Мәдени революция

 

Еңбекшiлердiң мәдени деңгейiн көтеру. Сауатсыздықты жою шаралары. Мәдени және саяси-ағарту жұмыстарының түрлерi. Халық ағарту iсi мен бiлiм беру жүйесi. Жалпыға бiрдей орта, арнаулы орта және жоғары бiлiм беру жүйесi. Қазақ алфавитінің реформалары, үш рет өзгертiлуi.

 

Мәдени революция

Мәдени революцияның міндеттері

Сауатсыздықты жою

Әліпбиді өзгерту

Саяси ағарту жүйесі

Мектептік білім

Орта арнаулы білім беру жүйесі

Қазақстанның жоғары оқу орындары

Глоссарий

Пайдаланылған әдебиеттер

 

Мәдени революция. Мәдени революцияның жүзеге асырылуы – социалистік қоғам құру туралы лениндік жоспардың бір тармағы болатын. Мәдени революция қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, жаңа мәдениет түрін жасау және жаңа адамды тәрбиелеу міндетін шешуге тиісті болды.

Мәдени революция коммунистік партия белгілеген міндеттерге сәйкес білім беру, ғылым мен мәдениет мекемелерінің қызметін түбірімен өзгерту дегенді білдіреді. Бұл кезеңде Қазақстан мәдениеті кеңес елінің орталық аудандарынан айтарлықтай артта қалған болатын. Халықтың басым көпшілігінің бастауыш білімі де жоқ, яғни сауатсыз еді. Соған байланысты Қазақстандағы мәдени революция басты екі міндетті шешуге тиісті болды: біріншіден, мәдени артта қалушылықты жою, екіншіден, білім беру, ғылыми және мәдени мекемелердің жаңа кеңестік жүйесін қалыптастыру.

Мәдениет саласындағы жұмысқа басшылық жасау және бақылау жүргізуді партияның ОК хатшылығы жүзеге асырып отырды, ал жергілікті жерлерде бұл істі партия комитеттері мен ұялары, олардың насихат және үгіт жүргізу коллегиялары атқарды. 1920 жылы тамызда партияның ОК-де үгіт-насихат бөлімі құрылды. Осы жылы 6 қарашада РКФСР Ағарту халкомы жанынан Бас саяси-ағарту комитеті іске кірісті. Бұл екі партиялық және мемлекеттік орган мәдени революцияға күнделікті практикалық басшылықты жүзеге асыра бастады. Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында партияның ОК-де мәдениетке байланысты әр түрлі мәселелер туралы мәжілістер өткізілді.

Мәдени революцияның міндеттері. Қазақстанда мәдени революцияны түпкілікті жүзеге асыру үшін бірқатар міндеттерді шешу қажет болды:

– жергілікті жерде нақты мәдени база жасау үшін сауат ашу және саяси білім тарату шараларын жүзеге асыру;

– Қазақстандағы оқу-ағарту мекемелерін бір жүйеге келтіру, оқытуды бірыңғай оқу бағдарламасымен жүргізу;

        рухани өмірге жаңа мазмұн беру үшін қазақ социалистік музыка мәдениетін дамыту;

– кеңестік мемлекеттердің тұтас аумағында бірыңғай мәдени кеңістік жасау үшін өлкеде өнердің жаңа түрлерін — театр, кино, бейнелеу

 өнерін, т.б. қалыптастыру;

– Қазақстанда ғылымды дамыту үшін ғылыми мекемелер жүйесін құру;

        жергілікті халықтың қоғамдық және жеке өмірдегі рулық және діни наным-сенімдерін жойып, кеңес адамының жаңа өмір салтын енгізу;

– социалистік қоғам құру міндеттерін шешу үшін ұлттық кадрларды даярлау;

– Қазақстанда орта арнаулы және жоғары білім жүйесін құру. Осылайша 1920-1930 жылдары партияның мәдени саясатының мазмұны партиялық және мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ рухани саладағы мекемелер мен ұйымдар қызметі арқылы жаңа кеңестік сана қалыптастыру ісіне бағытталды. Біртұтас социалистік мәдениет қалыптастыру үшін партия, біржағынан, шығармашылық саласын халыққа жақындата түсуге, екінші жағынан – халықтың жалпы білімі мен мәдени деңгейін көтеруді ұсынды. Мұндай көзқарас әр түрлі ұлттық мәдениеттер қызметінің өрісін айтарлықтай тарылтты. Көп ұлтты мемлекеттің рухани саласын бірегейлендіру беталысы кейінірек ондағы қарама-қайшылықтардың шиеленісуіне алып келді.

Сауатсыздықты жою. Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап мәдени құрылыс мәселесімен халық ағарту бөлімдері айналыса бастады.

Барлық мәдени революция міндеттерінің ішінде сауатсыздықты жою жөніндегі шаралар ерекше мәнге ие болды. 1919 жылы 26 желтоқсанда РКФСР ХКК қабылдаған «РКФСР халықтары арасында сауатсыздықты жою туралы» Декреті бұл мәселе бойынша негізгі міндеттерді белгілеп берді.

 

Сауатсыздықпен күрес

 

1919-1923 жылдары Қазақстанда сауатсыздықты жою науқанын бастау барысында мынадай кедергілердің бар екендігі байқалды:

– халықты оқытуға жарайтын маман кадрлардың жетіспеуі;

– жаңа оқулықтардың жоқтығы және жазу құралдарының жеткіліксіздігі;

– қалаларда әсіресе ауылдық жерлерде білім беру органдарының материалдық-техникалық базасының әлсіздігі.

1924 жылдың ақпан айында Қазақстанда Бүкілодақтық «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының бөлімшесі құрылды. «Сауат ашқыш» газетінің бетінде жекелеген топтар үшін сабақ өткізу жоспары жарияланып тұрды, сауатсыздықты жоюшы-мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашылды. 1930 жылғы 11 ақпанда Қаз ОАК-і «Қазақ АКСР-інде халықтың сауатсыздығын міндетті түрде жою туралы» қаулы қабылдады. Жою мерзімі бірінші бесжылдықтың аяғы болып белгіленді. Шараларды жүзеге асырудың жоспары жасалды және сауатсыздықты жоюға арналған қаржы қоры құрылды. 1931 жылы республикада шалғай аудандарға мәдени жорық ұйымдастырылды. Комсомол және пионер ұйымдары оған белсене атсалысты. Алайда елде сауатсыздықты жою ісі тіпті 1935 жылы, мәдениет майданы қызметкерлерінің I съезі өткенге дейін аяқталмады. Осы съезден кейін республикадағы сауатсыздықты жою жұмысы өзінің соңғы кезеңіне аяқ басты. Қазақ АКСР Ағарту халкомы жанынан ересек халыққа білім беру басқармасы құрылып, оның ішінде сауатсыздар мен шала сауаттылар мектебі бөлімдері ашылды. 1939 жылы Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 76,3%-ға жетті.

 

 

  

Сауатсыздықпен күреске шақыратын плакаттар

 

Әліпбиді өзгерту. Сауатсыздықпен күрес барысында сол мезгілге шейін пайдалануда келген араб графикасын латын графикасымен алмастыру мәселесі қойылды. РКФСР-дің ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты 1923 жылы араб қарпіне реформа жасау жөніндегі комиссия құрды.

Бұл комиссия үш мәселе бойынша жұмыс жасады:

1) жазуы жоқ халықтар үшін жазу даярлау;

2) өз жазуы бар халықтарды латын қарпіне көшіру;

3) түркі жазуын реформалау.

1926 жылы наурыз айында I Бүкілодақтық түркологтар съезі өтіп, түркі тілдес халықтар жазуын латын графикасына көшіру мәселесі қаралды. Латын қарпіне көшу ісіне сол кездегі Казақ АКСР халық ағарту халкомы А.Байтұрсынұлы қарсы шықты. Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсынұлы араб жазуының кейбір белгілерін жеңілдетуді ұсыңды.

 

Ә.Бөкейханов

 

А.Байтұрсынов

 

Араб әліпбиін қалдыруды жақтаушылар латын қарпін қолдануға көшу – ұлттық мәдениетке жасалған қастандық екендігін айтты. Олар Қазақстанда тек еуропалықтарға тән жаңа әліпбиге көшу қажет, бірақ оған әлі жағдай пісіп-жетілген жоқ деп есептеді. Алайда біртұтас мәдениет кеңістігін орнықтыру міндетін ұстанған Кеңес басшылығы республика өкілдерінің пікірімен санаспады. Жаңа әліпби жасау жөніндегі комиссия құрылып, ол 1928 жылдың күзінде латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиінің жобасын ұсынды. Латын қарпіне түгел ауысып болғанша араб графикасы пайдаланыла тұратын болды. Полиграфиялық техника латын алфавитімен жабдықтала бастады. Бұл газет, оқулықтар, әдебиеттер шығаруды жеңілдетті. Республика бір мезгілде екі әліпбиді, яғни: қазақ тілі үшін – латын, орыс тілі үшін –кириллицаны қолданатын болды.

XX ғасырдың 30-жылдарының соңына қарай КСРО тоталитарлық мемлекетке айналды. Тоталитарлық жүйенің орнауы мәдениеттен де байқала бастады. 1940 жылы кириллица негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінің жобасы жасалды. Жоғарғы кеңестің 1940 жылы 10 қарашадағы V сессиясында «Латынданған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданды.

Саяси ағарту жүйесі. Қазақстанда сауатсыздықты жою Коммунистік партияның жергілікті халық арасында саяси ағарту жұмысын жүргізуімен тығыз байланысты болды. Жергілікті халықтың саяси сауатын ашу, олардың қатарынан коммунистерді тәрбиелеп шығару осы кезеңдегі қазақстандық коммунистік партияның басты міндеті еді. Халық арасында үгіт жүргізуді күшейту үшін саяси ағарту ісінің әр түрлі тәсілдері: дәріс оқу, баяндама жасау, әңгімелесу, пікірталастар ұйымдастыру, әр қилы көрнекі шерулер өткізу қолданылды. 1920–1930 жылдарда Қазақстанда саяси-ағарту орындарының ең көп тараған түрі: оқу үйлері, қызыл отау, клубтар, кітапханалар, ағарту қызметкерлерінің үйлері болды.

Қазақстан коммунистері үшін саяси-ағарту ісі маңызды міндетке айналды, өйткені олардың көпшілігінің саяси идеялық дайындығы төмен деп саналды. Республика коммунистерін тәрбиелеу үшін саяси сауат ашу мектептерінің жүйесі құрылды. Бұл мектептердегі оқуға партиялық, кеңестік, кәсіподақ жұмыстарын атқаруға лайық деген белсенділер тартылды.

Коммунистер арасында жүргізілетін саяси ағарту жұмыстарының өзге де түрлері: маркстік үйірмелер (өз бетімен жұмыс істеу дағдысын алу және марксизм теориясынан жалпы түсінік алу) және партиялық клубтар (партклубтар әр түрлі секциялардан – партия құрылысы, революция және партия тарихы, кәсіподақ қозғалысы, дінге қарсы насихат, т.б. тұрды) жұмысы жолға қойылды. 1930 жылдары саяси-ағарту жұмыстарының мәні орталық басшылықтың саяси курсы бағытына бейімделе түсті. Партия ішілік қатынаста басқарудың әкімшілік формасы орныға бастады. Орта Азия мен Қазақстандағы коммунистік партия және басқа шығыстық коммунистік ұйымдармен жұмыс жүргізу үшін Мәскеуде Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросы құрылды. Осы бюро ұлт тілдеріндегі саяси әдебиеттерді басып шығаруға басшылық жасады.

Мектептік білім. Жаңа мектептер ашу Кеңес өкіметінің алғашқы айларында-ақ қолға алынды. 1918 жылдың 21 қаңтарында РКФСР ХКК-нің «Шіркеуді мемлекет пен мектептен ажырату» туралы Декреті шықты. Қазақстанда мектептерді басқару жергілікті кеңестердің қолына көшті. 1921 жылы 18 қаңтарда Орынборда халыққа білім беру жөніндегі Бірінші жалпықазақтық конференция болып, онда республикадағы халыққа білім беру ісін ұйымдастыру міндеттері айқындалды.

XX ғасырдың 20-жылдарының ортасына қарай Қазақстанда төмендегідей білім беру жүйесі қалыптасты:

 

Подпись: І сатылы мектеп (оқу мерзімі 4 жылдық)Подпись: І сатылы мектеп (оқу мерзімі 4 жылдық) Подпись: ІІ концентр ( оқу мерзімі 3 жылдық)Подпись: І концентр (оқу мерзімі 4 жылдық)Подпись: ІІ концентр ( оқу мерзімі 3 жылдық)Подпись: ІІІ концентр (оқу мерзімі 2 жылдық)

Қазақстанда кеңестік мектептер жүйесін құрудағы негізгі қиыншылықтар:

– мектеп үйлерінің жоқтығы;

– арнаулы білімді маман мұғалімдердің жетіспеуі;

– 2-3 ауысыммен оқыту;

– ұлттық тілдегі оқулықтардың жетіспеуі, ескі, революцияға дейінгі оқулықтарды пайдалану;

– көшпелі қазақ ауылдарында мектептер ашу ерекше мәнге ие болды.

Осы өзекті мәселені шешу жолында республикада бірқатар шаралар қарастырылды:

– қалаларда мектепке жарамды деген үйлер мемлекет меншігіне алынды;

– жаңа мектеп үйлерін салу қолға алынды;

– Казақ АКСР Ағарту халкомының академиялық орталығы оқулықтар мен бағдарламалар жасауға кірісті;

–педагогтік курстар мен мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында оқытушы кадрларын даярлау қолға алынды;

– ауыл кедейлерін оқыту мәселесін шешу үшін интернат түріндегі коммуна-мектептер құрылды;

– қазақ ауылдарында жылжымалы маусымдық жартылай жабдықталған мектептер ашылып, олар оқу жылы қысқартылған және жеңілдетілген оқу бағдарламасымен қамтамасыз етілді.

Мектептердің әр типтілігін жою үшін КСРО БК(б)П ОК 1934 жылғы 15 мамырда «Бастауыш және орта мектептер құрылымы туралы» қаулы қабылдады. Осы құжатқа байланысты бүкіл КСРО аумағында жалпы білім беретін мектептердің бірыңғай түрі енгізілді:

 

 

Бастауыш мектеп

оку мерзімі 4 жылдық

 

Толық емес орта мектеп

оқу мерзімі 7 жылдық

4 жылдық бастауыш мектеп + 3 жыл

Орта мектеп

оқу мерзімі 10 жылдық

7 жылдық толық емес орта мектеп + 3 жыл

 

Бірыңғай мектеп жүйесі бірыңғай оқыту бағдарламасын, бірыңғай әдістемелік жүйені, бірыңғай оқулықтар болуын талап етті.

1935 жылы қаңтарда БК(б)П Өлкелік комитеті мен республика үкіметі «Қазақстан мектептері құрылымын жетілдіру туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы ұсақ мектептерді түпкілікті жойып, жетіжылдық және орта мектептерді дамытуға, сондай-ақ әр оқушының сыныптан сыныпқа өтуін қамтамасыз етуге арналған бірқатар шаралар қарастырды.

Халыққа білім беруге арналған шығын мөлшері республикада жылдан жылға өсе берді. Өз ісінің үздік шеберлері С.Көбеев, О.Көлкенова, Ш.Сарыбаев, Л.Добрянская, Х.Казиев, И.Волков, А.Ақатов, т.б. республикадағы білім саласына тұңғыш еңбек сіңірген мұғалімдер атанды. Шығармашылық ізденіс пен күнделікті тәжірибеге сүйенген кеңестік педагогика қалыптасты.

Орта арнаулы білім беру жүйесі. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанда саяси және экономикалық сипаттағы міндеттермен қатар кәсіптік білім беруді дамыту міндеті де қолға алынды. Оқытушы кадрларды даярлау үшін үш айлық педагогикалық курстар ашылды. 1920 жылы Орынборда Халыққа білім беру практикалық институты (ПИНО) және Халыққа білім беру қазақ институты (КИНО) ашылып, жұмыс істей бастады. Олар қазіргі жағдайдағы саяси мәселелерді шешу үшін мұғалімдердің білімін жетілдіру қызметін атқарды.

1920 жылы қыркүйекте РКФСР ХКК Декретімен жұмысшы факультеттері ашылып, 1940 жылға дейін жұмыс істеді. Онда әр түрлі кәсіпке орташа дәрежедегі мамандарды даярлады. Жұмысшы факультеттері таптық оқу орындары деп есептелді.

Жұмысшы факультеттерімен қатар техникумдар мен училищелер саны өсті. 1920 жылы Семейде тұңғыш ауыл шаруашылығы техникумы ашылды. 1923 жылы Орынборда тұңғыш медициналық техникум жұмыс істей бастады.

Ауыл шаруашылығын дамыту және ұжымдастыру жылдарында Қазақстанның халық шаруашылығы үшін көптеген мамандар даярлау туралы мәселе көтерілді. Бұл нағыз маңызды әрі күрделі міндетке айналды. КСРО ХКК (Халық Комиссарлары Кеңесі) «Қазақстан үшін кадрлар даярлау туралы» қаулы қабылдады (1933 жылғы 20 қазан). Осы құжатқа сәйкес бірқатар техникалық, ауыл шаруашылығы, медициналық және т.б. техникумдар мен училищелер ашылды.

1932 жылы республикалық дене тәрбиесі техникумы ашылды. 1930 жылдың ортасында Қазақстанда 12 индустриялық, 9 көлік және байланыс, 29 педагогтік және мәдени-ағарту, 9 медициналық техникум, 9 қаржы-экономика техникумы жұмыс істеді. 1939 жылы республикада 20 ауыл шаруашылығы және зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумдары болды. 30-жылдардың соңына карай Қазақстанда орта арнаулы білім беру жүйесі толық күшіне енді.

Сөйтіп, Қазақстанда, бүкіл елдегі сияқты, арнаулы орта білім берудің бірыңғай жүйесі қалыптасты. Арнаулы орта білім беру мекемелерінің ең көп таралғаны техникумдар болды.

Қазақстанның жоғары оқу орындары. БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті мен республика үкіметі Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін ашу мәселесін күн тәртібіне қойды. Қазақ АКСР ХКК-нің 1928 жылы 10 маусымдағы қаулысында: РКФСР ХКК-нің қаулысына сәйкес 1928 жылғы 1 қазанда ҚазМУ-дің педагогикалық факультеті, үш бөліммен: физика-математика, жаратылыстану және лингвистикалық-әдебиет бөлімдерінің бірінші курсымен ашылсын деп - көрсетілді. ҚазМУ-дің педагогикалық факультетінің жетекшісі болып — Мәскеу шығыстану институтының ректоры Санжар Асфендияров тағайындалды. Оқытушылар арасында белгілі қазақ жазушысы, Ленинград университетінің түлегі М. Әуезов, мемлекеттік қайраткер С. Сейфуллин, т.б. болды.

 

С.Сейфуллин

 

М.Әуезов

 

С.Асфендияров

 

Университеттің педагогикалык факультеті республикадағы тұңғыш ЖОО (Жоғары оқу орны) болып есептеледі (1930 ж.). БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті 1929 жылы сәуірде тұңғыш ЖОО-лардың жұмысы мәселесін қарап, қаржы және құрылыс материалдарын бөлу шараларын қарастырды. Оқу корпусы мен жатақханаларды жөндеу көзделді. Қазақ жастарынан студенттер қабылдауды 60%-ға көтеру, ЖОО-ы түлектері есебінен институтты ғалым-педагог кадрлармен жасақтау, аспирантура ашу, жас оқытушыларды орталық ЖОО-лардың аспирантурасына жіберу белгіленді.

БК(б)П өлкелік комитеті 1929 жылы 29 қыркүйекте Қазақ зоомалдәрігерлік институтының кеңес мүшелерін бекітті. Бұл институт Қазақстандағы тұңғыш ауыл шаруашылық ЖОО-ы болды.

Кадрлар даярлауды одан әрі дамыту және жақсарту мәселесі БК(б)П ОК-нің 1929 жылғы қараша пленумының «Халық шаруашылығы кадрлары туралы» қаулысында қаралды. Пленум Мемлекеттік жоспарлау, Жерхалком және Ағарту халкомдарына кадрлар даярлау, жаңа ЖОО-лар мен техникумдар құрылысының бірыңғай бесжылдық жоспарын жасауды тапсырды.

Семейде, Оралда, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Шымкент қалаларында ЖОО-ларға түсушілер үшін даярлық курстары ұйымдастырылды. Барлық ЖОО-ларда үздіксіз оқу жылы және үздіксіз оқу аптасы енгізілді, оқыту мерзімі 3-3,5 жыл болып белгіленді.

1930 жылы қазанда Алматы ауыл шаруашылығы техникумының базасында Талғар ауыл шаруашылығы институты ашылды. Бұл оқу орнының ұйымдастырушысы және тұңғыш директоры Ораз Жандосов болды. Алғашқыда институттың тек бір ғана — астық және техникалық дақылдар факультеті болды, бірақ бір жылдан кейін жеміс-көкөніс факультеті ашылды.

 

О.Жандосов

 

1931–1933 жылдарда Шымкентте – Мақта шаруашылығы, Қостанай облысында (Қарабалық кеңшарында) – Жем-шөп өндіру, Оңтүстік Қазақстан облысында (Қапланбек кеңшары) – Қой шаруашылығы институты мен Қазақ ауыл шаруашылығы институтының қой шаруашылығы және Жеміс-көкөніс шаруашылығы факультеттерінің базасында жеке Жеміс-көкөніс институты ашылды. Алайда бұл ЖОО-лар өте ұсақ болып, мемлекеттің жәрдемін қажет етті және оларды сақтау өзін-өзі ақтамайтын еді. Мерзімінен ерте құрылған ЖОО-лар 1933–1934 жылдары жойылып, Ауыл шаруашылығы институтына қосылды, ал Қой шаруашылығы институты Алматы зоомалдәрігерлік институтына берілді.

1930–1931 жылдары Қазақ АКСР үкіметі мен БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті медицина институтын ашу және нығайту мәселесін қарап, бірінші курсқа қабылдау жоспарын бекітті. Республикадағы тұңғыш жоғары медицина институты 1931 жылы ашылды. Оның директоры болып профессор С.Асфендияров тағайындалды. Оған Ленинград әскери-медициналық академиясы қамқоршылық жәрдем көрсетті.

Қазақ педагогикалық институты 1931 жылы өзінің тұңғыш түлектеріне жолдама берді. Алайда республикадағы жалғыз педагогикалық институт педагогикалық кадрларға деген сұранысты қамтамасыз ете алмады. Бірнеше педагогикалық ЖОО-ларын ашу қажет болды. БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті 1932 жылғы 9 шілдеде – қазаннан бастап Халық ағарту институтының базасында Орал педагогикалық институтын ашуды, физика-математика, химия-биология, қазақ тілі және әдебиеті, тарих-экономика факультеттерін іске қосу туралы қаулы қабылдады.

Қазақстанның тау-кен және көмір өнеркәсібіне мамандар даярлау үшін 1932 жылы Семей геологиялық барлау техникумының базасында Семей геологиялық-барлау институты ашылды.

Қазақстанның жоғары мектебін қалыптастыру ісін жолға қоюда КСРО ОАК-нің 1932 жылғы 19 қыркүйектегі «Жоғары мектеп пен техникумдардағы оқу бағдарламалары мен режімі туралы» қаулысы шешуші рөл атқарды. ЖОО-ларда сабақ беру негізіне дәріс оқу, семинар және зертханалық сабақтарды ұжымшарлар мен кәсіпорындардағы өндірістік тәжірибемен алмастырып отыру, мектептерге педагогтік практикадан өтуге жіберу енгізілді. Ұжымдық емтихандар мен сынақтар жүйесі жойылып, жылына екі рет сынақ-емтихан сессиясын енгізу қабылданды, студенттер үлгірімін бағалау теңестірілді.

1933 жылы 20 қазанда КСРО Халком Кеңесі «Қазақстан үшін кадрлар даярлау туралы» қаулы қабылдап, онда Жоғары және Орта арнаулы білім беру бағдарламасы белгіленді. Осы құжаттың негізінде БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті 1934 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогикалық институттың базасында Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы шешім қабылдады. Қазақ мемлекеттік университеті 1934 жылдың 15 қаңтарында ашылды. Сабақ бұрынғы Верный ерлер гимназиясының кішігірім үйінде басталды. Күзде химия факультеті ашылды.

Республикадағы үнемі даму үстіндегі өнеркәсіп, әсіресе тау-кен және металлургия кәсіпорындары кадрлардан тапшылық көрді. Семей геологиялық-барлау институты тау-кен, көмір және металлургия кәсіпорындарына мамандар даярлап үлгірмеді. Осыған байланысты ол 1934 жылы Қазақ тау-кен металлургия институты болып қайта құрылып, Алматыға көшірілді. Институтта кенді және кенсіз орындарды және гидрология бойынша зерттеуші инженерлер даярлау басталды, ал 1935 жылғы қаңтардан бастап жаңа мамандық — кен орындарын пайдалану, осы жылдың қыркүйегінен түсті металдар металлургиясы мамандықтары енгізілді. Өнеркәсіпке кадрлар даярлаумен қатар ауыл шаруашылығы үшін мамандар даярлау шаралары қарастырылды. 1934 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру факультеті ашылды, сәл кейінірек ауыл шаруашылығын электрлендіру бөлімі қосылды.

Кәсіпқой журналистер мен газет қызметкерлерін даярлау үшін республика астанасында 1934 жылы Коммунистік журналистика институты (КЖИ) ашылды. КСРО жоғары мектебінің типтік Жарғысы студенттер мен оқытушылардың құқықтары мен міндеттерін, студенттік қоғамдық ұйымдардың орны мен рөлін және оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тәртібін анықтады. 1937 жылғы 11 қарашада КСРО ХКК ЖОО профессорлар-оқытушылар құрамы үшін штаттық лауазымдар мен лауазымдық еңбекақы кестесін енгізу жөнінде қаулы қабылдады. Ол профессорлар мен оқытушылар, факультет декандары мен ЖОО директорлары жағдайын айқындап, барлық республикаларда, соның ішінде Қазақстанда да жоғары білім беруді өркендету мақсатына қызмет етті. Республикада жаңа ЖОО-лар ашылып, бұрынғылары кеңейтілді. Осылайша 1938 жылы Қарағанды және Қостанай мұғалімдер институты ашылды. Алматы медициналық институтында педиатрия факультеті іске қосылды. КЖИ 1941 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті болып қайта құрылды.

1938 жылдан бастап күндізгі оқумен қатар, сырттай оқу түрі де пайда болды. Сырттай оқу, ең алдымен, педагогикалык ЖОО-ларға енгізілді.

ЖОО-лар алдында аспирантура арқылы ғылым кадрларын даярлау міндеті тұрды. Республикадағы бірінші аспирантура 1932 жылы педагогикалық, ал 1938 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде құрылды. 1936 жылы университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы қысқаша ақпарат көзі түрінде тұңғыш университет бюллетені жарыққа шықты. 1937 жылдан бастап «Абай атындағы КазПИ-дің ғылыми жазбалары және Қазақ тау-кен металлургия институтының еңбектері жарық көрді.

XX ғасырдың 30-жылдарының соңында да республика ЖОО-ларының оқу-материалдық базасы әлі де әлсіз болды, профессор-оқытушы кадрлар жетіспеді, көптеген институттардың студенттер саны аз еді. 1940 жылы Гурьев мұғалімдер институтында 58, Қостанайда 158, Қызылорда педагогика институтында 156 адам ғана оқыды. Республикада көптеген ЖОО-ларын құру мемлекет қаржысын желге ұшырып, оқу құрал-жабдықтарын, маман оқытушы кадрларын тиімді пайдалана алмауға әкеліп соқтырды, студенттерді оқытуға жұмсалатын қаржыны орынсыз арттырды.

1941 жылы ЖОО-ларды нығайту мақсатында Алматы мүғалімдер институты педагогикалық институтпен қосылды. Барлық педагогикалық және мұғалімдік институттардағы студенттер саны аз топтар біріктірілді. Он жыл ішінде республика ЖОО-лары Қазақстанның халық шаруашылығының барлық салалары және мәдениеті үшін 10 мыңдай мамандар даярлап шығарды. Республиканың халық шаруашылығы үшін жоғары дәрежедегі маман кадрлар даярлаудың өзге де түрлері болды. Индустрияландыру жылдарында ауыл шаруашылығының маман кадрлары мен инженерлерге деген сұраныс күшті болды. РК(б)П басшылығымен шебер ұйымдастырушылық қабілетін және партия ісіне шексіз берілгендігін көрсеткен жұмысшылар мен шеберлерді оқыту үшін өнеркәсіптік академиялар құрылды. Оралдағы Қазақстан өнеркәсіптік академиясы Қарағанды, Риддер, Қарсақпай, Ащысай жұмысшыларына білім берді.

Сөйтіп, республикада алғашқы екі бесжылдық кезінде маман кадрлармен қамтамасыз ететін жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жүйесі жасалды.

 

Глоссарий:

Зиялылар (интеллигенция) (лат. intelligens-түсінетін, ойлаушы, саналы)- ой еңбегімен, күрделі шығармашылық еңбекпен, мәдениетті дамыту және таратумен кәсіби түрде айналысатын адамдардың қоғамдық тобы.

Ұлтшылдық- ұлтты қоғамның ең жоғарғы құндылығы мен формасы деп есептейтін, ұлттық артықшылықты уағыздайтын идеология мен саясат.

Жанр (франц. Genre- өнерде)- өнердің барлық түрлеріндегі тарихи қалыптасқан ішкі бөліну, көркем шығарманың формалары мен мазмұнының өзіне тән белгілері.

Ислам- дүниежүзілік діндердің бірі. VІІ ғасырда пайда болды, негізін салушы Мұхаммед пайғамбар, бір құдайы-Алла.

Медресе- мұсылмандардың орта және жоғары оқу орындары.

Мысал- тәрбиелік мәні бар қысқа өлең, әңгіме.

Роман- күрделі және дамыған сюжетті, көбінесе қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кесек тұлғалы эпикалық шығарма.

                               

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қазақстан тарихы. 11 сынып. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт, Алматы «Мектеп», 2007., 2011 ж.

Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы,1994 ж.