Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ҚР-ның алыс шетелдерімен экономикалық т.б. қатынастары тарихынан
28.10.2020 4622
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына:

Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін алған алғашқы мерзімнен жүргізе бастаған   сыртқы саяси қызметінде әлемнің әр құрлықтарында орналасқан алыс шетел мемлекеттерімен арадағы қатынасқа   маңыз аударып келеді. Солардың қатарында Азия құрлығындағы, Таяу Шығыстағы экономикасы өркендеген, білім, ғылымды дамыту, денсаулық сақтау ісінде әлемдік деңгейлердегі табысқа жеткен, экономикасы нарық талаптарына сай дамулары іске асырылған мемлекеттермен байланыс орнатуға назар аударылды.

Міне сондықтан Тәуелсіздігі енді ғана қамтамасыз етілген Қазақстан үшін аталған елдердің көрсетілген бағыттағы жетістіктерімен танысу, әр салалы деңгейдегі тәжірибе алмасу қажеттілікке айналды. Солардың қатарында бұл мемлекеттердің Қазақстан экономикасына инвестициялық қаржы салуына жетісу де маңызды жоспарлар қатарына енген еді. Осындай мақсатты іске асыру жолында «ҚР сыртқы саясаттағы негізгі бағытты Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы қатынасты одан ары дамыту және нығайту деп есептейді» [1].

Мұндай елдердің қатарында Түркия Республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Израиль, Сингапур, Малайзия, тағы да басқа өркендеген мемлекеттер болды. Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы мерзіміндегі жан-жақты ынтымақтастық орнатқан елінің қатарына Монғолия да енді. Себебі осы уақыт кезеңінде Монғолияның мал шаруашылығы, тау-кен өндірісі едәуір қарқынды дәрежеде нарық қатынастарына ене бастаған болатын. Бұлармен қатар Монғолияда тұратын мол көлемдегі қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, олардың тілек еткендерін тарихи отандарына қайтару ісін екі жақты деңгейде ұйымдастыруды жолға қою да қажеттілікке айналған еді.

Жоғарыдағы аталған мемлекеттер қатарындағы Түрік Республикасымен арадағы негізделген қатынасқа ерекше тоқталып кетуге болады. Өйткені Түркия мен Қазақстанды мыңдаған жылдық тарихи, мәдени, салттық бағыттағы тамырластық дәстүрлері біріктіретіндігі белгілі. Cонымен бірге «аймақ елдерінің арасында анығын айтқанда Түрік Республикасы еуропалық дамуға неғұрлым бейімделген, себебі ол НАТО-ның мүшесі, ЕО-мен белсенді байланыста, АҚШ және Еуропамен тығыз әскери-cаяси байланыс орнатқан. Яғни, Түркия мұсылман әлемі үшін Еуропаға ашылған терезе, Еуразиялықтың нақты үлгісі болып табылады. (Бұлармен бірге,Ғ.Қ.) Түркия Қазақстанның Азиядағы өзара қимыл және сенім шараларына арналған Кеңесті (СВМДА) құру туралы бастамасын белсенді қолдаушы елдердің алғашқыларының бірі болды. Ол Қазақстанның Еуразия аңғарындағы   барлық осы ұйымға қатысушылардың қауіпсіздігі мен сенім көлемін қамтамасыз етуге арналған   құрылым негіздеу жолындағы ұмтылысына толық түсіністікпен қарайды»[2. 363,365].

Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған Түркия,- деп жазды Н.Ә.Назарбаев, бұл елмен арадағы қатынастың ерекшелігіне тоқтай келе - біз үшін маңызды аймақтық әріптес. ... 1993 жылдың сәуір айында Қазақстанға Тұрғыт Озал келді. ... Жоғары Кеңесте сөйлеген сөзінде Түркия басшысы: “Түркия Қазақстанға барлық көмегін жасауда және жасай да береді, өйткені бір халықтың дамуы екіншісінің де дамуына ықпал етеді”,-деп жазды. ...

1994 жылдың қазан айындағы менің Түркияға жасаған бірінші ресми сапарым екіжақты қарым-қатынастарды анағұрлым жоғары деңгейге шығарды. Елдің жаңа президенті Сүлейман Демирелмен және премьер-министр Тансу Чиллермен Достық және әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Тәуелсіздіктің алғашқы ауыр жылдарында Түркия Қазақстанға елеулі сыртқы саяси қолдау көрсетті. Жоғары деңгейдегі жұйелі Қазақстан-Түрік кездесулері дәстүрге айналды. Тығыз саяси байланыстар экономикалық және мәдени әріптестікті тереңдетуге септігін тигізді. 1995 жылдардың ортасында Қазақстанда 150-ден астам түрік фирмасы тіркеліп, тура әуе рейстері ашылды. Жыл сайын жүздеген жас қазақстандықтар Түркияда дәріс алып, түрік студенттері Қазақстанда оқыды»[3].

Сипатталып отырған кезеңдегі екі мемлекет арасындағы қатынаста қорғаныс, әскери істер саласындағы ынтымақтастықты іске асыруға да назар аударылды. Атап айтқанда: «Түрік Республикасы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған мерзімнен бергі әскери салада және өзінің қарулы күштерін құрудағы белсенді ынтымақтастық орнатқан алыс шетел мемлекеттерінің біріншісі болып табылады. Содан бері біздің елдер қорғаныс саласындағы ынтымақтастықта көптеген алға басушылыққа жетісті.

Мысалы, техника, әскери ынтымақтастық бағытындағы   келісім мен ықпалдастық, қорғаныс саласы   өнімдерін ортақтаса дайындау және сыннан өткізу, солармен бірге бірлесіп жабдықтау мен жетілдірілген қорғаныс құралдарын бірыңғай пайдалану іске асырылып келеді»[4].

1990 жылдардың ортасына дейін-ақ мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстың негізі тұрақты түрде қаланып, оның көлемі жыл өткен сайын ауқымданга түсті. Мысалы: «Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыс жүйелі түрде дамып келеді. Қазірдің өзінде түрік фирмалары Қазақстанда 2000 жылы 5 млд долларға жетуге тиісті 1,5 млд АҚШ долларының құрылыс жұмыстарын атқаруда.

Бүгінгі уақытта Қазақстанда 30 дан артық түрік фирмалары аккредитациядан өткен, 90-нан артық Қазақстан-түрік бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Барлық жерлерде түрік бизнесі кездеседі» [5],-деген ресми мағлұматтан бұл істің тұрақтылығы мен дамуының көлемін білуге болады..

Аталған уақытта Қазақстан мен Түркия арасында қос мемлекетті мекен етіп отырған қазақ және түркі диаспораларымен арадағы жүргізілетін қызметтің түрлері айқындалып, нақты шаралар іске асырыла бастады. ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы ресми дерек бойынша: «... Түркиядағы қазақтардың саны – 20 мыңнан аспайды»[6]. Өзара ұғыныстықты жағдайдағы бірлесіп атқарылған қызметтің барысында нәтижесінде Қазақстан Республикасының Түркиядағы қазақ диаспорасымен арадағы қатынас нәтижелі істермен ерекшеленіп келеді. Қазақстандағы түрік диаспорасымен арадағы мемлекеттераралық қызметке де осындай баға беруге болады.

Ұзақ уақыт басқаның билеуінде болып, тәуелділіктің зардаптарын басынан барынша өткізген Қазақстан үшін жаңа жағдайдағы мемлекеттермен арадағы қатынас қызметінде өзара теңдік, толық еркіндік талаптарын іске асыру алғашқы күннен-ақ басты міндет етіп қойылды. Осы талап Ел Президентінің сыртқы саясатты жүргізу қызметінің бұлжымас негізіне айналды. Бұл айтылғандарға белгілі қырғыз саясаткері Ж.Сааданбековтың:«Түркі мемлекеттердің бірінші Стамбул саммитінде Назарбаев түріктер дайындаған “Орталық Азия мемлекеттері жалпы тарихи тамырластық, тілдік және мәдени ортақ туыстық, біртұтас қауым негізінде Түркияның айналасына бірігуге бағыт алу туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоюдан бас тартты. Себебі бұл заңды қадам еді, өткені Назарбаев әрқашан да шындық жағында болатын, солай болып та қала беретін прагматик еді. Оның болжамдарының дұрыстығы белгілі болатын. Қазақстан қалыптасқан тарихи жағдайлар негізінде қазіргі заманғы мемлекетке айналды. (Себебі,-Ғ.Қ.) ... Қазір ғана іске асырылған тәуелсіздікті бастамай отыра нақты тең жағдайдағы пікірлестер ретінде үзілген байланыстарды өркениетті тұрғыда қалпына келтіру керек еді» [7],- деген мысалы айғақ болатындығы белгілі.

Түркия Елімен қатар, Қазақстан Республикасының «сыртқы саясатының дамуы кезінде Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан ... мемлекеттерімен арадағы қатынаста елеулі тұрғыдағы алға басулар іске асырылды» [2.23] Cебебі,жоғарыда аталып кеткеніндей, бұл азиялық дамыған елдермен арадағы қатынасты жолға қоюдың қажеттігі айқын еді. Міне сондықтан да тәуелсіздіктің бастапқы мерзімінде Жапониямен арадағы екі жақты қатынастың да негізі салынды. Өйткені Азияның қиырдағы мемлекеті Жапония да Қазақстан егемендігін алған күннен онымен әр жақты байланыс орнатуға ықыластық танытты.       

