Қазақ халқының қалыптасуы /этногенезі/

 

Қола дәуіріндегі тайпалар. Орталық Азияның барша аймағының тарихы сияқты Қазақстанның да этникалық тарихы өте күрделі. Сан ғасырлар бойы бұл арада көптеген тайпалар мен халықтардың тағдыры тоғысып жатқан. Олар жайындағы мәліметтер батыс пен шығыстың қыруар деректерінде сан тілде жамырап сөйлеп жатыр. Шығыстанушы зерттеушілердің бірнеше ұрпағы оларды оқып зерттеу жөнінде көп жұмыс жасағаны бүгінгі буынға айтарлықтай мәлім. Қазақ халқының шығу тегін зерттеудің негізгі аспектілері лингвстикалық және антропологиялық болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның ежелгі тарихын үндіеуропалық пен түркілік кезеңдерге бөлуге болады. Б.з.д. ІІІ-І мыңжылдықтарда ежелгі Қазақ жерін қоныстанушылар өздерінің шаруашылық, мәдени дәстүрлерімен, лингвисткалық және антропологиялық тұрғыда үндіеуропалық топтың ежелгі ирандық бұтағына кіреді.          Қазақ халқының қалыптасуын анықтаған этнотектік үрдістердің қайнар көзі өте ерте замандардан алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау дәуірінен басталады. Алғашқы кезеңде бұл үрдістер ең ежелгі тұрғындармен байланысты болды да, уақыт өте келе Орталық Азияның кең байтақ далаларында этникалық үрдістер маңызды рөл атқара бастады. Қазақ жерінде халық болып құрылу үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі (б.д.д.ІІ-І мыңжылдықтар) мен темір дәуірі (б.д.д. VІІ-ІVғғ.) кезеңдерінен басталады. Олар негізінен Қазақстанның жерін мекендеген (байырғы) тайпалардан құралған. Этнос - (халық, тайпа, жұрт, ұлт) жалпыға ортақ, сыртқы кескін-кейпі ғана емес, едәуір тұрақтанған ерекше мәдениеті (тілін қоса) мінез-құлқы бар, сол сияқты өзінің бірыңғай екенін және басқа этникалық топтардан бөлектігін түсінетін сана-сезімі бар, оның бұл қасиеті өз атымен (этноним) бекітілген адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты бір тұтастығы. Сондай-ақ территориясы да бірыңғай болуы тиіс. Орта Азия мен Қазақстанның ерте дәуірдегі кезеңдерін зерттеп жүрген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, біздің жерімізде қола дәуірі (Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері) мен темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардың (сақ, сармат) иран тілдес болғандығы айтылады. Бұл кездегі тайпалар антропологиялық жағынан монголоидтық белгілері бар еуропоидтық нәсілдерге жатты. Қазақ халқының бастауына сақтар, үйсіндер, қаңлылар да кіреді.

Қазақ халқының шығу тегі туралы аспектілерге жоғарыда айтқандай лингвистикалық және антропологиялық мәселелер жатады. Орта Азия мен Қазақстан өңірінде осы екі үрдістің екеуі де қатар дамып отырған. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге: үндіеуропалық және түріктік кезеңге бөлуге болады. Атап айтқанда, лингвистика жағынан қарағанда - ежелгі еуропалық- үндіирандық- прототүркілік-түркілік- қазақ. Түркі тілі Алтай тіл отбасына (монғол-манчжұр-танғыс) жатады. Алтай қауымдастығы мезолит дәуірінде Орта Азия мен Байкал бойында пайда болды. Түркі тіліне ғұн, оғыз, қыпшақ, үйсін, хазар. Тұнғыс-маньчжұр тобына - нанай, эвенкі, манчжұр. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобының батыс тармағына жатады. Оған қарақалпақ, қарашай-балқар, башқұрт, қырым татары, қырғыз тілдері кіреді. Ал антропологиялық тұрғыдан қарағанда - еуропалық-еуропа-монғолдық- монғолдық-еуропалық. Бірінші кезеңде лингвистикалық тіл жағынан Қазақстан тұрғындары үндіеуропалық топтың ежелгі иран тобына кіреді. Бұл кез б.з.д. ІІІ-І мыңжылдықтарды қамтиды. Екінші кезеңде Қазақстанға шығыс жақтан көшпелі тайпалардың, ғұндардың Батысқа қарай қоныс аударуына байланысты, сақ және сармат тайпаларының жалғасы - үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға түскен. Б.з.б. І ғасырда Солтүстік ғұндардың құрамына кірген көптеген түркі тілдес тайпалар Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтіп, Қаңлы тайпалық бірлестігімен көрші-қолаң отырды. Ғұндардың Қазақстанға өтуінің екінші толқыны б.з. ІІ ғ. І жартысында орын алды. Бұл кезде солтүстік ғұндардың тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып, VІ ғасырға дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды. Ғұндардың біріктіруші ролінің арқасында сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық жақындасуы іске асты. Мұның өзі тайпалардың жаңа этникалық қауымдастығының қалыптасуына әкелді және сол этникалық үрдістердің бағыт-бағдарын айқындап отырды. Этномәдениеттік жағдайда түркі тілінің одан әрі дамып жайылған аймақтарда сол сияқты моңғол түрінің белгілі әсері де көбейді.

