Қазақ шежіресінің жазылу тарихы және деректік құндылығы
29.07.2014 6005
Қазақ тарихында ”жабулы қазан” күйінде қалып келген салалардың бірі–шежіре тарқату еді.

Отан тарихының өн бойында «талай өліп, талай тірілген» халқымыздың соңғы ғасырлар бедерінде-де аласапыран азаптар мен тауқыметтерді бастан молынан кешкенін соңғы жылдарда ғана тәуелсіздік алғалы ашық айтуға мүмкіндік алдық.

Қазақ тарихында «жабулы қазан» күйінде қалып келген салалардың бірі-шежіре тарқату еді. Қазақ арасында ежелден жалғасқан үлгісі бар бұл дәстүрге патша үкіметі қазақ жерін жаулап алысымен-ақ айырықша көңіл аударып, отарлауға көмегі тиеді деген ниетпен оны жинау үшін жер-жерге экспедициялар аттандырған. Орыс зерттеушілері: А.Левшин, В.Вельяминов-Зернов, Н.Аристов, А.Харузин, Т. Е.Грумм-Гржимайлолар жазып алған қазақ шежірелері бірталай ғылыми тұрғыда құндылығынан басқа-түптің түбінде алысты көздеген пиғыл, кімнің қай руға жататындығын анықтау арқылы оларды бір-біріне айдап салу, сөйтіп отаршылдықтың «бөлшекте-де, билей бер» дейтін сынынан өткен ұранын жүзеге асыруға бағытталған саясат үшін керек болған сияқты. Осы орайда қысқаша болса да «шежіре» сөзінің шығу төркініне тоқтала кетсек, бұл ретте шежіре-де басқа атаулар секілді екі бағытта төркіндетіледі. Оның бірі-халықтық этимология. Бұл бойынша, шежіре -«шеш» және «іре» деген екі сөзден құралып, халықтың шығу тегін тарата шешіп, бөлшектей саралайтын атауды жасаған секілді. Ал, кейін шежіре айтылуы, естілу заңдылықтарына қарай «шежіреге» айналғанға ұқсайды.

Екіншісі-ғылыми тұжырым. Ол бойынша, «шежіре» сөзінің шығу төркіні арабтың-бұтақ, тармақ деген мағана беретін «шат-жарат» дейтін көрінеді.

Жалпы, шежіре қазақ қоғамында белгілі бір функционалды қызмет атқаратын көшпелілер қатынасының институты деп білеміз. Осыны дәлелдеу үшін, «шежіре» ұғымының мағанасын анықтау керек.

«Шежіре» сөзі дұрыс түсінілмейтін тәрізді. Ғылымда осы жөнінде екі-үш түрлі пікір бар. Басым көпшілігі, «шежіре» араб тіліндегі «шат-жарат», яғни, «ағаш» сөзінен шыққан, арабтарда «ата-тек, ағашы» және «іре» сөздерінің бірігуінен пайда болған сөз дейді [1, 18 б.]. «Шежіре» сөзінің семантикалық мағанасын анықтап, терминологиялық тұрғыдан бекітуде үлкен мән бар. Қазақ халқында қолданылатын шежіре арабтарда шартты түрде екі сөздің изафеттік тіркес түрінде «аш-шаджарат аннысб «деп қолданылады.

«Шежіре» сөзі — қазақ, қалмақ, татар, башқұрт, ноғай, алтайлық, көшпелі өзбектер және басқа көшпелі халықтарға ортақ. Осы халықтардың сөздіктеріне сәйкес, «шежіре» монғол, тува, алтай, қалмақ, ұйғыр, көне түркі тілдерінде «кеуде», «жад», «жадында сақтау», «есте сақтау», «шығарма» мағыналарында қолданылатыны белгілі. Бұл сөз көрсетілген этностардың тіл ерекшелігіне байланысты өзгешелеу айтылса да, сөз түбірі бар. Салыстырсақ, «шежіре», «цээжер», «шээжиллээр», «шасар», «чээджер дасх» деген түрлі атаулар шығады.

Моңғол, қалмақ тілдерінде «цээж»- кеуде, жад деген мағынаны білдіреді. М. Ж. Көпейұлы өз сөзінде: «Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген ұмытшақ" деп оқуды керек қылмаған. „Жазуға сенген жаңылшақ" деп жазуды керек қылмаған. Оқу мен жазудың жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған“ деуі көшпелі халықтардың ұғымында адамның кеудесі, ақпарат жиылатын құбылыс ретінде көрсетіледі [2, 72 б.].

Бірақ, ең бастысы, М.Ж.Көпейұлы өзінің тарихи шығармашылығында шежіре сөзін тек бір жұқа генеологиялық тізбе ретінде көрсетпей „шежіре“ ұғымының астарында „тарих“ ұғымына жататынын көрсетеді. Шежіре-ерекше этномәдениеттік құбылыс, ол көшпелі қоғамда өзіндік институционалды және функционалды қызмет атқаратын, көшпелі этностардың қоғамдық-саяси жүйесінің қажетті бөлігі.

ХХғ. зиялыларымыздың бірі — А.Байтұрсынов: „Шежіре-өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі. Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің түс, туысы көп айтылады“-дейді [3, 48 б.].
Халқымыздың белгілі қайраткерлерінің бірі, тарихшы М.Тынышбаев: „Қазақ халқының әрбір руының генеологиясын алдын ала зерттемей, сондай-ақ, оның қай кезде, кіммен қақтығысқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес“ деп, ол әрбір рудың генеологиясына хронологиялық ретпен қысқаша түрде тоқталып өтеді [4, 44б.].
Осындай тұжырымға келген ол қазақтың шежіресі туралы қазақтың өзінен артық ешкім білмейді деген ой қорытады. Өйткені шежіре-халықтың атадан қалған асыл мұрасы, қасиетті тарихы.
„Шежіре“ (шад-жарат-бұтақ, тармақ)-халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Шежіренің мақсаты-лек-легімен дүниеге келіп жатқан ұрпақтарымыздың: „Біз кімбіз, қайдан келдік, ата-тегіміз кім, олар қандай жерді мекендеген, қандай ел болған? Қандай мемлекет құрған немесе қандай мемлекеттің құрамында болды? Бабаларымыз адамзат тірлігіне қандай үлес қосқан, дүниежүзіне мәшһүр ғылым, жауынгер-жаһангер, жаһанкез бабаларымыз болды ма?“ деген сауалдарға жауап іздейді [5, 66 б.].

Бұл деректерге қарағанда, қазақтың абыздары ескі замандағы оқымысты бақсылардың дәстүрін соңғы заманға дейін сақтап келген, солардың қалдығы деуге болады» деп Ә.Марғұлан жазады [6, 12 б.].

Ауызша тарих айту дәстүріне байланысты терминдердің этимологиясын талдау — шежіре зерттеуде қолданылатын категориялардың түркі шығу тегін анықтаумен байланысты, шежіре, шежіреші, шешен, қария, абыз деген дей сөздердің семантикасына қатысты. Абыз сөзінің этимологиясын талдайтын болсақ, ол арабтың хафиз, яғни сақтаушы мағынасындағы сөзден шыққан болса керек. Осы мағынада ол қазақтың шежіреші деген сөзімен пара-пар. Ал, шежіре сөзінің семантикасын талдасақ, алғашқы жазба деректерде бұл сөзді Махмуд Қашқаридың сөздігінен кездестіреміз. «Диуани-лұғат-түрік» еңбегін жазуда түрлі түрік тайпаларының ортасында сапар шеккен Қашқари, сөздік құрастыруда сежірелерді қолданғандығын айтады. Демек, бұл оғыз тілі ерекшелігімен сежі, сежіле деп айтылып тұрған сөз.

М.Қашқари: «Мен бұл кітапты хикмәт сөздер, сежілер, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, режез және нәсір секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен түзіп шықтым» деп жазады [7, 17 б.].
Шежірешілер өздерінің аса орнықты қалыптағы есте сақтай білу қабілеттеріне сәйкес мол тарихи мирасты келесі ұрпаққа жеткізушілер және өздері ғұмыр сүріп отырған кеңістікте баршаның зердесіне жеткізушілер. Қазақтың әрбір ру-тайпасының, әрбір жүздің өз шежіресі болды. Бұл шежірешілер қазақтың байырғы күнтізбесін ай, күн есептерінде, әдет-ғұрып, салт-сана заңдарын да жақсы білген. Кейін келе осы ауыздан-ауызға көшіп келген ауызекі тарих-шежірелер қауырсын қаламмен жазылып, ру басылары мен билердің, хан-сұлтандардың қолында сақталатын болған. Мұны жинақтап, зерттеген және бастырғандар: Нұржан Наушабаев, Ш.Құдайбердіұлы, М. Тынышбаев, М.Ж.Көпеевтер болды [7, 19 б.].

Қазақтар ішінде әрбір отбасының өз шежіресі болуымен бірге, әр ру, тайпа және жүздің өз шежірешілері болды. Қазақ ру-тайпаларының шежірелері ерте заманда ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды." Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса, әр рудың өз шежіресі болған [8].

Зерттеушілердің айтуынша, жалпы алғанда қазақ шежірелері VІІ ғасырдан бастап, ХХ ғасырға дейінгі мезгілді қамтиды [9, 24 б.]. Бұл шежірелерде белгілі жүз, тайпа, бұдан тараған аталар таратылып айтумен қатар, осы аталардың заманындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, ірі тарихи оқиғалар, сол замандағы тарихи адамдар есімдері сақталды.

VІІ ғасырдан деп басталуына келтіретін бір мысал осы кезеңде өмір сүрген түрік қағанаттарынан белгілі қағандары Тоныкөк пен Білге қағандардың құрметіне қойылған «Күлтегін» ескерткішінің «Үлкен жазуында» мынадай үзінділер бар: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде Қаражер жаралғанда, екі арасында кісі оғлы жаралған екен. О кісі оғлының үстінен билік жүргізуге менің арқы бабаларым Бұмын қаған, Естеме қаған таққа отырған екен» делінген [10, 32 б.]. Бұдан көретініміз — Түрік қағанатының негізін қалаушылар тіпті әлемнің жаралуын өздерінен бастайды.

Тоныкөк ескерткішінде мынадай сөздер бар: «Ілтеріс қаған ерлікпен күреспесе, мен өзім ерлікпен күреспесем, ел-де, халық та жоқ болар еді. Ерлікпен күрескеніміз үшін, өзім ерлікпен күрескенім үшін, ел және ел болды, халық және халық болды» дейді. Мұндағы жазулар арқылы баяндайтын ежелгі түрк тайпалары өздерінің өмірбаяндарын тасқа қашап қалдырды.

Орта ғасырда Орта Азия өңірінен шыққан жазушы, тарихшы, тағы басқа қайраткерлерде осы шежіре деректерін жинады және өз еңбектерінде пайдаланды. Бұл шежіре деректерінің ерте кезде жазбаға түскендері: Іле алқабындағы Алмалық қаласынан шыққан тарихшы Жамал Қаршидың (1230–1315жж) қаңлы, дулат, оғыз, қыпшақ және қарақан шежіресі, М. Х. Дулатидің Жетісудағы тайпалар жайындағы шежіресі, Қ.Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» т.б. [10, 38 б.].
Қазақ хандығы тұсында көп қолданылатын шежірелердің бір тобы: «Нисабнама Шыңғыс» («Шыңғыс шежіресі»), «Нисабнама қазақ" («Қазақ шежіресі»), «Махмуд Собық шежіресі», Бейбарыс пен Ибн Халдун жинаған «Қыпшақ шежіресі» және «Жаһаннама», («Оғыз-Қарахан шежіресі») тағы басқалар. Ескі шежіре-жазбалардың ішіндегі деректері толық шежіренің бірі — «Нисабнама-қазақ», мұнда баяндалған тарихи деректер ХІІІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға алғашқы жартысына дейінгі мезгілді қамтиды. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, ескі шежірелер: Есім ханның, Тәуке ханның, Сәмекенің, Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталып келген. Ондай шежірелер Абылайда, оның балалары Уәлиде, Сұйықтөреде, Әбілқайырда, оның балалары Нұралы, Айшуақта, ұрпақтары Жәңгір ханда, Дәулеткерейде болған. Абылайдың шежіресі оның ұрпақтары арқылы белгілі.
Абылайдың шежіресі оның ұрпақтары арқылы кейін капитан Андреевке, Н. И. Гродековтың қолына өткен. Әбілқайырдың шежіресі толығымен М.Тевкелевтің, П. Н. Рычковтың қолына өткен. Қазақ шежіресінің көптеген қолжазбалары осы күнге дейін орыс архивтерінде сақтаулы.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар жазбаға түсірілген. Олар «Көшен Қарауыл шежіресі» (ХVІІІ ғ.), «Жәңгірдің шежіресі» (1835), Ш.Уәлихановтың жазып алған «Ұлы Жүз шежіресі», Абдулла Ниязұлы жинаған «Үш жүздің шежіресі», Ахмет Жантөриннің шежіресі, Г. Н. Потаниннің жазып алған Мұса Шорманұлының шежіресі, Қорғанбек Бітімжанұлының бастауымен 1894 жылы жинақталған «Орта Жүз және Кіші жүз шежіресі», қазақ шежірешілері Торғай қаласында бас қосып құрастырған «Ғажайып шежіре», «Шыңғыснама», «нисабнама Шыңғыс» (Шыңғыс шежіресі), Торғай би жинаған «Үш жүздің шежіресі», Диқанбайдың «Ұлы жүз шежіресі» т.б сақталған.
ХVІІІ ғасырда билеген Ежен ханның қызметкерлері қазақ арасынан қазақтың көптеген шежірелік деректерін жинап, маньчжур тілінде жазбаға түсірген екен. Бұл жазбалар қазіргі Пекиндегі хан сарайы музейінде сақтаулы.

Қазақтың шежіре жинақтарының бірсыпырасы ХХ ғасырдың басында жинақталып басылған. Бұлар: Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі», «бұл қазақ қай кезде үш жүз аталған», Н.Наушабайұлының «Қазақ пен түрікпен шежіресі», М.Тынышпайұлының «Қазақ шежіресі» т.б.

Орыс тарихшыларының қазақ шежіресін зерттеп жазудағы өзіндік мақсат-міндеттері болады. Солардың бірі Н.Аристовтың шежіреге байланысты мынадай пікірі бар: «Қазақ шежіресі маған қазақ тайпасының тарихын зерттеп жазуда көп пайдасын тигізеді. Сондықтанда мен қазақтың тарамданып өсу жолындағы генеологиясына тоқтамай кете алмадым, онсыз маған қазақ тайпасының өткен өмірін зерттеп білу қиын болар еді» [11, 125 б.].

ХІХ ғасырда Қазақ жеріне саяхат жасаған кейбір ғалымдар шежіренің болғандығы жөнінде сыр шертеді. Мәселен, А.Янушкевич 1846 ж. «Өзінің арғы тегі болып есептелетін сұлтандардың шежіресін-генеологиясын әкеліп, Барақ бізге оқып берді. Бұл шежіре Тұрсындікінде сақталған үлкен қолжазба кітаптан көшірілген. Ол Тұрсынға Түркиядан жіберілген деседі»-деп жазады [11, 126 б.].
ХVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғалар, сол дәуірде өмір сүрген атақты тұлғалар, заман туралы деректер ХІХ ғасырда ғана хатқа түсе бастады. Ш.Уәлиханов «Киргизское родословие» (қазақтың шығу тегі) деген мақаласында ХVІІІғасырда жасалған ұлы шежірелердің бірі туралы сөз етеді. Ғалымның айтуынша, ол жыр-шежірені құрастырған — Шал, ақын. Ол Құлеке батырдың ұлы, руы-арғын ішіндегі -Атығай. Шоқан Шалды Абылайдың замандасы дейді, яғни ол кем дегенде ХУІІІ ғасырда екінші жартысында өмір сүрсе керек. Шал өз шежіресінде тарихи, аңыздарды жинап, қазақтың түп-төркіні Алашадан бастап, өз атасы Құдайбердіге дейін таратқан. Бұл шежірені білушілер Шоқан тұсында да сирек болған, ғалымның өзі тыңдай алмағанына үлкен өкініш білдіреді [11, 130 б.]. Бұдан шығатын қорытынды ХІХ ғасырдың ортасына дейін шежірені хатқа түсіру дәстүрі тамырын терең жая қоймаған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы -ХХ ғасырдың басы қазақ жазба шежіресі дәстүрінің қалыптасу уақыты болды. Қазақтардың ауызекі шежіресінің жазбаша библиографиялық нысанға көшуі М.Ж.Көпеев, Ш.Құдайбердиев, Н.Наушабаев, Қ.Халид, М.Тынышбаев, Ә.Бөкейханов сияқты ғалымдардың ыждаһатты шығармашылық қызметі арқасында жүзеге асты.

Бұл адамдардың ауызша деректі жазбаша түрде көрсетуге ұмтылысын ұзақ уақыт бойы атадан балаға беріліп келген қазақ шежіресінің ғылыми маңызы зор екендігімен түсіндіруге болатын сияқты. М.Тынышбаев былай деп жазады: «Қазақ халқының әрбір жекелеген руының генеологиясын алдын ала зерттемейінше, сондай-ақ оның кімдермен және қандай уақытта тоқайласқанын анықтамайынша, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елестету мүмкін емес [11, 132 б.].
Қазақ шежіресінің жазылу тарихына байланысты жоғарыдағы көрсетілген мәселелерді жинақтап түйіндей келе, шежіренің жазылу тарихы сан ғасырлық баспалдақтардан өтіп, ауыздан-ауызға тарағанымен қатар, қағаз бетіне түсе бастағанын көреміз. Шежіренің жазылу тарихы туралы тарихшы ғалымдардың көзқарастары бір арнаға тоғыспаған. Егер шежіре деректерін таразылап, талдар болсақ, оның жазылуы, дәуірлеуі көне замандарға барып тірелетінін, аңғаруға болады.

Әлемдегі көптеген халықтар өзінің шығу тегін арғыдағы бір атасының есімімен байланыстыруы-толық қалыптасқан генеологиялық дәстүр.

Қазақ шежіресінің ең көне деректемелерінің қатарына түркі жазуларын жатқыза аламыз. Түбегейлеп келгенде түркі тайпарының арасында кең тараған «руникалық" жазу — қазақ халқының шығуы туралы дерек көзі. Ш.Уәлиханов ежелгі қазақ халқының тарихын зерттеуде рхеологиялық және архитектуралық ескерткіштерді маңызды дерек деп есептейді. Оның ойынша, көшпенділер қаланың қираған орны, қоныс қалдықтары сияқты материалдық мәдениеттің елеулі қалдықтарын қалдыра алмады [12, 182 б.].

Сондықтан бар мәдени мұрамызды сақтай отырып, қазақ тарихын жазуда құнды мәліметтер беретін археологиялық, этнографиялық, жазба деректерді зерттеу барысында бір-бірінен дербес қарастырмай, алынған, ақпарат-дерек көздерін ұштастыра отырып, ақиқатына жеткен абзал, сонда ғана қазақтың болашақ тарихы әлмдік қауымдастық алдында іргесі берік алынбайтын қамалға айналары айдан анық.

Қорытындылап айтар болсам, қазақ — шежіресінің мәліметтері қазақ ру-тайпаларының тарихы ғана емес, қазақ халқының тарихынан көп дерек беретін бірден-бір дерек көзі болып табылады. Шежіре арқылы қазақ халқының түп-тамырын, қазақ мемлекеттілігін, қазақ қоғамын біле аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Абдакимов А. Қазақстан тарихы А., 1994ж.
2. Көпеев М.Ж Қазақ шежіресі, А, 1999ж.
3. Мыңжан Н. Қазақтың көне тарихы, А, 1994ж.
4. Гумилев Л.Н. Көне түріктер, А, 1992ж.
5. Журтбаев Т. Дулыға, А, 1994ж.
6. Көпеев М.Ж Қазақ шежіресі, А, 1999ж.
7. Дербісалин Ә. «ХV–XVIII ғ.ғ. қазақ поэзиясы» А,1992ж.
8. Аристов Н. А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народы и сведения об их числен. 1897 // Қазақ тарихы журналы, 1999/2.
9. Уәлиханов Ш.Ш Таңдамалы екінші том, А, 1984ж. 24б
10. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. Орынбор 1911ж.
11. Моңғолдың құпия шежіресі. ХІІ-ХІІІ көшпелілер шежіресі Ауд. М.Сұлтанғазыұлы. А, 1998ж.
12. Уәлиханов Ш.Ш Таңдамалы екінші том, А, 1984ж.

Ж. К. Укеев, магистрант, ғылыми жетекші: Қ.С. Өскембаев, т.ғ.к., доцент
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қаласы Zhassulan82@mail.ru