Қазақстандық филантроп қазақ студенттерін Вьетнамға тәжірибе алмасуға жиі жіберуді ұсынды
31.08.2017 2427
Меценат Оралбек Ботбай қазақстандық студенттерді Вьетнамдағы ең ірі қала Хошиминге тәжірибе алмасуға жиі жіберуді ұсынды.

Филантроп, профессор Оралбек Ботбай қазақстандық студенттерді Вьетнамдағы ең ірі қала Хошиминге тәжірибе алмасуға жиі жіберуді ұсынды. Бұл туралы ол ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Вьетнамның Мәдениет, спорт және туризм министрі Нгуен Транг Кханмен болған кездесуде айтты.

Меценат сондай-ақ, Вьетнамның Қазақстандағы елшісі Доан Тхи Суан Хиенмен бірге екі ел арасындағы мәдени және әлеуметтік байланыстарды дамытуға атсалысып келеді. Енді Қазақстан мен Вьетнам елдерінің достық қатынасын нығайту үшін білім саласында да бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар ол логистика, тау-кен өндірісі, ауылшаруашылық, фармацевтика және өзге де инвестициялық салаларда екі ел арасындағы байланысты күшейтуге атсалысып отырғанын мәлімдеді.

Айта кететін жайт, О.Ботбай өткен жылы Вьетнам Елшісі Доан Тxи Суан Хиен xанымның Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жасаған ресми сапарларына қолдау танытқан болатын. Сол уақыттан бері туризм, құрылыс бағытында біршама жұмыстар атқарып, біріккен білім ошақтарын ашуға да ниет танытып отыр.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білімнің салтанат құруы атап көрсетілген. Алдағы уақытта Вьетнам елімен логистика, сауда, тау-кен өндірісі және инвестиция бағыттарынан бөлек, білім саласы бойынша да байланыстарды арттыруды ойлап отырмын. Жоғары білімімен және алғыр қасиеттерімен көзге түскен қазақстандық студенттерді техникалық және гуманитарлық салада білімдерін жетілдіру үшін Хошимин қаласына тәжірбие алмасуға жиірек жіберу жоспарымда бар», - деді Оралбек Ботбай вьетнамдық министрмен болған кездесуде.

Сондай-ақ, Вьетнамдық министр Нгуен Транг Кхан мен Елші xаным және филантроп О.Ботбай ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұxамедиұлымен кездесіп, екі тарап өзара мәдени байланыс мәселелерін талқылады.

Вьетнам Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылы 27 желтоқсанда алғашқылардың бірі болып мойындаған ел. Жалпы, Вьетнам Социалистік Республикасының инвестиция саласындағы әлеуеті зор. Мәселен, 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 329,5 млн. АҚШ долларын құраған.

29 тамыз күні Астанада Вьетнам елшілігі ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Вьетнам павильонының Бас комиссары Нгуен Транг Кханның қатысуымен ұлттық күндерін ұйымдастырды. Аталған шараға қоғам және мемлекет қайраткерлерімен қатар, дипломаттар да қатысып, екі елдің өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.