«Қыпшақ» этнонимінің ІХ-ХІ ғасырлардағы арап және парсы жазба ескерткіштеріндегі көрінісі
27.02.2017 4960
«Дешті қыпшақ» парсы тілінен аударғанда «қыпшақ даласы» дегенді білдіреді.

Біздің жыл санауымыздың екінші мыңжылдығының бас кезіндегі Шығыстық мұсылмандық пен Ежелгі Русь жылнамаларында шығысы қалың орманында Алтай тауларымен шектесетін, батысында Карпат тауларына тірелетін, мемлекеті сондағы мекен еткен халықтардың негізгісі, саны жағынан көп этнос атауымен аттас — «Дешті қыпшақ" немесе «Половецкое поле» деп аталатын ұлы мемлекет тарих сахнасына шықты.

«Дешті қыпшақ" парсы тілінен аударғанда «қыпшақ даласы» дегенді білдіреді. ХІ ғасырда парсы тілдес автор Насири Хұсрау өзінің «Диуанында» Хорезмның солтүстік шығыс шекарасымен іргелес жатқан мемлекетті осылай атаған болатын (С.Ахинжанов. Қыпшақтар. Алматы, 1995, 14 б.). Осылайша Балқаш пен Сырдария өзенінің және Ертіс пен Еділ аралығы «Дешті қыпшақ" атала бастады.
Орыс жылнамаларында қыпшақ мемлекеті өз бастауын батысында Кавказ тауларынан алады делінеді. (Орыс жылнамаларының толық жинағы, ОЖТЖ, Мәскеу. 455-бет).

Мұсылман авторларында қыпшақ, батыс дерек көздерінде куман, орыс жылнамаларында половецтер — осы әртүрлі этникалық атаулар бір ғана халыққа тиесілі болды. Бұларға қосымша бұл халықтың өзге атаулары да (кинща, сары, палощ, плапси, кун және т.б.) болды. Тарих сахнасында І мыңжылдықтың бас кезінде шыққанымен, олар туралы мәліметтер бұрыңғы саяхатшылар, тілші ғалымдар, географтардың еңбектеріндеде көрініс тауып отырған. Мұсылман тарихшылары, батыс дерек көздері және орыс жылнамашылары зерттеулеріндегі қызығушылықтың артуы осы кезеңге тиесілі.Арап және парсы тілінде жарық көрген еңбектердің саны жүздеп саналды. Біздің заманымызға келіп жеткен, бізге белгілі болған арап-қыпшақ сөздіктерінің өзі қырыққа жуық(Б.Боранбай.Қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы. Алматы. 2013, 37-бет). Қыпшақтарға арналған әдебиеттерде (половецтер, кумандар) олардың,яки қыпшақтардың этногенетикалық түбірі, қыпшақтардың өз ішіндегі ру тайпа атауларының табиғаты хақында көп сөз етіледі. Қыпшақ атауымен қатар қимақ атауы да қатарлас жүреді. Қыпшақ және қимақ этнонимдерінің алмастырылып қолданылуы тарихи кезеңдерге, сонымен бірге аталмыш тайпалардың доминанттық (басымдық) сипатына байланысты болса керек. Кейбір ғалымдар қимақ және қыпшақ этнонимдерін алмастырып қолдануды әбестікке санамайды, тіпті қимақ этнонимын қыпшақ этнонимының баламасы ретінде түсіндіреді. Біздің пайымдауымызша, аталмыш екі этнонимның әдебиеттерде алмакезек қолданылуын тарих сахнасындағы доминанттық сипатымен байланыстырған жөн сияқты. Біздің заманымыздың І мыңжылдығындағы осы екі атаудың әдебиеттерде алмастырылып қолданылуы дереккөздердің жетімсіздігінен туындаса керек. Қыпшақ үстемдігіне дейін қимақ тайпаларының мемлекет құраушы этникалық топ болғаны талас тудырмайтын тарихи айғақ.

Қыпшақ этнонимі туралы мәліметтердің дәлдігі, толықтығы жөнінен сол кезеңдегі арап және парсы тілді саяхатшылыр жазып қалдырған еңбектері ерекше орын алады. ІХ-ХІІІ ғ.ғ арап-парсы дереккөздерінің тарихи маңыздылығын академик Б.Көмеков ерекше атап өтеді. (Кумеков Б. Е. Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VІІІ-ХІV вв. Алма-Ата, 1987. С. 3 — 39.).

