Жоңғар хандығының құрылуы, оның басқыншылық саясаты. Қазақ-жоңғар қатынастары

 

Жоңғар хандығының құрылуы

Орбұлақ шайқасы

Қарақұмдағы  құрылтай

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама».

Жоңғар шапқыншылығына қарсы бүкiлхалықтық Отан соғысы.

1726 жылғы Бұланты шайқасы

Аңырақай шайқасы

Қазақтардың жоңғарлармен шайқасқан негізгі оқиғалары

Глоссарий

Қосымша дерек  

Қолданылған әдебиеттер:

 

 

         Жоңғар хандығының құрылуы.

ХVІІ ғасырдың бас кезінде қазақ елінің жағдайы ауыр еді. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары, башқұрттар жан-жақтан анталап тұрды. Әсіресе, жоңғарлар қазақтар үшін аса қауіпті жау болды. Жоңғарлардың атты әскері жүз мыңға жетті. Олар сойыл, найза ұстаған қарапайым  ғана жасақ емес, әскер сапын Еуропа тәртібімен  құрып, соғыс  тәсілін еуропаша  жүргізе алатын, зеңбірегі мен білтелі мылтығы бар қарулы күшке айналған еді.

 

Ойрат жасағы

 

         1635 жылы ойрат тайпалары бірігіп,  Жоңғар хандығын құрды.  Бұл хандықтың құрылуына, біріншіден, жоңғар қоғамындағы  феодалдық қатынастардың дамуы әсер етсе, ал екіншіден, Батур қонтайшының  жеке өзі де  ерекше рөл атқарды. Бір орталыққа бағынған қуатты Жоңғар хандығының пайда болуы  қазақ-жоңғар қатынасының сипатын өзгертті. Жоңғар хандығы  Шығыс Түркістанды  жаулап алғаннан кейін, бағытын Қазақстан мен Орталық Азияға бұрып, Сырдария өзенінің аңғары мен Жетісу өңірін  басып алуға ұмтылды. Бұл уақытта Жоңғар хандығының басына  Қалдан Серен келген еді.

 

Жоңғар әскері

 

         Жоңғар хандығы сыртқы саясатта екі жүзділік көрсетті:  бір жағынан,  олар жүз жыл бойы Цин империясын  Орталық Азияға жолатпай, өз тәуелсіздігі үшін  әділ қорғаныс соғыстарын жүргізсе,  екінші жағынан,  өздерінің батыстағы  түркі тектес көршілеріне  қарсы басқыншылық саясат ұстанды. Сондықтан қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі азаттық сипат алды.  Ұрыстың ауыртпалығы ойрат феодалдарының  шабуылына  төтеп беріп отырған  қазақтарға түсті. Жоңғар хандығы басшыларының  ұстанған басқыншылық саясаты  қазақ-жоңғар  қатынастарын барынша шиеленістірді.  Жойқын шайқастарда  қазақтар жағы да  айтарлықтай ерліктер көрсетіп, жеңіске жетіп отырды. Соның бір мысалы, Жәңгір (Салқам) хан ұйымдастырған  әйгілі Орбұлақ шайқасы.

 

Шайқас басталардың алдында

 

         Орбұлақ шайқасықазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті. Ол жайлы мәліметті алғаш айтқан – тарихшы И.Э. Фишер. Осы шайқас жайында орыс тарихшылары А.И. Левшин, И.Я. Златкин, А.П. Чулошников, Гуревич, В.А. Моисеев, қазақ ғалымдары М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллин жазғанымен, бірақ олардың бірде-бірі ұрыс өткен жерді нақтылап айтпайды. Тау қойнауында өткен шайқас туралы тұңғыш деректі жазып қалдырушы – Тобыл әскербасшысы Р.С. Куракин, ал оған бұл соғыс жайындағы мәліметті жеткізушілер Тобылда қызмет еткен, Ресейдің Жоңғарияға барған елшілері Г.Ильин мен К.Кучелев (Кучембердейке). Олардың 1644 жылғы хабарламасында: “Біз барғанда қонтайшы ұлысында болған жоқ… 50 мың әскермен Қазақ ордасының Жәңгір сұлтанымен, Жалаңтөспен және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен”, – деп жазылған. Есім ханның ұлы Жәңгір (Салқам) шығыстан төнген жойқын қатерді көзімен көріп, қазақ руларын біріктіруге, басқыншыларға бірлесе тойтарыс беруге ұмтылды. Бұхара әміршісі, алшын (Кіші жүз) батыры Жалаңтөс баһадүрге хабарласып, көмек сұрады. Бірақ халха билеушісі Алтын ханның ұлы Омбы – Ерденемен, хошот билеушілері Үшүрті (Сесенхан) қонтайшымен және Шокур, Солжан тайпаларымен одақ құрған Батыр қонтайшы Жәңгірдің қазақтарды біріктіру жоспарын жүзеге асырмау мақсатында 50 мың қолмен жедел жорыққа шықты. Жолшыбай жоңғар шеріктері Алай және Тоқмақ қырғыздарының аумағын, бірсыпыра қазақ ауылдарын шапқыншылыққа ұшыратып, 10 мың адамды тұтқындағаны туралы хан ордасы – Түркістанға хабар жетті. Жәңгір шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қазақ жеріне ішкерілеген жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанды. Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында Жәңгір мылтықпен қаруланған 300 адамды тау ішіндегі тар өзекке ор қазып бекінуге, ал екінші жартысын жоңғарлар тар өзектегі орға жеткенше таудың арғы бетіне жасырына тұруға бұйырады. Оның ойлағаны айнымай келіп, Батыр қонтайшы қаймықпай қорғанған ор-бекініске шабуыл жасайды, сол сәтте Жәңгір жауға ту сыртынан лап қойып, білтелі мылтықтарынан оқ жаудырады. Осы кезде Самарқандтан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келіп, 10 мыңнан аса адамынан айырылып, күйрей жеңілген жоңғарлар кері шегінеді. Ұлы жеңіске арғын (Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, төртқара Жиембет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай), т.б. батырлар үлес қосқан. Бұл ұрыс қазақ қолбасыларының стратегиялық та, тактикалық та қабілетті болғанын, жауды алдын-ала зерттеп, барлап барып соғысқанын көрсетеді. Соның арқасында аз күшпен өзінен әлдеқайда көп әскерге тойтарыс беріп қана қоймай, оның 10 мыңнан аса әскерін жойып жіберген. Бұл Еуразия кеңістігіндегі жас мемлекет – Қазақ хандығының тәуелсіздігіне төнген қауіп-қатерді бірнеше жылға кейін шегерген жеңіс еді. Отандық тарихнамада Орбұлақ шайқасы өткен жер туралы бір-біріне қарама-қарсы пікірлер бар. Қазақ халқының орта ғасырлардағы тұрмысын зерттеп, тарихи шығармалар жазған қаламгер М.Мағауин “Қазақ тарихының әліппесі” атты еңбегінде ойрат-халха шабуылының хронологиялық өрбу тізбегін, географиялық орналасу ретін негізге ала отырып, Орбұлақ шайқасы Қазақ хандығының құрамына кірген өңірде, қазіргі Қырғыз Республикасының шегінде өтті дейді. Ш.Уәлихановтың “Ыстықкөлге сапар күнделігінде” (1961, 243-б.) қырғыз жерінің қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданымен шектесер тұсындағы асудағы қолдан жасалған табиғи ескерткіш – Сантас үйіндісі туралы сипаттай келіп, оны қазақ-жоңғар соғысындағы елеулі бір оқиғамен, яғни қазақтардың жеңісімен байланыстырады. 1990 жылы жазушы Б.Нұржекеев Орбұлақ шайқасының қазіргі Панфилов ауданының Белжайлау алабында өткендігі жөнінде дәлел ұсынды. 1993 жылы 3 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлау алабында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той өткізілді. Ұрыс болған жердің атауы Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылды.

