Қазақ хандығының құрылуы-қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихының заңды нәтижесі

  Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары. Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде ХІV-ХV ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси үрдістерден туған заңды құбылыс. Осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі ХV ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

  Әсіресе Әбілхайыр (1428-1468) Жошы-Шайбан-Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығының саяси ахуалы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын (Тоқа Темір тұқымы) жеңді. 1446 жылы Әбілқайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркөк сияқты қалаларды басып алады. 1457 ж. Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Олармен Әбілхайыр ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында, қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деген өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп кеткен еді. Оны Жәнібек пен Керей сұлтандар басқарды.       Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде, хандар мен ақсүйектердің қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, ХV ғ. 50-70 жж, яғни 1459 ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуылынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс болатын. Мырза Мұхамед Хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.       Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 жылы Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері-оның ұлы Шайх -Хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.                  XV ғасырдың 60-жылдары өмірге келген Қазақ хандығы бұл мезгілге дейін аяқталып қалған қазақ халқының қалыптасуының табиғи жалғасы әрі жиынтығы болатын. Өз ішінде алаш атанған қазақ ұлтының негізгі өмірлік сұранысын, яғни этностық аумағының бүтіндігін, шаруашылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігінің қауіпсіздігін Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы және Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттік құрылымдар қамтамасыз ете алған жоқ еді. Өйткені бұл хандықтардың өз ішінде де саяси және экономикалық тұрақтылық болған емес. Сондықтан да қалыптасу жолында тұрған қазақ ұлтының аумағы мен жеке тайпалық бөліктерінің түрлі тұрақсыз хандық биліктердің құрамына еніп, тынымсыз қайта бөлініп отыруы ұлттық ұюға жағымсыз ықпал жасаумен болды.

Қазақ жұртының өзбек жұртынан бөлінуі. Қазақ тарихында белгілі бір ру-тайпаның қоғамның басқа бөлігінен түрлі себептерге байланысты бөліне көшуі түрлі кезеңдерде болып тұрған. Ал бұл жолғы Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған біраз ұлттың Әбілхайыр хандығынан (Өзбек ұлысынан) жарыла көшуі, әрине, дүрдараздықтың, билеуші Шыңғыс ұрпағы арасындағы үйреншікті тар, билік үшін таласынан анағұрлым кең ауқым алғандығын аңғартса керек.   Деректі материалдар Әбілхайыр хандығынан (Өзбек ұлысынан) біраз жұрттың жаңа пайда болған хандыққа бет бұрып жарыла көшуі бір емес, бірнеше мәрте қайталанғандығын білдіреді. Демек, екі сұлтанның Әбілхайыр хандығынан бөліне көшуіне себепші болған негізгі жағдай халықтың арасындағы ықпалды топтардың ішінде саналы әрі мақсатты түрде мемлекеттік құрылымға бағытталған әрекеттің орын алғандығын білдіреді.         

Қара халықтың билеуші топтарының Жәнібек пен Керейге ондай ұсыныспен қайырылуына түрткі боларлық себептер аз емес. Солардың негізгісі қазақ жеріне, әсіресе Жетісу мен Шу өңіріне сырттан төнген қауіп еді. Бұл ретте, ең алдымен, қазақ елінің шығыс жағындағы көршісі жоңғарлық ойраттар жеріндегі тарихи өзгерістерді еске алуға тура келеді. XV ғасырдың ортасына қарай барлық ойрат (қалмақ) елін бір мемлекетке біріктірген Тоған тайшының ұлы Есен тайшы бүкіл батыс және шығыс монғолдардың билеушісі дәрежесін иемденген. Оның Мин империясына жасаған бір жорығы тіпті император Чжу Ци-Чжэнді тұтқындаумен аяқталады. Қытайдан алым-салық алып тұрудан қанаттанған Есен тайшының назары енді Моғолстан мен Жетісу жаққа ойысып, бұл жақ беттегі көршілерінің көңілінде үлкен алаңдаушылық туғыза бастайды.                                          1452 жылы Есен тайшының жасағы Моғолстанға басып кіріп, содан соң Жетісуға еніп, одан ары оңтүстікке бет алып, Сыр бойы өңірін, Түркістан, Ташкент, Отырар сияқты орталықтарды тонап, Сығанаққа жақын Көккесене атты жерде Әбілхайыр ханның әскерімен кездесіп, оны талқандап жеңеді. Ойраттардың бұл жорығы 1455 жылы, яғни Есен тайшы өлгеннен кейін аяқталады.           Қуатты қалмақ мемлекетінің өмірге келуі бұл кездегі Моғолстанды билеушісі Есенбұға ханды да, Алаш жұрты мен оның билеушілерін де терең ойға батырғандығы анық. Сондықтан да Есенбұға ханның Жәнібек пен Керейге қолдау танытып, Шу бойындағы Қозыбасыда жаңа хандықтың шаңырағын көтеруге ықылас білдіруінің бірден-бір себебін қалмақтарға тосқауыл қою қажеттігінен туған шара есебінде қарауға толық негіз бар.

Әрине, енді ғана шаңырақ көтерген хандық өмірінде ру-тайпалық қатынаста сол кезеңге дейін үстемдік құрған дәстүр-салтты есепке алмау мүмкін емес еді. Бұл ретте де жаңа пайда болған мемлекет құрамына енген ру-тайпа басшылары арасында белгілі бір бәтуаның болғандығы сөзсіз. Ондай тәртіпті енді ғана билікке келген сұлтан мен хандардың өз бетінше жоғарыдан орната салмайтындығы, орнатқан күнде де жаңа жүйені қалың бұқараның үн-түнсіз қабылдай коюы екіталай екендігі мәлім.        

             

 Қазақ хандары Керей мен Жәнібек.

 

  Қазақ хандығының құрылуы. Жетісуда Қазақ хандығының шаңырағын көтеру жөніндегі шешімді тек Жошы тұқымы Жәнібек пен Керей сұлтандардың қазақ қоғамының ішкі өмірін реттеп отырған ру-тайпа ақсүйектерінің келісімінсіз қабылдауы, тіпті де мүмкін емес болатын. Жаңа мемлекеттік жүйе құру аса күрделі екендігі түсінікті. Жәнібек пен Керейдің "Алаш мыңын" бастап Жетісуға бет алуы, бұл, әрине, тарихи үдерістің сыртқы көрінісі ғана болатын.                                                                                                           Тарихшы Қадырғали бидің шежіресі бойынша, "Алаш мыңы" одағының қалыптасқан мезгілі XIII ғасырдың соңыXIV ғасырдың бас кезі. Шамамен, Тоңқа би тұсында "Алаш мыңы" одағы Өзбекиядан бөлініп шығып, Қазақ хандығын құрды. Яғни, Тоңқа би оның соңғы биі. Бұдан былайғы уақытта "Алаш мыңы" одағының бастапқы құрылымы өзінің бұрынғы маңызы мен өзектілігін жоя бастайды. Өйткені өмірге ру-тайпалық құрамы жағынан анағұрлым кең, күрделі әрі жаңа қауымдастық — мемлекеттік ұйым келген еді. Қадырғали би Тоңқа биден соң "Алаш мыңының" бас биі болған адам есімін атамайды. Өзі өмір сүрген XVI ғасырда ондай міндетті атқарған тұлға болса, оны тарихшы міндетті түрде атаған болар еді, яғни Қадырғали Ресейге аттанған кезде "Алаш мыңы" одағы да, сонымен бірге бас билік мәртебесі де бұрынғы мәнін жоғалта бастаған еді.                  

Егер бұл тұжырымның тарихи шындыққа жақын екендігін мойындасақ, онда, әрине, "Алаш мыңы" ішіндегі үш сан халықтың кейінірек қазақ болып қалыптасқан ұлттың құрамындағы үш жүздің сол тарихи кезеңдегі көрінісі екендігі күмән тудырмаса керек. Ал бұл одақтың құрамында, ең аз дегенде, қазақ халқының негізін құраған үйсін, дулат, қаңлы, арғын, найман, қыпшақ және алшын сияқты тайпалық одақтардың болғандығы жөнінде тұжырым жасауға болады.

  Әбілхайыр қазасынан соң (1468 жылы) Өзбек ұлысының ішінде берекесіздік етек алады. Билік үшін тынымсыз талас, өзара алауыздық Есенбұғы өлгеннен кейін де (1462 жылы) тоқталған жоқ. Мұның өзі осы кезде Моғолстан және басқа ортаазиялық мемлекеттерге де тән құбылыс болатын. Яғни, XV ғасырдың екінші жартысында Жәнібек пен Керей ұлысына сырттан қауіп төндіре алатындай басқа ықпалды мемлекеттер жоқ болатын. Мұндай жағдай өмірге жаңа ғана келген мемлекеттің буынының бекуіне қолайлы жағдай туғызды.

Қазақ хандығының нығаюы. Әбілхайыр ханның өлімі, Өзбек ұлысындағы терең дағдарыс Жәнібек пен Керейге Сырдарияның орта ағысы өңіріне, Түркістанға қайта оралып, ендігі уақытта бұл аймақты жаңа мемлекеттің орталығына айналдыру үшін күрес жүргізуіне мүмкіндік береді. 1470 жылдан бастап Сыр өңірінде қазақ жасақтары көріне бастайды.         Осы кезден бастап Шығыс Қыпшақ даласының далалы аудандары мен Сыр бойының орта сағасындағы қалалы орталықтарды өзіне қарату үшін әрекет ету XV ғасырдың 70—80-жылдары, алдымен, Жәнібек пен Керей хандардың, содан соң олардың мұрагері Бұрындық ханның негізгі қызмет арқауына айналады. Бұл жігерлі де мақсатты әрекет XV ғасырдың соңы және XVI ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ хандарының қызметінде өз жалғасын тапты. Қазақ билеушілерінің Түркістан мен оның төңірегіндегі қалалық орталықтар үшін мұндай табанды күрес жүргізуінің өз себептері бар болатын. Орта Сыр өңірі қалалары ерте кезеңдерден дәстүрлі экономикалық, саяси және рухани орталық міндетін аткарып келді. Ал Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығы кезеңінде көшпелі мал шаруашылығы аудандары мен отырықшы егіншілік жазираларын жалғастырып жатқан бұл өңірдің стратегиялық маңызы арта түспесе, кеміген емес. Сондықтан да қазақ хандарының жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттің болашағын тікелей Түркістан мен оның өңіріндегі Отырар, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Созақ сияқты қалалармен байланыстыруы толық негізді шешім болатын.                            Қазақ хандары мен көшпелі өзбектер ханы Мұхаммед Шайбани арасындағы Сыр бойындағы қалалар үшін күрес XV ғасырдың 80—90-жылдары ымырасыз және тынымсыз соғыс жағдайында өтті. Бұл талас барысына Әмір Темір мұрагерлері мен Моғол хандары да мүдделілік танытып, ауық-ауық араласып отырды. Дегенмен Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханның бұл соғысты XV ғасырдың соңына қарай жеңіспен аяқтау мүмкіндігі болған жоқ. Шайбанилықтар тынымсыз күрестен соң Әмір Темір мұрагерлерін ығыстырып, Отырар, Йасы (Түркістан), Арқұқ және Үзгентті алды. Кезінде Сырдың сол жақ бетіндегі Арқұқ, Үзгенттен басқа Сығанақ, Созақ және Аққорғанды (1446 жылы) Әбілхайыр ханның иемденгені болмаса, өзге қалаларды атасынан қалған мұра санауға Мұхаммед Шайбанидың ешқандай да негізі жоқ еді. Ал Ташкент пен Сайрамда бұл кезде моғол ханы Сұлтан Махмұд билік құрды.

Қазақ хандары Сығанақты, Сауранмен қоса Түркістанның солтүстік жақ бетін, Қаратаудың Созақ және басқа елді мекендерімен бірге солтүстік және оңтүстік беткейін, Сырдың төменгі ағысын, Арал жағалауын иемденді.                       XV ғасырдың соңғы онжылдықтарында шайбанилықтар мен қазақ хандары арасындағы күрес Түркістан мен Қаратау өңірі үшін ғана жүргендей көрінгенімен, шын мәнінде, бұл күрес қазіргі Орталық және Оңтүстік Қазақстанның далалы аймақтарын мекендеген халықтарды өз биліктеріне қарату үшін болған талас еді. Сондықтан да Жетісу, Түркістанның солтүстік бөлігін, Қаратау мен Сырдың төменгі ағысы өңірлерін билеген қазақ хандары осы аймақтарға жатқан дала халқын да біртіндеп өзіне қарата бастайды. Мұхаммед Шайбани болса, бұл мезгілде Түркістанның тек оңтүстік бөлігін ғана иемденіп, одан әрі ұзап шыға алған жоқ.

XV ғасырдың соңы алғашқы казақ хандарының қазақ мемлекеттігін нығайта түсуге тікелей қатысты маңызды шараларды атқарған тарихи кезең болды. Мұхаммед Шайбани хан атасы Әбілхайыр ұлысын енді қайтып сол бұрынғы көлемінде қалпына келтіре алған жоқ. Дегенмен бұл мезгіл Қазақ хандығының нығая түсуінің алғашқы кезеңі ғана еді. XVI ғасырдың бас кезінде Мәуереннахрды Әмір Темір мұрагерлерінен тартып алған Мұхаммед Шайбани ханмен күрес жаңа қарқын алды. Тура осы мезгілде, Шығыс Түркістанды (Қашқария) билеген моғол хандары бірнеше мәрте қазақ хандарынан Жетісуды тартып алу әрекетін жасап көрді. Қайткенде де Сыр бойы қалаларында орнықкан Бұрындық хан Жетісу, Орталық және Батыс Қазақстан өңіріндегі көшпелі тайпаларды хандық билік төңірегіне жұмылдыра білді.

  XVI ғасырдың алғашқы онжылдығы Қазақ хандығы үшін Мұхаммед Шайбани ханның тегеурінді шабуылына тойтарыс беру жағдайында өтті. Мәуереннахр билеушісінің 15031510 жылдары қазақ жеріне жасаған жорықтары ол қалағандай нәтиже берген жоқ. 1510 жылдың соңында Мұхаммед Шайбани хан Иран шахымен болған шайқаста қаза табады.

 Қасым хан     

                                                

Қасым ханның билігі. 1511 жылы хандық тақтан кеткен Бұрындық ханның орнына келген Қасым хан осы сәтті пайдаланып, 1513 жылы Сайрамды өзіне қаратып, Ташкентті алуға әрекет жасады. Сонымен, бұл тарихи кезең Сыр өңірі қалаларының қазақтарға біржола өтуімен аяқталады. XVI ғасырдың басындағы Қазақ хандығының өрлеуін тарихшылар Қасым хан есімімен байланыстырады. Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты (мұнда) жоғары билікке қол жеткізе алған жоқ, — деп көрсетеді Мұхаммед Хайдар Дулати. Халық "Кіші Жәнібек" атаған ханның (Қадырғали би Қосымұлы) ұлы Қасым хан (15111518/1523 жылдары) елді басқаруда қазақ жұрты арасында орныққан іргелі ата салт-дәстүрді, жол-жобаны берік ұстанды. Оның тұсында ішкі қоғамдық қатынастарды қатаң белгілі бір жүйеге түсірген «Қасым ханның қасқа жолы» атты қалың бұқара мойындаған заңдар жинағы өмірге келді. Ханның мемлекеттікті нығайтуға бағытталған бұл шаралары түрлі әлеуметтік топтардың қолдауын тапты, халықтың күнделікті тіршілігіне тұрақтылық берді. Өз ретінде ішкі тұрақтылық мал басының өсуіне, қолөнер және егіншілік аудандары мен көшпелі мал шаруашылығындағы елдің арасында табиғи өнім алмасуы мен саудаға жол ашты. Қазақ хандығының нығаюына алып келген Қасым ханның бұл шаралары көрші елдер арасында да кеңінен мәлім болды. Моғол хандары Қазақ хандығымен тату болуға ұмтылды. Жоңғарлар Қасым хан тұсында қазақ жеріне жорыққа аттануға жүрексінді. Батыстағы Ноғай ордасының біраз бөлігі ел ішіндегі берекесіздіктен қашып, Қазақ хандығына келіп паналады.

  XVI ғасырдың екінші онжылдығында Қасым хан өз билігін кең-байтақ қазақ даласының басым бөлігіне орнатты. Бұл кезде хандықтың шекарасы оңтүстікте Сырдарияның оң жағасына жетіп, Түркістан аймағындағы қалалардың біразын қамтыды, оңтүстік-шығыста Жетісудың тау етектері мен жазықтары, солтүстік және солтүстік-шығыста Ұлытау және Балқаш көлі арқылы өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне жетіп, солтүстік-батыста Жайық өзенінің аңғарына дейін созылды. Міне, осы аумақ көлемінде тұтас бір халыққа және бір мемлекетке бірігу қарқынды жүрді, мемлекет халқы 1 млн-нан асып, атты әскері 300 мыңға дейін жетті.

  Қасым хан тұсында Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде халықаралық қатынасқа араласа бастайды. Онымен алғашқылардың бірі болып дипломатиялық қатынас жасаған — Мәскеу мемлекеті. Қарқынды даму жолына түскен Қазақ елі туралы мәлімет Батыс Еуропаға да жетті, Мәскеуде бірнеше мәрте болған (1517 және 1526 жылдары) австралиялық дипломат Сигизмунд Герберштейн өз жазбаларында қазақтар жөнінде мәлімет берді.                                                                                                                         

 

 Қазақ хандығы

 

  Қазақ хандығы. Қасым хан өлген соң, таққа оның ұлы Мамаш отырды. Бұл ханның билігі кезіндегі оқиғалар жөнінде мәлімет жоқ. Мамаш хан бір шайқас кезінде өзінің ауыр сауытына тұншығып қайтыс болады. Хандықта аласапыран кезең басталады. Сұлтандар арасындағы билік үшін болған талас-тартыстан соң таққа Қасым ханның немере інісі Таһир отырады. Бұл, шамамен, 1524 жылдың төңірегі. Таһир хан мемлекет басқару ісінде жоғары қабілет таныта алмайды. Ең негізгісі — хан мен ел билеушілер арасында өзара түсінісу болмады.      

Сыртқы саясатта Қасым хан тұсындағы ноғайлармен арадағы жылы қатынас әскери қақтығысқа ұласты, ал Ташкенттің билеушісі Келді-Мұхаммедпен түсінісе алмаған Таһир хан Түркістан маңында өзбектермен болған қанды шайқаста жеңіліс табады. Осы уақытқа дейін Моғолстан хандарымен арадағы жарасымды қатынастың да шырқы бұзылады. Бірақ басы ашық бір нәрсе — сол Таһир хан көрші қырғыз елімен одаққа келіп, Жетісу мен Ыстықкөл аймағын моғол және қалмақ шапқыншылығынан қорғап қалуға көп күш жұмсайды.

Халқынан айырылған Таһир ханның өмірінің соңы жоқшылықта қырғыз жерінде өтеді. Шамамен 1532 жылы қаза болған ханның соңында азып-тозған хандық қалады.

XVI ғасырдың 30—50 жылдары қазақ және қырғыз одағының Жетісу мен Ыстықкөл аймағы үшін жүргізген күресін Таһир ханнан соң оның інісі Бұйдаш хан жалғастырады. Бұл кезде бірнеше хандыққа бөлініп кеткен қазақ жерінде Бұйдаш ханнан басқа Тоғым және Ахмет сұлтандар хандық кұрды. Тоғым хан мен Бұйдаш ханның қызметі, негізінен, Жетісу мен Сырдария өңірін моғол және өзбек хандарының шапқыншылығынан сақтап қалуға жұмсалды.   Өкінішке орай, бұл кезеңдегі қырғыз бен қазақ қолдарының басқыншыларға қарсы ерлік күресі өте ауыр шығынмен аяқталады. Мәселен, шамамен, 1537 жылы біріккен моғол-өзбек қолдарымен болған қанды ұрыста Тоғым хан тоғыз ұлымен, бауыры Мәлік сұлтанның ұлы Башибек сұлтан, тағы басқа қазақ-қырғыз қолдарын бастап келген 37 сұлтан апат болады.                     

Ал Ыстықкөл маңында Ташкент билеушісі Дервіш хан бастаған өзбек қолдарымен болған ұрыста 15501560 жылдары Бұйдаш хан қаза табады. Басқа әдіктен тарайтын жиырма төрт сұлтан және көп қазақ-қырғыз жауынгерлері қырғынға ұшырайды. Бірақ қалай болғанда да Моғолстан мен Мәуереннахр билеушілері Абд-ар-Рашид хан мен Ұбайдолла ханның Жетісу мен Ыстықкөлге орнығу әрекеті ойлағандай нәтиже берген жоқ. XVI ғасырдың 20-жылдары қалыптасқан қазақ-қырғыз одағы бұл шұрайлы аймақты қорғай алатын күш бар екендігін таныта білді.                                                 

XVI ғасырдың 30-жылдары Орталық Қазақстан үшін Ахмет ханның жүргізген күресі сәтсіз аяқталды. Ахмет хан маңғыт Орақ батырдың қолынан қаза тауып, бұл өңірдің біраз бөлігі ноғайлардың билігіне өтеді.                                               

Хақназар хан билігі. XVI ғасырдың екінші жартысында қазақ мемлекеттігі қайтадан нығаю жолына түсе бастады, Қасым ханның Ханық сұлтан-ханымнан туған ұлы Хақназарды хандық дәрежеге көтеру рәсімі болды. Хан сайлау салты бойынша, оны ақ киізге отырғызып, молда хутба оқыған соң, киізді төрт би төрт бұрышынан көтеріп, жиналған жұрттың алдынан өтіп, жаңа ханды таныстырады. Ішкі және сыртқы саясатта әкесі Қасым ханның жолын жалғастыра отырып, Хақназар хан қазақ руларының ескі қонысын сақтау, көрші елдер арасындағы Қазақ хандығының ықпалын арттыра түсуге күш салды.

  Моғолстанның Орталық Азия кеңістігінде елеулі саяси-әскери күш ретінде соңғы көрінуі осы Хақназар ханның билігіне тұспа-тұс келеді. Қазақ рулары бұл кезде жайылым іздеп, Жетісудан тыс Моғолстанның ішіне де жетеді. Бұған наразы болған Абд-ар-Рашид хан біріккен қазақ-қырғыз қолдарымен әлденеше рет қанды шайқастар өткізіп, оларды Моғолстаннан ығыстырады.

XVI ғасырдың 50-жылдары Ноғай ордасы үшін өте ауыр кезең болды. Ішкі алауыздықтан әлсіреген ноғай елінің Жайық пен Елек өзендерінің бойындағы біраз ұлыстары Қазақ хандығының құрамына енеді. Хақназар ханның ықпалы Сібір билеушісі Көшім ханға да жайсыз тиген еді.                                 

1552 жылғы Қазан, 1556 жылы Астрахан хандықтарының жерін өзіне қаратқан Ресейенді Қазақ хандығына көзін сала бастайды. Өйткені Қазақ хандығы арқылы ол Орталық Азия және Сібірмен қатынас жасай алатын еді. Орталық Азияға сауда жолы Тобылдан Ертіс арқылы Есілдің жоғарғы сағасына, одан әрі Ұлытаудың етегімен Сарысудан Түркістанға, содан соң Сырдан өтіп Бұхараға шығатын еді. 1573 жылы орыс патшасы IV Иванның Қазақ хандығына жіберген елшілігі жолда тұтқынға түседі. 1574 жылы Иван Грозный Оралдағы ағайынды Строгановтарға қазақтармен салықсыз сауда жасау құқығын береді. Осы кезеңде қазақ жеріне бас тіреген орыс елшілерінің бәріне де Қазақ хандығының ішкі жағдайын, оның көрші елдермен қарым-қатынасының жай-жапсарын анықтау тапсырылады.                                

XVI ғасырдың екінші жартысында да шайбанилықтар мен қазақ хандары арасындағы қатынастағы ең өзекті мәселе — Сырдың орта ағысындағы қалаларға билік ету еді. Бұхара, Герат және Қорасанның билеушісі Абдаллах хан өзінің жауларымен, әсіресе Ташкенттегі билікті басып алған Баба сұлтанмен күресте қазақ хандары Хақназар, Шығай және Тәуекелдердің қолдауына сүйенуге тырысты. Абдаллах хан мен Баба сұлтан арасындағы алауыздықты ұтымды пайдалана отырып, Хақназар хан Түркістанның төңірегін және Сауранды өз билігіне қаратуға күш салды. Бірақ осы билік үшін өзара қырқыс барысында Хақназар хан екі ұлы және басқа сұлтандарымен Баба сұлтанның әскерінің қолынан қаза табады. Шамамен 1580 жылы өмірден кеткен Хақназар ханның билігінің соңына қарай Қазақ хандығы батыста — Жайық, солтүстікте — Есіл мен Нұра, шығыста — Шыңғыстай, Балқаш және Шу өзені, оңтүстікте Түркістан аралығын қамтыды. Хақназар хан тұсында ноғай, башқұрттардың біраз бөлігі Қазақ хандығына қарады, қырғыз-қазақ одағы бұрынғы жылылық қалпын сақтады.      

Тәуекел сұлтан. Өмірден кеткен Хақназар ханның орнына таққа Қасым ханның інісі Жәдік ханның баласы жас кезінде шайқастарда ерлігімен көзге түскен, сексен жастағы Шығай сұлтан отырады, ал одан кейінгі елді басқару тізгіні оның ақылды да ержүрек ұлы Тәуекел сұлтанның қолына көшеді. Ортаазиялық деректер Шығай хан ұлымен Бұхара билеушісі Абдаллах ханның жағында Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы бірнеше жорықтарға қатысып, ең соңында Тәуекел сұлтан Баба сұлтанның басын алып тынғанын айтады. Қазақ сұлтанының қызметіне риза болған Абдаллах хан сұлтанға өз әкесі Ескендір ханның сүйікті иелігі Самарқанға таяу маңдағы бір уәлаятын сыйға береді.

1582 жылы Ходжентке жақын Күмішкент атты елді мекенде Шығай хан қаза табады. Келесі 1583 жылы Әндіжан мен Ферғанаға жорықтан қайтар жолда Абдаллах ханнан сезіктенген Тәуекел хан атының басын Дешті Қыпшаққа бұрады. Оның мынадай екі себебі бар болатын. Өзінің қарсыластарын түгелдей дерлік жойып тынған Абдаллах ханға ендігі уақытта, әрине, Тәуекел хан сияқты одақтастың керегі жоқ еді. Оның үстіне, Жошы тұқымы Тәуекелдің де Мәуереннахр тағынан үміттенуі ықтимал еді. Бұл кезде Тәуекел ханның Бұхара билеушісінің Түркістан мен оның төңірегіндегі қалаларды беру туралы уәдесін орындаудан бас тартқанына әбден көзі жеткен болатын. Осы кезде Тәуекел сұлтан қазақ елінің бір бөлігін ғана билейді. Елдің біраз бөлігі Хақназар ханның ұлдары Мұңғатай және Дінмұхаммед сұлтандардың ықпалында болатын. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылған жоқ. 90-жылдардың ортасына қарай Тәуекел сұлтан бүкіл қазақ жұртының ханы ретінде таныла бастайды. 1594 жылы Тәуекел хан орыс тұтқынындағы немере інісі Оразмұхаммед сұлтанды отбасымен босатып алу үшін орыс патшасы Федорға Құл-Мұхаммед атты елшісін аттандырады. Оразмұхаммед сұлтан тұтқынға 1580 жылы орыстардың Көшім ханмен жүргізген соғысы кезінде түскен еді. Яғни, бұл уақытқа дейін Тәуекелдің бүкіл хандық атынан орыс патшасына елшілік жіберуге мүмкіндігі болмаған еді. Қазақ елшілігінің алдына екі міндет қойылды. Олар: Оразмұхаммед сұлтанды отбасымен тұтқыннан қайтару және орыс патшасынан Абдаллах ханға қарсы күресте көмек сұрау. Өзінің батыс шекарасындағы көршілерімен қызу саяси күрес жағдайында тұрған Ресейдің бұл кезде Орталық Азия мәселелерімен белсенді түрде айналысуға мүмкіндігі жоқ еді. Соған қарамастан, осы кезеңнің өзінде-ақ Ресей үкіметі Қазақ хандығы және Орталық Азиядағы саяси жағдаймен тұрақты айналысып, үлкен мүдделілік таныта бастайды.

 

 

 Сібір хандығы ХV-ХVІ ғасырларда.

Сібір хандығына — ХV ғасырда Орыс патшалығына барған бұл алғашқы елшілік Тәуекел хан күткендей нәтиже берген жоқ.

Біріншіден, орыс патшасы Сібір хандығы сияқты Қазақ хандығын да өз құзырына алмақ ойы бар емеурінін жасырмай ашық айтты.

Екіншіден, орыс патшасы егер Тәуекел хан ұлы Үсейін ханзаданы Мәскеуге аманатқа жіберсе ғана Оразмұхаммед сұлтанды қайтаратындығын білдірді.

Үшіншіден, патша Тәуекел ханды орыс патшалығының қол астында үйіріп, оның бұйрығы бойынша Бұхара билеушісі мен Сібір ханы Көшіммен соғысуға міндеттейді.

Құл-Мұхаммед елшілігіне Мәскеуден Тәуекел ханға аудармашы Вельямин Степанов жіберіледі. Қазақ хандығы мен орыс патшалығы арасындағы елшілік қатынас осылай басталады.

 Есім хан.                                                                            

  Есім хан. Қасым ханнан соң қазақ мемлекеттігін жандандыра түскен Хақназар хан мен Тәуекел ханның қызметі Сырдың орта ағысындағы қалаларға біржола орнығу, Жетісу мен Ыстықкөл өңірінен қазақтар мен қырғыздарды ығыстыру мақсатында жасалған біріккен моғол және шайбанилықтардың шабуылына қырғыздармен одақтаса тойтарыс беру, сондай-ақ Бұхар хандығының ішкі саяси өміріне пәрменді араласып отыру арқылы Мәуереннахр өңірін өз ықпалында ұстау бағытында жүрді.                         

XVII ғасырдың бас кезінде Қазақ хандығының көрші елдермен қатынасы өзгерістерге ұшырайды. XVI ғасырдың екінші жартысы Моғолстан үшін құлдырау кезеңі болды. 1605 жылы Бұхарадағы билікке аштархандық әулеттің өкілі Имамқұли келді. Бұл кезде Бұхар хандығы Қазақ хандығы үшін Абдаллах хан кезіндегідей соншалықты қаһарлы емес еді.

Қазақ қолдарымен арада болған шайқастардан соң 1613 жылы Имамқұли хан қазақ Түрсын сұлтанды Ташкенттің билеушісі ретінде мойындайды. Ал Тұрсын хан Бұхар хандығына тәуелсіздігін көрсету үшін өз теңгесін шығарады. XVII ғасырдың бас кезі аштархандықтарға қарсы қазақ-қырғыз одағының нығая түсуімен сипатталады. 1621 жылы Шахрух бекінісінің жанында Тұрсын хан бастаған 100 мың қазақ пен қырғыз қолдары 160 мың Имамкұли хан әскерімен кездесіп, жеңіс қазақ-қырғыз жағында болады.

Есім хан билігі тұсында шығыста жоңғар қалмақтарының ықпалы артып, қазақ жеріне қауіп төндіре бастайды. Бұл жағдайды ескере отырып, Есім хан қырғыз елімен арадағы одақты нығайта түсіп, Моғолстан билеушісі Абд-ар-Рахим ханмен достық қатынаста болады.

Соның нәтижесінде, Есім хан 1620 жылы ойраттарға ойсырата соққы береді. Жорықта жүрген Есім ханның жоқтығын пайдаланған Тұрсын хан Түркістанға шабуыл жасап, Есім ханның отбасын тұтқынға алады. 1628 жылы Ташкенттің түбінде болған қанды шайқаста Тұрсын хан жеңіліп, Тұрсынның өзі осы ұрыста қаза тауып, оған қараған елдің біразы қазақ, қалғаны қырғыз арасына шашырап кетеді.

Осы мезгілде ойраттарға қарсы Қазақ-қырғыз одағының нығаюына, сондай-ақ ел арасы бірлігі ісінде көп жұмыс тындырған қырғыз Көкім би Қарашораұлының құрметіне Есім хан Ташкентте "Көкімнің көк күмбезін" салдырады. Есім хан 1628 жылдың күзінде өмірден қайтып, Түркістанда Қожа Ахмет Йасауи күмбезі жанына жерленеді.

Жоңғар хандығы және Жәңгір хан. Есім ханның көзі тірісінде-ақ жоңғар қалмақтарымен күресте оның ұлы Жәңгір сұлтан көзге түсе бастайды, ал оның хандық қызметі (16281652 жылдары) қалмақтардың басқыншылық саясатына қарсы тынымсыз арпалысты күрес жағдайында өтті. Қалмақтармен болған жекпе-жекте Жәңгірді жеңетін қалмақта батыр болған емес. Сол үшін де оны халық Салқам Жәңгір атандырады.

Сәл үзілістермен бүкіл XVII ғасыр бойы және XVIII ғасырдың алғашқы жартысында жүрген қанды жоңғар-казақ соғысына Жетісудағы, Шығыс және Орталық Қазақстандағы шұрайлы жайылымдар үшін талас негіз болды. Қалмақ тайпалары сондай-ақ Сырдың орта ағысы арқылы өтетін сауда жолдары мен егіншілік орталықтарын билеуден үміттенді. Шығысынан қуатты Қытай мемлекеті тықсырған ойраттар онымен салыстырғанда әлсіздеу, батысындағы Қазақ хандығынан қоныс тартып алу жолына түсті. Басқаша айтқанда, Қазақ мемлекеттігінің ендігі уақытта болу не болмау мәселесі таразыға түсті.                                                                                                 

Жәңгір ханның үлкен саясаткерлігінің, қолбасшы-батырлығының арқасында Қазақ мемлекеті сақталып қалды. Жоңғар хандығының қуатын бағалай білген Жәңгір хан Бұхара Хиуа және Монғол хандықтарымен белсенді дипломатиялық қатынасқа көшеді. Оның әсіресе 1612 жылдан бастап Самарқанның әмірі Жалаңтөс батырмен достық қатынасы қалмақтармен күресте өз нәтижесін береді.

1643 жылы жаңа жоңғар-қазақ соғысы басталып кетті. 50 мың әскермен басып кірген Батур қонтайшы қырғыз Алатауының біраз жерін, Шу өзенінің жоғарғы оң сағасын, сондағы елдерді жаулап алады.

Жәңгір хан Жалаңтөс әмірді, тяньшаньдық қырғыздарды жәрдемге шақырады. Өзі 600 адамдық қолмен Жоңғар Алатауының тар жылғасында қонтайшының әскерін қарсы алады. Аз қолмен үлкен әскерге бетпе-бет келудің мүмкін еместігін түсінген Жәңгір хан айлаға көшеді. Tap жылғада бірнеше ор қаздырып, оларды бекініс етіп, мылтығымен үш жүз жауынгерді орналастырып, қалған үш жүзден бекіністерді алмақ болған Батур қонтайшының сыртынан кенеттен шабуыл жасайды. Алды-артынан жауған оқтан, екі жақ беттен төмен қарай құлаған тастан мыңдаған жоңғар жауынгерлері қаза болады.   Бірақ шайқас мұнымен аяқталмайды. Қонтайшы өзінің басымдығын енді сезіне бастаған сәтте 20 мың қолымен Жалаңтөс батыр, Көтен және Табай батырлар бастаған қырғыз жасақтары келіп жетеді. Ендігі шешуші шайқас жазықта өтеді. Жеңіс толығымен Жәңгір жақта болады. Он мыңға жуық әскерінен айырылған Батур қонтайшы үлкен шығынмен еліне қайтады.

1646 жылы қонтайшы қазақтардан кек алу үшін қайтадан атқа қонады. Бұл жолы ол үстем түсіп, Жәңгір сұлтанның інісін бала-шағасымен және басқа біраз адамдарды тұтқынға алып, кейін оралады.

Қазақ пен қырғыздарға қарсы келесі 16511652 жылдары жорыққа ойраттар үлкен даярлық жасап, Ресейдің жақын аудандарынан сауыт-сайман, оқ-дәрі, қару жасауға қажет темір сатып алады. Бұл жолғы соғыс қазақ пен қырғыздарға өте ауыр тиеді. Қанды бір шайқаста қазақ мемлекетінің басшысы ретінде кемел саясатымен және туған елін қолына қару алып қорғауда ерен ерлігімен бүкіл Орталық Азия елдері арасында кең танымал болған Жәңгір хан майдан даласында мерт болады.

 Тәуке хан. 

Тәуке хан заманы. Қалмақтармен жер үшін күрес Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан (16801715/1718 жылдары) тұсында да жалғасады. Тәукенің билігі қалмақ қонтайшылары Қалдан Бошоқты (16761697 жылдары) мен Себан-Рабданның (16971727 жылдары) билігіне тұстас келді. Бұл — қазақ-қалмақ қатынасының аса ширыққан кезі болатын. Қалдан ханның әскері 1681 және 1683 жылдары Сайрамға дейін жетеді. Жетісу өңірі біраз уақытқа қалмақтардың қолына өтеді. 1710 және 1711 жылдары қалмақтар қазақ жеріне жаңа шабуылға көшті. Оған жоңғарлардың Қытаймен арадағы қатынасының шиеленісіп кетуі себепші болған еді.                                                             XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бас кезі жоңғар қалмақтарынан төнген қауіпке қарамастан, Қазақ мемлекеттігінің нығая түсуімен сипатталады. Ел арасында қалыптасқан пікір мұндай жағымды өзгерістерді Тәуке ханның есімімен байланыстырады. Тәуке өзінің қайраткерлік қабілеті арқасында ел ішіндегі алауыздыққа жол бермей, татулық орнатты, орталық хандық биліктің рөлін күшейтті, соның нәтижесінде, елдің әл-ауқаты, байлығы артты. Сондықтан да халық ханды әз-Тәуке атап, ал оның билік құрған кезеңін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бағалады.      

Жоңғар хандығымен күрес жүргізе отырып, Тәуке хан Бұхармен жақсы қатынаста болуға тырысты. Ол қазақ хандарының дәстүрлі Мәуереннахрдағы ықпалы үшін күрес бағытынан қайтқан жоқ, өмірінің соңына қарай Ташкентті өзіне қаратты. Ресейдің Батыс Сібірге біржола орнығуы, Ертіс бойына орыс бекіністерінің орныға бастауы, сөйтіп, бұл қуатты мемлекеттің батыс пен солтүстік-шығыста қазақ елінің тікелей көршісіне айналуы, әрине, Тәуке ханды да ойға салғаны анық. Жоңғардан төнген қауіп жағдайында оның 1717 жылы орыс үкіметіне елші аттандырып, әскери көмек сұрауы — соның айғағы.

Пайдаланылған әдебиет:

1.      Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006.

2.      Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы 1994 ж

3.      Қазақстан тарихы. Бес томдық. 1-бөлім, 5-6 тараулар.

4.      Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы, 4-бөлім