Саясат тарихы
26.07.2013 3309
Қазақ хандығы көршілес барлық елдермен дипломатиялық және сауда қатынастарын жасауға тырыс­ты

Қазақ хандығы көршілес барлық елдермен дипломатиялық және сауда қатынастарын жасауға тырыс­ты. Тек 1758-1823 жылдар аралығында Чиң әулеті билігіндегі Қытай еліне 31 рет елші аттандырды. Жоңғар, Хиуа, Бұхара, Қашқариямен де берік қарым-қатынаста болды. Құрамына 90 адам енген Төле би бастаған қазақ елшілігі 1743 жылы Жоңғарияға барып Абылай ханды қалмақтан азат етуі – дипломатиялық үлкен жеңістердің бірі еді. Қытайдың Цянь-лунь (Тәңірдің еркесі) патшасы Абылайдың хандығын мойындаған. Ресеймен дипломатиялық қатынас Тәуекел ханның (1583-1598) кезінен басталды. Ал Тәуке хан 1683-1693 жылдар аралығында Ресейге бес дүркін елші аттандырып, еларалық қатынастарды реттеп, сауда-саттық ісі және стратегиялық кейбір мәселелерді алға тартты. Бірақ тарихта Ресеймен тепе-тең дипломатиялық қарым-қатынас болып көрген емес. Олар қазаққа үнемі қысым көрсетіп отырды. Орыстар 1693 жылы қазақ елшілері Сары мен Келдейді себепсіз тұтқындайды. Мұны естіген Тәуке хан орыс патшасына жолдаған хатында: «Адам атадан осы уақытқа дейін елшіні қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді», – деп реніш білдіріп, елшілерді тұтқыннан босатуды талап етеді. Нәтижесінде елшілер босатылып, еларалық мәселелер бейбіт шешім тапқан. Тәуке хан 1687-1688 жылдары Бұхара ханы Сұлтанқұлмен келіссөздер жүргізді. 1711, 1712, 1714 жылдары башқұрттардың көтерілісіне қазақ-қарақалпақтың біріккен 20 мың қолын жіберіп, Башқұрт халқына қол ұшын берді. 


Қазақ территориясының қазіргі аумағы Қасым хан, Хақназар хандардың тұсында қалыптасты. Ол Алтайдан Атырау, Еділ, Жайыққа дейінгі, Батыс Сібірден Сырдарияға дейінгі ұлан ғайыр даланы алып жатты. Енді мемлекеттің сипатына келсек, жүздік құрылымды Қазақ мемлекетінің бір ерекшелігі деп қарастыру керек. Мемлекетті хан басқарды. Хандар хан әулетінен ­тарайтын мұрагерлердің арасынан «хан кеңесінде» сайланды. «Хан кеңесіне» төбе билер мен батырлар да қатысқан.

Қазақта 24 Бас хан, 19-20 Жүз хандары (кіші хандар) болды. Одан кейін әйгілі сұлтандар мен батырлар, билер бар. Мен қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібекті, қазақтың елін – ел, жерін – жер еткен даңқты Қасым хан, Хақназар хан, Абылай хандарды ерекше атауға болады. Тәуке ханның ата-бабалары Жәдік сұлтан, Есім хан, Жәңгір хан және Тәукенің өзі де асқан батыр тұлғалар болатын.

Тәуке хан – Қазақ хандығын 60 жылдан астам уақыт (1652-1715) билеген аса елеулі тұлға. Заманы ауыр болды. Қазақты шығысынан жоңғар, батысынан қалмақ, башқұрттар, солтүстік батысынан Сібір және Жайық казактары қысқан кезеңнің өзінде Тәуке хан ел ішінде тыныштық орнатып, халқын үш жүздің хан, сұлтан, билері арқылы жұдырықтай жұмылдырып ұстай білді. А.Левшин Тәукені қазақтың Қасым ханнан кейінгі аса құдіретті әрі ақылды патшасы деп атап, оны Спартаның ақылға кең данасы Ликургке теңеген. Тәуке заманын халық «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп атады.

Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қожаберген жырау, Тілеу батыр – Тәуке хан билік құрған заманның ірі тұлғалары.

«Жеті жарғы» Тәуке ханның тұсында шамамен 1670 жылдары өмірге келген. Заңды түзуге Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және басқа да бек, пірлер қатысқан. Заңның түпнұсқасы табылмағанымен, зерттеушілер ел аузынан оның 34-35 бабын тауып жазып алған. Түпнұсқасы Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңымен үндес. Екеуі де жеті түрлі дауды реттеген. Заңның «Жеті жарғы» атануы да сондықтан. Оған жер дауы мен қоныс дауы, жесір дауы, құн дауы, руаралық қатынастар,барымта, айып-жаза, алым-салық т.б. кірген. «Жеті жарғыны» Қазақ мемлекетінің алғашқы заңы деуге болады. Ол «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» қатарлы заңдардың жалғасы, оларды жүйелеп реттеген нұсқасы болып табылады.

Қазақ хандығы құрылғанда оның құрамына 32-34 тайпа кірді. Қазақтың үш жүзінің басын құраған негізгі тайпалар солар. Ал «Алаш» дегеніміз – «қазақ» атауының синонимі. Қазақтың басты ұраны әрі ұлт бірлігінің белгісі. Ақ орданың кезінде қазақ және оның әскери құрамы «Алаш мыңдығы» деп аталған. Қазақ арасында қазақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, татарларды «Алты алаш» деп атайтын ұғым бар. Бұл – 1666-1763 жылдары өмір сүрген Қожаберген жыраудың «Баба тілі» дастанынан қалған, көрші халықтарды елдестіру мақсатынан туған сөз. Іс жүзінде, аталғандардың ішінде ноғайлы мен қазақтан өзгесінде «алаш» деген ұғым түбірімен жоқ. Ноғайлыда болатыны: ноғай мен қазақ – түбі бір халық. Құрбанғали Халид «Алаш, алаш!» дегенде қазақ, ноғай бір болып, сарт сыртта қалады» деп бекер айтпаған. Ал Қадырғали Жалайыр «Алты алаш» деп Алаш мыңдығының ағасы – алты бекті атаған. Олар – Тебре бек, Шайқы софы бек, Атұлы бек, Итбаға бек, Қараша бек және Тоңқа бек. Шоқан Уәлиханов: «Қазақтың тарихи шежіресінің дәлдігіне келгенде, Қадырғали Жалайырдан асқан еңбекті көрмедім», – десе, Алашорда көсемдерінің бірі Ә.Бөкейханов: «Біз,«Алаш» ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық. Сондықтан партияның атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр», – деген.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

Кеше Алаш, Алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Үйіміз ағаш болғанда,

Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік, – демей ме?

Мұнда ол, сөз жоқ, қазақ хандарының атасы, Ақ орданың қабырғалы ханы – Орыс ханды айтып отыр. Орыс ханның тұсында Ақ орда «Алаш елі», Орыс ханның өзі «Алаша хан» атанған. Бұл туралы Ш.Уәлиханов жазған. Бұрын, тіпті күні кешеге дейін қайсыбіреулер «қазақ» атауының тегін орыс тіліндегі деректемелерден, «қашақ» немесе кезбеліктен (вольники) іздеп келді. Кезінде М.Тынышпаев, Ш.Уәлихановтар «қазақ» атауын орыс деректемелерінен іздеп, жауап таба алмай түңілген. Өйткені орыс тілді деректерде Сақтарға «Үнді еуропалықтар» ретінде қарағаны жазылады. Әрине, мұнда идеологиялық әрі стратегиялық мән жатқаны белгілі. Қазақтардың бірі Шоқанның қалжыңының астарын түсінбей, «Қазақ тарихының Геродоты» деп тым асығыс атап жіберген А.Левшиннің өзі: «Біз ХVІІІ ғасырға дейін қазақ деген жұрттың кім екенін білмедік», – депті. Егер «тарих атасы» қазақты ХVІІІ ғасырға дейін білмесе, онда орыстар «қазақ» атауының тегін қайдан білсін?