 

http://t3.gstatic.com/images?q=tbn:ANd9GcTHmF0FTM7jPbRDuqsRJFv4WkCBukTn5UC3XuONJlV1gD1Ekv522A           http://t1.gstatic.com/images?q=tbn:ANd9GcRPLA2mskyUyIcCJLVPbKVyg5ADV1BgsudYIx123ElaimIuJS8F

             Белжайлау алабы                       Орбұлақ шайқасына ескерткіш

 

Қарақұмдағы  құрылтай. XVIIІ ғасырдың  басында  жоңғарлардың қазақ жеріне  шабуылы күшейе түсті.  Осыған байланысты қазақ жүздері өкілдерінің  бас қосуы қажет болды.  Сөйтіп, 1710 жылы  Қарақұмдағы   қаракесек руы жайлаған  аймақта қазақ сұлтандарының, билерінің,  рубасыларының құрылтайы  шақырылады.

Онда негізінен, Жоңғар хандығымен  қарым-қатынас мәселесі қаралды. Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, тама Есет бастаған  атақты батырлар  жеке ру, тайпаның ғана емес,  бүкіл үш жүздің  қолын жасақтау қажеттігін  алға тартты. Пікір екіге бөлінді. Жоңғар мемлекетінің күшті  әрі соғыс тәжірибесінің  мол екенін ескере келе, жоңғарларға бағынған дұрыс,  халқымыз шапқыншылықтан әбден қалжырады дегендер де болды. Мұндай пікірді қолдаушылар  көбейе бастады. Шешуші кезеңде   ортаға шыққан Бөгенбай батыр  қылышын қынабынан суырып алып, ақсақалдардың алдына тастап: «Біз жаудан кек алуымыз керек,  жеңеміз немесе қолға қару ұстап, шайқаста ақ өліммен өлеміз, қарттарымыздың,  әйелдеріміздің, балаларымыздың  зар-мұңы мен көз жасын көріп тірі жүре алмаймыз...» - деді. Бұл сөздер  жоңғар мәселесіне қойылған нүкте болды. Ақырында, шапқыншылармен қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз деген шешім қабылданды. Шайқастың жаңа жоспары жасалынды. Бөгенбай бүкіл қазақ  жасақтарының қолбасшысы болып сайланды.  Оның ақылшысы Тәуке хан еді. 

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». 1723 жылы  қазақ халқының есінде  қасіретті  қайғыға толы  ең ауыр жыл есебінде қалды. Ел қонысынан,  мал-мүлкінен айырылды.  Ұлан-байтақ қазақ жерінің  күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай шұбырған  сан мыңдаған халықтың көбі  жол- жөнекей  ит пен құсқа жем болды.   Осылайша қазақ тарихында  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған жойқын  апат басталды.  Шұбырған елдің  қанды жасынан  туған әйгілі «Елім-ай» әні дүниеге келді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған  жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

 

Мына қай заман, қысқан заман,

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда  ізіңнен қар борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.  

 

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында қазақ халқының алдында өзінің болашағы туралы өзекті мәселе тұрды. Жоңғарлар 1723 жылы қазақ жеріне 70-80 мың әскермен, жеті бағытта шабуыл жасаған болатын. Патша үкіметінің жансызы Д.Гладышев жоңғарларда түйемен тасып жүретін үш мың зеңбірек барын жазды. Жоңғар әскерінде 400-ге жуық орыс офицерлері мен солдаттары болды. Оның үстіне 1723 жылы қазақ жерінде күшті жұт болды. Қазақтар оны «Қайың сауған ақ тышқан жылы» дейді. Жұттан әлсіреген қазақ ауылдарына шабуыл жасау уақытын жоңғарлар дәл таңдап алған болатын.

Жұтап отырған қазақ халқы жан-жақтан төнген қысымға төтеп бере алмады. Осы оқиғаны Шәкәрім өзінің «ҚалқаманМамыр» дастанында былай бейнелеген:

Бұл соғыста қазақты қалмақ алды,

Үш есенің екеуін қырып салды.

Тұра алмай жеңілген соң Сыр бойында,

Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.

Осы жол - бар қазаққа белгілі жол,

 «Ақтабан шұбырынды» дегені сол.

Жаяу жүріп, табаны аппақ болып,

Қазақтың қорлық көріп шұбырғаны ол.

 

Алайда осы бір ауыр апат, сұрапыл қырғын ержүрек елдің еңсесін түсіре алмады. Қазақ халқы ақтық демі біткенше жаумен айқасуға бел буды.

