Қола дәуіріндегі тайпалардың ғұрыптық кешендерінде идеологияның көрініс табуы
05.12.2013 4343
Қазақ қоғамына тән этникалық, мәдени және шаруашылық элементтердің қола дәуірінен басталуы, ең бастысы қазақ халқының антропологиялық негізінің қола дәуірінен бастау алатындығында болса керек.

Жаңа сапалық өзгерістермен, прогрессивті құбылыстармен сипатталатын Қазақстанның шығыс, орталық және солтүстік аудандарында таралған қола дәуірі ескерткіштері өзіндік ерекшеліктерімен, атап айтар болсақ, жерлеу орындары және ғұрыптық кешендерімен ерекшеленеді. Ғылыми зерттеулерге қарағанда, қола дәуіріндегі жерлеу құрылыстары үш кезең бойынша сипатталады: алдыңғы, орта және соңғы қола ескерткіштері. Бұлардың ішінде ортаңғы қолаға жататын ескерткіштер неғұрлым жақсы зерттелгендігімен көзге түседі.

Жерлеу құрылыстарының құрылымы, өлікті жерлеу ғұрпы, петроглифтердегі образдардың семантикасы бойынша Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштері бір-бірімен ұқсас болып келеді. Ол әсіресе қабір үстіндегі құрылыстардың құрылымына (қоршаулар тік бұрышты, шаршы және шеңбер түрінде болып келеді), жерлеу құрылыстарынан (жердегі қазылған қабір шұңқырлары, тас жәшіктер, цисталар), жерленгендердің жатқызылуынан (өлікті оң немесе сол қырынан бүгіп жерлеу), оларды белгілі бір бағытқа қарап жерлеуден (басын оңтүстікке қарату, аздап батысқа бұру), жерлеу мүліктерінен (бітімі жатық, құмыра түріндегі қыш ыдыстар) көрінеді [1,136 -137].

Шығыс Қазақстан  жеріндегі жерлеу орындары: жалпы қола дәуіріндегі  Қазақстан аумағындағы қабірлердің үсті айнала жалпасынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақта тастардан тік бұрышталып, шаршыланып, дөңгелектеніп қоршалды, кейде обалар да етегінен тақта тастармен айнала көмкерілді, осындай тақта тастар лақыт шығарғанда да қолданылды. Оның ең көп тараған түрі тақта тастардан тігінен қойып жасалған немесе жалпағынан салынып, ішке қарай ұмсындыра өріп жапқан тас жәшіктер болды. Дегенмен, әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктері болды.  Шығыс Қазақстан жерінде қола дәуірінің ерте кезеңіне жататын жерлеу орындары сондай көп емес, оған жататын Қанай, Сарыкөл, Жанажұрт, Қойтас [2,с. 34].

Мәйіттер сол жағына бүгіліп басы шығысқа әлде батысқа қаратылған. Мәйітті жатқызып қоюмен қатар мәйітті өртеген обалар да кездеседі. Соңғысына тән ерекшелік мүлкімен қою білінбейді. Ерте қола дәуіріне жататын жерлеу орынында мәйітті жатқызып қою тән. Дегенмен, өртеу сирек кездеседі.

