Қазақстандағы Президенттік институт
26.09.2013 1885
Заман талабына сай демократиялық өзгерістермен қатар, өркениетті қоғамға қадам басқан еліміз өзінің тарихи таңдау жолына түсті.

Әлемдегі әрбір елдің өзіндік жүріп өткен жолы мен тарихы бар. Олардың барлығы мемлекеттің құрылуы мен қалыптасу үдерістерін басынан өткерген. Мәселен, АҚШ Франция елдері де өркениетті қоғамға сәйкес «Президенттік билік институтын» құрып, саяси модернизация жасаған. Ал, біздің елімізде «Президенттік билік институты» қашан құрылды және заманауи талаптарға сай қалай жасақталып дамыды деген мәселеге келсек. Еліміз тәуелсіздік алар шақта уақыттың қойған талабына, заманның ағымына сай мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін құру және қалыптастырып дамыту қажет болды. Міне, дәл осы тұста Қазақстандағы саяси элитаның күрделі мәселені шешу міндеті қойылды.

Елімізде 20 жыл бұрын басталған демократиялық қайта құрулар, саяси жаңарулар нәтижесіне ел болашағы тәуелді еді. Сондықтан осы бағытта жасалған алғашқы қадам 1990 жылғы 24 сәуірде Президент қызметін енгізу туралы шешімнің қабылдануы десек қателеспейміз.

XX ғасырдың 90-жылдарындағы жаһандық үдерістердің тереңдей енуімен бірге дүниежүзінде орын алған жаңалықтардың бірі - кеңестік социалистік республикалар одағы (КСРО) ішкі құрылымдық шиеленістер бүкіл әлемдегі ауқымды өзгерістерді тездетті. КСРО-да азаматтардың бұрынғы кеңестіктердегі, яғни тұтас кейіптегі дағдыланып, аңыз болып келген көзқарасы, одақтас елдерге адамдардың өмірге деген бейімділігі, демократиялық құрылыс пен нарықтық экономикаға еркін бойлауы, бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі мен биліктің сайланбалылығы өмірдің барлық саласында қалыптаса бастады.

90-жылдардың ортасына қарай жалпы қоғамдық өмірде қайта құрулар орын алып, халық шаруашылығының барлық саласына жаңа өзгерістер ене бастады. Мұндай жаңа өзгерістерді Қазақстанның зиялы қауымымен бірге түңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев қабылдап жүзеге асырды. Сөйтіп, Қазақстан тарихының жаңа кезеңі басталды. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Даму стратегиясын ұлттық мемлекеттік ерекшеліктерімізді, саяси тарихымыз бен мәдениетіміздің өзіндік сипаттарын, кеңестік жүйеден қалған стеориотиптерді, этникалық дәстүрлерімізді, өркениеттік-мәдениеттік аямызды түгел ескере отырып, өзіміз анықтауымыз қажет» деуі,әр азамат санасында ел тағдырына, ел болашағына қатыстылық сезімін ұялатты.

КСРО-ның ыдырауымен бүгінгі Қазақстан тарихының жаңа беті ашылып, өтпелі кезең басталды. Осылайша егемендігін алған Қазақстан үшін тоталитаризм бұғауынан демократиялық қоғамдық құрылысқа өту басты міндет болып табылды. Сонымен, Қазақстандағы жаңарулар негізі - тәуелсіздігі мен егемендігі. Ал қоғамдық құрылысты модернизациялаудың басты өзегі демократиялық реформалар деп тұжырымдауымызға негіз бар. Еліміздегі өзгерістер ерекшелігі - төңкеріс арқылы емес, бейбіт, эволюциялық жолмен жүзеге асты.

Кезінде, 1991 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «...Біздің міндетіміз - адамзат жинаған тәжірибені ескере отырып, біздің республиканың көпұлтты халқының мүдделері мен ерекшеліктерін барынша ескеретін өз  жолымызды іздеп табу», - деп анықтауы Қазақстанның даму жолын таңдауында өзіндік рөл атқарғаны сөзсіз.

1990 жылы 25 наурызда өткен ҚазССР-інің 12-ші шақырылымындағы Жоғарғы Кеңесіне сайлау науқанында анық байқалды. Жоғарғы Кеңес сайлауына бұрын-соңды болмаған жоғарғы бәсекелестік тән болды. Осы аталған депутаттардың бірінші сессиясында 1990-шы жылдың 24 сәуірінде ұзақ пікірталастан кейін депутаттардың басым көпшілгінің қолдауымен «Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ ССР-інің заңы қабылданды. 1990 жылы 24 сәуірде жоғарғы Кеңесте заң қабылдағаннан кейін, Президент сайлауында жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі Н.Ә.Назарбаевты қолдап, 18-і қарсы дауыс берді. Нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті болып сайланды. Н.Ә.Назарбаевты бұл жоғарғы лауазымдық қызметке Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 21-ші пленумы бір ауыздан ұсынған болатын. Бірақ бұл кезеңде Президенттік институт туралы айту ертерек еді Тек Президент қызметі еңгізіліп, Президент Жоғарғы Кеңесі сайланды.

Президент мәртебесі мен өкілеттігін анықтау барысындағы келесі маңызды құжат - 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация. Декларацияда алғаш мемлекеттік билік бөлінісі жарияланды. Заң шығарушы билік - Жоғарғы Кеңесте, Президент-Республика басшысы және онда жоғары өкімдік-атқарушы билікті иеленді.

1991 жылғы 16 қазандағы Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VI-шы сессиясында Қазақ КСР Президентін сайлау туралы заң қабылданып, осы жылдың 1- желтоқсанында президенттік сайлау тағайындалды. Заңға сәйкес, Президентті сайлау жолы өзгертілді. Сөйтіп, 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының азаматтары қазақтың мыңжылдық тарихында тұңғыш рет өз Президентін бүкіл халық болып сайлады.

Қорытындылай айтсак, еліміздегі «Президенттік билік институты» өзіндік даму эволюциясын  басынан кешірді. Заман талабына сай демократиялық өзгерістермен қатар, өркениетті қоғамға қадам басқан еліміз өзінің тарихи таңдау жолына түсті.

Мәлімет БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.