Дәл осы тарихи кезеңде  қазақ халқына құрып кету қаупі төнді.  Ел басына ауыр күн туды. Бейбіт халық егілді. Жазықсыз жандардың қаны төгілді.  Халық дағдарды.  Қазақ халқы бірліктің  керегін түсінді.  Сол кездің өзінде  қазақ ішінде суырыла сөйлейтін шешендер,  топты бастар көсемдер, ту ұстайтын батырлар, елді ерлікке шақыратын  жыршылар көп болды. Бірақ, осылардың басын біріктіріп, басшылық ететін  қайраткер- көсем керек еді.   

Жоңғар шапқыншылығына қарсы бүкiлхалықтық Отан соғысы. 1723 жылғы қасіретті  оқиға салдарынан  сол кездегі  қазақ халқының  тең жартысына жуығының  қырылуы  халықты есеңгіретіп қана қойған жоқ,  қатты ойландырды да.  Жұртшылық елдің  елдігін сақтау үшін  бірігу қажет екенін түсінді.  Ел билеген хандар да,  оларға ақылшы бола білген  билер де осындай  түйінге келді. Қиын-қыстау заманда  халық арасынан  елі мен жерін қорғайтын  батырларын шығарды.  Бұл туралы Бұқар жыраудың  толғауында: «Өңкей батыр жиысты, Абылай салды жарлықты», - деп көрсетеді. Шоқан Уәлихановтың «ХVІІІ ғасырдың батырлары  туралы тарихи аңыздар» атты еңбегінде Малайсары, Баян, Байқозы, Оразымбет, Баянбай, Елшібек, Есет, Жаулыбай,  Томаша, Үсен, Алтай сияқты батырлардың  есімдері аталады.

 

 

Абылай ханның қол бастауы

 

Тарихи деректерге қарағанда, қазақ халқының  басқыншыларға  қарсы бірігуі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін-ақ басталған. Бұған 1725 жылы Әбілқайыр ханның  Түркістан қаласын  жоңғарлардан күшпен  қайтарып алғаны дәлел. Халық ел қорғау ісін  өз қолына алып, әрі батыр, әрі ұйымдастырушылық қабілеті  бар ерлердің  соңынан ерді. 

1726 жылғы Бұланты шайқасы. 1726 жылы Ордабасы мекенінде  қазақ рулары мен тайпаларының жиыны болады. Онда біртұтас халықтық қарсыласу  жасағы құрылып, бүкіл қазақ әскеріне  қолбасшылық ету Кіші жүз ханы Әбілқайырға жүктелді. Сөйтіп, жұдырықтай  жұмылған қазақ қолы жоңғарларға жойқын  соққы беруге даярланады.  Ұрыс Бұланты өзені маңындағы Қарасиыр деген жерде өтті. Бұл жер Бұланты және Білеуті өзендерінің аралығында жатыр. Қазақ жасақтары  жауды өзінің  кең-байтақ даласына  тереңірек сұғындыра еліктіріп, кіргізіп алып,  кенеттен жалт бұрылып,  оң қанаттан, сол қанаттан да ойсырата соққы берді.  Сосын ту сыртынан  енді қайтып тұрмастай  тіке шабуылдың астына алды.  Бұл ұрыс болған жер тарихта «Қалмақ қырылған» деген атпен қалды.  Жеңіс халықтың рухын көтеріп,  өз күшіне сенуге жігерлендірді.  Осыдан бастап қазақтар ұрыс барысын  өз қолдарына алып, қарсы  шабуылға шықты.

Қазақ қолын  жеңіске жеткізген  тағы бір жағдай - Жоңғарияның  ішінде өзара тартыстың  күшеюі болды.  Себан Рабдан  балаларының  хан тағына таласуы, одан соң  үшінші жоңғар-цин  соғысының басталуы сол тартыстардың  көрінісі. Жоңғарларға Цинь империясының  өзінің батыс шекарасын қорғауға тура келді. 

 

Безымянный

 Аңырақай шайқасы. ХVІІІ ғасырдың  20-жылдарының соңындағы  қазақтардың  жоңғарларды  талқандаған тамаша  жеңістеріне жау елінің  өз ішіндегі күрделі  жағдайлары да себепші болды.  Сонымен бірге 1717 жылы Жоңғарияның  өз ішінде  бұрқ ете қалған  қырқыстар мен  жоңғар-цин  соғысының басталуы да әсер етті.  1729 жылы  хан тағынан үміткерлер  мемлекет мүддесін естен шығарып,  жоғары өкімет билігін  мұралану үшін  жанжалдасты.  Жоңғар хандығы Цин империясы  тарапынан жасалған  шабуылға  ұшырады да,  ойрат нояндарына  өз жасақтарын  тез арада батысқа  жеткізуге турал келді.

Баяғыдан атысып-шабысып  жүрген ата жауына  тағы бір күйрете соққы беруді көздеген  қазақтар Жоңғарияда басталып  кеткен өзара талас-тартысты  пайдаланып қалуға тырысты. 1729 (кей тарихшылардың айтуынша 1730 жылы) жылы Балқаштың оңтүстік шығыс жағында, Алакөл мен Итішпес көлінің аралығында   Аңырақай деген жерде  ең ірі  шайқас  болды.

Қазақ жасақтарын ұрысқа Бөгенбай, Қабанбай және Райымбек батырлар  бастап кірді.  Алдыңғы шайқастардағы сияқты,  қазақтар бұл жолы да  ұрыс қимылдарын  жүргізудің дәстүрлі  далалық тактикасын қолданды.  Жауынгерлердің  шағын тобы жоңғарлардың  қарсы алдынан шыға келіп,  қазақ қолының  қатарын аз сияқты  көрсетуге тырысты. Сонан соң кейін  қарай қаша  ұрысып,  дұшпанды еліктіре ішке сұғындырып жіберді,  сол кезде қазақ жасақтарының  басты бөлімшелері  қос қанаттан лап қойып,  қансырата соқты.  Аңырақай шайқасы жоңғарлар үшін шешуші шайқас болды.

30-жылдардан бастап жоңғарлармен болған шайқастардың  бәріне қатысып,  асқан ерлік көрсеткен,  ақылды әрі тамаша  қолбасшы ретінде  көзге түскен  Абылай Орта жүздің  билеушісі әрі бүкіл қазақтың  ханы болып саналды.  Қазақ халқының мүддесі үшін ол көрші  мемлекеттер арасындағы, әсіресе, олардың  өз ішіндегі  алауыздықты қалт жібермей пайдалана білді және жауларының өзара қырқысуларын одан ары өршітуге ықпал етті.  Мұның бәрі қазақ  елінің сыртқы  қауіпсіздігін  нығайтып,  ежелгі жауының  күшін әлсіретуге көмектесті.

  ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарында жоңғар шонжарлары  арасындағы өршіген  алауыздықты пайдаланған  Абылай жоңғарлардың  ішкі ісіне араласып, үкімет билігіне таласқан шонжарлардың біресе ол жағын, біресе бұл жағын қолдап,  талас-тартысты ушықтырды, сөйтіп, оларды  әлсіретті.  Осының нәтижесінде  бұрын жоңғарлар басып  алған қазақ жерлерін қайтарып алды. 1745-1755 жылдар аралығында  жоңғар шонжарлары  хан тағы үшін  өзара соғысып,  әбден әлсіреді.  Осыдан кейін  1757-1758 жылдары жоңғарлардың  қазақ жеріне  шабуылы  біржола тоқтады. Оған себеп-жоңғар тайпалары арасындағы  бір- бірімен қырқысқан  билік үшін талас, осы жағдайды Пекин сарайының пайдалануы, бұрынғы жоңғар мемлекеті иелігінің Цин мемлекетінің меншігі деп жариялануы. 1758 жылы Жоңғария толық талқандалып, халқының  оннан төрт  бөлігі аурудан, қайыршылықтан қырылды,  оннан екі бөлігі Ресейге қашты, оннан үш бөлігі Цин әскерлерінің қолынан қаза болды, бірқатары қазақ жерін басып өтіп, Еділдің бойындағы қандастары – қалмақтарға жетуге тырысты. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарындағы  қайғы- қасірет үшін өш  алуға тырысқан қазақтар оларға шабуылды  үдетіп, берекесін кетірді. Сонымен 1758 жылы  Жоңғария  дербес ел ретінде  тарихи сахнадан  жоғалды. Бұрынғы жоңғар жерінде  кейіннен 1761 жылы империялық әкімшілік бірлестігі- Шыңжаң (жаңа шекара) құрылды.  

 

Қазақтардың жоңғарлармен шайқастарында

            болған  негізгі оқиғалары

 

Жылдары

Оқиғалар

1635 жылы

 

 

Ойрат тайпалары бірігіп,  Жоңғар хандығын құрды. 

 

1643 жылы

 

 

 

 

Қазақ ханы Салқам Жәңгірдің 600 қолы мен жоңғар қонтайшысы Батурдың 50 мың қолы арасында өткен Орбұлақ шайқасы болды.

 

1710 жылы

 

 

 

 

Қарақұмда қазақ сұлтандары, билері, рубасыларының жоңғар қолына қарсы күш біріктіруі туралы кеңескен Құрылтайы өтті.

 

 

1723-1727 жылдары

 

 

 

 

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары- қазақтардың жоңғарлардан қатты зардап шеккен ең ауыр да қасіретті жылдары, оны тарихта «Ұлы жұт» деп те атайды.

 

 

1726 жылы

 

 

 

Бұланты өзені маңындағы Қарасиыр деген жерде шайқас өтті. Бұл ұрыс болған жер тарихта «Қалмақ қырылған» деген атпен қалды.

 

 

1729 (1730) жылы

 

 

 

 

 

Осы (Кей тарихшылардың айтуынша 1730 жылы) жылы Балқаштың оңтүстік жағында  Аңырақай деген жерде қазақтар мен жоңғарлардың қолы арасында болған   ең ірі және соңғы шайқас.

 

1745-1755 жылдар

 

Жоңғар шонжарлары  хан тағы үшін  өзара соғысып,  әбден әлсіреді.

 

1757-1758 жылдары

 

Жоңғарлардың  қазақ жеріне  шабуылы  біржола тоқтады.

 

 

Глоссарий:

Жоңғар хандығы-1635 жылы ойрат тайпалары құрған хандық.

Қарақұм жиыны-1710 жылы  Қарақұмдағы   қаракесек руы жайлаған  аймақта қазақ сұлтандарының, билерінің,  рубасыларының құрылтайы. 

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». 1723-1727 жылдары  қазақ халқының есінде  қасіретті  қайғыға толы  ең ауыр жыл болды, өйткені жоңғар шапқыншылығының ең ауыр зардабын басынан өткізген кезең еді.

Бұланты шайқасы - 1726 жылы Бұланты өзені маңындағы Қарасиыр деген жерде шайқас өтті. Бұл ұрыс болған жер тарихта «Қалмақ қырылған» деген атпен қалды.

Аңырақай шайқасы - 1729/1730 (кей тарихшылардың айтуынша 1730 жылы) жылы Балқаштың оңтүстік жағында  Аңырақай деген жерде қазақтар мен жоңғарлардың қолы арасында болған   ең ірі және соңғы шайқас.

 

 

Қосымша дерек 

 

Аңырақай шайқасы

1729 жылдың мамыр-маусымы, кейбір деректерде 1730 жылы біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билер (Төле, Қазыбек, Ақсуат), сұлтандар, батырлар қатысқан Ордабасы жиынында (1726) бүкіл қазақ қолының бірігуі (бас қолбасшылыққа Әбілқайыр хан сайланған) жауға қарсы бірыңғай стратегиялық шабуылға шығуға мүмкіндік туғызады. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) билікке келген (1727).  1723 жылдан бастап еліміздің Шығысы мен Жетісуды, Оңтүстігін, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірді басып алған жоңғарлар енді қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында  Хан тауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталады) жиналды. Бұл таулардың бауырында “Үлкен Орда қонған” деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқас солтүстік Балқаш, оңтүстік Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы беделді жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Бұл қорымдар КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында көрсетілген.                                                                                    Аңырақай аталатын да – осы өңір. Шамамен көктемде басталып, жаз айларына ұласқан (40-45 күн) майданда біртіндеп басым түсе бастаған қазақтар Ит ішпестің Алакөлі (Балқаштың шығысындағы Алакөл емес) маңында ірі жеңіске жеткен. Балқаштан оңтүстікке қарай 120ш. жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды. Аңырақай шайқасы алғашқыда позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та  өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым еді. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әр түрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Қазақтар бұл кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. “Ай қорланды”, “Құйрық жеу”, “Ашамай”, т.б. қазақтың байырғы ұрыс-тәсілдерін кеңінен қолданды. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы дулат тайпасының әр руының қолын: сиқым Қара батыр (Төле бидің күйеу баласы), жаныс Өтеген, ботбай Сәмен, шымыр Қойгелді, ошақтыларды Саңырық, ыстыны Төлек, шапыраштыны Қазыбек бек, албандарды Хангелді батырлар бастады. Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, қыпшақ Тілеулі, қаракерей Қабанбай, абақ керей Жауғашар (Шақантай), кіші жүз қолын тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Кейбір деректерде болашақ ұлы хан шамамен 17-20 жасар Әбілмансұрдың (Абылайдың) жауға “Абылайлап” шапқаны осы шайқас деп көрсетіледі, сіргелі Елшібек батырдың өз тобымен жау зеңбіректерін жарып жібергендігі айтылады. Сонымен Аңырақай шайқасының тарихтағы алатын орны мен атқарған маңызын 1723-1728 жылдардағы қазақ-жоңғар қатынастарының сипатынан көреміз. 1723 жылы көктемдегі жоңғарлардың тосыннан жасаған соққысы қазақтар үшін аса ауыр болған. ХVІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынастары шеңберіндегі жорықтар, негізінен, тонаушылық, олжа түсіру сипатында болса, 1723 жылғы жорық басқыншылық сипатта, яғни қазақ халқының этникалық территориясын жаулап алу сипатында  өрбиді. Аңырақай шайқасының маңыздылығы да осында. Қазақтардан тегеурінді қарсылық кездестірмеген жоңғар әскерлері 1723-1725 жылдары Ұлы жүзді, Орта жүздің бірталай бөлігін жаулап алды. Осы бір 3-4 жыл ішіндегі оқиғалардың өте ауыр болғандығы сондай – халықтың тарихи санасында бұл “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен, “Елім-ай” деген әрбір сөзінен мұң мен зар шығып тұрған өлең арқылы есте қалады. Сөйтіп аталған шайқастан соң қазақ-жоңғар қатынасында жаңа кезең басталады да, ол кезең басқа белгілермен, өзгеше ерекшеліктермен сипатталды. Осылайша, Аңырақай шайқасы – 1723-1729 жылдардағы қазақ-жоңғар қатынасының бір кезеңінде түбегейлі бетбұрыс әкелген және туған жерді жау қолынан азат етуге жол ашқан Ұлы жеңіс болды. Аңырақай шайқасының қазақ тарихындағы алатын орны мен маңызы осында болса керек.   Аңырақайдағы жеңіс – қазақ халқының бірлігінің жеңісі. Ғасырлар бойы тарихи дамумен бірге халықтың қаны мен жанында қалыптасып, сонымен бірге жасаған ұлттық сана-сезім өзінің күйзеліске түсуіне, дағдарысқа ұшырауына, бөлшектенуіне жол бермеді. Көзге көрінбейтін, тек қана сезіну арқылы біле алатын бұл күш – халық бірлігінің сақталуына мүмкіндік туғызады. Ендеше Аңырақай шайқасы – қазақ тарихында, оның ішінде ХVІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасы тарихында түбегейлі бетбұрыс әкелген, елді азат етуге жол ашқан Ұлы Жеңіс болды. Сонымен бірге бұл оқиға – ұлттық тұтастықты сақтап қалған, ұлттық сана-сезімді бір саты жоғары көтерген, қазақ әскери өнері жетістігінің, қазақ ынтымағының көрінісі болған, қасаң тарихи тұжырымдамаларға негіз қалайтын, қазақ халқына тәрбие құралы болған және бола беретін шайқас деп санаймыз.

 

Қолданылған әдебиеттер:

Қазақстан тарихы. 11 сынып. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт. Алматы «Мектеп» 2007 ж.