Тарихты тұлғалар жасайды
24.07.2014 2326
Жұмабек Тәшенев тәрізді тұлғалар туралы тарихи кітап жазу, олардың еліне, халқына сіңірген еңбегіне баға беру — аса жауапты іс.

Қазақтың біртуар азаматы, белгілі қайраткер Жұмабек Тәшенев туралы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Аяғанның редакциясымен «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көрген ғалымдар Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтың «Жұмабек Тәшенов» атты зерттеу еңбектері осы мақсаттан туған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тарапынан бекітіліп, «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан бұл еңбек кезінде тоталитарлық жүйеге қарсы тұрып, елінің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін күресіп, содыр саясаттың соққысына ұшырап, түрлі қиянаттарды бастан кешірген кесек тұлғаның қайраткерлік келбетін ашып, жас ұрпаққа оның кісілік парасатын, перзенттік адалдығын, азаматтық ірілігін, ұлтжандылығын үлгі етуді мұрат тұтқан.

Жұмабек Тәшенев тәрізді тұлғалар туралы тарихи кітап жазу, олардың еліне, халқына сіңірген еңбегіне баға беру — аса жауапты іс: Отан тарихы ғылымы бойынша зерттеу жұмысымен айналысушылардың ерекше мән беріп, кезең ақиқатын ашып, терең зерделенуге тиісті тақырыптардың бірі. Өйткені осындай ұлт қайраткерлерінің бейбіт күндегі ерліктері туралы әңгіме көп. Халық өзі сүйген перзентінің іс-әрекетін, аңызға, тіпті кейде ел тілегінің символына баланар ертегілік кейіпкерге айналдырып жіберетіні-де бар. Сондықтан мұндай зерттеулерде нақты айғақтық деректерге, құжат мәліметтеріне сүйене отырып, шындық пен әсірелеудің ара-жігі ашылып, тарихи бағасы берілуі шарт. Сонда ғана оның өмірі мен қызметі, тұлғалық болмысы жан-жақты қамтылып, ұлтжандылық қасиеті кеңінен ашыла түспек.
Қайраткердің кеңестік дәуірде қызмет жасаған уақыты өте қиын кезең болды. Ол соғыс алдындағы ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрді. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай жатып тылдағы халықтың ауыр еңбегін біргі бөлісті. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына басталған жер мәселесіндегі құйтырқы саясатқа қарсы тұрып, қаймықпай күресті. Елім, жерім дегені үшін үкімет басшылығынан алынып, облысқа қуылды. Бұдан кейін-де кеңестік жүйе тарапынан әділетсіз жасалған теперіштер аз болған жоқ. Бірақ мұның бір-де бірі оны мұқата алмады. Қазақ халқының қайтпас қайсар ұлы алған бағытынан қайтпады: билікке иілмеді, мансапқа сатылмады, перзенттік адалдығын, азаматтық ірілігін сақтап қалды.

Осы уақытқа дейін қазақ халқының осындай біртуар абзал азаматы жайлы арнайы зерттеу еңбектің жазылмай келгендігі ойланарлық жағдай. Тек ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ол жөнінде көзкөргендердің естеліктері мен газеттік шағын мақалалардан құралған бірнеше жинақ жарық көрді. Алайда олардың бәрі бірдей мұрағат деректеріне негізделмеген, ғылыми нақтылығы шамалы дүниелер еді. Сондықтан да авторлар тақырыптың зерттеулу аясын кеңейтіп, қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты мұрағат деректерін тауып, оларды кезеңдік мерзімдерге қарай жүйелеп, еңбектердің әрқайсысына жан-жақты тоқталып өтіпті.

Авторлар қайраткердің өмір жолы мен қызметіне қатысты мұрағат деректері бұрын жарық көрген мақалалар мен естеліктер жинақтарында пайдаланылмағанын ескеріп, өз зерттеулерінде мүмкіндігінше кеңінен қамтуға күш салып, деректердің құндылығы мен маңыздылығына мән берген. Сонымен қатар, қайраткердің бұрын жарияланбаған сөйлеген сөздері мен құжаттардағы қолтаңбалары да байқалады. Бұлардың халық қалаулысы болған азаматтың еліне сіңірген ерен еңбектерін айқындар нақты айғақтар деп білуге болады. Оларды ғылыми айналымға ендіру зерттеу еңбектің тақырыбын ашып, құндылығын арттыра түсуге көмектесері сөзсіз. Еліне адал қызмет жасаған қоғам қайраткерінің өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік, азаматтық қасиеттері жайында замандас, үзеңгілес достары, аға тұтып, қамқорлығын көрген азаматтар осы күнде-де сол бір қазақтың батыр ұлы туралы естен кетпейтін естеліктерін жариялауда. Олардың өзін мазмұн-мағынасына қарай бірнеше топқа бөліп, тарихи дерек ретінде қарауға болады. Мысалы: қайраткермен бірге қызметтес достарының естеліктері; ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан уақытындағы әріптестерінің жазғандары; туыстарының жазған естеліктері; әр кезде түрлі жағдаймен алдына барып, оның жанашырлық қамқорлығын көрген азаматтардың естеліктері және т.б.

Кітапта айтулы азаматтың болмысын жан-жақты ашып, қайраткерлік тұлғасын боямасыз шынайы көрсетуге септігі тиер дереккөздерін мүмкіндігінше молынан қамтып, оларды ғылыми зерде сүзгісінен өткізіп, сараптауға ерекше мән беріліпті. Түптеп келгенде, зерттеу еңбекке қойылған талап та осы болатын.

Кітап авторлары Ж. Тәшенев тұлғасын кеңес заманындағыдай біржақты мақтап дәріптемеген, елі мен жерінің тұтастығын қорғаған еш кемшілігі жоқ ертегідегідей батыр етіп те суреттемеген. Бұл арада Отан тарихын зерделеудегі жаңа концептуалды көзқарасты негізге алғандары байқалады: Жұмабек Тәшеневті соцализм тұсында оқып білім алған, тәрбиеленген, социализм идеясына сенген және сол қоғамға адал қызмет еткен қайраткер ретінде қарастырылып, болғанын болғандай әділ жазады. Мәселен, қайраткердің мінезіндегі кейбір кемшіліктерді (ұсынысын қабылдамаған сәтте қызуқандылықпен «бетің бар, жүзің бар» демей айтып салып ренжуі, кейін артық кеткенін түсініп кешірім сұрауы, кемшілігін төменнен сынағанда ауыр қабылдауы, т.б.) ашып жазулары соның бір дәлелі.

Бұған кітаптың 77-бетін ашсақ, тағыда да көз жеткіземіз. «Әрине, жұмыс болған соң кемшіліксіз болмайды. XVI ғасырда өмір сүрген неміс ойшылы М. Лютер «Сүйегі жоқ балық болмайтыны сияқты, кемшілігі жоқ адам да болмайды» деген екен. Сондықтан, авторлар: «Ж.А. Тәшенев осы облысты мінсіз басқарды, ешқандай қателік, кемшілік болмады, тек қана табыстарға жетуден тұрды деуден аулақпыз. Облыстық, республикалық жиындарда бұл қайраткердің атына кемшіліктер, талай сындар да айтылды. Мәселен, 1955 жылы облыстық партия активі жиналысында коммунист П. Г. Коломойцевтің „Ж.Тәшенев кейде сынға төзбейді“ деген пікірін Жұмабек Ахметұлы мойындаған», — деп көрсетеді.

Республика Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметін басқарған (1955–1961 жж.) уақытта Ж.А. Тәшенев республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қоса білді. Авторлар Қазақстан мүддесін қорғауға сол кезде басшылық қызметте жүрген орыс ұлты өкілдерінің де түсіністікпен қарап қолдағанын шынайы көрсете білген. Мәселен, Тың өлкесінің бюджетін, басқа да мәселелерін Қазақстан басшылығы емес, тікелей Мәскеуде шешуге Ж.А. Тәшенев қарсылық көрсеткенде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бірінші орынбасары Григорий Андреевич Мельниктің оны қолдағанын авторлар әділдікпен жазған.

Ж.А. Тәшенев республиканың Жоғарғы Кеңесіне басшылық еткен тұста Мәскеуден «Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс енгізіңдер» деген нұсқау келеді. Осы мәселе бойынша тәшеневтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия Мәскеудің бұл ұсынысын мақұлдамайды. Комиссия мәселені қарастыра келе, «Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді тиімсіз санаймыз» деген шешім шығарады. Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Л. И. Брежневке жіберіледі. Абырой болғанда Л. И. Брежнев Ж.А. Тәшенев төрағалық еткен комиссияның қорытындысына қарсы келмейді. Қайта қолдау білдіріп, «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдайды.

«1960 жылы қыстың қаттылығына жем-шөп жетіспей, елімізде малдар қырыла бастайды. Үкімет тізгінін енді қолына алған Ж.А. Тәшенев бар жауапкершілікті өз мойнына алып, мемлекеттік бөлінбес қордағы астықты аудан, облыстарға таратып береді. Бұл сол кезде Мәскеудің рұқсатынсыз Республика Премьер-Министрінің бассыздық әрекеті саналатын. Жұттың беті қайтып, көктем шыға осы ісі үшін жауапқа тартпақ болып, үкімет басшысын Кремль көсемдері шақыртады. Ленинград тұрғындары аштан қырылып жатқанда, С. М. Киров «мемлекеттік бөлінбес қорды» жұмысшыларға карточкамен таратқан. Осы үшін оның басы кеткен. КСРО тарихында содан кейін «мемлекеттік бөлінбес қорды» таратқан Ж.А. Тәшенев екен. Министрлер Кеңесінің Президиум залына кірген бетте Хрущевтің қасында отырған бірінші орынбасары Ф. П. Козлов:

— Одақтық қордағы астықты неге таратасың, Тәшенев? Рұқсатты кім
берді саған? — деп үстелді тоқпақтап, дүрсе қоя берді. Ж.А. Тәшенев те қайтпай, мінберге жетіп барып, Қазақ КСР-і Одақтың ішіндегі өз құқығы бар ел екендігін, өз байлығын қалай жұмсауды сол елдің үкіметі шешетіндігін дәлелдеп тойтарыс береді. Кеңес елі басшысының сенімді көмекшілерінің біріне қарсы одақтас республика өкілінің мұндай сөз айтуының өзі ерлік болатын.

Осы оқиғаның куәсі болған Белоруссияның Мәскеудегі тұрақты өкілі Қазақ КСР-інің Мәскеудегі тұрақты өкілі И. Шәріповтің қолын алып тұрып: «Мынадай отты Премьерді бұрын-соңды көрмеп едім. Өзі жас екен. Бұл жігіт не аспанға шығады, не көп ұзамай орнынан түседі» деген екен. Дәл осы күні «Мәскеу» қонақүйінде КСРО-ның құрамындағы одақтас республикалардың осындай қызметкерлері арасында осы жиынға қатысқан тағы біреуі: «Кеңес өкіметі құрылғалы бірінші рет мынандай үлкен жиында өз республикасының дербестігін айтқан сөз естілді. Енді көп ұзамай КСРО тарайды!» — деп, басқалардан сүйінші сұрағандай айтыпты.

Қазақ халқының жарқын болашағы үшін жанын аямай еңбек еткен Жұмабек Ахметұлын сол кездегі Кеңес Одағының құрамындағы одақтас республикалардың басшылары, жоғары лауазымды қызметкерлерінің көпшілігі білетін, құрметтейтін. Ж.А. Тәшенев басқа да ұлт республикалары басшыларынан қолдау тауып, олардан жеделхаттар, хаттар алып тұрған.

КСРО басшысы Н. С. Хрущев «Тың өлкесін» Қазақстан құрамынан алып Ресей Федерациясына беру туралы ұсынысты республиканың басшы қызметкерлері негізінен қолдағанын айтып, осы мәселе жайлы Ж.А. Тәшеневтен пікірін сұрайды. Жұмабек Ахметұлы бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсы екенін батыл айтады. Егер Қазақстан басшылығының, халқының қарсылығына қарамай қазақтың жерін бөлшектейтін болса, өзінің халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беретінін мәлімдейді. Осындай табанды қарсылыққа кездескен Н. С. Хрущев Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен санасуға мәжбүр болып, алғашқы ойынан қайтады. Бұл сталиндік зұлматтан кейін еңсесі түскен халықтың ұлттық рухын оятқан ерлік оқиға болды.

Авторлар Ж.А. Тәшеневтің қызметінен қашан, қай жерде босатылғаны туралы нақты дерек береді. Ел арасында «Хрущев Тәшеневті Целиноградқа келген сапарында, жоқ, Мәскеуде Кремльге шақыртып, қызметінен алыпты» деген алып-қашпа сөздер кездесетін. Кітап авторлары мұрағат деректеріне сүйене отырып, Мәскеу басшылығы Ж.А. Тәшеневті қазақстандықтардың қолымен Алматы қаласында қызметінен босатқанын дәлелдейді.

Танымал тұлға туралы мінсіз, еш қатесіз кітап жазу өте қиын іс. Тұлғаға қатысты барлық деректерді бір қолға жинап алып зерделеу мүмкін емес. Авторлар кітаптың қорытындысында былай деп әділін көрсетеді:

«Қазақтың асыл азаматы туралы алдағы уақытта ғалымдар тарапынан терең зерттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Мысалы, қаржының тапшылығына байланысты біз тақырыпқа қатысты Мәскеу мұрағаттарындағы құжаттарға (соның ішінде, әлі-де құпиялық мерзімнің толық аяқталмауы да бар) қол жеткізе алмадық. Сондықтан оқырман қауымға бұл еңбекті „тәшеневтану“ саласындағы алғашқы еңбектердің бірі ретінде ұсынамыз».

Шынында да, Ж.А. Тәшеневтің республика басшылығындағы қызметінде кейбір білім, ғылым, мәдениет саласындағы оқиғаларға, оған қатысқан адамдарға қатысты берген бағасына, іс-әрекетіне қатысты мәселелерді анықтай түсу қажеттілігі байқалады.

Авторлар: «КСРО басшылығымен тайталаса жүріп, қазақ жері мен халқы үшін жасаған Ж.А. Тәшеневтің еңбегіне қазақ халқы мәңгілік қарыздар. Басқа ерліктерін былай қойғанда, егер сол кезде 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде, Қазақстан кемінде өз жерінің 1/5 айырылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан, халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру — бүгінгі ұрпақтың парызы», — деп түйіндейді.

Авторлардың кітапты жазуда таза ғылыми стильге бой ұрмай, қалың оқырман да қызығып оқитындай етіп жазуға ұмтылғандары байқалады.

Ия, тарихты тұлғалар жасайды. «Тұлғасыз тарих болмайды» деген белгілі шындық бар. Біз-де қос автордың бұл ұжымдық еңбегін отандық тұлғатану саласына қосылған зерделі еңбек деп қабылдаймыз.

"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, Жабай Қалиев, Мемлекет тарихы институты деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты