Қазақстан
аумағында мемлекеттіліктің
пайда болуы және дамуы
Мәселенің зерттелуі барысындағы тарихи
бұрмалаушылықтар. Қазақстан аумағында
алғашқы мемлекеттер б.з.б VІІІ ғасыр мен б.з. V ғасыры
аралығында құрылғандығын сіздер
алдыңғы сабақтардан білдіңіздер. Еділ өзені мен
Алтай тауы аралығындағы кең далада өмір сүрген
сақ, қаңлы, үйсін, ғұн тайпалары темір
дәуірі кезінде-ақ мемлекеттік дәрежеге жеткен бірлестіктер
болды. Бұл жайды археологиялық ескерткіштермен, ежелгі грек, парсы,
қытай жазба деректері де растап отыр. Соған қарамастан ХХ
ғасырдың бас кезіне дейін Батыс қоғамында
көшпенділерде таптық жүйе болмады, демек көшпенділер
қоғамы мемлекет дәрежесіне жетпеді деген отаршылдық
пиғылдағы, жансақ, ешбір ғылыми тұрғыдан
дәлелденбеген, сыңаржақ пікірде болды. Мұндай пікірлер
ол кезде отаршыл-империалистік саясат жүргізіп отырғандардың
мүдделеріне сай келді. Соған қарамастан
көшпенділердің мемлекеттері туралы алғашқы тарихи
еңбектер ХVІІІ ғасырдан жазыла бастады. Бұл еңбектерде,
содан кейін ХІХ ғасырда аталған тақырыпта жарық
көрген көптеген еңбектерде көшпенділерде мемлекет
болғандығын мойындады, бірақ мемлекеттің
құрылуын олар жаулап алушылықпен тікелей байланыстырды.
Олардың ойларынша көшпенділер қоғамы мемлекет
дәрежесіне өз ішінен пісіп жеткен жоқ, тек отырықшы
елдерді жаулап алған соң, мемлекеттік құрылысты
отырықшылардан үйренді деген қате пікірде болды. Көп
жағдайда олардың ондай пікірде болуларына, көшпенділер қоғамында
сақталып қалған рулық қатынастар себеп болды.
Қазақстан аумағына экспедициямен келген патша
өкіметінің шенеуніктері: «Киргиз-кайцактар ( яғни
қазақтар) жартылай жабайы көшпенді халық. Олар жартылай
алғашқы қауымдық құрылыста өмір
сүреді, әлі күнге дейін оларда рулық қатынастар
үстемдігі сақталып қалған»,- деп айтса, ал «ұлы
державалық» пиғылдағы тарихшылар «Қазақтарда
мемлекет те, хандық та еш уақытта болған жоқ, хан деген
сөз ру-тайпа бірлестіктерінің басшыларына берілді, сондықтан
да қазақтарда бір мезгілде хандар көп болады», дей келе
Ресейдің бұл аумақты жаулап алуы, өлкенің
қоғамдық-экономикалық тұрғыдан ілгері
дамуын қамтамасыз етті,- деген қорытынды жасады. Әрине
мұндай қорытындыға келгенде, олар ешбір ғылыми
әдіске сүйенбеді. Кеңестік дәуірде ертедегі
Қазақстан аумағындағы мемлекеттер туралы тарихи
еңбектер екі түрлі болды. Бірінші түрі: «Көшпелілерде
мемлекет қалыптасып үлгерген жоқ, олар шаруашылық
қауым денгейінде өмір сүрді. Жерге жекеменшік
болмағандықтан, таптық қоғам құра
алмады. Оның үстіне көшпелі мал шаруашылығымен
айналысатындар үшін бір орталыққа бағынған мемлекеттік
құрылымнан көрі, шашыраңқы
қауымдастық түрінде өмір сүру тиімді болды»,-
деген жоғарыда айтылғандай еуроцентристік бағытта болды.
Екіншісі, жан-жақты тарихи деректермен бірге археологиялық
зерттеулерге сүйенген түрі: «Қазақстан аумағында
мемлекеттік құрылымдар б.з.б. І мыңжылдықта
шаруашылықтың бөлініс кезінде пайда болды» дегендер болды.
Мұндай пікірді А.Н.Бернштам, В.В. Бартольд, Л.Н.Гумилев сияқты т.б.
беделді ғалымдар айтты.
Көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің
пайда болуы және оның ерекшеліктері. Кейінгі жылдары
көшпенділердің мемлекеттілігі жайында жүргізілген зерттеулер
тарих ғылымына және жалпы қоғамдық санаға
үлкен өзгерістер алып келді. Атап айтатын болсақ
көшпенділер қоғамында мемлекеттік құрылым
отырықшы елдерден бұрын, б.з.б. І мыңжылдықта шаруашылықтың
бөлініс кезінде пайда болғандығы. Өйткені
көшпенділерде малға еш уақытта қоғамдық
меншік болмады, сондықтан көшпелілер қоғамында
әлеуметтік теңсіздік отырықшылардан анағұрлым
ерте пайда болды. Отырықшы елдерде мемлекет құрылудың
классикалық түрі рулық қауымдастықтар
тараған соң, жер жекеменшікке айналып, мүлік теңсіздігі
орнаған кезде мемлекет құрылады. Ал көшпелілер
қоғамында мүлік теңсіздігі орнаса да,
шаруашылықты жүргізу және генетикалық тазалықты
сақтау үшін өзіндік рулық қатынастарды сақтау
қажет болды. Көшпенділердің мемлекетінде билік
мұралық жолмен берілсе де, жеке адамның шексіз билігін орнату
мүмкін болмады. Мұның бірнеше себептері болды: 1) Биліктен
қысым көрген жағдайда ру-тайпалар басқа мемлекеттік
бірлестіктерге көшіп кетуі мүмкін болды. 2) Жоғары
биліктің сүйенетін тұрақты әскері болмады,
соғыс жағдайында әр адам жауапкершілікті сезіне отыра
өзі үшін жауынгер болуға әрқашан дайын болатын.
Осы себептен де жоғарғы билеуші әрдайым мемлекеттің
қарапайым әрбір мүшесінің қолдауына зәру болып
отырды. 3) Мемлекет үшін маңызды істің бәрі халық
арасынан сайланған рубасылар құрылтайында шешімін табатын.
Осындай далалық демократия, орта ғасырларда халық
басқару ісіндегі ең озық жетістік болғанын
бүгінгі күні бүкіл ғалымдар мойындады. Мемлекеттің
жоғарғы билеушілері мен қарапайым мүшесі
арасындағы бір-біріне деген қажеттіліктен туындаған түсіністік,
көшпенділер мемлекетін басқару ісінің негізі болып табылды.
Осындай көшпенділерге ғана тән мемлекеттік
құрылымдарға жан-жақты ғылыми зерттеулер
жүргізген соң, ғалымдар тек ХХ ғасырдың екінші
жартысында ғылымға «көшпенділер өркениеті»,- деген
термин енгізді. «Көшпенділер өркениеті» сан ғасырлар бойы
адам баласының қол жеткізген ең озық
жетістіктерінің бірі болып саналып, жалпы әлем
өркениетінің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Қазақстан
жерінде ерте феодалдық мемлекеттердің құрылуы. Қазақстан
аумағында орта ғасырда алғашқы феодалдық мемлекет
– Түркі қағанаты болды. Орталық Азия жерінде мекендеген
түркі тайпалары 552 жылы Жужан қағандығын соғыста
жеңіп, саяси тәуелсіздікке ие болады. Мемлекеттің негізін
қалаған «ашын» руынан шыққан Бумын қаған
дәл сол жылы қайтыс болып орнына мұрагері Мұқан
қаған отырады. 552-554 жылдары Түркі қағандары
көрші тайпаларды өздеріне бағындырды, ал
оңтүстігіндегі Чжоу мен Цинь мемлекеттері алым-салық
төлеп тұратын болып келісімге келді. 554 жылы Бумын
қағанның інісі Істеми басқарған он түмен
қол Батыстағы елдерді бағындыруға аттанады. 555 жылы
Арал теңізіне дейінгі жерді түркілер көп
қарсылықсыз тез арада бағындырады. 563-567 жылдары Орта
Азиядағы эфталиттерді толық жеңген соң, Сасанилік Иран
мемлекеті жылына 40 мың алтын теңге көлемінде салық
төлеп тұратын болды. VІ ғасырдың 70 жылдары,
Түркі қағанатының батыс шекарасы Солтүстік Кавказ
бен Қара теңіздің солтүстік-батыс жағалауларына
дейін жетті. Сары теңізден Қара теңізге дейінгі
кең-байтақ жерді алып жатқан Түркі
қағандығы бір орталыққа бағынған
мемлекет құра алмады. Қағандықтың
халқы саяси жағынан да, экономикалық жағынан да біріге
алмады. Оның үстіне кең-байтақ жерді бір орталықтан
басқару мүмкін болмады. Осындай себептерден кейін 603 жылы мемлекет
Батыс және Шығыс болып екіге бөлінді.
Қазақстанның оңтүстік аумағында бірін-бірі
ауыстырған 603-704 жылдар аралығында Батыс Түркі
қағанаттығы, 704жыл мен 756 жылдар арасында Түргеш қағанаты,
756-940 жылдар аралығында Қарлұқ
қағанаттары өмір сүрді. Бұл мемлекеттердің
барлығының орталығы Суяб қаласы болды. ІХ ғасырда
Орталық және Солтүстік –Шығыс Қазақстан
аумағында Қимақ қағандығы, Сырдария
өзенінің орта және төменгі ағысы, Арал
теңізі маңы мен Маңғыстау түбегінде Оғыз
мемлекеті құрылды. Бұл мемлекеттерде дәстүрлі
ру-тайпалық құрылымдар сақталып қалды. Ерте орта
ғасырдағы бұл феодалдық мемлекеттерде сатылы
басқару жүйесі болған. Ең жоғары билік басында
қаған болса, атқарушы билік қаған сайлаған
ұлықтың қолында болды, кейінгі сатыда
шад, жабғу, елтебер деген жоғары лауазымдар болды, жергілікті
жерлердегі билік әрі қағанның тірегі тайпа
көсемдері – бектер болды. Сот ісін бұйрықтар мен тархандар
атқарса, салық жинаушыларға арнайы селиф деген атақ
берілген. Сатылы басқару жүйесі болғанмен бұл
мемлекеттерде әскери демократия жүйесі де күшті болды. 634
жылы Ешбар Елтеріс қаған ел басқаруда«он оқ
бұдын» жүйесін енгізеді, «бұдын» сөзі «халық
немесе тайпа» дегенді білдіреді. Осы басқару жүйесі елді он
тайпаға бөлді, жергілікті жердегі әкімшілік билік пен бірге
әскери билікті тайпа көсемдерінің қолына берді. «Он
оқ бұдын» жүйесі елді бытыраңқылыққа
алып келді, тайпа көсемдері үнемі жоғарғы билікке
ұмтылып өз ара соғыс жүргізіп отырды. 640-657 жылдары
Батыс Түркі қағанатының тарихында ішкі тартыс пен
қырқысқа толы болуының себебінен, мемлекет әбден
әлсіреп кетеді, осыны пайдаланып Тан империясы 659
жылы Жетісуға басып кіреді.Қағандық өзінің
тәуелсіздігінен айырылады, азаттық жолындағы күрестер
тек VІІ ғасырдың аяғында Түргеш тайпасының
көсемі Үшілік басқарған кезде жемісті болды.
Қытайларды Жетісудан қуған соң,
түргештердің саяси аренада беделі өсіп 704 жылы Үшілік
өзін қаған деп жариялап, Түргеш
қағанаттының негізін қалайды.
Ерте орта ғасырлардағы феодалдық мемлекеттерінің
өмірінде соғыстар мен қырқыстарға толы болса да
әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуы да
болды. Мемлекеттердің халықаралық маңызы артып
Қытай, Византия, Иран сияқты сол кездегі ірі империялармен терезесі
тең дәрежеде жан-жақты байланыс орнатты. Аймақ
көшпелі мәдениет пен отырықшы мәдениеттерді тығыз
байланыстырып бір ағымға түсірген, халықаралық
сауда алаңына айналды. Түркі тілдес тайпалардың
отырықшы және жартылай отырықшы өмір салтына
көшуі, қалалар санының өсуіне септігін тигізді.
Қазақстан аумағындағы құрылған осы
мемлекеттер, жалпы алғанда әлемнің Батысы мен Шығысы
арасындағы өрбіген екі өркениеттерді бір бірімен
байланыстырған көпір секілді болды.