Қыпшақ хандығы (XI ғ басы-1219 ж.)
08.08.2013 20473
«Қыпшақ» атауы алғаш рет 760 жылы ежелгі түріктің руникалық ескерткіштерінде аталады. Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордабектің (IX ғ.) жылнамалық жинағында ұшырасады.

656 жылы Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының Солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір мол топтары кимектердің басшылығы мен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талабы VIII ғасырдың соңында оларды кимек мемлекетінің құрамынан бөлініп, батысқа қарай көшуіне апарып соғады. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмайды, олар VIII-X ғғ. кимек мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы кимектер тарихымен қоса өрледі.

XI ғасырдың басында Кимек қағанаты тарханнан кейін, кимек, қыпшақ және қуман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Қыпшақтың өкімет басына келген ақсүйектер әулеті оңтүстік және батыс бағыттарында белсенді қимыл-әрекеттерге кірісіп, Орта Азия және Оңтүстік Шығыс Европа мемлекеттерімен тікелей байланыс жасауға кіріседі.

Аймақтағы этникалық саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, XI ғ. екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде бұрын аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті- қыпшақ аты пайда болды.

Ертістен Днестірге дейінгі бүкіл территорияны алып жатқан Дешті-қыпшақтың тарихи географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы аса үлкен екі этникалық-территориялық бірлестікке бөлуге болады: басында тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс қыпшақ қағанаты.

Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді:
1.VII-VIII ғғ. Kимек қағанатының құрамындағы қыпшақтар;
2.VIII-IX ғғ. Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі террторияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар;
3.XI-XIII ғғ. Шығыс ұлыстағы айбынды қыпшақтар.

XI ғ. екінші жартысынан бастап қыпшақтардың этникалық құрамына енген негізгі тайпалар: қимақтар, баяндурлар, баяуттар, қаңлылар, ұран тайпалары. Әбу-л-Ғазиздің хабары бойынша Ыстық көл мен Талас жағалауына қоныстанған қаңлылар да кірген.

Рашид-ад-Диннің жазуына қарағанда, қыпшақ қоғамында ұран тайпасының беделі ерекше болған. Оған себеп  Хорезм шахы Мұхаммед II шешесі Туркан-Хатун осы ұран тайпасынан болған. Моңғол шапқыншылығының қарсаңында қыпшақтармен Хорезм шахының арасындағы жақсы қатынас болған тәрізді. Сонымен қатар қыпшақ әскер басшыларының көпшілігі де ұран тайпасынан болған.

Қыпшақтардың құрамына  көрші жатқан түркі тілдес тайпалар да қосылған. Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсіп бара жатуына байланысты, тайпалар мен этникалық топтар, өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады. Алайда қыпшақ жұртының құрылып, қалыптасуының аяққы кезеңін моңғол басқыншылығы үзіп тоқтайды.

Қоныстануы.

XI ғ. орта кезінде қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, Оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі Оңтүстік Батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанды.

Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, Оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек Сеңгір бекінісін салады.

Қыпшақ тайпаларының этникалық территориясы өздерінің этникалық-саяси бірлестігі шебінің тұрғысынан қарағанда, негізінен тұрақты болған, тек Оңтүстік-батыс шекарада XII ғ. 30-жылдарынан бастап Хорезм шахтар мемлекеті тым белсенді саясатты жүргізуге көшеді.

Хандықтың құрылуы.

Сырдария бойындағы Оғыздар мемлекетін, Орта азиядағы Хорезм шахтар және Қарахандар әулетімен соғысқа және соқтығыстарға әкеліп жеткізген. XI ғ. бірінші жартысында буырқанған дауылды оқиғалар қыпшақтар мемлекетін құрудың обьективті себебіне айналды.

XI ғасырдың басында Кимек қағанаты құлағаннан кейін Ертістен Еділге дейінгі кең аумақ қыпшақтардың қолына өтті. Осылайша, Қыпшақ хандығы (XI ғ.-1219 ж.) пайда болды. XI-XII ғғ. Орталық Азия мен Шығыс Европадағы түркі тілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды. Ордасы Сығанақ қаласы.

Қыпшақ мемлекеті өзінің саяси жағынан күшейіп тарих сахнасында елеулі көтерілген кез XI ғасырдың ортасы.

Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Хандар шығатын әулеттік ру-ел бөрілі деп аталынған. Махмұд Қашқаридің айтуына қарағанда, XI-XIII ғғ басындағы қыпшақ хандары әулетінің алғашқы атасы Абар хан болған екен (Табар). Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен армиясын басқарған ханның басқару апараты орналасты. Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанаты Ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат-ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Әскери ұйымдар мен әскери-әкімшілік басқару жүйесіне айрықша маңыз берілген, өйткені олардан көшпелі тұрмыс ерекшелігі толық көрінген және олар көшпелі өмірге мейлінше сай, мейлінше қолайлы болған.

Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай болінген. Орталық Азиянын көшпелі мемлекеттерінде рулар мен тайпаладың қатаң иерархиясы қоғамдық және тайпалардың қатаң негізгі принципі болды.