Орталық Қазақстан жеріндегі ерте қола дәуірінегі жерлеу орындарында кездесетін негізгі сүйектер жылқынікі болса, кей жағдайда қой, ал, Шығыс Қазақстанның ерте қола дәуірі кезеңінде мал сүйегі өте сирек (Қанай № 4, Сарыкөл № 12 қандай малдікі екені белгісіз). Бұл кезеңдегі Шығыс Қазақстан ескерткіштерінде білінетін ерекшелік жерлеу мүлкінің ілесіп көмілуі, көбінесе табылғаны қыш құмыра.  Орталық Қазақстандағы ерекшелік оларда әдетте цистада күл жерленсе, Шығыс Қазақстан өңірлерінде бұл кезеңде цистаға мәйітті жатқызып қойғанын көреміз. Ал Орталық Қазақстанның бұл кезеңінде жерлеу орнында негізінен өртеп қойса, жатқызып қою сирек ұшырасады. Орталық Қазақстанның қола дәуірінің ерте кезеңіне жататын ескерткіштерге Нұра кезеңі: бұл ескерткіштер Ақшатау, Бұғылы-1 тобы, Байбала-1, Қосағал, Қанаттас және Ботақара топтары. Нұра кезеңінің тайпаларына өртеп жерлеу ғұрпы тән. Бұл замандағы тайпалардың өлікті жерлеуінде оны өртеу негізгі ғұрып болғанымен, бірден-бір ғұрып болған жоқ. Өлікті молаға салу ғұрпы да болды. Ол, әсіресе, Атасу кезеңінде ерекше кеңінен тарады.

Шығыс Қазақстан жеріндегі ең ертедегі ескерткішке жататын Қанай ауылындағы бейіт. Ол жер үстінде тігінен қойылған тақта тастардан тұратын шаршы қоршау. Қоршаудың қабырғалары әлемнің төрт жағына қарай бағдарланған.Жерден қазылған қабірден бастарын шығысқа қаратып,шалқасынан жатқызылған еркек пен әйелдің сүйектері шықты. Сүйектердің бір азы жосамен боялған. Қабірде өлік асының қалдықтары, жебенің жайпақ қола ұшы, ашық - жасыл түсті тас моншақ т.б. табылды.

Қола дәуірінің ортаңғы (дамыған) кезеңіндегі Шығыс Қазақстан жеріндегі қорымдардың үлкен тобымен сипатталады. Олар Қанай ауылы маңындағы қорымдар мен құрбан шалатын орыннан, Зевакино селосы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қойнауларындағы және т.б. қорымдардан алынды [3, с. 272]. Ертістің оң жағалауында орналасқан Зевакино қорымы әр кезеңдегі 500-ден астам, Қанай қорымы 15 бейіт құрылыстарынан тұрады. Бір қабірге бір ғана өлік жерленгенде оларды жерден қазылған қабірлерге, тас жәшіктерге, цисталарға және ағаш қималарға қоятын болған. Жерленгендер сол және оң қырынан, басы батысқа және солтүстік - батысқа қаратылып, бүктетіліп жатқызылған.

1985 жылы Шығыс Қазақстан территориясындағы Ә.М. Оразбаев қазба жүргізген Қойтас және Баймұрат қорымдарының жерлеу ғұрпын, керамикасын, қола бұйымдарын андронов мәдениетіне жатқызылып, б.д.д. ХVІІІ-ХІV ғғ. мерзімделді. Қойтас және Баймұрат қорымдарынан табылған палеоантропологиялық материалдар О. Смағұловтың алдын-ала жасаған пайымдауы бойынша шығыс элементтерінің араласа бастауы байқалатын европоидтарға жатады [4, с. 22].

Сарыкөл көлі, Көкдомбақ және Кіші Қойтас ауылдары маңындағы қорымдар іргелерін шеңберлей, шаршылап және тік бұрыштап тақта тастармен қоршаған, топырақ үйілген обалардан тұрады. Бұл қорымдардағы материалдық мәдениет заттары мен жерлеу ғұрпы үйіндісі жоқ қоршаулардағыдай болып келеді. Кейде тақта тастармен жабылған тас жәшіктерде және ағаштармен жабылған жерден қазылған тікбұрышты қабірлерде әдетте өлік өртелмей қойылатын болған, сол сияқты өлікті өртеу де ұшырасады.

Қола дәуірінде Солтүстік және Батыс Қазақстандағы тайпалардың тарихи тағдырлары Шығыс Қазақстан тұрғындарына қарағанда өзгеше болды. Өйткені ол екі аймақтардағы ескерткіштер бір - бірімен тығыз байланысты дамыды. Солтүстік пен Батыс Қазақстандағы андрондық қоныс-мекендердің ерекшеліктері, олар көп қабатты болды.

