1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемiсұлының басшылығымен болған көтеріліс

 

Ішкі орданың құрылуы. Көтерілістің ошағы болған Ішкі орда немесе Бөкей хандығының саяси-экономикалық жағдайының, географиялық және тарихи жағдайларға байланысты өзгешеліктері болды.

 

Жәңгір хан қазақ көші

Еділ мен Жайық арасын, Каспий теңізінің солтүстігінен Ырғыз өзеніне дейінгі жазықты XVIII ғасырда бірнеше жыл Еділ қалмақтары мекендеді. Олардан бұрын да, олармен қатарлас та бұл далада қазақ рулары көшіп-қонып жүрді. Бертін келе патша өкіметі, Орал казак әскери басшылары қазақ ауылдарына Жайықтан өтуге әлденеше рет тыйым салып көрді. Ол үшін әскер күшін де пайдаланды. Бірақ оған қарамай жеке рулар, ауылдар көшіп келіп, қоныстанып жүрді. 1771 жылы Еділдің бойын мекендеген қалмақтар Жоңғарияға қарай көшіп, Еділ мен Жайық арасындағы дала босап қалды.

Зерттеушілер Сырым қозғалысы мен қазақ билеушілерінің өзара қақтығыстары өкімет тыйым салғанына қарамастан Оралдың арғы бетіне қазақ шаруаларының көптеп келуіне себепші болғанын атап көрсетеді.

Орал казак әскері қазақтарға маза бермеген соң, қоныстануға жоғарыдан ресми құжат қажет болды. 1801 жылы 11 наурызда патша Еділ мен Жайық арасын Бөкей сұлтанға қарауындағы елімен түгелдей жайлауға ресми рұқсат берді. Бұл хандықтың құрылуын патша шенеуніктері мен зерттеушілер ұлы ағзамның «қайырымдылығы» мен Бөкей сұлтан атына байланыстырып келеді. Шын мәнінде, рұқсат беруге төмендегідей жайттар себеп болған. Қазақтарды Жайықтан өткізбеуге тосқауыл қоя алмайтынына өкіметтің көзі жетті. Қалмақтардың көшіп кетуіне байланысты орнында қалған аз қалмақ-ноғайдың Жайық бойындағы орыс-казактармен бірігіп қонысты қорғауға күші жетпеді. Ал шеп бойына қазақтардың көптеп жиналуының салдарынан казактармен қақтығыстар жиілей түсті. Патша өкіметі Кіші жүзді бөлшектеп, «бөліп ал да, билей бер» саясатын жүргізуді ойластырды.

Ордабасы Мемлекеттік мүлік министрлігіне, кейіннен Сыртқы істер министрлігіне қарады. Патша жарлығында Бөкей қарамағындағы Еділ—Жайық арасындағы даланың солтүстікте Қараөзен, Сарыөзендерден, оңтүстікте Каспий жағалауына дейінгі жайлауы көрсетілді. Бөкей билейтін қазақ рулары өз алдына хандық құрып «Кіші қайсақ ордасы» болып аталды. Жер көлемі 6 млн десятинаны құрады.

Алғашқы жылдары мал саны аз ауылдар Нарын құмында Қараөзен, Сарыөзен бойында еркін көшіп жүрді. Бірте-бірте көшіп келушілер саны 1812-1814 жылдар аралығында көбейіп отырды.

Көтерілістің алғышарттарының қалыптасуы. Бөкей заманында-ақ Бөкей ордасындағы елдің қонысы тарыла бастады. Жерге құныққан Орал әскербасылары 1813 жылы Бөкей ордасының солтүстігін түгел иемденіп, әскери шептерін көшіріп, қос өзен аралығындағы шұрайлы жайылымды Қамыс-Самар көлдерімен қоса тартып алды. Сол жерлерге бекіністер салып (Таловка, Абинск, Вербовск, т.б.), казак-орыстарды көшіріп әкелді. Қыстауларынан айырылған қазақтар күйзеліске ұшырап, елдің бірқатары «бөкейліктерді» тастап бері өте бастады.

1815 жылы Бөкей қайтыс болады. Оның жас баласы Жәңгір (1801-1845 жж.) хан болып сайланады. 1823 жылға дейін елді Жәңгір жас болғандықтан, Бөкейдің інісі Шығай сұлтан биледі. Шығайдың заманында елдің қонысы едәуір тарылды. Қазақ шаруалары жайылым, өзендер бойындағы бос жерлерді жайлауға, не суаттарды офицерлерден жалдап алуға мәжбүр болды және оған байлардың ғана мүмкіндігі болатын. Шаруа арыздарын жергілікті патша әкімшілігі тыңдамады, дауды ылғи өз пайдасына шешіп отырды. Қыста бекініс тұрғындары шаруаларға пішендерін сатып, әрбір шана шөпті 6—20 сомға дейін қымбат бағамен өткізді.

Сол кездегі патша офицерлерінің мойындауынша, қазақ шаруалары екі оттың ортасында қалды. Отарлық әкімшіліктің өз үстемдігін іске асырып, бұратана елге қысым-зорлық, озбырлық күш көрсетуі тоқталмады.

Жайылым, суат, орман, қыстауға қолайлы өңір мәселесі қазақ шаруалары үшін көкейтесті, шешілмес іс болып, олардың шаруашылық, тұрмыс жағдайын күйзелтіп, қайыршылыққа әкелді. Мұнымен шектелмей, Орал әскерінің атаманы қазақ шаруаларына егін салуға, үй салуға, ағаш шабуға, балық аулауға, сордан тұз алуға да тыйым салды. Отаршылдардың бір тобы губернатор Эссен, Сухтелен, Перовский қазақтардың егінмен шұғылданып, отырықшылануы мал шаруашылығының дамуына кедергі болады деп санады.

1836 жылы губернатор В.А.Перовскийдің басшылығымен 550 казак жасағы құпия дайындалып, Бозащы және Адай ауылдарына «қарақшыларды жазалаймыз» деген сылтаумен шабуыл жасап, бейбіт елді үш апта бойы талаумен болды. Патша әкімдеріне керегі екі халықтың еңбекші бұқарасын бір-біріне қарсы қойып, ұлт араздығын қоздыру үшін татар, башқұрт, қыпшақ, қарақалпақ, ноғайларды да патша офицерлері қазақтарға қарсы қойып, әдейі жер таласын тудырып, өзара шапқыншылық ұйымдастырып тұрды.

Жоғарыда айтылғандай қазақтардың Жайықтан арлы-берлі өтіп, көшіп-қонуы Оралдың әскери ведомствосы мен патша әкімшілігіне ұнамады. Олар Ішкі Ордадан Кіші жүзге көшуге тыйым салып, арнайы билет жүйесі енгізілді. Бұл билеттен тек 1836 жылы 50 мың сом жиналып, Орынбордағы Неплюев әскери-офицерлік училищесін жарақтандырды.

Жәңгір хан 1830 жылдан бастап патша үкіметімен келісе отырып, жерді жеке меншікке беруді кеңінен қолдана бастады. Құнарлы, сулы жерлерді сұлтан, қожалар, молдалар, байларға берген. Жәңгір шаруаларға алым-салықтың да неше түрін шығарып, жалпы санын 20-ға жеткізді делінеді: соғым, зекет, пітір, құшыр, т.б. Жәңгір хан өзінің 12 биін ұстауға, хатшыларын, молдаларын, атшабар, тілмаштарын асырау үшін елден алым-салық жинаған.

ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары Кіші Жүздің саяси бірлігі ыдыраған, шаруашылығы артта қалған ел еді. Қазақ билеушілерінің арасындағы қақтығыстар да жиілей түсті. Нұралының екінші баласы Қаратай 1809 жыл Кіші Жүз билеушісі Жантөрені өлтірді. Осылайша Кіші жүз Жантөре ханның (1805-1809жж.) орнына хан сайлағанда екіге бөлінді. Әлімұлы рулары Айшуақұлы Шерғазыны (1812-1824 жж.)  хан сайласа, байұлы рулары Нұралы тұқымы қуатты Бөкейді (1812-1815 жж.) хан сайлады. Ал жетіру екіге жарылды. Арғы бет, бергі бет болып екіге бөліну патша өкіметінің саясатына сай келді. Патша өкіметі бұл өлкенің саяси-экономикалық жағынан күшеюіне жол бермеу үшін Қазақ хандығын одан ары әлсірету мақсатында 1812 жылы Кіші жүзді екі хандыққа бөлді. Бұлай бөлу Кіші Жүзді одан ары саяси әлсіздікке әкеліп, феодалдық қырқысты күшейтті. 1824 жылы патша өкіметі Кіші жүздің Жайық өзенінен шығысқа, Торғайға дейінгі жерін тағы үш бөлікке бөліп, басына билеуші сұлтандарды қойды. Бұл-Батыс, Орта, Шығыс бөліктерін билеуші сұлтандар Ресей шекарасына жакын жерден мекен алып, орыс әскерінің қорғауына сүйеніп, елді биледі. Батыс бөлігін Баймағамбет Айшуақұлы сұлтан билеп, оның ордасы мен билеуіндегі Үстірт, Маңғыстау арасы 800 шақырым болды.

Елде саяси бірлік пен күшті өкіметтің болмауы салдарынан феодалдық соғыс күшейіп, үнемі елдің мазасын алып, шаруалардың бір жерге тұрақтанып қоныс тебуіне, шаруашылықпен шұғылдануына мүмкіншілік бермеді. Феодалдардың өзара қырқысуы қазақ шаруалары үшін тағы бір қиындық болып тиді. Байлар мен сұлтандардың бір-бірімен жауласуы, елді ру-руға бөліп, шабыстыруы кеңінен өріс алды. Ру-рулардың ауылдары барымтамен кезек-кезек таланды. Қыпшақ пен арғындар, шекті мен шөміштінің арасындағы барымта шаруалар үшін ауыр болды. Сол секілді жағалбайлы мен тілеуқабақ, шөмекей, төртқара рулары арасындағы ұзақ жылға созылған талас-тартыстан көп адам өліп, мал-дүние талан-таражға ұшырады.

Сұлтан, билер, патша әкімдері руларды өзара айдап салып, араздастырып отырды. Ру намысын қорғау үшін қарапайым көшпелі шаруалар күшін пайдаланды.

Тұрмыстан қысылған көшпелі шаруалар Орал, Орынбор казак әскерлеріне өтуге, аштан өлмес үшін христиан дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертіп, біржола туған елінен қол үзуге де мәжбүр болды.

 

Исатай Тайманұлы 1791-1838 жж Махамбет Өтемісұлы 1804-1846 жж

 

Көтерілістің басталуы мен барысы. Үстем тапқа қарсы бас көтеру, қарсылық білдіру стихиялы түрде жүрді. Осы уақытта Исатай Тайманұлы ел көзіне түседі. Ханнан, оның атасы Қарауылқожадан, төрелерден жәбір-жапа көргендердің бәрі Исатайға келіп шағынатын болды.

Исатай беріш руының биі еді. Исатайдың 25 жылдай жайлап келген Қиғаш, Күйген өзендері өңіріндегі қонысын орыс шаруаларына тартып әперген. Махамбеттің:

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

 Қиғаш үшін қандастық,

Тептер үшін тебістік, —деуі осы күйікті білдіреді. Езілген шаруалар мұндай аз да болса мемлекет, өлкені басқарудан хабары бар, 20 жылдай би болған, үш рет ұсталып, екі рет қамауда жатқан Исатайды көтеріліс басшысына сайлайды. Исатай сөзге шебер, әрі алғыр, батыр, ел ішінде беделі зор адам болды.

1835 жылы Исатай ханға қарсы ашық күреске шығады. Шаруалар арасында үгіт-насихат жүргізіп, хан өміріне бағынбауға шақырады. Байлар мен билерден зорлық көрген шаруалар бір-бірлеп, тіпті тобымен кейде ауыл болып келіп оған қосыла бастайды.

Көтерілістің басталу себептері:

1) Бөкей ордасындағы қауымдық жерлерді ірі орыс помещиктері Юсупов пен Безбородко және хан туыстарының иеленіп алуы нәтижесіндегі жер тапшылығы;

2) Жәңгір хан өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы;

3) алым-салықтың өсуі, бұқара шағымдарының қаралмауы, халық мүддесімен санаспауы.

Көтеріліс 3 кезеңнен тұрады:

1) 1833—1836 жылдар — көтерілістің алғышарттарының қалыптасуы;

2) 1837 жыл — көтерілістің етек алған кезеңі, патша үкіметі әскерлерімен қақтығыстар;

3) 1838 жылғы шілдеге дейін көтерілісшілер күшінің әлсіреп жеңілуі.

Көтерілістің қозғаушы күші — қатардағы қарапайым малшы-шаруалар, сонымен қатар оған ру ақсақалдары, старшындар, билер қатысты. Исатай төңірегінде көбінесе ру старшындары басым болды.

Исатайдыц жауынгер серігі, белгілі ақын Махамбет Өтемісұлы да беріш руының Исатай сияқты старшыны болды. Орысша да, ана тілінде де сауатты Махамбет Орынбор әкімшілігі мен казак арасында белгілі еді. Алғашқыда Жәңгір сарайында жүрген кезінде-ак халықтың ауыр тұрмысы ақынды бей-жай қалдырмады. «Хан емессің қасқырсың, «Жәңгір қолшоқпары Баймағамбет сұлтанға айтқаны», т.б. осы сияқты өлеңдерден көтерілістің мақсаты мен талаптарын көруге болады.

1836 жылғы ақпанда көтеріліс ұлт-азаттық сипат алды. Исатайдың серіктері — Қабыланбай Қалдыбайұлы, Ұса Төлегенұлы, Смайыл Өтемісұлы (Махамбеттің інісі), Тінәлі Тайсойғанұлы, т.б. халықты көтеріліске шақырған үндеулерін таратты. Қарауылқожаны биліктен тайдыруға, ханның жарлығын орындамауға шақырды. Орынбор губернаторына Қарауылқожа, князь Юсупов, Безбородконың үстінен арыз-шағымдарын жіберумен болды. Бірақ олардың артында тірек ретінде отаршыл саясаттың тұрғандығын түсінбегендік байқалады. Исатай мен Махамбетке Қарауылқожаның көзін құртып, хан ордасын шапса, халықты бостандыққа жеткізетіндей көрінді.

1837 жылы қыркүйекте көтерілісшілер Қарауылқожаның ауылын шауып, малын айдап, шаруалардан жинап алған 3 мың сом ақшасын алып кетеді. Қарауылқожа қашып құтылады. Көтерілісшілер хан ордасын басып алуға дайындалады. Орынбордағылар Жәңгір ханға және патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы кең өріс ала бастаған көтеріліс қаупін сезіп, Исатай мен Махамбетті ұстап сотқа тартуды көздейді.

Исатайды қамауға алу үшін 1837 жылы 2 қазанда Орал казак әскерінің атаманы Покатиловтың басшылығымен екі жүз казак жасағы шығарылды. I Николай патша «бүліктің» дереу тоқтатылуын талап етті. Орынбор губернаторы Перовский көтерілісті талқандау үшін подполковник Геке басқарған үлкен жасақ жіберді.

1837 жылы қазан айында Жәңгір хан ордасын қоршау — көтерілістің шарықтау шегі болды. Оған 3000—3500 көтерілісшілер қатысты. Уақыт ұту үшін полковник Геке күресті тоқтату жайында Исатай Тайманұлымен келіссөз жүргізе бастайды. Келіссөз қасақана ұзаққа созылды. Осы кезде патша әскерлері мен Жәңгір хан жақтастары бірігіп үлгереді. Бір жағынан Зеленов форпосты мен Кулагин бекінісінен, Меркулов бастаған Горск бекінісінен, Астраханнан шыққан жазалаушы жасақтар 9 қарашада хан ордасында бас қосты. 15 қарашада 3000—3500 адамнан тұратын көтерілісшілер жазалаушы жасақтармен Тастөбе деген жерде кездесті. Қылыш, садақ, найзамен ғана қаруланған Исатай қолы зеңбіректен атылған снарядтарға қарсы төтеп бере алмады. Ұрыста көтерілісшілер тарапынан 60 жігіт қаза тапты.

Исатай тобының Тастөбе түбіндегі жеңілісінен кейін көтерілісшілер қатары сирей бастады. Көтеріліске қатысқан ауылдарға кешірім жариялануы ыдырауды тездетті. Ал полковник шенін алған Геке Исатайды қолға түсіру үшін тірідей әкелгенге 1000 сом, басын әкелгенге 500 сом сыйлық тағайындайды.

Исатай болса 1837 жылы 13 желтоқсанда Жаманқала (Сарайшық) бекінісіне жақын жерден жазалаушылар торын бұзып, Кіші жүзге өтіп кетті. Исатайдың ізіне түскен Баймағамбет Айшуақұлы, т.б. сұлтандар жасағы тек Исатайдың отбасын тұтқындайды.

 

 Қазақ отбасы Қазақтардың қару-жарағы.

Көтерілістің аяқталуы. 1838 жылы Кіші жүздің шекті руы жерінде уақытша қоныстанған Исатайдың көтерілісті қайта лаулатып, Ордаға қайта оралу ниеті болды. Оның жасағы Горск бекінісіне қауіп төндіреді. Осы жағдай Орынбор отаршылдық әкімшілігін Исатай көтерілісін түпкілікті басуға тезірек қимылдауға әкелді.

Біріншіден, осы кезде Кенесары Қасымұлы көтерілісі Кіші жүз жеріне өткен болатын. Екі көтерілістің бір-біріне қосылып кетуі мүмкін еді.

Екіншіден, Кіші жүздің батысында Қайыпқали Есімұлы, Жоламан Тіленшіұлы наразылықтарының етек алуы болды.

1838 жылы 12 шілдеде Геке мен Падуров жасақтары мен көтерілісшілер арасында Ақбұлақ түбінде соңғы шайқас болды. Өзінен басым күшке төтеп бере алмаған көтерілісшілер тарапынан 70—80 адам оққа ұшады. Көтерілісшілер бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Алты адаммен бірге Махамбеттің інісі тұтқындалады. Орынбор губер-наторы қолға түскендерді дүре соғып, Сібірге айдайды. Көтерілісті басуда көзге түскен сұлтандар, билер, солдаттар ақшалай сыйлыққа ие болып, шендері жоғарылады. Баймағамбет Айшуақұлы подполковник шенін алды.

 

 

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы.

 

Көтерілістің жеңілу себептері. Көтеріліске қосылған үстем тап өкілдерінің опасыздығы; Кіші жүз бен Ішкі ордадағы және Кенесары Қасымұлы жасақтарының басының қосылмауы; әскери қаруланудың төмен дәрежесі.

Көтеріліс буферлік аймаққа жататын тұйықталған иелікте өткеңдіктен, Сырым Датұлы көтерілісі сияқты Кіші жүздің көп бөлігін қамти алмады. Бұл патша үкіметіне жазалау күштерін Исатай жасағы орналасқан ауданға тікелей бағыттауына мүмкіндік берді. Көтеріліс стихиялы түрде болып, оған қатысқан әр түрлі әлеуметтік топтар мақсаттарының қарама-қайшылықтарына қарамастан, көтеріліс тарихқа аса көрнекті саяси оқиға ретінде енді. Патша үкіметін көтерілісті қолдаған старшындармен санасуға мәжбүр етті. Сұлтан топтары мен хан сарайы және хан туыстары үшін жинайтын салық мөлшері белгіленді. Бұл хан билігі позициясын әлсіретті.

Тарихи маңызы. Жәңгір хан өлген соң 1845 жылы Бөкей ордасындағы хандық билік жойылды. Көтеріліс идеологы, XIX ғасырдағы Қазақстан тарихындағы жарқын тұлға, ақын Махамбет Өтемісұлының шығармаларында айтылғандай көтеріліс тек Жәңгір ханға қарсы бағытталған жоқ, бұл отаршылдыққа қарсы бағытталған азаттық көтерілісі болды.

 

Глоссарий:

Бөкей Ордасы (Ішкі Орда)-1801 жылы Ресей императоры І Павелдің бұйрығымен құрылған хандық, ол 1801-1845 жж арасында өмір сүрді.

Исатай Тайманұлы (1791–1838 жж.) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген. 1808 жылы Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы жақсы жағдай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді. Исатай 21 жасында өз руының Жайық атасына старшын болып тағайындалады. Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді.

Махамбет Өтемісұлы (1804-1846 жж.)-1836-1838 жылдары Ішкі Ордада (Бөкей Ордасы) болған Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің белсенді ұйымдастырушысы, батыр, жалынды ақын. Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Ол татар және орыс тілдерін жақсы білетін. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы әрі этнографы В. И. Дальмен жақсы таныс болды. В.И. Даль Орынбор генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқаратын. Махамбет саяхатшы ғалым Г.С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г.С. Карелин әр кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген болатын. Махамбеттің патша әкімшілігінің қолшоқпары хан, сұлтандар мен оның төңірегіндегілердің озбырлығын айыптайтын жалынды жырлары барлық қазаққа таныс.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.Қазақстан тарихы, 11 сынып, жаратылыстану-матемтатикалық бағыт, Тұрлығұл Т.Т., т.б. Алматы, «Мектеп», 2007 ж

2. Қазақстан тарихы, 11 сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, М.Қойгелдиев,Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев., т.б.Алматы «Мектеп» 2007 ж.