Инвестиция алдымен білімге керек
30.09.2013 2570
Кейінгі жылдары Қазақстан іскерлік ортаны көтермелеп, кәсіпкерлікті қолдауға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға айрықша маңыз беріп келеді.

Кейінгі жылдары Қазақстан іскерлік ортаны көтермелеп, кәсіпкерлікті қолдауға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға айрықша маңыз беріп келеді. Бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға ыңғайлы жағдайлар жасалып, кәсіпті ашуға рұқсат беретін жүйелер оңтайландырыла бастаған. Алайда, солардың ішінде білім саласына инвестиция құю мәселесі өзекті болып тұр. Дамыған шет мемлекеттер қомақты қаржыны алдымен білім саласына құяды. Біз де осы тәжірибені қолдануымыз керек. Еліміз болашақта бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуға талпынып отыр. Мемлекетіміз әлемдік нарықта лайықты орнын табу үшін өндіріс орындарында, бизнесте жан-жақты білімді, инновациялық технология тілін еркін меңгерген азаматтар көп болуы қажет. 

Осы ретте еліміздің білім беру жүйесін дамытуда тек мемлекеттің ғана қатысуымен шектелмей, оған шетелдік бизнес өкілдерінің де инвестиция салуын қамтамасыз ету керек. Биыл 22 мамыр күні өткен шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік бизнесмендер елімізге 170 миллиард доллардан астам қаржы құйғанын айта келе, мемлекетімізде инновациялық қызметті қолдаудың 14 түрлі тетігі бар екендігін қадап айтты. Мәселен, былтырғы көрсеткіштер бойынша ғылымды қаржыландыру 2 есе артты, ғылыми қызметкерлер саны 7 есе өсті. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан ғалымдары шетелден өз жұмыстарына 182 патент алды. Ал, 454 инновациялық жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.

Қазірдің өзінде елімізде шетел инвесторлары қаржыландырған білім жобалары көбейе түскен. Елбасының тапсырмасы бойынша осындай тәжірибені барлық ірі кәсіпорындарға кеңінен тарату мақсаты қойылды. Үкіметке әлемдік деңгейдегі колледждерді құрып, дамытуға инвесторлардың белсенді қатысуын ынталандыру шараларын жасау және мемлекеттік білім беру мекемелерінің бір бөлігін шетелдік инвесторлар мен отандық компаниялар консорциумдарының сенімді басқаруына беру мәселесін қарастыру тапсырылды. Жоспар бойынша олар Астанадағы Халықаралық университет пен Назарбаев зияткерлік мектептері сияқты автономды білім беру мекемелері болуға тиіс.

Осындай бағыттағы жұмыстарға бас-көз болатын Ұлттық инвесторлар кеңесі құрылды. Бұл шетел инвесторлары мен отандық бизнесмендерінің қоян-қолтық жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызып отыр.

Міне, осындай ілкімді жобалар болашақта білім саласына салынатын инвестицияны көлемін арттырып, адам капиталының сапасын арттыруға жол ашады деген сеніміміз кәміл.

Дерек көзі «АСТАНА АҚШАМЫ» газеті, №106 19.09.2013ж.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.