Солтүстік Қазақстанның ғұрыптық жоралғылар Петропавловск жерлеу ескерткіштері 1,6 қорғандарда,  Ефимовка 1 қоршауы, Бурабай 1 қоршауында ғұрыптық салттарға байланысты сойылған мал терісі мен сүйегінің қалдықтары табылған. Мал сүйектерімен бірге қабір сыртында да өлген адамға арнап қыш ыдыстар қойған. Бұл ғұрыптық салт, адам қайтыс болғаннан соң жерленгеннен кейін бір жыл өткенде немесе бірнеше жыл өткен соң қойылса керек. Өлген адамға құрбандыққа мал шалу немесе белгілі бір асты адамға арнап ыдыспен қою салты алакөлдіктерде кең тараған, ал федоров кезеңінде (Федоровка 35 қорғанында) табылуына қарамастан әлі де бұл уақытта кең тарамаған деп топшылады [5, с.267 б].

Ал ұқсастықтарына келер болсақ, Батыс Қазақстанның мәдениетіне Еділ бойының қима мәдениеті, Солтүстік Қазақстан мәдениетінің, Орталық және Шығыс Қазақстанның андрон мәдениеті күшті ықпал жасайды. Осындай ұқсастықтар Солтүстік Қазақстандағы Бурабай, Бүйреккөл [5, с. 220-247] Бүрлік [6, с. 154-163] қорымдарынан жақсы байқалады. Орталық және Шығыс Қазақстан тайпаларының ықпал әсерінен шалғай батыстан да – Қыркелді мен Теректі [7, с. 172-215] өзендері бойындағы қорымдардың материалдары бойынша да аңғаруға болады.

Батыс Қазақстан даласында ағаштың болмауы себепті бұл аймақтағы қоныстарының кейбір ерекшеліктері бар. Мәселен Шығыс Қазақстандағы қоныстарға қарағанда тіреуішті құрылыстар өте аз пайдаланылады. Оның есесіне тас кеңінен қолданылды. Тастан ішкі қабырғалары қаланды, жер ошақтар таспен қоршалды. Әртүрлі шаруашылық қажеттіліктеріне тас қоршаулар жасалды [8, с. 53-54]. Тұрғын үйлерге қабырғалар сексеуілмен шегенделген құдықтар болды. Сонымен қатар, Батыс Қазақстанның ортанғы қола мәдениетіндегі ерекшелігі қабір үстіндегі құрылыстары тігінен көміліп, орнатылған немесе жалпағынан қаланған тастардан салынды. Тастардың өзінен дөңгелек әжептәуір биік қоршаулар жасалып, бұлардың ішінде топырақ толтырылды. Бұл осы аймаққа тән құрылыс ерекшелігі деуге де болады. Теректі мен Қыркелді өзендерінің бойындағы қорымдарда қоршаулардан басқа жер обаларда кездесті. Бұлардың үсті айналдыра аумақты тас қаланып жабылатын, үйілген топырақ әбден жойылып, шөккен. Солтүстік Қазақстанның оңтүстігіндегі және одан оңтүстікке таман шаршы және дөңгелек тас қоршаулар кездеседі, көбінесе олармен бірге кішкене төбешіктер болады. Алакөлдік тайпаларға андрондық ықпалдың күшеюіне байланысты тік бұрышты қоршаулар Ор өзенінің оң  жағалауындағы Қожамберді қорымы сияқты Батыстағы ескерткіштерде де пайда болады [1, с. 133].

Батыс және Солтүстік қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштерінде өлген адам Шығыстағы тәрізді екі әдіспен - жерлеу және өртеумен жерленетін. Өлгендердің басы батысқа қаратылып, кейде басқа жаққа да бағытталды. Өлік өртеу ғұрпы бойынша жерленгенде мәйітті өртеу үрдісі қабірден сыртқарырақ, арнайы бөлінген жерде өткізген. Жалпы аймақтық ерекшеліктеріне қарамастан, Батыс және Солтүстік қазақстан тайпаларының материалдық мәдениетінде бүкіл Қазақстанның және көршілес елдердің дамыған қола дәуіріндегі тайпаларының мәдениетімен ортақ, тектес нәрсе көп.

Солтүстік және Батыс Қазақстанның соңғы қола дәуіріндегі тайпалардың мәдениетінде екі кезең болды. Бірінші кезеңде, б.з.д. І мыңжылдықтың басында батыстағы тайпалар Еділ бойының, солтүстіктегі тайпалар – Жайық өңірінің соңғы қола мәдениетінің ықпалына түсті. Осы кезеңде жартылай жертөле түріндегі тік бұрышты тұрғын үйлер көбірек тарайды. Олар аумағы үлкен, олардың тереңдігі 0,8 - 1,5 м, қабырғалары тік болуымен ерекшеленеді. Сопақша жартылай жертөлелер мен сегіздік тәрізді жартылай жертөлелер Шағалалы І қонысынан табылды [9, с 129-146]. Жартылай жертөленің батыс жақ бөлігі тұрғын үй болған. Ал жертөленің шығыс жақтағы бөлігі тек шаруашылық қажетке арналған тәрізді. Мәселен, онда астық сақтайтын ұралар мен екі құдық бар.

Қазақстанның басқа аудандарымен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қола дәуірінің ескерткіштері анағұрлым аз зерттелген. Көп жылғы ізденістер нәтижесінде бірен-сараң қорымдар мен қоныстар табылып, зерттелді. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың қола дәуірінің ескерткіштері жерлеу құрылыстары көлемінің шағындығымен және салынуының қарапайымдылығымен Шығыс Қазақстан қола дәуірінің ескерткіштерінен ерекшеленеді. Мұнда, Шығыс пен Орталық Қазақстандағы тәрізді жүздеген қоршаулары мен обалары бар мазарлар жоқ, ал қорымдарда көп дегенде он шақты немесе жиырма шақты қабір бар. Жерлеу мүлкі де жұпыны: қоладан жасалған бұйымдар аз ұшарасады, қыш ыдыстарға көбіне ою-өрнек салынбаған [1, с. 141]. Аталмыш өңірде Қаратаудың солтүстік баурайында орналасқан Таутары қорымы жақсы зерттелген [10, с. 37-56]. Мұндағы қабір үстіндегі ескерткіштер - жер үстіне қырынан қазылып орнатылған тақта тастарымен немесе жерге қазылмай қойылған тастармен белгіленген, тікбұрышты, шаршы, сопақша келген, шеңбер түріндегі қоршаулар. Негізінен өлікті өртеу ғұрпы болған. Таутарының материалдық мәдениеті жалпы Қазақстанның андрон мәдениетіне ортақ болып келеді.

Академик О. Смағұлов қола дәуірінің тарихи маңыздылығын өз мақаласында былай деп атап көрсетеді: «важным этапом этнокультурного развития Казахстан явился бронзовый век (ХVІ-ІХ вв. до.н.э.). Однотипные археоологичские памятники этого времени занимали обширные пространства Евразии и они простирались вплоть до Северного Афганистана. В целом этот этап развития в бронзовом веке является эпохой расцвета и распространения андроновской культуры. В масштабе Казахстана носители этой культуры в основном обладали характерными чертами древней европоидной расы, но с хорошо выраженными региональными особенностями... морфологические черты насельников эпохи бронзы Казахстана служили мощным антропологическим пластом для многих последующих поколений, генетическая преемственность между которыми не прерывалась до современности» [11, с. 125-126].Сондықтан қола дәуірінің бет-бейнесін анықтау үшін жерлеу орындарының айрықша маңыздылығын атап өткеніміз жөн. Жерлеу орындарын зерттеу барысында алынатын нәтижелер солдәуір тұрғындарының шаруашылығы, мәдениеті, дүниетанымы және антропологиялық келбетін анықтау болып табылады.

