Ел тәуелсіздігі жолындағы күрескен алаш азаматы - М.Шоқай
01.10.2013 2804
Күллі түрік миллетінің туыстық бірлігін сақтап, Түркістан автономиясын құру тұрғысындағы М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті.

 Әлемге аты мәлім қоғам қайраткері, саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын қатыспай көтерген, әділеттен басқа досы жоқ, адалдықтан басқа жолы  жоқ Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан мемлекетін құрудағы қызметі, қайғысы, қасіреті, мақсат – мүддесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құлып астындағы  құпия болды. Күллі түрік миллетінің туыстық бірлігін сақтап, Түркістан автономиясын құру тұрғысындағы М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті [1]. Мұстафаның інісі Нұртаза мен туысы Мырзеке Қалымбетұлы «халық жауымен» хандық қатысы  болғаны үшін атылды [2]. Қалғандары қуғын-сүргінге түсті. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша отставкаға ҰҚК қызметкері  Ж.Шәкібаев «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітап  жазып, М.Шоқайдың қоғам алдындағы жұмысын жоққа шығаруға  тырысты. Ал Мұстафаның кінәсы - өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі еді.  Айыбы – атамекенге, ана сүтіне адалдығы. М.Шоқай өле-өлгенше осы бағытынан айныған жоқ. Уақыттан асқан кемеңгер бар ма, қазақ зиялылары жан алып, жан беріскен ел егемендігі тарихи мерзімі  жеткен күні өз аяғымен келді. М. Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты. Заман озады, өмірден тозбайтын ештене жоқ. Зат та, жер мен көк те, адамның аты да ескіреді. Бірақ, қараңғылық қойнауында жанған шамшырақтай Мұстафа есімі жыл өткен сайын жарқырай түсуде.

  Мұстафаның 1886 жылы 7 қаңтарда Сыр бойында Сұлутөбе секілді  ауылда, кірпіштен салған қазақы үйде дүниеге келіп, саясаттың биік тұғырына көтерілуі көбіміз үшін таңғаларлық жағдай. Бала күнінен киіз қазақтың тәрбиесін алады [2]. Осылайша он төртке толар-толмас жасөспірім бейшараның көзіндегі жасты сүртіп, әділеттің ауылын нұсқауға жарап қалады. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктерді танып біле бастайды. Түркістан халқының қамында бір қасиет пен кесапатты өмірге тоқиды. Өмірден осы кезде алған екінші сабағы – орыс өктемдігі.

  Ташкенттегі орыс ұлты мен  жергілікті халық арасындағы әлеуметтік теңсіздікті, келіспеушілікті көзімен көрді. Ұлтжандылық сезімін оянуына алдымен орыс шовинизмі ықпал етті. Алғашында  орыс алпауыттары мен патшаның Ресейдің отаршылық саясатына саналы түрде қарсы шыққан, интеллект түрінде қорғанды. Ауыл қазағының арыз-шағымын жазып, дауына араласу гимназиядағы сабағына көп кедергісін келтірді. Ауыл баласы әлеуметтік мәселемен генерал Самсонов алдына бірнеше мәрте барды. Ол барған сайын орыс озбырлығын Самсоновтың көзіне шығып көрсеткісі келеді. Алайда Самсоновтың жан дүниесі адалдық ауылынан алыс жатыр еді [1].

  Ғалым  Ә.Тәкенов пен М.Қойгелдиев жазғандай «Генерал іске тыңғылықты, орысша сауатты қазақ жігітін өз кеңесіне тілмаш етіп алмақшы  болады». Бұл мәселенің бір қыры. Екіншісі – тіпті тереңде. Орыс өкілдері отарлау мен саясат ісінде өте тәжірибелі, жергілікті халық өкілдерінен шыққан талантты ноқталаудың сырт көз аңдамайтын нәзік жолдарын біледі. Тілмаштық Мұстафаға қимастық берген қызмет емес, дарынды жастың келешегін кесу еді. Себебі, ел арасындағы тілмаштар қоғамдық теңсіздікке араша түспей, ақша-пара жолымен азғындап, адамдық қасиеттерінен айырылып жатқанын сол кезде өмірдің өзі көрсетті.  Сондықтан, Самсонов бұрқылдып шыққан қайнардың көзін көміп тастағысы келді. Өзара қырқысып жатқан орыс чиновниктері осы мәселеде  бірауызды болатын. Генерал Самсонов сезімтал кісі екен, ол Мұстафаның келешегінен орыс отаршылдарына келер бір залалды сезді. Мұстафа Шоқайұлы Петербургке барып, оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, - Заң факульетін қалаймын, - дегенде ішін тартып қалды. Петербургтегі заң университеті қазақтың баласы түгілі, орыстың қолына түспейтін оқу.² Орыс отаршылары сауатысыз халыққа әділетті көрінуге ынталы, саналы, талантты қазақтың адамына аша таяқ қояды. «Тілмаш боласың ба?» - деп қамқорсыған Самсонов ақыры айтқаны болмағасын М.Шоқайға гимназиядан тиесілі алтын медалды, Зопрометов есімді орыс балаға бергізіп, бұған күміс медаль бермекші болады. Әділет жеңеді, адал азаматтар қолдауымен алтын медальін алған М.Шоқай орыс генералы қойған тосқауылмен өзі бетпе-бет кездеседі. Демек,  Ташкенттің тұтқасын ұстап отырған генерал Самсоновтың Түркістан халықтарына деген пиғылы таза емес. Ал генерал орыс патшалығының өкілі. Бұдан Түркістанға Ресей жүргізіп отырған саясаттың күнгейі мен көлеңкесін бірдей аңғаруға болатын еді.

