Бөлісу:
«Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды! Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы әлеуметтік жаңғыруға бағытталған бес бастаманы халық назарына ұсынды. Олардың қатарында баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселелері бар.
Қазіргі таңда еліміз үшін баспана мәселесі ең өзекті. Қоғамның назарына ілікені де сол. Үйсіз-күйсіз жүргендер көп. Сондықтан да шығар Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» баспана мәселесі бірінші кезекте тұрғаны. Мұның өзіндік себебін Мемлекет басшысы түсініп тұр. Енді тек тиісті орындаушы органдар жүзеге асырса болғаны. Жайлы тұрмыс үшін баспананың алатын орны бөлек.
«7-20-25»: игі бастама
Соңғы жылдары еліміз тарапынан баспана алудың мүмкіндіктері артып келе жатыр. Дегенмен, әлі де қаншама қазақстандық жылы баспанаға зәру екенін де ұмытпақ емеспіз. Әлеуметтік маңыздылық қатарына жататын бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасында баспана алудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталып өтіп, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу бағдарламасын ұсынған болатын.
«Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл - айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7 - 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын»,-деді Елбасы Н.Назарбаев.
Елімізде уақыт өткен cайын баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны да артпаса кеміген емес. Мемлекет басшысы 2017 – 2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берген болатын. 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Бүгінде аталған бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Соның жалғасында болып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы халыққа қолжетімділік тудырды.
«Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтарымыз! Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді» - деді Елбасы бұл туралы. Мемлекет басшысы бұл бастама аясында арзан ипотеканы, ең алдымен, жас отбасыларға беруді ұсынды.
Содан бері елімізде «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа баспаналар бой көтеріп, ипотекалық ұйымдардың жұмысына сең қозғалған болатын. Мәселен, «Баспана» Ипотекалық ұйымы келтірген дерек бойынша, өткен жылы 7-20-25 бағдарламасы бойынша банктер орташа алғанда бір жұмыс күнінде 30 несиені мақұлдаған. Ақшалай шаққанда, адамдарға күніне 369 млн теңге берілген. 2018 жылдың нәтижесі бойынша 7-20-25 арқылы мақұлданған несие сомасы 45 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде (қазіргі көлем 44,2 млрд теңге). Желтоқсан айында бағдарламаға Сбербанк қосылды. Осылайша, жыл соңында 7-20-25 аясында жұмыс істейтін банктер саны сегізге жетті.
«Биылғы жылы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бастамасын іске асыру бойынша нақты шаралар атқарылды. 4-ші шілдеде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ресми түрде жұмыс істей бастады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша құны 70 млрд теңгеден астам 6 мыңнан астам өтініш келіп түскен болатын. Соның ішінде құны 45 млрд теңгелік 3700-ге таяу ипотекалық несие мақұлданды», - деп атап өтті «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Қайрат Алтынбековтың айтуынша, қолданыста болған үйлерге несие беретін «Баспана-хит» бағдарламасы бойынша да құны 1,7 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды. «Қазіргі таңда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысушы банктердің саны сегізге жетті. Олар: Банк ЦентрКредит, АТФБанк, Халық Банк, Цеснабанк, Forte Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK және Сбербанк.
Айта кетер болсақ, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы болатынын 5 мамырда хабарлаған еді. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі - алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды ҚР кез келген азамат ала алады. Ол үшін ең басты шарт - адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау және Шымкент қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.
Биыл елімізде 118 мың отбасыны баспанамен қамту үшін ауқымды құрылыс басталады. Жалпы аумағы 13 млн шаршы метр болатын тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
«7-20-25» бағдарламасын сәтті іске асыру үшін инженерлік коммуникациялардың құрылысын қаржыландыру 100 млрд теңгеге дейін артқан. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жыл сайын кемінде 1 мың жалға берілетін пәтерді салу бойынша тапсырманы орындау үшін қаржыландырудың тетіктері мен көздері айқындалған. Барлық қабылданған шаралар нысаналы индикаторларды - 2030 жылға дейін бір адамға 30 шаршы метрге дейін орындауға бағытталып отыр. Жобалау және құрылыс кезеңі кезінде отандық материалдарды қолдану мәселесі ерекше бақылауға алынуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құраған. Осыған байланысты деңгей 2017 жылы 5 пайызға, оның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 86 пайызға артты.
