ХIХ ғасырдың 50-70 жылдардағы отаршылдыққа қарсы күрес

 

Арынғазы Әбілғазыұлы мен Жанғожа Нұрмұхамедұлының Хиуа мен Қоқан хандықтарына және Ресей отаршылдығына қарсы күресі

1868-1870 жылдардағы Орал, Торғай және Маңғыстау қазақтарының отаршылдыққа қарсы күресі

1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының көтерілісі

Глоссарий

Пайдаланылған әдебиеттер

 

Арынғазы Әбілғазыұлы мен Жанғожа Нұрмұхамедұлының Хиуа мен Қоқан хандықтарына және Ресей отаршылдығына қарсы күресі. XIX ғасырдың басынан басталған Азия құрлығы үшін Англиямен бақталастық, Ресей үшін Қазақстанның Шығыс елдеріне апаратын «қақпа және кілт» факторының күшеюі дамып келе жатқан Ресей капитализміне жаңа шикізат көздерінің қажеттігінен туындады.

Міне, осылардың бәрі XIX ғасырдың ортасында үлкен маңызға ие болып, Ресейдің Орталық Азияны жаулап алу саясатында Қазақстанның оңтүстік өңірінің стратегиялық маңызын арттыра түсті. Сыр бойында алғашқы орыс бекінісі – Арал (Райым) Арал теңізінен 60 шақырым жерде орналасты.

 

 

Орыс бекіністерінің салына бастауы хиуалықтардың табанды қарсылығына кезікті. Хиуалықтар орыс билігіне мойынсұнған қазақтарды жазалау үшін сусыз қалдыруды көздеді. Қожанияз бекінісінің тұсынан Қуаңдарияның суын төмен жібермей бөгеп, Арал теңізіне дейінгі жерді сусыз қалдырды. Судан тапшылық көрген қазақтар–төртқара, кішкене шекті, тілеу және басқа рулар Райым бекінісінің маңайына көшіп келіп, хиуалықтарға зекет төлеуден бас тартады.

Жалпы, бұған дейін Сырдың төменгі ағысы, Арал өңірінде бұрынғы Хиуа ханы Қайыптың немересі Арынғазы Әбілғазыұлы билік жүргізді. Ол 1815-1821 жылға дейін қазақтардың саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірген Хиуа ханы Мұхаммед Рахыммен үздіксіз қарсыласты. Хиуа басқыншылығына қарсы күрес Арынғазының беделін өсірді. Оның билігін Орта жүздің батыс бөлігіндегі қазақтар да мойындады. Көптеген қазақтар Арынғазы шетел басқыншылары мен өз билеушілерінің озбырлығынан құтқарады деп үміттенді. Жайықтан Сырға дейінгі далада билігі жүруге тиісті Шерғазы Айшуақұлының орнына халық Арынғазыны бекітуді сұрайды. Арынғазының қол астына қарулы жасақтар топтаса бастайды.

Арынғазының күшеюінен сескенген патша үкіметі Арынғазыдан құтылу үшін сылтауратып 1821 жылы оны Петербургке шақырды. Ол жолда ұсталып, Калугаға жер аударылды. Өз халқынан осылайша қол үзген Арынғазы 1833 жылы сол жақта қайтыс болды. Сыр бойын иеленуге ұмтылған патшалық Ресей өз жолындағы кедергіден осындай жолмен құтылды.

Арынғазының тұтқындалуы Сыр өңірі қазақтары үшін орны толмас ауыртпалықтарға әкелді. Бұл аймақта Хиуа бектерінің үстемдігі орнады. Жайық пен Елек өзені аралығындағы жерден айырылуға байланысты Жоламан Тіленшіұлы көтерілісінің басталуына да Арынғазының тұтқындалуы себеп болды.

 

Жанқожа Нұрмұхамедұлы-төменгі Сыр бойында азаттық көтерілісті ұйымдастырған басшы, батыр

 

Енді Сыр бойындағы қазақтарды Қоқан, Хиуа хандықтарынан азат етуге кішкене шекті руының билеушісі Жанғожа батыр бел шешіп кірісті. XIX ғасырдың ортасына дейін хиуалықтар Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі, қоқандықтар Ақмешітке дейінгі жерлерді бақылауда ұстады. Жанғожа батыр осындай жағдайда Орталық Азияға қарай жылжып келе жатқан Ресейдің көмегіне сүйеніп, қазақтардың дербестігін қорғауды ойлады. Қазақтардың Ресей жағында тұрғанын байқаған Хиуа ханы 1847 жылғы тамыз, 1848 жылғы наурыз айында 6 мың әскермен Сырдың екі жағындағы елге жойқын жорық ұйымдастырды.

Екі күннен кейін Жанғожа өз сарбаздары арқылы Райым гарнизонының көмегімен хиуалықтардың Жаңақала бекінісінің, қоқандықтардың Қошқорған бекіністерінің күл-талқанын шығарады.

Патшалық әкімшілік Жанғожаның халық алдындағы зор беделін ескеріп, оны өз жағына тарту үшін казак әскерінің «есаул» шенін береді. «Ерлігі үшін» алтын медалін сыйлап, Сыр қазақтарын басқарушы ретінде 200 сом төлемақы белгілейді. Алайда Жанғожа шеннен де, төлемақыдан да, ант беруден де бас тартады. Жанғожа батыр басында Ресей әскерін хиуалықтардан қорғаушы ретінде қабылдағанымен, уақыт өте келе олардың да отаршылдық пиғылын тереңірек түсіне бастаған еді. Орынбор әскери генерал-губернаторы Обручев Жанғожаны «бағынбағандығы үшін» жазалауға көшеді. Қазалы маңындағы қазақтарға салық төлеткізіп, әскери бекіністердегі ауыр жұмыстарға салды. Егістікке қолайлы жерді басып алды.

 

 

 

Сырдария бойындағы қазақтар көтерілісінің негізгі себебі де жерінің тартып алынуынан еді. Орыс армиясы Қоқан бекіністерін жаулап алу арқылы Сырдария әскери шебін құрды. Қазақстанның Ресейге қосылуын аяқтау үшін Сырдария әскери шебін Сібір шебімен қосу көзделді. 1853 жылы Перовскийдің басшылығымен Аралдан Ақмешітке дейінгі аралықта бекіністер салынды. Қоқандықтар үшін саяси стратегиялық және экономикалық үлкен маңызы бар Ақмешіт 20 күн қоршаудан кейін аса зор әскери күштің арқасында орыс әскерлерінің қол астына өтті. Ақмешіт Ресейдің қол астына өткеннен кейін Перовск форты салынып, Сырдария шебі құрылды. Райым (Қазалы) мен Ақмешітке дейінгі аймақта отаршылдық тәртіп орнады. 1 сом 50 тиын түтін салығы енгізіліп, толып жатқан еңбек міндеткерліктері: әскери бекіністер құрылысы, бекіністер арасында жол, көпір салу, егіске керек су жүйелерін қазу, жүк тасу үшін көлікпен (түйемен), адам күшімен қамтамасыз ету жүктелді.

Жаңа тәртіпке наразылар Жем бойында көшіп жүрген Есет батыр мен Сыр маңындағы Жанғожа бастаған отаршылдыққа қарсы күреске қосылды. Көтерілістің ошағы Қызылқұм мен Жаңақалаға орналасты. Көтерілісшілердің қарулану дәрежесі төмен, астындағы аттарының күйі болмаса да, тіпті кейбіреуі өгізге мініп, енді кейбіреулері жаяу-жалпы жүрсе де, олардың күрескерлік рухы жоғары еді. Көтеріліске Сыр бойындағы алты ата әлімұлынан кішкене және үлкен шектілер, қарасақал, шөмекей, кете, төртқара сияқты т.б. рулардан үш мыңға жуық жергілікті халық қатысты.

1857 жылы қаңтарда Ақмешіттен Перовскийдің бұйрығымен Фитингофтың әскері 1 зеңбірек, 2 зымыран станогы, 300 аттылы казак әскері, Елекей Қасымұлы бастаған 320 жаяу башқұрт жасағы шықты. Оған Арал флотилиясының бастығы Бутаков жасағы да көмекке келді. Міне, осыдан-ақ көтерілістің патша әкімшілігін қатты әбігерге салғандығын аңғарамыз.

Жанғожа бастаған көтерілісшілер Фитингоф әскерімен 1857 жылы 9 қаңтарда Арықбалық деген жерде бетпе-бет кездеседі. Жараланған Жанғожа қолы біртіндеп шегініп, Бұхар жеріне өтіп кетеді. Көтеріліс жеңіліс тапты. Көтерілісшілерді өкшелей қуған жасақтар оларды таба алмады, есесіне жолда кездескен ауылдарды айуандықпен талан-таражға салды. Ашыққан ел балықты талшық етіп қана аман қалды. Көтерілісшілердің көп бөлігі Хиуа жеріне өтіп кетті. Азып-тозған халықты бастап Жанғожа тек 1860 жылы ғана қайта елге оралады.

Сырдария әскери шебінің бастығы Жанғожаға қарсы оның ежелгі қас дұшпаны Елекей Қасымұлының басшылығымен 600 орыс әскерін аттандырады. Олар Жанғожа ауылын қоршайды.

Жанғожа келе жатқан жасақты көрсе де асықпай намазын оқып, жауларына қасқая қарап отыра береді. Жаулары оны қолға түсіруге батпай, алыстан атқылайды. Осылайша 90 жастағы батыр орыс жендеттері мен итаршыларының қолынан қаза тапты. Казақ халқы батыр өліміне қайғыра отырып, ол туралы былай деп жырлаған:

«Аттанды Елекей хан жұртын жиып,

Ауыр қол жүре алмайды жолға сыйып.

Бар болса, Елекей хан жау болмас деп

Тұр екен тау алдында намазға ұйып,

Жанғожа жұрттан асқан батыр еді.

Өлтірді оны неғып көзі қиып».

Аничков В.И. Мұсабай жыраудан жазып алған дастаннан үзінді.

Жанғожа мен Есет бастаған көтерілістің жеңілу себептері.

Біріншіден, көтерілісшілердің қарулану дәрежесінің төмендігі, патша үкіметі әскерімен теңдесе алмауы.

Екіншіден, жергілікті сұлтандардың, рубасыларының сатқындығы. Патша үкіметіне қызметке өткен би-сұлтандар олардың жергілікті жерлердегі қолшоқпарына айналды.

Көтеріліс сипаты жағынан ұлт-азаттық мазмұнға ие болды. Себебі көтерілісте азаттықты аңсаған, отаршылдық қысымнан зардап шегіп тығырыққа тірелген халық өз көсемдерінің бастауымен отаршылдық бұғауға қарсы күресті.

 

Есет батыр 1807-1888 жж.

 

Ел басына төнген ауыртпалық кезде Жанғожа, Есет сияқты батырлар ел бастар қорғандарына айналды. Есет батыр да, Жанғожа батыр да Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы көрнекті мемлекеттік тұлғалар қатарына жатады.

 1868-1870 жылдардағы Орал, Торғай және Маңғыстау қазақтарының отаршылдыққа қарсы күресі.

Көтерілістің алғышарты. Өткен сыныптарда оқыған материалдарды еске түсірейік. 1867-1868 жылдары Қазақстан үш генерал-губернаторлыққа бағынды. Орынбор генерал-губернаторлығына – Орал, Торғай облыстары; Батыс Сібір генерал-губернаторлығына – Семей, Ақмола облыстары; Түркістан генерал- губернаторлығына – Жетісу, Сырдария облыстары мен Орал және Сібір казак-орыс әскери округтерінің кейбір аудандары кірді. Әрбір облыстың басында әскери губернатор мен оған бағынышты облыстық басқарма болды.

Жалпы, әскери билік пен азаматтық билік бір адамның қолына жинақталды. Сот жүйесінде әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Олар жалпы империялық заңдар негізінде жұмыс істеді. Әкімшілік бөлінісі ру бөлінісімен санаспай, аумақтық принцип бойынша құрылды. Сол арқылы ру ақсақалдары мен билерінің ықпалын кеміту көзделді.

Қазақстандағы әкімшілік-сот реформалары Ресейдің экономикалық даму талаптарына сәйкес, Қазақстандағы өздерінің өктемдігін баянды ету үшін ел басқарудың жүйесін түбірінен қайта құруға кірісті. 1868 жылғы «Уақытша Ереже» бойынша түтін салығы жылына әрбір шаңыраққа салынатын бұрынғы 1 сом 50 тиын орнына 3 сом мөлшерінде көбейді. Салықтың бүкіл ауыртпалығы еңбекші қазақтардың мойнына түсті. Оның үстіне старшындар мен болыс басқарушылар өздерінің билігін пайдаланып, кейде салықты бірнеше рет жинайтын болды. Болыс бастықтарына түрлі қоғамдық қажеттіліктер мен «игілікті мақсаттар» үшін салық белгілеуге құқық берілді, халық бұл салықты «қара шығын» деп атады, өйткені мұны жинағанда болыстар мен ауыл старшындары халықты әбден тонайтын. Халық земстволық салық төлеуге де міндетті болды. Яғни, ауылдық-болыстық әкімшілікті асырау, көпір, жол, пошта бекеттерін ұстау мен жөндеуге қажетті қаражат, көліктермен қамтамасыз етуге тиіс болды.

Кіші жүз қазақтары 1868-1869 жылғы «Уақытша Ережені» енгізуден көп бұрын табиғат байлықтарынан: жерден, орманнан, өзен-көлдерінен айырылған болатын. Тұз кендері, аң аулайтын жер Орал, Орынбор казак әскерлері мен генерал-губернаторлық меншікте болды.

Қатал қанау көшпелілер мен жартылай көшпелілерді жоқшылыққа ұшыратты. Қазақ кедейлері жұмыс іздеп қазақ шептеріне шұбырды. 40-50-жылдары Орал, Орынбор шептерінде, орыс-казак билеушілері топтарында, саудагерлерде, балық және тұз кәсіпшіліктерінде жалданып жұмыс істейтін қазақ жұмысшыларының саны 40 мыңнан асты. Бірақ 1868 жылғы «Уақытша Ережені» енгізу қарсаңында шептің ішкі жағындағы жерде еңбек етуге ерік беретін билет ақылы (10-12 сом) етіліп, оларға егіншілікпен айналысуға, тұрақты мекендеп қалуға шектеу қойды.

Қазақтардың бүкіл азаттық үшін күресінің негізгі көкейкесті мәселесі –жер. 1868 жылғы «Уақытша Ереже» бойынша қазақтардың ата-қонысы мемлекет меншігі деп жарияланды. Жер қауымдық пайдалануға берілді.

Кіші жүз қазақтары мен Жайық казактары арасындағы жер жөніндегі қатынастар бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Малдың тебінде болғаны үшін әскер атаманының пайдасына қой басы – 15 тиын, ірі қара мал –18 тиын, жылқы – 23 тиын, түйеге – 38 тиыннан ақы алынды. Бұдан басқа станицалық қоғамдар «өздерінің жеріне» көшіп келген әрбір үй үшін қазақтардан 4 сомнан ақша алып отырды.

Жерге зәруліктің, жайылым жетіспеуінің салдарынан XIX ғасырдың 60-жылдарында рулар арасында, жартылай отырықшы және көшпелі қазақтар арасында күрес күшейді. Жер дауы көшпелі қоғам бірлігіне нұқсан келтірді. Оны дағдарысқа ұшыратты.

Қазақстанның оңтүстігінің Ресейге түпкілікті қосылуы 1867–1868 жылдардағы «Уақытша Ереженің» жасалуына тікелей байланысты. Бұл заң Ресейдің империялық пиғылының арта түскендігінің көрінісі. «Уақытша Ереженің» түпкі мақсаты–қазақтарды әлеуметтік-мәдени және этностық тұтастығынан айыру еді. Көшпелі қоғамның тірегі – рулық құрылымды бұзып, әкімшілік басқаруды оларға түсініксіз, сан алуан сатылы билік иерархиясымен ауыстырды. Орал облысы қазақтарының жері Орал казак әскерлері жерімен біріктіріліп, оны басқару казак атаманының қолына берілуі де қазақтардың наразылығын туғызды. Қазақтар дүниетанымы мен көшпелі өмір салтына қайшы келетін сырттан күшпен таңылған жаңа реформаны қабылдамады.

Көтерілістің басталуы. Қазақтар 1868 жылғы «Уақытша Ережені» «жаңа штат» деп атаған. Міне, осы «жаңа штат» туралы алып қашты хабар оны жариялаудан көп бұрын және ұйымдастыру комиссиясы елге шықпай тұрып-ақ тарады.

Ұйымдастыру комиссиясы, ең алдымен, үй есебін алуға, онбасы, елубасылардың сайлауын өткізуге, олардың арасынан ауыл старшындарын, болыс билеушілерін сайлауға, елді ауыл-ауылға бөлуге, жаңа мөлшерде үй басы салығын жинауға тиіс болды. Бірақ бұл комиссиялар ауылдардың табанды қарсылығына кездесті. Қазақ еңбекшілері «Уақытша Ереженің» негізгі мәнін дұрыс ұғынудан, оны қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты.

Жаңа әкімшілікке бөліп жайылымдарды пайдаланудың ғасырлар бойы қалыптасқан тәртібі ұнамады: енді бір рудың жайлауы, қыстауы басқа уездер мен болыстардың қарамағына ауысып кетті.

«Уақытша Ережені» жүзеге асыру үшін шыққан комиссия 1868 жылдың қаңтарыңда жұмысын тоқтатып, шеп бойына қайтуға мәжбүр болды.

Орал облысында 1869 жылы 12 қаңтарға дейін 11 болыс шеп бойындағы қазақтардан ғана құрылды. Торғай облысында 1 ақпанға дейін 9 болыс құрылды. Алайда көп ұзамай ұйымдастыру комиссиясы өз жұмысын бірінші Орал облысында, кейіннен Торғай облысында тоқтатып, шепке кейін қайтуға мәжбүр болды. Комиссия сөзіне қарағанда, «Уақытша Ережені» қабылдамауды қазақтардың барлығы бірігіп шешкенге ұқсайды. Ал комиссияның бетін қайтарған қазақтардың қатары толыға түсті. Өздеріне орыс бастықтарының тағайындалуына, түтінге санақ жүргізуге наразылардың қатары өрши берді.

1869 жылы ақпанда комиссия күзетші жасақ пен бұрынғы сұлтандарды ертіп қайта шықты. «Уақытша Ережені» қабылдамай қайсарлық көрсетушілерге қарсы әрі Елек комиссиясына көмекке Ембі постындағы күшке қоса екі зеңбірегі бар 200 казак жіберілді. Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский мен Орал облысы әскери губернаторы Н.А.Веревкин қарсылық көрсетушілер Жем өзені бойындағы жайлаудан айырылатындығын ескертіп, қорқытумен болды.

Комиссия Елек өзенінің бастауы тұсындағы 30-дистанцияға қарасты қазақтардың күштірек қарсылығына кезікті. Бұған басқа да дистанцияларға қарасты халықтың көтеріліске шыққан бөлігі қосылды. Комиссия қоршауға түсіп, оның төрағасы Плотниковты «енді қайтып келмеймін» деген тілхатын алғаннан кейін ғана босатады.

Бірінші қақтығыс 1869 жылы 21 қаңтарда Гурьев уезін ұйымдастыру комиссиясымен арада болды. Адайлардың, 400 ысық руы қазақтарының Тентек, Сағыз өзендері бойында көрсеткен қарсылығынан Жемнен әрі қарай өте алмаған комиссия мүшелері Каспийдің қатқан мұзы үстімен кейін қайтты.

1869 жылдың көктемінде жекелеген ауылдардың наразылығы көтеріліске ұласты. Қазақ ұлықтарына жалданған бақташылар, батырақтар және басқа еңбеккерлер қырға жиылып, 600-700-ден бөлініп, жасақтар құра бастады.

Қазақтар топ-топ болып бірігіп, жасақ ұйымдастырды. Олар күндіз-түні жан-жақтан комиссияны мазалаумен болды. Шеп бойындағы казак-орыстардың малдарын айдап әкетіп, әскери жасақтарға шабуыл жасады.

Көтеріліс ошақтары. Торғай облысы Ырғыз, Елек уезі осылайша көтерілістің бір ошағына айналса, екінші ошағы Орал облысының Орал, Калмыков уезінде қалыптасты. Калмыков уезінде Тайпақ деген жердегі Азнабай елді мекеніне алаша, байбақты руларынан адам жиналды. 1869 жылғы наурыздан бастап стихиялы түрде шыққан наразылықтар белгілі формаға ие болып, ұйымдасқан сипат алды. Тіпті комиссия мүшелерімен келіссөз жүргізілді. Олар тұрақты жасақ құрып, алдыңғы шепке күзет қойды, ұсақ топқа бөлініп, үздіксіз шабуыл жасады. Өз іштерінен хан, әмір сайлап, дербес билік жүйесін құрды.

Халық арасында беделді азаматтар мен ақсақалдар бас қосып, «Уақытша Ережеге» байланысты кеңес өткізді. Торғай облысы Елек уезіндегі Қобда бойында Белқопа деген жерде Мұңайтпас Бөтенбеков деген бидің ауылына 500-дей ру ақсақалдары жиналады.

 27 наурызда атаман Веревкин Орынборға былай деп хабарлайды: «Көтерілісшілер өз араларынан хан етіп, сұлтан-сыйық руы Беркін Оспановты, алашалықтар Сейіл Түркебаевты, байұлы мен шеркештіктер Құспай Айбасовты, кете мен шектілер Мәмбетәліні, табындықтар Ханғали Арыстановты сайлады. Олардың ішінде Айбасов халыққа Құдай мен дін жолын қорғау үшін әскер жасақтау жайлы үндеу тастады».

Наурыздың соңы мен сәуірдің басында белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев Орал облысына келіп, «Уақытша Ереженің» күмәнді тұстарына тоқталып, жер сатуға рұқсат берудің зиянды жақтарын түсіндіреді.

Елек, Қобда бойындағы көтеріліс ошағында 6 мың отбасы қарсылық көрсетті. Көтерілісшілерге бұрын сұлтан-басқарушының көмекшісі болған Ханғали Арыстанұлы басшылық етті. Олар Ырғыз уезінде Орал-Ор пошта бекеттерін тонады.

Шекті руының қазақтары «комиссияны қабылдамаймыз, одан Хиуаға кеткеніміз артық» деп мәлімдейді. Бір бөлігі Сырдария облысына қарай коныс аударуға бел буады. Патша үкіметі дистанциядағыларды жазалауға әскери жасақ шығару туралы шешім қабылдайды. Ембі постына шыққан Новокрещенов жасағына 18 наурызда Бестамақ деген жерде 700 адам шабуыл жасайды. Жеңілген қазақтар Жем бағытына қарай қоныс аударады.

Орал мен Торғай облысында комиссиялар өз міндеттерін орындай алмады. «Уақытша Ереже», негізінен, қыстаулары мен жайлаулары шеп аудандарының ішінде қалған, казак әскерлерінің іргесіне орналасқан, көші-кон жөнінен оларға түгелдей тәуелді қазақтарға ғана енгізілді. Бірақ бұлар Кіші жүздегі үй санының 1/3 бөлігінен де аз еді.

1869 жылғы наурызда толқу бүкіл Орал облысын, Торғай облысының батысы мен оңтүстігін түгел қамтыды. Шалқар көлінің маңайына Ханкөл, Азнабай, Тайпақ, Өлеңті, Қурайлы, Шідерті, т.б. өңірлерін мекендеген рулардың көтерілісін Сейіл Түркебаев пен Беркін Оспанов басқарды. Көтерілісшілер найза, қылыш соғып, қару-жарақ, оқ-дәрілер іздестірді. Ең маңызды жерлерге салт атты шолғыншылар қойылды.

Қазақ арасындағы күрестің қайсысын болсын, әдетте, барымтаға әкеліп саятын патша әкімшілігінің өзі де бұл жолғы күрестің саяси мәні бар екенін мойындауға мәжбүр болды. Орынбор генерал-губернаторы Н. Крыжановский үкіметке ресми түрде хабар берді. 27 наурызда соғыс министрі Милютин оған патшаның көтерілісшілерге қарсы шараларды құптағанын, Бас штаб тарапынан барлық шаралар қолданылатындығын жазады. Көтерілісті қарулы күшпен басып-жаншу үшін өкімет орындары үш айдай дайындалды.

Фон Штемпель жасағына шабуыл. Көктем түскен соң комиссия жеткілікті қаруымен екінші рет қырға аттанды. Көтерілісшілерге қарсы Торғай облысында Ақтөбе бекінісін, Орал облысында Ойыл бекіністерін салу көзделді. Көтерілісті біржола басу үшін олардың негізгі күші шоғырланған жер Ойыл өңіріне соққы беруге Орал облысының әскери губернаторы Веревкин 400 солдат, 4 зеңбіректі бір рота, т.б. күштермен Ойыл бойына аттанды.

Торғай облысындағы Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің өңірінде орналасқан көтерілісшілер фон Штемпель жасағына қарсы шықты. Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі қақтығыста 20 мың көтерілісшілер 7 күн шабуылдап, фон Штемпельді Калмыков қамалына кетуге мәжбүр етеді. Ал Орал облысына екінші рет шыққан комиссия қайта қайтып кетеді.

Көтерілісшілердің фон Штемпель жасағына жасаған шабуылы 1869 жылы Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің ең бір шарықтау кезі болды. Штемпельдің отрядына Жамансай көлі маңында 20000 қазақ шабуылдап, оны жеті күн бойы қоршауда ұстап тұрған. Шабуыл сәтсіз аяқталғанымен, көтерілісшілер көлге баратын жолды кесіп өтіп, фон Штемпель жасағын сусыз қалдырады.

Орыс әскери мамандары қазақ даласындағы бұл оқиғаларды ең күшті шабуыл деп бағалады. Шынында, саны жағынан 20 мыңдай қалың қолдың жиналуы бұрын-соңды болмаса керек.

Патша үкіметі негізгі күштердің басын қосып көтеріліс ошағына бағыттау үшін біріктіруді ұсынды. Маусым айында Орал казак әскери атаманының өзі келе жатыр деген хабар, сондай-ақ патша үкіметінің барлық күштерді бір бағытқа көшіруі, қарулы отрядты жеңуге деген үмітті су сепкендей басты. 7 шілдеде 8 мың отбасы «Уақытша Ережені» мойындауға мәжбүр болды. 25 шілдеде байбақты Беркін Оспанов бастаған 1 мыңдық қол талқандалды. 31 шілдеде көтерілістің тағы бір басшысы Сейіл Түркебаев тұтқындалды. Қалған көтеріліс басшылары Хиуа жеріне өтіп кетті.

Көтерілістің жеңілуіне феодалдардың опасыздығы ғана емес, сонымен бірге кейбір рулардың арасында ауызбірліктің жоқтығы да себеп болды. Олардың ынтымақтаса қимылдауына жер дауы да бөгет болған еді. Казак шептері маңындағы ауылдар отаршылдарға қарсы белсене күреске шыға алмады. Майдан мен тыл бір жерде болып, көтерілісшілердің еркін қимылдауын өте қиындатты.

1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының көтерілісі. Басқару реформасын жүзеге асыру Маңғыстау аймағында да қарсылыққа кезікті. Реформаны енгізгенде патша үкіметі қазақтардың, атап айтқанда, адайлардың, қоғамдық-экономикалық даму деңгейімен тарихи ерекшеліктерімен санаспады. «Уақытша Ереже» Орал облысына қарасты Маңғыстау түбегіндегі адайларға кешірек 1870 жылы енгізілсе де, «Уақытша Ереже» бойынша түтін салығын бірден 2 жылға төлеу міндеттелді.

1868 жылғы «Уақытша Ережеге» сәйкес жоғарыда аталған екі жылдың ауыр алым-салық түрлерін қарулы жасақтың көмегімен жинау басталды.

Маңғыстау приставы подполковник Рукин, Баймұхамбет Маяев пен Ғафур Қалбин сияқты би-шонжарлардың көмегімен салықты 1869-1870 жылдарға бір-ақ жинамақ болады. Мұның өзі әрбір шаруашылықтан, әл-ауқатының қандай екеніне қарамастан бірден 8 сом күміс ақша төлеуге міндетті деген сөз. Адайлардың көпшілігінің мұндай ақша төлейтін жағдайы жоқ еді.

Рукин 1870 жылы 15 наурызда 40-тан астам казак-орыс және 60-қа жуық адай билері мен старшындарын алып, қару-жарақтарын 35 түйеге артты да, салық жинауға шықты. Бұл хабарды естіген халық Досан Тәжиев пен Иса Тіленбаев, Алғи Жалмағамбетовтың бастауымен Рукин жасағына қарсы көтерілді. Көтерілісшілер Рукин жасағымен 22 наурызда кездесті. Көтерілісшілердің тегеурініне төтеп бере алмай жасақ кейін шегінді.

Көтерілісшілерге Ұсақ құдығы маңында Бозащы көтерілісшілері қосылды, Рукиннің жасағы біржола талқандалды. Рукин қолға түсіп, өзін-өзі атты. Көтерілісшілер саны 10 мың салт атты адамға жетті. Көтеріліс бүкіл түбекті қамтыды. Олар патша өкіметінің Маңғыстаудағы барлық тірегін, кәсіпкерлердің кәсіпорындарын, құрылыс-жайларын талқандады. Балықшылар, жүк тиейтін жұмысшылар өздерін қанаушы кәсіпкерлер мен саудагерлерге қарсы күресті. Сарытас шығанағында жұмысшылар кәсіпшілерге шабуыл жасап, олардың қайықтарын тартып алды. Бұл қайықтардан кіші флотилия құрып, оны патшаның ең мықты соғыс қамалдарының бірі – Александров фортын қоршау үшін пайдаланды.

Көтеріліс жергілікті өкімет орындарымен қатар Петербургтегі Бас штабты да үрейлендірді. Себебі, бұл кезде Каспий теңізінің оңтүстік жағалауындағы Иранда ағылшындардың ықпалы едәуір күшейген болатын. Онымен қоса, патша үкіметі Хиуаға қарсы жорыққа даярланып, әскерлерін Красноводск қаласына шоғырландырып жатқан еді. Маңғыстау көтерілісінің орталығы осы әскер тобының тылында болды. Көтерілісті басу патшаның Кавказдағы уәкіл-әкіміне тапсырылды. Мамыр айының соңында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкінің бір батальоны, екі атқыштар ротасы, шептік батальонның екі ротасы және Терек казак-орыстарының 4 зеңбірекпен қаруланған екі жүздігі келді. Көтерілісшілер Ұсақ құдығында, Үшауыз шығанағында, Александров фортында күшті қарсылықтар көрсеткенімен, патшаның жақсы қаруланған тұрақты әскер бөлімдерінен жеңіліс тапты. Көтеріліс қатал жанышталды. Көтерілісшілер мамыр айының соңында Үстірттен солтүстікке қарай ығысып, көше бастады. Бірақ Орынбордан шыққан Н.Крыжановский мен генерал-майор Биязнов бастаған жазалаушы жасақтармен кездесіп, шығынмен Үстіртке қарай кейін шегінуге мәжбүр болды.

1870 жылдың соңында патша үкіметі түбекті әскерге толтырды. Сам, Бозащы, Бестамақтыда 11 рота жаяу әскер, 1400 атты әскер болды.

Жазалаушылар халықты «Уақытша Ережеге» күшпен көндірді. Патша үкіметі адайларды әлсірету мақсатымен 6 мың үйді Маңғыстаудан бөліп алып, күшпен Орал облысына қосты. Көптеген отбасылар Үстіртке қашып бой тасалады. 1874 жылға дейін адайларды Дағыстаннан келген әскери өкімет басқарды. Содан кейін бір айдың ішінде 9 мың адай отбасынан екі жылғы салық бірден өндірілді. Салықты өтеу үшін қазақтар соңғы малдарын сатуға мәжбүр болды. Көтерілістің нәтижесінде «Уақытша Ережеге» өзгерістер енгізіліп, түтін салығын ақшалай емес, малмен өтеуге рұқсат етілді.

Сонымен, 1870 жылғы көтеріліс салықтың өсуіне, жайылымды пайдалануға шек қоюға қарсы болған стихиялы көшпелі шаруалар көтерілісі болды. Көтеріліс Ережені енгізер кез бен оған дейінгі отарлық езгінің ауыртпалығынан шықты, патша өкіметінің озбырлығы халықтың ыза-кегін туғызды, халық бұқарасының күресі патша үкіметіне қарсы бағытталды. Маңғыстаудағы көтерілісте өз билеушілеріне қарсы күрес баяу көрінді. Рулық белгілер әлі де күшті еді. Көтерілісшілер патша үкіметімен ауыз жаласқан билерді ғана жазалады.

Көтерілістің негізгі ерекшелігі – халықтың еңбекші бұқарасының: кедейлер, жатақтар, батырақтар, балықшылар, орыс кәсіптеріндегі жұмысшылар, егіншілер, малшылар, молдалардың қатысуы. Мақсаты мен міндеті жағынан көтеріліс отаршылдық езгіге қарсы бағытталған болса, әлеуметтік құрамы жағынан, басым түрде қазақ шаруалары мен балықшылардың қатысуымен ерекшеленеді.

XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстандағы көптеген бас көтерулерден айырмашылығы да осында. Салыстырмалы түрде айқын көрінетін батыл қимылдар, үлкен ұйымдасқандық белгілерін көреміз. Көтерілістің нағыз ұйымдастырушыларының бірі малшы шаруа Досан Тәжиевті халық батыр ретінде мойыңдады.

Көтерілістің жеңілу себептері: көтеріліс феодалдарға қарсы күресте әлсіз сипатта болды, көшпелілердің таптық санасын ескі рулық қалдықтар тежеді. Көтерілісшілердің мықты тылы, экономикалық базасы болмай, көпке дейін өз ауылдарынан қол үзіп кете алмай отырды. Олар тек шөлді сусыз дала Үстіртке ғана шегіне алатын жағдайда қалған еді. Олар қалған жерде жан-жақтан анталаған орыс әскері тұрды. Көтерілісшілерде алдын ала ойластырылған саяси жоспар болмады, болуы да мүмкін емес еді. Іс-қимылдар оқиғаның даму барысымен ғана анықталды. Әлеуметтік-экономикалық қатынастардың артта қалғандығы халық бірлігіне кедергі болды.

 

Глоссарий:

Зекет – шариғатқа негізделіп салынатын мал салығы.

Ұшыр – жан басына салынатын салық.

Құшыр – малшыларға салынатын салық.

Тағар – әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету салығы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қазақстан тарихы 11 сынып. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт. Алматы «Мектеп», 2007 ж.,2011 ж.

Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы,1994 ж.