  М.Шоқайдың Петербург университетінің заң факультетіне түсуі сол кез үшін үлкен дәреже. Бұған Орынбор генералы – губернаторы Перовскийдің ұсыныс хаты көмек болады. Бәрі бір реакцияшыл көзқарастағы губернатор ішікі саясаттағы ерекшеліктерді есепке алды. Әділет үшін айту керек орыс мемлекетінің билеуші топтары Түркістан тұрғысындағы отарлық саясат жүргізсе де, Петербургтың ғылым төңірегіндегі зиялы қауымы таланттарды бағалай білді.

  М.Шоқай университетті 1917 жылы ақпан төңкерісіне бұрын бітірді. Зеректілігі арқылы универсиет қабырғасынан 7 тілді меңгеріп шықты. Оның ішінде қазақ, орыс, түрік, ағылшын, француз, неміс және поляк тілдері бар еді.  Мұндай жетістік М.Шоқайдың мәдени көкжиегін кеңейте түскені мәлім. Ал, өмір тәжірибесінен, ұлтаралық саясаттың аса салмағын 1914 жылы думада Мұсылман фракциясына хатшы  бола жүріп үйренді. Фракция  Дума депутаты Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен келіп, А.Байтұрсынов, Ш.Кәрі секілді қазақ зиялыларымен жақын танысады. Мұндағы қызметі де өз жерлестерін отаршылардың зорлық-зомбылығынан қорғау болады. Жазықсызды жаладан сақтау, әлсізді қорғау Мұстафаның мақсатына айналады [1].

  Ресей патшалығының көзге көрініп тұрған бір зорлығы – қоныс аударған орыстарға көшпелі қазақтың жайылымы мен қыстауларын күшпен  тартып алып бергені. Мұстафа мәселені сенатқа дейін апаратын. «Бастықтың пиғылы түзу болмаса, заңнан қайран жоқ» деп Бисмарк айтқандай, орыс мемлекетінің отарлау саясатына қарсы тұратын күш жоқ еді.  Халық орыс патшасынан осы кезде күдер үзеді. кейін Марияға жазған хатында бала кезін еске алып: «Теміржол біздің ауылдан біраз қашық болатын. Жол басы телеграф бағаналары менжарысатынбыз. Үлкендер бізге осы сымдар арқылы орыс патшасы Николай тұратын қаламен сөйлесуге болатынын әңгіме қылып айтатын. Бар қолымыздан  келетіні – бағаналарды қамшыларымызбен осып-осып жіберіп, патшаны сөгу ғана еді»,  - деп бала кездегі түйсігінің кейіннен расқа шыққанына таңданады. 1917 жылы университет бітіріп, кейбір тарихшылар «Ақпан төңкерісін қуаттап, ол еліне бостандық алып келеді деп түсінді. Эсерлер партиясына мүше болды» - деп жазғандай, Мұстафа Шоқай ұлттық саяси өмірдің тоқсан тарау айрығында тұр еді. эсерлер партиясына мүше болғаны, болмағаны мұрағаттық деректер арқылы әлі ашылады. Бірақ патшалық Ресейдің аз санды ұлттарға қатысты саясатына М.Шоқай үзілді кесілді қарсы болды [2].

  Тарихшы-ғалымдар М. Қойгелдиев пен А. Нүсіпханның «М.Шоқай және Түркістан» мақаласында: «1916 жылы Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысты аяусыз басып жаншыған кезде демократиялық топтар үкіметке қарсы оппозиция құрып талқылады. Осы мәселе бойынша  ресми баяндама дайындау үшін Түркістанға арнайы сапармен келген депутат эсер А.Ф. Керенский және фракция жетекшісі К.М.Тевкеловпен бірге мұсылман фракциясының хатшысы М.Шоқай да  болады» - деп жазады.

  Бұл М.Шоқайдың өз ұлтына араша түсудің бірден-бір жолы – түрлі партия, уақытша үкімет және эсер жұмысшы солдат кеңесімен түсінісу керек болады.Осының бәрі Орта Азияда өз тағдырын өзі шешетін Түркістан автономиясын құру мақсатында жасалған еді.

Құрылтайшылары Түркістан автономиясы деп, оған Сырдария, Ферғана, Самарқан  уәлияты толығымен қатысса да, орыс большевиктер кемсітіп, «Қоқан автономиясы» деп атаған аз күндік жаңа құрылым М. Шоқай идеясының түпкі мақсаты болатын.

М.Шоқай Түркістан жамиғатының келешек өз тағдырын өзі анықтайтын жеке мемлекет болуын мақсат етіп қойды. Осы мақсатта ептеп уақытша үкіметтің аз айлық билігін пайдаланып қалғысы келді. Бірақ «ұлттың өзін-өзі билеу мүмкіндігін береміз» деген бірде бір орыс демократтарына сенген жоқ. «Олар үкімет басына келген соң сөзсіз айнып» кетеді деген пікірін сөз арасында түсіндірумен болды. Сондықтан Ресейден енші алуды қызбалыққа, үстірттікке, асығыстыққа ұрынбай жан жақты ойластырылған саясат жүргізу керек еді. Ресейдің «демократ» билеушілері іш тартып алмас үшін  М. Шоқай «ұлттардың өз өзін билеуін», Ресеймен шекаралық, қаржылық және сыртқы саясатта бірлігін жоққа шығармайтынын дәлелдеп береді [1].

  «Қоқан автономиясының» келешегіне М.Шоқай күмәнсіз сенді ме, күмәні болды ма, бірақ ол адам қолынан жасау мүмкін емес тарихи  төтенше оқиғалардан үміттенеді. Адамды үміт жетелейді, үміт апатқа да соқтырады. Соның бәріне Мұстафа бастаған ұлтжанды азаматар басы қиып еді.

  М.Шоқай Түркістан халқы арасындағы қоғамдық белсенділіктің, сауатың, ұйымшылдықтың, рулық жіктелетін қандай деңгейде екенін жақсы білді. Жаңа автономияда сот жүйесін қазылар алқасы, немесе шариғат  жолымен жүзеге асыруды ұсынған кезде «руластық тамыр белен алып кетеді» деп бірден қарсы болған [2].

Мұстафа түркі тектес халықтың психологиялық дәстүрлі ерекшелігін жақсы  білетін. Сондықтан жалпы мемлекеттік сот құруын ұсынды.

  Қоқан автономиясының 1918 жылдың қаңтарында құлауына себеп көп. Жергілікті халықтан кең көлемде қолдау таппады. Уақытша үкіметпен сенімді байланыс жоқ. Ел ішінен іріткі салатын алуан түрлі қоғамдық қозғалыс өріс алды.  Ең бастысы Петербургтен бастау алып, Ташкенде өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі, Қоқан автономиясын Түркістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санап, көзін жаймаққа жанталаса кірісті. Ақыры, Қоқан автономиясы қанды қырғынға  ұшырады. Соның салдарынан елде басшылық қозғалыс өріс алды. М. Шоқай сол күндер жайлы тарығып жазған бір мақаласында: «...Қоқан ұлттық үкіметінің большевиктерге қарсы күресі кезінде, яғни 1918 жылғы ақпанда, осыдан бір  жыл бұрын Ақмешітте 1917 жылдағы мамыр айында орыс жұмысшы солдаттары қолына өліп кетсемші деп өкінгенім бар» деп жазады.

  Мақала көлеміне М. Шоқайдың тарих бетіне таңбалы із болып қалған барлық қызметін түгелдеп беру мүмкін емес.1918 жылы Грузияда одан Түркияда кейін Париж бен Берлинге ұласқан қоғам қайраткерінің өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі  жол.

  М. Шоқайға комунистік қоғам идеологтарының күллі Түркістанға  жасап отырған зорлық-зомбылығы, қарапайым алаңда берген ақыреті оның өмірінің қайғысы, мұңы болды. Орыс демократтарына  үміт артуы да үзілді кесілді тоқтады. Тіпті, сенімді деген Сұлтанбек Қожановтан «Қоқан автономиясының» мүшелеріне Кеңес үкіметі кешірім  береді деген хабар тигенде де компартия басшыларына екіжүзділік саясатын күні ілгері біліп, елге оралмады. Грузияда «Вольный Горец», «Борьба», «На рубеже», Стамбулда «Жаңа Түркістан» кейіннен  «Жас Түркістан»газет-журналдары арқылы күллі өмірін азаттық үшін күреске жұмсады. Ал, 1920 жылы Варшавада Сталиндік режимге қарсы Кеңес одағының қудалауына түскен ұлт зиялылары «Прометей» ұйымын құрған болатын. Ал, Варшавадағы шығыстану институты 1929 жылы «Кеңес одағының ішкі және сыртқы саясаты туралы» ғылыми теориялық конференция ұйымдастырды [1]. «Сталин социализмі – тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» деген 1937 жылы жазған мақаласында Кеңес үкіметінің өз халқына жасаған тонаушылық саясатына экономикалық тұрғыдан талдау жасайды [2]. Осылайша М. Шоқай Кеңес үкіметінің шетелдегі басты дұшпанына айналады. Білімі – терең, ақылы асқан қазақ перзенті түрік жамиғатының бірлігі мен коммунистік қоғамның халыққа  тигізер ықпалы жөнінде  ондаған мақала  жазды. Мақала дерегі талдау мен таразылаудан тұрды. 1936 жылы КСРО конституциясындағы логикалық қайшылықтарды дәлме-дәл түсіндірді. Белсенді, саналы, ынталы азаматары ғана коммунистік ұйымдарға біріге алады» деген конституция бабын сөзбе-сөз жүйелей келе, «Компартияға кірмеген адамдар белсенді, ынталы және саналы болып саналмайды деген сөз. Ал КСРО-да коммунист емес адамдар халықтың 98 %» деп жазады. Сондай-ақ жеке адамның тарихтағы рөлін жоққа шығаратын марксизм идеяларын, Сталиннің жеке басқа табынушылығын атап көрсетіп береді [1].

М.Шоқайдың өмір жолы өнегеге толы болды. Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған М.Шоқай 20 ғасыр кезеңінде адамзат  баласының айтулы перзенті болды. Оның бойында біз біліп үлгірмеген, тарихымен таныспаған талай рухани қазыналар жатыр. Ол Түркістан халқын орыс диктатурасынан қорғауға күш салды, бірақ озық және адал ойлы славян халқының өкілдері Я.Газовский, И.Пильсудский, В.Чайкин, В.Наливкинге деген құрметі ерекше еді. Өмірлік досы Мария Яковқызы да орыс ұлтынан болатын [2].

  М.Шоқай осынау таза табиғи қалпымен, көптің көзі жетпейтін шың басындағы шынар секілді еді. Тамырын тасқа жайған шынар жалғыз өседі, жүзін күн сүйіп, жапырағын жел тарайды. Діні қатты  болады. Шыңдағы шынар секілді М.Шоқай да жиырмасыншы ғасырдан өтіп, асыл ой, азаматтық қалпымен жиырма бірінші ғасырға келді.

Мұсабаева А.Н. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)

Әдебиеттер:

1.  Сүлейменов П. Мұстафа Шоқай: көзқарас эволюциясы. // Ақиқат. - 1997. - №11.

2.  Оқтай А. Мұстафа Шоқай және түркішілдік. // Түркістан. - 1997. – 26 наурыз.

3.  Садықова Б. Түркістан легионы мен Мұстафа Шоқай феномені. // Дипломатия жаршысы.- 1998. - №4.

4.  Нүсіпхан А. Мұстафа Шоқай. - А., 1998. - 57-67 бб.

5.  Мұстафа Ш. Отаршылардың мәдени қаруы. // Жас түркістан. - 2001.  - №1.

6.  Серғазинов Б.М. Шоқай еңбектерінде кеңес өкіметі  саясатының бағалануы.//Абай.-2001.-№2.

7.  Арғынбаев  Ә. М.Шоқайұлының  Түркістанның  біртұтастығы  идеясы. // Қазақ тарихы. - 1997. - №2.

8.  Шамшатұлы  И. Отаршылдық озбырлығы. // Парасат. - 1995. - №4.

9.  Әзіретбергенова Ә. Алаш партиясы және М.Шоқай. // А.Ясауи атындағы ХҚТУ хабаршысы. - 1999.  - №3.