аяз би) адамның сыншылық қасиетіне тәнті болып, оған менің өзімді сынашы, мен неше атамнан бері хан екенмін? — дейді. Жаман:
— Жақсы! — деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:
— Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңда хандық жоқ,- дейді. Жаман сөзін бітірмей, хан сөзін бөліп:
— Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да алты атамды қайда жібересің? — деп зекіреді. Жаман саспайды.
— Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз,-дейді. Хан не дерін білмей, халыққа қарап, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы болған жайдың ақиқатын айтып, оның шын мәнінде ханның ұлы емес екенін, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесі Зәрлі ханның кілең қыз туғаны үшін жарып өлтіргендігін, құрсағына көтергені қыз екенін тәуіптер арқылы білгесін, шыбын жанын сақтау мақсатында өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, кейін күні жеткесін нәрестелерді алмастырып, содан бері екеуінің бұл жөнінде ешкімге тіс жармағандарын тәптіштейді. Хан:
— Апырмай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? — дейді. Сонда Жаман:
— Мен Жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы — жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, — дейді.
Келтірілген мысалдар, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар халқымыздың бай ауыз әдебиеті арқылы ғасырлар бойы үзіліссіз сіңіріліп келгенін дәйектейді. Сонымен, қазақ халқының шығармашылық дәстүрі ертегілер, батырлар жыры, аңыз әңгімелер, лиро-эпостық жырлардың, т.б. мазмұнын жан-жақты саралау тектілік феноменінің ұлт тамырына бағзы замандарда-ақ байланғанын айшықтайды.
«Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға…»

«… Жақсының әрқашанда жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға немесе Жабы жүйрік болмайды байлағанмен, Жасық болат болмайды қайрағанмен» деп Ж.Жабаев шалқыса, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесіненде бұрын, оның қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне-де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесінің: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені — Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым», — деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр. Кеңестік тарихи әдебиетте ауызға алдымен ілігетін, қазақтың рухани мәдениетінің үш алыбы — Шоқан, Абай, Ыбырай бастаған қазақ кемеңгерлерінің қай-қайсысы да текті әулеттерден шыққан тұғын. Қай заманда болмасын қазақтың білімді, зиялы, ел тізгінін ұстаған дегдар азаматтары негізінен ауқатты, белді, дәулетті отбасыларда туып-өскендігі назар аударарлық нәрсе. Демек, дәулет пен тектің арасында көзге көп көріне бермейтін бір нәзік байланыстың бар екенін, аңғармау мүмкін емес. Осы ретте білікті заңгер Н.Шайекеновтің ой-тұжырымы еске түседі: «Табиғаттағы эволюцияның себебі — биологиялық тұқым қуалаушылық. Ал қоғамдағы эволюциялық сабақтастықтың тетігі — мұра қалдыру құқығы. Меншікке ие болғаннан кейін адам өзі жинақтаған игілікті өзінен кейінге қалдыруды қамдай бастайды. Ол енді мұра жайында ойланады. Тарихи тұрғыдан қарағанда мұның өзі болашақ жайында ойлау деген сөз. Меншік иесі бар жерде адамның түп-тегі туралы ұғым бар! Олай болатыны — тек меншік қана өзіңнің түп-тегіңді қадірлеуге үйретеді. Шәркейін сүйреткен салтаңбай тектілік дегенді ойлап қайтсін» (Абдрахманов С. Рыцар // Егемен Қазақстан, 2006. 25 қазан). Бұқар жыраудың «Ерге дәулет бітпесе, Шүлдіреген қызыл тілден не пайда» дегені-де осымен үндес. Осы орайда, қазақ халқы мал біткен байдың бәрін текті деп есептемегенін, тексізге-де харамнан мал бітетінін, бірақ оның қайыры болмайтынын зерделегенін айта кету қажет. Қазақтың ауыз және жазба әдебиетінде бейнеленген қарау байлардың тізімі Қарабай, Шығайбай, Итбай, т.с.с. болып жалғаса береді. «Дәулет сауаптан болса қайырлы» деген ұстаныммен өмір сүрген халқымыз асылы мен нәсібіне арам араластырмаған жанды ғана текті деп есептеген.
«Кімнен кім туады?»
Аталған сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақпас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.
Тектілік феномені хақында пайымдалған асыл сөздердің астарында терең ой, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілімге даналық көзқарас жатыр. Бұдан қан арқылы берілетін қасиетті еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес екені анықтала түседі. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер-де дәлел бола алады. Керісінше, бұған антипод мағынадағы «жетесіз», «жүгенсіз», «парықсыз», «көргенсіз», «тексіз», «тәрбиесіз», «ұятсыз», «намыссыз», «ештеңе көрмеген», «қарғыс атқан», т.б. нәлетті сөздерде жайдан-жай айтыла салмаған. Бағзы бабалардан жеткен «барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі шығады» деген ұлттық дүниетаным кей кезде «өзі болған жігіттің — ата-тегін сұрама», «жаманнан жақсы туса — теңі болмас, жақсыдан жаман туса — емі болмас» деген пайыммен алмасқан. Осы сарын Шалкиіз жырында тереңдей түседі:
Айырдан туған жампоз бар
Жүгін нарға салғысыз,
Арғымақтан туған будан бар
Күнінде көрінім жерді алғысыз,
Жаманнан туған жақсы бар
Адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар
Күндердің күні болғанда
Бір аяқ асқа алғысыз.
Ойдың орайында, негізгі нәрсенің басын ашып алсақ дейміз, «жақсының" һәм жеке тарихи тұлғаның бәрін тектіге жатқызу біржақты. Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабасында не өзінің кейінгі ұрпағында кемеңгерлік қасиеттері байқалмаған талай жарқын тұлғалар өткен. Біздіңше, ондай жандар бар болғаны — тарихи тұлға, қазақ мұндайда «қарадан шығып хан болған, айырдан шығып нар болған» дейді. Керек болса ойнастан туған шаталардан да талайды таңқалдырған мықтылар шыққан. Қысқасы, таланттың бәрін тектіге телу, ақиқаттан алшақ, сынай қараған жанға тектіліктің тамыры тым тереңде жатыр. Осы тұрғыдан келгенде не нәрсені-де астарлап, әдемі жеткізе білетін қазақ фолъклорына тағы бір мәрте үңілген жөн. Мәселен, Бұқар Қалқаманұлының:
Таудан, аққан тас бұлақ,
Тасыса құяр теңізге.
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да,
Тартпай қоймас негізге
деген жыр жолдарынан әйгілі жыраудың көзқарасы Шалкиізбен тұтастай қабыспайтындығын байқаймыз. Көтерілген мәселені талдап-тарқатуда қазақ жырауларының көзқарасында қарама-қайшылық, пікір алшақтығы бар екені «соқырға таяқ ұстатқандай» көрініп тұр. Күні бүгіннің өзінде кейбір зерттеушілер адамның болмысына тек тегі әсер етеді деген қатып қалған түсінік болмауы тиіс, әр жақсының балалары жақсы, әр жаманның балалары да жаман деген қағида жоқ деген пікірді ұстанса, келесі бір ғалымдардың саралауынша адам жаман болайын демейді, әсіліндегі күнә жібермейді. Мәселен, ата-бабасы киелі құс, аққу атқандықтан ұрпақтары «аққу атқан» ауруына ұшыраған кеміс жандарды күнделікті өмірден кездестіруге болады. Бұл арғы атасының күнәсі үшін ұрпағы жауап береді деген сөз. Демек, барлық нәрсенің жаңғырығы болады, бумеранг заңы бойынша лақтырған затың айналып өзіңді келіп соғады. Осы пайымға иек артсақ, уақытында Кеңес өкіметі ұрандаған «әкесі үшін баласы күймейді» деген сөз жаратылыс заңына қайшы. Мұның бәрі әр адам өз жаратылысынан аса алмайды деген ұғымға келіп саяды. Қазіргі таңда мамандар пенденің фәни дүниеде біліп-білмей жасаған бейәдеп істеріне жауап беру, оның үмбетіне жүктелетін жаратылыс құдіретінің сырына тереңірек үңілуде. Халал немесе харам болып есептеліп, алғыс не қарғыс арқалайтын істердің қай-қайсысы да атадан балаға мирас болып, тұқым қуалауы тек феноменінің ғарыштық эволюциялармен байланысы бар ғажап құбылыс екендігін, аңғартады. Қазақтың «Құдай пейілге береді» немесе «Қара ниеттінің де жазасын Алла тағала береді» деген сөздері өмірлік тәжірибеден алынған.
Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін тәуіптік, көріпкелдік, сынықшылық, күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық, құсбегілік, саятшылық, т.б. өнерлерді қуып өткен әулеттер жиі кездеседі. Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме. Белгілі ғалым Т.Жұртбай: «Бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің" баламасы өзге ұлтта да ұшырасады. Шыңғысханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қаракөк үзілмеген тұқымның" билігі мәңгілік үстемдікке айналған. Әсіресе, ру-ру болып тіршілік құрып, өмір сүретін көшпелі жұрт үшін бұл қатып қалған қағида», — дейді (Жұртбай Т. Құнанбай. — Алматы: Алаш, 2004. 29-б.). «Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер осындай текті әулеттерге қатысты айтылған. Тегі асылдың ұрпағы да кемел. Бұған қазақ тарихындағы жеті атасынан құт үзілмеген Уәлихановтар, Шормановтар, Бабажановтар, Кенесариндер, Бөкейхановтар, Қаратаевтар, Сейдалиндер, т.б. тарихи әулеттер мысал бола алады. Бұлар бірін-бірі қайталамайтын, әрқайсысы айрықша бөлек даралыққа ие ұлт генофондының арналы салалары.


3.«Жігіттің жақсысы — нағашыдан…».
Алып — анадан туады.
Халық даналығы

Қай заманда да, қай қоғамда да ұлыдан ұрпақ, тектіден тұяқ қалудың оңайлықпен бола салмайтынын соңғы зерттеулер дәлелдеуде. Олай дейтініміз әлемде текті асылдандыру тәжірибелері әлі толастаған жоқ, ізденістер жалғасуда. Бұл ретте, өткен ғасырда Сингапур «кереметінің сәулетшісі» Ли Куан Ю елдегі әр сала бойынша ең дарынды деген жоғарғы сыныптың ұл-қыздарын лагерлерге жинап, басты мақсат — жас зияткерлердің болашақта жұп құрауына «жол ашып», кейін екі таланттан өретін дарынды ұрпақ арқылы ұлт генофондын күшейтпек болып, халықаралық қауымдастықтың тарапынан қарсылыққа кез болғанын еске түсіргеніміз жөн. Халқының 80 пайызға жуығы жедел қытайланған елдегі жағдай кейін «Сингапур феномені» деген атауға ие болып, аталған жоба орта жолға жетпей қаңтарылған еді. Осы орайда, еліміздегі Назарбаев Университетінде тәлім алып жатқан, «сүт бетіндегі қаймақ" саналатын өрімдей ұл-қыздарымыздың келешегі кемел деп білемін. Мерзімдік баспасөздегі мәліметтерге жүгінсек, американдық генетик ғалым Роберт Грекхемнің жетекшілігімен жүргізілген тәжірибе назар аударарлық. Оның зертханасына жиналған донорлардың дені дүние жүзіне әйгілі «Нобель» сыйлығының иегерлері болған. Ғалым жүргізген эксперимент бойынша жер бетіндегі ең кемеңгер деген ұлы адамдардың шәуетімен данышпан ұрпақ сүйгісі келетін әйелдер ұрықтандырылған екен. Тәжірибе он тоғыз жыл бойы жүргізіліп, осы уақыт аралығында дүниеге келген 200 нәрестенің ешқайсысының бойынан өсе келе ешқандай данышпандықтың белгісі байқалмаған. Өкініштісі, бірнеше жылға созылған жұмыс еш нәтижесін бермей, ғалымдардың үміті үзілген. Сөйтіп, данышпандықтың құпиясы ашылмай қалған. Данышпандық тектіліктің толық мәнін аша ала ма? Қайсыбір ғалымдардың пікірі бойынша данышпандық еш тұқым қуаламайды, ол бар болғаны сананың ауытқуы, яғни шизофрения дегенге саяды. Біздіңше, бұл жерде мәселенің екінші жағына да назар аударылмаған сияқты. Жасалған тәжірибеден суррогат құрсақта өсетін ұрпақтың мықты болуы тек еркектің асылына байланысты емес екені анықталып, бұдан алтын құрсақ келінді қазақтың босқа іздемегендігі айқындала түседі. Медицина бойынша нәрестеге 23 хромосоманы әкесі, 23 хромосоманы шешесі береді. Сол себептен-де әрбір адамның бойында өзімен бірге атасының да, анасының да ерекшеліктері, қаны болады. Демек, әке-шешенің екеуінің де үлесі бар. Қазіргі генетик ғалымдар қол жеткізе алмай жатқан нәтижеге өзгеден бұрын жетіп, сыры жұмбақ жаратылыс құпиясын ашу — халқымыздың ғасырларға созылған селекциялық ізденісінің жемісі.
Қысқасы, келін таңдаудағы қазақтың қырағылығына таңданбасқа болмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әрбір ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ертерек ойластырып, өзінің теңін іздеген. Келешек құдасын орынды, құрметті жерден, аталы, іргелі ауылдан қараған. Құдандалық дәстүр қазақ қоғамының отбасылық-тәрбиелік салтының тиянақты жүйесі болды. Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Тектілік феноменін терең түсіну үшін құдалық институтының әлеуметтік мәніне зор көңіл бөлу керек. Қазақ қалыңдық таңдағанда бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған.
Тарихи айғақ-деректерге ден қойғанда, тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлардың болғаны байқалады. Бұдан, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қалың мал институтының сыры ашыла түседі. Ғаламтордағы уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінде: «Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине „қалың мал“ құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істі әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда „қалың мал“ байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының „қалың малы“ бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев)» (kk.wikipedia.org/wiki/Қалың_Мал) делінген. ХҮІІ ғасырдағы деректерге қарағанда қалыңдықтың той үстінде басына киетін алтындап, қымбат тастармен әшекейлеп жасаған сәукелесінің өзі бір үйір жылқымен бағаланса, қалың малының мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін жеткен. Қисапсыз қараны беріп алған келіннің де бабы да келісті болары сөзсіз. Өйткені қай кезде-де қандай күштінің шашылып жатқан артық малы жоқ. «Судың да сұрауы бар» немесе «тең-теңімен, тезек қабымен» деген ұстанымға баса мән берген халқымыз «бай мен бай құда болса, арасында жорға жүрер, кедей мен кедей құда болса, арасында дорба жүрер, бай мен кедей құда болса әупірімдеп зорға жүрер» деген сөзді жайдан-жай айта салмаған. Нарықтық экономикалық қатынасар берік орныққан қазіргі қоғамда қалың мал институтының мәнін теріс түсіндіру артық және өркениетті дәстүрді, ұлттық мүддені асығыс, ұшқалақ пікірге жеңдіруге болмас. Егер жігіт текті тұқымның тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «анасын сүйгеннің баласын сүй», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тіркестерде терең мағына жатыр.

Фольклорлық-этнографиялық деректер не дейді?

— Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде: «Үйленетін болсаңдар, қыздың тектілігіне, байлығына, сұлулығына, діндарлығына қараңдар» деген. Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, ең алдымен лиро-эпостық жырлардағы аруларымыз ойға оралады. Құртқа мен Жібек, Айман мен Шолпан, Ақжүніс пен Назым, Баршын мен Баян образдары — қазақ әйеліне тән, ақыл-парасат пен көргенділіктің, сұлулық пен нәзіктіктің, тапқырлық пен айлакерліктің, адалдық пен тұрақтылықтың символы. Қазақ аруларының галереясы мұнымен шектелмейді. Сақ көсемдері Тұмар мен Зарина ханшалар, Домалақ ана, Айша-бибі, Әбілқайырдың бара бәйбішесі Бопай ханша мен Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Нұралы ханның қызы Тойғара сұлу, Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханша, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, Арынғазы ханның жары Жақсы ханым, т.б. жалғаса береді. Зерттеуші Р.Әлмұханова былай дейді: «Ел қорғайтын үлкен мақсаттың адамы қатардағы жай қызды алмайды, оған о баста текті қыз бұйырылған. Шындығында, фолъклорлық шығармаларда бас кейіпкерлердің жары не ханның қызы, не байдың қызы болуы ойландыруы керек. Таптық сананың өзіндік ықпалы болғанымен, мұндай сарынның сақталуы текті жерден қыз алуды білдіреді. Жырлардағы: „Қаныкейдей көріктіні, Тінікейдей тектіні ал“ деген фолъклорлық қаңқаның тым терең тарих қойнауынан тамыр тартатыны осылайша белгілі болады» (Әлмұханова Р. «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі //Ана тілі.2010,21-тамыз). Осы ретте, режиссер, Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» филъміндегі бас кейіпкер Сартай батырдың адал жары, еліне тұтқа болған асыл азамат Рақымжан байдың көрікті әрі, ақылды қызы Зере аталған мәселеге жаңаша көзқарас қалыптастыруда сәтті сомдалған бейне. Сүйінбай Аронұлының «Алшын ата баласы, Сұлтансиық, Бақсиық. Хан қызы екен анасы» деп келетін жыр жолдары да осы ойды тиянақтай түседі.
Фолъклорлық-этнографиялық деректерге жүгінсек, қазақ жырауларының ел билеушілеріне артатын басты кінәсі — ханның қарадан әйел алуы. Хан мен қараның қаны араласпай, бірінен-бірін алшақ ұстайтын ескі дәстүрлерді бұзғысы келмеген олар, мұндай жөнсіз істің салдары елді болашақта тұйыққа апарып тіреуі мүмкін екенін қатерде ұстаған. Мұны дәлелдейтін мысалдар жеткілікті.
•Ай, хан, мен айтпасам білмейсің…
Қатын алдың қарадан,
Айырылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсің?! (Асанқайғы).
•Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап.
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен
Көңілімді хош таптырып.
Бала берсе тезінен,
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы
Артылып туса өзімнен!(Ақтамберді).
•Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз!
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас…немесе
Ай, Абылай, Абылай,
Қатын алма қарадан,
Қара тумас сарадан.
Қатын алсаң қарадан,
Алды кетпес баладан,
Арты кетпес жаладан (Бұқар жырау).
•Атайы жұртқа қол артып,
Асылдан ару таңдап алмаған.
Атасы мұның малды деп,
Қызының беті қанды деп,
Қарадан сұлу таңдаған.
Күндердің күні болғанда,
Олардан асыл болмаған (Байтоқ жырау).(Ай, заман-ай, заман-ай… (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық (Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев). — Алматы, 1991. — Т. 1.44,91,24,63–64,90, 100-б.,Тәжімұратов М. Шәңгерей. А., 1998.83-б.).
Хан тұқымын қастерлегенде, қазақ жырауларының ойынша, ел бірлігін сақтар, халқына қалтқысыз қызмет етер ел ұстарлары тек солардан шығады. Сондықтан олар тұқымы жағынан да таза болуға тиіс. Болашақта ел билейтін текті тұқым жойылса, оның соңы — жатжұрттың жетегінде кетіп, илеуіне көнумен аяқталады. Билеушісі тексіз елде бірлікте, берекетте жоқ әрі оның келешегі күмәнді. Ал асыл текті, ақсүйек әулеттің «тексізденуі» — қарамен ілік-шатыстыққа байланысты. Елдің іштен іруі тексіз жандардың ел билігін қолына ұстауы деп түсінеді халық. Ата-бабасынан асылдық үзілмеген текті тұқым ел басқарғанда ғана қараша халықтың түтіні түзу болмақ. Осындайда ел аузындағы бір, аңыз еске түседі: «Баяғыда бір кедейдің қызы, ақсүйек әулетке тұрмысқа шығыпты. Өзінің тегін жасырған қыз кедейшілікте өскенімен ешқандай сыр бермеген екен. Күндестері қанша, аңдыса да қылығынан қателік кетпепті. Сөйтсе бір күні әлгі келіншек аспазшы әйелге „бақайшақты тастама, бас бармақтай майы бар“ деп қалыпты. Осы сөзінен барып жұрт оның кедей әулеттен шыққанын біліп қалыпты» дейді. Әйтпесе байдың қызы бақайшақ түгілі, жіліктің де ішкі майына үңіле қоймас. Аңыздың астары қандай сәтте-де қанмен берілетін асыл қасиет пен ол өскен әлеуметтік орта, әу-бастан текті жаралған жанды ұсақ-түйек, майда-шүйдеге мойын бұрғызбай асқақ та абыройлы һәм ірі істерге бастайтынын айшықтайды.
«Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі»

Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуіне байланысты шаруашылық қатынастардың өзгеруі қазақтар арасында ірі саудалық және өсімқорлық істермен айналысқан бірсыпыра бай-феодалдардың пайда болуына әкелді. Сөйтіп, қарастырылып отырған кезеңде «бай» деген ұғымның сипаты өзгере бастады. ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақтардың әлеуметтік қатынастарын жан-жақты саралаған талантты тарихшы Е.Бекмаханов қазақ қоғамында жеті атасынан бақ-дәулет үзілмеген текті шонжарлардың рөлі, кейін қоң жинаған байлардан жоғары тұрғанын «Қалыңдықтың әкесі бай болса да, тексіздің қызын алма» деген мақалмен дәйектесе (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында. — Алматы, «Санат», 1994.108-б.), бодау заманда бұрынғы беделінен айрыла бастаған қазақ байының болмысын Хакім Абай: «Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар // Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деген жолдармен тиянақтайды. Демек, байдың да байы бар, барлық мәселе сонда.
Сайып келгенде, тектінің қарамен некелесуінен сақтанған қазақ мырзаның күңіне абайсызда аяқ салуынан өсетін ұрпақтың қасиетті болатынына күмәнмен қарап, тұқым тексізденеді деп санаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жебірейілден (ғ.с.) қиямет сағаты жөнінде сұрағанында ол: «Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі» деген. Бұл хадисті тәпсірлеушілер, «қияметке жақындағанда ертеде күңнен туғандардың ұрпағы ел басқарар патша дәрежесіне дейін көтеріледі, ал аналары сол патшалардың қол астында болады», -дейді. Қазақ эпостарында күңнен туған баланың сұрқия, залым, зұлым болатыны баса көрсетіліп, нәтижесінде тексіз ұрпақтың қоғамға қаншалықты қауіпті екендігі анықтала түседі. Тарихи деректерге иек артсақ, мемлекеттік-деңгейдегі дипломатиялық қатынастарда да еуропалық хаттама бойынша мұндай мәселеге аса сақтықпен қараған. Осы орайда, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қалмақ күңінен туған баласы Шыңғысты Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевтің заңсыз деп аманатқа алмағандығын еске түсірген жөн.
Қалай болғанда да халқымыз «тегі таза», «жатыны асыл», «тұнығы лайланбаған» қос бұрымды хас сұлуларымызды пәк сақтауды мұрат тұтқан. Қазақта Қызды ауыл — көңілді; Өсектен сау сонау қыз, шайқалмаған сары уыз; Сыпайы қыз сұлу көрінер, Қызға қырық үйден тиым, қырық үйден қарауыл дейтін ұлағатты ұстаным бар. Қыз баланың абыройын теңдесі жоқ бағалы дүниеге балаған қазақ халқы оны көздің қарашығындай қорғаған. Баға жетпес асыл қазынасын сұқ көзден сақтаған. Бұдан ұғатынымыз, таза жатырда ғана таза ұрпақ өсіп жетілетіні ұлтымыздың сүйегіне терең сіңген-ді. Мұны қазақтың қара өлеңіндегі:
Өр қазақтың тұяғы,
Күлдір күлдір күлдір-де,
Күлкіні басқа ілдір ме,
Алланың нұрын, аңсасаң,
Кірпиязыңды кірлетіп,
Көрпеңе күнә сіңдірме.
Хауа Ананың жалғасы,
Болмысыңнан бүтін ең,
Бес күндікке түтілмен,
Абыройыңды үркітсең,
Шошынбай ма ұрпағың,
Омырауыңның сүтінен, —
деген жолдармен негіздеуге болады.
Ғылымда асыл тұқымды қаншық көшедегі бұралқы итпен шағылысып қойса болғаны, ешқашан да текті төбет күшіктей алмайтындығы, сол секілді тексіз құс асыл текті аналық кептерге жақындасып, кейін аналық кептерді хас тектінің өзімен шағылыстырса да, қанаты әлсіз, түсі бөлек әлжуаз балапан басып шығаратыны дәлелденген (Дүйсен Қ. Елін ойлар текті ұл тусын десек…// Дарабоз,2009.№ 10. 69-71-б.). Демек, бұлақ басынан тұнық ақпаса, одан тазалықты талап етудің қажеті жоқ. Адалдық пен тазалыққа қылау түсірмеген саф алтындай мөлдірліктің астарында тектілік жатыр. Ит тиген арам аста еш қадір болмайтындығын саралаған қазақ халқы «ұлтыңды сақтаймын десең — қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең — ұлыңды тәрбиеле» деген сөзді бекер айтпаған. Мұның бәрі жарық дүниеге жақұт қасиетті жоғалтпаған асылдың сынығындай текті ұрпақ әкелу мақсатымен байланысып жатыр.

4.«Мал-бәйбішенікі, бай-тоқалдыкі».
«Қырықта қылыш (тағы бір әйел алу)»
Халық даналығы
Оқырман байқап отырған шығар, мақала ішіндегі бөліктерге берілген атаулар, көнеден қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан даналық сөздер. Мақаланың осы бөлігіне қойылған айдар да құлаққа ерсілеу естілгенімен бұрынғы бабалардан бүгінге жеткен тәмсіл. Демек, бұл жолғы әңгіме ғасырлар бойы тектік қорымыздың кемелденуіне оң ықпал етіп, ұлттық элитаның дәуірлеуіне теңдессіз үлес қосқан һәм өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін өмір сүрген полигамиялық (көпәйелалушылық) неке хақында. Бұл — біздің бабалар жүріп өткен тарихи жол. Тектілік тақырыбы сөз болған жерде мұны айналып өту — мүмкін емес. Бүгінгі заман биігінен көпәйелалушылықты тек ескінің сарқыншағы деп ұғыну сыңаржақ көзқарас болар еді және оны қазіргі таным тұрғысынан зерделеу, көтерілген мәселенің барлық қырын ашуға мүмкіндік бермесі анық.
Ислам үйленетін әйелдер санын төртеумен шектеген және олардың бәріне бірдей адал болу шарты қойылған. Көп әйелге үйлену мәселесін ислам тек орынды себептерге байланысты, белгілі бір жағдайларды түзеу мақсатында ғана жол берген. Ол соғыс кезінде ер адамдар майданда опат болған жағдайда, яғни әйелдердің көбі қамқоршысыз қалғанда, кейде әйелдің денсаулығына байланысты (созылмалы ауру, бедеулік) кедергілерде жеңіл жүріске тосқауыл қою мақсатында ер адамға тоқал алуға рұқсат етіледі, әрі тоқалы бәйбішесімен тең құқылы болып табылады (Махмуд Хамди Зақзұқ. Исламды қаралауға қарсы жауап // Ақиқат, 2005. -№ 4.-35-36-б., Шоқым Г.Т. Қазақ тіл білімінің гендерлік тұғыры. А., 2007.-62-б.). Десе-де, дәстүрлі қазақ қоғамында бәйбішенің өзге әйелдерден шоқтығы биік болғанын атап өткеніміз жөн және шариғат рұқсат еткен полигамиялық некенің белгіленген өзіндік қатаң тәртібі болған. Ешбір себепсіз бірнеше әйел алу қатардағы жай еркектер үшін оңайға тимеген. Бұл туралы Колгейт университетінің профессоры (АҚШ) М. Б. Олкотт қазақтардың көбі жалғыз әйел алды, екі және одан көп әйел алғандар сирек кездеседі, өйткені қазақ дәстүріне сәйкес әр әйелдің өз отауы болуға тиіс, сондықтан көп әйел алу бай адамдардың ғана үлесіне тиді деп жазады (Марта Олкотт. Қазақтар. Стэнфорд, 1987. 3-27б. // Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. — Алматы: Атамұра — Қазақстан, 1994.69-б.). Батыс Сібірге саяхат жасаған неміс саяхатшысы А.Брем мен О.Финиш «Ислам дінін ұстанатын мұсылмандар болғасын, қырғыздардың бірнеше әйел алуларына жол беріледі. Бірақ түріктер мен мормондардың тәжірибесінен көріп жүргеніміздей, тек бай адамдар ғана мұндайға бара алады, себебі қалыңдық үшін берілетін қалың малдың құны өте үлкен. Қырғыздардың (қазақтардың) көпшілігінің бір-бір әйелі бар, ауқаттыларының өздері екі-ақ әйел алғанмен қанағаттанады» деген түсінік береді (Путешествие в Западную Сибирь доктора О. Финиша и Брэма. М., 1882.).
Көпәйелалушылықтың негізгі сыры неде?
Сонымен көшпелі қазақ қоғамында полигамиялық некеге негіз болған басты себептердің бірі, бәйбіше мүлдем бала көтермесе не ұл тумаса, не аурушаң болса, не күйеуі өліп жесір қалса, т.б. еркек сондай қадамға барған. Мысалы, қазақтың біртуар перзенті Мұстафаның әкесі Шоқай (Шоқмұхаммед) екі әйел алған жан. Алғашқы әйелінен бала болмаған. Кейінгісінен бес бала — екі қыз, үш ұл көрінген. Шоқмұхаммед ортаншы ұлы Мұстафаны елу бес жас шамасында сүйген. Мұстафа, ағасы Сыздықтан он бес жас кіші. Әлем таныған текті тұлғаның атасы Торғай Сыр өңірінде өте беделді адам болған. Бұл өңірді Қоқан хандығы билеген кезде Торғай датқа дәрежесіне көтерілген. Мұндай мысалдар Қазақ тарихында жеткілікті. Демек, қазақ үшін көп әйел алудың негізгі сыры тектің тамырын үзіп алмай кейінге жалғау, аңсарымен тікелей байланысты болса, екіншіден, қазақ жесірін қаңғытпаған ел. Әмеңгерлік салтымен ұрпақ жалғастығын сақтап отырған. Осыған дейін әмеңгерлік ғұрпының сәулелі жақтары да бар екеніне мүлде мән берілген жоқ. Күйеуі өліп, жесір қалған жас әйелге марқұмның жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқылы саналатын. «Келін ерден кетсе-де, елден кетпейді» деген сөз — осы әмеңгерліктің куәлігі. Дұрыстап тереңнен үңілген адамға әмеңгерлік ғұрпының ең бірінші көздейтіні ұрпақ қамы, жетімді жат босағаға телміртпеу. Қазақтың әмеңгерлік салты қара жамылған шаңырақтың өмір талқысының құрбаны болып кетпеуін көздеуден туындағанын дәлелдейді. Әмеңгерлік салты жасы келген, үйлі-баранды, балалы-шағалы әйел жесір қалғанда қолданылмайды, тек жас, әлі-де бала туа алатын әйелдерге жүреді (Қалиев С.,Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. А., 1994. 131-б.).
Осы тұста ерекше назар аударарлық нәрсе әмеңгерлік (левират) ғұрпы ұлтымыздың қаймақтары саналатын талай тарланбоздардың тағдырына да тікелей қатысты. Деректерге жүгінсек, Құнанбай өзінен кейінгі інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қаза болған соң, оның атастырған қалыңдығы Ұлжанмен отасқан. Тарқатып айтсақ, інісі жастай бақилық болып, Ұлжан «қыздай жесір» қалыпты. Құнанбай Күңкеден кейінгі екінші әйелі қылып, текті жердің қызы Ұлжанды тоқалдыққа келіндей алған. Осы некеден Абай дүниеге келген. Кейін Абайдың өзі-де інісі Оспанның әйеліне әмеңгерлікпен үйленген.
Көтеріліп отырған мәселені аша түсетін, бұрын көп назар аударылмаған тағы бір тарихи дерек. Қазақтың маңдайына біткен марқасқа ұлдарының бірі Қаныш Сәтбаев — Имантайдың екінші әйелінен туған. Имантай қырық жеті жасқа келгенде екінші рет үйленіп, қазақ тарихындағы текті әулеттердің қатарынан орын алатын атақты Шорман ауылында жесір отырған жас әйел Әлиманы алыпты. Дүниеге Қаныш келгенде Имантай өз болысының биі болған екен. Ол сөзге шешен, қазақтың мақал-мәтелдеріне жетік, ән салып, домбыра тартатын жан болыпты. Академик Ә.Х.Марғұлан Е.А.Бөкетовке жазған хатында: «Қаныштың сыпайылығы, көп білуі әкесінен ауысқан қасиет. Оның әкесі Имантай осы күнгі университетте оқытып жүрген профессорлардың көбін үйрете алар еді. Ол кісі өзінің байтақ білімімен Г. Н. Потанинге-де көп көмек көрсеткен» деп айтқан екен. Қаныштанушы Медеу Сәрсекенің деректеріне жүгінсек, Қанекеңнің де екі әйелі болған.
Демек, бірнеше әйел алу салты сол кездегі қыз-келіншектердің мүддесін қорғаудан туындаған. Ұлттық мүдде әйел адамдар бойындағы қызғаныш сезімінен жоғары тұрған. Тоқал алу құбылысын тек нәпсіқұмарлықпен байланыстыру сияқты сыңаржақ көзқарас, мәселенің ішкі мәнін терең түсінуге мүмкіндік бермесі хақ. Мұның астарында құлаққа әбден сіңген «қазақ байыса қатын алады» деген түсініктен шығатын мал-дәулетті шашу емес, көшпелі өмір қажеттілігінен туындаған текті сақтау, ұрпақ қамы, ұлт мүддесі, ел болашағы сияқты ұлы мұраттар жатқаны, аңғарылады. Түсінген жанға ұлт ұтылмаған жердегі нәрсенің бәрі ұлықтауға лайық.
«Қарт бойында қалаш бар»
Ой орамында мына нәрсе-де ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ғалымдардың пайымдауынша, тұқымның асыл болуының көзге көп байқала бермейтін тағы бір қыры ері мен әйелінің жас алшақтығы. Тектілік феноменінің тағы бір құпиясы: сақарып, егде жасқа жетіп, ақыл-парасаты толысқан, бойынан күш-қайраты қайтпаған бабындағы еркек пен толықсыған жас тоқалдан көп жағдайда кемеңгер ұрпақ туатыны дәлелденген. Мұны дәйектейтін деректер аз емес. Бұған басқа халықтардың тарихында да мысалдар жеткілікті. Қытай халқының ұлы ойшылы Конфуций дүниеге келгенде әкесі 70-тің үстінде, шешесі 17 жаста болған көрінеді. Ата қазақта «қарт бойында қалаш бар» деген мәні терең сөз бар. Мамандардың пікірінше, өзінен гөрі жасырақ әйелмен төсек жаңғырту егде тартқан еркек бойына күш-қуат беріп, оны жасартады екен. Жаһанға танымал жарқын тұлғалардың ата-аналарының арасындағы жас айырмашылығына кезінде кеңес ғалымдарының өзі ерекше назар аударған болатын. Мәселен,
Гендель (әкесі 63, шешесі 34)
Бородин (59,24)
Гончаров И.А. (58,27)
Бальзак (53,21)
Лондон (53,29)
Франклин (51,39)
Салтыков-Щедрин (50,25)
Софья Ковалевская (49,29)
Герцен А.И. (45,17)
Чайковский П.И. (45,27)
Шоу (45,28)
І Петр (43, 19)
Короленко (43,20)
Шопенгауэр (39,19)
Гете (39,17)
Эйнштейн (32,21)
Гоголь (32, 18)
Лобачевский (31,19)
Лермонтов (27,17) т.б.
(Алексахин И., Ткаченко А. «Индекс отца» // Литературная газета. 29 ноября 1972 г.) болып жалғаса береді. Өкінішке орай, қазақтан шыққан белгілі тұлғалардың әке-шешесінің жас айырмасына байланысты нақ осындай мәліметтер Отандық тарих ғылымында сирек кездеседі. Қазақтың және бір жазылмаған заңы — әйел күйеуден сегіз жас, еркек әйелден жиырма бес жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмеген. Әрине, әмеңгерлік жолда мұндай некелік ережелер мен шектеулерге қарамайтын жайлар да болған.
Сонымен, соңғы жылдары зерттеушілер көшпелі қазақ өмірінің қажеттілігінен туындаған полигамиялық отбасылық — некелік қатынастың қоғамға әкелген пайдалы, тиімді жақтарын саралауда. Публицист Т. Әсемқұлов: «Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда бұл ауытқу полигамия, яғни көп некелік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас» (Әсемқұлов Т. Аштық және соғыс. Қазақ алъманағы. № 2 (06), 2010. 227-б.),- деп жазды. Тек көпәйелалушылықтың негізінде ғана қазақ халқы сандық мөлшерін өсіріп жаугершілік, жұт, оба, шешек, мерез, құрт, т.б. жұқпалы кеселдер мен әртүрлі індеттер арқылы ойсырайтын демографиялық шығындардың орнын жауып отырды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін негізінен ұлт өсімі «балағынан бала саулатқан» тоқалдар есебінен жүзеге асты. Өйткені, ұшы-қиырына жету үшін құстың қанаты талатын даласы бар Қазақ үшін ұлт өсімі қай кезде-де өзекті. Сөзімізге тұздық ретінде тағы бір мысал. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен байбақты Сырымның атасы Шолан батырдан Есенбай, Түркеш, Байторы, Дат есімді төрт бала туған. Ел ішінде осы төртеуінің өсіп-өнген әулетін жинақтап «Төрт Шолан» деп те атайды. Осы төрт шоланның Есенбайының Зеріп деген тоқалынан 9 ұл, Даттың Дүрдана деген тоқалынан 9 ұл, Түркештің Кенжеқыз деген тоқалынан 8 ұл туған. «Төрт Шоланды байытқан үш тоқал» деген сөз осыған орай айтылған. Дерек ретінде Даттың балаларын атай кетуге болады. Даттың бәйбішесінен — Адамбай, Атанай, Жомарт туған. Ал, тоқалы Дүрданадан — Сырым (Сырлыбай), Дүйімбай, Жандыбай, Қалдыбай, Базарбай, Қорлыбай, Шегебай, Нұрлыбай, Барлыбай туған (Сейдімбек А. Көрсетілген еңбек. 633-б.). Қысқасы, көшпелі қазақ қоғамында ұлтымыздың демографиялық ахуалын бірнеше әйел алуға мүмкіндігі бар осындай текті тұқымдар шешті. Зерттеушілердің пікірінше қай заманда да демографиялық жағдайды дімкәс ұрпақ пен кедей халықтың үлесінен көтеру, соған сәйкес ұлттың сапасыз ұрпақпен толығуы елді тұйыққа апарып тіреуі мүмкін. Мәселен, Мұхаммед пайғамбар өзінің даналыққа толы бір хадисінде «Өзің аштан өлейін деп отырып, көп балалы болу — күнә" деп қатаң ескерткен. Қалай десек те, дәстүрлі қазақ қоғамындағы текті тұқымдардың тамыр жаюында көп әйел алушылықтың (полигамия) рөлі өте зор және бұл құбылыс жеті атасынан құт үзілмеген бай, қуатты, дүмді әулеттердің тарихымен тікелей байланысты.
Қазақтың ұлы хандарының көбі тоқалдан туғандығын кезінде классик жазушы М.Мағауин жеріне жеткере жазған еді. Полигамиялық некеден ұлттың ұтпаса, ұтылмағандығын саралаған жазушының пайымын теріс түсінгендер оны сын садағына ілді. Ғалым Ш.Ш.Уәлихановтың жазуы бойынша ұлы бабасы Абылай ханның 12 әйелі болған. Осы арулардан әйгілі хан «сабы бір, қабы бөлек» 30 ұл, 40 қыз көрген. Бұл мәліметті 1781 жылы Уәли сұлтанның ІІ Екатерина патшайымға жазған хатындағы «Абылай ханның артында 30 ұл қалдық" деген сөзі бекіте түседі. А. И. Левшиннің деректері бойынша «Кіші жүз ханы Нұралының 16–17 әйелі, оның сыртында 15 көңілдесі (кәнизагы) болған. Некелі, некесіз әйелдері оған 32 ұл, 33 әлде 34 қыз туып берген» екен (Левшин А. И. Описаниекиргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. — Алматы, «Санат», 1996. 334-б.).
Ақын Абайдың ата-бабалары да жеті атасынан бақ-дәулет үзілмей ел билеген әділетті, бақуатты болған жандар. Рухани тұрғыдан мықты, ата-тегі жағынан текті бесіктен Абай шыққан. Абайдың атасы Тобықты руының атақты биі Өскенбай Ырғызбайұлының бес әйелі болған екен. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Ал, өз әкесі, аға сұлтан Құнанбайдың Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным атты төрт әйелі болған. Ақын Абайдың өзінің де бірнеше әйелі болғаны белгілі. Бай, саудагер Қорамса ұлдарының ішіндегі Арқа ән өнерінің арғымағы, алаш баласы ардақ тұтқан, Ақан серінің бірінші әйелі Бәтима, аз ғана уақыт отасқан жары Ұрқия сұлу, ғашық болған арулары, Ақтоты мен Жамал есімдері исі қазаққа белгілі. Деректерге жүгінсек, Біржан Қожағұлұлы, т.б. сал-серілер хақында да осылай айтуға болады. Мысалдарды тәспідей тізе бергеннен мәселенің мәні өзгермейді және келтірілген тарихи деректерге қарсы шығу — тарихи шындыққа қанжар сұғумен бірдей. Полигамиялық некеде болғаны үшін жоғарыда есімдері аталған майталман ұлдарын қазақтың сөккен кезі бар ма?! Демек, ұлт ұтылмаған жердегі нәрсенің бәрі одан төмен тұрады.
