Түбі бір түркілер. Қаңлылар
23.08.2021 7726

Қаңлы – ерте замандардан бері Қазақстанды мекендеп келе жатқан, қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ірі де көне түркі тайпаларының бірі.  Октябрь  революциясына  дейін  Қаңлылар  Қазақстанның  оңтүстік облыстары мен Жетісу аймағын мекендеп, Ұлы жүз бірлестігінің құрамына кірді. Қазақ шежіресі бойынша, Қаңлы Шыңғыс ханның замандасы Майқы биден  таратылады.  Майқыдан:  Бақтияр,  Қаңлы,  Қырықжүз,  Мыңжүз. Бұл шежірені орыс ғалымы Н. Аристов ХІХ ғасырда Ұлы жүз Ботпай руының биі  Диқанбай  батырдан  жазып  алған.  Ал  Южаковтың  1867 жылғы жазбасында  Бақтиярдан  бөлінеді.  Бақтиярдан:  Абақ,  Тарақ,  Қаңлы. Сырдария  бойындағы  Қаңлылар  мен  Жетісу  өлкесіндегі  Қаңлылар негізінен  Қара  Қаңлы  Сары  Қаңлы  болып,  екі  арыс  елге бөлінеді. Олар ұлы  жүз Төбейдің  немересі  Байтеректен  таратылады. Бәйтеректен Қаңлы, Қаңлыдан Қанкөжек, одан Келдібек, Келдібектің бірінші әйелі – Сары бәйбішеден Сары Қаңлы, екінші әйелі – хан қызынан Қара Қаңлы ұрпақтары тарайды. Сыр бойындағы Қаңлылар өздерін Сары Қаңлының 5  баласы  (Ақбота,  Ақынқожа,  Телқожа,  Омыртқа,  Миям)  мен  Қара Қаңлының 6 баласынан (Тоғызбай, Онбай, Тоғанай, Бақа, Бадырақ, Қара) өрбіген әулет деп есептесе, Жетісу Қаңлылары өздерін Сары Қаңлының 5  баласы  (Әлсейіт,  Түрке,  Шоқпар,  Құйысқансыз,  Шанышқылы)  мен Қара Қаңлының 6 баласынан (Ерезен, Қаспан, Еңке, Танта, Оразымбет, Бақа)  таратады. Шежіре  деректерін  салыстырып  көрсек,  Сыр  бойы Қаңлыларының  әулеттері  Жетісу  Қаңлыларының  арғы  аталары  болып шығады.


Қаңлы – ерте замандардан бері Қазақстанды мекендеп келе жатқан, қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ірі де көне түркі тайпаларының бірі.  Октябрь  революциясына  дейін  Қаңлылар  Қазақстанның  оңтүстік облыстары мен Жетісу аймағын мекендеп, Ұлы жүз бірлестігінің құрамына кірді. Қазақ шежіресі бойынша, Қаңлы Шыңғыс ханның замандасы Майқы биден  таратылады.  Майқыдан:  Бақтияр,  Қаңлы,  Қырықжүз,  Мыңжүз. Бұл шежірені орыс ғалымы Н. Аристов ХІХ ғасырда Ұлы жүз Ботпай руының биі  Диқанбай  батырдан  жазып  алған.  Ал  Южаковтың  1867 жылғы жазбасында  Бақтиярдан  бөлінеді.  Бақтиярдан:  Абақ,  Тарақ,  Қаңлы. Сырдария  бойындағы  Қаңлылар  мен  Жетісу  өлкесіндегі  Қаңлылар негізінен  Қара  Қаңлы  Сары  Қаңлы  болып,  екі  арыс  елге бөлінеді. Олар ұлы  жүз Төбейдің  немересі  Байтеректен  таратылады. Бәйтеректен Қаңлы, Қаңлыдан Қанкөжек, одан Келдібек, Келдібектің бірінші әйелі – Сары бәйбішеден Сары Қаңлы, екінші әйелі – хан қызынан Қара Қаңлы ұрпақтары тарайды. Сыр бойындағы Қаңлылар өздерін Сары Қаңлының 5  баласы  (Ақбота,  Ақынқожа,  Телқожа,  Омыртқа,  Миям)  мен  Қара Қаңлының 6 баласынан (Тоғызбай, Онбай, Тоғанай, Бақа, Бадырақ, Қара) өрбіген әулет деп есептесе, Жетісу Қаңлылары өздерін Сары Қаңлының 5  баласы  (Әлсейіт,  Түрке,  Шоқпар,  Құйысқансыз,  Шанышқылы)  мен Қара Қаңлының 6 баласынан (Ерезен, Қаспан, Еңке, Танта, Оразымбет, Бақа)  таратады. Шежіре  деректерін  салыстырып  көрсек,  Сыр  бойы Қаңлыларының  әулеттері  Жетісу  Қаңлыларының  арғы  аталары  болып шығады.

ХҮ-ХҮІ ғасырда қазақ халқының құрамында үш этнографиялық топ – үш жүз (ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз) пайда болған кезде көне қаңлы ру-тайпасының Қазақстан жерінде мекендейтіндері ұлы жүздің құрамына енді де, олар негізінен өздерінің атамекені Сырдарияның орта шенінен Ташкентке  дейінгі  аймақтарда  тұрып  қалды.                                                                                                                                              

 Белгілі тарихшы, археолог Әлкей Марғұлан «Кангюй Ку шаннан кейінгі ірі мемлекет еді және ол халқының жартылай отырықшы, жартылай көпшелі болуына байланыс­ты қалалар салын, өрісін де кең жайған ел. Оның атамекені Қаратау алқаптары мен Сырдың орта шенінен басталып, жоғарғы саласындағы Шаш өлкесінің көгалды ойпаттарына дейін барған.  Олар  қыста  Сырдың  төменгі  бойындағы  ықтырма  қыстауларына, жазда Арыс, Талас, Шу, тіпті жеті күндік Сарысу бойындағы шөбі шүйгін жайылымдарына көшіп баратын болған», – дейді.

Қытай деректерінде (Чжан-цянь, Цянь-хань-шу т. б.) Кангюй мемлекетінің орталығы Даваннан (Ферғанадан)  1510  ли  қашықтықтагы  Битянь  Қаңлысы  деп  көрсетілсе, археологиялық деректер негізінде (К. Ақышев т. б.) Кангюй – Қаңлының 1 ғасырдағы саяси орталығы Отырар (Фараб), яғни Орхон ескерткіштеріндегі Кäнгу – Тарбан (С. Г. Кляш торный) болып есептеледі. Кейбір ғалымдардың (Б.Ғ.Ғафуров)  Кангюй  –  Қаңлы  ұлықтарының  ордасы  Шаш  (Ташкент) маңында болды деуі де шындыққа жанасады. Сөйтіп, Кангюй мемлекетінің бір замандағы территориясы, оған бағынышты болған бес иелікті (қытай деректері бойынша Сусе, Фуму, Юенн, Ги, Юегянь, – бұлардың қай жер екендігі  әлі  дәл  анықталған  жоқ)  қоса  есептегенде,  А.  Н.  Бернштамның топшылауы  бойынша,  Шаш  түбінен  басталып,  сонау  Хорезм  жері  Арал жағалауларына  дейін  800–900  км-гe  (яғни  1650  ли) созылып  жатқан Сырдың екі жақ өңірін түгел қамтыған. Н. Я. Бичурин жинаған деректер бойынша, б. з. б. 1 ғасыр мен б. з. ІІІ ғасырында 120 мың кангюй түтінінде 600 мың адам болған, олар 90 мың әскер, 120 мың атты әскер ұстаған.

Кангюй-Қаңлылардың  шығысындағы  көршісі  –  Шу  өзенінен  Тянь-Шаньның  шығыс  сілемдеріне  дейін,  Балқаш  көлінен  Ыстықкөлдің жағалауына дейінгі жерді алып жатқан Жетісу өлкесін мекендеуші Үйсін тайпасы болса, солтүстік-батысында – Арал теңізі бойындағы (яғни «биік жары жоқ, жағасы жайдақ үлкен көлдің жағалауындағы») Сармат-Аландар (яньцайлар), оңтүстігінде – Хорезм, оңтүстік-шығысында Даван (Ферғана), Кан  (Соғды)  деп  көрсетіледі.  Тарихи  деректерге  қарағанда,  Қаңлылар қабырғасы  биік  дуалдан  соғылған  үйлерде  тұрған,  зороастризм  діни ұгымына  ғибадат  қылып,  Күнге,  Айға,  хайуанаттарға  табынған, өлген адамдарының басын батысқа қаратып  жерлеген (Б.А.Литвинский, Г. В.Григорьев).  Антропологиялық  ерекшеліктері  жағынан  олар Андронов мәдениеті  дәуірінің  адамдары  тұрпаттас, өңі аққұба сары, көзі  көкшіл болып  келген.  Кангюй-Қаңлыларда  қолөнері, ғимарат т.б. мәдениеттің  дамығандығын  Қауыншы – жун  молаларынан, Отырар қаласының төменгі археологиялық қабатынан т. б. жерлерден табылған заттар толық дәлелдейді.  Қытай  саяхатшылары Кангюй-Қаңлылардың әдет-ғұрыпы аландарға, тілі үйсіндерге жақын еді деп көрсетеді. Кангюйлерде ертеде жазу-сызу  дәстүрі  де  болған,  олар  айыпкерлерді  жазалау  үшін  хаи сарайында  сақталатын  заңдар  жинағына  сүйеніп  отырған  (Я.  Бичурин). Бірақ бұл жазудың нұсқалары тарихта сақталмаған. Кангюй-Қаңлылар өзінің  ұзақ  тарихи  даму  барысында  көптеген  ру-тайпалармен,  этностық  қауымдармен  араласып,  тығыз  қарым-қатынас жасап келген. Солардың бірі – қазақ жерін өте ерте замандарда мекендеген сaқтар. Олар Кангюй-Қаңлы, Үйсін, Арғын тәрізді көне түркі тайпаларының қалыптасуына әсер етті. Осы орайда «қазақ» этнонимінде «сақ» компонентінің болуы  тарихи  тұрғыдан  даусыз  нәрсе.  Кангюй-Қаңлылар  Сырдың  үстін басып,  І  ғасырдан  бастап  батысқа  қоныс  аударып,  шұбыра  көшкен  ғұндармен, Амудария алқабы мен Арал жағалауын жайлаған Оғыз тайпаларымен, Алан-сарматтармен, хазарлармен, соғдылармен, ежелгі көршісі – үйсіндермен, осы өлкені жаулап алып, бірінен кейін бірі мекендеген эвталиттермен («ақ ғұндар», Ү–ҮІ ғ.), Батыс түрік қағандығындағы тайпалармен (ҮІ–ҮІІ ғ.). арабтармен (ҮІІІ–ІХ ғ.),  Қарахан  мемлекетінің  түркі  тайпаларымен  (ХІ–ХІІ  ғ.), қышпақтармен  (ІХ ғасырдан  кейін),  монғолдармен  (ХІІІ–ХІҮ  ғ.) т.б. этностық  қауымдармен  де  жіті араласып келген. Бұл жағдай олардың мәдени-әлеуметтік өміріне, тіліне әсер етпей тұра алмады. Әсіресе бұл факторлар Кангюй-Қаңлылардың этностық компоненті жағынан өзгеріп отыруына себепші болды. Мысалы, қаңлылармен сонау ІХ ғасырдан бері  аралас-құралас  бірге  тұрып,  біте  қайнасып  кеткен  түркі тайпаларының бірі – қыпшақтар. Ертіс жағалауларынан Дешті Қыпшақтың жалпақ даласын басып, Сырдария бойына, Арал теңізінің солтүстік-батысына, одан  әрі  Шығыс  Русь  жеріне  тарап, қоныстана бастаған  қалың  қышпақ  елі Шыңғыс хан жорығынан бұрын да (ІХ – ХІІ ғ.), кейін де (ХІІІ – ХҮІ ғ.) осы өлкелердегі байырғы түркі тайпаларының, оның ішінде Қаңлылардың саяси-әлеуметтік өміріне,  мәдениетіне, этнолингвистикалық процесіне үлкен ықпал жасады. Қыпшақтардың  үстемдігінің  күшеюіне  байланысты  ІХ  ғасырдан  кейін  Қаңлы тайпасы өзінің бұрынғы дербестігін жоғалтып, Қышпақ тайпалар бірлестігінің құрамына енді. Сондықтан осы дәуірдегі араб-иран  тарихшыларының еңбектерінде Қаңлы, Қышпақ этнонимдері көбінесе  синоним  ретінде қолданылып  келді  (С.Г.Кляшторный).  Қаңлы, Қыпшақ  тілдерінің  ортақ ерекшеліктері  осы  дәуірде  қалыптасқаны  сөзсіз.  Осыған  орай  түркі  тілдер жүйесінде  қалыптасқан  «қышпақ  тобына»  негіз  болған  компоненттің  бірі Қыпшақ тайпаларының көне тілі болса, екіншісі – Қаңлы тайпасының көне тілі. Бұған бір дәлел ХІҮ ғасыр шамасында көне қыпшақ тілі негізінде әлемге белгілі «Кодекс Куманикус» сөздігі жасалса, дәл сол дәуірде көне қаңлы тілі негізінде «Қаңлы тілінің сөздігі» (арабша «Тиббийун әл-луғат ат-турки әла-лисан әл-кангли») жасалған. Түрік ғалымы М.Ф.Көпрүлүнің  мәліметіне  қарағанда, сөздіктің авторы – хорезмшах  дәуіріндегі Рей оғыздарынан  шыққан филолог-ғалым Мұһаммед бин Кайс (толық аты Шемс-ад-дин Муһаммед ибн Кайс ар-Рази).


Қаңлылар тек қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ басқа түркі халықтарының қалыптасу  процесіне  де  тікелей  араласқан.  Қаңлы  элементі  қазірде  жеке ру  немесе  этностық  топ  ретінде  қырғыз,  қарақалпақ,  өзбек,  түрікмен, башқұрт,  алтай,  якут,  ноғай  халықтарының  генеологиялық  құрамынан  да кездеседі. Қаңлылардың осылайша кең тарауы әртүрлі тарихи, географиялық, демографиялық,  миграциялық  жағдайларға  байланысты.  Мысалы,  башқұрт халқының этностық құрамындағы қаңлылар, тарихшылардың пікірі бойынша (Р.Г.Кузеев), бұл өлкеге Шыңғыс ханның Қазақстан жерін жаулап алуына байланысты «қыпшақ миграциялық толқынымен» ХІІІ ғасырда келген. Башқұртстанның Бурзян ауданындағы Қаңлы-Түркәй деген шағын қала да осы Қаңлылардың келуіне  байланысты  пайда  болған  топоним.  Шежірелерде  айтылатын 92 баулы өзбектің белді руының бірі Қаңлы болған. Бірақ бұлар өзбек халқының  этностық  құрамына  Қыпшақ,  Қоңырат,  Найман,  Қатаған тәрізді  кейіннен  қосылған  ру-тайпалардай  емес,  бұл  өлкеде  көне заманнан бері жасап келе жатқан тайпалар болып саналады. Өйткені тарихшы Бенаидің «Шайбанинама» атты еңбегінде Әбілхайыр ханның немересі  Шайбани  ханды  қолдап,  ХҮ  ғасырда  Дешті  Қыпшақтан  Орта Азияға  (қазіргі  өзбек  жеріне)  қоныс аударған 40 рудың  ішінде  Қаңлы аталмайды (С. Ибрагимов). Қаңлының Ташкент өңірінің отырықшы елі екенін, мәселен Ташкенттің өзіндегі, Сырдария облысы, Жизақ, Замин аудандарындағы  Канги  (<Канлы),  Катта  кангли,  Кичик  кангли  тәрізді топонимдер  (С.  Караев),  Ангрен  өзендерінің  төменгі  құйылысындағы (Сырдың оқ жағасында) Аққорғанның жанындағы Канга немесе Канкадеп  аталатын  қаланың  орны  (Е.  Смирнов)  т.  б.  толық  дәлелдейді.  С. М. Абрамзон Қаңлы (<Қанлы), Қыпшақ т. б. рулардың қырғыз этносы негізінде қалыптасуы Шыңғыс хан заманынан ертеректе, сонау Оңтүстік Алтай мен Ертіс жағалауында басталған деп тошпыласа, В.В.Бартольд якут халқының этностық құрамындағы кангарастарды ерте замандардағы Кангюй-Қаңлылардан  бөлініп,  шығысқа  қоныс  аударған  этностық топ  деп  қараса,  Н.А.Аристов,  Рашид  ад-Дин  т.б.  тарихшылардың деректеріне  сүйене  отырып,  Осман  түріктерінің  (салжұқтардың) арасындағы  Қайы-Қаңлылар  ХІ  ғасырда  Сыр  бойынан  оғыздармен  бірге кеткен  Кангюй-Қаңлылар  еді  дейді.  Ал П.В.  Голубовский  Сырдария бойындағы  оғыздардан  бөлініп,  Киев  Русінің  жеріне  қоныс  аударған печенегтермен  бірге  қаңлылар  да  кеткен  еді  десе,  оны,  сірә,  қазіргі Минеральные воды қаласынан шамамен 100 км жердегі Кума өзенінің бойында шағын Қаңлы қаласының сақталуы дәлелдесе керек. Сондай-ақ  қарақалпақ (Т.А. Жданко),  ноғай,  түрікмендердің  ішіндегі Қаңлы, Кенегес рулары (А.Сергеев), Шығыс Түркістан  тұрғындарының этностық құрамындағы Қаң-қыпшақ (С.М.Абрамон), ХІХ ғасырда Кавказдың Қалаусажембұлақ тайпасындағы үш рудың бірі болған Қаңлы [олардың жалпы саны 13 мың 639 адам (1894 ж.)] – осының бәрі көне заманнан бері тарихи-генеологиялық желісі үзілмей келе жатқан Кангюй-Қаңлы ру-тайпасының  бүкіл  Азия,  Европа  жеріне  кең  тарап, тамырын  терең жайғандығының толық дәлелі бола алады. Кейбір тарихи деректерге қарағанда, 1219 ж. Шыңғыс ханның әскері Орта Азияны шауып, ойран салғанда, дұшпанның қорлығына шыдай алмай Қаңлының Қайыхан деген ханы қарамағындағы 50 мың үй Қаңлыны бастап, Рум (Византия) жеріне өтіп кетеді де, сонда қалып қояды. Шыңғыс хан әулетінен шыққан Ғазанхан (Тебриздің ханы) Румға шабуыл жасап, оны бөлшектеген кезде Қайыханның  шөбересі  –  Осман  хан  Қаңлы  хандығының  дербестігін сақтап қалды [2, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ, қырғыз, түрік және хандар шежіресі», Орынбор, 1911,  92-6.].

Халық  арасында  сақталған  «Кәделі  елде  қаңлы  бар, қаңлыдан  хан  сайла»,  «Қаңлы тұрғанда басқа  хан  болмайды»  деген қанатты сөздер, сайып келгенде, қаңлы тайпасының осылайша кеңінен тарап, мұрагерлік, аталық дәстүрге ие болғандығын көрсетеді. 8 ғасырдағы Орхон  жазуларында  Түрік  қағанатының  билеп-төстеушілерін  «каң  ата келті» деп дәріптесе, ХІ ғасырда М. Қашғари «Қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары қаңлылар еді» деп жазады. Қаңлы тайпасының негізгі ұраны  –  Айрылмас,  Бақтияр,  Бәйтерек  (қазақ  шежіресі  бойынша,  ол Ұлы  жүз  Төбейдің  немересі). Таңбасы  – /  (шылбыр  таңба,  Ниязовтың айтуы  бойынша  Гродеков  жазып  алған),  (таяқша,  әліп  таңба  немесе көсеу таңба).    

Қайы қаңлылар

Османлы империясының негізін қалаған Қайы Қаңлылар қазіргі Қазақ халқының құрамындағы Қаңлы тайпасының ежелгі бір бұтағы болып табылады. Қаңлы – Ұлы Жүз құрамындағы аса байырғы тайпа. Біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ ғасыр мен біздің дәуріміздің ІІІ ғасырлары арасында Кангюй деген атпен өз алдына бөлек мемлекет те болған. Қаңлы мемлекеті б.з.б. ІІІ ғасырда Қазақстанның  оңтүстігінде құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Қаңлылар негізінен Сырдарияның орта ағысынан Қаратау жотасына дейінгі жерлерді мекендеген. Олардың шығыс шекарасы Талас өзенінің бойымен өтіп,  б.з.-дағы ІІІ ғасырда Оңтүстік–Батыс Жетісуға дейін жетсе,  батыста Арал теңізінен Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды. Қаңлы мемлекеті шығыста – үйсіндермен, батыста- сарматтармен, оңтүстікте – Ферғанамен көрші болған. Қаңлылар – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі болып саналады. А.Бернштамның пікірінше,  олар түркітілді халық болған.   Қаңлы туралы деректер б.з.б. ІІ ғасырда қытай жазбаларында кездеседі.  Деректерде Қаңлы мемлекетінде 120 мың отбасы, 600 мың халық пен 120 мың әскер болғандығы айтылады. Қаңлы мемлекетінің астанасы – Битянь қаласы. Жапон ғалымы Сиратори ол қала қазіргі Түркістан қаласының маңында болған деп есептейді. Бүгінгі таңда зерттеушілер Қаңлы тайпасын 36 рудан тұрады деп есептейді. Айталық, М.Тоқашбаев құраған тайпалық шежіреде  [Марат Тоқашбаев «Қаңлы Қараш би», Алматы, «Астана Медиа Пресс», 2016, 69-79-б.б. ] Қоғам биден Қаңлы, Шанышқылы, Қатаған, Алтай биден Жақұт (Якут), Саха, Байқоңыр биден Ақылқожа, Ақылқожадан Қайы, Қайыдан Сүлеймен ғази, Ертұғрыл ғази, Осман ғази таратылады.  

Осман империясының негізін қалаған қайы қаңлылар

Селжүк династиясының негізін  қалаған Мәлік әл-Ғази Селжүк  оғыз тайпасы­­­­ның (бұл тайпаның қазақы аты — қаңлы. Таласбек Әсемқұлов «Қоңдыгер қаңлы») көсемі болған. Ол түркілік дәстүрлі сенім Көк Тәңіріден бас тартып, өз ықтиярымен исламды қабылдаған. Осының салдарынан оғыздар екі жікке бөлінді. ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекетін Селжүктің ұрпағы Шах-Мәлік басқарған кезеңде елордасы Янакент (екінші аты – Отырар) қаласын әйгілі түздіктер – Тәңіріге сенген Қыпшақ тайпасы басып алады. Осы кездерден бастап селжүктер Батысқа жылжи бастайды. Нәтижесінде түрік жеріне табан тіреп,  ХІ-ХІІ ғғ Осман империясының негізін қалайды.


Османлы мемлекеті – орта ғасырларда әлемнің Еуропа, Азия және Африка сияқты үш құрлығына  билік жүргізген алып империя. Ол Оңтүстік-Шығыс Еуропаны, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың басым бөлігін, батыстағы  Марокконың Атлант жағалауынан шығыстағы Парсы шығанағының жағалауына дейін, cолтүстіктегі  Украинадан оңтүстіктегі Сомалиға дейінгі аймақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.  Әсіресе XV-XVII ғасырларда империя айтарлықтай өркендеді.    Билеушіні сұлтан, кейін падишаһ деп атайтын болған. Бұл мемлекет 600 жылдан астам уақыт  бойы Батыс пен Шығыстың қарым-қатынас жасасуының қақ ортасында  тұрды.  Құдіретінің шарықтау шыңында Османлы мемлекеті 42 уәлаяттан тұрды, Валахия,  Молдова және Трансильвания князьдіктері оған бағынышты болып, алым-салық төлеп отырды. 1453 жылы Мехмет Фатих сұлтан басып алған, Рим империясының тірегі болған Константинополь қаласы Ыстамбұл  деген атпен Османлы империясының  бас қаласына айналды. 

Османлы мемлекетін  көп жағдайда  бұрынғы жерортатеңіздік  өркениеттердің, атап айтқанда Рим империясының және Шығыс Рим империясының ислами мұрагері деп атауға болады. Османлылар да өздерін Ежелгі Рим мен Ислам мәдениетінің жалғастырушылары деп, яғни «мәдениеттердің кірігуі» арқылы «бүкіләлемдік мемлекеттің» билеушілері ретінде таныстырды. 

Ілкі тарихына көз салсақ, Сүлеймен арғы ата бабалары қазақ топырағынан шық­қан. Көрнекті ойшыл әрі ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің  «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегінде  Осман империясының негізін қалаған  Осман ғазидің (қазақша – қази ғой) әкесі Ертұғрыл ғазидың, атасы  Сүлеймен қазидың арғы тегі қазақтың қаңлы тайпасының ішіндегі қайы деген тармағынан шыққандығын айта отырып, мынадай жыр жолдарын жазып қалдырған:

“Жоғарғы айтқанымды қылсаң пайым,

Құя бер құлағыңа ұққан сайын.

Бұл күнде Стамбұлда бөлек тұрған

Айтайын енді Оспанды- Түрік жайын.

Түріктің Саха деген бір табы еді ол,

Тауына Гималайдың барыпты ол,

Сақадан қаңлы деген тап бөлініп,

Баруға Үрім жеріне тартыпты жол.

Солардың кеткеніне 700 жыл,

Айтылды біраз одан, оны да біл.

Кез болып, кезіп жүріп зор бақытқа,

Қандай бақ берді тәңірі соны есеп қыл.

Қаңлының ханы болған Қайы деген

Жер алып, ерлікпенен ел билеген,

Ол өліп, жалғыз ұлы – Ер Сүлеймен.

Сол жерден қайта көшіп, жөнеп берген.

Паратпың партиясына келіп жеткен,

Су тасып, нөсер құйып, асқан шектен,

Алды – артқа қаза келсе, қаратама ма?

Қапыда Ер Сүлеймен суға кеткен.

Талапты тағдыр оған бала берген,

Қайратты, ақылы артық, дана берген.

Ертұғырыл – Сүлейменнің жалғыз ұлы,

Сол жерде 400 үймен қала берген.

Көшсе де өңкей қаңлы көшпей қалған,

Ерлікпен маңындағы елді алған;

Бірталай аз уақыт әскер жинап,

Ертұғырыл есті батыр деп аталған.

Хан емес, көп әскердің басы болған,

Қартайып, сөйтіп жүріп, жасы толған;

Орнына Осман деген ұлы отырып,

Ертұғырыл 90 жаста опат болған.

Осы Оспан көп ел алып, хан болыпты,

Ақылды, аса айлалы жан болыпты.

Келгенше осы кезге сол ат өшпей,

Оспанды түрік деген даң болыпты.

Ұғып ал осы сөзді, жас ұландар,

Өз бауырың ол түрік те осыны аңғар!

Құл болып, біз қорлықта отырсақ та,

Көп шыққан атамыздан арыстандар!”

«1219 жылы Шыңғыс ханның әскері Орта Азиядағы елді шауып быт-шыт қылғанда, әр ел толқынып ауғанда жоғарғы айтылған қаңлының Қайы хан дегеннің халқы елу мың түтін Рум жеріне барды. Біраздан соң соғыс басылған кезде Қайының баласы Сүлеймен елін алып қайта келе жатқанда, Евфрат дариясына суға кетіп өлген соң, Сүлейменнің баласы Тоғрул төрт жүз үйдей еліменен Арыз маңында қалыпты. Өзі батыр болып, маңайындағы елдерді алып жүргенде Кония падишасы Ғалалиддин деген Шыңғыстың баласы Шағатайдың әскеріменен соғысып жатқанын көріп, Ғалалиддинге болысып көп қайрат көрсеткен соң, Ғалалиддин разы болып, Аскуд, Қараша тау, Тұманшы деген жерлерді беріп, Ертұғрылды әскербасы қылыпты. 1272 жылы 90 жаста Ертұғрыл өліп, орнына баласы Ғұсман (Осман – ред) әскербасы болды. Бұл әкесінен де мықты болып, әр жерді алып, Қараша Хасар деген жерді алғанда Ғалалиддин Ғұсманды өз алдына бөлек бек қойды. Онысы 1282 жыл еді. Мұнан он бір жылдан соң, Тәбриздегі Шыңғыс нәсілінен хан болып тұрған Ғазан хан Рум жұртын шауып, әрбір кішкене хандықтарға бөліп жібергенде Ғұсман да өз еркі өзінде бір хан болып қалды 1300 жылы», –деп жазады Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегінде. [2, 82-бет]

Османлылардың ата-тегі – Қайы қаңлы тайпасы XIII ғасырдағы моңғол шапқыншылығынан ығысып, Анадолы жеріне көшкені рас. Оның алдында қаңлылар түгелдей Хорезм шаһы  Жалаладдин  Мәңгібердінің (1199-1231)  қызметінде  болған. Тегінде Хорезм елі негізінен қаңлылардан тұратын. Моңғол шапқыншылығының қаупі туған кезде кей деректерде Алп Арслан, кей деректерде Сүлеймен ғази 50 мың түтін қаңлыларды бастап батысқа ауғаны айтылады. Анадолы жеріне жеткен Қайы қаңлылар міне тап осылардың ұрпағы.

Османлы тарихына қатысты тағы бір зерттеуде  былай деп жазылған: «Бұлар Сөгүтке жеткенде қиян-кескі ұрыстың  үстінен шығады. «Не істейміз?» деген сұрақ туғанда анасы Хайым-ана  Ертұғрылға: «Қайсысы жеңіліп жатса соған көмектеселік» дейді. Қайы қаңлылар бұрыннан мұсылман болатын. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жолынан, өздерінің ғұлама туысы әл-Фараби (870 жылы Отырарда туған)  мен Қожа Ахмет Иассауидің (1103 жылы Сайрамда туған) имани ілімдерінен  хабардар еді. Сондықтан олар үшін әділдік, әлсіздерге көмек қанына сіңген қасиет болатын. Ұрысты бақылап тұрған бұлар біраз уақыттан соң соғысушылардың ойсырай жеңіліп бара жатқан жағына болыса кетеді. Тасадан тап берген тың күш қойсын ба, екінші жақтың тас-талқанын шығарады. Сөйтсе соғыс осындағы Селжүк патшасы Алаетдин Кейқуаттың әскері мен бұл жаққа да жеткен моңғол қолының арасында жүріп жатыпты. Жеңіліп бара жатқанда қолұшын беріп, көмектескені үшін  Ертұғрылға Селжүктердің билеушісі Кейқуат қатты риза болады. Ол Қайы қаңлыларға әуелі қазіргі Анкара маңындағы Қаратау деген жерді, кейін румдықтардан  өздеріне қаратып алған жаңа жер Сөгүтті қыстаулыққа, Доманішті жайлауға береді.

Қайы қаңлылар содан әр жылы жазда Доманіш жайлауына шығып, қыркүйекте Сөгүтке қайта түсетін. Мырзалары Ертұғұрыл Ғазидің қолбасшылығында «Әуелі – қоныс, артынан – жеңіс» тұжырымын ұстанды, аймақта тұрақтап қалуды  көз­деді. Бұл олардың ежелгі атамекенін еске салатын. Ертұғұрыл ғази  жайлаудан қыстауға аман-есен оралғандарын халқына «ет пен қаңлы палауын» сыйлау жолымен тойлатқызатын. 727 жыл бұрын Ертұғұрылдың тірі кезінде басталған бұл әдетті Қайы қаңлы руы ол 1281 жылы өлген соң да дәстүр ретінде жалғастырды. [4, Әбдуали Қайдаридің «Қаңлы» кітабынан. Алматы «Дайк пресс», 2004 ж].

Түркияның белгілі мемлекет қайраткері Дәулет Бахчели мырза Османлы дәу­летінің осы бастапқы кезеңі туралы:  «Түрік тарихының марапатты беттерінен орын алған Османлы мемлекеті дүние тарихындағы ең ірі мемлекеттердің бірі екендігі шүбәсіз. Бұдан 720 жыл бұрын селжүктердің қолбасшысы сипатында Ертұғырыл Ғази салған негіз  Қайы қаңлы ұрпақтарының әлемде алып бір империя  құратынын әрине білмеуші еді. Алайда ол Анадолыда түрік дәулетінің (мемлекетінің) іргетасын  қалаудың және ағайын арасындағы қақтығыстарды жоюдың қажеттігін өте жақсы білетін. Сол үшін де өзі және кейін билікке ие болған ұлы Осман қази мен немерелері батысқа қарай бет алып, қандастар қақтығысынан аулақтануды жөн санаған. Кейін келе күшті бір мемлекет тек бірлік арқылы қаланатындығына сенгендері себепті, өзге түрік бектіктерін де бір тудың астына топтастыруға  күш салды. Сөйтіп Шығыс, Орта Европадан  Орта Шығысқа, Қырым мен Кавказдан  Солтүстік Африкаға дейінгі ұлан-байтақ  кеңістікте  билік құрған Османды (Османлы) мемлекеті пайда болды», –дейді.

Зерттеуші Бекболат Тасболатұлы «Қаңлы мемлекеті – қазақ мемлекеттілігінің негізі» деген кітабында: «Осман көрші жерлерді жаулап алып өз жерін кеңейте береді. 1282 жылы Алаеддин Османға өз алдына басқару үшін басып алған Қараши, Хасар аумағын береді. Кейіннен ол жерлер Ертұғрылдың баласы Османға сыйға беріліп, Кония әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындайды. Кішкене тәуелсіз қаңлы селжүктері иелігінен бастап Осман империясының негізі қаланды» (368-б) деп жазады.  

Сөйтіп Анадолы жеріндегі Сөгүт  пен Доманіш түрік тарихында маңызды орынға айналды. Рұмдармен шекарадағы уәлаяттың билігі берілген тұста Ертұғырыл балаларын батылдық пен батырлыққа тәрбиеледі. Ерекше өжеттігімен көзге түсіп жүрген кіші ұлы Оспаннан  (Османнан) үлкен үміт күтетін.

Осы кезде Білежікте Әбдібәли деген шайық өмір сүретін. Ол төңірегіне иман нұрын шашқан жан еді. Мықтылар мен мырзалар одан тәрбие, білім және мінез-құлық (ахлақ) сабағын алатын. Сөгүтте Ертұғрыл Гази, Білежікте шәйық Әбдібәли  Ұлы Осман империясы бәйтерегінің ұрығын сепкен деуге болады. Өйткені  Ертұғрыл Гази кіші ұлы Османға шайық Әбдібәлидің қызы Бал ханымды алып берген. Осы некеден жарты дүниеге алты ғасыр билік жүргізген, әлемде бұрынды-соңды кездеспеген ең ұзақ өмір сүрген Османұлдары хандығы дүниеге келді. Сонымен әлемдегі ең ұлы өркениет қалыптасты. Осы теңдесіз өркениеттің алғашқы шырағы Сөгүтте алауланып бірте-бірте Бурса, Едірне, Стамбұлға, одан ары қарай үш құрлыққа тараған. Ұлы байтерек тамырының осыншама кең жайылуының себебін  мына сөздердің түйінінен тіпті айқын ұғуға болады. Ертұғрыл Ғази ұлы Осман Ғазиға былай депті:

Бері қара, ұлым,

Мені ренжіт, шайық Әбдібәлиді ренжітпе,

Ол біздің тайпамыздың нұры,

Таразысы ақша шашпайды.

Маған қарсы шық, оған қарсы шықпа.

Маған қарсы шықсаң, қайғырып мұңаярмын,

Оған қарсы келсең, көздерім саған қарамас,

Қараса да көрмес болар.

Сөзім Әбдібәли үшін емес,

Аймағымыз үшін.

Осы айтқанымды өсиет деп біл...

Бұл ел бірлігін көздеген көсемнің кейін ұлы империя құратын ұлына арна­ған жүрек сөзі, Әбдібәли арқылы рухани тазалыққа шақырған шынайы өсиеті болатын. Бұған қосымша Шайық Әбдібәли де күйеу баласы Қайы қаңлы Осман мырзаға шекара уалаятының  басшысы болып тағайындалған кезде мына­дай өсиет айтқан:

Әй ұлым, билеушісің!

Бұдан былай алу – бізден, ынтымақ – сенен.

Ренжу – бізден, төзу – сенен.

Әлсіздік, жаңылысу, мәз болу –бізден, әділет – сенен.

Қырын қарау, бейпіл ауыздық,

Қақсыз баға – бізден, кешіру – сенен.

Бұдан былай бөлу – бізден, қосу – сенен.

Жалқаулық – бізден, ояту, жігер беру – сенен.

Әй, ұлым! Сабыр сақтай біл!

Уақыты толмай гүл ашылмайды, соны ұмытпа!

Адамдарға үйрет,  мемлекетін жасасын.

Әй, ұлым! Жүгің ауыр, жұмысың жапалы, күшің қыл үстінде

Бір Аллаң  қолдаушың болсын!

Ертұғрыл ұлы Осман Ғази әкесі мен қайын атасының сөздерін жадынан еш шығарған емес. Ол ең алдымен өзінің құтты қоныс іздеген ата-бабаларының асыл армандарын орындауға  ұмтылды. Ұтымды дипломатиямен, қажет жерде күш­пен Осман ғази өз иелігін кеңейте берді. Қайы қаңлыларды сөйлейтін тіліне қарап айналасындағы және бағынышты елдер түрік деп те атайтын болды.  Жеңістер бірінен кейін бірі жалғасты. Жапырағын жайған Османлы бәйтерегі  Франция, Балкан, Хижаз аймағы, Мысыр, Морокко, Тунис, Алжир, Жерорта теңізі, Еуропа, Қырым және Үнді мұхитына дейін созылды.  Осы керемет өркениеттің бесігі Сөгүт болған. Өздерін Қайы қаңлының ұрпағы санаған түркінің қабырларында жатқан ұлы перзенттері ғасырлар бойы адамдарға рухани күш беріп келді. Кейін қараусыз қалған Сөгүт жері  II Әбдулхамит хан тұсында қайтадан өңделіп, онда  Хамиддие мешіті мен медресесі салынды. [8, Марат Тоқашбаев. «Сөгүттегі Иорук мерекесі»,  «Президент және Халық» газеті, 17 қыркүйек, 2012 ж ].

Османлы империясы міне, солай пайда болған.  Осы деректерді басшылыққа алсақ,  кезінде үш құрлықты тітіреткен  империяның  бастауында қазақтар, дәлірек айтқанда қазақ халқын құраған негізгі тайпалардың бірі қаңлылар тұрғандығы талас тудырмайды. Жоғарыда келтірілген деректер Анна Антановскаяның «Георгий Саакадзе» деген тарихи романында да кездеседі. Сондай-ақ қаңлы руының тегі туралы орыс этнографы А. Харузин өз еңбегінде: «Қаңлы тайпасы  бір кездерде ... жеке ру болып өмір сүрді. Қаңлы атын, Рашид әд-Диннің айтуынша, Оғыз ханның (түріктердің атасы) өз туыстарымен күресінде оның жағына шыққан түрік рулары алды: олар «малды жегіп, өз қал-қадерінше арба жасады және түріктер арбаны қаңлы дейді» деп жазды ол.  

Жанерке МАРАТ,

№12 мамандандыралған

мектеп-гимназияның

11 «А» сынып оқушысы,

Алматы қаласы.