Ендігі кезекте өткен жыл қорытындысы бойынша өңірлерде Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына тоқталамыз.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысы Елбасы Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын тұрақты жүзеге асырып келе жатқан өңірлердің бірі. Өткен жылдың қазан айында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Ақтөбе облысына іс-сапармен барып, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылығымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізген болатын. Сол сапарында «7-20-25» бағдарламалары бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарымен де танысқан.
«Мемлекет басшысы Жолдауында Үкімет алдына бірқатар міндеттер қойды. Негізгі мақсат – барша қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Біздің министрлік көпжоспарлы және бізге үш базалық мемлекеттік бағдарламалар – индустриаландыру, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды жүзеге асыруға нақты тапсырмалар берілді, - деді Жеңіс Қасымбек.
Оның сөзінше, былтыр Қазақстан бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 11 млн шаршы метрден асып, 100 мыңнан аса отбасы жаңа баспаналы болды. Биыл елімізде 12 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек, бұл Қарағандының немесе Павлодардың тұрғын үй қорына тең, яғни Қазақстан жыл сайын бір үлкен қала салады.
«Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысының көлемі жағынан қашанда көшбасшылар бестігінде. Сондықтан министрлік облыс әкімдігінің барлық бастамаларын қолдауға әзір. Біз келесі жылы облыста құрылыс көлемін арттыра алатынымызды көріп тұрмыз. Өйткені тұрғын үй бағдарламаларына біз бөлген әрбір теңге құрылыстың нақты көлемін табады және нақты азамат өз жағдайын жақсартады», - деп атап өтті министр.
Атырау облысы
Өткен жылы Атырау облысы Қазақстан бойынша тәуелсіздік жылдарындағы тұрғын үй құрылысы бойынша ең үлкен көрсеткішті көрсетті. Қазіргі таңда облыс бойынша 44 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 34 үйдің құрылысы аяқталады.
Атап айтсақ, Береке ықшам ауданында 2622 пәтерлік 28 тұрғын үй құрылысы салынуда. 936 пәтерлік 13 тұрғын үй несиелік жүйе бойынша, 1686 пәтерлік 15 тұрғын үй жалдамалы негізде беріледі.1374 пәтер болатын 20 үйдің құрылысы 2018 жылдың желтоқсан айында аяқталады.
«Барлық үйлердің ауласында балалар ойын алаңы, дүкендер, дәріханалар, көлік тұрақтары мен бейнебақылау камералары болады»,- деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Басаров.
Сонымен қатар, Нұрсая ықшам ауданындағы 576 пәтерлік 8 үйдің құрылысын да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Аталған ауданда 240 пәтерлік тағы 2 үйдің құрылысы жүруде. Келер жылы пайдалануға беріледі. Қаладағы Амандосов көшесінде де 160 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін қос тұрғын үй құрылысының бірі шілде айында аяқталса, екіншісін жыл соңында аяқтау жоспарланған. Қала маңындағы Талғайран ауылында 60 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Олардың 28-і 1 пәтерлі, 12-і 1 пәтерлі екі қабатты және 20-ы 2 пәтерлі тұрғын үйлер.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 85 пайыз отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та құрылыс үшін барынша отандық өнімдерді пайдаланып, көрсеткішті арттыруды тапсырды.
Тұрғын үйлер құрылысымен танысқан облыс әкімі жауапты мамандарға осы қарқыннан таймай, жұмысты жоспарлы түрде аяқтауды тапсырды.
«Елбасының биылғы жолдауында да қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Осы тапсырмаларды орындау бағытында Атырау облысы тұрғын үй құрылысын қарқынды түрде жүргізуде. Облыста 44 көпқабатты тұрғын үй құрылысымен қатар, өңірде 19 коммерциялық ұйымның тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Елбасы тапсырмасына сәйкес бір типті жер үйлерді салу бойынша 400 жер учаскесі бөлініп, 60, 120, 200 шаршы метр болатын 3 типті 60 үй салынуда. Қосымша 440 жер учаскесін бөліп, үй салу үшін ЖСҚ жасақталуда. Облыстағы тұрғын үй құрылысы өз қарқынынан таймайды. Атыраулықтар да «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары арқылы тұрғын үйге қол жеткізу үшін бағдарламаның тиімді тетіктерін тауып, белсенділік танытуда», - деді облыс әкімі.
Ақмола облысы
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Көкшетауда 90 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Боровской шағын ауданында өткен салтанатты шараға аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, шаңырақ иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Аймақ басшысы осынау игі істі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап өтті. «Бүгінгі күні пәтерлі болу кез келген адамның арманы. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан облыс орталығында бүгінгідей жаңа көп қабатты үйлер көптеп бой көтеріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындар қатарының көбейе түсетіндігіне сенім мол. Биылғы жылдың өзінде Көкшетау қаласы бойынша барлығы 170 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1700 адам баспаналы болды», - деді М.Мырзалин құттықтау сөзінде.
Жылу өткізбейтін панельден салынған 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын «Регион строй» ЖШС жүзеге асырған. Құрылыс компаниясының басшысы Александр Дворцевойдың айтуынша, құрылыс материалдардың барлығы жерілікті өнімдер. Жобаның құны 908 миллион теңге болса, оның 530 миллион теңгесі несиеге алынған да, қалған 378 миллион теңгесі серіктестіктік өз қалтасынан салған. Баспаналы болғандардың басым бөлігі «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар.
Ақмола облысында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 171 несие мақұлданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Омарова айтты.
«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы ақмолалықтардың қызығушылығын арттыруда. «Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның барлық аймақтарынан 55 миллиард теңге сомасына 4657 өтініш келіп түскен. Оның ішінде банктер тарапынан барлығы 36 миллиард теңгеге несие мақұлданған. Аймақтар бойынша айта кетсек, Алматы, Астана және Маңғыстау облыстары көш бастап тұр. Бағдарлама қарқыны Ақмола облысында да жаман емес. Ақмола облысы бойынша бойынша 1,98 миллиард теңге сомасына 222 өтініш келіп түсті. Оның ішінде барлығы 1,5 миллиард теңгеге 171 несие мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы республикадағы 17- өңірдің ішінде 5-ші орында тұр», деді Г.Омарова.
Сонымен қатар, банк басшысының орынбасары «7-20-25» бағдарламасы тек пайдалануға берілген, бастапқы жаңа үйге ғана ипотекалық несие беретінін атап өтті.
«Қазіргі кезде жеке құрылыс компаниялары салған дайын үйдің санына қатысты қиындықтар бар. Оның басты себебі, құрылыс компаниялары үйдің құрылысы 90 пайызға орындалған кезде, яғни, құрылысы толық аяқталмай жатып оны сатып жібереді. Сол себепті, біз де өз тарапымыздан тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында аталмыш бағдарламаға толықтыру енгізілді. Осыған орай, «Баспана» ипотекалық ұйым әкімдіктерге «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 150 миллиард теңге бөлуді көздеп отыр. Бөлінген қаржы револьверлік принциппен 2 жыл сайын қайта айналып отырады. Қазіргі кезде бұл жүйе бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде әкімдіктер жұмыс істеуде. Сондықтан, қаржыландыру механизмін жүзеге асыруда қиындықтар болмауы тиіс», - деп сөзін түйіндеді Г.Омарова.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана рәсімдеу сәтті жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Жамбыл облысындағы филиалының директоры Евгений Шарыгин мәлімдеді.
«7-20-25» бағдарлама кезекке тұрып, күтудің қажеттілігі болмауымен ұтымды. Әркім құрылыс салушыны өзі таңдайды, тұрғын үйді өзі табады, банкке жүгінеді және ары қарай ипотеканы рәсімдейді. 2018 жылғы 25 қазандағы мәлімет бойынша, елімізде аталған бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктермен жалпы сомасы 47 194,2 млн теңгеге 3 989 өтініш қабылданған», - деді банк директоры.
Оның ақпаратына сәйкес, соның ішінде 31 806,8 млн теңгеге 2 658 өтініші мақұлданған. «Жамбыл облысы бойынша қазіргі уақытта банк филиалдарымен 407,7 млн теңгеге 51 өтініш қабылданып, 284,8 млн теңгеге 33 өтініш мақұлданды», - деді Шарыгин.
Қостанай облысы
Қостанай облысында «7-20-25» бағдарламасы аясында 45 өтініш мақұлданды. Жыл соңында өңір басшысы Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуы барысы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде айтып өтті. Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Қостанай облысының 2018 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті.
«Облыста 2000 студентке арналған 5 жатақхана құрылысы жоспарланған. Шағын кредит беруді кеңейту үшін 4,1 млрд. теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта сомасв 2,8 млрд. теңге тұратын 772 шағын кредит мақұлданды», - дейді ол.
Сондай-ақ, Қостанай облысында тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударып отыр. Жыл басынан бері 17,0% өсімімен 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«7-20-25" бағдарламасының шеңберінде 58 өтініш қарауға келіп түсті, олардың ішінде 45 өтініш мақұлданды. Бастапқы жарналарды жеңілдететін ипотека бойынша ішінара субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен 83,7 млн. теңге бөлінді. Жалпы алғанда, жыл қорытындысы бойынша 352 несие беру жоспарлануа», - дейді облыс әкімі.
Түркістан облысы
Президент күні қарсаңында 120 кентаулық баспаналы болды. Кентау қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, үй кезегінде тұрған азаматтарға баспананың кілтін тапсырды.
«Елбасымыз халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін ірнеше бағдарламаларды іске қосты. Атап айтсақ, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары қазақстандықтарға шарапатын тигізуде. Оған бүгін сіздер де куә болып отырсыздар. Мұндай қуаныштар мұнымен шектелмейді. Үй кезегінде тұрған барлық азаматтар кезең-кезеңімен баспаналы болады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған нысандардың жалпы жобалық - сметалық құны 898 млн 686 мың теңгені құрайды. «Стройсервис XXI» ЖШС 5 қабатты ғимараттардың құрылыс жұмыстарын 2017 жылы бастаған.
Айта кетер болсақ, жыл соңына дейін 2 қабатты 5 қызметтік үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 2019 жылы Кентау қаласында қосымша 60 пәтерлі 5 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады. Жалпы 300 пәтер болатын жобаның сметалық құны 2 175 млн теңгені құрайды.
Павлодар облысы
«7-20-25»: Павлодарда 16 үй берілді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы мен шілде айында іске қосылған «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасының нәтижелері туралы айтты.
«Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірде 9 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалаларда тағы да 5 несиелік және 2 арендалық тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 160 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді өңір басшысы.
Павлодар облысының әкімі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы тұрғындарға өз баспанасына ие болуға қосымша мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. «Бұл бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктерге тұрғындардан 38 өтініш келіп түсті, олардың 16-ы қанағаттандырылды. Жаңа бағдарламаны белсендіру үшін өңірде медициналық қызметкерлерге 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттары беру арқылы бастапқы жарнаны субсидиялауды енгіздік», - деді Болат Бақауов.
Облыс әкімінің баяндамасында 7-20-25» бағдарламасымен өңірде 282 пәтер сатылымға ұсынылғанын, олардың 102-і – Павлодар қаласында, қалған 180 пәтер Екібастұз қаласында орналасқаны жазылған.
Айта кетейік, Екібастұз қаласында пәтердің әр шаршы метрі 135 мың теңгеден 100 мың теңгеге арзандады. Әзірге 110 адам баспана алуға ниеттеніп отыр. Баспаналарды Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үлестіреді.
Солтүстік Қазақстан облысы
Өз жолдауында Мемлекет басшысы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды. Солтүстік Қазақстан облысында бюджеттік сала өкілдері үшін ипотеканың қолайлылығы артпақ. Жиында айтылғанындай, жергілікті бюджеттен алғашқы жарнаның бір бөлігін субсидиялауға қаражат бөлінеді. Қазір облыста 2011 пәтерге шақталған 16 тұрғын үй салынып жатыр. Биыл 10 көпқабатты баспана халық игілігіне беріледі. 2019 жылы 1500 пәтерлік 12 үй бой көтереді.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша, бюджеттік сала мамандарын баспанамен қамту мақсатында жыл соңына дейін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөліп, бастапқы жарнаны 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайтамыз. Бөлінген қаражат шамамен 200-300-дей адамның несиесін субсидиялауға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Құмар Ақасақалов.
Петропавл қаласының тұрғыны Санат Есмағұлов – бюджеттік салада қазмет етеді. Мектеп мұғалімі күтпеген жаңалықты қуана қабылдағанын айтады. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы алғашқы жарна сомасының екі есе азайтылуы әзіресе жас отбасыларға баспаналы болға мүмкіндік сыйлайтынын айтады.
«Баспаналы болу шарттары жеңілдей түскеніне қуаныштымын. Мәселен, Петропавл қаласынан 10 млн теңгенің пәтерін алатын болсам, бюджеттік саланың қызметкері ретінде алғашқы жарна мен үшін 1 млн теңге болады. Бір отбасында екі адам жұмыс істесе, бұл соманы жинауға болады. Әрине оған да үнемшілдік керек. Соңғы жылдары Қазақстанда жылжымайтын мүлік қолжетімді бола бастады. Соның дәллелі ретінде таныстарымның, достарымның арасында баспаналы болып жатқандар көбейгенін айтқым келеді», - дейді педагог.
Шымкент қаласы
Шымкентте жаңа жыл қарсаңында «Жас отау» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге келген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жеті қабатты 4 тұрғын үйдің «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынғанын атап өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бағдарламасын іске асыру аясында жүзеге асып отыр. Бүгінгі күні 224 отбасы баспаналы болса, олардың 15 жанұя «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлерге қол жеткізген.
«Елбасының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес Шымкентте биыл 9 791 пәтерлі үйлер салынды. Жыл соңына дейін қаламызда 40 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мұндай қуанышты жаңалық біздің қаламыздың тарихында болмаған. Жалпы, қала аумағында 184 үй салынуда. Бұл біз үшін өте үлкен көрсеткіш»,- деді әкімі. Қала басшысы сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 130 адам өтініш бергенін атап өтті. Олардың арасында 90 өтінішті банктер мақұлдап үлгерген. Алдағы уақытта тағы 100 отбасы жаңа бағдарламамен баспаналы болады деп күтілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен 68 үйдің құрылысы жүріп жатса, оның 13-і жыл соңына дейін тапсырылмақ.
Алматы қаласы
Алматыда «7-20-25» аясында 900 жуық пәтер несиесі мақұлданды. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.
«Алматы қаласы аса ірі қаржы-экономикалық, іскерлік, сонымен қатар, мәдениет пен өнердің, спорт пен руханияттың орталығы ретінде үнемі Елбасы назарында. Биылғы жылы Мемлекет басшысы Алматыға арнайы ат басын бүрып, шаһарымыздағы жаңа кәсіпорындармен, жүйелі түрде қайта жаңғыртылып жатқан қала орталығымен, Алматы бас жоспар институтының жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Елбасының ұдайы қолдауы арқасында Алматыда тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсм қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың 9 айында экономикалық өсу 3,5% артты. Өнеркәсіптік өнім көлемі 3,8%, құрылыс 5,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру 15,5%, инвестициялар 18,5%, оның ішінде шетелдік инвестиция 21,6% артты», - деді Байбек.
Қала басшысы атап өткендей, Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Бес әлеуметтік бастама» мемлекеттік бағдарламалары аясында тұрғын үй құрылысы жұмыстары оңтүстік астанада үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биылғы жылы 4800 отбасы жаңа пәтер алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20% арты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 4200 жұмыс орны құрылып, 28 әлеуметтік тұрғын үй және 2 мектепке қосалқы ғимарат салынды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша республика көлемінде келіп түскен өтініштердің 30% астамы Алматы қаласына тиесілі. Соның жартысы, яғни жалпы сомасы 10,9 млрд теңге болатын 843 пәтер несиесі мақұлданды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың соңына дейін бағдарлама талаптарына сәйкес келетін 600 астам пәтер пайдалануға берілмек», - деді Бауыржан Байбек.
Астана қаласы
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ ол аталған Кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен Мәулен Әшімбаев пен Кеңес мүшелері «Millennium Park» тұрғын үй кешенінде болды. Себебі, онда «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған отбасылары тұрады. Солардың бірі жас отбасы Азамат пен Жанар Астанаға Балқаш қаласынан көшіп келген. Бір жыл бойы пәтер жалдап тұрған олар, мемлекеттік бағдарлама арқылы өз пәтерлеріне қол жеткізгендеріне ерекше қуанышты. Олардың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ай сайынғы төлем пәтер жалдаған кездегі ақыдан аспайтын көрінеді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жас отбасын құттықтап, бұл Елбасы бастамаларының нақты нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ ол бес әлеуметтік бастамада көтерілген мәселелердің барлығы Астана үшін өте өзекті екеніне назар аударды.
«Астана – еліміздің бас қаласы. Уақыт өткен сайын жан-жақты дамып, тұрғындар саны да артып келеді. Бүгінде елордамызда 1 миллионнан астам халық тұрады. Сондықтан Астана үшін баспана ең өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бұл мәселені шешуге және қазақстандықтардың өз баспаналарына қол жеткізуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Сол себепті бағдарламаға халық, соның ішінде астаналықтар көбірек қатысып, мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған бағдарламаның құрылыс өндірісінің жаңаша қарқын алуына да жол ашқанын, сол арқылы ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырғанын тілге тиек етті.
«7-20-25» бағдарламасының операторы «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдеден бастап Астанада жалпы сомасы 12,7 млрд. теңгені құрайтын 840 өтінім қабылданған. Оның ішінде 8,8 млрд. теңгені құрайтын 584 өтінім мақұлданды. Бұл шамамен бүкіл еліміз бойынша қаралған және мақұлданған өтінімдердің үштен бір бөлігі.
Студенттерді жатақханамен қамту да Астана үшін аса маңызды мәселе екені белгілі. Тіпті бүгінде елордада жоғары оқу орындары мен колледждердің 16 мыңға жуық студенті жатақханаға мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін қалалық әкімдік ЭКСПО халықаралық көрмесінен кейін бос қалған хостелдерді уақытша жатақхана ретінде пайдалануды қолға алған. Бұл әрине пилоттық жоба. Яғни алдағы уақытта жаңа жатақханалар салынады. Бірақ соған дейін студенттер осындай орындарда тұрмақ.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай қадамның тиімді екенін айтты.
«Жатақханаға айналған хостелдерде студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан осындай қадамды студенттерді жатақханамен қамтудың нақты әрі тиімді жолы деп деп айтуға толық негіз бар. Тіпті Астананың бұл тәжірибесін басқа да өңірлерде қолданудың берері мол деп есептейміз. Осылайша Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бас қаламызда сәтті жүзеге асырылуда. Бастамалардың әрі қарай да уақытылы және сапалы орындалуы үшін «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бақылау жұмыстарын жалғастыратын болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының басқа да бағдарламалары мен бастамаларының жүзеге асырылуына партия өз үлесін қосады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Жұмыс сапары барысында аталған топ Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетіне барды. Негізі 1957 қаланған оқу орнының құрамында 12 – оқу корпусы, 314 – аудитория, 220 – мамандандырылған оқу-әдістемелік зертхана, 64 – компьютерлік сынып, 14 – қоғамдық тамақтану орны және 7 жатақхана бар. Бүгінде мұнда еліміздің әр өңірінен келген 12 881 студент білім алуда. Сондай-ақ университеттің 2012 жылдан бері «ТОП 800» әлемдегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының қатарына енетінін атап өткен жөн.
Айта кетейік, осы жылдың 5 наурызында өткен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауды және халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді «Нұр Отан» партиясына тапсырған болатын.
Бұл жөнінде Елбасы: «Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді. Халық пен бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды. «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады», – деген еді.
Дәстүр журналы
Алтынбек Құмырзақ
Бөлісу: