Соғыстан қайтқан солдаттар немесе Ұлы Отан соғысынан кейінгі қоғамдық-саяси өмір
06.03.2015 3371
Халық үшін Ұлы Отан соғысының салған жарасы тым ауыр еді. Күллі Қазақстан халықтары сияқты Сыр өңірінің тұрғындары да соғыс майданынан оралатын өздерінің жауынгер жерлестерін тағатсыздана күтті.

06.02.15

Жаңақорған ауданының өн бойынан өтетін темір жол бекетттерінен жерлестер, кешегі жауынгерлер соғыстан қайтқан солдаттар тиелген эшолондардан түсіп, елді қуанышқа бөлеп жатты. Алайда, ауданнан соғысқа аттанған 4949 жауынгердің 2289-ы майдан далаларында мәңгілік қалып, олардың туыстары мен, ағайындары қара жамылды. Мұндай жағдайда халық өзіне-өзі басу айтып, бір-біріне демеу болды.

Алайда, кеңестік насихат бұл соғыстың себептерін бүркемелеумен ғана шектелмей, адам шы¬ғынын барынша жасыруға тырысты. Мәселен, 1945 жылы И.Сталин 7 млн. адамды жоғалттық десе, 1961 жылы Н.Хрущев оны 12 млн.-ға өсірді, ал КСРО Қорғаныс министрлі¬гі¬нің 1991 жылғы мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысында 28 млн.-нан астам адам қаза тапқан. Ай¬талық, кейінгі деректер бойынша Кеңес мемлекетінің соғысқа дайын болмауы нәтижесінен 1941 жылдың мау¬сым-қазан айларында 3 млн. 900 адам неміс тұтқынына түскен. Бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сандар еді. Соғыс кезiнде Сталиннiң «Бiзде кеңес солдаты еш уақытта тұтқынға түспеуi керек. Бiзде тұтқындар жоқ" деген бұйрығы болды. Ал, 1941 жылы Сталинград түбiндегi шайқаста № 270 дейтiн бұйрық шықты [1]. Онда: «Фашистермен соғысып жатқан совет солдаттары егер тұтқында кетiп бара жатса, өзiн-өзi атып тастауы керек. Егер тұтқындалып кететiн болса, туған-туыстарының барлығы сотталады» делiнген. Ал, соғыс аяқталған соң кеңестік билік Германиядағы концлагерлерде болған отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді.
Бүкіл соғыс тарихында тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің саны 5 миллионнан асса, олардың 57 пайызы қаза тапқан. Соғыс тұтқындарының Отанына қайтып келгеннен кейінгі тағдыры да ауыр болды. 1943–1947 жылдарда 5,5 миллионға жуық соғыс тұтқындары мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар елге оралды. Олардың 20 пайызы ату жазасына немесе 25 жыл лагерьде жазасын өтеуге кесілді, 15–20 пайызы 5–10 жылға лагерьлерге жіберілді, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылды, 15 пайызы соғыста қирап қалған аудандарда ауыр жұмысқа салынды, бәрінен-де өз еліндегі құзырлы органдар тарапынан көрсетілген қорлыққа шыдай алмай талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншасы кеңестік концлагерьлерде із-түз¬сіз кетті. Тіпті, тұтқыннан қашып, өз «кінәсін» қанмен жуып, партизандар қатарында соғысқан жауынгерлерді-де сталиндік билік кешірмеді.
Солардың бірі Жаңақорған ауданы, «Ынтымақ" ауылының тұрғыны Сүлеймен Бекенов. 1942 жылы ол әскер қатарына алынып, майданды Харковь түбінде шайқастан бастады. Сол кезде 6, 9, 57-ші Кеңес армиясы жау қоршауында қалып, мыңдаған жауынгерлер, соның ішінде С.Бекенов те тұтқынға түсіп, фашистердің концлагерінде азапты көреді. Ол 1944 жылы неміс тұтқынынан қашып шығып, партизандарға қосылады. Алайда, сталиндік жүйе оны № 270 бұйрық бойынша соғыстан кейін 6 жылға соттап, Сібірге, Ухта қаласы маңына жер аударады, елге тек Сталин қайтыс болғаннан кейін 1956 жылы оралады[2]. С.Бекенов соғыстан кейін жазған «Қазақ тұтқыны» кітабында: «Соғыс неге керек, неге кінәсіз бірін-бірі танымайтын, қастан¬дығы жоқ адамдар біріне-бірі жау болып қырылысып жатыр» деген ішкі ойларымен арпа¬лы¬суы да заңды құбылыс еді. Жау тұтқынынан арып-ашып елге жеткен қа¬зақ тұтқындары өз елінде «жығылған үс¬тіне жұдырықтың" күйін кешті.
Соғыс кезінде тұтқынға түсіп, одан кейін партизандар қатарында жаумен шайқасып, кейін кеңес әскеріне қатарында фашизмнің ордасын талқандаған «Кеңес» ауылының тұрғыны Мұқан Асқаров та осы күйді басынан кешірді. 1949 жылы Кеңес армиясы қатарынан босап, елге келген М.Асқаровты 3 айдан кейін тұтқындап, «Отанын сатқан опасыз» деген жаламен 25 жылға соттайды. Көп азаптан кейін 1955 жылы ғана елге оралады. Әбдіғани Бадырақов та соғыс біткен соң 20 жылға сотталып, Сібірде кеңестік концлагерде болып, тек 1956 жылы елге оралды.
«Екпінді» колхозының тұрғыны Еспенбетов, Ағыбай да 1942 жылы Лозовая станциясы маңындағы шайқаста тұтқынға түсіп, 1944 жылы албан партизандары жағына өтіп, 1945 жылдың 15 қаңтарына дейін болып, неміс әскерлеріне қарсы соғысқан. Кеңес әскеріне қосылғаннан кейін 10 гвардиялық әуе десанты полкінде қызмет жасап, 1945 жылы қараша айында әскерден босанып, елге келген. Соғыс кезінде «Түркістан легионында болды», «Отанын сатты» деген айыппен 1950 жылы тұтқынға алынып, 20 жылға сотталды. 1955 жылы ғана, ақталып шыққан [3]. Дәл осындай тағдыр ержүрек партизандар-жаңақорғандықтар — А.Ержанов, О.Тойымбетов, Ж.Оразқожаев, Ж.Жүнісов, т.б. басынан өтті. КСРО өмір сү¬руін тоқтатқанға дейін олардың құқық¬тары шектелді, арнайы қызметтің қатаң бақылауында болды.
Соғыстан кейін Кеңестік идеологиялық өктемдіктің ауыртпалықтары — әлеуметтік-экономикалық өмірдің ауыртпалықтарынан кем болмады. Кеңестік жүйенің жазалаушы күштеу құрылымдары бұрынғысынша барлық қуатымен жұмыс істеп тұрды. Сталиндік арнайы жазалаушы құрылымдар тұрғындардың ғана емес, ауылдық, аудандық, облыстық партия, Кеңес орындары басшы қызметкерлердің үстінен қаһарын төгіп тұрды. Соғыс жылдары кеңес лагерлеріндегі сотталғандардың көпшілігі майдан далаларынан оралмаған соң «лагерь экономикасы» адамдардың аздығынан құлдырай бастады. Олардың орнын толтыру үшін «еңбек лагерьлерін» қайтадан толықтыру қажет болды. Сондықтан жоғарыдан әрбір облыстың аудандарынан қанша «халық жаулары» ұсталуы керектігі жоспарланды. Сондай «халық жауларының" бірі белгілі қоғам қайраткері Аралбаев Бекайдар Жантөреұлы еді. Бекайдар Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару Комитеті президиумының мүшесі, Түркістан Республикасы Ішкі Істер Халық Комиссары, 1924 ж. шілдеден Түркістан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы болып қызмет атқарған қоғам қайраткері. Оған 1933 жылы Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық әрекеттер жасады деген жалған айып тағылып, жазасын әуелі Карлагта, кейін Мордва жерінде Тамлагта жазасын өтеген болатын. 1945 жылы тұтқыннан босады. Алайда жазалаушы органдар Б. Ж. Аралбаевқа Қазақстанда тұруға рұқсат бермеді. Б. Ж. Аралбаев 1947 жылы бұрынғы тағылған айыптың ізімен қайта сотталып, Сібірге жер аударылды, кеңестік концлагерде қайтыс болды. Ол жайында Бекайдар Жантөреұлының жұбайы Сайыпжамал апайдың өз естелігінде былай дейді:-«…Соғыс біткен жылдың жазында Бегайдар мерзімі бітіп, елге оралды. Қазақстанға тұруға рұқсат болмаған соң Өзбекстанға бардық. Онда көзкөрген, қызметтес болған жолдастары әр түрлі лауазымды қызметтер ұсынып еді, ешқайсысына да бармады. Ташкенттегі Шыназ ауданында ферма меңгерушісі болып жүргенде 1949 жылы қаңтар айында бірден ұстап алып кетті. Хабарын білейін деп аудандық ішкі істер бөліміне барсам, ондағылар ештеңе білмейді. Сөйтсек, Қызылордаға алып кеткен екен, іздеп барып жолықтым. Оның „Күтуге үйреніп қалдыңдар ғой, көп кешікпей келермін, балаларға бас-көз бол“ деп сеніммен айтқан сөзіне иланып қала бердім»[4]. «Революцияға қарсы ұлтшылдық ұйымға белсене қатысқан» қылмысы туралы ісін қараған ОГПУ коллегиясының 1934 жылғы 29 наурыздағы және КСРО мемлекеттік қауіпсіздігі министрлігі жанындағы Ерекше кеңестің 1949 жылғы 3-тамыздағы шешімдерінің күшін жою туралы және қайтыс болғаннан кейін, ақтау туралы 1957 жылы қыркүйегіндегі КСРО Жоғарғы сотының алқасының шешімі негізінде Б. Ж. Аралбаев толық ақталды.
Соғыстан кейін халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым ауыр күйде болды. Ең қарапайым тұрмыстық заттар жетіспеді, азық-түлік жағдайы да сын көтермейтін. Оның үстіне соғыстан кейінгі жылдары кеңестік жазалаушы құрылымдардың да қаһарлы ызғары қайтадан сезіле бастады. Өзара сенімсіздік, абайлап сөйлеу, үрей билеушілік сол уақыттағы адамдардың күнделікті өміріндегі үйреншікті құбылыстар еді. Кеңестік негізгі мерекелер 7 қараша және 1 мамыр күндері көңілсіз жүргендердің үстінен жасырын «қара тізім» жасалды. Қажет деп тапқан жағдайларда ол «іске қосылды». Бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрлерді қолдану байшыл-феодалдық деп танылып, тыйым салынды. Бұл туралы Қызылорда облыстық ІҮ-партия конференциясында қаралып, арнайы қаулы қабылданды. Сол сияқты 1948 жылы 16 қаңтарда Жаңақорған аудандық бастауыш партия ұйымдарының жалпы жиналысында да осы мәселе арнайы қаралып, «. коллективте байшыл-феодалдық әдет-ғұрыптарды қолдануға жол бермеу, ондайлар сезіліп жүрсе олармен аяусыз күресу» туралы қаулы қабылдады [5].
Осы кезде ауданға күштеп қоныс аударылғандардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін реттейтін арнаулы жеке құқықтық актілері мен нормалары болды. Ол Кеңестік Халық Комиссариатының КСРО Халық Комиссарлар төрағасының орынбасары В. Молотов пен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің ісін басқарушы Я. Чадаевтың қол қоюымен 1945-жылы 8 қаңтарда қабылданған құжатынан белгілі болды. Бұл құжатта арнайы қоныс аударылғандардың құқықтық жағдайы белгіленді. Олар бақылаушы коменданттың рұхсатынсыз елді мекеннен ешқайда шыға алмайтын болды. Жер аударылғандардың тұрмыстық-тіршілігін жаңа қоныстанған жерлерінде халық комитетінің ішкі істерінің арнайы комендатуралары бақылауға алып, тәртіп бойынша жиі-жиі тексеріп отыруды әдетке айналдырды. Әрбір «өзім білемдік» тез арада ашылып отырды. Қоныс аударылғандар үш күн мерзім ішінде отбасындағы өзгерістерді баланың тууы, өлім, кеткен адамдар, ажырап қалған туысқандарымен табысу, емделу, тұрағының және жұмыс орнының ауысуы жайлы тағы басқа деректерді үнемі комендатураға хабарлауға тиіс болды. Олар өздері тұрған жерлеріндегі тәртіпке, күнделікті істелінетін істерге көңіл бөліп, қатаң бақылауға бағынулары керектін, өйтпеген жағдайда тәртіп бұзушы ретінде 100 сомға дейін айыппұл төлеп, 5 күнге дейін қамауға алынды. Жаңа жердің жағдайына, құқықтық ережелерге наразы болғандар қатаң қылмыстық жазаға тартылып отырды. 1946–1949 жылдары Төменарық ауылына қоныс аударылған Успанов Джамалды, Жаңақорған МТС-ның механизаторы Гагаев Ваха және т.б. азаматтар «кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізген» деген айыппен 10 жылға сотталған [3].
Қоныс аударушыларының балаларын мектепте оқыту қоныс аудару басқармасы мен ішкі істер бөлімдерінің комендатурасы арқылы жүргізілсе-де, соғыстан кейінгі уақыттардағы ауыр жағдайдан балаларды оқуға тарту мәселесі толық шешіле бермеді. Мектеп жасындағы балаларды оқуға қамту қиын жағдайда жүргізілді. Жаңа жерді материалдық қиындықтарға қоса бұған жер аударылып келген балалардың өз ана тіліндегі кластарды бітіргендері, жаңа ортада қазақ немесе орыс тілдерін білмегендігі және таулы аймақтан жер аударылған Солтүстік Кавказ халықтарының ұлттық-әдет ғұрыптары бойынша кейбір жағдайда балаларын басқа тілде оқуға тыйым салатыны әсер етті. Балаларды мектепте оқытуға шектеу қойылмаса да, жоғары білім алу жер аударылғандар үшін өте қиын мәселенің бірі болды. Мектеп бітірушілер өзі қалаған оқуларына бара алмады. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1952 ж. 28 мамырдағы № 12 хаттамалық шешімі бойынша жер аударылғандарды С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне, Алматы Заң, Қазақ кен-металлургия, денешынықтыру және педагогикалық институттар мен консерваторияға оқуға қабылдауға тыйым салынды. Жер аударылғандарды тек Қазақстанның ауылшаруашылық, зоотехникалық, медициналық, Шымкенттегі технологиялық институттарына және Алматыдан тыс, басқа жерлердегі мұғалімдік оқу орындарына шектеулі түрде ғана оқуға қабылдауға рұхсат етілді. Қызылорда педагогикалық институтына конкурсқа қатысуға 10 адам, ал түсуіне 5 адамға ғана рұқсат болды[6].
Алайда, бұл жылдары да халықтың еңсесі түскенімен, сынған жоқ, керісінше бейбіт өмірге құлшына кірісті.

С. Т. Тайман, т.ғ.к., доцент, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Р.Кәрімов. № 270 БҰЙРЫҚ немесе генералдар неге атылды?// Халық 06.03.2014
2. С. Бекенов. Қазақ тұтқыны; бас. ред. Б. Аяған. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. — 256 б.
3. Аза.2-ші кітап. Қызылорда облысы. Алматы-2008. Бас редактор Х.Ембергенов. «Зерде»
4.ҚОММ, 854-қор, 1-тізбе. 1-іс. 1–10 пп
5.ҚРПМ. 708-қ., 16/2-т., 91-іс, 112-113-пп
6. ҚОММ. 19-қор, 2-тізбе, 2-іс, 159-160пп