Айтулы жетістік - атаулы шара
22.05.2017 3098

Алғашқы 1851 жылы Лондон қаласынан бастау алған бұл көрме әлемдік прогресті жаңғыртуда, жаһанның бұрыш-бұрышында тіршілік ететін халықтарды бір ортаға жинақтап, ортақ мүддеде ынтымақтастықты ту етуде әлемдік өркениетке жасалған тың бастама болды. Хрусталь сарай, Брюссель Атомиумы, Фуллера геодезиялық күмбезі, Эйфель мұнарасы сынды қайталанбас ғимараттарды әлемге сыйға тартқан көрме адамзаттың жаңалық пен заманауилыққа ұмтылып, өркениеттің өресін кеңейтудегі талабын қанаттандырды. Өткізіліп келе жатқанына  ғасырдан астам уақыт болған көрменің кезекті эстафетасы әлемнің ең жас мегаполисі саналатын Астанада.

Халықаралық көрме бюросымен ұйымдастырылатын халықаралық көрме 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейінгі аралықта Сарыарқаның төрін жаһан көз тіккен салтанатқа бөлеп, бастысы Жер ғаламшарының мәселелері қаузалып, шешімін табатын, замануи прогресске құрылған көлемді жиындарға бастайды. 2012 жылғы ХКБ-ның Expo халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында ХКБ-ға мүше 103 мемлекеттің жасырын дауысының нәтижесінде көрме өткізуге мүмкіндік алған еліміз үшін бұл ірі жетістік әрі жүгі ауыр жауапкершілік екені белгілі. «Expo – 2017 Болашақ қуаты» тақырыбында әлемдік қажеттіліктің бастысы энергия көздерін сақтау, қолдану мүмкіншіліктері аясында өтетін көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 2 млн қонақ келеді деген болжам бар. Аталған уақыт аралығында елорда төрі түрлі мәдениеттің тоғысқан аймағына айналады. Отандық ғалымдар «Болашақ қуаты» тақырыбында өздерінің тың жаңалықтарымен бөліссе, әлемдік тәжірибемен алмасуға да орасан зор мүмкіндік туып тұр. Әсем павильондармен жабдықталған алаң көз тартарлық көрмелермен толығып, жаһан жұртына рухани әсер сыйлап, жаңаны танып білуге айрықша мүмкіндіктер береді. Ғылыми прогрессте, білімде, инновацияда өзінің тәжірибесімен бөлісетін еліміз жаһан өркениетіне өзгеше идеялар қосып қана қоймай, жасампаздыққа бет алған жаңашыл мемлекет ретінде әлем өркениетінің көшбасшысына айналатынына сенім мол.

Ұлт тарихы тағы бір атаулы оқиғамен толыққалы тұр. Expo – 2017 жобасы әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алған, шарықтап қарышты дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның атаулы жетістігі, ірі жеңісі. Ірі көлемде өтетін шараға бүгінде дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Ел беделін биіктетіп, өресін өсіретін  атаулы шара өркениетті Қазақстанның жарқын болашағының тағы бір айғағы іспетті. 

 

Сәбина САЙЛАУБАЙ