Ұлттық тарихи таным және сана мәселесі
07.03.2014 4013
Тарих ғылымында тарихи таным және тарихи сана деген ұғымдар бар.

Бұл мәселенің маңызы мен мәніне назар аударсақ, тұтастай бір ұлттың сана-сезімін, тарихи жадын қалыптастыратын тәрбие құралы, ол өзінің тарихы екендігі хақ. Сондықтан, ұлтымыздың тарихын ұлықтау, оның сан ғасырлық тағылымына мән беру, сабақ алу аса қажет мәселе. Тек сонда ғана ұлттық сана нығайып, тарихи таным арта түседі. Нәтижесінде тарихи зердесі күшті халықтың рухы да асқақ болады. Ал, рухы көтерілген ел қазіргі жаһандық жағдайда ұлт болып сақталып, өзінің құндылықтары мен рухани байлығынан сусындап, жас ұрпағына дұрыс тәлім-тәрбие бере алады. Елдің келешегі жастардың алған бағытының дұрыстығына байланысты екендігі белгілі.

Еліміздің дамуы, тарихы мен тағдырына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан- 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ұлттық тарихи сананы қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» [1] деген болатын.

Әлемде ерте уақыттарда тарихи жад қалай сақталған. Олар жазу мен сызу жоқ кезде аңыздар, ертегілер, ауызша жаттап жеткізетін жолмен ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келген. Ал, жазу пайда болғанда шежіре, жылнама, библиографиялық сипаттама және тағы басқалары арқылы жалғасып отырды. Одан кейінгі уақытта тарихи жадтың сақталуына және қалыптасуына әсер еткен өнер, мүсін, архитектура, музыка және ең бастысы көркем әдебиет, ұлттық тарихы болады.

Міне, осы аталғандардың ішінде тарихи сананы қалыптастырып, тарихи жадты сақтаушы рөлді тарих ғылымы атқара алады. Сондықтан, тарихшының еңбегіне көркем әдебиетті жазушылар, драматургтар, киномотогрфтар және тағы басқалары сүйенеді. Яғни, тарихшы өмірде өткен оқиғалар мен құбылыстарды ой елегінен өткізіп, тарихи деректерді салыстыру, талдау арқылы шындықты бейнелеуге, бағасын беруге тырысатындығымен құнды болады [2].

Өмірде қай халық болса да ұлттық идеясыз, дінсіз және салт-дәстүрсіз болашағы бұлдыр болады. Сол себепті, «мәңгүрт» болмаса, әр адам баласы өзіне «Мен кіммін?», «Қайдамын» және «Не үшін өмір сүріп жүрмін» деген сұрақтар қоя білуі қажет [3]. Дәл осы жерде ұлттық сана мен тарихи танымды қалыптастыратын оның тарихы екендігіне күмән жоқ.

Ал, осы тарихи таным арқылы ұлттық сананы қалыптастыратын рухани құндылықтардың екі түрі болады. Біріншісі, «мәңгі құндылықтар» бұл қазақ халқына тән сан ғасырлық әр кезеңдерде жазылған ғұлама ғалымдардың шынайы жазған тарихи туындылары. Мысалы, М.Х. Дулатидың «Тарих-и-Рашиди», Қ.Қ. Жалайридің «Жамиғ-ат-тауарих», Ш. Құдайбердіұлының «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» сияқты аса құнды рухани еңбектері атауға болады.

Ал, «жалған құндылықтар» деген мәселеге келсек, олар белгілі бір уақыт саяси режимнің ықпалымен күштеу, тықпалау арқылы адам санасын шырмауға тырысып, кейін уақыт өте келе қолданыстан шығып қалады. Оған дәлел, кеңестік идеология «Марксизм», «Ленизм» деген сияқты утопиялық жалған құндылықтарды айтуға болады.

Тарихи танымның әлеуметтік бір функциясы сананы қалыптастыруға бағытталады. Тарихи сана деген не? Бұл тарихи сана әлеуметтік жад сияқты қарастырылады. Осы ұғым көптүрлі қалыптасқан немесе ғылыми формада құрылған өткенді бағамдаушы қоғамдық пікірге негізделеді. Тарихи сана басқа ұғымдардан өзінің уақытты қосымша өлшемдермен қарастыратындығымен өзгешеленеді. Сондай-ақ, тарихи сана қоғамдағы өткен кезеңді әртүрлі қырынан қарастыруымен  де айрықша сипатқа ие. Сондықтан, әлеуметтік жадсыз тарихи сана қалыптаса алмайды. Ал, білімнің ішінде ерекшесі – кәсіби тарихшы білімі. Осы жерде бір анық мәселе тарихи сананың ерекшелігі өткен уақыт пен қазіргі кезеңдерді сабақтастыра қарастыратындығында. Бұл тарихи уақыт байланысы нені білдіреді және ол қоғамға не береді деген сұрақтарының туындауы заңды құбылыс.

Жалпы тарихи сана тарих ғылымындағы бір ғана мәселе емес, әрбір қоғамдағы өмірде аса маңызды болып табылады. Тұрақты тарихи сана қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші саналады [4].

2013 жылдың 5 маусымында Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы (жалпыұлттық кеңес) өтті. Осы тарихшылардың алқалы мәжілісінде елдің болашағы үшін тарихымызды жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделей түсу, ұлттық сананы нығайту, өзекті тақырыптарды зерттеу және жаңа заманға сай оқулықтар жазу сияқты нақты міндеттер жүктелді [5].

Тарихшылардың алқалы мәжілісінде көтерілген мәселелердің бірқатарына тоқталсақ. Мысалы, ұлтық сананы қалыптастыру және нығайту жолдары. Бұл сұрақтың шешімі ұлттық тарихты ұлықтау, зерделеу және халыққа дұрыс баяндап түсіндіру арқылы жүзеге асады. Өйткені, қазіргі жаһандану заманында ұлт болып сақталу үшін тіл, діл және дін, сонымен қатар Отандық тарихқа көңіл бөлу қажет. Сонда, халқымыздың ұлттық санасы нығайып, мықты ел ретінде тәуелсіздігі баянды болады.

Ұлттық тарихымызды ұлықтауға байланысты көтерілген мәселелерді кеңінен қамтып айтсақ, ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отыр. Сөз жоқ, бұл құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуға тиіс. Олар мынау жаһанданып, ашығын айтқанда, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға тиіс. Олар ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз етуі  тиіс.

Әлемдік тарихнамада орын алған таным тәсілдерді сыни тұрғыдан қайта қарау біздің назарымыздан тыс қалып қойды.

Тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.

Отандық тарихты зерделеуге байланысты тарихшылардың мәжілісте бас қосуы өте орынды игі іс болды. Нәтижесінде «Халық тарих толқынында» деп аталатын Мемлекеттік бағдарлама өмірге келді. Бұл бағдарламаның аясында тарихшылар қазақ халқының сан ғасырлық тарихын тарихи деректер арқылы зерттеуге бағыт алды. Бұл үлкен жақсылық екені рас. Өйткені, ұлттық тарихты зерделеу, оны жүйелеу және күрделі мәселелерді қарастырып шешу қажет. Сондықтан, болашақ үшін аса керек және орындауды талап ететін ұлттық тарихтың ғылыми-зерттеу жобалары жолға қойылды деп айтуға болады.

Қанат Еңсенов,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы  институтының аға ғылыми қызметкері, Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығының төрағасы, т.ғ.к.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан, 15.12.2012 жыл.

2.  Никифров А.Л. Историческая память, история и истина / Способы постижения прошлого: Методология и теория исторической науки / отв. ред. М.А. Кукарцева. – М.: «Канон» РООИ «Реабилитация», 2011.  -134-135-бб.

3.  Алимова Д.А. История как история, история как наука. в 2-х томах. Ташкент: «Узбекистан» 2008. – 103-б.

4.  Смоленский Н.И. Теория и методология истории: учеб. пособие для студ. выш. учеб. заведений / Н.И. Смоленский. – 2-е изд, М.: Издателский центр «Академия», 2008. – 39-40-бб.

5.  М.М. Тәжин «Тарих толқынындағы халық» // Егемен Қазақстан, 06.06.2013 жыл.

Жарияланған жинақтың атауы:/ Республиканский семинар-тренинг «Современная история Казахстана: актуальные проблемы и историография (о проблемах периодизации истории Казахстана)», состоявшийся 12 декабря 2013 года в г. Астане. Основные вопросы рассмотрены в контексте определения концепции изучения истории Казахстана и проблемы периодизации. – Алматы: - М-Литер, 2013. –88-90-бб.

Материалды ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ұсынған.