Оғыз империясының соңы — қыпшақтар тарихының басталуы
19.10.2016 3017
Негізінен оғыздар пұтқа табынушылар болып, бақсыларға бас иген.

Бірақ біртіндеп олардың ортасына ислам діні ене бастады. Махмұд Қашғариға сәйкес (ХІ ғасыр) оғыздар әрқайсысы 12 тайпаны қамтыған екі үлкен фратрияға: бұзұқтар мен ұшұқтарға бөлінген. Бұзұқтар үлкен артықшылықтарды пайдаланды. ІХ — Х ғасырларда оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық институттар ыдырап, патриархалды-феодалдық қатынастардың даму процесі жүрді. ХІІ ғасырдың басында оғыз тайпалары салық алымдары жүйесін ұстанды. Ханның салық жинаушылары — саны мың адамға дейін жететін арнайы атты жасақтар болды. Салық төлеуден бас тартқан жағдайда, «бүлікшілерге» жазалаушы жасақтар жіберілді. Жеке меншік дамып, қоғамның төменгі (қатардағы қауым мүшелері, кедейлер мен құлдар) және жоғары жік-топтарының айырмашылығы айқын, аңғарыла бастады.

Малдың жоқтығы кедей көшпенділерді егіншілікпен және қолөнермен барынша қарқынды түрде айналысуға мәжбүр етті. Далада және отырықшы-егіншілік аймақтарда құл саудасы кеңінен таралды. ХІ ғасырда қорасан билеушілері Бағдат халифтерінің сарайына жыл сайын кемінде екі мың оғыз құлдарын жіберіп отырды.

Осындай әлеуметтік теңсіздік Х-ХІ ғасырлар тоғысында салықтың жоғары-деңгейіне наразылық танытқан оғыз жабғуларының мемлекеттік билік иелерінің әрекеттеріне қарсы көтеріліске шығуына алып келді. Жентке таяу жерге орналасқан селжүктердің көсемі Х ғасырдың ортасының өзінде осы наразылықты өз мүддесінде пайдаланды. Олар Янгикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті басқарып, Жентті басып алды, бірақ оны ұзақ уақыт қолында ұстап тұра алмады. Олар, сірә, өздеріне артылған үмітті, ақтай алмаған болса керек, қалың бұқараның қолдауынан айырылып қалды. Әйтпесе, олардың тез арада Жент облысының шегінен шығып кетуге мәжбүр болғанын басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Осының барлығы Әли ханның мұрагері және мирасқоры, Х ғасырдың ортасында немесе екінші жартысының басында билікке келген Шахмәлік билігінің күшеюіне алып келді. Оның тұсында мемлекеттің күшейгені соншалық, оғыздар 1041 жылы Хорезмді басып алды. Алайда, екі жылдан кейін Шахмәлік әйгілі оғыздардың соңғысы ретінде селжүктердің қолынан қаза тапты.
Көп жылғы қырқыстар мен соғыстардан кейін ішкі қарама-қайшылықтардан әлсіреген жабғу державасы қыпшақ тайпаларының соққысына шыдамай біржолата құлады. Қарсыластың тегеурініне төтеп бермеген оғыздардың едәуір бөлігі Шығыс Еуропа мен Кіші Азияның аумағына кетті, қалған бөлігі Орта Азия мен Иранға қарай жылжыды. оғыздардың қалдығы одан арғы уақытта Дешті Қыпшақтың түркітілдес тайпалары арасына сіңісіп кетті.

Дегенмен-де оғыздардың мұрасы із-түзсіз жоғалған жоқ, қазақтарда сақталған әйгілі Қорқыт туралы, аңыз осының айқын дәлелі.