ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІ

 

Б.з.б. ІІ ғасырдың екінші жартысындағы «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы» деп аталатын тарихи құбылыс Еуразия кеңістігінде үлкен саяси өзгерістер алып келді. Осы уақытта Қазақстанның оңтүстік аймағында Қаңлы мемлекеті бой көтерді. Мемлекет аумағы ұлан-байтақ жерді: Ташкент жазирасы мен Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария алабының ежелгі арналарын, Жетісудың оңтүстік-батыс бөлігін және Оңтүстік Қазақстан жерін алып жатты. Қытай деректерінде бұл мемлекеттің атауын «кангюй» деп береді және бес кіші иеліктерден құрылатынын хабарлайды. Кангюй мемлекетінің аумағының тарихын алғашқылардың бірі болып зерттеген Н.Бичурин болды. Н.Бичурин «Кангюй иелігі қазіргі қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүздері көшіп жүрген Сырдарияның солтүстік аймақтарын алып жатты» деп жазған. Үлкен Хань әулетінің «Цянь Ханьшу» деген хроникасында былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уаннан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді (1ли ≈ 500м). Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады. Халқы 120 000 шаңырақ, шамамен 600 000 адамды құрайды, әскер саны 120 000. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында ғұндарға бағынады». Осындай қытай деректеріне сүйенген С.П.Толстов, қаңлы жерлері шығысында Ферғанаға (Давань) дейін, оңтүстікте Парфия және Бактриямен шектесті, батысында Бұхара жазирасымен Хорезмді қамтыды десе, А.Н.Бернштам қаңлы жерінің шығыстағы шекарасы Талас өзенінің бойы болды деген пікір айтады. Кейінгі жүргізілген археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, бүгінде тарихшыларымыз қаңлылардың бес иелігін Сырдария өзенінің бойымен былай орналастырады: 1) Ги - Сырдарияның сағасы; 2) Сусе - Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Қаратау беткейі; 3) Фуму-Жаңақорғанның солтүстік-батысынан Қазалыға дейін; 4) Юегань-Хорезм; 5) Юени-Ташкент жазирасы. Жоғарыдағы аталған аймақтардағы иеліктерінен Қаңлы мемлекеті б.з. ІІІ ғасырынан бастап біртіндеп айырыла бастаған. Б.з. V ғасырдағы деректерде қаңлылар Қытай императорына елші жіберген ел ретінде ғана белгілі. Сөйтіп, б.з. V ғасырында Қаңлы мемлекеті бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп, мемлекет ретінде жойылды.

Қаңлылардың басқа елдермен қарым-қатынасы. Қаңлылар көрші Үйсін, Ғұн, Парфия елдерімен қатар Қытай, Рим, Сирия, Индия, т.б. шет елдермен сауда экономикалық байланыста болған. Мұндай байланысқа себеп болған Қаңлы мемлекетінің геосаяси орны және Ұлы Жібек жолының бір тармағы «Дала жолы» осы өңірмен өтуші еді. Хань империясының батысқа жасаған басқыншылығына қарсы болғандардың бірден-бірі қаңлылар болды. Қытай-Ферғана соғысының барысында қаңлылардың тікелей араласуының арқасында, соғыстың нәтижесі қытайлар үшін сәтсіз болды. Б.з.б. І ғасырда Хань императорының Батыс өлкесіндегі наместнигі императорға «Кангюй әміршісі өркөкірек, батыл және біздің елшілерімізге ешбір бас июге көнбейді. Ол біздің елшілерімізді усундерден төмен отырғызды. Тамақты әуелі усундерге тартты, кейіннен барып қана, ең соңынан біздің елшілерге тартты» деп хабарлаған. Осыған қарағанда қаңлылар көршісі үйсіндерді жақын тартатындығын, олармен жақсы қарым қатынаста болуды көздейтіндерін көрсеткен. Үйсіндермен этникалық, шаруашылық, экономикалық жағынан жақын қаңлылар бірде тату болса, бірде араздас көрші болған. Көп жағдайда екі ел арасындағы қатынасқа Хань сарайы араласып отырған. Б.з.б. 47-46 жылдары қаңлылар мен ғұндардың біріккен әскері үйсіндердің жеріне жорық жасайды. Қаңлылардың билеушілері ғұндардың шаньюй Чжи-Чжимен әскери одақ құрудағы мақсаты шығыстан төнген қауіпке бірге төтеп беру болды. Бірақ бұл одақ ұзаққа бармады, оған себеп: 1) Ғұндар Талас өзенінің бойында қала салып, қаңлылардан тәуелсіз болуды көздеді. 2) Чжи-Чжи бір жанжалда қаңлы билеушісінің қызын, сондай-ақ атақты адамдарын өлтірді. Көп ұзамай ғұндардың Чжи-Чжи шаньюй құрған мемлекетін Үйсіндер мен Қытай әскерлері құлатып, Чжи-Чжи шаньюйді жақындарымен бірге тұтқынға түсіріп, бастарын алады. Қаңлылардың Қытаймен қарым-қатынасы бір қалыпты қала бергенін б.з. 85 жылы қолбасшы Бань Чжао әскеріне қарсы, Шығыс Түркістандағы көтерілісшілерді қолдап әскер жібергенінен көруге болады.

Қаңлылардың шаруашылығы. Ежелгі Қытай деректерінде қаңлыларды көшпелі ел деп жазған. Бірақ қаңлылар мекендеген жердің табиғи зоналары алуан түрлі болғандықтан оңтүстігінде дәстүрлі егін шаруашылығы жақсы дамыған отырықшы аймақ болды. Ал солтүстік-батысында жартылай көшпелі мал шаруашылығымен қатар суармалы егін шаруашылығы жоғары дәрежеде дамығандығы бүгінде бізге мәлім. Осы солтүстік-батыс аймағында, табиғи жағдайды шебер пайдаланып, тұрақты емес тасыған өзендерді, су жайылған тоғандарды, көп еңбек күшін жұмсамай, шағын суландыру жүйелерін пайдаланып, көлдете жайып суару әдісімен егістерін суарды.

Бір ғана Отырар алқабында қаңлылардың жиырмадан астам қалаларының болғанын ескерсек, қазақ даласындағы қалалық мәдениеттің бастауы сол заманда қалыптасты деуге болады. Сондай-ақ, археологиялық деректерге сүйене отырып, қаңлылар өндірушілер ретінде б.з. ІІ-V ғасырларда өздерін өздері барлық қажетті өнімдермен, оның ішінде шикізатпен қатар қолөнер бұйымдарымен қамтамасыз ете алды деп айтуға толық негіз бар. Қазба жұмыстары кезінде күнделікті тұрмыста металл ыдыстармен қатар керамика ыдыстарын кеңінен қолданғаны белгілі болды. Осы күнге дейін мамандар қаңлылар соққан 1300 мыс тенгені тапқан, мұндай теңгелер көбіне ішкі сауда айналымында жүрген. Осылайша, қаңлыларда қалалардың өсуіне бірден-бір себепші болған сыртқы саудамен қатар ішкі сауда да жоғары дамыған.

Археологиялық ескерткіштері. Қаңлылар мекендеген Сырдария өзенінің алқабынан археологтар б.з.б . ІІІ ғасыр мен б.з V ғасыры аралығындағы көптеген қала-қоныстар мен қорымдарды тапты. Табылған археологиялық ескерткіштерді ғалымдар Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар археологиялық мәдениеттері деп атады. Қауыншы археологиялық мәдениеті Ташкент жазирасында тараған. Бұл мәдениеттің жақсы зерттелген ескерткіші, Шардара маңындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан Ақтөбе қонысы және Шәушіқұм, Жамантоғай, Төребайтұмсық қорымдары. Отырар-Қаратау археологиялық мәдениетінің тараған аумағы Сырдария өзенінің орта ағысымен шығысқа қарай Қаратау бөктерімен бойлай Талас өзеніне дейінгі аралықты алып жатты. Аталған мәдениеттің ескерткіштерінің шоғырланған жерінің бірі, Арыс өзенінің сол жағалауында 100 шаршы шақырым жерді алып жатқан, көлемі жағынан әр түрлі жиырма шақты төбелер. Ең ірісі мен орталығы болған Көк-Мардан қалашығы Арыс өзенінің ескі екі арнасының қосылған жеріндегі аралда орналасқан. Көлемі 2 гектардан сәл астам, ал ең биік жері 15 метр.

Жетіасар археологиялық мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарында тараған. Бұл мәдениет б.з.б І мыңжылдықтың ортасынан б.з. І мыңжылдық ортасына дейінгі уақытта Арал теңізінің бүкіл шығыс аймағына тарады. Мәдениеттің шоғырланып тараған жерлерінің бірі, Сырдария өзенінің солтүстіктегі ең ежелгі тармағы Қуаңдария өзенінің бойы. Ол жерде жүз елуден астам бекіністі қалашықтар мен жүзден астам обалы қорымдар орналасқан. Жетіасар мәдениетінің бір ерекшелігі ірі қоныстардың барлығы дерлік мықты қорғаныс жүйесімен салынған. Қалалардың көбі бір жерде мың жылдай өмір сүргендіктен, ежелгі қабаттарының кейінгі қабат астында қалып қоюы мамандардың зерттеу жұмыстарына қиындық туғызып отыр.

Қаңлылар қазақ шежіресінде Майқы биден тарайды делінген. Әрине тарих ғылымы үшін ол жеткіліксіз дәлел. Көптеген ғалымдар Сырдария өзенінің бойында б.з.б. ІІІ ғасыр мен б.з. V ғасырда мекендеген қаңлы тайпасы бірлестігін парсы тіл тобындағы халықтарға жатқызған болатын. Алайда кейінгі уақытта қаңлылар ежелгі түркі тілінде сөйледі деп, алтай тіл тобына жатқызатындар да шығып жатыр. Айта кету керек соңғыларының да дәлелі салмағы жағынан айқын болып жүр. Қалай дегенмен де ежелгі қаңлылар «Халықтардың Ұлы қоныс адаруы» кезінде шығыстан келген басқа түркі тілдес тайпалармен араласып, бүгінгі қазақ халқынын құрамына кіргені ешбір күмән туғызбайды.