Қазақстан - Ресей империясының шикiзат базасы

 

XIX ғасырдың ортасынан бастап қазақ жеріне капиталистік қарым-қатынастардың тарала бастауы қазақ ауылының шаруашылык өміріне, әлеуметтік жағдайына әсерін тигізбей қоймады. Мал шаруашылығы мен отырықшы жер шаруашылығының етек ала бастауы да капитализмнің тікелей әсер етуінің бір көрінісі.

XIX ғасырдың ортасында қазақ жеріне капиталистік қатынастар тарала бастады:

 - Отырықшы мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуы.

 - Жеке меншік жерді иеленудің кең таралуы.

 - Жылқы санының азайып, ірі қара малдың көбеюі.

Капиталистік қатынастардың біртіндеп етек алуы және орталық губерниялардан орыс, украин шаруаларын көптеп қоныстандыру көшпелі қазақтар арасында отырықшылықтың тарауына себепші болды.

Патша үкіметінің қауымдық жерлерді зорлықпен басып алу саясатын жүргізуі, отаршылдық-әкімшілдік басқару әдісінің күшеюі қазақ шаруалары арасында әлеуметтік жіктелуді тездетті. Қалалар мен орыс қоныстарының маңайында орналасқан немесе көшіп-қонып жүрген қазақ шаруалары біртіндеп нарыққа тартыла бастады.

XIX ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап кедейленген қазақтар күнкөріс көзін табу мақсатымен тау-кен орындарына, қалалы жерлердегі ірілі-ұсақты кәсіпорындарға тартыла бастады.

XIX ғасырдың 30-50-жылдарында қазақ жеріндегі табиғи байлық көздері біршама анықталып, көмір, кен, тұз, қорғасын жылдан-жылға көптеп өндіріле бастады.

  Ресейлік кәсіпқойлар өз қаражатын Қазақстан сияқты пайдалы табиғи қазба байлықтары мол елде өндірістік орындар салдыруға жұмсай бастады.

Ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін тері, май кәсіпорындары іске қосылып, Каспий, Арал теңіздерінде, Балқаш көлінде балық аулау кәсіпшілігі қанат жайды.

  Қазақстанды елдің басқа аудандарымен байланыстыратын темір жол тораптары салынды. Егер XIX ғасырдың соңғы он жылында өлкеде 482 шақырым темір жол тартылса, XX ғасырдың басындағы бес жылда бұл көрсеткіш 1818 шақырымға жетті.

  XIX ғасырдың екінші жартысында негізгі бөлігі қалаларда шоғырланған өңдеу өнеркәсібінің зауыт, фабрикалары әлі де болса әлсіз, жабдықталуы тым қарапайым еді. Ешқандай техникалық мамандығы жоқ жұмыскер, әсіресе қазақ жұмысшылары, сапалы да көлемді өнім шығара алмады. Тек XIX ғасырдың соңғы жылдары өнеркәсіптегі жағдай біршама өзгерді. 300-400 жұмыскері бар, салыстырмалы түрде ірі деп атауға келетін өндіріс орындары пайда болды. Успен кеніші, Қарағанды көмір алыбы, Екібастұз, Риддер өндірістік орындары – бүкіл ел көлемінде белгілі болды. Тау-кен орындарымен қатар қазақ жерінде тұз өндірісі де ұлғайды. Мысалы, 1867 жылы Басқұншақ кәсіпорнында - 55 мың пұтқа жуық тұз өндірілсе, 1900 жылы – бұл көрсеткіш 20 миллион пұттан асты.

Қазақ жерінің табиғи байлығы шетел капиталистерінің көңілін де аударды. Спасск-Успенск, Атбасар, Риддер, Қарағанды және Екібастұз кәсіпорындары, бірнеше мұнай өндіретін орталықтар шетелдік иелерге сатылды. Мысалы, Спасск мыс кеніші акционерлік қоғамының акциялары АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция, т.б. елдер өнеркәсібі иелерінің қолына көшті.

Табиғат байлықтарының қауырт игеріле бастауы, ақша-тауар қатынастарының дамуы банк-кредит ұйымдарына жол ашты. Ресей Мемлекеттік банк бөлімшелері алдымен шаруашылық және мәдениет ошақтары – Оралда (1876 ж.), Петропавлда (1881 ж.), Семейде (1887 ж.), Омбыда (189,5 ж.), Верныйда (1912 ж.) ашылды. Сібірлік 57 сауда бөлімшесінің жетеуі Қазақстанда қызмет етті. Филиалдары саны жағынан Қазақстанның шаруашылық өңірінде белгілі орын алған - "Орыстың сауда өнеркәсіптік банкі", оның бөлімшелері XX ғасырдың басында Қазақстанның ірі қалаларында кеңінен ұйымдастырылды.

Сауда және қалалар. Ресей сауда капиталының қазақ ауылдары өміріне әсері, империяның орталық аудандары мен орталық өлке арасындағы шаруашылық байланысты, тауар алмасу мен айырбасты біршама кеңейтті. Ауылдың әлеуметтік және шаруашылық өмірінде малды саудалап, оны тауарға айналдыру ерекше байқала бастады. Мысалы, XIX ғасырдың 80-жылдарында Ақмола, Сарысу, Қарқаралы уездері арқылы Ресейдің орталық аудандарына 60 мың ірі қара, 200 мыңға дейін қой жеткізілетін.

XIX ғасырдың екінші жартысында орталық өнеркәсіпті аудандардан мақта мата өндірісінің бұйымдары да көптеп әкелінді. Капиталистік фабрикада жасалынған тауарлар ортаазиялық сапасы төмен бұйымдарды ығыстырды. Жүздеген мың сомға әкелінген металл, шұға, жібек, былғары бұйымдары сауданың өзара тиімділігін арттырып, шалғы, пышақ, соқа, балта, т.б. күнделікті шаруа тұрмысында жиі пайдаланатын бұйымдар мен құрал-жабдықтардың сатылуы артты.

Қазақ-орыс сауда байланыстарын дамытуда жәрмеңкелер ерекше орын алды. 1832 жылы Бөкей (Ішкі) ордасында ашылған тұңғыш жәрмеңке осы өңірдегі ірі сауда орталығына айналды. XIX ғасырдың ортасынан бастап жәрмеңкелер саны жедел өсті. Бір ғана Шығыс Қазақстанда XIX ғасырдың 80-жылдары 70-тен астам ірілі-ұсақты қалалық, далалық жәрмеңкелер ашылып, олардың тауар айналымы жылдан-жылға өсті.

Қазақстан аудандарындағы жағдайды салыстыра қарасақ, жәрмеңкенің дамыған өңірі Ақмола облысында болды. Тайыншакөл (Петропавл уезі), Константиновкада (Еленецкая), Ақмола қаласында, Петровкада (Атбасар станицасында), Қарқарада (Жетісу уезінде) болды. Аса ірі жәрмеңкелердің бірі - Қарқара уезіндегі Талды-Қоянды деген жерде 1848 жылы ашылған, көпес Варкав Ботовтың есімімен аталатын бұл жәрмеңке өз кезінде Қазақстанның шаруашылық және қоғамдық өмірінде өте белгілі болды.

Өлкедегі жоғарыда аталған ірі жәрмеңкелермен қатар, Қытаймен сауда арқылы белгілі болған Қарқара (Жетісу уезінде), Ойыл (Орал облысы), Шар-Екатеринская (Семей облысы) жәрмеңкелері болды.

Отаршылдық сипат сауда байланыстарынан да көрініс тапты. Сауда заттарына төлейтін ақшасы болмаған қазақтар олардың бір бөлігін несиеге алатын. Айырбас саудасында қазақтардың есебі "тоқты" немесе бір жасар "ісек" қой болды. Несиеге майда-шүйде үй бұйымдарын алған көшпенділер көп жағдайда кіріптарлықта қалатын, өйткені ол тауарлардың ақысына кейіннен үстеме төлейтін. Көшпенділердің аңқаулығын пайдаланған айлакер, жебір көпестер қазақтардың малы мен затын төмен бағалап, өз тауарларының құнын асыра көтеретін. Тең сауда болмайтын. Орталық аудандарда 6-7 сомға сатылатын самаурынға 20-25 қой, бір отар мал беретін; құны 15 тиыннан аспайтын ұстара үшін ашқарақ саудагерлер қой сұрайтын. Әкелген тауарларының сапасы да мардымды болмайтын.

Сонымен, Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.