Қазақстан тарихының кейбір мәселелерін қарастыру туралы сұрақтар
18.09.2014 2674
М.К.Қозыбаевтың теориялық мұралары Қазақстан тарихының түрлі мәселелері бойынша дайындалған жүзден астам ғылыми және публицистикалық жұмыстардан ғана тұрмайды.

М. К.Қозыбаевтың теориялық мұралары Қазақстан тарихының түрлі мәселелері бойынша дайындалған жүзден астам ғылыми және публицистикалық жұмыстардан ғана тұрмайды. Ол Қазақстан тарихының жаңа концептуалдық жұмыстарының бастауларында тұр: отаршылдық және тоталитаризм жағдайларындағы Қазақстан, қазақ мемлекетінің тарихы және т. б. Соңғы жылдарда дайындалған «Қазақстан ғасырлар аралығында: толғаулар мен бастаулар», «Тарих және бүгінгі заман» атты жұмыстарында ол тарихи оқиғаларды зерттеу мен баға беру үшін жаңа әдістемелік тәсілдерді ұсынды.

Бұл отанымыз тарихының кейбір мәселелерін тарихи дәлдікпен қарастыруға мүмкіндік береді. Дәлірек айтар болсақ, ғасырлар тоғысындағы Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тенденциялары туралы.

ХХ ғасырдың басында Солтүстік Қазақстанның шаруашылығы егіншілік-мал шаруашылығы бағытында дамыды, жақсы дамыған сауда жүйесі болды, бірақ ірі өндіріс кәсіпорындары болған жоқ. Ақмола және Атбасар уездерінде мал шаруашылығы жақсы дамыды, ал Петропавл және Көкшетау уездері егін шаруашылығына ие болды. Сол кездерде ауылдар мен деревняларда шеттен пайда табу кәсібі өрістеді. 1913 жылы қолөнершілердің саны төмендегідей еді: теріден жасалатын аяқ-киім саласы — 212 адам, металл өндеу саласы — 740 адам, қой терісі-тон саласы — 130 адам. Өндірістер Петропавл және Көкшетау уездерінде аса кең таралды. Шикізаттарға бай Атбасар және Ақмола уездері жабдықтау ісін жүргізушінің рөлін ойнады. Сауданың дамуы мал шаруашылығы және егін шаруашылығы өнімдерін алғашқы өңдеуден өткізетін өнеркәсіп кәсіпорындарының дамуын қамтамасыз етті. Ірі өнеркәсібі жоқ Ақмола губерниясында майда өнеркәсіп ерекше маңызға ие болды, себебі халықты тауармен қамтамасыз ету қажеттілігі майдагерлік және шағын өнеркәсіп күштері тарапынан іске асырылуы мүмкін еді. Алғашқы кооперативтік ұйымдар Петропавл уезінде ХІХ ғасырдың соңында пайда болды және 1913 жылға қарай 33 кооперативке ие болады, ал 1917 жылға қарай — 1660-ке жетті. Елдің экономикалық құлдырауы және тауарлардың жетіспеушілігі бұған көмектесті. Десек те тауардың дамуы мен тауар-ақша айналымының өсуі несиелік операциялардың кеңеюіне себеп бола алмады. Қазақтардың арасында арнайы тауарлық бірлестіктерді ұйымдастырған саудагерлер пайда болды, олар ақшаларды пайыздармен қарызға беріп отырды. Осы барлық процестер батырақтар немесе «шеттен пайда табу кәсібінің» пайда болуына әкелді (малшылар, мал шаруашылығы шикізатын өңдеу туралы маусымдық жұмыстарға жалданған жұмысшылар).

Ресейдің экономикалық даму үшін Оралдың арғы бетіндегі жерлерді игере бастауы сенімді көлік құралдарын құруды қажет етті. 1894 жылы Сібір темір жолы Петропавл арқылы өтті. Мұның нәтижесінде Солтүстік Қазақстанның аумағына көшіп келуші шаруалардың саны артты. Мысалы, 1907 жылы Ақмола облысы қабылданған қоныс аударушылар бойынша 1 орынға ие болды. 1906-1909 жылдар аралығында қоныс аударушылардың өңір бойынша жалпы саны 502595 адамды құрады. Қоныс аударушылардың саны артқан сайын малшылардың жерлерін экспроприациялау қарқыны да ұлғайды: Ақмола облысында 1893-1901 жж. қоныс аударушылар үшін 1,5 млн. десятина жер, ал 1908-1910 жж. 2,3 млн. десятина жер берілді.

Диқаншылардың пайда болуы даланың мал шаруашылығы келбетін өзгертті: 1910 жылға қарай Ақмола облысында 555 шаруалар ауылы болды, 1915 жылға қарай егіс алаңы — 1,6 млн. десятина жерді, ал астық жинау — 60,8 млн. пұтты құрды /.

Теміржол магистралі құрылысының нәтижесінде өңірдегі май шайқау кооперациясы дамыды. ХХ ғасырдың басында Ресей кооперациясының даму деңгейінің жоғары болғаны белгілі. Сібір Ресейдің май шайқау кооперациясының орталығына айналды. Солтүстік Қазақстан аумақтық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайы, шаруашылықтың даму ерекшеліктері бойынша осы процеске тартылып, оған белсене қатысты. Осылайша, Сібір май шайқау артелдері одағының Петропавл бөлімшесінде 1914 жылы — 49, 1916 жылы — 52, 1917 жылы — 60 май шайқау артелі болды.

Солтүстік Қазақстанның жалпыресейлік экономикаға, нарықтық қатынастарға енуі бір жағынан шаруашылықты жүргізудің дәстүрлі нысандарының дағдарысына себеп болса, екінші жағынан шаруашылық дамудың кең деңгейі мен алуан түрлі нысандарын қамтамасыз етті және бірінші кезекте бұл кооперацияға қатысты болып табылады.

Әдебиет:
1. ГАСКО. Ф. 10. Оп. 1. Д. 1197. Л. 1.
2. ГАСКО. Ф. 10. Оп. 1. Д. 277. Л.1.
3. Итоги переселенческого движения за время с 1896 по 1909 гг. Т. 1.. С.48.
4. ЦГА РК. Ф. 64. Оп. 1. Д. 1259. С.21.
5. Сборник статистических ведений о движении скота и урожаев в КазССР с 1880 по 1922 гг. Оренбург, 1922. С.50.
6. ГАСКО. Ф. 10. Оп. 1. Д. 1290. Л.75.

Козорезова Л. А.
(М. Қозыбаев ат. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті)