Ұлы жібек жолының Орталық Қазақстандағы сілемдері
07.03.2014 7434
Ежелгі заманнан бастау алып жаңа заманға дейін өмір сүрген Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолы адамзат тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі.

Бұл жол ондаған ғасырлар бойы өзі қамтыған елдер мен халықтардың экономикасының, мәдениетінің дамуында елеулі рөл атқарды. Қос құрылықты жалғастырған бұл жол бідің заманымыздан бұрынғы II-Iғасырлардан бастап Азия мен Еуропаның арасын жалғастырушы көпір, яғни Шығыс пен Батысты байланыстырушы желі болды. «Ұлы» сөзінің халықаралық сауда жолына телінуі Еуразия өлкелерін байланыстыруынан келіп шыққан. «Жібек жолы» (Ұлы «Жібек жолы») — Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шынжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа баратын керуендік жол бағыты. Атауды неміс ғалымдары Ф. фон Рихтһофен (F. von Richthofen) бен А. Һерман (А Hеrman) 19 ғасырда ұсынған.

  Қытайдың торғын-торқасы осы жолмен Орта Азияға, Батыс Азияға және Еуропаға толассыз тасылды, сонымен қатар тұт ағашын өсіру өнері де батысқа тарала бастады. Сондай-ақ Шыңжаннан шығатын қас тасы, былғары, жүн көрпе сияқты тауарлар мен орта жазықтың темір ыдыстары, фарфор ыдыстары, сырлы ыдыстары, шабдолы, өрік, рауағаш, дәршен сияқты өнімдері батыс базарына қатар кірді. Орта Азияның, Батыс Азияның және Еуропаның әйнегі, жақұты,дәнді дақылдары және хош иісті заттары, дәрілер, сондай-ақ Отқа табыну діні, Будда діні, ислам діні сияқты діндер де Қытайға кірді және таралды. Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық, мәдени ауыс-күйіс адамзаттың материалдық мәдениетін байытты. Шығыс пен Батыстағы халықтар Жібек жолы арқылы сыртқы мәдениетті қабылдап, бұрынғыдан да салауатты мәдениет жарата алды.

  Қытайдан бастау алған жол Іле өзенімен Ыстықкөлге жеткен. Жол осы арада батысқа және солтүстік-батысқа шығу үшін оңтүстік және солтүстік бағыттарға тармақталған. Оңтүстік бағыт Ферғана, Самарқан, Иран, Ирак, Сирия елдері мен Жерорта теңізіне шыққан.

  Ал солтүстік бағыты Оңтүстік Қазақстанда Испиджаб қаласына келіп тағы екі тармаққа бөлінген. Біреуі Орта Азияға қарай, екіншісі Түркістан арқылы Сырдарияның төменгі ағысымен Батыс Қазақстанға шығып, Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағын айналып Еуропаға қарай өткен.

  Сан ғасырға созылған бұл халықаралық сауда жолы сол кездегі халықаралық саяси жағдайларға байланысты өзгеріп отырған, бірде үзіліп, бірде қайта жанданған. Сонымен қатар әлемдік дамуға әсер етпесе де, аймақтық маңызы бар жергілікті сауда-керуен жолдарының қалыптасуына әсер еткен. Солардың бірі ежелгі және жаңа заманда Түркістан-Сырдарыия өңірінен Қазақ елінің орталық және солтүстік өңірлеріне қарай тармақталған далалық сауда жолдары еді.

  Сыр бойындағы Жанкент қаласынан орта ғасырларда бір жол Солтүстік Қазақстанға бағытталды. Ал Сығанақ қаласынан Ақсүмбе қаласы арқылы Орталық Қазақстанға қарай және бір тармақ шыққан. Бұл жаққа Сауран қаласынан шыққан екінші бір бағыт Қарақұрым (Жыланқарауыл қаласы) арқылы басталған. Бұл сауда жолдары негізгі жолдан Қазақстанның ішкі аудандарына қарай шығатын шағын бағыттар. Солар арқылы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы көшпелі ру-тайпалар негізгі сауда жолы бойындағы қалаларға келіп, өздеріне қажетті бұйымдарын алып қайтатын болған.

  Жібек жолы тек сауда жолы болып қана қалмастан, дүние жүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда байланыстары болғандығын ежелгі қолжазбалардағы мәліметтер дәлелдейді. Шаштан (Ташкенттен) жол Гизгирдқа, Испиджабқа келіп, одан әрі керуен Таразға бағыт алған. Тараздан солтүстікте Адахкет, Дех-Нуджикет қалалары орналасқан қимақтарға, оңтүстікте өздерінің туған өлкесінде - Шельдяни, Куля және т.б. қалаларға тірелген. Сондай-ақ Тараздан Төменгі Барысханға, одан әрі Құлан, Мерке арқылы Аспараға жететін болған. X ғ. бастап Ӏле жазығындағы сауда жолы арқылы керуендер жүре бастайды. Осы жерден Ӏле Алатауының көпестері қазіргі Алматы мен Талғардың елді мекендеріне жолға шыққан. Талғарда жол қазіргі Шелек, Есік, Кеген аудандарында, Подгорныйға, одан әрі Шонжаға иек артады. Алакөл ауданында жол тармақталады. Екіөгіз, Қиялық, Көктем керуен жолдарымен Шығыс Түркістанға, Алтайға, Монғолияға шығуға болатын еді. Сырдария қалаларын байланыстыратын жолдардың маңызы орасан зор. Ол Испиджабтан басталып, солтүстік-батыста - Арсубаникент, Арыс, Кедер, Шавгар, Сауран, Сығанаққа әкелетін. Сығанақтан Жентке және Янгикентке тірелген. Исфиджабтан солтүстікке қарай түскен жол Қүмкент, Аба - Ата, Созаққа барады. Одан әрі Орталық Қазақстанның жазық жерлері арқылы Кеңгір, Жезді, Нұра далаларына шығады [1, 37-43]. 

  Орталық Қазақстандағы сауда жолдарының сілемдері XX ғ. басына дейін сақталып келді, тіпті, Ресей, Қазақстан және Орта Азияның қалалары мен елді мекендерін байланыстырып отырды, оған жақын жерлерде жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Ұлы жібек жолы көп халықтардың мәдениетін түйістіруімен бірге оның табиғатының ерекшеліктерін анықтауда тарихи қызмет атқарды. Бұл істе Қазақстан жерін мекендеген халықтардың еңбегі де бар. Олар тұрғын үйді (киіз үй), ат әбзелдерін жасау өнерін, кілем тоқуды, күмістен түрлі әсемдік бұйымдарды соғуды, бай ауыз әдебиетін мұра етіп қалдырған. Осының бір айғағы - Есік және Аралтөбе қорымдарынан табылған «Алтын киімді адам» ескерткіштері, Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан табылған олжалар, ежелгі Түрік жазба әдебиетінің Орхон ескерткіштері.

  Ресейге бодандық кезінде Есіл өңіріндегі керуен жолдары жайлы алғашқы болып зерттеген ғалымдардың бірі Шоқан Уәлиханов болды.  Ғалымның 1856 жылы өз қолымен толтырған «XIX ғасырдың ортасындағы қазақ даласының картасы» дейтін еңбегі бар. Бұл еңбек 1961 жылы жарық көрген  көп томдығының 5-ші томына енген. Осында Абылай мекен еткен аймақтарды басып өткен керуен жолдарының сызбасы көрсетілген.  Сызбада қазіргі Ақмола облысының Атбасар, Қорғалжын және Ақмола-Қараөткел өңірі толық қамтылған.

  1815 жылы Қоқанға кетіп бара жатқан орыс елшісі Филип Назаров өз естелігінде: «Қараөткелді басып өтіп Ұлытауға қарай кеттім» дейді. Қараөткелді мекендеп отырған Құдайменде сұлтанның өте жақсы қарсы алғанын айтады. Сұлтанның 16 жасар баласы Қоңырқұлжа мен інісі Бұлқайыр сұлтандар елшілерді құрметпен шығарып салғандарын ризашылықпен атап өткен.

  Бес томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымында және тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаевтың Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихына арналған оқу құралдарындағы карта-сызбаларда Жібек жолының Орталық және Солтүстік Қазақстанға тарамдалған сауда жолдары жақсы көрсетілген.

  Ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбек Қазақстанның оңтүстігінен солтүстік өңірлеріне беттеген керуен жолдарын «көш жолы» ретінде алып қарап, және оны бес-алты сүрлеуге бөледі.

  Көп жыл бойы Есіл өңірінің тарихын зерттеумен айналысқан тарих ғылымдарының кандидаты Б. Құсайынов 2007 жылы бірнеше жылғы зерттеулерін жинақтап 2007 жылы «Есіл өңірінің керуен жолдары» атты ғылыми мақаласын жариялады [2,145-150]. Ақмолалық өлкетанушы ғалым Баянбай Құсайыновтың деректеріне сүйенсек, Орталық Қазақстандағы далалық керуен жолдары сонау Ұлы Жібек жолынан бері жалғасып келген және ол Қазақстан Ресей бодандығындаболған кезде де тоқталмаған.

  Ғалымның пікірінше бұл өлкеде төрт үлкен керуен жолы болған. Негізгі жол-қазіргі Қызылжар қаласынан шығып, Ақмола дуаны арқылы Ұлытауды басып өтіп, Бұқара, Ташкентке жетіп жығылған. Осы керуен жолын ертеде «Хан жолы» деп атаған. Кейбір деректерде «Абылай жолы» деп те айтылады. Бұл көне Жібек жолының бір сүрлеуі. Бірақ ол тарихи стратегиялық маңызы жағынан Қазақ хандығы құрылғаннан кейін өркендеп, Абылай дәуірі мен Ресей патшалығының тұсында ең негізгі стратегиялық күре жолға айналған.

  Мысалы, Ақмола облысының Қорғалжын ауданы жеріндегі «Асау балық» көліне бара жатқан тұста «Абылай өткелі» («Абылай алқымы») дейтін жер бар. Бұл атаудың мәні Абылай хан әрі-бері өтіп өтіп жүргендіктен пайда болған. 1993 жылы Алматыда жарық көрген «Абылай хан» атты шағын кітапшада: «Көкше өңіріне Абылайдың ақордасы қоныс тепкен жылдардан бастап «Абылай алаңы», «Хан асуы», «Хан көлі», «Ханның қызыл ағашы» т.б. жер атаулары пайда болған. Солтүстіктегі Қызылжар мен оңтүстіктегі Түркістанды жалғастырған «Абылайдың қара жолы» дейтін қатынас желісі орнады» деп жазылған [3].

  Бертінде осы жолдармен орыстың елшілері, әскери керуен-шерулері (экспедиция) жүретін болғандықтан, халық «Шаштінің жіңішке жолы» деп атап кеткен. Тегі, басына шаш өсірген орыстар көшпелі елдің халқына ұсқынсыз көрінгендіктен осылай атаған болуы мүмкін. Бұл пікірді Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» шығармасында айтады. Жазушы жас кезінде Қарсақпайдан атпен шығып, «Шаштының жіңішке жолы» арқылы туған елі Қызылжарға барған. Академиялық көп томдық «Қазақстан тарихы» еңбекте де  «Хан жолы» туралы мәлімет кездеседі.

  Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабында да бұл туралы біршама деректер айтылады. Сонымен зерттеуші пікірінше, Түркістан өлкесінен шыққан керуен жолы Ұлытауға келіп түйіскеннен кейін бірнеше тармаққа бөлініп тарайтын болған. Соның бірі- Қараөткел (қазіргі Астана қаласының маңы) арқылы өткен. Қараөткел өңірі- «Хан жолының» күретамыры болған [3].

