Түркология тарланы
28.06.2020 4712

Атақты неміс ғалымы Вильгельм Радлов (5.1.1837-12.05.1918) Берлин қаласында запастағы офицер жанұясында дүниеге келген. 1854 жылы гимназияны бітірген бойда Берлин университетінің философия факультетінде оқуға түседі. Тумысынан талантты жігіт көп ұзамай көзге түсіп, Ф.Бопп, А.Потт, Х.Штейнтел, К.Риттер, В.Шот сынды Берлин университетінің атақты ғалымдарының шәкірті атанады. Осы ғалымдардың айтуымен Вильгельм тіл білімі ғылымына бет бұрады.

Әсіресе, атақты шығыстанушы В.Шоттың ықпалы зор болды. Университет қабырғасында жүріп ол Шоттан моңғол, манчжур, татар, қытай тілдерін оқып үйренеді. 1858 жылы Санкт-Петербургке келіп, Азиялықтар мұражайында жұмыс жасап, СПб университетіне емтихан тапсырып, гимназия ұстазы деген дәрежеге қол жеткізеді. 1859 жылдан бастап 12 жыл бойы Оңтүстік Сібірдегі Алтай өлкесінде үздіксіз ғылыммен айналысқан.

Белгілі тарихшы, турколог Қаржаубай Сартқожаұлының жазуынша, В.В.Радловтың ғылыми және ағартушылық өмірі үш кезеңнен тұрады.

«Соның біріншісі яғни 1859 – 1871 жылдары аралығындағы ғылымға алғаш бет бұрған Алтай кезеңі. Алтай кезеңіндегі () ғылыми қызметі, - өзін-өзі дайындап, түркі тілдерін меңгеру. Батыс, Оңтүстік Сібір және Орта Азиядағы түрік халықтарының тіл, әдебиет, тарих, этнография, археологиясына байланысты ғылыми материалдарды жинау, оны ғылыми айналымға енгізу жұмысымен шұғылданды. 1860 жылы жазда алтайлықтардың, 1862 жылы Шығыс Қазақстанда, 1863 жылы Хакасияда, 1868-1869 жылдары Жетісу қазақтарында болып, аса бай мұраларды жинап, Ресейдің Ғылым академиясына үлкен олжа салды. Бұл кезеңде В.В.Радлов 22 еңбегін неміс, француз, орыс тілдерінде жариялады. Соның ішінде ең сүбелі де атақты еңбегі - «Түркі халықтарының ауыз әдебиет нұсқалары» көптомдығының еңбектің І томы (1866 жылы) алтай, тeлeут, қара тотыр, шор тілдерінің ерекшеліктерін, ІІ томы (1868 жылы) абакан, қызыл, чулым түркілерінің тілдік ерекшеліктеріне, ІІ томы (1870 жылы) қазақ тілінің ерекшеліктеріне арналды», - дейді Қаржаубай ағамыз. 

Ал 1871-1884 жылдар аралығын қамтыған екінші ғылыми ізденіс жолын Қазан кезеңі деп есептейді. 

Зерттеушінің айтуынша, Қазан кезеңінде В.В.Радлов әкімшілік және педагогикалық қызметімен көзге түскен. 1872 жылы Қазан білім беру округінің татар, башқұрт және қазақ мектептерінің инспектрі кызметіне тағайындалды. «Қазан кезеңі В.В.Радлов үшін тым өнімді болмаған. Бұл жылдары Радлов «Түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасы», «Кумандар тілі туралы», «Түркі тайпаларының әдебиет нұсқалары» (ІV томы) секілді бірнеше еңбек жазып жариялаумен шектелген. Кейін Батыс Сібірдің энциклопедиясы деп атанған «Aus Sibirien» еңбегін (1883) ұсынды.

Үшіншісі Петербург кезеңі. «В.В.Радловтың 1884 – 1918 жылдарын қамтыған бұл кезеңі Ресей ғылымына орасан мол олжа салған жылдар болды», - дейді Қаржаубай Сартқожаұлы. 1884 жылы Ресей Ғылым академиясына академик болып сайланады. Сосын Санкт-Петербургке ауысып, Ресейдің Антропология және этнография мұражай директорлығына тағайындалған. 

Қ. Сартқожалұның айтуынша, бұл кезеңде В.В.Радлов жалпы ғылымға бас-аяғы 118 сүбелі еңбек ұсынған екен. Соның ішінде «Түркі тайпаларының әдебиет нұсқалары» көптомдығының V, VI, VII, VIII, IX, X томдарын шығарды. Түркі халықтарының ауыз әдебиеті мен тілдерін зерттеудегі бұл 10 томдық еңбектің құндылығына баға жетпейді. Сонымен қатар «Опыт словаря тюркских наречий» 10 томдық еңбегі сияқты түркі халықтарының қайталанбас құндылықтары, төрт том «Орхон ескерткіштерінің Атласы», үш том «Die alttürkischen inschriften der Mongolei» (1894 – 1895), ХІ ғасырдың жәдігері «Құтадғу білік» (1893) сияқты түркология ғылымының классикалық еңбектерін әлем түркологиясының алтын қорына қосқан.

«В.В.Радлов түркітану ғылымының әр саласында өнімді еңбек етті. Ғылымға көптеген жаңалықтар әкелді. Соның ішінде тіл білімі саласындағы еңбектері де ұшан-теңіз. Ресей түркологиясының белді де белсенді өкілдерінің бірі В.В.Радловтың өмірі оқу, үйрену, іздену үстінде өтті. Ол 1872 жылы Қазан университетінде әлем тіл теориясының белгілі ғұламасы И.А.Бодуэн де Куртенэмен танысып, жақын жұмыс жасап, оның «Қазан үйірмесінің» белсенді шәкірттерінің бірі болды. Қазан кезеңінде атақты Н.В.Крушевский, В.А.Богородоцкий, С.К.Буличтермен етене жақын болып, үлкен білім, білікті тәжірибесін алды. И.А.Бодуэн де Куртенэ фонологияның немесе «фонем теориясының» негізін қалаған ғалым. Оның теориясы бойынша дыбыс альтернациясы – дыбыс алмасу сөздің морфологиялық өзгерісі мен мағыналарының, түрлерінің (семасиологиялык) өзгеруіне тығыз байланысты деген ғылыми тұжырымын дамытып, тереңдей зерттеп зерделеген еді», - деп жазады Қ. Сартқожаұлы.

Енді осы турколог Қаржаубай Қ. Сартқожаұлының Вильгельм Радлов туралы толғаныстарынан үзінді келтіре отырайық: 

В.В.Радлов кейін ұстазы И.А.Бодуэн де Куртенэнің осы идеясын ұстанып, «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. Фонетика» еңбегін өмірге әкелген. Еңбек баспа бетін көрмей тұрып қолжазба күйінде И.А.Бодуэн де Куртенэнің қолына түседі. Еңбекке разы болған ұстаз И.А.Бодуэн де Куртенэ: «Знаменитый лингвист и один из лучших знатоков туранских языков, В.В.Радлов сообщил мне весьма интересные... данные из исследованных им наречий тюркских племен Южной Сибири и Дзунгарской степи. Сообщения В.В.Радлова я заимствую частью из его рукописи - грамматического очерка названных наречий, - частью же из разговоров с ним» (Резья и резьяне, - «Славянский сборник» ІІІ, СПб, 1876, 326-б.) деп мәлімдеме жасаған.
В.В.Радлов бұл еңбегін әйгілі түрколог лингвист О.Бетлингінің еңбегінің жалғасы деп көреді. Ол өзінің көптеген жылдар бойы жинақтап топтастырып, зерделеген 20-дан астам түркі тілдерінің материалдарына сүйене отырып, түркі тілдерінің дауысты және дауыссыз дыбыстардың жүйесіне терең бойлап, ғылыми анализ жасаған. Әрине, В.В.Радлов 1880 жылдары жарық көрген И.А.Бодуэннiң дыбыс теориясының тұжырымдамасына сүйене отырып, өзінің зерттеуін жүргізіп, ұстаз теориясын тереңдете байытқан. Тілдік дыбыс антрофонетикалық бірлік («Physiologie der Sprachlante»), артикуляциялық-акустикамен сипатталынады. В.В.Радлов түркі тілдерінің вокализмінің негізгі жүйесі дауысты дыбыстардың үйлесімі екенін көрсетеді. Дауысты дыбыстардың үйлесімі сөз тудыруда ерекше рөл атқаратынын ерекше атап көрсеткен.
Жалғамалы тілдердің дауысты дыбыс үндесімі туралы В.В.Радлов теориясынан кейін көптеген түрколог ғалымдар еңбек жазды. Тек қана түркологтар емес, моңғолтанушылар, тунгус-манчжуртанушылар да жүздеген зерттеулерін әкелді. Бірақ, солардың бірде біреуі В.В.Радлов теориясынан асып кете алмады, керісінше, сол зерттеушілерге жол көрсетіп тұратын бағыттаушы идеяға айналды.

Қандай да бір тіл екі түрлі фактормен үйлестіріледі 1). физикалық фактор (талғамалы дыбыс) және 2). психикалық фактор (ойды жеткізу үшін дыбысты пайдалану, (Тенишев Э.Р. В.В.Радлов - фонетист и грамматик // TC. 1971. М. 1972. 38-б.)». В.В.Радловтың «Тілдің үйлестіруші факторы» И.А.Бодуэннiң 1880 жылдары жария еткен дыбыстың психологиялық эквивалентіне дөп келеді. В.В.Радлов - табиғи дыбыс өзгерісін: 1) тіркестің шарты мүмкіншілігі; 2) айқындаушы мүмкіншілік; 3) екпін деп көрсетеді. Тұжырып айтқанда, «тіркестің (комбинация) өзгерісі» алмасудан басталады деп И.А.Бодуэн теориясын тереңдете түседі. И.А.Бодуэннің ізімен ауысқан дыбыс дивергенцияға ұшырайды немесе бір фонем түрліше айтылымға түсетінін анықтаған. Мысалы: aq-ayar, jap-jabyl-zabyl» т.с.с.

В.В.Радлов түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасында фонетика саласын ғана терендеп, анализ жасаумен тоқтаған жоқ. Ол түркі тілдерінің лексикасы морфологиясын да жан-жақты зерттеп, кейінгі түркологтарға үлкен үлгі қалдырды. В.В.Радлов тiрi түркі тілдерімен қатар Орхон-енисей ескерткіштеріндегі бітіr (руна! мәтіндерін В.Томсеннің ашқан жаңалығын пайдалана отырып ап рет оқып аударды. Әрине, алғашқы оқылымдарында біраз қателік тер болды. Оны кейін өзінің шәкірті П.М.Мелиоранскиймен бірлесе отырып қайта қарап, жөндеді.

Қаржаубай ағамыздың айтуынша, В.В.Радлов тіл білімі, әдебиет, байырғы түрік жәдігерліктерін аудару, оқу ісімен қатар Орталық және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиясын зерттеуге ерекше күш жұмсаған. Әрі оның бұл саладағы еңбектерін төмендегі үш бағытта алып қарастырғанымыз жөн деп санайды:
1. Сібір және Орта Азияны мекендеген түркі халықтарының тарихы, салт-дәстүріне байланысты зерттеулері.

2. Оңтүстік Сібір (Хакасия, Алтай, Тыва) мен Орта Азиядағы қазақ халқының көне тарихын археологиялық қазбалар мен байырғы жазба деректер арқылы қайта жаңғыртуға арналған еңбектері.

3. Көшпелі және аңшылық шаруашылықпен айналысқан түркі халықтарының тарихи даму ерекшеліктеріне арналған еңбектер.

«Бұл проблемаларды көтерген ғылыми тұжырымдамалары «Aus Sibirien» («Древности Сибири») еңбегінде ерекше орын алған. Қазақ жеріне жүргізген археологиялық қазбаларының орны бір төбе. Шығыс қазақ жеріндегі Берел қорғандарын қазып, алғашқы Ғылыми түсінік берген ғұлама В.В. Радлов еді. В.В.Радловтың ғылыми қызметінің сыртында педагогикалык және әкімшілік жұмыстары, ұйымдастыру қабілетінің өзі жеке-дара әңгіме», - дейді ол.

1894-1918 жылдар аралығында В.В.Радлов Санкт-Петербург қаласындағы Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография мұражайына басшылық жасады. Ол мұражайдың билігін қолға ала салысымен небәрі екі ғана кызметкері бар кедей мұражайды аяғынан тік тұрғызып, ондаған белді де белгілі ғалымдарды тартып, коллекцияларын жүйеге келтіріп, сол дәуірдегі Еуропа мұражайларының үлгісімен жабдықтап, ғылыми ұжым қатарына қосты. Ондаған Ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, сирек кездесетін экспонаттармен толықтырды. Мұражайға Л.Я.Штернберг, Д.А.Клеменц, Н.М.Могилянский, В.Ф.Адлер іспетті ғалымдарды штаттық қызметке қабылдап, С.Ф.Олденбург, А.Н.Самойлович, В.Л.Котвич, И.И.Зарубин, К.А.Иностранцев, В.В.Бартольд. В.М.Алексеев іспетті ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс жасады. «Мұражайға жердің шетіндегi аяқ жетпес алыс түкпірлерден экспонаттарды жинады. Мұражай экспонаттарының ауқымды бөлігін түркі халықтарының мұралары мен құндылықтары иеленді. Осылайша, В.В.Радлов өз заманында Ресейдегі түркология ғылымының негізін салушы ғұламалардың бірі болып есімі мәңгілік алтын әріппен жазылып қалды», - деп есептейді Қаржаубай ағамыз.

Бүркіт Нұрасыл