Қыпшактардың қоғамдық құрылымы.

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан тең болмаған. Мүліктік теңсіздіктің негізі- малға жеке меншік болып табылады. Негізгі байлық жылқының саны болған. Жазба деректер хабарына сүйенсек, қыпшақтар еліндегі көптеген кісілердің бірнеше мыңнан жылқысы болған, ал кейбіреулерінің жылқысының саны 10 мыңға жеткен және одан да көп болған. Ибн Батутаның (араб тарихишсы) хабарына қарағанда, жеке меншікті бұзған адам қатал жазаланған, кәдуілгі хұқтың (төрелік айту) нормасы олар айыпталуға тиіс деп есептелген. Мәселен: егер біреудің атын ұрласа, атты қайтарумен бірге 9 ат айып беруге тиісті болған.

Төменгі топқа малы аз шаруалар жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретіңде пайдаланылды, ешқандай құқы болмаған. Ондайлар Орта Азия, Шығыс елдеріне құлдыққа сатылып отырған. Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған. «Ерлерден» хан есебінде жасақтар құрылды. Махмұд Қашғаридің жазуы бойынша малы жоқ кедейлер жатақтар деп аталып, көп жағдайда олар ханның немесе үстем тап өкілдерінің тәуелдігіне түскен.

Сөйтіп, қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол көнетүрік мемелекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.

3. Орта ғасырдағы Қазақстанның рухани мәдениеті .

Тіл және жазу.

Түркі дәуірінде (VI –XII ғғ ). Қазақстанда өмір сүрген ру – тайпалардың түркі тілінде сөйлегендігі түркология ғылымында толығымен дәлелденген. Алайда, тіл ғылымның зерттеулеріне қарағанда, негізгі түркі тілдес қарлұқтардың, қимақ – қыпшақтардың, оғыздардың, ұйғырлардың, қырғыздардың т. б. ру – тайпалардың өздеріне тән диалектілерінің бар екендігі анықталған .

Археологиялық зерттеулерде түркі тілдес ру – тайпалар өмір сүрген жерлердегі ескерткіштерден үлкен – кіші екі жүзден астам көне түркі тіліндегі жазба деректер табылған. Оның ішінде Орхан, Енисей өзендерінің бойындағы Күлтегін, Тоныкөк «алтын тас кітабы» жазулары белгілі болса, қазақ жеріндегі Талас өзені бойындағы Тереңсайдан табылған және т.б. жазулар белгілі.

Түркі тіліндегі жазулар тіл ғылымында руна жазу деп аталған. Ол скандинавия халықтарының тілі бойынша, сыры ашылмаған құпия жазу деген сөз. Бұл жазудың оқылу сырын ашқан сол халықтың атақты тіл білімнің ғалымы Дания университетінің профессоры В.Томсон. Одан кейін Орхан жазуларын орыс тілінде аударған тюрколог ғалым В.Радлов болды. Сөйтіп, ХІХ ғ. аяғында руна жазуының құпия сырының ашылуы ертедегі түркі тілдес халықтардың да өздеріне тән жазуларының болғандығын көрсетеді.

Түркі жазуында бір – бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптерден тұратындығы белгілі.

Түркі дәуірінен қалған атақты «Күлтеген», «Білге қаған» сияқты тасқа жазылған дастандар қазақ тіліне аударылып, біздің оқырмандарымыздың қолына тиіп отыр. Қазақ халқы ол дастандарды өздерінің төл дүниесіндей қарсы алды. Оған басты себеп, ондағы жазылған әдет – ғұрып, салт – сана, діни – наным, сенім, мақал – мәтел, батырлық жырлар үлгілерініғң бәрі, халқымыздың тірлік – тіршілігінен алынғандай ұқсас. Бұл мұралар қазақ халқының ертеден келе жатқан бастауы.

Х ғасырдан бастап ислам дінінің қазақ жерінде етек жая бастауы араб жазуының түркілер арасында ене бастағандығын көрсетеді.

Түркілер арасынан шыққан атақты ғалымдар, ақын–жазушыларымыз Әл – Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Ахмет Яссауилер өз шығармаларын араб жазуымен түркі тілінде жазған. Ал ХІІ ғ. бастап түркі жазуы жазылуы жағынан өмірден шыға бастайды. Дүние жүзіне әйгілі болған жерлесіміз Әл – Фарабидің көптеген еңбектері араб тілінде жазылған.

Діни нанымдар.

VI–XII ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы халықтардың арасында алуан түрлі діндер, нанымдар мен сенімдер орын алып отырды. Түркілердің зираттарынан табылған заттар олардың ата – бабалардың әруағына табыну о дүниелік өмірге сенуді көрсетеді. Олардағы басты бір наным – отқа табыну. Оны археологиялық зерттеулерден жерленген адамдардың заттарымен, мініс аттарымен бірге өртеліп қойылатын әдет – ғұрыптары да анықталған. Ол адам денесін отпен аластау болса керек. Түркілер табиғатқа да табынған. Олар өлген адамның денесін жер ананың қойынына өртеп, күл мен көмірін ғана жерлеген. Егер адам көктемде немесе жазда өлсе, ол адамның туған – туыстары бір төбеге жиналып киіз үй тігіп, алып барған малдарын құрбандыққа шалып, одан кейін өлген адамның мәйітін, атын, заттарын өртеп, уақытша сақтап, күзде шөп сарғайғанда ғана жерлейтін болған. Ал егер адам күзде не қыста қайтыс болса, ол адамды жоғарыдағы әдет –ғұрыптарын жасап, көктемде жер көгеріп, шөп шығып, жапырақтар жайқалабастаған кезде жерлейтін. Бұл әдет наным – сенімнен табиғаттың төрт кезеңіне толық табынуды байқатады.

Түркілердің көкке немесе аспан әлеміне сиынушыларын күлтегін жазуындағы мына шумақтан анық байқалады:
- Көкке түркі тәңірісі,
- Тәңірі қуат берген соң,
- Тәңірі жарылқағандықтан.

Мұндай әдет, наным – сенімдер қазақтарда бүгінгі күнге дейін орын алып жүр. Түркілерде адам баласының тірегі тіршіліктің тұтқасы, отбасы, ошақ қасы болып табылатын анаға «Умай ана» деген ат беріп, оған табынған. Жетісу қазақтарының «Умай анаға» табынатыны туралы Ш. Уәлиханов та жазған болатын. Кейбір жазба деректерге қарағанда, қимақтар мен қыпшақтар күнге, жұлдыздарға табынған.

Археологиялық зерттеулерге қарағанда, түркілерде христиан, манихей, будда діндері болған.

Түркі тайпалары ІХ ғ. бастап жаппай мұсылман дініне ене бастайды. Ал мұсылман дінінің мемлекеттік дін есебінде алғашқы болып қабылдаған Қарахан мемлекеті. Сатұқ Бограханның баласы Муса ханның билік құрған жылдары (960 ж.).

Сөйтіп, Х ғ. бастап Оңтүстік Шығыс Қазақстан жерлерінде мұсылман діні кең түрде етек жая бастайды .

4. Орта ғасырдағы Қазақстанның материалдық мәдениеті.

Жеріміздегі түркі дәуірінің алты ғасырға жуық (VI–XII ғғ.) мерзім ішінде өмір сүрген түрік, батыс түрік, түркеш, қарлұқ, оғыз, қимақ, қыпшақ және қараған хандықтарының әрқайсысының өздеріне тән дамыған материалдық мәдениеттері болды. Алайда, олардың мәдениеттерін жеке – жеке талдап көрсету мүмкін болмай отыр. Төбе –төбе болып жатқан қыстақ кенттермен қала жұрттарының орындарына жүргізілген археологиялық жұмыстар, түркі тілдес тайпалардың VI–XII ғғ. өзінде тұрақты мекен – жай салып отырықшыланған өмірлерін байқатады. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік және шығыс аудандарында отырықшылық басым болған.

Түркі дәуіріндегі обалардың адамдарды киімдерімен жерленгендер белгілі. Мәселен, Солтүстік, Шығыс Қазақстан жеріндегі зираттардан былғары қамзолдар табылған. Зираттардан жүннен токылған көйлектер, теріден жасалған тон, ішіктердің қалдығы кездеседі. Түркілер тамаша етікшілер болған. Табылған аяқ киімдердің ішінде өкшесі биік емес, қайқы бас етіктер және кебіс қалдықтары кездескен. Сол сияқты теріден белдіктер, тамаша безендірілген кеселер де болды. Әсіресе, кеселер алтын, күміс және қымбат бағалы тастармен безендірілген.

Материалдық мәдениеттің көрінісінің бірі сәулет өнері. Тараз маңындағы Бабаджа – хатун кесенесі (Х–XII ғғ.) орта ғасырдағы сәулет өнерінің ең ертедегі ескерткіші болып табылады. Осыған жақын орналасқан Айша бибі кесенесі (Х– XII ғғ.) және Тараздың өз ішіндегі Қарахан кесенесі де көне заман ескерткіштері.

Сырдария, Талас, Шу, Іле, Испиджаб, Отырар, Тараз, Сығанақ, Баласағұн, Суяб, Мерке, т.б қалалар және егіншілік оазисі мен көшпенділер даласы арасындағы Ұлы Жібек жолында Батыс пен Шығыс арасында қолөнер, сауда және байланыс орталықтары болды.

Сонымен VI–XII ғғ. Қазақстан жерін мекендеген тайпалар қыпшақ –оғыз, қарлұқ–ұйғыр тілдерінде сөйлеп, осы тілдерде тарихи-әдеби шығармалар шығарып, өмір сүрген.

Х–XII ғғ. материалдық мәдениетін өркендету ісіне елеулі өзгерістер енгені байқалады. Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісуды халифаттың, Саманилер, Қарахандар мемлекеттерінің саяси экономикалық және мәдени қарым–қатынастары аясына тарту әрекеті біз зерттеп отырған халықтарды Орта Азиямен жақындастырады. Қала мәдениетін өркендетуде енді жаңа дін–ислам маңызды роль атқара бастайды.

Түпнұсқа: 1referat.kz