Осман империясының даму эпогеясы
09.09.2021 7910

Мемлекет біртіндеп ұлғая берді. Оны басқарған падишахтардың империяны кеңейтуге байланысты еңбектерін атай кетейік. Осман ғазидың ұлы Орхан (1288-1362) Анадолының батысын толығымен басып алады. I Мұрат (1326-1389) өз әкесі мен атасы сияқты Анадолының әжептәуір жерлерін басып алды. Сұлтан I Мурад 1363 жылы Андрианопольді алады да, бұған өз астанасын көшіреді, оны ары шабуылдаудың базасына айналдырды. Болгариядағы феодалдық өзара тартыстар, оның ХІҮ ғасырда үш дербес мемлекетке бөлінуі, Сербияның бірнеше дербес өзара қырғиқабақ феодалдық иеліктерге бөлініп кетуі түріктер­дің тез жылжып кіруіне, сөйтіп олардың Балқан түбегіне орнығып алуына мүмкіндік туғызды. Түріктер әлі де Сербияны түбегейлі жаулап алмағанмен, Сербтердің осы жеңілісі түріктердің Балқан түбегінің бүкіл шығыс және онтүстік-батыс жағына қожалық жүргізуіне қол жеткізді. Бұл қожалық ету 1390 жылы 29 жасында таққа отырған Мурад Құдававдигардың баласы Иылдырым Баязит (1360-1403 ж.) кезінде іске асты.

Падишахтардың империяны кеңейтудегі әрекеттері

Осман билеушілерінің ішінде тап осы Баязиттің қарама-қайшылықтарға толы бейнесі ерекше орын алады. I Баязит (1357-1402) Косово даласындағы шайқас­та өз әкесі сербтерден қаза болуына байланысты кек алу мақсатымен көптеген сербтерді қырып жойды. Сербиядағы жеңістен кейін ол өз отарлауын Анадолыда жалғастырады: Айдын, Сарухан, Гермиян, Ментеше, Хамит және Қараман бейліктерін басып алады. Осылайша I Баязит Османлы иеліктерін тез арада екі есе арттырады (жерлерді тез жаулап, өз шешімдерін тез шешетіндіктен оған «Найзағай» (түрікше – Йылдырым, қазақша –Ілдірім) деген лақап ат қойылған).

Басы: Түбі бір түркілер. Қаңлылар

Бірақ ол бұл иеліктерді қалай шапшаң басып алса, сондай аз уақыттың ішінде одан айырылып қалады. Бұның себебі – I Баязиттің замандасы Әмір Темір болуы және ең бастысы I Баязит тәкаппарлыққа салынып кеткені. I Баязит Әмір Темірге қайта-қайта хат жазып, оның намысына тиіп, жәбірлейтін сөздер жазып, оны төмен тұтты. Әмір Темір жауап ретінде османлылардың басып алған бейліктерін жаулап алып, оларға қайтадан тәуелсіздік береді.

Ал Әмір Темір мен Сұлтан Баязидтің арасындағы шешуші шайқас қазіргі Анкара маңында   болады. Соғыста Әмір Сұлтанды жеңіп, оны тұтқынға алады. Темір торлы арбамен көп қалаларды аралатып, масқарасын шығарады. Баязид сұлтан өзінің тәкаппарлығынан өзі таяқ жеп, 1402 жылы қамауда отырған кезінде қаза табады. Османлы падишахтарының еңбектері ары қарай былайша өрбиді. Баязидтің ұрпақтары өзара қырбайласа жүріп, елді қайта біріктіреді.

Мехмед I (1413-1421) Византия және тағы басқа көршілерімен қарым-қатынасты нығайтқан.

Елді 30 жыл (1421-1451) билеген ІІ Мұрат сұлтан оның шекарасын тағы да ұлғайтып, Балқан түбегіне шапқыншылық ұрыстар жүргізіп, біраз жер қосып алды. 1444 және 1448 жылдары екі рет өзін жабылып жеңбек болған кресшілер армиясын да тас-талқан қылады.

II Мехмед (1451-1481) немесе Фатих (жеңімпаз) сұлтан 1453 жылы Константинопольді жаулап алды. II Мехмедтің әскерлері Константинопольді алғаннан кейін арада 25 жыл өткен соң бүкіл Балқан түбегін Дунайға дейін Осман империясына қаратты. Түріктер Молдова мен Валахияға өз ықпалын жүргізді. Осман империясы XV-XVII ғасырларда дамудың ең жоғарғы сатысына көтерілді. 1514 жылы парсылар, Әзірбайжан, Күрдстан мен Месопатамия бағындырылды. 1516 жылы бүкіл Сирия, Мекке мен Медине, 1517 жылы Каир, бүкіл Египет тізе бүкті. 1553 жылы Гүржістанның батыс бөлігі, 1574 жылы Кипр мен Тунис, іле-шала Алжир мен Триполи сұлтан билігін мойындады. Оңтүстік Венгрияны, Критті (1669 ж.), Цодолия мен Украинаның бір бөлігін (1672 ж.) басып алды.

Баязид II (1451-1512) оны халық «әділ» деген лақап ат қояды. Оның тұсында империя жері ұлғаяды.

Селим I (1512-1520) халық «айбарлы Селим» деп атап кеткен. Сұлтан I Селимнің әскері 1514 жылы Сефеви мемлекетінің армиясын талқандап, оның астанасы Тебризді өзіне қаратты. 1514-15 жылдары Арменияны, Күрдстан мен Солтүстік Месопатамияны (Мосулмен қоса) басып алды. 1516-17 жылдары Сирияға, Ливанға, Палестинаға, Египетке, Хиджазға, 1519 жылы Алжирдің бір бөлігіне билік орнатты. 1516 жылы Палестинаның Газа аймағын, 1517 жылы Мысырдың Каир қаласын жаулап алады. 1521 жылы түріктер Белградты, 1526 жылы Венгрияның астанасы Буданы бағындырды. Родос, Эгей архипелагының өзге де аралдары қаратылды. Бұл жеңістер жаңа жорықтарға жол ашты. Түріктің әскери флоты Жерорта теңізінде, Қара теңізде, Қызыл теңізде қаһарлы күшке айналды.

Сүлеймен I (1520-1566) жұрт оны «қанұншы» (заңгер) деп те атаған. Өзінің билігін әкесі шынжырлаулы күйде қапаста ұстап келген мысырлық ақсүйектер тұтқындарды азат етуден бастады. Еуропалықтар бұл хабарды естіп, қуанып жатты. Сүлейменнің әкесі Селім өте қатал, қанқұмар адам болатын. Сондықтан жұрт арасында Жауыз Селім атанған. Сүлеймен әкесі тәрізді аса қанқұмар болмағанымен империя етегін кеңейтуге, өзге жерлерді басып алуға, сөйтіп жеңістерге жетуге құмар болды. Сүлейменнің қызық болғанда әкесінің де, баласының да аты Селим болған. Бұны шатастыруға болмайды.

Сүлейменнің баласы Селим 1566-1574 жылдары билік жүргізген, ішкілікке үйір болғандықтан халық оған «маскүнем» деген лақап ат қояды. Бірақ соған қарамастан Османлы әскері жаңа жерлерді бағындырумен айналыса берді. Наполи ди Романо мен Мальвазияны өз қармағына толықтай қаратып, Венецияны жыл сайын 30 мың дукат контрибуция төлеуге мәжбүр етті. Жерорта теңізінде түріктер толықтай қожалық ете бастады. Бұдан соң 1548 жылы Тебриз қаласын төртінші рет қайта басып алды, Исфаханды қаратты, Нахичевань, Оңтүстік Шығыс Анатолия, Ирак, Батыс Гүржістан Осман империясының қоластына қарады.  

Османдықтардың Испания мен Австрияға қарсы Франциямен бірлескен одағы нәтижелі болды. 1541 жылы Хайреддин Барбаросса испандықтардың Алжирге қарсы жасамақ болған үлкен жорығын тойтарды. 1543 жылы түрік флоты франсуздардың Ниццаны, 1553 жылы Корсиканы жаулап алуына көмектесті.

    Османлы империясы мен Мәскеу кнәздігінің арасында да Османлыға бағынышты Қырым жері үшін қырғиқабақтық жалғасып жатты. Тек Қырым емес 1524 жылы Қазан ханы Сафа Герей де Сүлейменге бағынатынын мойындаған. Тіпті Московия басқыншылығынан қорыққан Сібір хандары дипломатиялық, әскери көмек берер деген үмітпен Сүлеймен қоластына кіруге талпынды. Алайда бұған жер қашықтығы мүмкіндік бермеді. Кейін екі ғасырдан соң орын алған орыс-түрік соғыстары Османлы империясын Қырымдағы иеліктерінен бас тартуға мәжбүр етті.  

     Сүлейменнің кезінде османлы империясының шекарасы кеңейе берді. Тыным таппай жорықтарда жүретін түрік флоты Триполиді басып алды, бүкіл Либияны бағындырды. 1553 жылы түріктер Мароккоға ұмтылды, 1555 жылы Суданды, 1557 жылы Эфиопияның басты порты Массауаны, 1559 жылы бүкіл Эритерияны бағындырып, Қызыл теңізді толықтай бақылауына алды. 1538 жылы бүкіл мұсылман әлемінің билеушісіне айналып халиф атанды. Өмірінің соңында сұлтан Сүлеймен I мұсылман әлемінің ең ұлы, ең күшті билеушісіне айналды.

    1566 жылы 1 мамырда Сүлеймен I өзінің өміріндегі соңғы он үшінші әскери жорығына аттанды. Сұлтан әскері 7 тамызда Шығыс Венгриядағы Сигетвара қаласын қоршауға алған болатын. Ғажайып Сүлеймен 5 қыркүйекке қараған түні өзінің жорық шатырында қайтыс болды. Көз жұмарынан бірнеше сағат бұрын өзінің Бас Уәзіріне: «Жеңіс барабанының ұлы дүрсілі әлі де естіле қойған жоқ» депті.     

Қорыта келгеңде, Осман Түріктері XIV-XVIII ғасырдың бірінші жартысында ұлы империя құрды. Қуатты әскери күштің иесі болды, жер аумағын кеңейтті. 1329 жылы (басқа мәліметтер бойынша 1331 ж.) Никеяны (Изник), 1337 жылы Никомедияны (Измит) басып алды. 1354 жылы Балкандағы Галипольді (Гелиболу) және оның маңындағы византиялық бекіністерді бағындырды. I Мұрад (1362- 1389 ж. билік еткен) 1361 жылы Андрианополь (Эдрне) мен Шығыс Фракияны, оның көршілес аймақтарын, сонан соң Пилиппопольды (Пловдив), Софияны, Шуменді, Ништі басқа да болгар және серб қалаларын өзіне қаратты.

Осман империясының әлсіреуінің негізгі себептерін айтсақ, Тұрғыт Өзал «Түркия – Еуропа аясында» атты мақаласында: «Осман империясы Еуропа сая­сатында елеулі рөл атқарады. Алайда XVII ғасырдың аяғынан-ақ оның тұғыры әлсірей бастады. Жаңа теңіз жолдарының ашылуы Жерорта теңізінің әлеми сауда-саттық көздерін жабады. Империяны қорғау қажеттігі, ұдайы болып жататын соғыстар оның ішкі қорын сарқиды. Осман империясының әлсіреп құлауының басты себебі – сол өзінің экономикалық даму жолын таба алмады», – деген болатын. Империяның әлсіреуі шынымен солай болған еді. [7, Тұрғыт Өзал «Түркия – Еуропа аясында» мақала].


Батыс Еуропа болса басқа жолды таңдады. Ол бұл кезде Жаңғыру реформасын жасау, француз революциясы, либерализм, өнеркәсіп революциясы кезеңдерінен өткен еді. Ал Осман мемлекеті Византия империясының дәстүрлерін айнытпай сақтап қалды. Оның экономикасы мемлекеттің басқаруы мен бақылауына негізделген еді. Ол бағаны белгілеуден және қымбат тауарлар мен тұтыну заттарын сатуды уысынан шығармаудан анық көрінетін. Бұл дәстүрлерді экономиканың ислами қағидасымен үйлестіру өте қиын іс еді. Империя әлсіреуінің алғашқы белгілері үкіметті алаңдатпай тұра алмады. Билеушілердің рухы түсті. Бірақ реформашылар мемлекетті тек күшті үкіметпен нығайту жайын ойлады. Олар сөйтіп өткен жетістіктерін қалпына келтіруге тырысты.

Империяның құлдырай бастауы Батыстың оған деген көзқарасын өзгертті. XVI ғасырда құрмет-қошеметке бөленген түріктер енді надан да жабайы деген атқа ие бола бастады. Сөйтіп, Түркияның өз ісіндегі христиандарға көмектесу саясатының негізі қаланды. Ал дін Батыстың нағыз шын саяси мақсаттарын бүркемелеуге қызмет етті. Осман империясындағы елді еуропаландыру жөнінде жүргізілген реформалар экономикалық жаңғыруға қажетті жағдайларды жасай алмады. Тек Батыс инстуттарын қабылдап қана қою мүлде жеткіліксіз еді. Ол қайта импе­рия мен Батыс Еуропа дамуының арасындағы айырмашылықты бұрынғы­дан бетер ұлғайта түсті. Ел ішінде түріктер Еуропа деңгейіне ешқашаңда жақындай алмайды деген пікір де туды. Батыстағы өркениеттің негізгі қозғаушысы – жеке бастың шым-ширақтығы Осман түріктерінде мүлде жоқ, үкімет билігінен тыс жерде ешбір принцип те, ереже де болмайтын.

Қазіргі Түркия мемлекеті жер көлемі жағынан Еуропадағы ең үлкен мемлекет. Оның аумағы 780,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Бірақ жерінің 97 пайызы Кіші Азия түбегі, яғни Анадолының үлесіне тиеді де, 3 пайызы ғана Еуропа құрлығына тиесілі Балқан түбегінің оңтүстік шығысында. Сөйтіп, түрік елі екі құрлыққа ортақ мемлекеттердің бірі болып табылады. Балқан түбегі мен Анадолыны Мәрмәр теңізі бөліп тұр. Бұдан басқа түрік жерін солтүстігінде Қара теңіз, батысында Эгей, оңтүстігінде Жерорта теңізінің сулары шаяды. Босфор мен Дарденелль бұғаздары да Түркияның аумағында.

Арасында сөтті-сәтсіз жаугершілік соғыстар жүргізе отырып, Осман империя­сы осынау жерге бұдан кейін де 200 жыл бойы иелік етті. Оның ішінде Кипр, Тунис елдерін де басып алғаны бар. Бірақ жер бетіндегі барлық империя секілді Осман империясының да тарих сахнасынан кететін уақыты жақындап келе жатты. Алдымен ол поляк королі Ян III бастаған, Осман империясына қарсы «қасиетті лига» деген атпен одақтасқан елдердің әскерінен жеңілді. Одан кейін де 100 жылдай мызғымаған империя орыстармен де көп рет соғысты. Соның ішінде 1787-1791 жылдары болған соғыста жеңіліп, Яссындағы келісім бойынша Молдова, Валахияны орыстардың иелігіне берді. Бұған дейінгі 1783 жылғы соғыста Қырым хандығынан да айрылған еді. III Селим сұлтан (1789-1807) елді қайтадан күшейтуді қолға алып, бірнеше реформа жүргізеді. Бірақ оның реформаларына янычарлар қарсы болып, көтеріліске шығып, сұлтанды құлатып тынады.

   Янычар деген Мысырдағы мамлюктер типтес, жетім қалған балаларды әскер ісі­не дайындап, үйретуден жасақталған әскер болатын. Олар отбасын құруға, меншік иесі болуға құқы жоқ ерекше тап ретінде қалыптасты. Бірақ біртіндеп олар отбасын да құратын, жер иесі де бола алатын дәрежеге жетті. Түрлі реформаларға солар тұсау салатын. Осы янычарлар корпусы 1826 жылы II Махмұт (1808-1839) тұсында жойылды.

1853-1856 жылдары түріктердің кезекті Қырым соғысы болды. Бұл жолы түріктер орыстарды қирата жеңіп, 1856 жылғы Париж келісімі бойынша Ресейге Осман империясының тұтастығын мойындатты. Осы жылдары елде оқыған ағартушылар «жаңа османдар»деген атпен бірігіп, жасырын ұйым құрып, конституциялық құрылыс орнатуды көздеді. Олар 1876 жылғы 30-мамырда төңкеріс жасап, Абдул-Әзіз сұлтанды тақтан тайдырады. Елдің жаңа сұлтаны Абдул-Хамит конституцияны бекітіп, оны жасаған Мидхат-пашаны бас уәзір (премьер-министр) қылып тағайындағанымен, бір жыл өтпей жатып, ол орнынан алынып, парламент таратылып, қуғынға ұшырады. Түркияның осы жылдардағы құғын-сүргін кезеңі «зұлымдық» деген атпен тарихқа белгілі.

1918-1922 жылдарда ел қиын-қыстау кезеңді бастан кешірді. Тәуелсіздіктен ажырап қалу қаупі төнді. Мұстафа Кемал Ататүріктің басқаруымен түрік халқының ұлт-азаттық көтерілісі нәтижесінде 1923 жылы қазанның 29-ында Түркия Респуб­ликасы құрылып, Түркия Республикасының тұңғыш президенті болып Мұстафа Кемал Ататүрік сайланды. Түрік Республикасы содан бері әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды.  

Қазақстан Тәуелсіздік алған бойда 1991 жылы 16 желтоқсанда Түркия Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. Екі елдің арасында саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттарда ондаған келісім-шарттарға қол қойылды. Түркі мемлекеттерінің арасында мәдени байланыстарды нығайтуды көздейтін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ішінде Түркия мен Қазақстан жетекші мемлекеттер болып табылады. Екі мемлекеттің арасында білім мен ғылым саласындағы іскерлік байланыстар жоғары деңгейде жалғасуда.

Екі мемлекет ғалымдары әйгілі Османлы империясының бастауында тұрған Сүлеймен ғази, Ертұғрыл ғазидың шын мәнінде қазақ топырағынан шыққан Қайы қаңлы тайпасының ұрпақтары екендігін дәлелдейтін күн де алыс болмаса керек.

Қазақстандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Османлы империясының негізін қалаған тұлғалардың Қайы қаңлы ұрпақтары екендігі бүгінде талас тудырмайды. Ол жөнінде өзімнің зерттеу еңбегімде біршама ғалымдардың деректерін келтіріп өттім. Алайда бұл тұжырымдар ғылыми айналымға енгізілуі үшін осы тақырыпқа арналған ғылыми-теориялық конференциялар өткізілуі қажет деп ойлаймын. Шыңғысханның әлдеқашан моңғол екендігі дәлелденсе де, оған таласып жүрген ұлттар баршылық. Ал жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, мұсылманшылық пен еуропалық мәдениетті қатар ұстап, дүниені дүрілдеткен Осман империясының негізін қалаушылар қазақ ұлтының қаңлы тайпалары болғандығы жайында көбірек жазып, әлемге таныта түссек, тарихтың қатпарлы беттерінен қазақ халқының аты лайықты орын ала түсері хақ.

Әлемде алғаш механикалық робот ойлап тапқан османлылар еді 

Османлы империясының жарты әлемді жеті ғасыр билеуі үлкен империялық қуаттың арқасында екені айдан анық. Империя сұлтандары мемлекеттің дамуына аз күш салған жоқ. Империяның алғашқы кезеңдерінің өзінде түрлі салаларда жаңа реформалар жүргізілді.


1839-1876 жылдар кезеңінде көптеген дамуға жол ашатын жаңа реформаларды қабылдады. Жаңа әскер жасақталды, банк жүйесі реформаланды. 1840 жылдың 23 қазанында Стамбұлда Осман империясының Байланыс министрілгі құрылды. 1847 жылы Сюмюэл Морзе Сұлтан Абдул-Меджидтен телеграфқа патент алып, сынағын сәтті аяқтап, 1847 жылы Стамбұл-Эдирне-Шумен алғашқы телеграф жүйесінің құрылысына атсалысады.

1876 жылы Осман империясы тұңғыш рет Ата заңын қабылдайды. Ата заң негізінде 1878 жылы парламент құрылады.  

1861 жылы Осман империясының аумағында христиандар оқитын 571 бастауыш мектеп, 94 орта білім беретін мектеп, сондай-ақ жүздеген медреселер ашылған.

Осман әскеріндегі алғашқы әскери бөлім ХІІІ ғасырдың аяғында пайда болды. Сол кезеңде Осман әскері әлемдегі ең жетекші әрі қуатты әскер болып саналды. Ең бірінші болып осман әскерінде артиллериялық қару және артиллериялық зеңбірек қолданылды. 1453 жылы османлылар Константинопольді алардан бұрын өз әскеріне атыс қаруларын енгізген болатын.

1912 жылдың 3 шілдесінде Стамбұлдың Ешилкёй ауданында Осман империясының тұңғыш ұшқыштар училищесі ашылды. Осы оқу орнының арқасында бір жылдан соң әлемдегі тұңғыш авиация мектебі құрылды. Бұл мектепте ұшқыштар мен барлаушылар дайындалды. Ал 1914 жылы әскери-теңіз авиация мектебі ашылды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста мектеп өз жұмысын тоқтатты.       

XVI ғасырда Такиюддин аш-Шами обсерватория құрған болатын.

XVIII ғасырда Стамбұлда Техникалық университеттің негізі қаланды. Осман ғалымдары картография (Пири-реис картасы) саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

1908 жылы Хиджаз теміржолы салынды.

1911 жылы Стамбұлда 654 көтерме сауда компаниясы жұмыс жасаған.

Осман империясы әскери қуатымен қоса экономикалық, ғылыми жаңалықтарға жол ашып отырды. Ең ғажабы, әлемдегі тұңғыш роботты ойлап тапқан османлылар болғандығы. Бүгінде роботтар елі Жапония саналғанымен, оның пайда болған жері Стамбұл екендігін көпшілік біле бермейді. Осман империясының нағыз күшіне енген шағында әл-Жазари Стамбұлдағы Топқапы сарайына арнап бірнеше механикалық құрылғылар ойлап тапқан. Оған дәлел қазіргі кезде Топқапы сарайында тұрған ғалымның құрылғылары мен түрлі-түсті суреттерімен қоса жазылған қолжазбасы.

Әл-Жазари ХІІ-ХІІІ ғасыр аралығында өмір сүрген астроном, математик, механик-өнертапқыш, инженерлік ойдың данышпаны атанған. Еуропалықтар оны «Араб әлемінің Да Винчиі» деп атаған. Қаншама ғасырлар өтсе де оның ойлары талай жаңалыққа бастама болған.

Ойшыл өзінің өмір бойғы еңбектерінің нәтижесін «Механикалық тапқыр құрылғылар туралы білімдер кітабы» топтамасына енгізген. ХІІІ ғасырда бұл кітап Европада еш баламасы жоқ теориялық және практикалық механика жөніндегі өте маңызды еңбек саналды.  

Әл-Жазаридің ойлап тапқан робот құрылғылары:

1. Қайықта барабан соғып отырған адамдардың мүсіні. Бұл құрылғы сарайда үлкен сұранысқа ие болған. Үлкен мерекелерде бұл құрылғылар көпшілікке ұсынылған. Мамандардың айтуынша бұл – бірінші бағдарламаланған автомат.

2. Сарай сағаты.

3. Сутетікті пілдік сағат.

4. Дәрет алуға арналған су ағатын шүмек, сүлгі ұсынатын құрылғы.

Әл-Жазаридің мұнымен қоса көптеген құрылғылары болған. Ағашты ламинадтау тәсілі, темір есіктер, коды бар құлпылар, күннің сәулесімен жұмыс жасайтын компас, субұрқақ, су көтеретін құрылғы сияқты көптеген жаңалықтары бар. Оның көпшілігі бүгінгі күнде Топқапы сарайында келген туристерге талай ғасырдан сыр шерткен қарт тарихтан сабақ беріп тұрғандай.

Бүгінгі күні батыс әлемі дамудың даңғыл жолында дейміз. Ал осы дамуға орта ғасырларда түрткі болған османлылардың ғылыми-техникалық ізденістері екендігін ұмытпауымыз қажет. Түркі әлемі ғылым мен білімді дамыту арқылы өркениеттің өздері бастаған даңғыл жолына қайтып оралуға тиіс.

Жанерке МАРАТ,

№12 мамандандыралған

мектеп-гимназияның

11 «А» сынып оқушысы,

Алматы қаласы.