“... Мен Күншығыс еліне,-деп жазады Н.Ә.Назарбаев,- 1994 жылдың сәуірінде ресми сапарға аттандым. Алдыма бірнеше мақсаттар қойдым. Азияның өн бойына тарап жатқан жапон тауары тасқынына Қазақстанда өндіріс-экономикалық алаңдар жасақтау жайында келіскім келді. Қазақстан-жапон капиталының Орталық Азияға енер тиянақ аймағына айналса, тіптен құба-құп болар еді. Олай дәметуімізге барлық дәлелдің бәрі бар. Шикізат көзі жеткілікті. Тиісті заңдар қабылданды. Халқымыздың білім деңгейі де биік. Жерге меншіліктілік мәселесін шешіп, шетел компаниялары қызметіне қосымша кепілдіктер берсек,   Қазақстан Жапонияның ТМД елдері мен Батыс, Қытай, Иран, Түркия базарларына ене алатын бірден –бір плацдармына айналар еді. Мен бірлескен комиссия құрып, осы мәселелерді талқылауды ұсындым. Келіссөз барысында Батыс Қазақстан - Құмкөл мұнай құбырын, Орта Азия-Қазақстан –ҚХР-Жапония газ құбырын тарту мәселесі де қаралды”[8].

Осындай жағдайдағы іске асырылған екі жақты келісімдердің нәтижесінде: бұл күндері “Қазақстан мен Жапония арасындағы екі жақты, соның ішінде саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық белсенді тұрғыда дамуымен ерекшеленеді. Осылардың қатарында Жапония біздің еліміздің ең ірі жабдықтаушысы болып табылады.

... Жапонияның Қазақстанмен арадағы қатынасында негізгі орын экономикалық салаларға бөлінеді. Аталған мәселеге назар аудара отыра Қазақстанның негізгі міндеті жапон инвесторларын тартуға арналып отыр. Бұлармен бірге Жапония біздің елімізге ірі қаржылай көмек жасаушы елге айналды. Жапонияның Қазақстанмен арадағы қатынасын тереңдетудегі негізгі орын экономикалық бағытқа беріледі. Аталған жағдайды еске ала отыра Қазақстанның негізгі міндеті ірі Жапония инвестициясын тарту болып табылады. Басқа салаларда, солардың қатарында ғылым мен техникалық ынтымақтастықты жеделдету, жер сілкінісін болжау, қоршаған ортаны қорғау, ғарышты бейбіт мақсатқа пайдалану, Арал мәселесін шешу, т.б. бар » [9].

Нақтылай келгенде «Жапонияның “Ресми даму көмегі” тарапынан Қазақстанға бірқатар қаржы бөлінді. Мысалы, 1996 жылы “Достық” теміржол стансасын қайтадан жаңартуға 72,36 млн. және 1997 жылы Семейдегі Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салу үшін Қазақстанға 215 млн. АҚШ долларын бөлу туралы келісімге қол қойылды.  

Жапония Қазақстанға транспорт құралдарын (импорттың 28%), электр құрал-жабдықтары және тұрмыстық техниканы (17%), солармен қатар металдан жасалған бұйымдарды (30%) шығарушы болып табылады.

Біздің елдер арасындағы экономикалық байланыстардың дамуының куәсіне ірі жапон серіктестіктері “Мицубиси”, “Мицуи”, “Сумитомо”, “Иточу”, “Чори”, “Ничимен”, “Ниссе Иваи” және тағы басқалары қазақстанда берік орналасып, біздің елдегі экономикалық істердің дамуына белсенді қатысып отырғандықтары жатады.

Ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастық дами түсуде. Біздің еліміздің ДНЯО-ға (Ядролық қаруды таратпау туралы келісім) қосылуына орай 1994 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы мен Жапония арасында Қазақстандағы жекелеген ядролық қару түрлерін жоюға арналған Келісімге және ядролық материалдарға есептеу мен бақылауға арналған Мемлекеттік жүйені негіздеу туралы Келісімге қол қойылды»[2.197-198]

Қазақстанның ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басындағы келесі ықпалдастығы Оңтүстік Корея Республикасымен арада жүзеге асырыла бастады.        “Корея Республикасымен арадағы екі жақты қатынастағы басты оқиға Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы өзара қатынас пен ынтымақтастың негізгі бағыттарына арналған Декларацияға, Қазақстан Республикасы және Корея Республикасы үкіметтері арасындағы ғылыми-технологиялық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1995 жылдың мамырындағы Сеулге ресми сапары болды.

1996 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы және Корея Республикасы үкіметтерінің арасында инвестицияларды қолдау және бірлесе қорғау туралы Келісім бекітілді.

...Қазақстанның Корея Республикасымен арадағы сауда айналымы 1996 жылдың жеті айында 153405,3 мың АҚШ долларын құрады, ...оның ішінде экспорт-124105,4 мың доллар, импорт-2919969 мың доллар.

Қазақстан-Оңтүстік Корея үкіметтер аралық сауда-экономикалық және ғылыми – техникалық ынтымақтастық комиссия құрылды»... Қазақстан өндіріс орындарымен бірқатар бірлескен экономикалық жобалар жасау бастау алды” [10].

Екі мемлекет арасындағы экономикалық, сауда, тағы да басқа бағыттардағы қатынастардың барысы туралы ресейлік ресми деректерде:«Азияның белді мемлекеті “Оңтүстік Корея үшін Қазақстандағы басымдылық бірлескен кәсіпорындар негіздеу мен көлемі қазіргі күнгі 100 млн. доллардан кем болып отырған сауданы дамыту болып табылады. ҚР үкіметі Оңтүстік Кореялық капиталды республикаға салуды белсенді тұрғыда шақырып келе жатқандығын атап өту керек» [11],-деп жазылған.

Міне осылай, мемлекет егемендігінің алғашқы мерзімінен бастап Қазақстан тарапынан “Жапония мен Оңтүстік Кореяға қаржылық және технологиялық көмек алу мақсатындағы үлкен үміт арттырылып келеді”[12]. Ал оның нәтижелері екі жақты тиімділіктер негізінде әр жыл сайын неғұрлым жүйелі тұрғыда орындалуларымен ерекшеленді.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан Қазақстанның Орталық Азияның үлкен елі Үндістанмен арадағы қатынасы да өзара тиімді сипат шеңберінде дамыды. Себебі: “Үнді Республикасы Оңтүстік Азия және бүкіл әлемдік жағдайға нақты ықпал ететін ірі аймақтық мемлекет, Қосылмау қозғалысының танымал жетекшілерінің бірі, әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесі болып табылады.

Екі жақты қатынастың бастамасын Президент Н.Назарбаевтың 1992 жылдың ақпанындағы Үндістанға жасаған ресми сапары негіздеді. Қазақстан Республикасы және Үнді Республикасы арасындағы мемлекетаралық қатынастың негізгі талаптары мен бағыттары туралы Декларация, Дипломатиялық қатынастар орнату туралы Хаттама, Сауда-экономикалық, ғылым және технология, мәдениет, өнер, білім, бұқаралық ақпарат және спорт салаларындағы қатынастар саласындағы мемлекеттераралық Келісімдерге қол қойылды.

Үнді жағы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шараларына арналған Кеңес (АӨСШК) шақыру туралы бастамасын қолдайды және оның отырыстарына үзбей қатысып келеді”[13].

ХХ ғасырдың 90-шы жылдары шеңберіндегі көпбағытты Қазақстан-Үнді қатынастарының деңгейін: «Қазіргі күні Қазақстанда 6 үнділік фирмалар мен серіктестіктер жұмыс істейді, 9 бірлескен кәсіпорындар тіркелген. 1995 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 14,6 млн. долларды құрады. 1996 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы сауда айналымы 15 млн, 085,4 мың долларды көрсетті, оның ішінде экспорт 747,5 мың доллар, импорт 14 млн,337,9 мың долл. Экспорттың негізгі түрлері тері өнімдері, қара металл. Импорт түрлері: астық өнімдері, өңделген көкөніс өнімдері, органикалық химиялық құрылымдар, фармацевтикалық өнімдер, эфир майы, сабын және жуыну тауарлары, қағаз жәе картон, техникалық мүліктер, механикалық жабдықтар.

1993-1996 жж. Қазақстанда Үндістанның бірқатар ірі сауда өкілдері болды. Үнді тауарларының көрмесі Алматыда 1995 жылдың желтоқсанында ұйымдастырылды. 1996 жылдың қазанында Қазақстан және Үнді тауарлары өндірістік палаталарының белсенділіктерімен үнді тауарлары мен технологиясының ірі көрмесі өткізілді.

... Мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды оқиға-Үндістанда Абай мен Жамбылдың 150 жылдығын тойлау, хинди тілінде Абайдың өлеңдер жинағын шығару, ал Қазақстанда оның мерей тойына байланысты Алматыда 1995 жылдың қазанында пошта маркасы шығарылған Махматма Гандидің 125 жылдығын атап өту болды»[14].

Тәуелсіздіктің алғашқы мерзімінен Қазақстанның Израиль мемлекетімен арадағы қатынас та жоспарлы негізде дами бастады. Қазақстан жағы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Ғылым, медицинаны дамыту, жоғары технология мәселелеріне басты назар аударылды. Солармен бірге мұнай-газ өндірісіндегі ынтымақтастықты дамыту да жоспарға енді. Осындай мақсатты іске асыру жолындағы: «1995 жылдың желтоқсан айындағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Израильге барған ресми сапарындағы мемлекет басшылары, іскер топтары жетекшілерімен өткізілген кездесуде:“     Қазақстан территориясының көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы орынды алады. Мұнайдың, көмірдің, темір, хром, марганец кендері, көптеген түсті металлдар мен фосфаттардың қоры бойынша жан басына шаққанда әлемдік орта көрсеткіштен едәуір артықпыз.

Республика ірі астық және мал өнімдерін өндіруші болып табылады, қолайлы жылдары сыртқа астық шығару 10 миллион тоннаға жетеді.

... Бізде жыл сайын 20 миллион тонна мұнай өндіріледі. Оның барланған қоры екі миллиард тоннаны құрайды, ал газдың қоры -2 триллион шаршы метр. Оларды барлау мен игеру елеулі тұрғыда біздің мемлекетіміздің экономикалық және экспороттық қуатымен байланысты.

     Қазіргі күні оларды игеруге көтеген әлемдік іріі мұнай серіктестіктері нақты қызығушылық танытуда. Қазақстанда: Шеврон, Мобил, Бритиш газ, Бритиш петролеум, Аджип,Эльф –Акитен және басқалалары қазірдің өзінде жұмыс істеп отыр.

      Жетекші саланың қатарында түсті металлургия болып табылады. Республиканың өнеркәсіп өнімін шығарудағы оның үлес салмағы 11,6 пайыз, ал сыртқа шығаруда-35 пайыз.

      ... Химия және мұнай химиясы өндірісі саласында 40- артық өндіріс орны жұмыс істейді.

        ... машина жасау өндірісінің өнімдері республиканың жалпы өнеркәсіп өнімінің 8 пайызға жуығын құрайды және де 380 өндіріс орнына шоғырландырылған”.- [15],-деген мәлімдеме жасалынып, Қазақстан экономкасының әр бағыттарының даму қарқыны баяндалды. Көптеген екі жақты келісімдерге қол қойылды. Израиль үкіметі тарапынан Қазақстанның нарық қатынастарына ену жолындағы қызметі жоғары бағаланды. Бірлесіп атарылар жұмыстардың жоспары бекітілді. Бұлармен бірге Қазақстан басшылығының әлемдегі соғыс ошақтарын реттеу, ядролық қаруды таратпау, сынақ алаңдарының жұмысын тоқтау бағытындағы бастамаларына толық қолдау білдірілді.

        ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан Қазақстан Республикасының Монғолия елімен арадағы көпсалалы ынтымақтастығының негізі жасалынып, оның ауқымы жыл өткен сайын кеңейе түсті. Тарихи тамырлас қазақ және монғол халықтарының арасындағы жаңа кезеңдегі байланысты негіздеуге екі мемлекет те мүдделі болды. «Негізінен алғанда, Қазақстан –Монғол қатынасы белсенділігімен ерекшеленеді. Екі жақтың арасында 30-ға жуық уағдаластықтар мен келісімдерге қол қойылған. Оның жартысынан астамы экономикалық бағыт болып табылады» [16].

   Экономикалық, сауда қатынастарын реттеу, тағы да басқа бағыттардағы ықпалдастықпен қатар тарихтың әр түрлі кезеңдерінде қалыптасқан жағдайларға байланысты қоныс аударып, бұл күндері Монғолия жерін мекен етіп отырған көпсанды қазақ тұрғындарымен арадағы әрбағытты қатынас орнату да біздің мемлекет үшін маңызға айналды. Осы айтылғандардың қатарында тарихи отанына қайтуға тілек білдіргендерді Қазақстанға көшіру, оларды орналастыру ісін бірлесіп шешу де күн тәртібіне қойылды.

         Ел егемендігінің алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстан жағынан көптеген нақты шаралар қолданылып, Монғолияда тұрып жатқан көптеген қазақ жанұялары тарихи отандарына қайта бастағандығы белгілі. Тарихи отандарына оралғысы келетін барлық елдердегі орналасқан қазақтардың тілектерін орындау, бұл істің халықаралық құқықтық дәрежесін айқындау жолында жаңа заңдық ережелер қабылданып, бағдарламалар бекітілді.    Мысалы, 1996 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №3308 жарлығымен “Шетелдерде тұратын отандастарды қолдаудың Бағдарламасы” бекітілді. Онда: “Аталған елдердегі диаспоралардың мәдени және әлеуметтік, экономикалық өркендеу деңгейі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Қазақ диаспорасын кешенді зерттеу және шешу, ғылыми зерттеулер мен практикалық шаралардың бірлігі жән өзара байланысына да жете мән берілмей отыр.

     Шетелдегі отандастармен жұмысты жан-жақты жетілдіру оны ұдайы және мақсатты мемлекеттік қолдау жағдайында ғана жүзеге асыру мүмкін болады. Қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени, білім алу сұраныстарын барынша қанағаттандыруды қамтамасыз ететін, тарихи отанына   қайта оралғылары келетіндерге мүмкіндік туғызатын ойластырылған шаралардың жүйесін жасау қажет”[17]-деп көрсетілді.

       Мемлекеттік Бағдарлама қабылданысымен оны жүзеге асыру мақсатты істер атқарыла бастады. Мұндай жұмыстардың қатарында Қазақстанға тұрақты негізде қоныс аударуға тілек білдіргендердің сандарының молдығына орай Монғолия Республикасымен арадағы көші-қон құбылысын реттеуге жаңа серпін берілді. Осы мазмұндағы үкіметтік ресми есепте: “Тұрғындарды еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау Министрлігінің СІМ, тағы да басқа тиісті ведомостволармен бірлескен Қазақстан Республикасы және Монғолия арасында Монғолияның азаматтығынан шығудың жеңілдетілген Келісімнің жобасы жасалынды.

      ... Ресей жағына Монғолиядан Қазақстанға Ресей территориясы арқылы қоныс аударушыларды салықсыз өткізуге арналған келісімнің жобасы жасалынып, таныстырылуы іске асырылды” [18],-делініп, екі мемлекет арасындағы көші-қон құбылысын реттеудегі орын алып отырған мәселелерді шешудің тиімді жолдары қарастырылды. Нәтижесінде осы мерзімнен Монғолиядағы тарихи отандастармен жан-жақты байланыстың көлемі арттырылды. Ата-мекендеріне қоныс аударғысы келетіндерге құқықтық, материалдық жағдай жасаудың түрлері молайды. Оларды Қазақстанның әр аймақтарына, облыстарына орналастырудың жоспарлары белгіленді. Орналастыру квоталарының саны арттырылып, нәтижелілігімен айқындала бастады. Мысалы, Қазақстан Республикасы бойынша 1990 жылдардың екінші жартысындағы Монғолиядағы тілек білдірген қазақ тұрғындарын туған елге қайтарудың мемлекеттік жоспары бойынша“Ақмола облысына 1996 жылға 150 жанұяның келуіне квота берілді. Олардың ішіндегі 89 жанұя өздерінің туыстарына қосылуды мақсат етіп, өтініштері орындалды. ... Барлығы   аталған квотадағы 89 жанұяның 72 жанұясы келді.   Монғолиядан квотамен келген қоныс аударушылардың түгелге жуығы үймен қамтамасыз етілді. Атбасар, Краснознаменск Целиноград аудандарында отбасылары жұмыспен қамтамасыз етілді” [19].

    Тарихи мекендеріне еріктерімен біржолата қайтып келген   отандастардың   Ақмола облысы өңірлеріне орналасуларының 1992-1996 жылдар аралығындағы анықтамалығы төмендегідей болды. Олар атап айтқанда: “Монғолиядан: Алексеевск ауданына 113 мүшесі бар 18 жанұя;Атбасар ауданына 1304 адамы бар 255 жанұя, Ерментау ауданына Монғолиядан 1627 адамы бар 307 жанұя,   Селетинский ауданына1257 адамы бар 243 жанұя,    Шортанды ауданына 694 адамы бар 146 жанұя орналасты.

     Облыс бойынша барлығы Монғолиядан 7470 адамы бар 1457 жанұя, келіп, орналасты ”[20]. Шетелдердегі, соның ішінде олар молынан орналасқан Ресей Федерациясы, Қытай, Монғолия, Иран, Ауғаныстан елдеріндегі ерік білдірген қазақтарды, Қазақстан Республикасына қайтару ісі аталған мемлекеттермен арадағы екі жақты келісімдер негізінде одан ары жалғастырылып келеді.

      Қазақстан Республикасының алыс шетелдермен арадағы ынтымақтастыққа оның аймақтары, облыстары мен аудандары да тартылған. Бұл байланыстардың негізі осы елдердің өңірлерімен арадағы экономикалық, сауда, туризм, мәдени, спорт, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастықтардан тұрады.   Атап айтқанда, бұл мерзімде   «Еліміздің Оңтүстік өңірінің экономикалық, мәдени, әлеуметтік дамуын тұрақты жолға қою мақсатындағы сыртқы қарым-қатынастары өзінің ауқымының кеңдігімен ерекшеленді. Мысалы,   Оңтүстік Қазақстан облысындағы: “Сыртқы сауда айналымының жағрафиясы өте кең және де облыс дүниежүзінің 70-тен аса елдерімен қарым-қатынас жасайды.  

    2002 жылдың алты айында облыстың жалпы сыртқы сауда айналымы 147 млн. АҚШ долларын құрап, оның 92 миллион доллары тоқыма өнеркәсібінің өнімдері, химиялық өндірісі, асыл емес металлдар және тері, былғары өнімдерінен құралатын эксперт иелігіне тиді.

      ... Түркия, Корея ... және Жапония компаниялары машина құрал-жабдықтары мен бөлшектерін, пластмасса, резина бұйымдарын, сондай-ақ каучукты жеткізумен айналысады.

      ... Бүгінгі таңда облыста 9415 адамды қамтитын 73 бірлескен және дербес шетелдік кәсіпорын өз қызметтерін жүзеге асыруда.   Аралас кәсіпорындардың жалпы жарғылық қоры 3,9 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде шетелдік құрылтайшылар еншісінде -68,6 пайыз. Бұл кәсіпорындардың негізгі капиталға қосқан инвестициялар сомасы 755 млн теңгеге жетті. Кәсіпорындар мұнай өнімдерін, цемент, дәрі-дәрмек, киім, жиһаз, темекі, тоқыма бұйымдары, шай өнімдерін өңдеумен өңдеумен және жылжымайтын мүлік саласында қызмет көрсетеді.

        ... Бірлескен және шетел кәсіпорындарының негізгі бөлігі Шымкент қаласында орналасқан. Түркия, Араб Эмираттары ... серіктестерінің қатысуымен құрылған кәсіпорындар тамақ, химия өнеркәсібі өнімдерін, құрылыс материалдарын, машина құрал-жабдықтарын сатумен айналысады. Олардың ішіндегі ірілері –бірлескен “Кока Кола Алматы ботлерс” және “Ирма-2” кәсіпорындары.

... Ерекше санатқа Түркиядан жеткізілген қосалқы бөлшектерді қолдана отырып, пластик, алюминий бұйымдарын шығаратын “Шымкент-Профиль” және “Гюнель Лтд Пвс” кәсіпорындарын жатқызуға болады. 2002 жылдың 6 айында аталмыш кәсіпорындар 75 млн. теңгенің өнімін өндіріп шығарды. Құрылғаннан бері 28 млн. теңгеден аса шетел инвестициясын “Шара-Бара” газетін шығаруға жұмсаған   “Азия Насиб” ЖШС-і баспа қызметін көрсетеді.” [21].

    ХХ ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігі тарапынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Монғолия, Қытай, Иран, т.б. елдерден тарихи отандарына оралушыларды орналастыру, жұмыспен қамтамасыз ету қызметтері іске асырыла бастады. Осы тұрғыдағы мұрағат құжаттарында көрсетілгеніндей, Шығыс Қазақстан облыстық “Миграция және демография басқармасы тарапынан жүргізілген есеп бойынша 1998 жылдың 1 қыркүйегіне облыста 15340 адамды құрайтын 1074 жанұя оралмандар тұрған.

         ... Қазақстан Республикасы Президентінің “Оралмандарға квота беру” туралы жарлығын іске асыру мақсатында оралмандарды қабылдау және орналастыруға облыстың 1998 жылғы бюджетінде 61,5 млн теңге қарастырылған.

        ... Осы жылдың (1998 жылдың,-Ғ.Қ.) басынан оралмандар жанұясы үшін 2050,0 мың теңгеге 21 тұрғын үй алынды, тағы да 22 үй іріктелініп, қаржысын төлеу жұмыстары аяқталды ”[22.2]- деген деректер келтірілген. Ал бұл оралмандардың басым бөлегі Монғолиядан қайтқан қазақ жанұялары болды.

          

        

        Осылармен бірге Шығыс Қазақстан облысының түркиялық және кореялық кәсіпорындар, іскер топтары өкілдерімен арадаы байланыс нығая түсті. Атап айтқанда: «Түрік Республикасының елшілігі және DEDEMAN қонақ үйлері бірлестігінің ресми өкілдері Өскемен қаласында «Қонақ үй бизнесінің басқарушыларына арналған тренингтер өткізу» жобасын дайындап, оны қорытындысы мен ұсыныстары Түрік Республикасы, Анталия, Белек қаласына жіберілді”»[22.5].

      2014 жылдың 3 қарашасында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Корея Республикасының «POSCO e&c» компаниясы төрағаларымен кездесуі іске асырылды. Оның барысында Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік жеке серіктестік негізіндегі концессиялық инвестициялық жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

         Өскемен қаласында 300 адамға арналған көп салалы емхананың құрылысы, «Бұқтырма су қоймасы» арқылы құны 230 млн. АҚШ доллары болатын көпір құрылысын бастау ісі қаралды.

         Көпірдің құрылысына бөлінген қаражат 20,8 млрд, көп салалы аурухана бағасы 14,4 млрд теңгені құрады”[22.6].

       Атқарылған осындай істермен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігі денсаулық сақтау бағытындағы шетел медицина орталықтарымен болашақта атқарылатын келісім-шарттар жасауды да қолға алып отыр. Мысалы: “1.Корея Республикасының Кангвон провинциясы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында 2014 жылдың 19 наурызында қол қойылған келісім-шарт шешімдеріне орай халықаралық қауымдастық бойынша Корея агенттігі мен Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының зерттеушілік топтары арасында2014-2016 жылдар көлеміндегі «Шығыс Қазақстандағы жедел медициналық көмек жүйесін нығайту» жобасын іске асыруға арналған меморандумға қол қойылды.

Жобаның мақсаты - Шығыс Қазақстандағы жедел медициналық көмек жүйесін нығайту, Корея Республикасы мамандарымен білімдік және іскерлік бағытындағы тәжірибелер алмасу, Шығыс Қазақстанның медициналық қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курстарын өткізу, шұғыл медициналық көмек саласындағы қызметтің мүмкіндіктерін арттыруды қамтамасыз ету болып табылады.

     2. «Өскемен қаласындағы 300 орынға арналған қалалық көп бейінді емхананың құрылысы мен оны пайдалану» жобасы жасалынып, бекітілді

Жобаның жалпы сомасы – 14,4 млрд. теңгеге бағаланды ”[22.7].

     Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығындағы сыртқы саясатындағы жоғарыдағы аталған экономикалары дамыған, әлемдік қауымдастықтағы өзіндік орындары бар мемлекеттермен арадағы әр жақты қатынасты жолға қоюы өзінің осындай нақты нәтижелілігімен ерекшеленді.

   - Аталған мемлекеттермен арадағы байланыс өзара теңдік және ынтымақтастық деңгейінде жүзеге асырылды. Қазақстанда бұл мемлекеттердің іскер топтары, қаржы және өндіріс саласы өкілдерімен жүргізілген уағдаластықтардың барысында көптеген бірлескен кәсіпорындар салынып, тиімді жұмыстар атқарылды.

    - Республикамыздың өндіріс салаларына инвестициялар тартылып, қаржылай көмектер жасалынды. Қазақстанның ауыр, жеңіл өнеркәсіп, сауда, қаржы, т.б салалар мамандарының бұл елдерде болып, тәжірибелер алмасу іске асырылды.

     - Білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет бағыттарындағы ынтымақтастықтың тұрақтылығы қамтамасыз етілді.

     - Аталған елдермен арадағы көпбағытты ынтымақтастыққа Қазақстанның көптеген аймақтары тартылып, атқарылған істер екіжақты оңды нәтижесін берді, мұндай аймақтық ынтымақтастықы одан ары жалғастырудың тиімділігі мен қажеттігі дәлелденді.

     - Бұл мемлекеттер мұндай өзара теңдік және түсіністік талаптары негізінде жүзеге асырылған нақты шаралар қорытындысында Қазақстанды сенімді серіктестік ретінде бағалады.

     Осындай өзара іскерлік тұрғысындағы нәтижелілігімен ерекшеленген ынтымақтастық шаралары ХХ ғасырдың басынан одан ары жалғасын тапты бастады.

     Атқарылған нақты істер Қазақстанның экономикасы, мемлекеттік дамудың тағы да басқа бағыттарының әлемдік бейбіт жағдайдағы ынтымақтастық, нарық қатынастары талаптарына енуіне өзіндік ықпал етті. Ал мұның өзі біздің мемлекеттің осы дәуірдегі сыртқы саясатының дұрыстығы мен нәтижелілігін айқындады.

 

                                    ӘДЕБИЕТТЕР                              

1. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись1, папка 1, іс3, л.20

2.Актуальные проблемы внешней политики Казахстана. Сборник статей. МИД Республики Казахстан, Москва “Русский Раритет”, 1998, С.415

3.Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017,93-94 бб

4. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3412, лл.73,74

5.Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 4, папка 14, дело 13, п. 63

6. Архив Президента РК, Фонд 210, опись 1, дело 23, лл.1-2, 3,5,6,29

7.Сааданбеков Ж. Нурсултан Назарбаев: Законы лидерства, Күлтегін, Астана, 2005, сс.491-492

8. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында, Алматы, 1996.- 243-244 бб.

9.Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3265, л.12

10. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3265, лл.13-14,72

11.Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 1, папка 1, дело 5, л.14

12.Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 1, папка, дело 3.л.8

13. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3265, л.72

14 Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3265, лл.13-14

15. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 5056, лл. 8,9

16.Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3265, л.15

17 Архив Президента РК, Фонд 5-Н,опись 6, дело 1108, лл.1-2

18. Архив Президента РК, Фонд 5-Н,опись 6, дело 1108, лл.20-21

19. Гос. Архив Акмолинской области, Фонд 1290, опись 2, дело 89, л.1

20. Гос. Архив Акмолинской области, Фонд 1290, опись 2, дело 89, л.7

21. Гос. Архив Южно-Казахстанской области, Фонд 897, опись1, дело 499, лл. 89, 91-92,93

22. Информация Управлении туризма и внешних связей ВКО, г.Усть-Каменогорск, 6.12.2014

 

Ғани Қарасаев, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор