ХХ ғасыр
басында ұлт-азаттық қозғалыстың жалғасуы.
1905-1907 жылдардағы революция кезiндегi шаруалар, жұмысшылар
қозғалыстары
1905—1907 жылдардағы революцияның
Қазақстанның саяси дамуына әсері. Қазақ елі
өзінің отарлық езгідегі халін түсіне бастауы және
ұлттық зиялы қауымның нақты әрекетке
көшуі -1905-1907 жылдарда бірінші орыс
буржуазиялық-демократиялық революциямен тікелей байланысты.
Ғасырлар
бойы қасық қаны қалғанша
қорғаған жерінен айырылып, кіріптарлық күйге
түскен қазақтың ауыр халі және патшалық Ресейдің
қатал отарлық саясаты көзі ашық оқыған
қазақтың азаматтарына ой салды. Дәл осы тұста
қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы,
Мұхаметжан Тынъиипаев, Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер,
Жақып Ақбаевтар саяси күрес сахнасына көтерілді.
Жақып Ақбаев.
Халел Досмұхамедов.
Ахмет Байтұрсынов.
Ресейдегі
алғашқы революциялық қозғалыс пен отарлық тәуелділіктегі
халықтардың, соның ішінде қазақ елінің де
өз азаттығы үшін күрес жолына түсуі арасында
тікелей байланыстың бар екендігі рас. Сонымен бірге метрополия мен
отарлық тәуелділіктегі елдердің азаттық үшін
қозғалыстарындағы айырмашылықтың табиғи
сипатын да жоққа шығаруға болмайды. Ол
айырмашылықтар бұл қоғамдық
қозғалыстардың көздеген мақсатынан және
оларға ат салысқан әлеуметтік күштердің
құрамынан туындайды. Егер орыс азаттық
қозғалысының негізгі мақсаты Ресейдегі
басыбайлылық тәртіп қалдықтарын біржола жойып еркін
экономикалық және демократиялық өзгеру жолына алып
шығу болса, ұлт зиялылары бастаған ұлт-азаттық
қозғалысының басты мұраты ұлттық
мемлекеттік дербестікті жаңғырту арқылы басқа елдермен
тең құқықты өркендеуге жол ашу болды. Яғни
ұлт-азаттық қозғалысы үшін бірінші кезекте
ұлттық еркіндік және теңдік мәселесі тұрды.
Мұхаметжан Тынышпаев.
Әлихан Бөкейханов.
Міржақып Дулатов.
Қазақ
халқының мұң-мұқтажын жоқтаған
ұлт зиялылары азаттық қозғалыстың бастаушы
күшіне айналды. Қазақ жерін отарлап, халқын орыстандыру
секілді патшалық Ресейдің өктемдік саясатын әшкерелеп,
оған қарсы үгіт-насихат жүргізген Ә.Бөкейханов,
А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақбаев және басқалардың қатысуымен
даярланған арыз-тілектерде алым-салықтың көбеюіне,
билік өкілдерінің озбырлығына, сондай-ақ жаппай
қоныстандыру саясатына батыл қарсылық көрсетілді.
Патшалық самодержавиеге қарсы үгіт-насихат жүргізген
түрлі астыртын ұйымдар мен топтардың ісіне араласа
жүріп, өздерінің ой-пікірлерін, жеке
көзқарастарын баспасөз беттерінде жариялап отырды. Мысалы,
М.Тынышпаев: «Сахарадағы толқудың басты себебі саяси,
рухани, діни, экономикалық езгі, — деп ашық айтты.
1905
жылғы жазда Сырдария облысының Шымкент, Әулиеата уездерінде
толқулар бұрқ ете түсті. Мамыр—қазан айлары
аралығында ірі қалаларда социал-демократиялық топтар ұйымдастырған
шерулерге қатысушылар «Самодержавие жойылсын!» деген ұрандар
көтеріп шықты.
Семей облысы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде Дала өлкесінде көп дабыра тудырған атақты Қарқаралы арыз-тілегі (петициясы) дүниеге келді. Оның соңына 14,5 мың адам қол қойды. Арыз-тілекте сол тарихи кезеңдегі қазақ азаттық қозғалысының алдында тұрған негізгі міндеттер бағдарламалық деңгейде баяндалды.
Жер мәселесін, халыққа білім алу мүмкіндігін туғызу, дін тұтыну еркіндігін және басқа талаптар қойған арыз-тілектер Оралда, Жетісуда, Әулиеатада, Лепсіде, Торғайда және тағы басқа орталықтарда даярланып, орталық билік орындарына жөнелтілді.
Мемлекеттік Дума және қазақтар. Ресейдегі азаттық қозғалыстың өрлеу барысында қазақ қоғамына да жеткен тарихи жаңалықтардың бірі 1905 жылы 6 тамызда шыққан манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығының берілуі еді. Ұлт зиялылары Мемлекеттік Дума мінберін империяның Қазақстандағы саясатына, әсіресе, жер мәселесін тура шешуге ықпал жасау құралы ретінде бағалап, оның жұмысына үміт артып, депутат сайлау науқаны мен Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына белсене араласты.
I Мемлекеттік Дума (1906 жылы 27 сәуір- 8 шілде) жұмысына
қазақ елінің атынан тоғыз депутат
қатысты. Оның ішінде 4 миллиондық қазақ халқынан 5 депутат: Орал облысынан — Алпысбай Қалменов (титулды кеңесші), Торғай
облысынан — Ахмет Бірімжанов (сот тергеушісі), Семей облысынан — Әлихан Бөкейханов(экономист), Бөкей Ордасынан-Б. Құлманов (титулды кеңесші)және Ақмола облысынан –Ш.Қосшығұлов(молда) сайланды. Орыс
халқы 4 депутат сайлады.
Ахмет Бірімжанов.
Бақтыгерей Құлманов.
Дума
отырысында А. Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің
жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екенін
айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған
комиссияның құрамына қазақ депутаттарынан
өкіл енгізуді ұсынды. Қазақ
депутаттары, сондай-ақ мұсылмандар
фракциясы тарапынан аграрлық мәселеге байланысты
даярланған тұжырымдаманы жазуға
қатынасып, үкімет орындарына қазақ жеріне көшіп
келгендерді орналастырумен айналысатын комиссиялардың заңсыз
әрекеттеріне тыйым салу жөнінде сұрау салды.
Бар
болғаны 73 күн жұмыс жасап үкімет шешімімен таратылған
I Думаның 182 депутаты наразылық танытып Выборг (Финляндия)
Манифестіне қол қойды. Олардың арасында Ә.
Бөкейханов та бар еді.
Өз
жұмысын 1907 жылы 20 ақпанда бастаған екінші Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан 14
депутат сайланды. Соның ішінде қазақ халқынан 7 депутат:
Орал облысынан заңгер Б. Қаратаев, Жетісу облысынан инженер М.
Тынышпаев, Сырдария облысынан титулды кеңесші Б. Құлманов
және Семей облысынан малшы Т.
Нұрекенов, Торғай
облысынан- сот тергеушісі А.Бірімжанов, Ақмола облысынан малшы
Ш.Қосшығұлов және Сырдария облысынан малшы Т.Аллабергенов сайланды. Бұл
аталған кісілердің ішінде үшеуінің жоғары білімі
болды. Бұл Думаға орыс халқынан 7 депутат сайланды.
Дума
жұмысында қызу пікір тартысын тудырған тағы да
аграрлық және қоныс аудару мәселесі болып шықты.
Жергілікті халықтардың құқығы мен
мүддесі ескерусіз қалғандығы айтылып, ешқандай да
даярлықсыз жүргізіліп жатқан қоныс аудару саясаты
өткір сынға алынды. Дума мәжілісінде сөйлеген депутат Б.Қаратаев.
«130 000 помещиктің мүддесін қорғау үмітін»
үкімет жерсіз орыс шаруаларына егіншілікке жарамды қазақ
жерлерін тартып әперіп отырғандығын айтып, осы
жағдайға байланысты зиялы орыс қауымынан қолдау
күтетіндігін білдірді. Дума құрамында жер мәселесіне
байланысты қазақ халқына жанашырлықпен қараған
Волков 2-ші, Скалозубов, Дзюбинский, Виноградов, Мақсұдов, Жағыпаров
сияқты депутаттар бар еді. Мәселен, Орынборлық депутат Т.И.Седелъников басқа сібірлік депутаттардың
ұйымдастыруымен Ақмола, Семей облыстарындағы жергілікті
халықтың жер тапшылығын көріп отырғандығын
баяндаған 53 депутаттың қолы қойылған
Мәлімдеме Дума төрағасына тапсырылды.
Дегенмен
Дума мүшелерінің талап-тілегіне қарамастан билік орындары
тарапынан отарлау үдерісіне белгілі бір шектеу қоя алатындай
құжат қабылданған жоқ. Ал 1907 жылы 3 маусымда
үкімет қабылдаған заңда «көшпелі бұратаналар
сайлауға қатыса алмайды» деп көрсетілді. III және
IV Думаларға қазақ
қоғамынан депутаттар сайланбады. Қазақ
зиялыларының жаңадан қалыптаса бастаған орыс парламентіне
артқан үміті ақталған жоқ. Сонымен бірге Дума
жұмысына тікелей және мұсылман фракциясы арқылы
қатынаса жүріп ұлт зиялылары саяси тәжірибе жинады,
көздеген мұратқа жету үшін ауыр да ұзақ
жолдан жүріп өту қажеттігін түсінді.
Қазақстан
Уақытша үкімет билігі тұсында. Қазақ комитеттерінің құрылуы. 1917
жылы 27 ақпанда жеңіске жеткен буржуазиялық-демократиялық
революция Ресей өміріне түбегейлі өзгерістер ала келді.
Монархиялық билік құлады, патша тағынан айырылды.
Жаңа мемлекеттік билік жүйесін анықтауға тиіс
болған Жалпыресейлік Құрылтай жиналысы шақырылғанға
дейін саяси билік Уақытша Үкімет қолына көшті. Осы жылы
2 наурыз күні құрылған жаңа үкімет елде
демократиялық билік жүйесін орнату бағытын ұстанатындығын
мәлімдеді. Газеттерде жарияланған үкімет Мәлімдемесінде
«сословиялық, діни және ұлттық шектеулердің
жойылатындығы» айтылды.
Думадағы
мұсылман депутаттарының ұйымдастыруымен 7 наурыз күні
Петроградта қаланың мұсылман тұрғындарының
жиналысы өтіп, жиналыс атынан Дума төрағасы М. В. Родзянко
мен Уақытша үкіметтің төрағасы князь Г. Е.
Львовқа жеделхат жолданып, онда Ресей мұсылмандары билікті
жария еткен өз бағдарламаларын іске асырады деген тілекпен
оған толық қолдау жасайтындықтарын білдіреді.
Революция
жеңісі туралы хабарды бүкіл қазақ халқы
қуанышпен қарсы алып, ғасырлар бойы күткен арман-тілектерінің
орындалар сәті туды деп түсінді. Ә.Бөкейханов бастаған
қазақ зиялылары құрылтай жиналысы шақырылып, елдегі
саяси биліктің түрі мен мазмұнын
анықтағанға дейін халықты Уақытша
үкіметтің шараларын қолдауға шақырды.
1917
жылы 16 наурызда Батыс майдан штабы (Минск қаласы) жанындағы Земск
және қалалық одақтардың біртұтас
бөлімін басқарып жүрген Ә. Бөкейханов жедел
түрде Петроградқа шақырылып, Уақытша
үкіметтің Торғай облыстық комиссары қызметіне
тағайындалды. 7 сәуірдегі шешімімен Уақытша үкімет
Түркістанды басқару ісін 9 адамнан тұрған
Түркістан комитетіне тапсырды. Оның алғашқы
құрамы мынадай топтан тұрды. Н.Н.Щепкин (төраға),
Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев, С.Мақсұдов,
В.С.Елпатъевский, А.А.Липовский, П.Б.Преображенский, О.А.Шкапский және
Г.Дәулетшин.
Түркістан
өлкесінің құрамына бұл кезде Самарқан, Ферғана
облыстары, Хиуа хандығы және Бұқар әмірлігінен
басқа басым бөлігі қазақ уездерінен тұрған
Сырдария, Жетісу және Закаспий облыстары енді. Шамамен осы күндері
құрылған Орталық мұсылмандар бюросы
өзінің 10 сәуірде қабылдаған шешімімен
Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің
мұсылман мүшелеріне мынадай ұстанымдарды басшылыққа
алу жөнінде ұсыныс жасады: Түркістандағы ескі билік
өкілдерін қызметінен аластауды; жергілікті халықтың
құқын орыстармен толық теңгеруді; барлық жергілікті
мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда ұлттық
азшылықтардың өкілдігіне кепілдік беруді; Уақытша
үкіметтің Түркістан комитетінің қызметін жұмысшы
және солдат депутаттары кеңестеріне біріккен жергілікті демократия
өкілдерінің қызметімен үйлестіре жүргізуді;
отаршылдық көзқарас және саясатпен күреске
қажет барлық шараларды іске асыруды.
Наурыз
айының алғашқы жартысында-ақ бүкіл империя
көлемінде, яғни облыс, уезд, болыс және ауылдарда ескі
құлаған үкіметтің орнына жаңа Уақытша
үкіметтің басқару органдары қалыптаса бастады.
Азаматтық комитеттер атанған бұл жергілікті басқару
буындарын құру ісінде белсенділік танытқан орыс және
басқа да еуропалық тұрғындар болды. Олар жаңа
билік орындарын сол бұрынғы патшалық жүйе тұсындағыдай
өздеріне ғана тиесілі билік есебінде қабылдады.
Міне,
осындай жағдайда 1917 жылдың наурыз айынан бастап қазақ
облыстарында, тіптен қайсыбір аймақтардағы уездерде
жергілікті ұлт зиялыларының басшылығымен Қазақ
комитеттері құрыла бастайды. Олардың негізгі міндеті
түрлі деңгейдегі қазақ съездерін даярлап өткізу,
сондай-ақ жергілікті халықтың талап-тілектерін билік алдына
қойып, оларды шешуге күш салу еді. Жалпы, 1917 жылдың
көктемінде өлкенің ұйғыр, дүнген
сияқты басқа да этникалық топтарының ұлттық
және діни негізде өз ұйымдарын құру талпынысы
байқалды.
Осы
жылдың наурыз және сәуір айларында болып өткен
облыстық орыс және қазақ тұрғындарының
біріккен съездерінде Уақытша өкіметтің облыстық
атқару комитетіне мүше болып Торғай облысы бойынша С.Кәдірбаев,
А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және Н.Бегімбетов, Орал
облысы бойынша Д. Күсепғалиев, Ғ. Әлібеков және
Б. Қаратаев сайланды.
Қазақ
зиялылары, сондай-ақ уездік деңгейдегі мемлекеттік басқару
қызметтеріне тағайындала бастады. Сәуір айында Уақытша
өкіметтің уездік комиссары қызметіне Қостанай уезі
бойынша заңгер А.Бірімжанов, Торғай уезі бойынша мұғалім
Ғ.Алмасов, Ырғыз және Ақтөбе уездерін
бірдей басқаруға заңгер Ғ. Теміров бекітілді.
Қорыта
айтқанда, қазақ зиялыларының мемлекеттік басқару
ісіне түрлі деңгей және дәрежеде араласуы
Қазақстанның барлық аймақтарында жүріп
жатты. Бұл халық арасында бұрын байқалмаған саяси
белсенділіктің көрінісі еді. Торғай облыстық орыс
және қазақ тұрғындарының біріккен съезі
(1917, 20—28 сәуір) облыс комиссары Ә.Бөкейхановтың ұсынысы
бойынша «атқаратын жұмысы жоқ болғандықтан Орал —
Торғай қоныс аудару мекемелерінің басқару буындарын
жою» және «шаруалар бастығы мекемелерін тарату» жөнінде шешім
қабылдайды. Бұл іс жүзінде бұрынғы
империялық мемлекеттік құрылымда таза отарлаушылық
міндет атқарып келген мекемелерді жоюға бағытталған
алғашқы қадамдардың көрінісі еді. Осы шаралармен
бір мезгілде патшалық губернаторлар мен уезд бастықтарын,
олардың кеңсе шенеуніктерін қызметінен босату,
сондай-ақ ескі билік тұсында түрлі заңсыз зорлық істерімен
көзге түскен шенеуніктерді айыпқа тарту қатар
жүрді.
Уақытша
үкімет билігі тұсында байқалған тарихи
оқиға — бұл елдің барлық саяси
орталықтарында болып өткен казақ съездері еді.
Қазақ саяси элитасының кемелдік деңгейін танытқан
бұл съездер, біріншіден, күнделікті өмір
ағымынан туындап, тез арада шешімін күткен (аштықпен
күрес, босқындарға көмек ұйымдастыру, комитеттер
құру т.с.с.) және екіншіден, осы жылдың
соңында шақырылмақ Бүкілресейлік Құрылтай
жиналысына шығарылуға тиіс (жалпыресейлік мемлекеттік түрі,
соған байланысты қазақ халқының мемлекеттік
статусы; жер мәселесі, қоныс аударушылар легін тоқтату
және басқа да с.с.) мәселелерді талқыға салып,
олар бойынша сол тарихи кезеңге лайық өз ұсыныстарын
білдірді.
Осы
жылы облыстық, уездік, қайсыбір жерлерде болыстық
деңгейде құрылған Қазақ комитеттері
қазақ халқының өзін-өзі басқаруға,
ұлттық мемлекеттікке ұмтылысының көрінісі болды.
Сондықтан да Қазақ комитеттерінің осы жылдың
соңына қарай құрылған Алаш партиясы мен Алашорда
өкіметінің жергілікті іс жүргізу буындарына айналуы толық
табиғи құбылыс еді.
Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы. Азамат
соғысы. 1917 жылдың күзіне қарай Ресей
империясындағы жағдай терең өзгерістерге ұшырады.
Соғыстың ауыр шығындарына азық-түлік
тапшылығы қосылып, елдің түрлі аудандарында аштық
көріне бастайды. Уақытша үкімет экономикалық
дағдарыстан шығу жолдарын іздеудің орнына халық
наразылықтарын күшпен басуға көшті.
Қалыптасқан жағдай әлсіз Уақытша
өкіметтің беделінің түсуіне, керісінше
қоғам алдында большевиктер бастаған солшыл
күштердің салмағының өсуіне негіз болды.

Осы
жылдың 24-25 қазан күндері Петроградта басталған
қарулы көтеріліс жеңіске жетіп 25 қазан күні
кешінде Смольныйда ашылған Кеңестердің Жалпыресейлік II съезі
Уақытша үкіметтің тұтқынға алынып, елде
биліктің жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары қолына
өткендігін мәлімдеді. 26 қазан күні Кеңес
Үкіметінің «Бейбітшілік туралы Декреті» және «Жер туралы
Декреті» қабылданды. Бірінші құжатта Кеңес
үкіметінің соғысқа қатысушы барлық
жақтарды «әділ демократиялық бітім жасау жөнінде
келіссөзді бастауға шақырса, екінші құжатта жерге
жеке меншіктің жойылып, оны мемлекеттік меншік ауыстыратындығы
айтылды.
3
карашада «Ресей халықтарының құкық Мәлімдемесі»
қабылданып, онда жаңа билік империя құрамындағы
ұлттардың теңдігі мен еркіндігін мойындайтындығын,
әрбір халықтың өзіне қажет деген билік
түрін өз бетінше анықтай алатындығын, тіптен дербес
мемлекет құру құқын жария етті. 20 қарашада
«Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман
еңбекшілеріне» Үндеуі жолданып, онда Ресей
мұсылмандарының күнделікті өмірін өз қалауларынша
жүргізу мүмкіндігі бар екендігі тағы да айтылды. Империя
ауқымындағы билік үшін күрес барысында большевиктер
осылайша ұлттық теңсіздік тақсыретін әбден
тартқан халықтарды түрлі уәделермен өз
жағына аударумен болды.
В.И.Ленин.
Владимир Ильич Ленин (Ульянов). 1870-1924 жылдар
өмір сүрген. Ресейлік саяси қайраткер. Дворян тегінен шыққан. 1887
жылы Қазан университетінің заң факультетіне оқуға
түседі. Студенттік жасырын
ұйымға қатысқаны үшін, оқудан
шығарылып, жер аударылады. 1891 жылы Санкт-Петербург
университетінің заң факультетіне емтихан тапсырады. Самарада
өкілдік присяжный көмекшісі болып жұмыс істейді. 1895 жылы
Петербургте «Жұмысшы табын азат ету жолындағы күрес
одағын» құрғаны үшін тұтқындалады.
1897 жылы 3 жылға Енисей губерниясына жер аударылады. 1900 жылдан бастап
Плехановпен бірге «Искра» газетін шығарады. РСДЖП ІІ съезінде большевиктер фракциясын басқарады. 1917
жылы ол өзінің атақты «Сәуір тезистерінде» социалистік
революцияға бағыт алуды
ұсынады. 1917 жылы қазанда Петроградта қарулы көтерілісті басқарады.
Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезінде тұңғыш кеңес
өкіметі-Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болады. 1918 жылы
қастандықтың нәтижесінде ауыр жараланады. Азамат
соғысы, «Әскери коммунизм», ЖЭС сияқты маңызды шараларды тікелей басқарады. Ол К.Маркс
пен Ф.Энгельс идеяларын жақтаушы адам. Ұзаққа
созылған науқастан 1924 жылы қаңтарда қайтыс
болды.
И.В.Сталин.
Иосиф Виссарионович Сталин
(Джугашвили). 1878-1953 жылдары өмір сүрген. Кеңес мемлекеті Коммунистік
партиясының басшы қайраткері. 1894 жылы Гори
қаласындағы діни училищені бітірген. Тбилисидегі
Православиелік семинарияға
оқуға түскен. Астыртын революциялық қызметпен
айналысқан. Бірнеше рет тұтқындалып, жер аударылған.
1917 жылы Қазан социалистік революциясының көрнекті басшысы, азамат соғысы
кезінде Қызыл Армияның
жетекшілерінің бірі болды. 1922 жылы РК(б)П ОК-нің Бас
хатшысы болып, бұл қызметті 30 жылдан астам уақыт
атқарды. Басында Лениннің қағидаларын
ұстанған. Кейін одан бас тартып, өз еңбегін асыра бағалай бастады. 1937-1938 жж
болған қуғын-сүргінде миллиондаған жазықсыз
жандарды жазалап, ГУЛАГ азабын тартқызды. Жеке басқа
табынушылықты қалыптастырды. Өрескелдік,
заңдылықтың бұзылуына жол беріп, жеке билік
тәртібін орнатты. Кеңес еліндегі 1922-1953 жылдар арасында
болған бүкіл қоғамдық-саяси үрдістер,
саясаттар Сталиннің басшылығымен жүзеге асты. КОКП ХХ съезі
(1956 жылы 14 ақпан) Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптады.
Қазір Сталиннің
қызметіне шынайы баға берілді. Ол 1953 жылы 5 наурызда
науқастан қайтыс болды.
Қазақстанда
Кеңестер билігінің орнауы 1917 жылдың соңы мен келесі
1918 жылдың наурызы аралығында жүрді. Соған дейін Ресей
империясының құрамында болған Польша мен
Финляндияның мемлекеттік еркіндігін бірден мойындаған
Кеңестік билік, құрамындағы басқа ұлттарға
байланысты екі жақты, қайшылықты ұстанымға
көшті. Мәселен, В. И. Ленин мен И. В. Сталин Түркістан
кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында: «Халық
комиссиялары кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің
кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды», —
деп көрсетті. Яғни, империя құрамындағы
халықтардың өздеріне қажет деген мемлекеттік түрін
анықтай алу құқын мойындаған жаңа билік, сонымен
бірге ондай мемлекеттік құрылымның тек «кеңестік негіздегі
автономия» ғана бола алатындығын өзі белгілейді.
Басқаша айтканда, Польша мен Финляндияға байланысты «демократиялық»
ұстанымдағы большевиктер билігі ортаазиялық
халықтарға келгенде қандай мемлекеттік түрі лайық
екендігін сол халықтардың өздерімен кеңесіп
жатпай-ақ шешудің көрінісі еді. Бұл іс жүзінде
орталық тәуелділікте болып келген халықтарға қай
тұрғыдан алғанда да қажет ұлттық
мемлекеттілікті ысырып тастап, оның орнына пролетарлық
интернационализмді жамылғы тұтқан жаңа
мазмұндағы империялық тәртіпті ұсынудың
өзі-тін.
Мемлекеттілік түрін анықтау ісінде мұндай өктем ұстаным танытқан Кеңес үкіметіне ұлт-азаттық қозғалыс басшылары сенімсіздікпен қарап, 1918 жылы жазғытұрым басталып кеткен Азамат соғысы тұсында ақгвардияшыл күштер жағында болды. Дегенмен мұндай ұстанымға да олар бірден көше қойған жоқ, алдымен, кеңестік билікпен байланыс жасап (1918, наурыз—сәуір) өзара түсінісуге ұмтылыс жасады. Бірақ ондай әрекеттен ештеңе шықпады. Алаш әскери құрамалары ақ казак және ақгвардияшылармен бірге Орал, Семей, Торғай және Жетісу облыстарында белсенді соғыс қимылдарына араласты. 1918 жылдың шілдесінде Алашорда үкіметі Алаш автономиясын мойындау жөнінде Самарадағы Құрылтай Жиналысы Комитетімен және Сібір Уақытша үкіметімен келіссоздер жүргізді. Бірақ ресейлік эсерлер мен олардың одақтастары — казактар мен ақгвардияшылар дербес қазақ мемлекеттігін мойындаудан бас тартты. Бұл жағдай Алашорда үкіметін 1919 жылдың көктемінен бастап Мәскеудегі Кеңес үкіметімен қайтадан келіссөздер жүргізуге итермеледі.
Қазақстан тарихында жаңа дәуір, жаңа кезеңді бастап, күрделі бетбұрыс жасаған 1917 жылдағы оқиғалар болды. Революцияға қоғамның барлық мүшелері тартылса, төңкеріс белгілі бір әлеуметтік топтар, таптардың белсенділігімен жүзеге асты.
1917 жылғы Ақпан революциясы Ресей империясы құрамындағы бұратана отар халықтар, оның ішінде қазақтар тағдырына үлкен өзгерістер әкелді. Патша үкіметі құлады.
Ал Қазан
төңкерісі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңа кұрылысты бастап
берді. Бұрынғы өкімет билігі мен меншіктері жойылды.
Кеңес билігі орнады. Жаңа социалистік қоғам
дүниеге келді. Қазақ халқы
белгілі дәрежеде ұлттық автономияға қол жеткізді.
Глоссарий.
Монархия - жоғарғы өкімет билігі жеке
дара (әдетте, мұрагерлік жолмен) билеушінің
қолындағы басқару түрі, сонымен бірге осындай билеуші
басқаратын мемлекет.
Империя - император басқаратын монархиялық мемлекет; бір орталықтан басқарылатын,
экономикалық, саяси дербестігінен айырылған аумақтардан құралған
мемлекет.
Дүние жүзілік соғыс - капиталистік елдердің ықпал
ету аймақтары, шикізат көздері,
дүниежүзілік үстемдік жолындағы
қарама-қайшылықтарының шиеленісу нәтижесі.
Бірінші дүние жүзілік соғыс - 1914-1948 жылдар аралығында
Австрия-Венгрия, Германия блогы мен Англия, Франция және Ресей коалициясының арасындағы, сонымен бірге Қиыр және Таяу
Шығыстағы , Африканың
т.б. көптеген елдері
қатысқан соғыс.
Сепараттық бітім - бір мемлекеттің қарсыласымен өз
одақтастарының
келісімінсіз жасасқан бітім
шарты немесе бітімі.
Самодержавие - революцияға дейінгі Ресейдегі
патшаның шектеусіз
жоғарғы билігі мен осындай билікке негізделген басқару
жүйесі.
Милитаризм - әскери күш-қуатты арттыру,
қауырт қарулану мен соғысқа
дайындықтағы белсенділік
саясаты.
Аграрлық мәселе (лат. Agrarius) - жер иелену, жерді
пайдалануға байланысты
мәселе.
Рекизиция (лат. reguisitio-талап ету) - мүлікті
мемлекеттік меншікке немесе уақытша пайдалану үшін еріксіз тартып
алу.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы 11 сынып.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыт. Алматы «Мектеп»,
2007 ж., 2011 ж.
2.
Қазақстан тарихы.
Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы,1994 ж.