Алаш әскері және Хамит Тоқтамысов
25.11.2021 9631

Биыл Қазақ елінің тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Сондай-ақ келер жылы Алаш партиясы мен Алаш орда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толады. Бір сөзбен айтқанда Алаш пен Азаттықты байланыстыратын ортақ дүниелер өте көп. Ал Қазақ елінің 1991 жылы Тәуелсіздік алуына Алаш қайраткерлері мен Алаштың атты әскері айрықша ықпал еткені анық. Өкінішке қарай Алаш әскері мен оның негізін қалаған Хамит Тоқтамысов туралы аз білетініміз жасырын емес.


Осы олқылықтың орнын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай мен жас тарихшы Еркін Рахметуллин «Алашорданың әскери қайраткері – Хамит Тоқтамысовтың өмірі мен қызметі» атты ғылыми материалында жан-жақты баяндаған екен. Аталған еңбекте Хамит Тоқтамысовтан бөлек Алаш әскерін құруға Молданияз Бекімов, Сабыр Сарығожин, Ғали Самратбеков секілді т.б. кәсіби әскери офицерлер атсалысқаны жазылған.


Хамит Тоқтамысов қазақ па?


Шыны керек, Алаш офицері Хамит Тоқтамысовқа қатысты ғылыми зерттеу еңбектер өте аз. Алаштанушылардың еңбектерінде есімі ішінара аталғаны болмаса, Алаш офицері туралы толыққанды мәліметтерді кездестірмейміз. Дегенмен де, алаштанушы ғалымдар Дина Аманжолова, Ерлан Сайлаубай, Берік Әбдіғалидың зерттеулерінде Хамит Тоқтамысовқа қатысты тарихи мәліметтер ұшырасады.

Осының салдары болса керек Хамит Тоқтамысовтың шығу тегіне қатысты әр түрлі деректер айтылады. Алайда тарихшылар әскери қайраткердің қазақ екенін дәлелдеп берген екен.

«Х. Тоқтамысовтың туған жылы туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Соңғы ғылыми ізденістерге дейін Х. Тоқтамысовтың шығу тегіне қатысты татар, башқұрт дегендей әрқилы көзқарастар болғандығы анық. Алайда, зерттеуші Берік Әбдіғалидың Алаш әскері мәселесі бойынша ізденістерінің нәтижесінде оның Семей жерінің қазағы екендігі, тегі төре тұқымынан болуы әбден мүмкін деген тұжырымға келеді. Бұған себеп, ресейлік мұрағат қорларынан Х. Тоқтамысовтың туған інісіне қатысты деректің табылуында болып отыр. Атап айтар болсақ, Мәскеу әскери-тарихи мұрағатында 25-інші атқыштар полкінен 8-інші Сібір артиллерия полкіне 1912 жылы ауыстырылған Тохтамышев Сұлтанмұрат Неғматоллаұлы деген подпоручиктің қызметіне қатысты дерек кездеседі. Онда Сұлтанмұрат 1889 жылы Семей облысында дүниеге келген, діні мұсылман, шыққан тегі төре тұқымынан көрсетілген. Сондай-ақ, осы құжатта оның Сібір кадет корпусы мен Киев әскери училищесін бітіріп, 1909 жылы подпоручик шенін алғандығы айтылған. Осы жерде баса назар аударатын мәселе, патшалық дәуірде ресейлік әскери оқу орындарында көбіне хан-сұлтандардың тұқымдары білім алды», – деп жазады тарихшылар.


Қос тарихшы әскер құру ісінде Алашорда үкіметі антибольшевиктік саяси күштерге жүгінуге мәжбүр болғанын ескертеді. Өйткені әскер ісіне үйрететін офицерлер мен нұсқаушылардың барлығы дерлік ресейлік күштерден келді. Осындай әскери офицерлердің бірі штабс-капитан Хамит Тоқтамысов болатын.

Осы ретте Хамит Тоқтамысов Семей қаласына қашан келді және Алаш әскерін құру бастамасы ең алғашқы рет қашан көтерілді?

«Ал Х. Тоқтамысовтың Семей жеріне келуі 1918 жылдың басы болса керек. Бұл кезде Семей қаласында ақ пен қызылдың текетіресі өршіп тұрған кез болатын. Антибольшевиктік күштердің қатарында жергілікті халықтардан әскери құрамдарды жасақтау мәселесі уақыт талабынан туындаған еді.

Алаш әскерін құру мәселесі Ақпан төңкерісінен кейінгі жиындарда жиі көтеріліп тұрды. Мәселен, 1917 жылы 21-26 шілдеде өткен бірінші жалпы қазақ съезі бағдарламасына: «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын» деген тармақ енгізілді. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы қарашаның он төртіндегі санында жарияланған «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек… Егер өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады…» – деген үндеуден қазақ қоғамында әскер мәселесінің қаншалық өзекті екендігін аңғару қиын емес. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде ұлттық әскер мәселесі қозғалып, Халел Ғаббасов халық милициясын құру туралы баяндама жасайды. Ал, әскер құру ісі тек 1918 жылдың қаңтар-мамыр айларында ғана жүзеге асты», – деп жазады.

 

Хамит Тоқтамысов Алаштың Қорғаныс министрі ме?

 

1918 жылғы 11/24 маусымдағы Алашорда әскери кеңесін құру туралы қаулыға үкімет төрағасы Ә.Бөкейхан, оның мүшелері М.Тынышпаев пен Х.Ғаббасов қол қояды. Аталған құжатта «Алашорда жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын, оларға әскери министрліктің қызметі кіреді. Алашорданың уездік және облыстық бөлімшелерінің жанынан әскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте әскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі» деп жазылған.

Тарихшылардың жазуынша, әскери кеңес құру арқылы Алашорда үкіметінің әскери жүйесі біршама жолға қойылған көрінеді.

«Хамит Тоқтамысовтың есімі Семей қаласында құрылған І Алаш атты полкінің құрылуымен тікелей байланысты. 1918 жылдың 17 мамырында большевиктерден ығысқан Алаш жасақтары Сор шатқалына (Жарқын ауылы маңы) қарай шегінеді. Осы жерде Хамит Тоқтамысов басшылық жасаған құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар І Алаш атты әскер полкінің құрылу тарихы басталады. Бір ай бойы әскери дайындықтан өткен Алаш полкі 19 маусымда Алаш қаласына кіреді. Әскердің келу құрметіне орай, Никольский шіреуі жанындағы алаңда салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Жиында штаб полкы бастығының көмекшісі Папин, штаб адъютанты капитан Виноградов және Уақтша Сібір үкіметінің өкілі Давыдовтар сөз сөйледі. Кездесу кезінде алаңға келген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның құрметіне подполковник Тоқтамысовтың бұйрығымен атты әскер «Алла» деп ұрандады.


Әскердің ақ түсті туында қазақ тілінде «Жасасын Бүкілресейлік және Сібір Құрылтай жиналысы», «Жасасын Отанның адал ұлдары» деген жазу болды. Жалынды сөздер айтылған кездесу отаншылдық рухта өтті» деп баяндалады. Мұндай әскери шерулердің өткізілуі жергілікті халықтың Алашорда үкіметіне деген сенімін күшейту және халық арасында ел қорғау ісіне қазақ жастарын тарту мақсатында болды деп тұжырымдауға болады», – дейді соавтар.

Кейінгі кездері Хамит Тоқтамысовтың аты Алаш орда үкіметінің Қорғаныс министрі ретінде аталып қалады. Ал шын мәнісінде әскери қайраткердің шынайы қызметі қандай болған? Тарихшының жазуынша, Хамит Тоқтамысовтың Алашорданың әскери бөлім меңгерушісі ретінде қол қойған құжаттары кездеседі.

«Мәселен, «Әскери Министрлік басқармасына. Сіздің қабылдаған резолюцияңызға менің қатынасым туралы жауапты хабарласам, Алаш-Орда өз армиясын федеративтік өкімет қол астындағы Жалпыресейлік армияның құрамдас бөлігі деп ойлайды. Алаш-Орданың Әскери бөлім меңгерушісі Капитан Тохтамышев. № 236. 26 шілде 1918 ж. Омбы қаласы. Көшірме дұрыс. Адъютант Подпоручик Марусевич». Құжаттан байқағанымыздай, Семейде Алаш әскерін ұйымдастыру мәселесі тікелей Сібір үкіметі әскери министрлігінің келісімімен жүзеге асырылды.

Алашорда әскери бөлімінің Әскери министрлік басқармасына жазған хатында: «Алашорда өкіметі Уақытша Сібір өкіметімен большевиктермен күресеміз және елді Құрылтай Жиналысына дейін жеткізеді деп шешті. Алашорда өкіметі өз әскерін құру туралы қаулы қабылдады, қару-жарағы, әскерді ұстайтын қаражаты жоқ. Алашорда үкіметі Уақытша Сібір үкіметінен қазақ әскерін әскери инструкторлармен, қару-жарақпен, және азық-түлікпен қамтамасыз етуді сұрайды. Алашорда үкіметі қазақ әскерін құруды талқылай келе, 4 атты корпус пен бір жеке дивизия жасақтауға шешім қабылдады», – деп жазады.

Қос тарихшы Алаш әскери құрылымдары мен полктерін жасақтау ісінде ең алдымен Х. Тоқтамысовтың қайраткерлерік еңбегін зор екенін ескертеді. Бұған ресейлік саяси күштермен жазысқан үкіметаралық хаттар мен телеграммалар және Алашорда әскери кеңесінің атынан қойылған қолдары дәлел бола алады. Осы тұрғыда Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбаевтармен қатар, Хамит Тоқтамысов та Алаш полктерін қалыптастыруға ерен еңбек сіңірді.

Әлихан Бөкейханның Алаш Орда үкіметінің төрағасы деген қызметі қазіргі тілмен айтсақ премьер-министр деуге әбден лайық. Ал Хамит Тоқтамысовты Алаш Орда үкіметінің Қорғаныс министрі деуге бола ма? Бұл сұраққа дөп басып жауап беру мүмкін емес. Бірақ Хамит Тоқтамысовтың Алаш әскерінің бас адамдарының бірі болғаны анық.

 

Алаш әскері қалай даярланды?

 

Кенесары хан өлтірілген 1847 жылдан бастап қазақтың өз алдына дербес әскері болған жоқ. Сондықтан арада 70 жыл өткенде Алаш әскерін кәсіби тұрғыда даярлау қиындық тудырды. Бұл жөнінде алаштанушы ғалымдар өз ойларын былай баяндайды:

«Әскер құру үшін арнайы офицер-инструкторлар мен юнкерлерлер дайындайтын оқу орындарын ашу міндеті тұрды. Алаш қаласында әскер құру ісіне байланысты қазақ ұлтынан офицер мамандарды даярлау үшін 1918 жылдың күзінде офицерлер дайындайтын медресе ашылады. Бұл медреседе Ғабдолла Қоскеев, Ахмет Әуезов, Смағұл Әмзин, Омар Ермұхаметов, Ғабдолхақ Ғабдолрахимов, Хәкім Бейсекеев сынды қазақ жастары оқып, әскери өнерді меңгере бастаған. Офицерлік мектептің ашылуына Хамит Тоқтамысов ұйытқы болды. Атап өтерлігі осындай юнкерлік училище Жымпитыда да ашылды.

Әскер құру немесе ұстап тұру мәселесінде түрлі кедергілер кездесіп отырды. Осыған байланысты Алашорданың Уақытша Сібір үкіметіне жолданған қатынас хаттарындада ең алдымен әскерге керекті қару-жарақ пен қаржы мәселесінің жетіспеуі жөніндегі баяндаулары жиі кездеседі.

Мәселен, Әскери бөлім меңгерушісі капитан Тоқтамышев пен подпоручик Марусевич қол қойған мына хатта «Қазіргі кезде Семей қаласында құрамында 28 офицер және жаттығуды бастаған 750 атты жігіттері бар бірінші Алаш Атты Полкі құрылды. Сонымен бірге қаражатсыз, қару-жарақсыз, киімсіз, нұсқаушысыз отырған Павлодар қаласында 150 жігіт, Зайсанда 200, Қарқаралыда 250 және Өскеменде 250 жиналды» - деп ұлттық әскер құру жолындағы негізгі кедергілерді атап көрсеткен».


Қаржы проблемасына байланысты Мұхамеджан Тынышпаев тамыз айының басында Омбыдағы Әлихан Бөкейхан мен Хамит Тоқтамысовқа телеграфпен хат жолдайды. Аталған хатта ол «Алыс жатқан болыстардан, тіпті, басқа уездерден келіп жатыр. Екінші полк құруға, екі полкті бұйрық бойынша өткізуге қол жеткізіңіз, әйтпесе, индендант барлығынан бас тартады; қаражат бітті. Бұдан әрі қаражат бөлуді жергілікті штаб тоқтатты. Бірінші Алаш полкін тарату мәселесі тұр. Күн сайын жаңа шақырылушылар келіп жатыр. Амалсыз жағдай орнығуда. Дереу телеграфпен хабарласыңыз» - деп қалыптасқан жағдайды мәлімдеген.

Жалпы әскер құру мен оны ұстап тұру аса қиын болды. Мәселен Алаш сарбаздарына ыңғайлы, біріңғай киіммен қамтамасыз етілген әскери форма тігу жұмыстарына Алаш арыстарының әйелдері араласты.

«Алаш әскеріне қажетті әскери киімді даярлауда Алашорда қайраткерлерінің үй-іштері аса ынталылық танытқан. Мәселен, Алашорда үкіметінің мүшесі Мұхаметжан Тынышпаевтың зайыбы Гүлбаһрам Тынышпаеваның бастауымен Алаш қаласының түрғын әйелдері әскери киім тігу мақсатында арнайы "әйелдер қоғамын" құрғанын "Воля народа" газеті 37-санында (30 қазан 1918 жыл) хабарлаған.

Осыған орай, Х. Тоқтамысов Сарыарқа газеті арқылы: «Қазақ әскерінің атынан әскердің киімін тігіп берген Алаш қаласындағы ханымдарға көптен көп тәңір жарылқасын айтуды міндет көрдім. Әсіресе, күні-түні демей қызмет қылған А.Я. Бөкейханова. Гүлбаһрам Тынышбаеваға һәм Алаш баспаханасын басқарушы Шынжы мырза Керейбаевқа көптен көп тәңір жарылқасын айтамын. Қазақтың көңілді әскерінің бастығы Хамит Тоқтамышев» деп алғысын білдіреді. Жалпы, Алаш әскерінің киімдері, әр полктың ерекшеліктері, қандай әскери құрамалардың сапында болғандығы жеке зерттеулерді талап етеді», – деп жазады.

 

Хамит Тоқтамысов қашан өмірден өтті?

 

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары 1937-1938 жылғы қанды қырғында Совет үкіметінің тарапынан ату жазасына кесіліп кетті. Ал әскери қайраткер Хамит Тоқтамысов ең біріншілердің бірі болып 1920 жылдың өзінде қызылдың қырғынына ұшырайды. Өлкетанушы, ақын Қалихан Алтынбаев Алаш офицерінің 1920 жылы өмірден өткенін баяндайды.

«1919 жылдың күзінен басталған ақ пен қызылдың арпалысы 1930 жылдардағы ауыл шаруашылығын жаппай колхоздастыруға дейін созылды. Сол айқастардың елеулі бір бөлігі "Қара кезең" оқиғасына байланысты. Семей атырабында қызылдар түпкілікті жеңген соң, ақтардың қалдығынан құралған 45 адам 70 арбалы көштен Көкпектінің үстін баса қазіргі Ақсуат жеріндегі Карл Маркс совхозының жеріне бет алған екен. Мақсаттары Қытай шекарасына асу. Алайда, ақтар бұл ниетіне жетпеді. Көкпектідегі штаб бастығы Сосновтың басқаруындағы қызыл гвардия полкының бөлімшесі жолшыбай көшті қамап алып, қарусыздандырады. Барлығын Көкпектідегі бұрынғы депо үлкен үйіне әкеп қамайды. Сөйтіп "бұларды не істеу туралы" Семейге телеграмма жолдайды. Қырсыққанда Семейден үш күнге дейін жауап келмепті. Ақырында бөлімше штабы революция атынан тұтқындарды атуға бұйрық шығарады. Тұтқындардың арасында Алаш азаматы, бұрынғы орыс армиясының капитаны Хамит Тоқтамысов, әйелі мен баласы және бір орыс офицері келіншегімен бар еді. Осындағы екі әйел мен нешебір балаға ғана азаттық беріліп, басқаларының тағдыры шешілген. Яғни, 1920 жылдың мамыр айының бір кешінде барлығын Көкпектіден "Қара кезең" бұйратына бастап апарады. Сол жерде өздеріне ұзын ор қаздырады... Сөйтіп барлығы батар күнмен бірге батты... Өліктерді көметін күні Көкпектідегі татардың бір топ беделді ақсақалдары штабтан мұсылманның мүрделерін сұрап алады. Оларды өзен сыртындағы татарлар зиратына жерлеген. Хамит Тоқтамысовтың денесі үстіндегі әскери формалы киімімен Дәуіт хазірет дегеннің аяқ жағына көміліпті», - деп жазады өлкетанушы.

Тәуелсіздік алған 30 жылда Хамит Тоқтамысов секілді қайраткерлерді әлі де болса танып-біле алмай отырмыз. Мәселен Алаш ардақтысының атында әскери шен немесе әскери бөлімше болса, жас сарбаздар Алаш тарихына тамыр тартар еді. Өкінішке қарай, Алаштың әскери қайраткерінің тарихына немқұрайлы қарап отырмыз.