Алма апортының тарихы
22.11.2018 5111

Алматы апортының тарихы адамның басын айналдыр­ғандай едi. Ол – араға миллиондаған жылдар салып, атаме­кенiне қайта оралған алма ағашының жемiсi. Жер шарын шыр айна­лып шыққан алма ағашы, ақырында, өз топырағын қайта тапқан. Ол алмалы Алматының айналасы болатын.

 1913 жылы Мәскеуде тарихтың төрiнен орын алған ұмытылмас оқиға болды. Жоғарыдағылардың жаңаша жүре алмайтыны, төмендегiлердiң ескiше тұра алмайтыны әлсiн-әлсiн хабар берiп жүрген кез. Патшалы Ресей тарихында ең соңғы үлкен той болып өттi. Романовтар әулетiнiң тұғырдан тай­май таққа отырғанына 300 жыл толған. Үш ғасырлық осы торқалы тойда қазақтардың төбесi көкке бiр елi жетпей қалды.

Әлемдегi ең үлкен империяны ғасырлар бойы уысында ұстап келген Романовтар әулетi ол кезде барлық құрметке лайықты едi. Патша ағзам өткiзген ұланасыр тойда жан-жақтан Мәскеуге келген сый-сияпатта шек болмады. Алайда, қазақ топырағынан барған тартудың орны бөлек болды. Ол кәдiмгi алма болатын.

Алма болғанда қандай! Атты кiсi аттан түсiп, жаяу жатып қарайтын едi. Алматы апортының даңқы осы сәтте бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрiп өттi. Тойға қазақ жерiнен 30-дан астам адам барған болатын.

– Бiздiң қазақтың үш жүзiнен барған ақсақалдар патша тойына Алматының апортын алып барған. Оның әрқай­сысының салмағы 1 килограмм200 грамм – 1 килограмм 300 граммнан шыққан едi. Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көрiп, Алматының алмасына таңқалысады. Небәрi 300 граммның айналасындағы өздерiнiң «Антоновка» сияқты алмаларын ғана көрiп жүрген жұрт риза болғаны соншалық: «Мұны бiздiң патшамыздың құрметiне «Александра» деп атайық» дейдi сол жерде. Сөйтiп, бiздiң Алматының апорты сол атқа ие болып шыға келдi. Негiзi, апорт алмалар Қыр­ғызстанда да бар, бiздiң елiмiзде де бар, басқа жерде де болуы мүмкiн, бiрақ нағыз апорт, өзiнiң топырағын тапқан апорт – Алматының апорты, – деген едi ғалым-биолог Құнанбай Ысмағұлов.

Алматы апортының тарихы адамның басын айналдыр­ғандай едi. Ол – араға миллиондаған жылдар салып, атаме­кенiне қайта оралған алма ағашының жемiсi. Жер шарын шыр айналып шыққан алма ағашы, ақырында, өз топырағын қайта тапқан. Ол алмалы Алматының айналасы болатын.

Әр нәрсенiң де отаны болады. Бұл орайда бiздiң қазақ мақтана алады, әлем ғалымдарының айтуынша, есте жоқ замандардан берi жасап келе жатқан алма ағашы басқа жерлерге о басында қазақ жерiнен барған. Оның мұнда, бiздiң аймақта өсе бастағанына 50 миллион жыл болды. Оны ғалымдарымыздың өздерi айтып отыр.

– Қазiргi Қазақстан жерiнде керемет алмалардың өсетiндiгiн қытайлар 1240 жылдан бастап жаза бастаған, сондай-ақ алма тұқымының осы жерден таралғанын да айт­қан. Ал, бiздегi жабайы алмалар осыдан 50 миллион жылдай бұрын да осында өскен, жер жүзiне осы өңiрден тараған. Жабайы алманы ешкiм қолдап, қорғап отырмайды, ол өзi дарвинизмнiң эволюциялық даму заңдылығындағыдай, өзiн-өзi сақтап, табиғи сұрыпталып, дамып жетiлiп, таралып отырған. Мұны бiздiң лабораторияда Ботаника институтының ғалымдары әлемдiк деңгейде зерттеп, дәлелдеп бердi, – дедi, әңгiме арасында марқұм, ҰҒА академигi, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиев бiздiң ғалымдарымыздың қол жеткiзген жетiстiктерi жайында.

Апортқа қатысты естен шығаруға болмайтын жәйттер де бар. Ол Алматыда әлiмсақтан өседi. Жалпы, Алматының та­ри­хын жақсы бiлетiн адам оның алмасы жайында айтпай тұра алмайды. Көне заманда Алматының «Алмалы» деп аталғаны да тегiн емес. Ал, оның бiр кездерi «Верный» деп өзгеруi патшалы Ресей зорлық-зомбылығының ғана айғағы болып қалғанын бұл күнде елдiң бәрi бiледi. Алматы апортының берiдегi тарихы да осы тұспен тiкелей байла­нысты. Оны сырттан келiп қоныстанушы келiмсектер өзде­рiмен бiрге қайта ала келген. Алайда, бұл әңгiменiң өзi жабайы алмадан бастау алады.

– Бiздiң жерiмiзде жабайы алманың 131 тұқымы бар, барлық алма түрi бiздiң жерден ғана тараған. Мынаған көңiл бөлу керек: Оксфорд университетiнен келген ғалымдар бiзбен бiрге бiр жыл жұмыс iстедi. Оларда, жалпы ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп есептеледi. Осында келiп, бiзбен араласып, менiң еңбектерiме қарап жұмыс iстегенде өздерi түсiндi, барлық сол 2500 сорттың бәрi осы Жоңғар, Iле Алатауының бойынан тараған, дамып жетiлген түрлер едi. Ал оны о баста бiрiншi тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте бiздiң Алакөлге келiп, Тарбағатай тауының Үржар маңындағы керемет өсiп тұрған алмаларды көрiп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестiрген емеспiн», деп жазып, дүниежүзiне мәлiм еттi. Ол алманың сорты, сөйтiп, сол кiсiнiң атымен аталып кеттi. Одан кейiн Қырғыздың жабайы алмасы, сосын қызыл алма – жабайы алманың осы үш түрi белгiлi болды. Ең қызығы – алма бiрiне бiрi ұқсаған жоқ, – деп қайырды академик ағамыз әңгiмесiн.

Алма туралы айтқанымызда, тiл ұшында оңтүстiк астанамыздағы Ботаника бағы тұрады. Өйткенi, алманың әрбiр жаңа сорттарының дүниеге келуiне осы ғылыми-тәжiрибелiк орынның ерекше қатысы бар. Жалпы, Ботаника бағында өсiмдiктiң 7 мың түрi өсiрiледi. Оның 450-i дәрi-дәрмек жасайтын, ал 400-дейi құрып бара жатқан өсiмдiктер.

– Бұрынғы кездiң өзiнде жоғары жақтан келген ғалымдар таңқалысып, «Оу, мынаны қайдан алғансыздар, бұл тiптi бiзде – Мәскеуде, Ленинградта жоқ қой» деп жататын. Шындығында, бiздiң Ботаника бағы үшiншi-төртiншi орын­нан түскен жоқ едi. Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларындағы Ботаника бақтары ғана бiзден сәл iлгерiлеу болатын, алайда оларда жоқ, олар қол жеткiзе алмаған өсiмдiктер бiздiң бақта жайқалып тұрды. Соның iшiнде алманың әртүрлi сорттары да бар. Сондай сирек кездесетiн өсiмдiктердiң бiрi, мысалы, спрянтус едi (тобылғы сияқты). Ол бiздiң Қаратауда ғана кездеседi. Бұл өсiмдiкке өз уақытында атақты Темiрлан қатты қызығып, арнайы қолға алып, Самарқандта өсiрмекшi болған. Ол туралы Борис Александрович Быков деген академик өзiнiң зерттеу еңбегiнде жазған. Осындай тағы бiр бағалы өсiмдiктiң бiрi, мысалы, Тянь-Шань шыршасы, яғни өзiмiз күнде көрiп жүрген шырша. Бұл бiзде көп болғандықтан, бағасын бiле бермеймiз, әйтпесе бұл Жерорта теңiзiнде өсетiн өсiмдiктерге қарағанда әлдеқайда бағалы. Оның ағашы, оның адамзатқа берiп отырған ауасы (кислород), тiптi, айта берсе көп. Басқасын қойғанда, одан алынатын спирттiң өзi бағалы болып табылады, қаланы көгалдандыру қолға алына бастаған кездерi Ботаника бағы алдымен осы ағашты көп отырғызуды қолға алып едi, – дедi, өз саласын жетiк бiлетiн биология ғылымдарының кандидаты Сабыр Тұрдиев Алматының айналасында, осындағы Ботаника бағында өсетiн өсiмдiктер туралы қызықты әңгiмесiнiң арасында.

Ал, алманың о басында қазақ топырағынан тарағанын бiздiң ғалымдарымыз дәлелдеп берген. Араға талай ғасырлар салып, бiр елден екiншi елге көшiп жүрген алма ағаштары Жер шарын шыр айналып шыққан. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай.

– Ол алдымен Еуропада өсiп, содан Ресейге келдi. Бiрақ ол жерде азғантай ғана сорттары болды ол кезде. Одан 1904 жылдардың айналасында елiмiзге келiп жатқан келiмсектердiң бiрi, өте ұқыпты шаруаның бiрi Редько деген кiсi Алматыға ала келген. Ол ғана емес, Моисеевтер отбасы да дәл осылай өздерiмен бiрге алма ағаштарының көшеттерiн ала келiп, Алатаудың бауырына отырғызған. Бұл жемiстер кейiн жақсы өнiм берiп, қып-қызыл, тәп-тәттi кәдiмгi Алматының апорты­на айналып шығады. 1913 жылы сол Романовтар әулетiнiң 300 жылдық торқалы тойына апаратын алмалар осылардың жемiсi едi. Алматының апорты мақтаныш үшiн, әрине, өте керемет жемiс. Басқа жақта дәл бұлай өспейдi. Бiрақ, шындығын айтқанда, оны күтiп-баптаудың қиындықтары өте көп. Оның толыққанды жемiс беруi үшiн белгiлi бiр шарттары мен тәртiптерi бар. Ол, бiрiншiден, биiк таудың басында, белгiлi бiр өзiне тән биiктiкте өскенде ғана нағыз апорт бола алады. Оның топырақты тез арада құнарсыздандырып тастайтын қасиетi тағы бар. Апортты өсiру үшiн осының бәрiн ойластырып отырмаса, түрi ұқсағанмен, өзi нағыз апорт болып шыға қоймайды. Шет елдердiң ғалымдары апортқа емес, бiздегi жабайы алманың сорттарына, соның тұқымына қатты қызығады. Өйткенi, бұлар – өзiн-өзi жаңартып, жасартып, жетiлдiрiп отыратын алмалар. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзiмдi, оның үстiне алманың жаңа сорттарын алуға өте қолайлы. Мысалы, Американың Канадамен екi арасындағы Невада штатының табиғаты аса қолайлы аймақ емес, суық жер. 43-45 градусқа дейiн суық болатын аймақ өзi. Сол жерге бiздiң алмамызды апарып егiп едi, бiздiң алмамыз өте мықты болып шықты. Жалпы, жаңа сорттар алу үшiн будандастыру мақсатында да бiздiң жабайы алмамыздың тұқымына қызығып жүрген ел көп, – дедi өз саласына қарай көбiрек ден қойған академик Аймақ Жанғалиев.

Әр нәрсенiң өз уақыты болады. Шет ел ғалымдарын қазiр апорт алмасы емес, жабайы алма қызықтыра бастады. Өйткенi, апорттың арғы атасы – жабайы алма. Мәселен, Америка ғалымдарының бiздiң ғалымдарымызбен он екi жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшiн 3 миллион доллар қаржы бөлуiнiң өзi осының айғағы. Бұл – алма тарихы одан ары жалғаса бередi деген сөз.