ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІ

 

Үйсіндер Орталық Азия аумағындағы алғашқы таптық этнобірлестіктердің бірі болған. Қытай деректерінде үйсіндер туралы алғашқы деректі елші Чжань Цзянь жазған, оның топшылауына қарағанда үйсіндер ертеректе Цилянь-Шань мен Дуньхуан аралығында мекендеген, кейіннен Жетісуға қоныс аударған. Үйсіндердін мемлекеті б.з.б.ІІІ ғасырдан б.з.V ғасыр аралығында батыс шекарасы Шу, Талас өзендері бойымен Қаратаудың шығыс бөктерінен басталып, шығысында Бесбалық ауданымен шектессе, солтүстігінде Балқаш көлінен, оңтүстігінде Теріскей Алатауының бөктерін алып жатты. Елдің қалың қоныстанған орталығы Іле өзенінің аңғары болды, елдің ордасы Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік аралығындағы Қызыл Аңғар қаласы болған. Қытай дерктерінде б.з.б. ІІ ғасырда үйсіндердің саны 630 мың адам, соғыс кезінде көптеген атты және жаяу садақшылардан тұратын әскер шығара алатындығы жазылған. Сондай-ақ, елдің оң қанат, орталық және сол қанат болып үшке бөлінетіндігі айтылады. Екі қанатты кіші гуньмолар басқаратыны және олар орталықтағы ұлы гуньмоға тәуелді болғаны және әр гуньмоларда тұрақты он мың жасақтары болды дейді. Деректерде үйсіндерді көшпелі ел, мал өсірумен қатар егіншілікпен айналысады деп көрсеткен. Жетісу жерінің ерекшелігіне байланысты үйсіндерді жартылай көшпелі тайпа болған деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, Кеген өзенінің бойындағы Ақтасты қонысынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде 11 бүтін және 15 сынған дәнүккіштер табылғаны және үйсіндердің өнделетін алқаптары көп жағдайда, су өздігінен ағып баратын тау бөктерінде орналасқаны осыған дәлел.

Үйсіндердің этногенез және этникалық тарихы. Чжань Цзянь үйсіндерге елші болып келгенде, шығу тегіне байланысты аңызын жазып қалдырған. Бұл аңызда үйсіндерге көрші жатқан юечжилер шапқыншылық жасап, гуньмоларын бүкіл халқымен қырып салған. Аман қалған гуньмоның кішкене нәрестесі мен оның күтушісі ғана екен. Бір күні күтушісі тамақ тауып келуге кетіп қайта оралса, баланы қасқырдың қаншығы емізіп тұр екен. Мұны көрген күтуші әйел баланы алып, ғұндардың билеушісіне барады. Жас гуньмо ер жеткенше ғұн билеушісінің сарайында тәрбиеленіп өседі. Кейінен шаньюйден көп әскер алып юечжилерден кек алады және олардың жерлерін басып алыпты мыс. Бұл аңызда үйсіндерді Солтүстік Кытай жерінен Жетісуға қоныс аударғанымен қатар, этникалық жағынан ғұндармен жақындығына меңзейді. Кейбір деректерде үйсіндер жерінде мекендейтін тайпаларда «көлденең жазылатын» жазуы болған десе, мұндай деректерді археологиялық жәдігерлер де растайды. Ертіс өзені бойындағы бір үңгірден және Зыряновск руднигі маңынан табылған тоғыз руналық жазбаны зерттеп А Ремюза ХІХ ғасырдың 20-жылдарында ол жазбалардың солтүстік руналық жазуға ұқсастығын айтып өткен. Жазудың шығуы жөнінде «қытайларға У-сунь деген атпен белгілі және Христос туғанға дейін 100 жыл бұрын Ертіс жағасымен Зайсан көлінің батыс жағын мекендеген тайпалардың қолданғаны күмәнсіз» деп жазған еді. Кейіннен түркі жазуымен айналысатын мамандар да үйсіндер көне түрік руналық жазбаны қолданды, өздері де көне түркі тілдес болған деген пікір айтуда. Үйсін деген атаулар орта ғасырлық «Моңғолдың құпия шежіресінде» (ХІІІ ғ), Рашид-ад-Диннің еңбегінде (ХІV ғ) кездеседі. Қорыта келгенде көне қытай жазбаларындағы «У-сунь» тайпалары мен қазақтың Ұлы жүзіне ортақ атау болған үйсін тайпалық бірлестігі арасында этногенетикалық байланыс бар. Орта ғасырлық деректерде, сондай-ақ көне жазбалардағы «у-суньдар» мекендеген жерлер, әдет-ғұрыптары, шаруашылығы және күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі өзара ұқсастықтардан бүгінгі қазақ мәдениетінің сабақтастығын байқаймыз. Қырғыз халқында «үйшун» тайпасының болуына қарағанда, «у-суньдардың» бір бөлігі қырғыз халқының құрамына кірген сияқты. Бүгінде көне үйсін тайпасының бір бөлігі қазақ халқының құрамына еніп, қазақ ұлтының қалыптасуында елеулі рөл атқарды.

Әлеуметтік қатынастары. Ежелгі үйсін қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғандығы еш күмән туғызбайды. Үйсіндерде құлдар бола тұрса да, құл еңбегі өндіріс негізі болған жоқ. Құлдар негізінен соғыс тұтқындары болған. Жазба деректердің бірінде «б.з.б. І ғасырда үйсін гуньмосы Вэн Гуйми ғұндарға тұтқиылдан шабуыл жасап, 40 мың адамды айдап алып кетті» делінген, бірақ патриархалды-рулық қатынас күшті болған жерде еркін ұсақ өндірушінің құл болуы өте сирек болады. Әдетте құлдар мырзаны және оның отбасын күтуші малайлары болған.

Қоғамдағы теңсіздіктің тағы бір дәлелі, Жетісу жеріндегі үйсіндердің заманынан қалған мыңдаған обалар. Обалар негізінен көлемі жағынан үш түрге бөлінеді. Бірінші түрінің диаметрі 50-80 м және биіктігі 8-12 м болады. Мұндай үйінді астында жерленген адамдардың жанына көптеген алтын әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқтар мен қару-жарақтар қойылған. Бұған мысал ретінде Шығыс Жетісудағы Теңлік обасын, Батыс Жетісудағы Қаракөл және Буранин обаларын айта аламыз. Обалардың екінші түрінің диаметрі 15-20 м, ал биіктігі 1-1,5 м болады. Мұндай обалар жүзге тарта үйінділері бар қорымдарда топталған. Салынған заттар арасында көбінесе қару-жарақтар, ыдыс-аяқтар, қола әшекейлер және ішінара алтын әшекейлер де кездеседі. Ал үшінші обалардың диаметрі 5-10 м, биіктігі 30-50 см болады. Ондай обаларда мәйіт жанында бір-екі ыдыс, ішінара қола әшекейлер кездеседі, бір ерекшелігі мұндай обаларда қару-жарақ кездеспейді. Негізгі шаруашылығы төрт түлік мал өсіру болған соң меншік төрт түлікпен бірге жайылым жерлерге де тарады. «Цянь Ханьшу» жазбасында «бай үйсіндер 4000-5000 жылқы ұстайды» делінген. Осыдан кейін үйсіндерде байлықтың негізгі көзі шаруашылықтағы жылқының саны болған деуге болады.

Үйсіндердің көрші халықтармен байланысы. Чжань Цзянь жазғаны мен кейінгі грек-римдік жазбаларда «ғұн-усундер» деп бірге атаулары олардың аралас-құралас қатынасын білдіреді. Б.з.б І ғасырдың екінші жартысында үйсіндер ғұндар мен қаңлылардың біріккен шапқыншылығына ұшыраған. Түбі бір үйсіндер мен ғұндар арасында соғыстардың шығуын б.з.б І ғасырдағы «Халықтардың Ұлы қоныс аударуынан» кейін жайылым жерге таласу нәтижесінде туындаған деуге болады. Осы уақытта өмір сүрген Хань империясы билеушілерінің әрекеттерінен өздеріне қауіп төндірген көшпенді елдерді бір-біріне біріктірмей, керісінше «көшпенділерді көшпенділердің өз күшімен талқандау» саясатын ұстанғанын көруімізге болады. Бұл жолда Хань билеушілері ештеңе аямаған, көбіне құдаласу тәсілін қолданған дейді зерттеуші Н.Бичурин. Хань императорлары үйсіндермен одақтасып «ата жауы» болған ғұндарды бір жола талқандауды көздесе, ал үйсін билеушілерінің осындай әскери одақ құрудағы мақсаты, Хань империясына арқа сүйеп аймақта саяси, әскери үстемдікке ие болуды көздеді. Деректерден құдаласудың салдарынан, б.з.б.64-51жылдары Хань әулетінің сарайы үйсіндердің ішкі ісіне, тіпті тақ мұрагерін тағайындау ісіне дейін араласқан. Бұл жағдай халық бұқарасының қарсылығын туғызды. Қалың бұқара ғұндармен одақтас болуды қаласа, сарайдағы билеушілер Хань империясының одағы болуды қалады. Біріншіден, қаңлылар мен үйсіндердің өзара қатынасы, этникалық туыстығы, шаруашылығы мен тұрмыс-тіршіліктерінің жақындығы болса, екінші жағынан екі елді басып өтетін «Ұлы Жібек жолының» дамуына екі жақ та мүдделі болды. Осындай жағдай екі елден де көп жағдайда бейбіт және достық қарым қатынасты талап етті.