Егер қола дәуіріндегі антропологиялық проблемаларды көтеретін болсақ, онда ең алдымен андроновшылар кім болғанына тоқталуымыз керек. Ғалымдардың барлығы оларды еуропоидтық деп көрсетеді. Андронов мәдени-тарихи қауымдастығының жалпы гетерогендігін өткен ғасырдың ортасында көрсеткен В.П. Алексеевтің пайымдауынша, қауымдастық тұрғындары үлкен еуропоидтық расаның түрлі морфологиялық нұсқаларынан құралған [12, с. 48 б.]. Алайда қола дәуірі тайпаларын еуропоидтық нәсілге жатқызғанымызбен, олардың физиологиялық тұрпатында моңғолоидтық элементтердің де кездесіп тұратынын айта кетуіміз керек. Бұған мысал ретінде В.В. Гинзбург зерттеген Орталық Қазақстан (Мойынты және Арқалық) және Шығыс Қазақстан (Қанай қ. 9) өңірлерінен табылған бас сүйектерде моңғолоидтық нәсіл элементтерінің табылуы айқын дәлел бола алады [13, с. 98]. Қазақ халқының арғы тегі саналатын қола дәуірі тайпаларында моңғолоидтық нәсіл элементтері табиғи түрде кездесіп отырған сыңайлы.

Қорыта айтқанда, қола дәуірі тайпаларының жерлеу және ғұрыптық орындарын ашу, зерттеу ұлттық тарихымыз үшін айрықша өзекті екені даусыз. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Нақтырақ айтар болсақ, қазақ қоғамына тән этникалық, мәдени және шаруашылық элементтердің қола дәуірінен басталуы, ең бастысы қазақ халқының антропологиялық негізінің қола дәуірінен бастау алатындығында болса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. – Алматы: Атамұра, 2010. – 544 бет.

2.  Акишев К., Байпаков К. Вопросы археологии Казахстана. - А., 1979.

3.  Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы. Ленинград, 1960, 8 б.

4.  Оразбаев А.М., Омаров Г.К. Некоторые итоги археологического исследования Восточного Казахстана / Проблемы изучения и сохранения исторического наследия (материалы международной археологической конференции). – Алматы: 1998. – С. 9-71.

5.  Оразбаев А.М. Северный Казахстан в эпоху бронзы. //Труды Института Истории археологии и Этнографии. Том 5. Алматы, 1958. 216-283 бб.

6.  Зданович С. Могильник эпохи бронзы Бурлук І // По следам древних культур Казахстана. – А., 1970.

7.  Грязнов М. Погребения эпохи бронзы в Западном Казахстане // Казаки. Материалы особого комитета по исследованию союзных и автономных республик. – Л., 1927. Вып.,2.

8.  Сорокин В. Жилища поселения Тасты-бутак // КСИА, 1962. Вып. 91.

9.  Оразбаев А. Поселение Чаглинка. Некоторые формы и типы жилищ // По следам древних культур Казахстана. – А., 1970.

10.  Максимова А. Могильник эпохи бронзы в урочище Тау-Тары // ТИИАЭ АН КазССР, 1962. - Т.14

11.  Исмагулов О., Факини Ф. Палеоантропология и древние памятники Казахстана / Проблемы изучения и сохранения исторического наследия (материалы международной археологической конференции). –  Алматы: 1998. С. 124-129

12.  Байқонақов Д. Ежелгі дәуірлер антропологиясының тарихнамасы // Қазақ тарихы. № 5. 2007. 45-49 бб.

13.  Гинзбург В.В., Трофимова Т.А. Палеоантропология Средней Азии. – М: Наука, 1972.