Сәкеннің тар жол, тайғақ кешуі
14.10.2016 4317
Бүгін белгілі қазақ жазушысы, ақыны және көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинің дүниеге келгеніне 122 жыл толды

Сәкен Сейфуллин 1894 жылдың 15 қазан күні Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Оның шын есімі — Сәдуақас. Алайда оны барлығы Сәкен деп атап кеткен. Ол тұрмысы төмен отбасында туған. Сәкен әкесінің домбырашы болғанын, аңшылықты жақсы көргенін, ал анасы Жамал ауыз әдебиетін жақсы білетін шебер әңгімеші болғанын еске алатын. Сәкен ауыл молдасынан хат таныған. 11 жасында Нілдідегі мектепте орысша сауат аша бастады. 

1908 -1913 жылдары Сәкен Ақмоладағы приход мектебінде, содан кейін екі сыныптық училищеде білім алды. 1913-1916 жж. Сәкен Сейфуллин Сібір университеті деп жиі аталатын Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Омбы мұғалімдер семинариясы саяси оқиғалардың қайнаған ортасы еді. Бұл болашақ ақынға қатты әсер етті және ол қазақ жастары ұйымдастырған "Бірлік" студенттік қауымы басшыларының біріне айналды. "Өткен күндер" атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған, бұл өлеңдерінде ол қазақ халқының тағдырына, кедейлердің ауыр тұрмысына және ескі әдет-ғұрыптың құрбандарына арналған жүрек толғанысын сипаттайды. 1916 жылы Сәкен Омбыдағы мұғалімдер семинариясын аяқтап, Жіңішке ауылында мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді. 1917 жылдың наурыз айында революциялық ойларға қанаттанған жас ақын Ақмола қаласына ауысып, "Жас қазақ" жастар ұйымын құрады, "Тіршілік" революциялық-демократиялық газетін шығаруға ат салысады, Ақмола Совдепінің президиум мүшелігіне және ағарту комиссары болып сайланады. 1918 жылдың мамырында Ақмолада кеңес билігі құлап, оның басшылары тұтқындалады. Олардың арасында С. Сейфуллин де бар еді. 1918 жылдың қоңыр күзінде оларды Петропавл қаласына айдап, сол жерден «өлім вагонымен» 47 тәулік бойы Омбыдағы концентрациялық лагеріне жеткізеді. Өзінің тұтқындалуын, Ақмола мен Петропавл қамауындағы азапты күндерін, ақ әскерлердің көрсеткен жәбірін жазушы өзінің «Тар жол, тайғақ кешуінде» жазады. 

«…Біздің поезд сартылдап шығысқа қарай, Сібірдің түкпіріне қарай жүйіткіп бара жатыр. Айналаны қалың қар басқан. Боран басылар емес. Жартылай қарға көмкерілген қайындар өлімге қарсы келе жатқандарға «қош бол» айтқандай иіліп тұр. Вагонның есігі енді әрдайым берік жабылып тұратын болды. Нанды ек-үш күнде бір рет, адам басына тәулігіне ширек қадақтан беріп тұрды. Тіпті суды да аз беретін. Ағашты немесе тас көмірді жолда тоқтап тұрған паровоздардан алуға тура келетін. Машинистер, бақытымызға орай, отынды аямайтын. Біз оларды көптеп жинап қойып, ыстық пештің қасында отыратын едік. Күлді еденге шашып қоятынбыз. Әбден ашыққан біздер пешке қарай жабысып, оның ыстығынан қуат алатындай едік. Ыстықтан тамағымыз кеуіп, қатты шөлдейтінбіз. Поезд тоқтаған сайын, есікті ұрып, су сұрайтынбыз, бірақ қарауылшылар біздің өтінішімізге құлақ аспайтын еді. Көзіміз шүңірейіп, теріміз сүйегімізге жабысты. Бетіміз бен қолымыз суды әлдақашан ұмытқан. Таңертең бізді далаға шығарған кезде, біз суық қармен бетіміз бен қолымызды асығыс ысқылайтынбыз. Тас көмірден қарайып кеткен бетіміз шұбарланып кететін. Еденде, пештің қасында ұйықтайтынбыз, бүкіл ағаштар әлдеқашан пешке жағылып кеткен, ауру адамдар жатқан ағаштар ғана қалған. Екі вагонда да аурулар саны көбейді», — деп жазады кейін Сейфуллин. Сәкен Сейфуллин 1999 жылдың наурыз айында бұл азаптан қашып, өлімнен аман қалады. 1920 жылы Қазақ Автономиялық Республикасы құрылды, Сейфуллин Қазақстанның ОАК Президиумына мүше болып сайланады. 1922 жылы Республиканың Халық ағарту комиссарының орынбасары болып тағайындалады, ал Кеңестің ІІІ съезінде – Қазақстанның Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Сәкен қазақ тілі мемлекеттік мекемелерге енгізілмей Қазақстан өркендемейді дейтін. Бірақ тілдің мәртебесін көтеріп, халықтың мәртебесін көтеру мүмкін емес. 1923 жылдың 9 маусым күні «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялайды. Өзінің мақалаларында ол тілдің мүдделерін қорғайтын. Бұл үшін ол өзі басқаратын «Еңбекші қазақ» газетін пайдаланатын. 1923 жылдың 22 қараша күні ОАК декрет қабылдады, оған сәйкес 1924 жылдан бастап кеңсе істері қазақ тілінде жүргізілуі тиіс болатын. Бұл жерде Сәкеннің сіңірген еңбегі айқын көрінеді. 1926 жылдың желтоқсанында Сәкен Гүлбахрам Батырбековаға үйленеді. Тойларын Қызылордада өткізеді. Сол күннен бастап Гүлбахрам Сәкеннің сүйікті жары ғана емес, сенімді көмекшісіне айналады. Олардың екі балалары Лаура есімді қызы және Аян есімді ұлдары болды. Өкінішке орай, екеуі де жас кезінде қайтыс болды. 

 1927-1937 жж. Сейфуллин бірнеше университеттердің ректоры болды, «Еңбекші қазақ» газетінің және «Әдебиет майданы» журналының бас редакторы қызметін атқарды, Қазақстанның Жазушылар одағын құрды, ғылыми және аударма жұмыстарымен айналысты. Және, ең бастысы, бұл жылдары ол жазуын тоқтатпады. Ол «Өмір толқынында» (1928), «Көкшетау» (1929) өлеңдер жинағын жазды, «Альбатрос» (1933), «Қызыл ат» (1934) секілді бірқатар поэмаларды басып шығарды, көптеген әңгімелер жазды. 1931 жылдың наурызында жазушы қазақ ауыз әдебиетінің тарихы жөніндегі алғашқы кітабын жазып бітірді. Және ол әлі де қалам тербеп көрмеген жанрларға көңіл аудара бастады. «Біздің тұрмыс» атты сатиралық романын жазуға кірісті, бір мезгілде «Қызыл ат» және «Альботрос» поэмаларын жазды. 1936 жылдың 12 маусым — жазушы өмірбаянындағы айтулы күн. Қазақстан халық жазушысы Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттік қызметінің 20-жылдығын тойлады. Той иесі құттықтау телеграммаларын әзер оқып үлгіріп отырды. 

ҚазОАК-нің қаулысы жазушыны таң қалдырды: «Сәкен Сейфуллиннің әдебиет майданындағы шығармашылық қызметіне 20 жыл толуына байланысты Қазақстанның Орталық Атқару Комитетінің қаулысы: 1. Сәкен Сейфуллиннің есімі Семей оқытушылар институтына, қазақ орта мектебіне, Алматыдағы станцияға, Ақмоладағы Училищная көшесіне, Көкшетаудағы Набережная көшесіне берілсін; 2. Сәкен Сейфуллин есімі Қарағанды-Балқаш темір жолының Жезқазғандық тармағы басталатын № 11 разъезге берілсін; 3. Сейфуллиннің жеке пайдалануы үшін жеңіл автомобиль бірелсін». 1936 жылы оны көрнекті қоғамдық қайраткер ретінде Мәскеуге А.С. Пушкиннің 100-жылдығын тойлауға шақырды. Осы жылы ол қазақ жазушыларының алғашқысы болып Еңбек Қызыл Ту Орденімен марапатталды. 

1937 жыл келді. Сәкен Сейфуллин Алматыда тұтқындалады, жары Гүлбахрам ұлы Аянмен бірге қарауылшылар бақылауында Ақмолаға қайтып орулаға мәжбүр болады. Баласы бұл жолды көтере алмады. Сәкен Сейфуллин «халық жауы» ретінде 1938 жылдың 25 сәуір күні Алматының НКВД абақтыларының бірінде сағат 16.40-та атылды. Осылайша, бір сәтте, қазақтың жаңашыл жазушысы мен ақыны, ағартушысы, қоғам қайраткері ажал құшты. Өзі құрған совет үкіметі Сейфуллиннің өзін де аямады.

Сәкен Сейфуллиннің есімі Ақмоламен тығыз байланысты, ол осы жерде білім алды, белсенді қоғамдық-саяси өмірге қатысты, тұтқындалды, кеңес үкіметін құруға қатысты, отбасын құрды. Сондықтан Астанада С. Сейфуллин музейі жұмыс жасайды, қаланың орталық көшелерінің біріне оның есімі берілген, сол көшеде Сәкен Сейфуллинге арнап ескерткіш қойылған.

Арман Сүлейменов