Қаралып отырған дереккөздер жиынтығының арасында араб географы Ибн әл-Факихтың (ІХ ғ. соңы — Х ғ. бас кезеңі) «Елдер жайлы хабарлар кітабын " (Китаб ахбар ал булдан) атап өту қажет. Ол, шамасы, Ирандағы Хамадан қаласынан болса керек. Ибн әл-Факих өз кітабын көп жағдайда бұрыңғы өткен авторлар Әл-Джахиз, Ибн Хордадбек, Әл-Джайхани щығармаларына негіздеп түзген. Онда Азия мен Шығыс Еуропаның көптеген елдері жайлы мол тарихи-географиялық материалдары бар. Әсіресе, қыпшақтар, қимақтар, қарлұқтар, оғыздар және басқалар жайлы, олардың елдері, қалалары, сауда-саттық жолдары, таралым өрісі, шаруашылық және мәдени тіршілік-тынысы жайлы айтылатын түркілер туралы тарауы өте құнды болып табылады.

Басра қаласының тұрғыны, ұлты арамей, араб географы және филологы Кудама ибн — Джафар (Х ғ.) «Хатшы өнері және харадж туралы кітап» (Китаб ал-харадж ва санат ал китаба) атты географиялық-әкімгершілік шығарма жазған. Өз шығармасын түзгенде пайдалануға рұқсат алып, өз тұсындаңғы ресми құжаттарды кеңінен пайдаланған. Оның шығармасында мұсылман елдерімен көршілес аймақтар, түркі тайпалары, кимектер, қарлұқтар, оғыздар қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумақтары көлеміндегі сауда-саттық жолдары, қалалар, елді-мекендер және олардың арасындағы қашықтықтар туралы нақты мәліметтер жинақталған.

Атақты философ, энциклопедист әл-Фараби (870–950 ж.) Оңтүстік Қазақстанда туылды. Оның «Музыка жайлы үлкен кітап " (Китаб әл кабир әл мусиқи) атты туындысында Мауреннахрдың солтүстік жағындағы далаларда көптеген далалық түркі тайпаларының мекендейтіні көрсетілген, олардың арасында қыпшақтар да болды.

Араб географиялық әдебиетінің зор өркендеуі дәуірі Х ғасырға тұспа-тұс келді. Бұл дәуірдің көрнекті өкілі, араб географы және саяхатшысы — орталық Ираннан шыққан Әл-Истахри (Х ғ. бірінші жартысы). Оның «Мемлекеттер жолдарының кітабы " (Китаб масалик ал мамалик) атты шығармасы, одан бұрыңғы Әл-Балхидың бізге келіп жетпеген еңбегінің өңделіп, толықтырылған түрі болып табылады. Шығармада Шығыс Еуропа, орыстар, хазарлар, бұлғарлар, бұртастар туралы қызғылықты мәліметтер бар. Қазіргі Қазақстан аумағын мекен еткен кимектер, оғыздар және қарлұқтар туралы ауқымды, нақты материалдар берілген. Әл-Истахри «тоғуз-оғыздар, хырхыздар, кимектер оғыздар, және қарлұқтар сияқты — түркілердің барлығына ортақ жайт — олардың тілі бір және әрқайсысы бір-бірін түсінеді»,-деп көрсетеді.

Авторы белгісіз Х ғасырдың соңғы ширегіне жататын парсы тілді шығарма — «Шығыстан батысқы дейінгі әлем шекарасы» атты еңбегінде (бұл қолжазбаны ғылыми айналымға 1802 жылы А. Г. Туманский енгізген, анықтамасын берген академик Бартольд). Қыпшақтардың жекелеген топтары,
Кимектер еліндегі әдет-ғұрыптары оғыздарға ұқсас Андар аз-хифчақ өлкесі туралы деректері аса құнды мәліметтер береді. «Андар аз-хифчақ" этнотопонимінің мән-мағынасы туралы бірнеше пікір тұжырымдар бар. В. Ф. Минорский бұл өлкенің атауы «ішкі қыпшақтар» деген ұғымды білдіреді десе, Л. Р. Кызласов бұл этнотопоним «ондар», «аз» және «қыфшақ" этнонимдерінің бірлігін көрсетеді,-дейді. С.М.Ақынжанов және Ю. И. Трифонов бұл құрылымды „ішкі аз қыпшақтары“ немесе „Аз тайпасы қыпшақтары“ ұғымын білдіреді деп қарайды. Дегенмен, бұл анықтамалардың ешқайсысы да парсы тілдерінен граматикалық нормасына сәйкес келмейді. В. К. Шуховцов және Б.Е.Көмеков „Худуд әл-Алам“ шығармасының мәтіндік толық талдауына сүйене отырып, қаралып отырған мәселеде Lapsus calami (жазуда жіберілген кемшілік) бар дейді, сондықтан араб полиграфиясына аздаған түзету енгізу қажеттігін ескере отырып, „андар“ сөзін „андак“ түрінде оқуды ұсынады. Нәтижесінде, этнонимнің Арал маңы далаларының солтүстік, солтүстік-батыс өңірлеріндегі, кимектердің солтүстік-батыс қыстаулары маңындағы қыпшақтардың кейбір топтары туралы қолданылғандығы байқалады. Бұл топты нақтылау туралы мәселеде Ә.Х.Марғұлан „Андар аз хифчак“ этнотопонимі Сырдария аймағындағы Қаратау, Сығанақ маңы мен Сарысу өзенінің аяғындағы аумақтарды көрсетеді» деген көзқарасты ұстанады. Қыпшақтар туралы кимектерден бөлінген, бірақ оларға саяси тұрғыдан тәуелді халық болды деген деректің мәні жоғары. «Қыпшақтар патшасы» кимектердің Хаканы тарапынан тағайындалды. Қыпшақтар кимектердің батысында, печенегтердің солтүстігінде тіршілік етті. Қыпшақтардың печенегтердің солтүстігінде (шығысында орналасты деген варианттар да бар) орналасқандығы туралы кейінгі дереккөздерде көптеген мәліметтер кездеседі. (Әл-Бакри, Гардизи, Әл-Марвази, Ауфи, Шукруллах және т.б.) «Худуд әл-Аламда» оңтүстік орыс далаларын мекен еткен печенегтердің және бір тобы туралы мәлімет келтірілген. Олар хазар печенегтері, олардың шығысында Хазар тауы, оңтүстігінде аландар, батысында — Груз теңізі, солтүстігінде — мирват орналасты. Ал түркі печенегтерінің шығыс тобына келсек, Әл-Марвази мәліметтеріне қарағанда, «олардың жан-жағында көптеген халықтар орналасқан: солтүстік жағына қыпшақтар елі, ал батысында — славян елі болған. Бұл халықтар печенегтерге, ал печенегтер оларға шабуыл жасайды». Түркі печенегтері VIII ғасырдың басында, IX ғасырда Сырдария мен Арал маңы далаларында тіршілік етті.

Парсы тілінде жазатын ғазнауи тарихшысы Гардизидің 1950 жылдар шамасында жазған «Хабарлар өрнегі» (Зайн ал-ахбар) атты шығармасында қыпшақтар кимектердің жеті атасының бірі ретінде аталады — ими (эймур), имақ, тағар, байандур, қыпшақ, ланиказ, аджлад. Кимектердің татардан шығу тегі жайлы, аңызда қыпшақтар татарлардың туысы ретінде алынады. Осы мәліметке сүйеніп И.Маркварт қыпшақтардың моңғол-манчжур тегінен тараған деп жаңсақ пікір айтқан (Ә.Құрышжанұлы, Б.Е.Көмеков, С.Ж.Дүйсен. Ескі қыпшақ тілі. А-ты, 2007 ж.). онда татарлардан қыпшақтардан бөлінуін ҮІІ ғасырға жатқызады.

ХІ ғасырдың басында кимек тайпалары орналасқан аймақтағы әскери-саяси үстемдік толықтай қыпшақтарға өтеді-де, оңтүстігінде Орта Азиямен солтүстігінде ежелгі Русьпен байланыстың күшеюі осы кезеңге тиесілі. «Мафазат ал-гуз» (Оғыз даласы), «Дешт-и Қыпшақ" (Қыпшақ даласы) этнотопонимдерінің тарих аренасына шығуы да осы кезеңге сай келеді.

Түркі тілідері жөніндегі толыққанды алғашқы филологиялық еңбек саналатын Махмұт Қашқаридің „Түркі тілдерінің сөздігінде“ („Дивани лұғат ит-түрік“) Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген қыпшақ тайпалары жөнінде құнды деректер бар. Онда қыпшақтардың этнографиясы, географиясы, фолклоры, тарихы, тілдік материалдары берілген, талдаулар жасалған. А. Н. Кононов пікірінше " ол көп жағдайда ХІ ғасырдағы түркілердің тынысы мен тіршілігі, материалдық мәдениет бұйымдарының атаулары, тұрмыстық ерекшеліктері, этнотопонимдері мен топонимдері, тайпалық бөліністері, туыстық және құрылымдық терминдері, әртүрлі лауазым атаулары мен титулдары, ас, тамақ, үй және жабайы хайуанаттар атаулары, мал шаруашылығы терминдері, өсімдіктер мен дақылдар, астрономиялық терминдер, халық күнтізбесі, ай және апта күндері атаулары, географиялық терминология мен көрсеткіштері, қалалар, ауру, сырқау атаулары мен дәрі-дәрмектер, анатомиялық терминдер, металдар мен минералдар, тарихи және мифологиялық кейіпкерлер, діни және әскери, спорттық және әкімгершілік терминдер, түрлі этникалық атаулар, балалар ойындары мен ермектері және т.б. туралы мәліметтердің бірден-бір жиынтық дереккөзі болып табылады». «Диуан» материалдары әлі-де болса мамандар тарапынан толыққанды түрде зерттелінген жоқ. М.Қашқари шығармасына қоса берілген, 1074 жылы жасалған әлемнің дөңгелек картасы сол уақыттарда өте сирек кездесетін дәлдігімен және географиялық объектілердің ерекше қалыпта орналастыруымен өзіне назар аудартады. Мысалы, мұсылман авторлары әдетте, Мекке «әлемнің кіндігі» деп көрсетсе, мұнда оның орнына Жетісудағы Қарахандардың алғашқы астаналарының бірі Баласағұн көрсетілген. Картада қыпшақ тайпаларының орналасу орындары берілген.

Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа орта ғасырларда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі. Қыпшақ атауы ежелгі түркінің Шинэ Усу ескерткішінде алғаш кездеседі. Махмуд Қашқари еңбегі бойынша ІХ ғасырдағы қыпшақтардың құрамына имек, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрлі т.б. тайпалар мен рулар енген. Қыпшақтар түрік қағандығы ыдырағаннан кейін алғашында Кимек қағандығының құрамында болып, ІХ ғасырда бөлініп шықты. Қыпшақ хандығы тез арада күшейіп, Қыпшақтар Орта Азия мен Шығыс Еуропаға тарала бастады. Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. ХІІІ -ХIV ғасырларда қыпшақ сөзі «түркі» ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — «Кодекс куманикус» жазылды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін қыпшақтар көптеген ұлыстарға бөлініп кетті. Бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына кірді.

Н. А. Аристов қазақ халқының құрылу кезеңінде көлденең, ұзын, танабұға, қарабалық т.б. қыпшақ рулары болған деп көрсетсе, В. В. Радловтың айтуы бойынша ол кезде қыпшақ тайпаларының құрамында торайғыр, түйшіке, қытайқыпшақ, бұлтың, қарабалық, көлденең, танабұға, ұзын, көкмұрын рулары болған. Қазақ шежірелерінде тоқсан екі баулы қыпшақ деп аталады. Шежіре бойынша қыпшақтардың өсіп-өнуі төмендегіше сипатталады: қыпшақтан, ақтамсопы, одан құланқытай, одан сүлімалып, одан кебеқалып, одан мүйізді сарыабыз, одан қытайқыпшақ, қарақыпшақ, сарықыпшақ, құланқыпшақ тарайды. Қазақ құрамына енген қыпшақтар шежіре бойынша қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасына (ұзын, бұлтың, көлденең, қарабалық, торы) бөлінеді. Қарақыпшақтан басқа үшеуі туралы мәліметтер жоқтың қасы. Әйтсе-де, қыпшақтарды Орхон жазбаларында «сір», ІХ ғасырда кимектер ығыстырған кезде «шары» деп атаған. Бірқатар ғалымдар қыпшақтардың сырт пішіні әуелде еуропалықтарға ұқсас болды дегенді айтады. Қазақстанда жүргізілген антропологиялық зерттеулер орта ғасырларда қыпшақтар мекендеген жерлерде моңғолдық және еуропалық нәсілдер аралас қоныстанғандығын көрсетеді. Сондай-ақ шежірелерде көрсетілген қытайқыпшақ атауы да ежелгі замандарда қытаймен көршілес отырған қыпшақтардың атауы болуы да мүмкін. Қарақыпшақтан тараған Қобыланды батыр ХV ғасырда көшпелі өзбек мемлекетін билеген Әбілқайыр ханның замандасы ретінде сипатталады. Қай өңірді жайласа да, қыпшақтар белгілі бір халықтың әр түрлі тобы есебінде ғана көрінген, бірақ бір тілде сөйлеп, бір тектес болған. Қыпшақтар қазақтан басқа да түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай, қарашайғ әзірбайжан, түркімен, балқар, т.б.) ұлт болып қалыптасуы барысында елеулі рөл атқарды. Қазақ халқының құрамына енген қыпшақтар, негізінен, Сыр бойын, Арқа өңірін, Солтүстік-Батыс Қазақстан (Ақмола, Қостанай, Торғай) аумағын мекендеді. Қыпшақтардың ұраны-Ойбас, таңбасы-екі тік сызық (ІІ, яғни қос әліп).

Болат Боранбай — филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ, аға оқытушысы
Берік Мәмбетов — Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. С.Ахинжанов. Қыпшақтар. Алматы, 1995, 14 б.
2. Орыс жылнамаларының толық жинағы, ОЖТЖ, Мәскеу.
3. Б.Боранбай.Қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы. Алматы. 2013
4. Кумеков Б. Е. Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VІІІ-ХІV вв. Алма-Ата, 1987.
5. Ә.Құрышжанұлы, Б.Е.Көмеков, С.Ж.Дүйсен. Ескі қыпшақ тілі. А-ты, 2007 ж.
6. Введение и изучение тюрских языков. М.,1996 г.
7. Қайдаров Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспеА., 1992 ж.