20-30 жылдардағы Қазақстанның саяси және экономикалық жағдайы. Голощекин геноцидi. "Кiшi Қазан" теориясының үстемдiгi

 

Қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясаты

«Кіші Қазан» курсы

Отырықшыландыру, қазақ байларын тәркілеу

«Қазақ ұлтшылдарын» жазалау

Ауылды кеңестендіру

Астық пен ет дайындау және ұжымдастыру

1932—1933 жылдардағы ашаршылық

Глоссарий

Пайдаланылған әдебиеттер

 

Қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясаты. Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916-1921 жылдар арасында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының шамамен бестен бір бөлігі еді. Ал 1921-1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық берді. Қоғамдық құрылыстың мұндай сипат алуы 1923 жылы 17-22 наурыз күндері Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясыңда анық байқалды. Ресей Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру ісіне бұруды талап етті.

Бұл іс жүзінде Қазақ елінің өзін-өзі басқару, мемлекеттік басқару ісінде жергілікті ерекшеліктерді ескеру, мемлекеттік аппаратты қазақтандыру және басқа осы сияқты жалпыұлттық мәселелерді тым көп көтеруді тоқтату жөнінде орталықтан берілген нұсқау еді. Сонымен бірге ұлт мәселесінде «ұстамдылыққа» шақырған орталық, оның есесіне тапаралық қатынастар мәселесінде ымырашылдыққа жол бермеуге, қазақ кедейлерінің «әлі оянбаған таптың түйсігін» шайқап, оларды байларға қарсы қоюға үндеді. Бұл қазақ қоғамында үлес салмағы болар болмас (0,5%-ға да жетпейтін) байлар табына және олардың меншігіне «қызыл гвардиялық шабуылға» өтуге жасалған даярлықтың көрінісі еді.

Орталық пен оның Қазақстандағы өкілдерінің мұндай ұстанымына ашық қарсылық көрсеткен жеке қазақ басшылары аз болған жоқ.

Солардың бірі — Смағұл Сәдуақасов қазақ қоғамындағы таптық қайшылықтармен тым әуестенушіліктің жағымды нәтиже бермейтіндігін, қазақ шаруаларының сол тарихи кезеңде таптық қанаудан емес, жұмыссыздықтан, шаруашылығын жандандыруға қажет қаржының жоқтығынан азап шегіп отырғандықтарына, яғни ендігі уақытта елдің революциялық сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж екенін түрлі дәреже-деңгейде дәлелдеуге тырысты.

Сондай-ақ, С.Сәдуақасов қазақ байларымен күресті төтенше революциялық шаралар арқылы емес, бейбіт әдіс-тәсілдер арқылы жүргізуді ұсынды. С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, Ы.Мұстанбаев, Ж.Мыңбаев, С.Қожанов сияқты қазақ саяси қайраткерлерінің бұл ортақ ұстанымын большевиктік басшылық социалистік құрылысқа қарсы көрсетілген жергілікті ұлтшылдардың қарсылығы ретінде қабылдады. Ал ұлт қайраткерлері болса ендігі уақытта мұндай ұстанымдарының ұлтшылдық пиғылдан емес, жергілікті өмір ерекшеліктерінен туындап отырғандығын, соған байланысты өздерінің шынайы интернационализм ұстанымынан ауытқымағандықтарын ылғи да дәлелдеп отыруға мәжбүр болды.

«Кіші Қазан» курсы. 1925 жыл Қазақстан халқы үшін саяси жаңалықтармен басталды. Қазақстан құрамына Сырдария және Жетісу облыстарының енуі, Орынбор қаласы мен губерниясының бөлініп шығуына байланысты республиканың әкімшілік құрылымына өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта Қазақ АКСР-і Адай уезі, Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу және Сырдария губернияларынан, Қарақалпақ автономиялық облысынан тұратын болды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен астана Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Жаңа астанада 15—19 сәуір күндері өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі қазақ халқының тарихи есімінің патшалық билік тұсында бұрмаланып «қырғыз» аталғанын ескеріп, халыққа өз атын қайтарды. Соған байланысты Қырғыз АКСР-і ендігі уақытта Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аталатын болды. Республиканың жаңа астанасы Ақмешіт қаласының аты (бұрынғы Перовск) Қызылорда болып өзгертілді.

Қазақ қоғамына алаш зиялыларының ықпалының артуынан қауіптенген орталық билік республикадағы саяси тәртіпті қатаң бақылауға алу жолына түсті. 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетінің саяси ұстанымына байланысты хатын жолдады. Онда И.Сталин өзінің «Ақ жол» газеті материалдарымен танысып, жарияланған материалдардың мазмұн жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқай мақалаларымен сабақтас, жакын екенін айта келіп, мұндай сынға кеңестік басылымдарда орын берілуге тиіс емес деген тұжырымын білдіреді.

 

Мұстафа Шоқай.

И.Сталин хатындағы екінші мәселе алаштық зиялылар жөнінде болды. Кеңестік басшы партияда жоқ ұлт зиялыларын саяси және идеологиялық қызметтерден біржола аластатуды ұсынды.

И.Сталин хатынан соң Қазақстандағы саяси билікке ұлттық кадрларды тек таптық тегіне қарап тарту кең етек алды. Сонымен бірге бұқара арасынан іріктелген қызметкерлердің өзін ұлттық сезімі мен ұстанымына байланысты жіктеу орын ала бастады.

1925 жылы жазда республика басшылығына Орталық Филипп Исаевич Голощекинді жіберді.

 

Филипп Исаевич Голощекин

Жергілікті жағдаймен танысып алған соң Ф. Голощекин И.Сталинге арнайы хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдылық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, республика өмірінде коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппараттарын жергіліктендіруге, яғни қазақ бұқарасына қазақша қызмет жасауға, соңдай-ақ «үлкен саясатқа» емес, қалың қазақ бұқарасының күнделікті мұқтаждықтарын қанағаттандыруға берілмек екендігін тәптіштеп айтты. Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» концепциясы осындай тұжырымдардан тұрды және ол И.Сталиннің толық қолдауына ие болды.

Қазақстандағы кеңестік мемлекеттік автономия қызметіне ұлттық сипат, мазмұн беруге күш салған саяси топ (С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев, Н. Нұрмақов, т.б.) Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» бағдарламасын қазақ ауылында «азамат соғысын» тудыру әрекеті есебінде қабылдады. Қазақ қайраткерлері арасындағы келесі бір топ (О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов, т.б.) ендігі уақытта басымдылықтың жалпыұлттық емес, таптық саяси мәселелерге берілгенін жөн санады. Республика өміріндегі саяси тартыс, негізінен, осы екі топтың арасында жүрді.

Ф.Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Сондықтан да 1926 жылы 20 мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым және шілде айларында бастап кетті.

Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлуде бірқатар қиындықтар кездесті: жерді өлшеу даярлықсыз жүргізілді, болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бұл шараның мақсаты мен мәнін толық түсініп, оны ақырына дейін жеткізуге мүдделі қызметкерлер аса көп байқалмады.

«Кіші Қазан» бағдарламасы аясында шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу арқылы қазақ ауылында тапаралық «майдан» ашудан үміттенген кеңестік басшылық бұл үміті ақталмаған соң, жаңа ауқымды да қауырт шараларды іске асыруды қолға алды.

Отырықшыландыру, қазақ байларын тәркілеу. 1927 жылы ақпанда БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Голощекин Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты. Бұл Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің заңды қарсылығын тудырды. Сол 1927 жылы қарашада өткен VI Жалпы қазақтық партия конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыру қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады. Ол қаулыны БОАК өзінің 1927 жылы 12 желтоқсандағы қаулысында толық мақұлдады. Соның нәтижесіңде Қазақстан үкіметі 1928 жылы 4 наурызда «Қазақ АКСР-де жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы» арнайы қаулы қабылдады.

Бұл қаулыны іске асыру барысында басымдылық қоныс аударушыларға берілді. Ал көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын отырықшы тұрмысқа аудару мынадай қарқында жүргізілді: 1930 жылы — 87 136, 1931 жылы — 77 508, 1932 жылы 77 674 және 1933 жылы — 242 208 қожалықтар арнайы белгіленген жерлерге орналастырылатын болды. Қазақ шаруа қожалықтарын жаппай отырықшы тұрмысқа аудару оларды мемлекет тарапынан материалдық және қаржылай қолдаусыз, құр науқаншылық шаралар арқылы жүргізілді.

Бұл зор ауқымды шараларды қауырт түрде іске асыру идеясы, авторларының көздеген басты мақсаттарының бірі — қоныс аударушыларға қазақ жерлерін молырақ босатып беру болды. БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша Кеңес үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Бұдан кейін қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады.

1927 жылы желтоқсан айында тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының қолымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты тереңдей түсті.

«Қазақ ұлтшылдарын» жазалау. Ә.Бөкейханов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері мен белсенділерінің Кеңестік билікпен арақатынасы күрделі сипат алды. Мемлекеттік автономия алудан үміттенген ұлт-азаттық қозғалыс басшылары жаңа билікпен тіл табысуға ұмтылыс жасады. Өз ретінде кеңестік билік кешегі қарсыластары — Алаш зиялыларына қатысты екі жақты саясат ұстанды. Алғашқы кезеңде арнайы білімі бар мамандарға зәрулікті сезіне отырып билік орындары санаулы қазақ зиялыларын кеңестік қызметке тартуға әзірлігін байқатқанымен, осымен бір мезгілде алаш қайраткерлері билік тарапынан саяси сенімсіздікке ұшырап, қудалауға алынды. Ал ұлт зиялыларының арасында ауызбірліктің болмауы, әсіресе билікке тартылған кейінгі буын — тәжірибесіз элитаның топшылдық дертіне шалдығуы империялық күштердің Алаш қайраткерлерімен есеп айырысуына қолайлы жағдай туғызды. А.Байтұрсынұлы басқа Алаш көшбасшыларының зиялы топ өкілдерін татуластыру әрекеттерінен ештеңе шықпады.

Смағұл Сәдуақасов биліктегі топты Мәскеулік әкімшілік алдында ұлттың ішкі өміріндегі кейбір мәселелерге байланысты толық сыр ашпауға шақырды. Ал, бірақ Орталық билік қазақ қоғамы ішіндегі саяси ағымдар мен ұстанымдар жөнінде толық мәліметті сол қазақ қызметкерлерінің өздерінен-ақ алып отырды. Басқаша айтқанда, империялық ұстанымдағы орталыққа қазақ қоғамының ішкі өміріндегі процестерді бақылап, өзіне тиімді бағыт-бағдар беріп отыру қиынға түскен жоқ.

1926 жылы 12 және 14 қараша күндері Мәскеуде, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің кезекті сессия жұмысына қатынасуға келген ұлттық автономиялық құрылымдардың 49 басшы қызметкерлері «националдар кеңесі» аталған жиналыс өткізеді. И.Сталиннің келісімінсіз өткізілген бұл кеңесте тыңдалған баяндамалар мен жарыссөзде орталық биліктің Ресей федерациясы құрамындағы ұлттық автономиялық құрылымдарға жергілікті халықтардың мүддесі сол бұрынғы күйде ескерусіз аяқ асты қалып қойғандығы жан-жақты талқыға алынады. Кеңес жұмысына Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов басшылық жасайды. Бір ауыздан қабылданған қарарда кеңеске қатысушылар ұлттық автономияларда қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында ұлттық мәселелер бойынша кезекті кеңесті шақыруды талап етеді.

И.Сталиннің наразылығын туғызған бұл кеңес туралы орталықтың ызғарлы ұстанымын Ф.Голощекин тез арада «қазақ ұлтшылдарын» жазалау үшін пайдаланды. Мәскеудегі «националдар кеңесінің» ізін ала Қызылордада өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің III Пленумы (1926 ж. 25—30 қараша) кұрамында С.Сәдуақасов, С.Қожанов және Ж.Мыңбаев бар «ұлтшылдар» тобының қызметі жөнінде мәселе қарап, «қазақ ұлтшылдығын» үзілді-кесілді айыптаған қаулы қабылдайды. Бұл іс жүзінде республикадағы жоғарғы билікті «ұлтшылдардан» біржола тазарту шарасының өзі болатын. Саяси қудалауға ұшыраған Ж.Мыңбаев пен С.Сәдуақасов көп ұзамай өмірден өтті (1929, 1933 жж.), ал С.Қожанов болса, біржола саяси қызметтен ығыстырылды.

 

 

Сұлтанбек Қожанов Смағұл Садуақасов

 

Жоғарғы басшылықтың құрамындағы «ұлтшылдарды» қызметтен аластай отырып, Ф.Голощекин 1927 жылдың күзінен бастап Мәскеудің қолдауына сүйеніп, ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерін соттау шараларын іске асырды. 1928 жылы қазанда Қызылорда абақтысында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасов бастаған 44 Алаш зиялылары қамауда отырды. Олардың төртеуі атылды, біреуі концлагерьде өлді, қалғандары он жыл түрмеге қамау жазасына кесілді. 1930 жылы М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев және басқалар бар 40 Алаш қайраткерлері қамауға алынып, олардың он бесі бес жылға Воронежге жер аударылды. М.Әуезов, Ә.Ермеков және М.Жұмабаев «ұлтшылдық» идеологиясынан бас тартатындықтары жөнінде баспасөз арқылы мәлімдеді.

 

 Жақып Ақбаев Әлімхан Ермеков

 

Болыпевиктік режім осылайша қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрған зиялылар тобын, олар қалыптастырған азаттық идеологиясын жойып тынды. Қазақ қоғамы мәскеулік биліктің ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына көпе-көрнеу жасаған қиянатын көзімен көрді, ендігі уақытта оның айтқанына көнбеген күнде сол алашордалықтардың кебін киетіндігін жақсы түсінді. Бұл қоғамның рухани азып-тозуына апармай қоймайтын жол еді.

 Мұхтар Әуезов Мағжан Жұмабаев

 

Ауылды кеңестендіру. Голощекин ауылды кеңестендіру жұмысы әлі де әлсіз, оны күшейту керек деп есептеді. Бұл істегі, яғни кеңестендірудегі кемшіліктерді қазақ байларына, рулық қатынастарға жапты. Оған жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жүргізілетін шаралар ұнамады. Кеңестендіру ісінде де таптық тұрғыда қарау қажет дегенді желеу етіп, ауылдағы ауқаттыларға қарсы күресті күшейтуді ұсынды. Оның бұл солақай бағыты да қазақ басшылары мен зиялыларының қарсылығына кезікті. Оларды «оңшылдар», «солшылдар» деп топтарға бөліп, қудалады. Ақыры, Сталиннің тікелей қолдауымен 1927 жылы Қазақстандағы ауылдық кеңестерге жаңа сайлау өткізуді ұйымдастырды. Ол бойынша байлар деп есептелгендер сайлау құқынан айырылады. Ауылдарда кедейлер жиналыстары өткізілді. Сайлау науқанын жүргізу үшін аудандарға арнайы уәкілдер жіберілді.

1928 жылғы 1 қазанда Қазақстандағы барлық кеңестердің 2199-ы қазақ шаруаларының, 1209-ы орыс-украин шаруаларының кеңестері болды. Бірақ бұл жаңа сайланған кеңес органдары да өздерін жетекші күш ретінде көрсете алмады. Сондықтан да Голощекин жергілікті ұйымдар мен одақтарға, әсіресе «Қосшы» одағына көбірек сүйенуді талап етті. Жергілікті кеңестердің белсенді органдарға айналуына жоғарыдан жіберілген уәкілдер де көптеген кедергілер келтірді. Олар жергілікті кеңестермен санаспай, басшылық жұмысты өз қолдарына алуға ұмтылды. Бұл кеңестердің беделін түсірді. Оның үстіне қазақ ауылдарындағы ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан рулық-туыстық жүйеге қарағанда көптеген мәселелерді шешуде кеңестер қауқарсыз еді. Мұнымен бірге қазақтар келімсек еуропалықтардың үкімет тарапынан өздеріне қарағанда біршама жеңілдіктер алуына әрқашан наразы болды. Мұның өзі қазақтар тарапынан үкіметке, оның жергілікті органы деп танылған кеңестерге сенімсіздікті қалыптастырды.

Ал селолық кеңестер жиналыстарында кулактар мен ауқатты шаруалар өз ұсыныстарын өткізуге тырысып отырды. Әсіресе орыс казактары сословиелік қалдықтар мен атамандық ықпалды сақтап қалды. Бұлар да кеңес жұмыстарының жандануына кедергі келтірді. Партиялық өктемдік пен тоталитарлық тәртіптің орнай бастауы вертикалды басқару жүйесін қажет етті. Сол себепті де кеңес ұйымдары демократиялық сипаттағы емес, әкімшіл-әміршіл басқарудың өзіндік сатысына айнала бастады.

Астық пен ет дайындау және ұжымдастыру. 1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды. Ол, әсіресе Сталиннің 1928 жылы қаңтардағы Сібірге сапарының барысында Новосібір мен Омбыда сөйлеген сөздерінде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 107-бабын жаппай қолдануды талап етуінен кейін қатыгездік сипат алды. Ол бапта тауарларды сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын жоғарлатқаны үшін қатал жазалау қарастырылған еді. 1929 жылы 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мәжілісінде Голощекин астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құқын беретін қаулы шығартты.

 

Астықты өткізу

Астық пен ет дайындау мәжбүрлеу, жазалау және үрей туғызу арқылы жүргізілді. Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Мысалы, астық салығынан 2 жыл мерзімге босатуға жататын Оңтүстік Қазақстан облысындағы көшпелі мал шаруашылығы Талас және Созақ аудандарында астық даярлау жүргізілді. Ал етке өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп жатты. Мәселен, Балқаш ауданында бар малдың басы 173 мың мал болса, етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленді. Ауданның 3 жылда етке мал өткізу жоспары 160 мың бас малдан 1,5 млн бас малға, яғни 10 есеге дейін өсті. 1933 жылы 10—16 шілде күндері өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумында сөйлеген Х.Нұрмұхамедов мынадай деректер келтірді: «Менің бауырымның, яғни 12 жыл жалшы болған кісінің бір ғана сиыры болды. Егіншілікпен ешқашанда айналыспаған. Соған қарамастан оған 1930 жылы 5 пұт астық салығын салып, бұл астықты төлеу үшін соңғы сиырын және үйдегі мүліктерін сатуға мәжбүр болды. Өкінішке орай мұндай жағдайлар өте көп кездеседі». Сөйтіп, жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылды. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын корғау үшін жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құрбандыққа шалуы үйреншікті жағдайға айналды.

Сталиндік - сібірлік тәсілді негізге алған Голощекин астық пен ет дайындау науқаны барысындағы қателіктерін кулактар мен байларға қарсы күрес желеуімен бүркемеледі. Азық -түлік дайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына ғана емес, өз өмірлеріне де қауіп туғызды. Партия басшыларының қатыгез саясаты жергілікті жерлерде үрей отын шашты. Өйткені партияның арнайы және жергілікті өкілдері 107-баппен соттау, түрмеге қамау әрекеттерін кең жүргізді. Ал 1932—1933 жылдары азық-түлік даярлау барысындағы жазалау шараларын қатаңдатқан, негізінен, ату жазасын белгілеген бірнеше құжат жарық көрді.

1932 жылғы 7 тамызда қабылданған «Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымдар мен кооперациялар мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» заңы жазалаушылық әрекеттерді одан әрі өршіте түсті. Ол заң бойынша ату, немесе жазасын жеңілдетіп, мүмкін жағдайда мүлкін тәркілеп, 10 жылға түрмеге отырғызу жазасы белгіленген еді. Осылайша қанқұйлы саясат ұстаған басшылар қарапайым халық күйзелісін шегіне жеткізді. Алдымен мал, одан соң адамдар жаппай қырылды. Торғай облысында, мәселен 1931 жылғы 100 мың бас малдан 1933 жылы бар-жоғы 4 мыңы ғана қалды.

 

Жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілетін бұйрықтар мен нұсқаулар арқылы жүргізілді. 1930 жылы 5 қаңтардағы БК(б)П ОК-нің «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің ұжымшар құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды, негізінен, 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Осылайша тағы да жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, жоғарыдан қысым жасау басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын тұрған Голощекин ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді. 1932 жылдың 1 қаңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60—80%-ға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру қарқыны бұдан да тез жүргізілді. Ол көп жағдайда күштеу, қорқыту, жазықсыз жазалау әрекеттері арқылы іске асырылып отырды. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 1218 мың шаруа қожалықтары болған. Ұжымдастыру аяқталған соң 1933 жылдың ортасында оның 628 мыңы ғана қалды.

Байлар мен кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлау мәселелеріне байланысты Өлкелік партия комитеті жанынан жасырын үштік құрылды. Үштіктің 1930 жылы 23 қаңтарда өткен алғашқы жасырын мәжілісінде жаппай ұжымдастыру болатын аудандардан кулак қожалықтарын жер аударуды екі бағытта жүргізу — Казақстанның ішінде және Казақстаннан тыс жерлерге жер аудару көзделді. Осы жұмысты ұйымдастыру үшін округтерде де оперативтік үштіктер құрылды. Олардың құрамына округтік партия комитеттерінің хатшылары, округтік атқару комитеттерінің төрағалары, ОГПУ-дің басшы қызметкерлері кірді. Оларға кулак отбасыларын есепке алуға 10-ақ күн уақыт берілді. Қысқасы, барлық жұмыстар шұғыл, асығыс және қатал түрде жүзеге асырылды.

Партия, кеңес және ОГПУ органдары және олар арандатқан шолақ белсенділер өз халқына қарсы аяусыз соғыс жариялады. Әсіресе Өлкелік партия комитеті жанынан құрылған бай-кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлаған, құрамында Құрамысов, Альшанский және Асылбеков бар комиссия ерекше белсенділік танытты. 1930 жылы ақпан айында байлар мен кулактардың қожалықтары жер аударылатын құла-дүз, жері құнарсыз тоғыз аудан белгіленді. Олар темір жолдардан, өнеркөсіп орындарынан, шекарадан әлдеқайда қашық, елсіз-сусыз, шөл және шөлейт, бұрын халық тұрмаған аймақтар болатын. Алғаш бұл аудандарға шамамен 24 мың бай-кулак қожалықтары жер аударылатын болып белгіленді. Жер аударылатындардың әрбір жаңа ауылы 50 үйден аспауға тиіс болды.

1932-1933 жылдардағы ашаршылық. Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.

Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болғаны 4,5 млн бас еді. 1931І9ЗЗ жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.

 

 Ашыққан адамдардың жан-жаққа босуы

 

Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал қалғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың қақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыр жалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен саршұнақты түгін қалдырмай жеп қойғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.

Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді:

«Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім... Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».

Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халқын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.

 

Глоссарий:

Геноцид - халықтың жекелеген топтарын нәсілдік, ұлттық және діни белгілеріне қарай жою.

Ұжымдастыру - 1) қоғамдастыру. Социалистік елдердегі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру негізінде ірі социалистік ауыл шаруашылық кәсіпорны, ауыл шаруашылық артельдері т.б. етіп қайта құру. 2) КСРО-дағы 1920-жылдардың соңы мен 1930-жылдардың басындағы ауыл шаруашылығын өкіметтің қысымымен жаппай ұжымдық шаруашылықтар (колхоздар) етіп құру.

Шаруалар - жеке дара отбасылық еңбекпен айналысып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер. КСРО-дағы шаруалардың негізгі бұқарасы жеке тап ретінде ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ұжымдастыру кезеңінде жойылды.

Орташа - бай шаруа мен кедей шаруаның арасындағы аралық экономикалық жағдайды иеленген шаруа (жерді жалдамалы еңбексіз өңдеу, малы мен ауыл шаруашылық құрал-саймандарының болуы).

Жерді бірігіп өңдеу жөніндегі серіктестік (ТОЗ) - Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы жер үлестерін біріктіру, бірігіп еңбек етуге негізделген ауыл шаруашылық кооперациясы.

Трагедия - апатты зардаптары болатын қайғылы оқиға.

Халық шаруашылығы Кеңесі (Совнархоз, СНХ) - 1) РКФСР мен КСРО-дағы 1917-1932 жылдары губерниялардағы, өлкелер, облыстар мен округтердегі өнеркәсіп пен құрылыс істерін басқару органы, ВСНХ-ның (Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Кеңесі) жергілікті органы. 2) 1957-1965 жж. КСРО-дағы экономикалық әкімшілік аудандардағы құрылыс пен өнеркәсіпті басқарудың жергілікті органы.

Тәркілеу (конфискация) - қандай да бір дүние –мүлікті мемлекет меншігіне ақысыз- пұлсыз тартып алу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қазақстан тарихы 11 сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, Алматы «Мектеп» 2007 ж

Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы, 1994 ж.