Қазақ (хассақ) атауының тегін қытай, моңғол, парсы деректері арқылы Сақ, Үйсіннен іздеу керек. Бұл төңіректе қытай, моңғол жазбаларында жеткілікті деректер бар. «Тан Шу» (Тан патшалығы тарихы) былай тұрсын, Жунғо қоғамдық Ғылым академиясының этнография институты құрастырып, 1956 жылы шығарған «Жунғодағы аз ұлттар» энциклопедиясында: «Қазақ туралы қытай жылнамаларында жеткілікті деректер бар. Б.з.б. 119 жылдары тарихта белгіленген Үйсін және Сақ, Юувейшилер – олардың ата-бабасы. VІ ғасырдан бастап олар Алтай түркілері атымен сақталды», – деп жазылған. Ал «Моңғолдың құпия шежіресінде» құдды «Алмания мерседесі», «Жапонның Тойотасы» дегеніміз сияқты, «Хассақтардың арбасы» туралы баяндалады. Бұл тіркес «Құпия шежіреде» үш рет қосалқы түрде, екі рет жалқы (арба) түрде жазылған. Қытайлар бүгінде қазақты «Хайсак», моңғолдар «Хассақтар» деп атайды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орыстар «Киргиз» деген атауды қазақтар мойындамағасын «Қырғыз-қайсақтар» дейтін болған. Мұның өзі – олардың қазақтың «Хас-Сақ» тегінен екенін мойындағанының белгісі. Сөйтіп, біздің халық әр ғасырларда «Хассақ», «Хаса», «Ғыса», «Қыпшақ», «Алаш» сынды түрлі атауларға ие бола жүріп, ХІV-ХV ғасырлардан бастап бүгінгі «Қазақ» атымен толысып қалыптасты.

Қазақ жүздерін «Әскери жүздік» немесе «Үш орда» деп тарихи ойды тығырыққа тіреген – тағы да орыстілді әдебиеттер. Жүздік жүйенің генеологиясы мен дамуы, ат-атауы мен жүздердің қалыптасқан уақыты туралы түрлі пікірлер бар. Мен бұл мәселені 2010 жылы жарық көрген «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты монографиялық еңбегімде талдадым. Қазақ жүздерінің тарихын әскери жүздік (сотня) немесе қазақ шежірелері сияқты сан жеткісіз аталықтардан іздеу – тарихты адастыратын жол. Орыстың «сотня» дегені – ежелгі түркілердің «Juz» сөзін орысшалаған механикалық аудармасы. Ал түркілердің«Juz», қазақтардың «жүз» сөздерінің нақты мағынасы – цифрлық жүз (100) емес, бағыт-бағдарды білдіретін («ортақ жатқан Үйсінім, Дулатым тағы бар, ары барсақ, Қыпшағым» деген сияқты) ұғым. Ежелгі түркі-моңғолдар бұл ұғымды «Juz» (жүз), «Gar» (қол), «Jiguur» (қанат) деген мағынада қолданған. Мұндағы «қол» – «әскери қол (корпус), «жүз» –«оң жақ», «сол жақ» немесе «оң қанатым», «сол қанатым» деген ұғымды білдіреді.

Негізі, жүз генеологиясын әріректен, көшпенділердің ел басқару жүйесінен іздеген жөн. Ежелгі көшпенділердің өмір салтында үштік интеграл және 3х3 (9) саны (тоғыз татар, тоғыз оғыз, тоғыз ұйғыр одағы, тоғыс айы, тоғыз айыбы т.б.) киелі де тұғырлы болып табылды. Үш (3) – ошақтың үш бұтындай мығым сан. Үш екіге бөлініп кете алмайды, не өз-өзіне, не үшеуі біреуіне бағынады. Бірлік мағынасында да «үштік», «жетілік», «тоғыздықтың» орны бөлек. Егер сан төртеу болса, екі-екіден жақ болып бөлініп кетуі мүмкін. Көшпенді мемлекеттерде екіге бөлінгені болмаса, үшке бөлінген тарих жоқ. Сондай-ақ ол елдерде ел басқарудың үштік жүйесі қабылданды. Елді үштік арқылы басқару жүйесі сонау Ғұн мемлекетінен бастау алады. Ғұндар б.з.б. 209 жылы Иран, Түріктердің 36 аймағы, Тахлаг Маханның ұлы шөлінен батысқа қарай 146 мың отбасы, 844 мың жаны, 240 мың қарулы қолы бар 26 ұлыс елді бір шаңырақ астына біріктірген Ұлы дала мемлекетін құрды. Ерте және орта ғасырларда мұндай үлкен ел, жерді бір орталықтан басқару мүмкін емес еді. Сондықтан олар елін үш қанатқа (жүзге) бөлді. Бұлайша бөлінуде ру-тайпалардың орналасу жайы, жер-суының жағдайы және халықтың этникалық жақындастығы ескерілді. Осыған орай Тәуке хан үш жүзге хан тағайындап, таңбасын, ұранын белгілеп берді. Бірақ бұл – «Орталық мемлекет тарап кетті» деген сөз емес, әрбір жылдың күз айында үш жүздің игі жақсылары жиылып жиын (құрылтай) құрып, келелі мәселелерді шешіп тұрған. «Жеті жарғы» сондай бір жиында қабылданған.