Полигамия һәм моногамия: тәжірибе мен тағлым
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы көпәйелалушылықтың тағы бір сырын, нақ осы мәселені арнайы зерттеген Т.Қ.Бесбаев былай деп түсіндірсе: «…Әйел баласының, еркек кіндікті азаматқа қарағанда, биологиялық заңдылыққа сай өзінің жұбайлық міндетіне ерте салқындап, шау тартатындығын жасырмаған жөн. Сондықтан да ер азамат төсек жаңғыртуға мәжбүр болады. Таңдай қағып, тамсанатындай жаңалық емес, егде тартса да қауқарлы, жыныс жүйесі тегеурінді ер азаматтың кіндігінен „Алпысбай“, „Жетпісбай“, „Сексенбай“ есімді нәрестелер дүниеге келген», орыстың атақты, ақыны Николай Гумилев: «Мен білетін бір ғана шындық, ол: нағыз еркек — полигамды (көп әйелді), ал нағыз әйел — моногамды болуға тиіс» — деп жазған. Ал, батыстық ғалым Густав Ли Вонның: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі — заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін еуропалықтардан әлдеқайда артық" (Жолдыбайұлы Қ. Ислам діні көп әйел алуға неліктен рұқсат еткен? 11 қараша, 2011 ж. http://www.muftiyat.kz) деу себебіне-де көз жіберген дұрыс.
Алайда, ХХ ғасыр қазақ қоғамындағы отбасылық-некелік қатынастарға түбегейлі өзгерістер әкелді. Патша тақтан құлағаннан кейінгі кезеңде билікке ұмтылған саяси күштер аталған мәселеде әрқайсысы өзінше таңдау жасады. 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезде алаш арыстары әйелдерге қатысты «екі әйел алуға бірінші әйелдің келісімімен рұқсат етіледі» деген қаулы қабылдаса, 20-жж. Кеңес Үкіметінің қалыңмал алуды жою, көпәйел алушылыққа, әмеңгерлікке тыйым салу туралы Декреті шықты. Сөйтіп, дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық институттың негізгі тетіктерін жоюды «біртіндеп және абайлап» жүргізген кеңестік билік — отарлаудың ең төте жолын болашақ некелік қатынастарды бұзудан бастады. Бұл ретте кеңестік моногамиялық некенің шеңберіне сыймай бұлқынған «асау» таланттардың (М.Әуезов, Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы) отбасылық тағдырын еске түсірген жөн.
Жинақтап айтсақ, ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірімізге енген моногамиялық неке уақыт өте көпәйелалушылық туралы түсініктерді көмескілендірумен шектелмей, осы жылдар ішінде еркек — әйелдің ешкіммен бөлісе алмайтын «жеке меншігіне» айналып шыға келді. Сайып келгенде, шаңырақтағы басты тұлға ер-азаматтың беделі бірте-бірте шайқала бастады. Француз, ағартушысы Жан-Жак Руссо бұл жайтты былайша қорытқан: «Билікке ұмтылған әйел күйеуінің әміршісіне айналады, ал құлға айналған отағасынан асқан күлкілі-де мүсәпір ешкім жоқ». Отбасы билігінен айрылып қалған отағасының мүшкіл халін бірнеше әйелі мен солардан тараған ұрпағының тағдырын құдіретті уысынан шығармаған ата-бабалармен әсте салыстыруға келмейді және аталған моногамиялық неке екі-үш нәрестемен шектелетін қалалық отбасылық өмірде талай нарқасқа еркектің бағын байлағаны ешкімге жасырын емес. Кейбір сарапшылардың пікірінше, шариғатқа қайшы қағидалардың қоғамға енуі аса зор құрбандықтарға әкелуде. Бұған табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы нәтижесінде кәрі қыздар санының артып, қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай қалып жатқандығы, жезөкшеліктің қалыпты жағдайға айналуы, тастанды балалар санының толассыз өсуіне байланысты жетімдер үйінің көбеюі, қаракөздердің басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып, аралас некенің қоғамға сыналай енуі, ұлт өсімінің тежелуі, т.б. сияқты қазіргі қоғамда өткір тұрған мәселелерді жатқызуға болады.
Оқырман мына нәрсені дұрыс түсінгені жөн. Автор қазіргі заманда да дәл осылай болуы тиіс деген ойдан аулақ. Ұлы сөзіміздің негізгі өзегі ол емес. Біздің басты мақсат — дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан полигамиялық некелік қатынастардың көмескі жатқан тұстарына сәуле жүгіртіп, ата дәстүріне ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, бабалар тарихын асқақтату. Тарихшы К.Нұрпейісовше айтсақ, кез-келген құбылысты бірыңғай мақтау не даттау ғылыми еңбекке жатпайды, нақтыласақ, қай нәрседе-де медальдың күнгейі мен көлеңкесі болады. Кеңес дәуірінде қалың мал, көпәйелалушылық, әмеңгерлік институты біржақты түсіндіріліп, отарлаушылар ұлттық құндылықтардың жағымсыз жағын баса насихаттауға ерекше мән берген еді. Біздіңше, көтеретін жүгі өте ауыр әрі айқыш-ұйқыш пікір-таласын туғызатын, күн өткен сайын шендістіре саралауды қажетсініп келе жатқан күрделі мәселенің екі жағын таразыға тең тартқанда басып тұратын жағы салмақтырақ. Бірақ, қашып құтылуы қиын тарихи шындық сол — қазақ тарихына есімдері алтын әріптермен қашалған алаштың небір айбоз ұлдары мен текті оғландары полигамиялық некенің жемісі. Бұл тұжырым әлдеқашан тарихи деректермен дәлелденген шындық. Бір ғажабы, әуелден қазақтың қанында, ділінде бар ескі салт қазіргі қоғамда оқтын-оқтын көтеріліп, су асты, ағыстарындай білінбей, ақырын жылжуда. Олай дейтініміз бүгінгі таңда саяси, бизнес, шығармашылық элитаның халыққа белгілі һәм беделді өкілдерінің арасында қанда бар көне дәстүр қайта жаңғыруда және қазірде күйеуге екінші не үшінші әйел боп тигендерді өз еркінен тыс барды дегенге сену қиын.
5.Ұлттың тектік қоры қалай әлсіреді?
Қазақ хандығын басқарудың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жүйесінде бұрыннан келе жатқан ру-тайпалық тәртіп берік сақталынды. Бүгінгі күн биігінен қарасақ, жеті сатыдан қаланған Қазақ хандығы құрылымының әр буынының тізгінін ұстаған билікшілердің тектілігі мен мемлекетшілдігі таңқаларлық құбылыс және ел билігін тектілеріне сеніп тапсырған бабалардың даналығы тәнті боларлық. Тектілері мен асылдарын тез және әділ анықтайтын, соған сәйкес лайықты тұлғалар билік баспалдақтарына тез көтерілетін хандық билік құрылымының шын мәнінде көшпенділер өркениетінің құдіреті екеніне шек келтіру қиын.
Оның бер жағындағы бодау заманның өзінде патшаға қасқайып қарсы шыққан Қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістердің көсемдері Сырым, Кенесары, Қаратай, Арынғазы, Исатай, Махамбет, Есет, Қайыпхан, Жанқожа, т.б. елді соңынан ерткен дарабоздардың шыққан тегі жеті атасынан құт үзілмеген хан-сұлтан, би, батырлар әулетінен болып келуі ойланарлық нәрсе. Басқаша айтқанда, мемлекетшіл тұлғалардың қай кезде-де текті әулеттен шығатынын және тектіліктің елдік, мемлекеттік, ұлттық мүдделермен ұштасып, қабысып жататынын байқамау мүмкін емес. Олар тек қарақан басының қамын күйттесе қорасындағы малы да, қолындағы билігі-де бір өздеріне жетіп артыла-тұғын. Демек, қай кезде-де тектілік пен билік бірін-бірі толықтырып тұратын ерекше мәнге ие.
Күні бүгін жатжұртқа «қашып» жатқан ел ұстарларының қылығын көргенде кісілікті, ірілікті, елдікті бәрінен биік қойған кешегі игі-жақсылардың ұрпақтары неге ұсақталып кетті? Қазіргі ел тізгінін ұстаған ірілі-ұсақты шенеуніктер осы биіктен неге көрінбейді, биліктегі, ақжағалы ұлықтарымыздың бойындағы тектілік қасиеттер қаншалықты? Неліктен бұрынғы текті билердің орнын қазір жемқор, есер шенеуніктер басты? Белгілі журналист-публицист Н.Жүсіпше айтсақ, оның сырын мынадан іздеген жөн: «Құлдан құл туады. Тектілер кетіп, кектілер қалған заман. Кім көрінгеннің әкім бола беретіні содан» (Жүсіп Н. Біз кімнен кембіз?.(публицистикалық пайым). Алматы: Шартарап, 2001. 135-б.).
Ақиқатын айтсақ, отаршылдық дәуір қазақ халқының генетикалық қорына орасан зор нұқсан келтірген еді. Бұл ойды белгілі тарихшы, академик М.Қозыбаевтың пікірі орнықтыра түседі: «Қазақ қауымы ғасырлар бойы езілген-жаншылған халық. Оның ең асылдары үзбей қырылып келді. Халықтың тұқымдық қоры әлсіреді. Асылдары кетіп, жасылдары (жасықтары — Ж.Ж.) қалып келді» (Қозыбаев М. Көрсетілген еңбек. 190-б.). Сөйтіп, текті болмысты терең тарихы бар халқымыздың ұлттық иммунитеті қатты әлсіреді. Соған қарамастан, қанда бар ұлы қасиет түбегейлі жойылып кетпей, қазақ халқының тағдыры сынға түскен сәтте Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, т.б. тегі асыл тектілерді фәни дүниеге әкелді. ХХ ғасырдың табалдырығын қазақ — аталған алыптар шоғырын алға салып аттаған еді.
Өкініштісі, патша тақтан құлағаннан кейін, отаршылдықтың тізгінін алмастырған Қазақ жеріндегі Кеңес өкіметінің алғашқы қимылдары — ғасырлар сынынан сүрінбей өткен киелі салт-дәстүрімізді одан әрі құртуға бағытталып, текті сақтаудағы тегеурінді тетіктердің тас-талқанын шығарды. Тектіліктің діңгегі рулық тәртіпте жатқанын түсінген отаршыл империя алдымен осы құрылымға соққы беруге асықты. Коммунистік биліктің тектілікті тұқыртып, жермен-жексен еткені сондай бүр жарған бозбала өзінің туған әкесі мен атасынан сырт айналып, ру сұрау мен тектінің тұяғы екенін айтуды ұятқа санады. Отаршыл жүйе өзінің ұлттық құндылықтарын жатсынатын, тіпті оған жиіркене қарайтын тексіз ұрпақ тәрбиелеп шығарды. Пролетариат диктатурасын ту еткен, «бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандап, жарлы-жақыбайды дәріптеген міскін қоғамда тектілік хақында қандай әңгіме болуы мүмкін?!
Азаттықты, аңсаған алаштың талай айқасқа ұлдары тәуелсіздік үшін күресте оққа байланып, қылышқа туралса, нәубет жылдары талай әулеттер түп-тұяғымен жоғалып кетті. Ашаршылық жылдары туған топырақтан үдере көтеріліп, бейтаныс, бөтен елге босқан қалың қазақтың көшін негізінен текті атаның үмбеттері бастаған-тұғын. «37-нің зұлматы» қазақ оқығандарының ішіндегі ең жүйріктерінің жұлынын үзді. Сөйтіп санмен бірге сапа да кетті. «Бір қолына нан, бір қолына қан» ұстаған Кремль текті ұлттың тамырын түбірімен құрту саясатын жымын білдірмей жүргізіп, қазақ баласының қанын бұзу мен ұрпағын аздыруды алдына мақсат етіп, оны кезең-кезеңімен жалғастыра берді. Мәселен, орыстан әйел алған қазақ жігіттеріне жылы шырай көрсету арқылы аралас некеге саяси мән беріп, оларды нағыз интернационалистер деп дәріптеу үйреншікті дағдыға айналды. А.Сейдімбековтің дерегінше, КСРО кеңістігіндегі ең үлкен алапат һәм ХХ ғасырдың ең үлкен қылмысы — тоталитарлық өктемдікпен екі жүзден астам ұлттың мидай араластырылып жіберілуі еді (Тарақты А. Ауызша тарихнама. // Қазақ. А., 1994. 36-б.). Қарастырылып отырған кезеңде ата-дәстүр әдірәм қалып, тектілік жайына қалып, арақпен уланған ұрпақ өсім берді және бұған Қазақ жерінің атом полигондарының қоқысына айналғанын, тың және тыңайған жерлерді игеру деген сылтаумен жерімізге келімсектердің қаптағанын, т.б. қосыңыз.
Тобықтай түйін. Біздің бұл шағын мақаламыз дәстүрлі қазақ қоғамындағы тамырын тереңнен алатын тектілік феноменін тәптіштеп һәм тарқатып жазуды көтермейді. Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектерден ата-бабаларымыздың өз ұрпағының текті-де мықты болуын, аңсағандығын ұға түскендейміз. Шынында да ұлан-ғайыр даланы ұстап қалатын кейінгі толқын осал болмауға тиісті.
Қай кезде-де тектілік қазақ үшін аяулы, қастерлі ұғым және осы бір ұлы қасиеттің табиғатын терең танып-білу тынымсыз, ұзақ ізденістерді қажет етеді. Дәстүрлі ұлттық мәдениетті және оның дүниетанымдық әмбебаптығын зерттеуде, қазақ халқының дүниеге көзқарасын айшықтауда — тектілік феноменіне терең зерттеу жүргізу үлкен маңызға ие. Тектілік туралы толғаныс терең парасатпен, кемел байыптылықпен ортаға салатын мәселе. Тектілік тағылымын терең зерттеп, терең меңгеруіміз қажет. Түйіп айтсақ, жеті ата, құда түсу, қалың мал, әмеңгерлік, полигамия институтының астарында тектілік феномені жатыр. Тектілік ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибенің сұрыпталған тұжырымы мен негізгі нәрі.
Қорыта айтқанда, тектілік феномені — қазақтың теңдесі жоқ даналық мектебі. Тектілік қасиет — қазақтың қасиеті. Тектінің тұяғы — қазақтың тұяғы. Тектілік тарихы — қазақтың тарихы. Ақын Сабыр Адайды сәл өзгертіп айтылған «Әр қазақ — менің асылым» деген ұлағатты сөз, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған ұлтымыздың ұстанымы мен ұранына айналып, тектілік феномені тәуелсіздік тұсында кекілі мен тұлымшағы желбіреген жас өскіннің жаңа ұлттық тарихи санасын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік-деңгейде үздіксіз насихатталуы керек.

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты,
Орал қаласы