Қазақ қоғамындағы білім жүйесінің даму деңгейі (ХХ ғасыр 20-30 жылдар)
25.11.2020 20516

Қазақ жерінде орта ғасырлардан бастап білім беру жүйесінің негізі қаланды. Олай дейтініміз VIII-Х ғасырларда елімізде діни медреселер, мұсылманша оқу орындары жұмыс істей бастаған. Ертедегі Түркістан, Тараз, Сайрам, Отырар және тағы басқа қалалардағы сол діни мектептердің орталықтары болған. Негізі орта ғасырларда қалыптасқан білім жүйесі өткен ғасырдың бас кезіне дейін өзінің құндылығын жоймай, қазақ сахарасында даму деңгейін қалыптастырып, біліммен сусындатып келген.

Қазақ жерінде бірнеше ғасыр бойы оқудың шамшырағы болған діни медреселік оқу орындары балаларды маусымдық айлармен оқытты. Оқу ақысын оқытушы тарап, болмаса ауыл аймағы өтеп беретін болған. Бірақ мектеп бітіргені үшін оқушыларға ресми куәлік беру тәртібі сақталмаған. Сауат ашу жолы араб әріптері мен сөздерін жаттауды, әсіресе құранның араб тіліндегі мәтінін жатқа білуді мақсат етті.

Қалалардағы (шахристан, рабад) медреселерде ислам дінін уағыздайтын бастауыш мұсылман мектептерінің оратлықтары болды. Бағдад, Дамаск, Бұқара қалаларынан білім алып келген, молдалар, ишандар, қазилар, хазіреттер, жоғары лауазымды дін қайраткерлері сол оқу медреселерінде ұстаздық етті.

Патшалық үкімет орнаған кезеңнен бастап, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ жерінде әр түрлі бағытта мектептер ашыла бастады. Яғни осы уақыттан бастап қазақ жерінде білім беру жүйесінің негізінде қалыптасқан мектептер құрылды. Мектептердің қасынан кітапхана жүйесі жасақталды.

Сол уақыттағы мектептердің көптеп ашылуының басты факторларының бірі отаршылдық басқару жүйесіне мамандар даярлау болған. Ол туралы Baribar.kz сайтының «Қазақстандағы халық ағарту ісі» атты мақаласында: «Патша үкіметінің отаршылдық басқару жүйесіне тілмаштар-ды даярлау қажеттілігі шаруашылық және чиновниктік әкімшілік мұқтаждығына қызметкерлердің жетіспеуі аралас орыс-қазақ мектептерін жылдан-жылға көбейтуді қажет етті. 1861 жылы Троицк қаласында, Торғай мақайындағы Орынбор бекінісінде, Қазалыдағы № 1 фортта ашылған орыс-қазақ мектептері қазақ жастарын қамтуға тырысқан осындай типтегі оқу орындары болды.


Алайда жеке бекіністерде ұйымдастырылған қазақ мектептерінің материалдық қамтамасыз етілуі, ондағы оқушыларға білім беру дәрежесі өмір талабына сай келмеді. Қазалы және Перовскідегі мектептер кейіннен қалалық училищелер болып қайта құрылды. Онда Қазанда, Петербургте білім алған ұстаздар сабақ берді».

Патша үкіметі тұсында да діни мектептердің мүмкіндігі зор болды. Қазақ ауылдарындағы мешіттердің жанынан мектептер ашылып, уездік басқарманың нұсқауымен білім беруді қамтамасыз етті. Діни мектептерде дін жолын уағыздайтын пәндерден басқа жағрапия, заңтану, тарих, логика, риторика, математика, философия, астрономия, медицина пәндері оқытылды.

Baribar.kz сайтының «Қазақстандағы халық ағарту ісі» атты мақаласында келтірген деректер бойынша, XIX ғасырдың аяғында Қазақстанда ағарту ісінің төмендегідей жүйесі қалыптасты: бастауыш оқу орындары, приход мектептер кластары, толықтырылмаған гимназиялар, орыс-қазақ аралас мектептер, ауылдық және сауаттылықтың негізіне үйрететін мектептер. Орта оқу орындары, реалдық училищелер, қыздар мен ер балалар гимназиялары.

Жоғарыдағы аталған діни мектептерді (медресе) оқып, қазақ руханиятына үлес ғұмалар да қазақ жерінен көп шықты. Солардың бірі биыл 1150 жылдығын тойлап отырған ғұлама ғалым, екінші ұстаз атанған Әл-Фараби бабамыз. Әл-Фараби орта ғасырлардағы Отырар медресесін бітіріп, Дамаск, Бағдад қалаларында білімін жоғарлатқан. Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы Семейдегі «Ахмет Риза» медресесін тәмамдаған. Уфадағы «Ғалия» медресесінде алаш арыстары Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтар білім алды. Қызылжар медресесінде әйгілі Ақан серінің, алаш арысы Шәймерден Қосшығұловтың ұстазы Науан Хазірет білім алды.

Ал, қазақ қоғамындағы білім жүйесінің даму деңгейі өткен ғасырдың 20-30 жылдары үлкен өзгерістерге бағыт алды. Мемлекет зайырлы білім мен ағарту жүйесін өз құзіретіне ала бастады. 1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, қазақ жерінде білім беру жүйесінің жаңа кезеңі қалыптасты. Елімізде ағарту саласы бойынша халық комиссары тағайындалып, оның басшылығына алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы келді. ХХ ғасырдың басындағы алаш арыстарының еліміздегі зайырлы білім беру ісінің дамуына қосқан үлесі және ағарту жүйесіне енгізген жаңалықтары орасан зор.

Өткен ғасырдың алмағайып кезеңінде өмір сүрген алаш зиялыларының қоғамдық қызметінің бастауы – ағартушылық еді. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Алаш қайраткерлерінің азаттық идеологиясын қалыптастыру қызметі» атты мақаласында былай деп жазады: «Ұлт оқығандары қоғамдық қызметін ағартушылықтан бастады. Яғни, қазақ елі сан жағынан империя құрамындағы үлкен елдердің қатарында емес, сонымен бірге аз және әлсіз елдердің де санатына жатпайтын. Оның халық ретінде жүріп өткен жолы, ерлік тарихы, ең негізгісі ғасырлар бойы қанды күрес арқылы қалыптасқан атамекен жері бар. Ендігі уақытта арасына білім ұрығын себу арқылы оны өз тағдырын шеше алатын белсенді субъектіге айналдыру басты міндетке айналуға тиіс. Олар нағыз білім, осы жолдағы мақсатты ағартушылық қызмет және тәрбие халықты өзгертетіндігіне сенімді болды. Міне, сондықтан да ұлт оқығандары қазақ жерінде заман сұранысына жауап бере алатындай жаңа сапа, мазмұндағы білім жүйесін қалыптастыру ісін барлық бағдарламалық құжаттарына енгізді, бұл межені жақындата түсу үшін қазақ тілін білім және ғылым тіліне айналдыру, осы мақсатта оқулықтар мен оқу құралдарын даярлау, ұлтқа арнап кітап, газетжурналдар шығару ісін қолға алды».

Жалпы, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру жүйесін төмендегідей хронология бойынша қарастыруға болады:

-        1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды.

-        1921 жылы ақпанның он сезігінде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды.

-        1922 – 23 жылдары ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды.

-        1920 – 30 жылдары еліміздегі білім беру мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді.

-        1927 – 28 жылдары республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты.

-        1929 жылы республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді.

-        1940 жылы латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады.

-        1937 жылы қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті. (Хронологиялық деректер Уикипедия желісінен алынды)


Білім беру саласында жүргізілген реформаға сәйкес, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары бірқатар өзгерістерге қол жетті: замануи білім беру жүйесіне көшкен мектептердің саны көбейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді жалпыға бірдей оқытуға көшті; халық ағарту комиссариатының білім беру жүйелері бекітілді; жаңадан ЖОО орындары ашылды; мұражай, кітапхана ісінің, баспасөз ағартушылығы қызметі жүйеленді; зайырлы білім мен ағарту жүйесіне негізделіп оқулықтар шықты; зайырлы білім мен ағарту жүйесін зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері қалыптасты.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары алаш қайраткерлері зайырлы білім беру саласына еңбек етіп, оқулықтар жаза бастайды. А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы», «Әдебиет танытқыш» және Ж.Аймауытұлының «Тәрбиеге жетекші», «Психология», М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектептегі ана тілі», «Педагогика» тағы басқа оқулықтары шықты. «Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы» «Жағрапия» сынды жалпыға негізделген пәндік оқулықтар жарық көрді.

Қорыта айтарымыз, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай сабақтарды жүйелеп, мектеп пен оқушы арасында алтын көпір жасады. Замануи білім беру мен ағартушылықтың жүйесі қалыптасты. Мектеп пен ЖОО қажетті кадрларды дайындау мәселесі жолға қойылды.

   Мақала №АР08856779 «ХХ ғ. 20-30 жж. Дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» жобасы аясында жазылды.  

Алтынбек Хумарзах