Тарихи сана - тәуелсіздіктің рухани тұғыры
27.08.2013 3404
Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арналған кітап ізімен


Жиырмасыншы жүзжылдықта қоғамдық сананың барлық қырларын тарихшылдықтың, яғни сананың тарихилануының жаулап алғаны соншалық, даулы да күрделі мәселелерімен ерекшеленетін тарих философиясы қызу пікірталастардың өзегіне айналды. Өйткені қазіргі заманның өз бойына әлеуметтік жадымен сипатталатын өткен шақты да, болашақты бағдарлаумен түсіндірілетін келер шақты да енгізетін осы шақты білдіретіні санаға сіңді. Мәуелі ағаштың тереңге бойлап, құнарлы топырақтан нәр алатын тамырынсыз жапырақ жайып көгермейтіні сияқты, жеміс бермейтіні сияқты қазіргі заман да өткеннің тарихынан тағылым алып, сабақтастығын сақтамаса келешектен күдер үзері сөзсіз. Оның үстіне, қазіргі әлемде қалыптасқан әлеуметтік-мәдени ахуал, адамның ментальдық болмысының дамуындағы қайшылықтар, рухани дамудағы келеңсіз құбылыстар, сондай-ақ жаhандық қаржылық, экономикалық дағдарыстың астарынан қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтыған рухани тоқыраудың бой көрсетуі – осы үдерістердің барлығы адамзат дамуының келешегін болжауға қатысты ғана емес, оның тарихына, тарихи санасы мен тарихи құндылықтарына қатысты да зерттеулерге деген қызығушылықты тудырады. Бүгінгі жағдай қоғамдық деңгейдегі болсын немесе жеке тұлғалық деңгейдегі болсын, арнаулы ғылыми немесе бұқаралық санадағы болсын тарихи сананың мәні мен маңызын, оның мазмұны мен құрылымын, қалыптасу тетіктері мен қызмет ету заңдылықтарын теориялық тұрғыда ашып көрсетуді қажет етеді. Тарихи сана – бұл бүгінгі ұрпақтың әлеуметтік жады. Әлеуметтік жады формасы жағынан әмбебап және мазмұны жағынан нақты болып келеді. Сондықтан да тарихи сана қашанда нақты- тарихи, әлеуметтік, ұлттық және индивидуалдық мазмұнмен тол- тырылады. Қазіргі кезеңде әлеуметтік жадының үш деңгейінде де – жаhандық деңгейінде, ұлттық деңгейде және жеке тұлғалық дәрежеде түбірлі өзгерістер болып жатыр: адамдық индивидуалдық деңгейде антропологиялық төңкеріс орын алды, әлеуметтік немесе этностық деңгейде ұлттық сана-сезімнің бұрын-соңды болмаған дүмпуі байқалды, ал жалпыадамзаттық деңгейде ақпараттық жаhандану үдерісін бастан кешіп отырмыз. Бұл өзгерістер, өз кезегінде тарихи сана мәселесін күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығарып отыр. Әлеуметтік-мәдени еспен сипатталатын тарихи жады немесе тарихи сана неғұрлым терең болған сайын адам да, тұтастай алғанда қоғам да рухани бай бо- лады. Бүгінгіні түсіну мен болашақты болжау үшін өткенді білу тарихи білімнің негізгі арқалайтын жүгі екендігі рас. Ал тарихи білім берудің мақсаты жан-жақты дамыған тұлғаның ойлау мәдениетінің қажетті компоненті ретіндегі тарихи сананың элементтерін адам бойында қалыптастырумен ұштасып жатады. Тарихи эрудиция – бұл тұлғаның рухани байлығы. Алдыңғы буынның жинақтаған әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне тереңірек енген сайын қазіргі адамның өмірлік және азаматтық ұстанымы да айқындала түседі. Тарихи білім адамның ғылыми дүниетанымының қалыптасуына, оның бойында адамгершілік мұраттардың егілуіне ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік, оның өткені мен бүгінін мақтан тұту патриотизм деп аталатын сезімдердің құйылысын тудырады. Бірнеше ғасырларды қамтыған отаршылдық нәтижесіндегі рухани күйзелістен кейін тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне жиырма жыл енді толып отырған Қазақстанның қазіргі жағдайында ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру ең көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Барлық ізгі рухани белсенділіктер басылып қалатын жағдайдан шығып, шынайы еркіндікке қол жеткізу қазіргі жаhандастырудың қатаң бәсекелестігі жағдайында саяси, әлеуметтік-экономикалық дербестікпен қатар, рухани тәуелсіздікке ие болуды да қажет етеді. Бұл үшін замана ағымына лайықты сырттан енгізілген соңғы, бірақ барлық руханилықтан жұрдай жалаң технологияларды енгізу жеткіліксіз, мәңгүрттік және маргиналдық жағдайдан арылу үшін ұлт тәрізді күрделі жүйенің қалыпты өмір- қамын қамтамасыз ететін төлтума тарих пен мәдениеттің өзегін құрайтын ұлттық дүниетанымды, рухани қайнарларды қайта қалпына келтіру арқылы қоғамның өзіндік тарихи санасын қалыптастыру керек. Тарих өткен шақпен, адами жадымен және әлеуметтік еспен байланысты болғандықтан, бұған төл тарихты тану арқылы қол жеткізуге болады. Яғни ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын іргелі құндылықтарды – адамдарды рухани тұрғыда оятатын ана тілі мен дәстүрді жаңғыртумен қатар, халықтың тарихи өткенін толығы- мен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи өзіндік сананы қалыптастыру тәуелсіздіктің рухани тұғырын құрайды. Кеңес дәуіріндегі жетпіс жыл бойы халқымыздың өзіне лайық тарихы тұмшаланып айтылмай келгені, айтылса да саясаттың ыңғайына қарай бұрмаланып, теріс түсіндіріліп келгені белгілі. Шынайы тарихи дамуды түсіндіру амалдары маркстік-лениндік әдіснамаға сай, тап күресін таңумен сипатталды. Кезінде тек еуразиялық аймақтың дамуына ғана емес, әлемдік дамуға да өзіндік ықпалын тигізген Қазақстан мен Орталық Азиядағы үш мыңжылдық көшпелі мәдениет еуроорталықтық көзқарастағы әдебиеттерде алғашқы қауымдық, жабайылық ретінде қарастырылып, ұлттық тарихтағы өркениеттік, мемлекеттік дәстүр жоққа шығарылды. Қоғамдық және мәдени дамудың батыстық үлгіден түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақстанның Ресейге кіруінің себеп-салдары асыра дәріптелді, оның отаршылдық саясатының астарлары бүркемеленді. Қазақ халқының әлеуметтік және мәдени тарихына деген нигилистік көзқарас қалыптасты.

Осы себепті тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, ұлттық тарихи өзіндік сананы түлету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналды және бұл отандық тарих ғылымына ғана емес, философияға да зор міндеттер жүктейді. Кез келген қоғамдық ғылымдардың өзінің пайда болуы, қалыптасуы мен дамуы, яғни тарихы болатындықтан, олардың іргетасын құрайтын тарих ғылымы бұрмалаушылықтан, үрдісшілдіктен, бұра тартушылықтан, апологетикадан тазарып, объективті айғақтар мен дұрыс хронологияға сүйенгені дұрыс, ал оған философия ғылымы үнемі дүниетанымдық нәр беріп отыруы тиіс. Адамды әлемнің ғылыми кескінінен тысқа шығарып жіберетін рационалдылықтың классикалық типінен бас тартқан қазіргі ғылым интеграциясы пәнаралық синтезді қажет етеді. Нақты тарихи айғақтар мен ғылыми мәліметтерге негізделе отырып, тарихи үдерістердің даму қисыны мен заңдылықтарын тарих философиясы зерттейді. Зерттеу тақырыбы мейлінше күрделі осы мәселемен айналысатын бұл ғылым саласына келер болсақ, батыстық гуманитаристикамен салыстырғанда, кешегі кеңестік жүйенің де, біздің республикамыздың да қоғамдық ғылымдары кенжелеп қалғаны рас. Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірінде тарихи  сананы жаңғыртып қалыптастыру тәрізді маңызды міндетті іске асыруда біздің мемлекетіміз бірқатар маңызды іс-шараларды атқарды. Қызыл қырғын мен жаппай қуғын-сүргіннің алпыс жылдығына орай- ластыра отырып, 1997 жылдың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жариялануы, келесі 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп аталуы, ғасырлар тоғысындағы 2000 жылдың «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануы, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде тарихи әділет үстемдік алып, зерде жаңарып, сана сауыққандай болды. Төл тарихымызды, елдік дәстүр, халықтық тағдыр-талайымызды танып білуде, ескерткіш мұрағаттарымызды жинастыру мен сараптауда біраз жетістіктерге қол жетті. Жинақталған мәдени мұра мен рухани қазынаның дәнін тауып, сөлін сүзіп ұлттың кәдесіне жарату зия- лы қауым мен ғылымдарға жүктелетін шаруа. Бұл маңызды да өзекті мәселеге Қазақстанның елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да қалам тартып, көлемді еңбектер жазғаны белгілі, оның ішінде «Тарих толқынында» кітабын ерек- ше атап өтуге болады. Бұл еңбекте халқымыздың тарихи өзіндік санасының ерекшеліктеріне мынадай баға берілген: «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі – оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды»  [1, 28 б.]. Біз бұл еңбекте қазақ халқының тарихи санасының қалыпта- суын тәуелсіздік идеясымен байланыстырып отырмыз, өйткені кез келген халықтың тарихи өзіндік санасындағы қатпарлы ақиқаттарда туған жерді, ата мекенді немесе отанды жатжерліктерден қорғап, еркіндікті сақтап қалуға қатысты тарихи уақиғалар мәңгіге орын алып қалады. Тәуелсіздік түсінігі әрбір халық үшін мейлінше қастерлі ұғым болып табылады. Оның тағлымы терең астарларын тарихтың қойнауы нан, ата-бабамыздың өткенінен, оның сан ғасырлық арма- нынан із де ген жөн. Сонау сақ заманынан немесе әлімсақтан бері ата қонысты парсылардан, түркілердің жужандардан қорғаудан, бертінде қазақ хандығының тұтастығын сақ таудан, оның ішінде жоңғарлармен, қоқандық тар мен, ресейліктермен болған шайқас- тардан осы тәуелсіздікке де ген ұмтылысты байқаймыз. Ұлт-азаттық күрес тарихынан бір Ресей отаршылдығының өзіне қарсы 300-ге жуық көтерілістер белгілі. Ақы рында «ақтабан шұбырындыдан» асып түскен «қызыл қырғынды» бастан кешіп барып, ата-бабамыздың аңсаған арманы  ХХ ғасырдың соңында жүзеге асты. Үстіміздегі жылдың 28 қаңтарында Ақордада Мемлекет бас- шысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу жөнінде кеңес өткізді. Сол жиында Елбасы былай деп атап өтті: «Жолдауда мен еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу мәселесін ерекше атап өттім. Тәуелсіздік – бұл біздің басты байлығымыз, баға жеткізгісіз жетістігіміз. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір шынтуайтында өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Жасампаз, сенімді және қарқынды даму дәуірінен. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие». Еліміз үшін өте маңызды осы мәселенің өзектілігін түсіне отырып, тарихи сана қалыптасуы мен дамуын біз қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің негізінде қарастыруды және тарихи сана эволюциясындағы тәуелсіздік идеясының өзегін көрсетіп беруді мақсат тұттық. Бұл үшін алдымен тарихи сана мәселесінің әлемдік және отандық ғылыми әдебиетте қойылуы мен талдануын зердеден өткізіп алған жөн. Жоғарыда атап өткендей, ХХ ғасырда табиғи және әлеуметтік өмірде орын алған ғаламат өзгерістер адамзаттың алдына жаhандық мәселелерді қойды. Қоғамдық дамудағы нақты тарихи, жаhандық және ауқымды тарихтың, ашық тарих пен жабық тарихтың, микротарих пен макротарих арақатынастары, ұлттық және таптық мәселелердің қойылуы мен олардың шешілуі, дәстүр мен жаңашылдықтың, ұжымдық ес пен дара индивидуалдық жадының, теориялық тарихи сана мен бұқаралық сананың арақатынастары мәселелері гуманитарлық ғылымның барлық салаларын қамтыды. Теориялық тарихи ой дамуындағы соңғы онжылдықтарда қалыптасқан бұл ахуал ғылыми әлемде «тарихнамалық төңкеріс» деген атауға ие болды. Бұл ұғымды тарих философиясы мен әдіснамасын терең зерттеген орыс зерттеушісі М.А. Баргтың енгізгенін айта кету керек: «Тарих ғылымының ғылыми қорындағы бүгінгі күні болып жатқан өзгерістерді біз тарихнамалық төңкеріс деп атасақ, артық айтпаймыз» [2, 45 б.]. Бұл ұғымның қазақстандық тарих ғылымының әдіснамасында кеңінен тарамағанына қарамастан, отандық тарихи ғылымдағы бұрынғы кеңестік сарынның сақталғанына қарамастан, тәуелсіздік алғаннан кейінгі төл тарихтың ақтаңдақтарын ашудан, нақты тарихи мәселелерге қатысты әр алуан пікірлердің, баламалы тарихтардың айтылуынан шыға отырып, «тарихнамалық төңкеріс» ұғымының қоғамдық өмір мен ғылымдағы орын алған өзгерістердің мазмұнын анықтайтынын аңғаруға болады. Кеңестік ғылымда қалыптасқан бұл жаңа ахуалдың теориялық нышандары әлеуметтік зерттеулердің мәселелерін талдаудағы әртүрлі бағыттардан көрінеді: философиялық-әлеуметтанымдық [3, 4], мәдениеттанымдық [5-7] және әдіснамалық-тарихи [8-12]. Бұл бағыттардың соңғысы тарих ғылымының әдістемелік мәселелерін талдау негізінде қалыптасты. Осы мәселелерді соңғы екі онжылдықтар бойы, әсіресе кеңестік империяның ыдырауымен қалыптасқан достастық елдері кеңістігінде, оның ішінде қазақ халқының тәуелсіздікке қол жеткізуімен белсенді түрде талдануы әлеуметтік шарттылық туралы, тарихи білімнің қызметі мен мақсаты туралы мәселелерді кеңінен қойып, оны тарихи танымға деген гносеологиялық тәсілдің шеңберінен тысқа алып шықты. Соның нәтижесінде «тарихи сана» ұғымының екі мағынасы келіп шығады: тарихнамалық көзқарастарға сай келетін тар мағынасындағы және дүниетанымдық парадигма сипатына ие кең мағынасында. Отандық ғылым үшін бұл таңсық тақырып шетелдің тарих философиясында он тоғызыншы ғасырдың соңынан бері талқыланып келеді. Гуманитарлық саладағы бұл бағыттың пайда болуы объективтік тарих идеясының дағдарысқа түсуімен және тарихи танымның мәнін, тарихилық пен антитарихилық сананың арақатынасын іздеумен байланысты орын алды. Ф. Ницшенің, Г.Риккерттің, В.Дильтейдің, Г.Зиммельдің, Э.Трельчтің, М.Вебердің, К.Поппердің жұмыстары осы тақырыпқа арналды. Дүниетанымның бір тәсілі ретіндегі тарихи сана тақырыбының ерекше танымалдығы бастапқыда феноменологиялық философияда, кейінірек герменевтикалық бағытта көрінді (Э.Гуссерль, М.Хайдеггер, Г.Г.Гадамер, П.Рикер). Ғылыми-теориялық тарихи сананың анағұрлым жоғары деңгейі ретіндегі тарих философиясының мәселелері шетелдік ғалымдардың үнемі назарында болды. Тарихи үдерістің «болмысы», тарихтың мәні, әлеуметтік детерминизм мәселелері О.Шпенглердің, А.Тойнбидің, П.Сорокиннің, К. Ясперстің және т.б. іргелі еңбектерінің өзегін құрады. Р. Аронның, Б. Кроченің, Р.Дж. Коллингвудтың және т.б зерттеулері тарихи өткенді зерттеудің логикалық-теориялық және әдіснамалық мәселелері ретіндегі тарих философиясының пәнін зерттеуге арналды. Тарих пен қоғамға деген жаңа көзқарастың тұжырымдамасын ұсынған «Анналдар» деп аталатын мектептің қабырғасынан шық- қан ғалымдардың еңбектерін ерекше бағыт ретінде атап өтуге бо- лады. «Анналдардың» француздық мектебінің өкілдері (М. Блок, Ле Февр, Ф. Бродель, Ж. Дюби, Ж. ле Гофф және басқалары) тың тақырыптар көтеріп, «жаңа тарихи ғылымның» пайда болуына, та-- рихтың әдіснамасын анағұрлым терең зерттеуге, оның ұғымдық аппаратын пайымдауға, оның әлеуметтік философиялық астарларын зерделеуге үлкен ықпал етті. Олар адамзаттың әлеуметтік-мәдени тарихын зерттеудің жүйелік–үлгілік, типологиялық, кроссмәдени әдістерін пайдаланды, соңғы кездері әлеуметтік ғылымдар әдістеріне көбірек сүйеніп келеді. Адамның өз өткенін пайымдауы мәселесі дәстүрлі философиялық мәселелердің қатарына жатқанымен және бұл тұтастай бір философиялық бағыт – тарих философиясының негізгі пәнін құрағанымен, тарихи сананы зерттеу кеңестік әдебиетте маркстік парадигманың қыспағында болды. Тарихи сана мәселесі ғылыми ізденістің өз алдына дербес тақырыбы ретінде бүгінгі күні көршілес ресейлік ғылым мен философияда кең қанат жайып отыр. Ал Қазақстанда тарихи сана тақырыбы тәуелсіздіктен кейінгі ұлттық сананың жаппай оянуы, тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіру, тарихи әділеттікті орнату үдерістері барысында бұқаралық баспасөз беттерін жаулап алғанымен, отандық философия мен әлеуметтік ғылымдарда арнайы әдіснамалық түрдегі зерттеулер саусақпен санарлықтай ғана еді. Тарих философиясы тақырыбына қалам тартқан некен-саяқ ғалымдардың бірі, профессор Досмұхаммед Кішібеков аталмыш мәселенің күрделілігін былайша сипаттайды: «Бізде қоғамның тарихын зерттеуге қатысты жұмыс жаман емес, халықтардың көп- томдық тарихы, тарихтың жекелеген кезеңдері бойынша монографиялар, оқулықтар жарық көріп жатыр. Бірақ зерттеудің артта қалған кесіндісі тарих философиясы болып отыр... Тарихты тұтастай қарастыру дүниетанымдық ғылымдар өкілдерінің ғана қолдарынан келеді» [13, 47 б.]. Дегенмен, жалпы тарихи сана мен оның қоғамдық болмыспен байланысы, қазақ халқының тарихи өзіндік санасы туралы жекелеген философиялық мәселелер С. Ақатай, Қ.Ә. Әбішев, С.Б. Бөлекбаев, М.С. Бурабаев, Т. Бурбаев, Т.Х. Ғабитов, Ғ. Есім, М.З. Изотов, А. Қасабек, А.Х. Қасымжанов, Ә. Қодар, Қ.Ш. Нұрланова, С.Е. Нұрмұратов, Ә.Н. Нысанбаев, Ж.Ж. Молдабеков, Ж. Мүтәліпов, С. Мырзалы, М.С. Орынбеков, Д.С. Раев, М. Сәбит, А.А. Хамидов, Қ. Әлжан және т.б. елімізге кеңінен танымал философ-ғалымдардың жұмыстарында қарастырылды. 

Ғарифолла Есімнің «Сана болмысы» деген жалпы атаумен жарық көрген он кітабында (1994 –2006) қазақ қоғамы мен оның рухани ерекшеліктері жөніндегі қоғамдық ғылымдарда орныққан кейбір түсініктер мен ұғымдардың құндылығы қайта бағаланады. Оларда дәстүрлі қазақ қоғамы мен оның қазіргі жағдайында таптық формациялық теорияға негізделген өлшемдерден қол үзіп, өркениетті өлшем түрлеріне өтудің кейбір мәселелері тиянақты шешім тапқан [14]. Ұлттың тарихи өзіндік санасының өсуіне және әлемдік ақыл- ойдың тарихын игеруге мемлекеттік «Мәде ни мұра» бағдар ламасы аясында академик Ә. Нысанбаевтың жетекшілігімен елімізге танымал ғалымдардың қатысып, қазақ тілінде жарық көрген 20 томдық «Қазақ халқының философиялық мұрасы» мен 20 томдық «Әлемдік филосо фия  лық мұра» атты кітап серияларының ерекше әсер етері сөзсіз [15, 16]. Тарихи сананы жаңғырту мен рухани мұраны игерудегі пайдасы орасан зор, әлемде теңдесі жоқ бұл бағдарламаға аталмыш еңбектің авторы да атсалысып, «Қазақ халқының тарих философиясы» (6-том) және «ХХ ғасырдың та- рих философиясы» (16-том) томдары бойынша аударма жасап, ғылыми комментарийлер жазды. Тарихи сананы зерттеудің бұл бағыттарының жетістіктерін атап өте келе, ондағы көптеген мәселелердің басы ашылмағанын айта кету керек. Тарихи сананың жалпы табиғатына, оның құрылымдық элементтері мен ұйымдасу деңгейлеріне қатысты, тарихтың теория- сы мен әдіснамасына, оның әлеуметтік философиялық қырларына байланысты мәселелер, біздің пікірімізше, одан әрі зерттеуді талап етеді. Зерттеу жұмысындағы біздің мақсатымыз – кеңістік пен уақыт ағымындағы тарихи сананың қалыптасуы мен дамуын өткен шақ – осы шақ – болашақ арақатынасында жалпы әлемдік және қазақ мәдениетінің тарихы мен қазіргі жағдайының барысы арқылы әлеуметтік философиялық тұрғыдан зерттеу, қазақ халқының тарихи санасының эволюциясындағы өзекті идея – тәуелсіздік идеясының тарихи және рухани сабақтастығын айқындау. Қойылған осы мақсатқа жетіп, тақырыптың мән-мазмұнын ашу үшін зерттеу жұмысының мынадай міндеттері туындайды:

 - тарихи сананы зерттеудің дүниетанымдық және әдіснама- лық астарларын айқындау мақсатында тарихтың теориясы мен тарихилықтың философиясына қатысты тұжырымдамаларды сыни сараптамадан өткізу; 

- тарих уақытпен байланысты феномен болғандықтан, ғылым мен философиядағы уақыт туралы көзқарастардың, әсіресе тари- хи-мәдени және әлеуметтік уақыт туралы көзқарастардың тарихи сана қалыптасуына тигізген әсерін ғылыми тұрғыда талдау;

- әрі әлеуетті, әрі өзекті мәселе ретіндегі тарихи сананың философиялық мәні мен мағынасын, мазмұны мен формаларын және құрылымын анықтау;

- тарихи сананың жоғарғы әрі кейінгі формасы болып табылатын тарихи таным аясында қазақ халқының әлеуметтік жады мен тарихи өзіндік санасының өзегін құрайтын көшпенділік құбылысын әдіснамалық тұрғыдан зерттеу; 

- көшпенді халықтар мен қазақ халқының тарихи санасы мен тарихи танымының негізін құрайтын ауызша тарих пен шежірелік дәстүрді тарихи әлеуметтік зерделеу; 

- тәуелсіздік мұраттары аясында қазақ халқының тарихи санасы қалыптасуы мен дамуын анықтау мақсатында еуразиялық көшпенді өркениет тарихының әлеуметтік жадылық реконструкциясын жасау; 

- әлеуметтік дамудың дәстүрлі кезеңіндегі қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі тарихи сана көрінісінің формаларын пайымдау;

 - жаңа замандағы қазақстандық тарихнамалық практика мен тарих философиясының қалыптасу ерекшеліктерін теориялық сипаттау; 

- әлемдік тәртіптің әлеуметтік трансформациялануы барысында қазіргі тарихи ойдың теориялық үрдістері мен оның әлеуметтік философиялық қырларын ашу;

 - қазіргі жаңарту мен жаhандану үдерістерінің ауқымындағы қазақстандық қоғамның тарихи өзіндік санасындағы негізгі үрдістерді тұжырымдау. Зерттеу барысында қойылған бұл мақсат пен міндеттердің, тақырыптың ашылу қисынының ерекшеліктері монографияның құрылымын да айқындайды. Оны тарқатып айтар болсақ. Бірінші тарауда тарихи санаға, тарихилыққа және тарих философиясына қатысты тұжырымдамаларға шолу жасалады. Субъекттің әлемдік тарих уақытының ағымында және қазіргі әлеуметтік кеңістікте өзін анықтауға деген қабілетімен сипатталатын рухани болмысты игерудің ерекше формасы ретіндегі тарихи сананың түсінігі анықталады. Уақыттың философиялық, діни, ғылыми түсініктері, оның натуралды физикалық, астрономиялық- хронологиялық, биологиялық, қайталанбалы (циклді) және бірбағытты (линиялық), сондай-ақ әлеуметтік және тарихи- мәдени ұғымдары талданып, соның негізінде уақыттың мәні туралы көзқарастардың тарихи сана қалыптасуына тигізген әсері айқындалады. Тарихи сананың қалыптасуы мен дамуы барысында айқындалатын оның мифология, фольклор, эпос, көркем туындылар, жылнама, шежіре, ғылыми-теориялық тұжырымдамалар сияқты формаларын жіктеу барысында тарихи сананың құрылы- мы, мәні мен мазмұны ашылады. 

Екінші тарауда әлеуметтік дамудың формациялық және өркениеттік тәсілдерін әдіснамалық сипаттаудың нәтижесінде көшпенділердің тарихи санасы мен тарихи танымының ерекшеліктері зерделенеді. Көшпенді халықтардың тарихи жады мен әлеуметтік есіне тән тарихты баяндаудың ауызекі дәстүрі мен шежірелік санасының деректемелік, тарихнамалық және әлеуметтік философиялық мәселелері тұжырымдалады. Үшінші тарауда тарихи сана қалыптасуы мен дамуының этно-әлеуметтік шарттарын сипаттау барысында еуразиялық көшпенді өркениет тарихының әлеуметтік жадылық болмысын қалпына келтіруге талпыныс жасалынады. Ежелгі сақтардың «аң стилі» өнері мен дүниетанымын, ғұн дәуіріндегі «еділшілдікті», орта ғасырлардағы «тұраншылдық», «түркішілдік», «оғызшылдық», «шыңғысшылдық», «ноғайшылдық» идеологияларын, сондай-ақ «Үш жүз», «Алты Алаш», «Түркістан», «Қазақ» идеяларын қарастыра келе, қазақ халқының әлеуметтік-мәдени дамуындағы тарихи сана көріністері, ондағы еркіндік пен тәуелсіздік идеясының тарихи, рухани сабақтастығы бағамдалады. Төртінші тарауда дәстүрлі кезеңдегі тарихты сипаттаудың ауызша дәстүрінен арылған соң отаршылдық, кеңестік және қазіргі кезеңдердегі қазақстандық жазба тарихнаманың қалыптасуының барысы мен өзекті мәселелері сыни тұрғыда сарапталады. Өткен ғасырдан басталған тарихнамалық төңкерістік ахуал, теориялық тарихи ойдың дамуы барысындағы дүниетанымдық парадигмалар мен зерттеушілік стратегиялардың алмасуы талданып, оның әлеуметтік философиялық астарлары қарастырылады. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі тарихи өзіндік сананың жаңғыруымен, сондай-ақ жаңарумен және жаhанданумен сипатталатын қазіргі кезеңдегі тарихи сананың трансформациясы қазақстандық қоғамда жүзеге асып жатқан әлеуметтік өзгерістер ауқымында түйінделеді. 

Толығырақ осы жерде Жаңа мемлекеттің қалыптасуы.pdf