ХХ ғғ. басында қазақ жастар ұйымдары мен басылымдар мәселесі
10.10.2013 3628
Қазақ баспасөзі –ұлтымыздың ұлы тұлғаларының арманы , өзге озған жұрттармен қазақ баласының терезесін теңестіруге ұмтылысы болатын.

Қазақ баспасөзі –ұлтымыздың ұлы тұлғаларының арманы , өзге озған жұрттармен қазақ баласының терезесін теңестіруге ұмтылысы болатын. Алаш ғұламалары халықтың рухани  бостандығын, сана сілкінісін баспасөз ғана оятатынына сенді.Сондықтан да кезінде М.Жұмабаев өзінің сана оятар рухани қазына жолына  жастарды:«Жастар! Алда жүрген, Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы -  зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» дейді де өзінің атақты «Жастарға!» деген өлеңін басқан. Бұл өлеңнің кейбір шумақтарын келтірейік:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!..

...Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда!

Мен жастарға сенемін!

Осы мақсатта жазылған М.Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай.

Зерттеуші Д. Қамзабекұлының көрсетуі бойынша «Жас азамат» газетін бастырушы -  «Алаш серіктестігі» деген қоғамдық ұйым, редакторы № 1 -  № 11  Қошмұхамед Кемеңгерұлы, № 12 -  № 16  Біләл Малдыбайұлы, № 17 - №22  Қошмұхамед Кемеңгерұлы болған .

«Жас азаматтың» осы санында Алаш партиясы атынан «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен ашық хат басылған. Қазақ халқының тұңғыш және бірден бір саяси ұйымының басшылары жастарға үндеу тастайды. «Алаш Орда тігілді, ақ ту көтерілді. Енді әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс» деген тарихи міндет алға тартылады. «Жастар! Атқа мін! Басқа жұрт көрсін!» деген ұранның құдіретті қуатын дәл қазір көзге елестетіп көрейікші. 

Осылай қазақ даласында жастар ұйымдары мен басылымдарын шығаруға ұмтылыс көбейді.  Көп кешікпей «Айқап», «Тіршілік», «Қазақ» сияқты  қазақ баспасөзінің қарлығаштары  дүниеге келді.

«Кедей сөзі»  -«Россияның Коммунист партиясының Омбы губревкомының қазақ газеті». Оның алғашқы саны Омбыда шығарылып, онда қазақ зиялыларының тобы  түйіскен. Газеттің 1920 жылғы желтоқсандағы санында  елдік мүддені алға тартып «Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді.Құл емес, ұл боламыз»-десе, М.Жұмабаев «Автономия кімдікі?» деген мақаласында: «Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар, кең,бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі... Аязды күні айналған, бұлтты күні  тоғанған, құрығын найзадай қадаған, қу толағай жастанған, ер қазақтың автономиясы бұл!»- деп бүкпесіз ой білдіреді.

Баспасөз –заман үні, өз дәуірінің айнасы ретінде сол басылымдардың қаншама  тарихы бар. Ұлттың ұлы  зиялы тұлғалары  мақалаларын, әңгіме – жырларын осы басылымдарда жариялады.

Партияның Х!!! съезі қабылдаған «Баспасөз туралы» қарарында балалар  басылымдарын шығару мен пионерлер әдебиетін жасау ісіне, комсомол, партия, кәсіптік және кеңес ұйымдарын тарту туралы айтылды.1924 жылдан бастап орталықтан «Пионер», «Вожатый» журналдары шыға бастады.Балалар мен жастар басылымдары жөніндегі ресми құжат –РЛКСМ ОК-нің 1925 жылғы 4 мамырдағы «Пионерлер газеті туралы» нұсқау хаты таратылады. Хатта балалар басылымдарын жас оқырмандарға идеологиялық және тәрбиелік ықпал етуге міндеттеді. Басылымдарда пионер қозғалысы, отбасы, кеңестік балалар әдебиетінің тууы мен қалыптасуы, бала тәрбиесі мәселесіне ерекше мән берілді. «Пионерская газета» 1925 жылғы 6 наурыздағы №1 санында: «Пионерлер газетінің алдына  партия мен комсомол төмендегі міндеттерді қойды: олар жұмысшылар мен шаруалардың балаларын жұмысшы табы күресінің мәнін ұғыну рухында тәрбиелеу, болашақ коммунистерді, кеңес мемлекетін құру жолындағы күрескерлер мен жұмысшылар даярлау, балаларды білім алуға және ол білімдерін еңбекшілер қажеттігіне жұмсауға даярлау, әрқашан балалардың бұқаралық органы болуға әзір тұру, олардың қажеттігін білу және олардың өмірін көрсету» - деп атап көрсетті.

«Қазақстан пионері»газетінде жауапты қызмет атқарған М.Мамажанов Қазақстандағы балалар басылымдары туралы: «Газет ұйымдастырған, газет насихаттаған жұмыстардың түрі көп еді. Әрине, бәрін айта беру қажет емес те шығар. Жас ұрпақтың бойындағы дүние танымды, Коммунистік партияның ісіне, коммунистік мұраттарға шексіз берілгендікті, социалистік Отанға сүйіспеншілікті қалыптастыру пионер газетінің өзегі, арқауы болып келеді және солай бола береді». Коммунистік партия өзінің ең жақын көмекшісі ретінде жастарға назар аударды. «Комсомол партияның  көмекшісі  және резерві, комсомол құрамы жағынан жұмысшы-шаруа, бағдарламасы мен мақстаы пролетарлық және коммунистік» деп белгіленді.

Е.Алдоңғаров «Лениншіл жас» журналының 1925 жылғы №5 санында: «Комсомол мен пионерлерге баспасөздің шөпті өсіретін күннің сәулесіндей қажет екендігін көрсеткен. 1921 жылы тұңғыш жалпы Қазақстан жастарының тобында Түркістан мен Қазақстан жастары бірігіп бір газет шығарсын деп қаулы қылғанбыз. Сол қаулы бойынша «Жас Алаш» газетінің басқы нөмірлерін бірге қосып шығарып жүрдік... Онымен де мардымды ештеңе шықпаған соң, жастарға партияның баспасөзі арқылы үгіт қылдық, түрлі өсиет айттық.

Жастарға арнаулы газет не журнал болмаған соң, ойдағыны түгел айтып бола ма. 22- жылы «Өртең» газетін шығаруға Қазақстан қол астынан ақша жинап берді. «Өртеңнің» ол уақыттағы мақсаты отаршылдықпен күресу, жастарды ұйымға баулу, Қазақстанда өрісі кеңіген бақталастықты жою еді. Осы мінезі үшін жоғарыдағыларға жақпай, алты нөмірден аса алмай сүрінді. 1922 жылдың аяғында «Өртең» жабылысымен –ақ, Түркістан республикасына барып жастардың газетін шығаратын болдық. Бұл «Жас Қайрат» газеті еді»- деп жазды жастар басылымдары тарихы туралы.

Қазақстанда жастардың басылымы үгіт –насихат органы ретінде «Жас Алаш»  газеті 1921 жылдың 22 наурызында Ташкент қаласынан шықты. Оның алғашқөы шығарушысы Ғ.Мұратбаев болатын. «Өртең» газеті жабылған соң, 1923 жылдың 1 қыркүйегінде Түркістанда қазақ жастарының баспасөз органы «Жас Қайрат» газеті, осы жылдың қазақ айынан Орынборда «Жас қазақ» журналы шықты. Алғашқы шығарушылары Е.Алдоңғаров, А.Оразбаева, А.Сегізбаев болатын. 1925 жылға дейін 13 саны шықты. 1925 жылғы Орта Азия республикаларын территориялық межелеуден кейін, Ташкентте шығып тұрған мерзімді басылымдар Қазақстанға көшіріліп, Түркістандағы «Жас Қайрат» пен Орынбордағы «Жас қазақ» журналдары біріктіріліп, «Лениншіл жас» деген атпен шыға бастады.

1924 жылдың 8 ақпанынан «Еңбекшіл қазақ» газетінің төртінші беті аптасына бір рет шығатын жастар бетіне айналдырылып, «Лениншіл жас» деп атала бастады.

Мерзімді басылымдардың барлығының ұстанған бағыты бірдей болған жоқ. 1918 жылы 20 шілдеде Қызылжар қаласынан шыққан қоғамдық-саяси және экономикалық газет «Жас азамат» және жастардың «Өртең» газетінде ұлттық теңдік пен еркіндік мәселесі көтерілді. «Жас Алаш», «Жас Қайрат», «Лениншіл жас» газеттерінде жастарды большевиктер партиясы төңірегіне топтастыру, оларды кеңестік патриотизм рухында тәрбиелеуге маңыз берілді.

1925 жылы қаңтарда Аймақтық Қазақстан пионерлерінің бюросы мен Халық Ағарту Комиссариатының тілі – «Пионер» журналы шықты. Редакторы Е.Алдоңғаров. 1930 жылғы 14 наурызда «Лениншіл жас» газетінің 5-6 беттерінде «Пионер» деген атпен қазақ балаларының газеті дүниеге келді. 1930 жылдың 5 қарашасынан «Пионер» өз алдына дербес басылым ретінде шығып, 1937 жылдың наурыз айынан «Октябрь балалары»деген атпен таралды.

Жастар басылымдары қызметі тарихын шартты түрде балалар мен жастар газетінің шыға бастауы 1918-1925 жылдар, басылымдардың қалыптасып дамуы-1925-1928 жылдар, 1928 жылдан коммунистік партияның жастарға саяси тәрбие беретін үгіт-насихат және ұйымдастыру құралына айналуы деп  қарастыруға болады.

1925 жылдың 23 қазанында Орталық Комитет бюро мәжілісінде «Қазақ баспасөзі туралы» мәселе қаралды. Осы мәжілісте  қазақ тілінде шығатын жастар басылымдарының мазмұны мен  саяси ұстанымы  талқыланып, «Жас Қайрат», «Лениншіл жас» басылымдары басшы қызметкерлерінің әлсіздігінен шығуы тұрақсыз. Қала жастары мен оқушыларына арналған материалдардың мазмұны түсініксіз, тосын, комсомол органы ретінде газеттің безендірілуі нашар. «Жас Қайрат» бұқаралық басшы орган бола алмайды, оған оның 10 күнде бір шығатынының өзі-ақ дәлел» деген қаулы қабылдады

Ұлттық баспасөз тарихында елеулі орны бар, «Қазақ» газетінің бағытын жалпы жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, азаматтық ой-сананы ілгерлетуге септігі тиген газет-журналдардың ішінде «Жас азамат» атты басылымды ерекше атауға болады. «Жас азамат» ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті болатын.«Жас азамат» газетінің дүниеге келуі қазақ жастарының тұңғыш мәдени-ағарту ұйымы «Бірлік» (1915— 1918) пен сол ұйымнан жеке шаңырақ көтеріп шығып, күллі жас алашшыларды қауымдастыруға талпынған«Жас азамат» үйымымен тікелей байланысты. Яғни, «Жас азаматтың» уығын шаншығандардың бәрі де кезінде «Бірліктің» сапында болды. «Жас азамат» жаңарған «Бірлік» ұйымы еді. Ол «Бірліктің» көздеген мақсатын толық орындауға қам жасады. Мұнан соң «Бірліктің» «Балапан» атты қолжазба журналы «Жас азамат» газетін шығарушылар үшін тәжірибе мектебі болған деп айтуға болады.. Ал, бұл газет «Жас азамат» ұйымының тікелей үні.«Жас азамат» ұйымы қашан құрылды? «Жас азамат» газетінің бірінші саны қай кезде шықты? Аталған ұйым мен газеттің мән-мағынасы, бағыт-бағдары не?

1917 жылы «Бірлікте» топтасқан жастардың жолы төңкеріс буының әсерінен екі айырыла бастады. Саясат ісіңде тәжірибесі тым аз жастардың сол кездегі қателесулері ізденістер барысындағы қателесу еді. «Бірліктің» жаңа басшылығына қарсы өре түрегелгендер Алашорданы қолдағандардың көздеген мақсатымен ымыраға келе алмайтындарын білдірді. Олар «Ресейдің ең дұрыс жобалы төңкерісшіл партиясымен бірге майданға шығатынын, Ресейдің құрама (федеративная) республика болуын қалайтынын» мәлімдеді  (С. Сейфоллаұлы.    «Тар жол,   тайғақ кешу». 64-бет).    Бұл   ұйым «алашордашыларға көмектесіп, төңкеріске қарсы болған «Бірліктен» бөлініп, өздерінше «оқушылардың демократиялық кеңесін» құрғандардың қолтығына су бүркіді (аталған кітап. 126-бет). Осы шақтың мерзімді басылымдары туралы С.Сейфуллин: «Бұл газеттер (яғни, «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы», «¥ран»—Д. Қ.), «Тіршіліктен» басқасының бәрі, бір бетте болды... Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды»,— деп жазады. Бірақ «Жас қазаққа» («Тіршілікті» шығарушы Ақмоладағы ұйым) кіргендердің баршасына «ұлт мүддесінен төңкеріс мүддесін жоғары қойды» деп кінә қою орынсыз. Олар да қазақ қамын ойлады. Алайда діттегенге жетудің жөн-жосығы жөнінен бұл жастар мықтап қателесті. Ең өкініштісі — Алаш ұранды аға толқынға тыныс болудан бас тартты. «Жас қазақтың» бағыт-бағдарындағы солақайлықты түсінген көптеген саналы жастар кешікпей-ақ үйыммен ат құйрығын кесісті. Қазақ қауымының алдында енді алашорда партиясының, Алашорда үкіметінің мақсат-мұратын жүзеге асыруға жәрдем беретін, саяси қайраткерлердің орнын басатын жастарды баулып, тәрбиелеу міндеті тұрды. Оны шешу үшін жас алашшылардың басын қосып, ұйым жасау қажет еді. Бұл 1918 жылы сәуір айында жүзеге асты. Алтайдан Атырауға дейінгі қазақтың кісі көп шоғырланған елді мекендеріндегі ұзын саны жиырма бір (С. Садуақас-ұлы дерегі) ңазақ жастары ұйымдары бір орталыққа бірігіп, «Жас азамат» ұйымы болып қайта жасақталады. Бұл ұйымның құрылуының мәнін «Жас азаматтың» кіндік комитеті жалпы жұртқа жазған «Ашық хатыңда» былайша түсіндіреді: «Ел көп топырдың ортасында аяқасты болуға айналған соң, қырғыз-қазақ жастары бас косайық деген піжір туып еді. Бұл пікірді туғызған — көкті қаптаған қара бұлт большевик дауылы еді. Бұл дауылдан қырғыз-қазақ елін шамамыз келгенше аман сақтап қалайық, шамамыз келгенше тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде боламыз деген мақсұтта еді» («Жас азамат», 19.ХІ.1918 жыл, № 11).«Жас азаматты» ұйымдастыру туралы ой аға толқын қазақ оқығандарынан шықты деуге негіз бар. 1917 жылы Ә. Бөкейханұлы Омбыға Орынбордан арнайы келіп, алашшыл қазақ жастарымен кездеседі. Жалпы саяси жағдай һәм ұлт халі хақында сөз сөйлейді, жастармен ой бөліседі («Тар жол, тайғақ кешу». 201-бет) Мұндай кездесу, сөз жоқ, бір рет қана өтпесе керек.

Бимақанова З.Ш.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Әдебиеттер:

1.Сейфоллаұлы.С.  Тар жол,   тайғақ кешу. Алматы, 1960.

2.Сәдуақасұлы С. Таңд. шығ. – А., 2003, т.2.  

3.Кәкішев Т., Садақ. А., 1985.

4.Жұмабаев М. Шығармалары. А., 1989.

5.Садуақасұлы С. «Жастарға — жаңа жол», Орынбор. 1921.