Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбек үлгісін көрсеткен ақтөбелік әйелдер туралы
10.04.2015 2498
Ақтөбелік тыл ардагерлерінің естеліктерінен жастық шағын еңбекке арнап, олардың ерте есейгендігі жөнінде жарық көріп жатқан газет мақалаларына да оқып, біліп жатырмыз.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Кеңес Одағындағы барша еңбекшілер сияқты ақтөбеліктер де еліміздің әскери және өндірістік қуатын молайту мен билеуші партия талаптарын орындауға жұмыла кіресе бастады. Қалалар, кішігірім елді мекендер мен кәсіпорындарда халықтық митингілер өткізіліп, көп ұзамай шаруашылықтағы маңызды нысандардың жұмысын соғыстық экономикаға бейімдеу жұмыстары қолға алынды. Неміс басқыншыларының батыстағы жойқын шабуылдарынан кейін Кеңес билігі өз үндеулерінде барлық тұрғындар үшін алдағы ауыр кезеңдердің тұрғандығын және оны жеңіп шығуда көпұлтты халықтың жұмылуы керектігін жеткізді. Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыра қайта құру ісі Кеңес Одағының батыс өңірінен көшіріліп әкелінген кәсіпорындарды орналастыру жұмыстарымен қатар жүрді. Қысқа уақыт ішінде Қазақстан экономикалық жағынан маңызды әрі қуатты аудандардың қатарына жатқызылды. Соғыстың жаңғырығы алыстаған сайын сол жылдардағы өнегелі істер туралы көпшілігіміз арамызда жүрген қарияларымыздан білудеміз. Ақтөбелік тыл ардагерлерінің естеліктерінен жастық шағын еңбекке арнап, олардың ерте есейгендігі жөнінде жарық көріп жатқан газет мақалаларына да оқып, біліп жатырмыз. Сын сағатында қорқыныш пен үрейді жеңе отырып, қайсарлық пен төзімділікті бойына жинаған, білекті сыбанған аға буын өкілдерінің қазіргі ұрпаққа айтары мол. Таңның атысынан қара кешке дейін еңбек еткен тыл ардагерлеріне бүгінгі ұрпақ шексіз риза.

Майдан даласындағы әскери құрамаларға демеу болған күш -тылдағы ерен еңбек үлгісін көрсеткен жандар болып табылады. Сол жылдары барлық қазақстандықтарға -кәріге де, жасқа да, еркек болсын, әйел болсын, барлығына қажырлы еңбек ете отырып, ұйымшылдық, тәртіптілік пен қырағы болу талаптары қойылды.

Соғыстың басталуымен батыстағы өнеркәсіп ошақтары көшіріліп, майдан даласына жақын жерге орналасқан мүліктер мен тұрғындар Қазақстанға әкеліне бастады. Бүгінде мұражайдың қорында сұрапыл соғыс жылдарында Ақтөбе жеріне кәсіпорындарды орналастыру мен эвакуацияланған тұрғындарды қоныстандыру жұмыстарының жүргізілгендігі жөнінде деректер сақтаулы. Онда атқарылып жатқан жұмыстар Ақтөбе облыстық партия комитеті мен жергілікті атқару билігінің тікелей назарында болып, шұғыл шешімдері шығып жатқан жұмыстардың орындалу барысымен оқып танысуға болады.

Сарғайған құжаттарда сұрапыл соғыс жылдары ерлердің орындарын басқан ақтөбелік әйелдер туралы қызықты мәліметтер кездеседі. Қиыншылықтарға қарамай ерлердің орнын басқан әйелдер түрлі мамандықтарды меңгеріп шықты. Мысалға, қолда бар деректерге сүйенсек 1943 жылға қарай облыс бойынша екі мыңға жуық қыз-келіншектер мамандану курстарынан өтіп, тылдағы қызу еңбекке араласқан. Қаһарлы соғыс жылдарында өнеркәсіп орындары, мекемелер, колхоздар, МТС мен ұйымдарға әйелдер қызметке көптеп тартыла бастады. Жетіспей жатқан басқарудағы кадр мәселесін шешуде Қазақстан Ком. партиясы Орталық комитетінің жанынан құрылған әйелдер жұмыстары жөніндегі бөлім ерекше қолдау көрсете білген. Әр жылдары облыстағы іргелі кәсіпорындар мен шаруашылықтарда қызмет еткен Т. Мұхаметдинова, Ч. Кудлинская, С. Бижанова, В. Дурова, З. Сейтқұлова, К. Ирманова, Е. Смелик, Низимбетова, Сулейменова, Ишмухамедова және басқалары білікті басқарушылар есебінде танылды.

1943 жылғы дерек бойынша облыста 297 әйел мал фермаларының меңгерушілері, 280 әйел басқарма басшылары, 201 әйел звено басшылары, 63 әйел дала бригадаларының бригадирлері, 77 әйел шаруашылық бойынша колхоз төрағаларының орынбасарлары болып жұмыс жасаған.

Аудандарда басшылықтағы әйелдердің қатарында Ключевой ауданынан Мұхамбетова, Новоресей ауданынан Сүлейменова, Темір ауданынан Армағанбетова сынды ауылдық кеңестік басшылары үлкен ұжымның жұмыстарын дұрыс жолға қоя білді. Қарабұтақ ауданына қарасты «Қияқты» шаруашылық артеліндегі Қырмызы Пірімбетова жылдар бойы тауарлы-сүт фермасының жағдайын жақсы білуімен табысты көрсеткіштерді қамтамасыз етіп келген.

1941 жылдың аяқталуына байланысты өткізілген еңбек екпінділері -стахановшылардың Ақтөбе облыстық жиылысында облыс пен қала бойынша «Казпух», «Образец», «Красный минерал», Жамбыл атындағы артель ұжымы жоспардан тыс 358 мың сомның өнімін дайындады. Осы ұжымдардан қалыспай «Новый труд», «Промышленник», «Красный восток», Микоян атындағы артельдер жылдық жоспарларын толық орындап шықты. Облыс және қаладағы үй шаруасындағы әйелдер артельдердің қызметіне тартылып, жаңа кәсіп түрлерін меңгеріп алды. Жалпы алғанда, артель жұмысшыларының қатарындағы екіжүздіктердің саны 300 адамға дейін жетті. Мысалға, «Образец» өндірістік артелі 1943 жылдың жылдық жоспарын қараша айының басында толық орындап бітірген. Артельде 138 әйел қызмет етсе, соның 105 стахановшылардың қатарына енді. Тағы да бір мысал, осы ұжымда еңбек етіп жатқан Борисова өндірістік жоспарды 240 пайызға орындаса, ұжым мүшесі Петрович 335 пайызға дейін жеткізеді. 1942 жылғы дерек бойынша облыс бойынша соғыстың алғашқы күнінен бастап 347 әйел жаңа мамандықтарды меңгеріп шыққан. Бұнымен қоса 420 әйел слесарь, токарь, машинистердің көмекшісі, турбиналық машина шеберлері, балқытушылар, пеш жағушылар, телефонисткалар, электромонтерлар, ұсталар, дәнекерлеушілер, теміржолдағы бағыттаушылар, экспедиторлар, өрт сөндірушілер және басқа да ер азаматтардың мамандықтарын игере бастады.

Соғыс жылдарында мемлекет үшін маңызды өндіріс ошақтарында да әйелдер абыройлы еңбек етіп, майдандағы армияны үздіксіз қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп келді. Тылдағы кәсіпорындардың майдан үшін толассыз қызмет көрсетуі маман кадрларды дайындау жұмыстарына тікелей байланысты болатын. Ақтөбелік әйелдер де мамандықтарын жетілдіре, үйрене жүріп, цехтардағы станоктарда, лабогрейкаларда, домна пештерінің бойында жүріп, тәжірибе жинақтай бастады. Мысалы, С. М. Киров атындағы Ақтөбе химия комбинатында ерлерден кем түспеген 22 әйел өндірістік үрдістерге тікелей араласып, негізгі өндірістік цехтардағы Вера Лысенко, Клавдия Жирякова, Рубцова, Сташинина сияқты комсомол жастар комбинат мақтанышына айналады. Ал Ақтөбе қаласына қарасты темір жол торабы бойынша 80 үй шаруасындағы әйелдер жол бойындағы қызметтерге тартылды. Аруларға қатысты бұндай деректер жетерлік. Осындай табысты еңбек еткен жандардың қатарында Т.Қарасаева, Қ. Жаулешова, Т. Волкова, М. Лопатина, А. Кравченко, К. Дорофеева, Н. Коваленко, Р. Исмагилова, Р. Близнюк және басқалары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.

Еліміздің қорғаныс қуатын күшейту өздерінің басты борышы деп түсінген қыз-келіншектер халық шаруашылығының қай саласында болмасын еңбек өнімділігін арттыра берді. Шаруашылықтың барлық түрлерінде жеткілікті түрде маман кадрлар дайындалып шығарылды. Маманданған жұмысшылар мен колхозшылар арасында олармен шәкірттері де қатарласып, жаңа күш жаңа талаптарды орындауға бағытталды.

Соғыс ауыл шаруашылығы үшін де үлкен сын болды. Соғыс жылдарында Қазақстанның ауыл шаруашлығында еңбек етіп жатқан еңбекшілері майданды қажетті өнімдерімен қамтамасыз ету жұмыстарын түрлі ауыртпалықтарға қарамастан абыройлы орындап шықты. Ауылдағы іскер азаматтар майданға аттанғаннан кейін барлық ауыртпалық әйелдер, балалар мен жасы келген қарттарға түсткендігі белгілі. Шаруашылық ұжымдарындағы мамандардың орнын басқан әйелдер жер жыртуды, тұқым себуді, техника жөндеуді, малды бағып-қағуды үйрене жүріп, шаңырағының отын өшірмей, түтінін түтете берді.

Ключевой ауданы «Қарағаш» колхозының сауыншысы Науат Бошанова 11 айдың ішінде жылдық норманы орындап, өзіне бекітілген 12 сауын сиыр төлдерінің күтіміне ерекше қарады. Қысқы жем-шөп дайындау бойынша ұжымға көмек беріп, дайындық жұмыстарының ерте бітуіне жағдай жасады. Қорадағы сиырлардың шығынсыз төлдеуін қадағалады. Сауыншының мал фермасындағы тазалығы пен ұқыптылығына байланысты Ключевой аудандық тексеру комиссиясы алғыс жариялаған еді.

Мартук ауданының «Свет» колхозындағы ферма меңгерушісі Дарья Марченко шаруашылықтағы мал басының артуына жағдай жасаған жандардың бірі. Ол 22 аналық шошқадан 274 төл алды. Ферма меңгерушісін 1940 жылы табысты еңбегі үшін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің комитеті үлкен күміс медальмен марапаттаған. Осы колхозда жұмыс жасаған Бекеш Ныспаев майданға аттанғаннан кейін трактор бригадасының бригадирі Петр Проценко колхоз мүлігін-тракторды кімге тапсырарын білмеді. Облыс бойынша еңбек ұжымдарына тартылып жатқан жандардың қатарында қабілетті Рая Кулешова ауыр тракторды жатсынбады. Көп ұзамай техника қыр-сырын жақсы меңгеріп алған Рая өзінің «СТЗ» маркалы тракторымен күндік нормасын асыра орындай бастады.

Тракторшы қыздардың ішінде бір кәсіпті ғана емес бірнеше кәсіпті меңгерген жандар да болды. Егін шабу науқандары тоқтағаннан кейін олар қосалқы тіркемелер мен қайратты тракторлардың моторларын жөндеу жұмыстарын қатар қолға алды. Олар МТС, колхоздар мен артельдерде комбайншылар, дизелистер, темір жонушылар, дәнекерлеушілер, мотористер есебінде жұмыс жасап, тамаша еңбек үлгілерін көрсете білді.

Аудандағы «Қазақстанға 14 жыл» колхозының жас тракторшы қыздары Сәлім Бажанова мен Қанзия Ақаева маусымдық егістік алқаптарындағы жұмыстары кезінде өздеріне жүктелген күндік 13 гектар норманың орнына 19-20 гектар көрсеткішке дейін орындаған. Қос арудың тракторларында жарыстың өтпелі қызыл жалаушалары желбіреді. Дәл осындай көрсеткішке Қобда ауданындағы Бегалы МТС-нің жас тракторшысы Анна Кучмеева да көрсете білді. Ауыр «СТЗ» тракторын бағындырған Аннаның іскерлігіне тәжірибелі тракторшылар таңданды. Күндік нормаларын асыра орындай білген арудың тракторында қызыл жалауша мен мұндалап тұрды. Билеуші партия мен үкімет үндеулерінен кейін ауыл шаруашылығында табысты еңбек етіп жатқан әйелдердің қатары жаңа есімдерімен толыға берді. Аудандағы Буденный атындағы колхоз сауыншысы Нюра Чумакова, «Украинец» колхозының сауыншысы Мария Заможняя, «Степной пахарь» колхозында еңбек еткен Александра Усенко, «Ударник» колхозшысы Дарья Колькутина үлкен ұжымдардың үлгілі еңбекшілері ғана емес, білікті маман және басқарушылар есебінде танылды. Жалпы алғанда, 1942 жылдың басында Мәртөк ауданы бойынша әйелдер басқарған 33 еңбек звенолары жұмыс жасап жатты. Қобда ауданы «Қызыл әскер» колхозында 1938 жылы бар болғаны 34 жылқы, 17 сиыр мен 350 қой болса, еңбек ұжымының ұмтылысы арқасында 1942 жылы 245 сиыр, 83 жылқы, 1100 қой мен 120 шошқа бағылған. Облыс бойынша шаруашылықта жемісті еңбек еткен жандардың қатарында Нина Ткаченко, Екатерина Бондаренко және Анна Веденко есімдері кеңінен мәлім болды. Ауданға қарасты Ленин атындағы колхоздың озат сауыншысы А. Бондаренко жылдан -жылға сүт сауу нормаларын асыра орындады. Мысалға, 1943 жылы өзіне бекітілген сауын сиырларынан жоспар бойынша 12 260 литрдің орнына 15 518 литр сүт сауған. Сол сияқты Ырғыз ауданы «Октябрь» артелінің сауыншысы Төлегенова өзіне бекітілген 13 сиырдан сүт дайындау бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Осындай жандардың бірі «Жаңа Елек» колхозының тракторшысы, стахановшы А. Мусина 1941 жылы «У-2» тракторымен жүктелген 141 гектардың орнына 408 гектар жер жыртқан. Оның бұндай табысқа жету құпиясы қолданыстағы техниканың қыр-сырын жақсы ұғынуы мен маусымдық жұмыстарға алдын-ала дайын болуында. Жұрын ауданы «Ащықұдық» артеліне қарасты Есенованың құрған бригадасы Одақ көлеміндегі жас тракторшы қыздардың бастамаларын қабылдап, өзіне қарасты бригадамен бүкілодақтық социалистік жарысқа қатысатындығын мәлімдеді.

Темір ауданында «Алға» колхозының еңбекшілері қатарынан сауыншы Қалиева, Молотов атындғы колхоз сауыншысы Бурабекова сүт дайындау жағынан жылдық нормаларын орындап шықты. Колхоздағы ерлердің орнын басқан әйелдер бір емес бірнеше жұмыстарды атқаруға мәжбүр болды. Мысалға, Ерін майданға шығарып салған Құрманова жылқы бағумен қатар, шаруашылыққа тиесілі түйелерді күтімге алды. Колхозшы Бурабекова өззіне қарасты сиырларды қараумен бірге, бұзаулардың өсіп-жетілуіне жауап берген.

«Красный пахарь» колхозында өңделуі керек қой жүні тұралап қалмас үшін МТС жұмысшыларының әйелдері мен колхозшылар бірлесе отырып, майданға қажетті жылы қолғаптар мен шұлықтарды тоқуды өз еріктерімен жұмыла атқарып шықты. Оның үстіне ұжымдағы әйелдермен майдан даласындағы жауынгерлерге деп сары май, шұжық, кепкен нан, кисет, тіс щеткалары мен басқа да жауынгердің күнделікті қажетіне жарайтын заттарын сәлемдеме есебінде салып жіберген.

Қарапайым әйелдің өзі ісіне беріктігі мен қолына тапсырылған мүлікті сақтаудағы мына ерлігі көпке үлгі боларлық. Қобда ауданы «Молодой колос» колхозындағы шошқа бағушы Прасковья Курганованың алдынан шаруашылық ауласында арсалаңдаған аш қасқыр тап келгенде, еш қорықпады. Көмекке адам шақырайын десе, ферма ауласында ешкімнің жоқ екендігін білгеннен кейін қолына сүйеулі темір айырды алып, ол да тап берді. Ақырында ана мен қасқыр арасындағы шайқас ананың жеңісімен аяқталған-ды.

Бұндай кішігірім ерліктерді сарғайған папкалардан жиі ұшыратуға болады. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші әрбір кішігірім жеңістер майдан даласындағы әскердің қуаттын арттырумен бірге Ұлы Жеңіске жетелей берді. Шаруашылықтағы кәсіп түрлерін тізгіндеген ақтөбелік арулар сол кезеңдердегі қиыншылықтарға қарамастан миллиондаған жауынгерлер үшін өз қамқорлықтарын аяған жоқ. Барлық кеңестік еңбекшілер сияқты ақтөбелік әйелдер тыл мен майданның бірлігін қамтамасыз етуге жағдай жасады. Олардың тылдағы өнегелі істері Ұлы Отан соғысының тарихында өзіндік орынға ие.

Ержанов Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, 

 Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары