Ұлттық теңгенің айналымға ену тарихы
04.03.2014 4471
Кез келген ақша сол елдің өткені мен бүгінін және болашағын айқындауға септігін тигізеді. Ақша –тауарлар мен қызмет көрсету өлшемі болып табылады.

Кез келген ақша сол елдің өткені мен бүгінін және болашағын айқындауға септігін тигізеді. Ақша –тауарлар мен қызмет көрсету өлшемі болып табылады және жалпыға бірдей балама рөл атқаратын, кез-келген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге айырбасталатын ерекше тауар түрі; қоғамдық қатынастар көрініс табатын экономикалық категория[1, 108 б]. 

  Ақша тарихын зерттейтін арнайы ғылым саласы - нумизматика деп аталады. Онда тиындар, құйма ақша кесектері, т.б.ескерткіштер (тиын мөрлері, құжаттар) арқылы тиын соғу тарихы кеңінен зерделенеді. Нумизматика ғылым ретінде 18-ғасырдың 2-жартысында пайда болды, оның негізін салушы – Вена нумизматигі И.Х.Эккель [2, 62].

Ақшаны соғу және оны айналымға енгізу ісі ерте кезден бастау алады. Ежелгі көшпенді қазақ халқы мал, бағалы аң терілері, алтын, күміс кесектері, бағалы тауарларды тауар айналымы ретінде пайдаланған. Отырықшы елдер мен көшпелілер арасындағы сауда-саттық қатынастары Ұлы Жібек жолы арқылы дамып отырды. Түркі кезеңіндегі монеталарға аверс (тиынның оң беті) бетінде басылған таңбалар, жыртқыш аңдардың суреті, бейнеленген.

  Белгілі археолог К.М. Байпақов жетекшілік еткен зерттеу тобыныңархеологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде  «Отырар алқабы: Күйік-Мардан, Алтынтөбе, Жалпақтөбе қала жұрты» атты еңбегі жарық көрді. Олар Отырар алқабындағы Күйік-Мардан қала жұртынан теңгелердің табылғанын, олардың VІІ-VІІІ ғасырларға жататынын және ол теңгелерде  арыстан бейнесі мен таңбалардың бедерленгенін келтірген [3, 7].

  Шамамен 704-766 жылдары көне Тараз шаһарында соғылған қола теңгелер өндірілгендіктен, Түргеш қағанатының қуатты мемлекет болғанын айтуға болады. Тарихи деректер бойынша түргештердің сауда орталықтары ежелгі Суяб пен Тараз қалашықтары болған. Қазақ жерінде ақшаны жасау ісі Қарахан әулеті тұсында қарқынды өріс алды. Бәріміз білетіндей Қарахан әулеті ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін ақша айналымындағы тиындардың атауы да «динар, дирхем, фулс» деген арабша атауға ие болды. Яғни Қыпшақ тайпасы жайлаған Дешті қыпшақ даласында күміс және мыс ақшаны қазіргі біз қолданып жүрген ақшаның атауымен атаған. Мәселен, алғашқысын танга (теңге), кейінгісін пул (пұл) деп атаған. Орта Азияның он алты қаласында шамамен 1260-1280 жылдардың өзінде-ақ, монета соғатын ірі сарайлар болған. Қазақстан аумағындағы сол кездегі қалалардың бірі Тараз, Жент, Кенже теңге сарайларын айтуға болады. Теңгелерде көбіне арыстан, сұңқар, балық суреттері бейнеленген.Түрлі геометриялық өрнектер, түрлі таңбалар, жыртқыш аңдар, аңшы бейнесі, ислам дінінің суннит ағымының белгілері соқтырылған. Кейбір дирхемдер мен пұлдарда шоқ жұлдыздардың бейнесі салынса, кейбірінде тотықұстың суреті салынған. Динар деп алтыннан соғылған тиынды айтатын болса, күміс тиынды дирхем деп атаған. Ал қазіргі біз айтып жүрген теңге атауы Алтын Орда кезеңінде қолданыла бастады. Жібек жолында дирхем мен динардан басқа, пени, манат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша атаулары да қолданыста болды.Дәл Меңгү-Темір заманында Алтын Ордалық хандардың атымен алғашқы тиындар соғыла бастады. Тиындарда хандарға қатысты «сұлтан», «ағзам» (ұлық) деген мұсылманданған атақтар мен сөз тіркестер пайда болды [4, 18].

  16 ғасырдың соңы – 17 ғасырдың басында Қазақ хандарының атымен өндірілген мыс ақшалар болды. Бұл ақшалардың дизайндық шеберлігі жоғары дәрежеде болмағанымен Қазақ хандығында сауда ісін бір жолға қоюда, халықтың басын біріктіруде үлкен міндет атқарды.

  Ресей патшалығының әкімшілік жүйесі қазақ жеріне байланысты теңге саясаты да өзгерді. Ішкі және сыртқы сауда айналымына ендігі кезекте біздің халық Ресейлік монеталарды қолдана бастады. Қазақтар қағаз ақшаны аққұйрық деп атап, ал металл ақшаны бақыр, қара бақыр, күреш, қара күреш, шақа, соқыр, жармақ, тиын деп әр түрлі атаған. Алтын мен күмісті салмағы мен көлеміне қарай тайтұяқ, атантұяқ, қойтұяқ, ботакөз деп атаған. 

  КСРО ыдырағаннан соң, әр мемлекет өзінің дербес саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайын түзеуге бетбұрыс жасай бастады. 1991 жылы 16- желтоқсанда Қазақстан ғасырлар бойы аңсап жеткен Тәуелсіздікке қол жеткізді. Біз Ресейдің бодандық қамытын кигелі бері жылдар бойы шикізат рөлін атқарып келе жатқан Қазақстан үшін, дербес ел атанып «етек-жең жиғанша» есеңгіреп қалғанымыз рас әрине. Ресей Федерациясымен шаруашылық байланысымыздың үзiліп осының салдары ретiнде төлем төленбеу дағдарысы “рубль аймағынан” шығуымыз оның айқын дәлелі. «Мемлекеттер өз валюталарын енгізгенше рубль аймағын сақтай тұру туралы ТМД шеңберінде қол қойылған келісім-шарттың болуына қарамастан, ең басынан-ақ Ресей бұрынғы КСРО Республикаларын рубль аймағынан итеріп шығаруға тырысты» - деп сол кезеңдерді Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы» еңбегінде 300 жыл «қорғанымыз» болып келген Ресейдің әділетсіз қадам жасағанын еске алады[5, 150].

  Сөйтіп, 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валюта – теңгені енгізу Қазақстан Респуб­ликасы экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болып табылады. 1993 жылы өз валютасын енгізуді Украина мен Белоруссия, Қырғызстан мен Балтық жағалауы елдері қолға алды. Қазақстандық валютаны енгізу жоспары сол 1991 жылы жасалғандығы кейін анықталып жатыр. Алдымен қазақстандық дизайнерлер тобы құрылған. Топтың құрамына Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов сынды шеберлер кірген. Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеген шеберлер алдымен валютамызға атау іздеген. Әуелде “ақша”, “алтын” сияқты атаулар да ойда болса керек. Бірақ көпшілігі түркі сөзі “теңгеге” ықылас білдіре бастаған. Ал қағаз ақшаға халқымызға белгілі ақын-жазушы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұйғарылды. Суретшілердің айтуынша, бәрінен де әл-Фараби бейнесі бар банкноттар қатарын ашатын бір теңгелік купюра қиынға түскен. Оның портреті бұрынырақта Кеңес Одағының Ғылым академиясымен канонизацияланған (әулиелер санатына қосылған) еді. Бірақ оны ғалымдардың мұрағаттарда сақталған еңбектерінен табу да қиынға соқты. Бір теңгелік номинал бар қатарға идея берген негізгі купюра болды. Онда әл-Фарабидің ислам әлеміндегі барлық мешіттердің күмбездері есептелген схемалары, формулалары бейнеленген еді. Басқа купюралармен де қиындықтар болған. Олардың ішіндегі ең негізгісі – біздің кітапханаларымызда банкноттарда бейнелегісі келген тарихи тұлғалардың тура бейнелерінің болмауы[6, 69].   1992 жылы тамыздың 27-сі Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. Елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ болатын. Тіпті құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезеңді “Президенттің үлкен ойыны” фильмінде “Шетелдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ еді” деп еске алады. Осындай кезеңде елімізде қаржылық реформа жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Теңге Ұлыбританиядағы “Харрисон және оның ұлдары” деп аталатын банкнот фабрикасында басылатын болды.Бұдан кейінгі жағдайды Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтқанда: «Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар» деп сонау 1993 жылдарды еске алады Елбасы Н.Ә. Назарбаев.[7, 90 б]

  1993 жылы 1-і қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына “Х” күні ашылады деген құпия конверттер жетті. Ал араға үш күн салып Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды. 1993 жылы 12 қарашада  «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы шықты. Онда Қазақстан Республикасы Конституциясының (1993 ж.) 78 бабына және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 29 қазанындағы қаулысына сәйкес: «Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылы 15 қарашада сағат 08.00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы-теңге айналымға енгізілсін; 1993жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасындағы қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады»- деп көрсетілген [8, 32].

  Қарашаның 13-і барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз хабарлап жатты. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Халық бес жүз сомы бір теңге алып жатты. Қағаз ақшасын қапшықтап жинаған ағайын енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған “шөп ақшаны” жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны көргендер төл теңгені бірнеше күн қызықтаған. Ағартушы Әл-Фараби, күйші Сүйінбай, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген теңге халықтың арасына ене берді. Ұлттық банктің облыстық басқармасы, екінші деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі ақша қабылдапты. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылған.

  1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Ал осы жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады.

  Республикада ақша айналысындағы монетамен қатар мерейтойлық және ескерткіш монеталар да қолданылады . Мерейтойлық және ескерткіш монеталар оларда белгіленген құнға сәйкес төлем қабілетіне ие, бірақ олар негізінен мәдени — ағарту мақсатында шығарылған . Әдеттегідей , олар қатаң шектеулі таралыммен шығарылады және Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде коллекциялық құнымен сатуға арналған.

2006 жылғы үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді, барлық мемлекеттік нышандар, сәулет объектілерінің және елдің табиғат ландшафтарының бейнелері кіреді.

Банкноталардың бет жағында орталық бөлігінде «Астана-Бәйтерек» монументі — қазіргі заманғы қазақстандық сәулеттің, конструкторлық және инженерлік ойдың жетістігі, тәуелсіз Қазақстанның даму нышаны орналастырылған.

  2010 жылыҚазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуіне арналған 1000 теңгелік, «Азиада 2011» Жетінші қысқы Азиада ойындарына арналған номиналы 2000 теңгелік, 2011 жылғы 25 мамырдан бастап Ислам Конференциясын Ұйымдастыруға Қазақстанның төрағалық етуіне арналған номиналы 1000 теңгелік,

  2011 жылғы 4 шілдеде Қазақстанның Ұлттық банкі республиканың тәуелсіздігіне 20-жыл толу қарсаңында номиналдық құны 10000 теңгелік, 2011 жылғы 4 шілдеде айналысқа жіберілген Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналдық құны 10000 теңгелік, 2011 жылы 30 желтоқсанда айналысқа жіберілген «Қазақ елі» монументі бедерленген 5000 теңгелік; 2013 жылғы 29 наурызда Ертіс өзені бейнеленген Қазақстан картасының сұлбасы бар 2000 теңгелік, 2013 жылдың 12 желтоқсанында «Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкнотты айналысқа шығарды. Оның көлемі 134х70 мм қағазда дайындалған [9].Ұлттық валюта күннен-күнге өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де  сенімді беделге ие бола бастады. Ұлттық банкке тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүм­кін­дік берді.Қазіргі кезде теңгені айналысқа енгізудің өзі бізге ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құ­рудағы алғашқы және маңызды қадам жа­сауға мүмкіндік берді. Дербес ақша кредиттік және бюд­жеттік-са­лықтық саясатты және тиісінше не­ғұрлым тиімді макроэкономикалық тұрақ­ты­лық саясатын жүзеге асыруға жол ашты. Теңге әлемдегі неғұрлым барынша қорғалған валюталардың біріне айналды. Теңгені жасауда ең озық технологиялар пайдаланылды.Теңге- біздің ұлттық мақтанышымыз, дизайны жағынан әлемде ұлттық теңгеден асып түсетін ақша кемде-кем.

Ұлттық теңгенің айналымға енуі – санғасырлық тарихы бар теңгені бүкіл әлемге танытты.

Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Еркежан Ахметова.

Әдебиеттер тізімі:

1.  Сәбден О., Тоқсанбай С.Р. Қаржы –экономика сөздігі. Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. – 640 б.

2.  Қосалқы тарихи пәндер. Кітап авторы/құрастырушы — Р. Қ. Нұрбекова. Өскемен, 2011. - 124 б.

3.  Байпақов К.М. және басқалар. Отырар алқабы: Күйік-Мардан, Алтынтөбе, Жалпақтөбе қала жұрты. Байпақов К.М., Воякин Д.А., Смағұлов Е.Ә. – Алматы, 2006. – 88 б.

4.  Сарайшық тиындары / З. Самашев, Р .Бурнашева, Н. Базылхан, В. Плахов. Алматы, 2006.-184 б.

5.  Назарбаев Н. Қазақстан жолы.- Астана, 2006.- 359 б.

6.  Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасына 10 жыл. - Алматы, 2003.- 239 б.

7.  Мұхамедов.М.Б, Сырымбетұлы.Б. Тәуелсіздіктің он сегіз асуы: құлдыраудан  өрлеуге дейін». Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009. – 536 б.

8.  Қазақстан Республикасы. 10 жыл шежіресі. – Алматы, 2001.-170 б.

9.  http://www.nationalbank.kz/

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.