  Кейінгі жылдары Ақмола өңірінің тарихын тереңдей зертеп жүрген профессор Жамбыл Артықбаев та Есіл-Нұра бойын бойлап Солтүстік Батысқа ортағасырларда саудагер көпестер жол тартқанын қуаттайды[4].

  Археолог ғалым Тәңірберген Мәмиев те Б. Құсайыновтың пікірін қуаттай отырып, отандық тарих ғылымы мойындаған Есіл-Нұра бойындағы Бозоқ, Бытығай, Арқайым және т.б. ежелгі далалық қалалар мен керуен жолдарының сораптарын, мәдени мұраларын зерттеу Астана қаласының көне тарихын ашу бағытындағы маңызды мәселе деген тұжырым жасайды[5].

  Қазіргі Астана төңірегінде ежелгі замандыкі болмаса да, ортағасырлық тарихи-археологиялық мұралар сирек те болса кездеседі. Солардың бірі, Елордадан 123 шақырым жерде Қорғалжын ауданының жерінде Бытығай кесенесі. Бұл ескерткішті зерттеушілер XIXғасырдан бері біледі. Бірақ кешенді түрде әлі зерттелмей келеді. Екіншісі-Астана қаласының іргесіндегі Бозоқ қаласының орны елорданың кемінде 1 мың жылдық тарихы бар екенін әйгілеп тұр. Астанадан 100 шақырымдай жерде, Ерейментау ауданында ғұн-түркі дәуірін қамтитын «Құмай түрктік археологиялық-этнографиялық ескерткіші» 2009 жылы ашылған болатын (6)

  Осы ортағасырлық ескерткіштерді дұрыс пайдалана алсақ туризмді дамытуға пайдалы әсерін тигізері сөзсіз. Біріншіден сырттан келетін туристер жас тәуелсіз мемлекеттің, оның астанасының көне тарихы барын, яғни мыңдаған жылдарға созылатынын біледі. Сонау көне замандардан басталған Ұлы жібек жолының бір ұшығы Қазақстанның орталық бөлігіне, соның ішінде қазіргі елорда орналасқан аймаққа да жанама түрде болса да игі әсерін тигізгені анық. Осы деректер мен мәліметтер шетелдіктердің біздің елге, оның тарихына деген құрмет сезімі қалыптасады. Екіншіден, бұл тарихи орындарды шетелдердегі үлгілі тарихи орындар сияқты реставрациялап, жақсы экспозициялар жасап жайнатып көрсетсе ел қазынасын молайтуға үлес қосатын табыс көзіне айналады. Үшіншіден, бұл ортағасырлық ескерткіштерін дәріптеу, насихаттау Қазақстан азаматтарын отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге де септігін тигізеді. Сөйтіп, осы бағытта тарихи зерттеулер мен сақталған тарихи ескерткіштерді Ұлы жібек жолын қазіргі заманға сай қайта жаңғырту жобасына кіріктіре білсек әлемдік маңызы бар бұл істе республиканың Бас қаласы да лайықты орын алар еді.

Дүйсен С. Ж.

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты


  Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Байпақов К., Нұржанов А. Ұлы жібек жолы және ортағасырлық

  Қазақстан. –Алматы, Қазақстан . 1992. -198.

2  Ортағасырлық Қазақстандағы ақша айналымы және сауда.

  Түркістан. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ. 2007. -217.

3  Құсайынов Б. Қараөткел өңірі-«Хан жолының» күре тамыры. //

  Астана ақшамы. 2009. 7 қазан .

4  Артықбаев Ж. Бытығай бүккен сыр. // Астана ақшамы. 2011 жыл.

  1 наурыз

5  Мәмиев Т. Астана өңіріндегі мәдени мұралар. // Қазақстан

  мұрағаттары. 2012. №1. 29-33 бет.

6. Досымбаева А., Нұсқабай Ә. Құмай түрктік археологиялық-

  этнографиялық кешені. –Астана. 2012.

ФОТО: https://www.google.ru/ 07.03.2014г.

Материалды ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ұсынған.