1929-1931
жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс
Қазақстандағы
1929-1931 жылдардағы азаттық қозғалысының
алғышарттары, қозғалыстң сипаты.
Қозғалыстың негiзгi ошақтары. 1929, 1930, 1931 жылдардағы
көтерiлiстер, негiзгi оқиғалары, олардың басшылары.
Кеңес өкiметiнiң жазалаушы әскерлерiнiң 1929-1931
жылдардағы азаттық жолындағы халық-азаттық
қозғалысты қатыгездiкпен басып-жаншуы. Қарапайым
халықты қырғынға ұшыратуы. Мыңдаған
жергiлiктi халықтың шетелдерге қоныс аударуы.
Қазақстандағы
өкімет орындарының саясатына деген наразылықтардың алғашқы
белгілері - 1928 жылы жүргізілген тәркілеу кезінде пайда болды.
Алайда, жаппай ұжымдастыру науқаны басталысымен бірқатар
аудандарда негізгі қозғаушы күштері кедей және орташа шаруалар
болған көтерілістер бұрқ ете түсті. Көтерілісшілер
Кеңес және партия мекемелерін талқандап,
құжаттарды өртеді. Алайда көтерілісшілердің нашар
қарулануы мен олардың ұйымдаспағаны көтерілістердің
жеңіліске ұшырауына әкеліп соқты. Мемлекеттің
күш қолдану саясаты шаруалардың табанды
қарсылығына кездесті.
Көптеген аудандарда
сотсыз, тергеусіз ату жүзеге асырылды. ОГПУ (Отдел государственного
политического управления) қызметкерлері мен жергілікті кеңес және
партия қызметкерлері тұтқындалғандарды кіші калибрлі винтовкалармен,
бытыралы мылтықтармен атып, аяусыз азаптады. Бұл фактілер
Қазақстандағы Кеңес өкіметінің 20-30
жылдардағы қылмыстарын адамзатқа қарсы жасалған ең
қорқынышты қылмыстармен қатар қоюға
болатынын дәлелдеді. Бүтіндей алғанда, қазақтардың
жалпы санының кемуіне себепші болған «Кіші Қазан» ұжымдастыру
саясатын жасырылмаған геноцид деп есептеуге болады. Онымен бір мезгілде билік
органдары қазақтардан «босаған» жерлерге КСРО-ның басқа
аймақтарынан қуғын-сүргінге ұшырап,
мал-мүлкінен айырылған кулактарды әкеліп қоныстандыра
бастады.
Жаппай бой
көрсету тұрғындардың ұжымдастыру саясатына қарсы
жауабы болды. Басшылықтың пікірінше, Қазақстанда болып
өткен көтерілістер таптық күрестің шиеленісуінің
салдары, өз қызметін баяғыда тоқтатқан «Алаш»
партиясы әрекетінің нәтижесі болды.
1929-1931
жылдардағы бүкіл халықтық бой көрсетулер жеңіліске
ұшырады. Мұның басты себебі көтерілісшілердің
нашар қарулануы мен жеткілікті ұйымдаспағандығында еді.
Көтеріліс қарқынының төмендеуіне 1930-1931
жылдардағы тақап қалған аштықтың
әсері болды. Әлсіреген, қалжыраған, аштыққа
ұшыраған көшпелілер өз мүдделерін қолдарына
қару алып қорғай алмады. Наразылықтың негізгі
формасы − Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аудару болды.
Сырдария округі,
Бостандық ауданындағы көтеріліс қиян-кескі сипат алды.
1929 жылы 27 қыркүйекте өздерінің басшысы етіп
Тәліп Мұсабаевты сайлаған Некем ауылының тұрғындары
көтеріліске шықты. Көтеріліс бүкіл ауданға тез
тарап, құрамында қазақтар, өзбектер,
қырғыздар, тәжіктері бар 500-ге жуық адам көтерілісшілер
отрядын құрады. Нашар қаруланған шаруалар бірінші шайқастың
өзінде -ақ жеңіліске ұшырады. Көтерілісшілерге
Қырғызстандағы көтерілісшілер отрядының қосылуына
қарамастан, күштердің ара салмағы тең емес еді. Қиян-кескі
екі шайқастан соң, көтерілісшілер отряды талқандалды. 70-тен
астамы өліп, көпшілігі тұтқынға түсті, тек
шағын топ қашып құтылды.
1929 жылы
күзде Қостанай округінде көтеріліс бұрқ ете
түсті. Қазан айының өзінде қазақ және
орыс шаруаларының бес ауданынан жиналған өкілдері
өкіметке қарсы қарулы бой көрсету жөнінде келіссөздер
жүргізді. Көтеріліс Батпаққара ауданында 1
қарашада басталып, көтерілісшілер аудан орталығын басып алды.
Кеңес және партия, милиция мекемелерін талқандады, түрмедегілерді
босатты. Көтерілісшілерді А.Бекежанов, С.Қадиев,
А.Смағұлов т.б. басқарды. Аудан өкілдері Кеңес
өкіметін құлату жөнінде шешім қабылдады.
Ауылдарда кеңестер сайланып, ол әрбір ауыл көтерілісшілер
армиясына 50 жігіттен беру керектігі жөнінде шешім қабылдады,
көршілес аудандарға үгітшілер жіберілді. Қысқа
мерзім ішінде жалпы саны 500-ге жуық отряд жиналғанымен, он
көтерілісшінің біреуінде ғана ату құралы болды.
Далаға ОГПУ-дің қарулы отрядтары аттандырылып, көтерілісшілер
талқандалып, көтеріліс басып-жанышталды. 200-дей адам
тұтқындалып, Қостанайға айдалды.
Келесі 1930
жылдың көктемінде Қазақстандағы
көтерілісшілер қозғалысы күшейе түсті. Қазақстанның
оңтүстігіндегі Созақ ауданында ірі оқиға болды. Оның
басталуына ауданда мал-мүлкінен айырылған кулактар мен олардың
туыстары үшін бірнеше тұтқындар лагерінің ашылуы мен
мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Ораза айында діни
әдет-ғұрыптарды орындағандарға қарсы
өкімет орындарының айып салуы сылтау болды. Бұл
30-жылдардың басындағы неғұрлым ірі
көтерілістердің біір болды. Оған 5 мыңдай адам
қатысты. Сол уақыттағы деректер бойынша бұл
оқиғалар «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық
қарулы көтеріліс» ретінде сипатталады. Кейінірек,
Т.Рысқұловтың И.В.Сталинге жазған хатында атап
көрсетілгендей, күштеп ұжымдастыру дәстүрлі
көшпелі қоғамның бірқатар ережелерін бұзумен
қатар жүргізілді (қазақтарды ит терісі мен жылқы
құйрығын тапсыруға мәжбүр етті). Өмір
салтын бұлайша қорлау қоғамдық наразылық пен
қарсылықтың өсуіне әкеп соқты.
Т.
Рысқұлов.
Ақпан
айында Созақтың төңірегіне 400-дей адам жиналды. Болыс
қызметін атқарушы С.Шолақов хан болып сайланды, ол өз
басшылығымен көтерілісшілердің алғашқы отрядтарын
құрды. Созақ көтерілісі Сырдың бойындағы
Түркістаннан Жаңақорғанға дейінгі аумақты қамтыды.
Көтерілісті басу үшін Ташкенттен жалпы саны 225 адамы бар бірнеше әскерилендірілген
топ жіберілді. Жазалаушы отрядтың қатары жуырдағы сол
маңдағы елді мекендердегі коммуналар отрядымен толықты.
Көтерілісшілер
мен ОГПУ отрядтарының арасындағы алғашқы
қақтығыс 1930 жылы 12 ақпанда Созақтың
жанында болды. Бұл шайқаста екі жақта айқын басымдылық
көрсете алмады. Көтерілісшілер қару-жарақтарының
нашарлығына байланысты шегінуге мәжбүр болды. Бірнеше
топқа бөлінген көтерілісшілердің бір тобы Шежілі
арқылы Ташкент бағытына, басқасы
Шолаққорған арқылы Шуға беттеді. Жазалау
операцияларын Қазақстан ОГПУ-нің басшысы Ольшанскийдің
өзі басқарды. Оның нұсқауы бойынша коммунарлар
отряды Созақ көтерілісіне қатысы жөнінде сәл
күдік тудырған жазықсыз адамдарды сотсыз, тергеусіз атты.
Көтерілісшілер сол жылдың көтемінде талқандалды.
Көтеріліске қатысушыларды қуғындау 1938 жылға
дейін жалғасты.
Сол уақытта
осындай басқа көтеріліс Жетісудағы Ақсу ауданында да
болды. 1930 жылы 27 наурызда 200 көтерілісші Абакумовканы басып алды.
Оларға Кеңес өкіметінің саясатына наразы жергілікті
халықтың басым бөлігі қосылды. Келесі күні 40
адамдық қарулы отряд құрған Арасан елді
мекенінің тұрғындары көтерілісшілер жағына
өтті. Бас көтеру ұлттық сипатта болған жоқ,
өйткені оған орыс елді мекендерінің тұрғындары да
қатысты. Орыстардан 40 адамнан тұратын
көтерілісшілердің жеке отряды құрылды. Көтеріліске
қатысушылардың шешімімен орталық штаб Ақсуда орналасты.
Штабтың құрамына Е.Жанбаев, Қ.Қалиев,
Ғ.Сатырбаевтар енді.
ОГПУ отрядымен алғашқы
шайқас 28 наурыз күні болып өтті. ОГПУ отрядтары ауыр
жеңіліске ұшырады. Бірнеше күннен соң көтерілісті
басуға арнайы жіберілген қызыл гвардияшылар отряды көтерілісшілерді
Лепсі түбінде талқандады. Осы шайқастың салдарынан 15
адам өліп, көтеріліске қатысушылардың 79-сы тұтқынға
түсті. Жазалушылардың көтерілісшілермен екінші ірі
қарулы қақтығысы 2 сәуір күні болып
өтті. Күштер тең емес еді. Көтерілісшілер нашар
қаруланды. Қолға түскен 21 көтерілісшінің төртеуі
көтерілісті ұйымдастырушылар болып шықты. 300-дей адам қорқытып-үркітуден
соң көтеріліске одан әрі қатысудан бас тартты. 25
наурыздан 7 сәуірге дейін ОГПУ органдары жүргізген жазалау операциясының
барысында 161 адам өліп, 509 адам тұтқындалды. Операцияға
тұрақты армияның 1000-ға жуық солдаты
қатысты. Солай болса да көтеріліс мамырдың соңына дейін
созылды.
Неғұрлым
табанды әрі ұзаққа созылған көтеріліс Ақтөбе,
Қостанай және Қызылорда округтарының көлемді
аумағын қамтыды. Қысқа мерзім ішінде хан болып
сайланған А.Қанаев, Ж.Бәймібетов, М.Саматов, И.Сатыбалдин
т.б. басқарған көтерілісшілердің 6 отряды
құрылды. Көтерілісшілердің негізгі күштері
Қостанай округінің Жетіғара ауданының
оңтүстігінде орналасты. Көтеріліс басталғаннан партизандық
соғыс сипатын алып, жазалаушылардың шешуші соққы
жасауына мүмкіндік бермеді. Халық қозғалысын басу
үшін бұл аймаққа 8- атты әскер дивизиясының
бөлімдері, ОГПУ отрядтары, милиция, коммунистік отрядтар жіберілді. Көтерілісші
сарбаздар барлық жерде ауылдық кеңестерді талқандап, құжаттарды
жойды, астық дайындауға бөгет жасады, колхоздарды таратты. Әр
түрлі аудандардың көтерілісшілері біртіндеп Ырғыз
кентінің жанына шоғырлана бастады. Жазалаушылар оларды
тоқтатпақ болғанымен, айтарлықтай табысқа жете
алмады. Ірі шайқастар 14 және 15 наурыз күндері өтті, көтерілісшілер
ыдырады. Алайда қуғыннан қашып құтылып,
қайтадан күш жинап біріге алды.
8-дивизияның
басшылығы мен Қазақстан өкіметі қалыптасқан
жағдайға алаңдады. Көтеріліс ауданына темір жолмен броньды
техника, ұшақтар мен броньдалған автомобильдер аттандырылды. 20
наурызда жазалаушылар Айжарқын хан мен М.Саматовтың отрядын
талқандады. Хан қаза тапты, М.Саматов қоршауда қалып, берілуге
мәжбүр болды. Отрядтың қалдығы Арал
теңізінің солтүстігіндегі Қарақұмға қарай
шегіне бастады. Сарбаздармен бірге отырған жерлерін тастап
көтеріліске неғұрлым белсенді қатысқан бірнеше жүз
ауыл басқа жаққа көшіп кетті. Жазалаушылар
әскерін Арал станциясына жақындатып, сарбаздардың ізіне
түсуді жалғастырды. Пулеметтердің оқ жаудыруынан 100-ге
жуық қарусыз жігіт қаза болып, 150-дейі жараланды. Билік
органдары жалпы саны жүзден асатын үш экспедициялық отряд
жасақтады. Қарақұмдағы
көтерілісшілердің саны 500-700 сарбаз еді, бірақ
олардың көпшілік бөлігінде ату құралдары
болған жоқ. Қарусыз дерлік сарбаздардың табанды
қарсылығына ызасы келген өкімет көтеріліс ауданына
жаңа күштер жіберіп, Қызыл Армиялық топты 700
қылышы, 30 пулеметі мен зеңбірегі, ұшақтары мен
броньдалған техникасы бар күшке айналдырды. Ірі күштер Торғай
мен Қарсақбайда орналасты. Солай бола тұрса да,
көтерілісшілерді талқандаудың сәті түспеді, сондықтан
сәуірдің соңында бейбіт келіссөздер басталды.
Әліби Жангелдин
Қарақұмға
Ә.Жангелдин бастаған үкімет комиссиясы келді. Сарбаздар
жағынан келіссөздерді Ж.Бәйімбетов, Д.Қараев, А.Әйменовтер
жүргізді. Олар мынадай талаптар ұсынды:
·
Орташалардан
заңсыз тәркіленген малды қайтару;
·
Ұждан
бостандығы, мешіттерді қайтару және дінге сенушілердің
істеріне өкіметтің араласпауы;
·
Тәркілеуге
тыйым салатын декрет жариялау, оны үкімет орындарының
мүлтіксіз орындауы;
·
Күштеп
ұжымдастыруды тоқтату;
·
Ауылдағы
«тап күресін» жасанды шиеленістіруді тоқтату;
·
Ауыл
ішіндегі барлық мәселелерді «өкілетті өкілдер» емес,
жалпы жиналыстың шешуі;
·
Салық
мөлшерін малдың санына қарай белгілеу;
·
Малшылардан
астық салығын алу ісін тоқтату;
·
Көтерілісші
ауылдардан Қарақұмда ерекше әкімшілік құру.
Осы шарттар орындалған жағдайда
ғана, көтерілісшілер қаруларын тастауға келісімін
берді. 30 сәуірде сарбаздар қаруларын өткізе бастады.
Өкімет орындары өз уәделерінде тұрмады. Барлық
көтерілісшілер қаруларын тастаған соң, ОГПУ органдары көтерілістің
жетекшілері мен белсенді қатысушыларын тұтқындай бастады.
Ауылдар жаппай ұжымдастыру науқаны қызу жүріп
жатқан бұрынғы орындарына қайтарылды.
Өкімет оырндарының саясатына
наразылық Шығыс Қазақстанда да қарулы
көтеріліске ұласты. 1930 жылы 20 ақпанда Өскемен мен
Зыряновск аудандарының бес селосының шаруалары бас көтерді. Көтерілісшілер
«Кеңес өкіметі жойылсын, ерікті еңбек жасасын!» деген
ұран көтерді. Бірнеше күннің ішінде көтерілісшілерге
көршілес селолар да қосылды. Екі күннен соң
шаруаларға қарсы ОГПУ бөлімдері жіберілді, оларды ауылдан
қуып шығып, көтеріліс басшысы Толстоуховты
тұтқындады, көтерілісшілердің қалған
бөлігі тауға кетіп, Қытайға өтуге
әрекеттенді. 1930 жылы көктемде «Кіші Қазан» саясаты мен
ұжымдастыру саясатына қарсы бой көрсетулер Қаратал
ауданында да орын алды. Мұнда көтеріліс басып-жаншылған
соң қазақтар Қытайға жаппай қоныс аудара
бастады.
Ұжымдастыру жылдары жергілікті
халықтың бас көтерулері барлық дерлік жерде болды. Соңғы
ірі көтерілістердің бірі- 1931 жылы көктем-жазда
Маңғыстауда болды. Табын мен адай руларының
қазақтары көктемде ұжымдастыру мен ет дайындаудан қашып,
Түркменстанға, Қарақалпақстанға, тіпті
Кавказға жаппай көше бастады. Қазақтарды тоқтату
әрекеттері бүкіл Табын ауданын, Маңғыстау ауданы
шаруашылықтарының 60 %-ын, көрші аудандардың бірнеше
ауылдарын қамтыған қарулы көтеріліске әкеп
соқты. Көтерілісшілер жағына Форт
Александровск-Қоңырат темір жолына жақын елді
мекендердің тұрғындары да өте бастады.
Жағдайдың
шиеленісуіне 1930 жылы қазанда ОГПУ органдарының Форт
Александровскіде орналасқан контрреволюциялық ұйым
жөнінде ойдан шығарылған ісі әсер етті.
Көтерілісшілер Форт Александровскіні алуға әрекеттенді. Бірқатар
ауылдық кеңестерді талқандады. Маңғыстау облысындағы
көтеріліс көлемінің артуына алаңдаған
Ф.И.Голощекин Мәскеуден көмек сұрады. Адай көтерілісін
басу үшін Маңғыстауға 8-дивизияның
бөлімдері, Әзірбайжан ОГПУ-інің күштері,
13-полкінің тұрақты бөлімдері, моторлы және
механикаландырылған техника жіберілді. Екі айдың ішінде
адайлықтар мен табындықтардың негізгі күштері
талқандалып, қарусыздандырылды. Жазалушы операцияның нәтижесінде
бірнеше жүз қозғалысқа белсенді қатысушылар тұтқындалып,
сотқа берілді.
Ф.И.Голощекин
Адай
көтерілісін басу үшін Маңғыстауға
8-дивизияның бөлімдері, Әзірбайжан ОГПУ-інің
күштері, 13-полкінің тұрақты бөлімдері, моторлы
және механикаландырылған техника жіберілді. Екі айдың ішінде
адайлықтар мен табындықтардың негізгі күштері
талқандалып, қарусыздандырылды. Жазалушы операцияның нәтижесінде
бірнеше жүз қозғалысқа белсенді қатысушылар тұтқындалып,
сотқа берілді. 196 көтерілісші түрмеге жабылды.
Контрреволюциялық ұйымның қызметіне араласты деген
сылтаумен ОГПУ ішінде большевиктік партияның 11 мүшесі бар 68
адамды тұтқындады. «Үштіктің» үкімі бойынша Кеңес
өкіметіне қарсы қастандық ұйымдастырды деп
айыпталып, 21 адам атылды. Айыпталғандарға ең жоғары
жазаның қолданылуы бұл жөнінде ОГПУ басшысы
Ольшанскийдің Голощекин мен Құрамысовқа жіберге жазбаша
өтінішінен соң іске асырылды. Голощекин өтінішті
қанағаттандырды. Қоршаудан шығудың сәті
түскен аздаған топтар ғана өз отбасыларымен бірге
Түрікменстан арқылы Иран мен Ауғанстанға қоныс
аударды.
1931-1932 жылдары
аштықтан аман қалған халықтың жартысы, яғни
1 млн 30 мың адам көшіп кетті, олардан тек 414 мыңы
ғана қайтып оралды, 616 мыңы қайтқан жоқ.
200 мыңы Қытай, Монғолия, Ауғанстан, Иран мен
Түркияға өтті.
1929-1933 жылдар
аралығында Қазақстан жөніндегі Біріккен Мемлекеттік
Саяси Басқарма (БМСБ) уәкілетті өкілдігінің
үштігі толық емес деректер бойынша 9805 іс қарап, 22933 адам
жөнінде шешім қабылдаған. Солардың ішінде 3386
адамға ең ауыр жаза-ату, 13151 адамға 3 жылдан 10 жылға
дейінгі мерзімге концентрациялық лагерьге қамау жөнінде үкім
шығарылды. Үштіктің хаттамалары қазақ
өлкелік партия комитетінің жабық мәжілістерінде қаралып,
оларға хатшылардың бірі-Ф.Голощекин,І.Құрамысов, ал
1930 жылғы 9 наурыздан бастап, БК (б)П Қазақ өлкелік
комитетінің өкілі Г.Рошаль қол қойып отырды.
Глоссарий:
Кооперация (лат.ынтымақтастық)-
шаруашылықты бірігіп жүргізу, кәсіпкерлікті, ұсақ
өндіріс пен маусымдық еңбек қызметін ұйымдастыру
жөніндегі ерікті серіктестік.
Шаруашылық есеп- КСРО-да
енгізілген шаруашылықты жоспарлы жүргізудің әдісі.
Несие- бағалы
заттарды ( ақша, тауарлар) қарызға беру.
Дағдарыс- қандай
бір нәрседегі шұғыл, тіке бетбұрыс.
Ұжымдастыру-
қоғамдастыру, социалистік елдердегі ауыл шаруашылығын
ұжымдастыру- ұсақ шаруа шаруашылықтарын
біріктірудің негізінде ірі социалистік ауыл шаруашылық
кәсіпорны, ауыл шаруашылық артельдері етіп қайта
құру.
Шаруалар- жеке дара отбасылық
еңбекпен айналысатын ауыл шаруашылық өндірушілері.
Орташа- бай шаруа
мен кедей шаруаның арасындағы аралық экономикалық
жағдайды иеленген шаруа.
Трагедия- апатты
зардаптары болатын қайғылы оқиға.
Тәркілеу
(конфискация)- қандай да бір дүние мүлікті мемлекет
меншігіне ақысыз-пұлсыз тартып алу.
Геноцид-
халықтың жекелеген топтарын нәсілдік, ұлттық
және діни белгілеріне қарай жою.
Жазалау шаралары- кек
алудың, жазалаудың түрлері.
Репрессия- мемлекет
органдары қолданатын азаматтардың
құқықтарына нұқсан келтіру, жазалау.
Миграция-халықтың
қоныс аударуы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақстан тарихы 11 сынып. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт. Алматы «Мектеп», 2007 ж., 2011 ж.
Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы,1994 ж.