Қола дәуіріндегі тайпалар. Қазақ халқының шығу тегін зерттеу, оны оқыту мәселесін қарастырғанда, біз көне дәуірлерде жерімізде өмір сүрген тайпалар тарихына соқпай өте алмаймыз. Әрине, бұдан ІІІ—ІV мың жыл бұрын қазақ жерінде өмір сүріп, көне мәдениеттің ескерткіштерін қалдырған тайпаларды қазақ халқының тікелей ата-бабасы деу шындықтан алысырақ болар. Сонымен қатар бұл тайпалардың қазақ мәдениетінің, дәстүрлі шаруашылығының т.б. этностық қасиеттерінің қалыптасуына қатынасы болған-болмағандығын саралау — ғылыми қажеттілік деп есептейміз.

Қандай болмасын халықтың шығу тегі — этногенезі оның мәдениетінің шығу тегімен (культурогенез), тілінің шығу тегімен (глоттогенез), түр-сипатының қалыптасуымен (расогенез) байланысты. Қазақстан жерін көне заманда мекендеген тайпалар бізге қола дәуірінен бастап белгілі. Дегенмен олардың этностық атауы жөнінде нақты деректер жоқ.      Қазақстан аумағын және көрші аймақтарды б.з.д. ІІ-мыңжылдық мен 1-мыңжылдықтың арасында мекендеген тайпаларды біз олардың мәдениетінің атымен андрондықтар деп атаймыз. Андрондықтардың этностық тегі жөнінде әлі дәлелденген пікір жоқ. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, андрондықтар фин-угор этностық тобына жатқан. Фин-угорлар дегеніміз — кейінгі финдер, марийлер, мордвалар, т.б. осы тілдес халықтардың ата тегі. Бір топ ғалымдар андрондықтар унді-иран немесе арийтектес халық деп есептейді. Үнді-иран, арий тілінде сөйлегендер қазіргі үнді, иран, пуштун, тәжік, т.б. халықтардың ата тегі. Андрондықтар — үнді-иран тектес деуші ғалымдар сан жағынан басым. Кейінгі кезде жекелеген ғалымдар: "Андрондықтар — түркі тілдес халық болған" деген пікір айтуда.

Андронов тарихи-мәдени бірлестігінің іздері Батыс Сібірден, Енисейден, оңтүстікте Орталық Тянь-Шаньнан, Оңтүстік Тәжікстаннан, Ауғанстаннан, тіпті Солтүстік Пәкістан жерінен де табылуда. Андронов мәдениетін қалдырушы қола дәуірі тайпаларының негізгі орталығы Қазақстан жері болды. Бұдан біз, негізінен, Қазақстан жерін мекендеген андрон тайпаларының сол көне заманның өзінде-ақ көп жұрттармен мәдени-этностық байланыста болғандығын байқаймыз. Андрондықтар Қазақстан жерін 1 мың жылдай мекендеді, Қазақстан жерінде өздерінің ең көрнекті мөдени ескерткіштерін қалдырды, олар — қоныстар мен жерлеу орындары. Бұлардың жақсы зерттелгендері Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстан жерінде.          Қазақ жерімен көршілес далалы аймақтардағы кемінде ІІІ мыңжылдық тарихы бар көшпелі шаруашылық, тұрмыс, мәдениетінің негізін осы андрондықтар салды. Андрондықтар Еуразия даласындағы алғашқы металл өндірушілер болды. Оған — қола құрал-сайман, қару-жарақ жасауға қажетті шикізаттар — мыс пен қалайы кеніштерінің көп табылуы бірден-бір дәлел.

Андрондықтардың қыш ыдыстарындағы "балдақ", "үшкіл", т.б. өрнектерін кейінгі қазақтардың бау, басқұр, алашаларынан көруге болады.

Қола дәуіріндегі тайпалардың отқа, күнге табынуы, ата-баба аруағына сиыну, құрбандық шалу, туыстас адамдарды ортақ қорымға қою салты, жылқы мен қой малын көп өсіріп, солардың еті мен сүтін көп пайдалануы олардың қазақтармен мәдени тектестігін көрсетеді.

 

A.

Сақтар мекендеген жерлер.

  Сақтар. Б. з. д. 1-мыңжылдықта Қазақстан жерінде, Орталық Азияда, Ауғанстан мен Солтүстік Үндістанда сақ деген жалпы атауы бар тайпалар мекендеген. Дәл осы заманда Солтүстік Қара теңіз, Днепр өзені бойын скиф деп аталатын тайпалар жайлаған. Олар мәдениеті жағынан сақтарға туыстас болған. Осы кезде Еділ жағалауында, Орал тауының оңтүстік-шығыс бетінде савромат тайпалары өмір сүрген. Геродот сақ және скиф тайпаларының туыстығын көрсете келіп, олардың ортақ сколот деген атпен де белгілі екендігін айтады. Геродоттың айтуы бойынша, бұл тайпаларды скиф деп гректер атаған. Олардың тегі Азиядан шыққан, кейіннен массагет тайпаларының қысымымен Әмударияның арғы жағына өтіп Киммер жеріне қоныстанған. Көне парсы жазба ескерткіштеріне жататын "Персополь", "Бехистун" жазуларында тур тайпаларының ортақ атауын сака деп береді. Біраз кейінірек табылған жазбаларда сақтарды ендігі жерде үш топқа бөледі. Олар —

1.    парадарайя сақтары.

2.    тиграхауда сақтары.

3.    хаомаварга сақтары.

  Парадарайя сақтары дегеніміз — теңіздің арғы жағындағы сақтар. Бүгінгі күні көп зерттеушілер парадарайя сақтарының мекендеген жерін Қара теңіз жағалауы деп керсетеді. Тиграхауда сақтарының негізгі орналасқан жері Каспий теңізінің шығысынан Жетісуға дейінгі аймақ деп көрсетеді. Ал массагеттер осы тиграхауда сақтарының грек азбаларындағы атауы деген пікірлер де бар.

Тиграхауда сақтардың патшасы - Скунха. I-шi Дарияның Бехистун жазуындағы бедер, б.з.б. IV ғасыр

Тиграхауда сақтары жөніндегі деректерді Ахеменид патшалары II Кир мен Дарийдің оларға қарсы жасаған жорықтары жөніндегі жазба мәліметтерден де аңғарамыз. Сондай-ақ тиграхауда сақтары осы күнгі Ташкенттің маңайын, Тянь-Шаньды мекендеген.          Хаомаварга сақтардың ең ірі, саны жағынан көп тайпасы болған. Грек жазба деректерінде оларды кейде амюргия сақтары деп те атайды. Олар ежелгі Бактрия мен Маргиана аймақтарында, яғни Әмудария мен Мургаб өзендерінің жағалауларында орналасқан. Сонымен қатар хаомаварга сақтарының біраз топтары қазіргі Ташкент облысын, Ферғана маңын жайлаған.          

Көне грек тарихшы-географы Страбонның хабарлауынша, массагеттердің солтүстігінде дах (дай) тайпалары өмір сүрген. Бұл, шамамен, Аралдың оңтүстігі мен Каспий теңізінің шығысы болса керек. Б.з.д. III ғасырдан бастап массагеттердің аты көп аталмайды, олардан гөрі дайлар (дах) тарихи мәліметтерде көбірек аталып, Каспийдің оңтүстік-шығысынан Парфия шекарасына дейінгі жерді алып жатты.           "Авестада" сайрим деген тайпалар жөнінде айтылады. Осы сайрим тайпаларын кей ғалымдар грек деректеріндегі савромат, сарматтар деп есептейді. Олар Каспийдің солтүстік-батысынан Азов теңізіне дейінгі аралықты жайлаған. Бұлардан солтүстікке қарай Жайық өзені бойына аргиппейлер тайпалары орналасқан. Аргиппейлерден шығысқа қарай исседондар жайлаған. Олардан солтүстік-шығысқа қарай аримаспылар мен алтын қорыған самұрық тайпалары орналасқан.   

Сонымен, ғалымдардың тұспалдауы бойынша, аргиппейлер қазіргі Солтүстік, исседондар — Орталық, ал аримаспылар Шығыс Қазақстан жерін мекендеген. Бұл аталған тайпалар Қазақстан жерінде б.з.д. VIIIIV ғасырлар аралығында өмір сүрген. Бұлар өзара мәдени-этностық жақын, туыстас тайпалар болған.

 Ғұн тайпалары.

 

Батыс Ғұн Империясының территориясы Орталық Азия даласынан бастап қазіргі кездегі Германия жерлеріне дейін, және Қара теңіз бен Балтика теңізіне дейін созылған. Б. з. д. V ғасырда Оңтүстік Монғолия мен Ордоста түркі тілдес, түр-әлпеті монғолоид типтес ғұн атты тайпа өмір сүрді. Ғұндардың санын қытай деректері әрқалай көрсетеді. Бір деректер бойынша, ғұндардың саны — 300 мың, ал әскері — 30 мың. Енді бір деректер бойынша, тек әскерінің саны — 300 мың да, ал халқының саны — 1 млн 500 мың. Соңғы деректерге б.з.д. II ғасырдың басындағы Ғұн империясына қараған бүкіл көшпелі тайпалар кірген болуы керек.             Б.з.д. III ғасырлар аралығында ғұндар қытайлармен жиі қақтығысқа түсіп отырды. Бұл текетіресте көбінесе ғұндар жеңіске жетіп, қытайлар оларға әр мезгіл сыйақы төлеп отыруға мәжбүр болады.

I ғасырдың соңы мен II ғасырдың ортасында ғұндар сәнби тайпаларының ығыстыруымен батысқа жылжиды. Алдымен олар Шығыс Қазақстан және Жетісу жеріне еніп, осындағы жергілікті тайпалармен араласты. Осы жерлерде Юэбан атты мемлекет құрды. Бұл мемлекет б.з. V ғасырына дейін өмір сүрді. Ғұндар біртіндеп Еділ, Жайықтан батысқа қарайғы жерлерді де жаулап алды.                                                                    Ғұндар Қазақстан жерін бұрыннан мекендеген сақтармен, үйсіндермен араласты. Олар бір-бірімен тұрмыс-тіршілігі, тілі жағынан жақындасты. Ғұндар өздерінен бұрын Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың түркіленуіне, бет-әлпетінің монғолдануына біршама әсер етті. Ғұндармен бір мезгілде өмір сүрген және Қазақстан мен көрші аймақтағы этностық саяси жағынан үлкен әсер еткен тайпа юэчжилер болды. Олар өте күрделі этностық құрылымнан тұрған.

Үйсіндердің этникалық тарихы.

Үйсіндер тұрған жер

 

Дәл осы замандарда Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында ерекше аталатыны — үйсіндер. Үйсін тайпасының баста қалыптасқан аймағы — Солтүстік-батыс Қытай жері, осы күнгі Баркөл көлінің маңайы деп есептеледі. Осы аймақтан үйсіндер Жоңғар Алатауы, Тарбағатай баурайына б. з. д. II ғасырларда ауып келген. Олар бұл жерге бұдан аз бұрын қоныс аударып келген юэчжилерді оңтүстікке қарай ығыстырып қоныстанған. Үйсіндердің батыс шекарасы Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатқан.

Үйсіндердің атауы, оның мөні, бұл көне атаудың кейінгі қазақ ұлысындағы үйсіндер атауымен байланысы әлі толық шешілмеген. Бірқатар тарихшылар қытай транскрипциясы бойынша "усун" аталатын тайпаны "аспан" этнонимі деп білуге бейім. Енді бір пікір бойынша, қазір у-сунлеи аталатын екі иероглиф ертедегі қытай тілінде "а-сман", "аспан" деп оқылатын. Үйсін атауы кейінірек (орта ғасыр) жазба ескерткіштерінде "уіиин", "уйіиин", "хуши" түрінде кездеседі. Мысалы, ушиндер туралы дерек "Монғолдың құпия шежіресінде" (XIII ғасыр), Рашид ад-Диннің еңбегінде (XIV ғасыр) кездеседі. Бұдан қандай түйін жасауға болады? Біздіңше, көне қытай жазбаларындағы усун тайпасы мен кейінгі қазақтың [Ұлы жүзіне] ортақ атау болған үйсін тайпалық одағының арасында байланыс бар. Бұл атаудың орта ғасырлар заманында да үзілмей аталуы көне үйсіндер мен кейінгі үйсіндер арасында этногенетикалық та байланыс бар екендігін көрсетеді. Бұл пікірді көне үйсіндердің де Жетісу мен оған көрші аймақтарда жасауы, көне үйсіндердің де қазақтар сияқты киіз үйде тұрып, негізгі асы ет пен сүт, қымыз болуы бекіте түседі. Көне усундар сонымен қатар кейінгі қырғыз халкының да құрамына кірген болуы керек. Бұған қырғыз халқының ішіндегі үйшун тайпасы дәлел бола алады.             Үйсіндер ғұндармен, юэчжилермен бірде жер, мал үшін соғысып, бірде бейбіт шаруашылық-мәдени қарым-қатынаста болды. Олардың шаруашылығында, ел басқару жүйесінде көп ұқсастықтар болды. Мысалы, үйсіндер де ғұндар сияқты үш бөлікке:

1.    сол қанат;

2.    орталық қанат;

3.    оң қанатқа бөлінді.

Бұл дәстүрдің кейінгі қазақтардағы үш жүздік жүйеде жалғасын тапқандығын біз білеміз. Ғұн, үйсіндер өзара мәдени-этностық жағынан жақын да болған сияқты. Сондықтан да грек-рим авторлары оларды кейде қосарлап, "ғұн-үйсін" деп те атайды.

Қазақ этногенезінің түркілік кезеңі - Қазақстан және көршілес аймақтардың ортағасырлық этностық тарихы түркілердің тарихымен байланысты. Қазақстан жерінде түркі тектес, түркі тілдес тайпалардың көне заманда да болған. Бірақ нағыз түркілердің этностық тарихы б.з. V ғасырынан басталады. Егер түрік деген атау V ғасырдан бастап пайда болса, онда: "Одан арғы дәуірлердегі тайпаларға қалай түркі тектес, түркі тілдес деген сипат береміз?" деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Мұны былай түсіну керек. Б.з. V—VIII ғасырларының арасы түркі тайпаларының пайда болып, қалыптасу дәуірі. Ал Алтай тіл тобына жататын түркі тілінің пайда болуы түркі атын алған кейінгі тайпалардан кемінде І мың жыл бұрын болған.

Көне түріктердің шығуы. Түрік этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында 542 жылы аталады. Қытай жылнамалары түркілерді ғұндардың ұрпағы деп атаған. Бастапқы кезде түркі деген сөз түркі тілдес көшпелілердің ішіндегі басқарушы ақсүйек ру өкілдеріне ғана қатысты болды. Содан кейінгі кездерде түркі деген атау саяси мәнге ие болды. Түркі деп түркілердің қол астында болған өзге тайпалар да атала бастады. VIII ғасырдың ортасынан бастап түркі деген атау біраз уақытқа дейін жазба деректерде аталмайды. Бұл кезде түркі деген жалпы атаудың орнына жекелеген түркі тектес тайпалардың аты (теле, қырғыз, тоғыз-оғыз, ұйғыр, қарлұқ, қыпшақ) аталады. Түркі атауы X ғасырда қайта тарихи аренаға шығады. Қашқардағы, Баласағұндағы хандар (қағандар) өздеріне тағы да түркі деген этностық атау таңады. Түркі деген атау сол замандағы араб географтарының да еңбектерінде кездеседі. Осы ортағасырлық түрік атауы Кіші Азия жеріне барып қоныстанып қалған оғыз тайпасының бір бөлігінің ұлттық мемлекеттік атауына айналды. Ол — Түркия, Түрік мемлекеті.

Тарихи аренаға алғаш шыққан түркі тайпаларының бірі — теле. Олар қазіргі Монғолия жеріндегі Гоби шөлінің солтүстігінен батыста Тянь-Шань тауына дейінгі жерлерді жайлаған. Телелер одағына 15 тайпа кірген. Түріктер өзінің шығу тегін ашын тайпасымен байланыстырады.

Түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ кезеңдері. Түріктер 552 жылы Солтүстік Монғолия жерінде Түрік қағанатын құрды. Оның алғашқы қағандары Бумын, Қара қаған, Мұқан қағандар еді. Осы қағандардың тұсында көршілес жуан-жуан тайпалары бағындырылды. Мұқан қаған тұсында бүкіл Ішкі Азия, Оңтүстік Сібір жері, Оңтүстік-Батыс Манчжуриядағы қидандар, қарақытайлар, Тува жерінде Енисей қырғыздары бағындырылды. Істеми каған тұсында түріктер батысқа қарай жылжып, Жоңғария жерін, Қазақстанның, Орталық Азияның шығыс аймақтарын бағындыра бастады. VI ғасырдың екінші жартысына қарай түріктер бүкіл Қазақстан жерін, Орталық Азияның біраз бөлігін бағындырып, Қара теңіз жағалауына дейін жетті. 582603 жылдары Түрік мемлекетінде ыдырау үдерісі жүрді. 603 жылы Түрік қағанаты Шығыс және Батыс Түрік қағанаттарына бөлінді.

Шығыс Түрік қағанатының жұрты көк түрік, ал Батыс Түрік қағаиатының жұрты "он оқ бодун" — "он оқ елі" аталды. Алдында қидан елін, Енисей қырғыздарын басып алған Шығыс Түрік қағанаты, 711 жылғы Инел қаған мен оның бас колбасшысы Тоныкөктің тұсында түркештерді өзіне кқаратты. Бұдан соң 716 жылы Білге қағанның тұсында түріктер қытай әскерлеріне үлкен соққы берді. Батыс Түрік қағанаты да өзіне жаңа жерлер мен жаңа елдерді жаулап алып жатты. Олар 588 жылы Еділ бойын, Орал тауының бергі бетіндегі елдерді, Орталық Азияның біраз бөлігін өздеріне бағындырып алды. VII ғасырдың аяғына қарай түркі тайпаларына жататын түркеш тайпасының күшеюі байқалды. Шу мен Іле өзендерінің аралығында қоныстанған түркештер VI ғасырдан бастап Батыс Түрік қағанатына кірген. Олар:қара түркештер, сары түркештер болып екіге бөлінді.

Сонымен түркештер VII ғасырдың соңында Шаш (қазіргі Ташкент) қаласынан бастап, Тұрпанға, Бесбалыққа дейінгі жерді бағындырды. VIII ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік-шығыс және Шығыс Қазақстан жеріне қарлұқ тайпалары келді. Қытай деректері оларды түркі тайпаларына қоспайды, тек түріктер бағындырған тайпа деп есептейді. Дегенмен қарлұқтардың түркі тілдес, түркі тектес тайпа екендігін кейбір қытай деректері көрсетеді. Олар бұрынғы Батыс Түрік қағанатының жерінде билік құрды. Бұрынғы Батыс Түрік қағанатының, одан соң түркештердің орталығы болған Суяб, Талас қалалары олардың орталығына айналды. Қарлұқтар үш үлкен — болат, шығыл, ташлық деген тайпаларға бөлінді. Түркештер заманында, одан кейін қарлұқтар заманында Орталық Азияның біраз жерлерін арабтар жаулап алған еді. Олар арабтармен әр кез соғысып отырды. 751 жылы арабтар мен қарлұқтар бірігіп, Талас өзенінің бойында қытайларға қатты соққы берді. Сөйтіп, Жетісу мен Орталық Азия қытайлардан азат етілді. 756 жылы қарлұқтар түркештерді толық жеңіп, Оңтүстік-шығыс Қазақстанда өзінің толық саяси билігін құрды. Осы кезеңде, бұдан кейінгі онжылдықтарда да қарлұқтардың бірден-бір қарсыластары шығыстағы тоғыз-оғыздар болды. Олар кейіннен Шығыс Түркістанның батыс бөлігін, Жетісудың біраз жерін қарлұқтардан тартып алды. Тоғыз-оғыздардың құрамына кіретін ягма, сеянто тайпалары Шығыс Қазақстан жерінде билік құрды.          

VIII ғасырдың соңына қарай Қазақстан жеріне түркі тектес көшпелі оғыз тайпасы келіп қоныстанады. Оғыз тайпалар одағына қарлұқтар, халаждар, жағралар, шарұқтар, кейінірек қаңғар-пешенег топтары кірді. Алдыңғылары Жетісуды мекендеген тайпалар болса, кейінгілері Сырдарияның бойын мекендеген. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, оғыз тайпалар бірлестігіне түркі тектес тайпалармен қатар үнді-еуропа тілдес тайпалар да (астар, аландар) кірген. Оғыздардың алғаш жайлаған жері Сырдың ортаңғы, төменгі ағысы, Арал теңізінің маңы, Қаратау жоталары, Шу, Балқаш өңірі. IX ғасырда оғыздар Каспий аймағына қарай ауып, Жайық, Ырғыз, Жем, Ойыл өзендері, Мұғалжар тауы аймағына, одан әрі Жайық пен Еділ аралығына қоныстаңды. X ғасырда оғыздар хазарларды талқандап, Кавказ сыртынан Алдыңғы Азияға дейін жетті. Оғыздар Қазақстан жерінде болған екі ғасырдай уақытта баска түркі тайпаларымен өзара этностық, мәдени-шаруашылық ықпалдастықта болды.

Қимақ, қыпшақ кезеңдері.

Қимақ мемлекеті

Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан жерінде Қимақ қағанаты құрылды. Қимақ атауы кейде йемек түрінде кездеседі. Қытайдың VII ғасырдағы деректерінде оларды яньмо деп те атаған. VII ғасырда теле тайпаларының құрамына кірген қимақтар Солтүстік-Батыс Монғолия жерінің Қобда алқабында мекендеген. Олардың шығысында оғыздар, оңтүстігінде түркештер мен қарлұқтар қоныстанған. VII ғасырдың ортасына қарай қимақтар Алтай таулары мен Ертіс өңіріне қоныс аударады. VIII—IX ғасырларда Қимақ Одағына көптеген түркі тайпалары енеді. Соның ішінде ең көбі — қыпшақтар. Осы кезеңде Қимақтар Одағына кірген тайпалар үш бағытта жер кеңітті: солтүстік-батыс бағытта — Оңтүстік Оралға дейінгі жерлер, оңтүстік-батыс бағытында Сырдария алқабы мен Оңтүстік Қазақстанның басқа жерлері; оңтүстікте Солтүстік-шығыс Жетісу жерлері. Осы кезеңде қимақтар Алтай, Тарбағатай таулары]], Алакөл ойпатын түгелімен иемденді. IX ғасырдың ортасына қарай қимақтар құрамына бұрын Ұйғыр қағанатына кірген эймур, байандүр, татар тайпалары қосылып, қимақтар жеті тайпадан тұрды. Олар:

1.    эймур,

2.    имақ,

3.    татар,

4.    байандур,

5.    қыпшақ,

6.    ланиказ,

7.    ажлар.

Осы тайпалардың ішіндегі эймур Оғыздар бірлестігінің арасында да, он екі ұйғыр тайпаларының арасында да аталады. Имақ тайпасы осы қимақ конфедерациясында билеуші, ұйтқы болған тайпа. Татарлар да сол заманғы Оғыз, Тоғыз-оғыз (ұйғыр) одақтарының құрамында аталатын тайпалар. Олар да түркі тілдес. Қыпшактар Қимақ Одағындағы үлкен тайпалардың бірі. Қимақтар мен қыпшақтарды кейбір зерттеушілер бір жұрт деп те есептейді.

Қыпшақ даласы

 

Қыпшақтар Қимақтар Одағына кіргенмен, VIII ғасырдан бастап өзін-өзі билеуге, дербестікке ұмтылады. Қимақтар көшпелі болғанымен, олар да қалалар салған. Малы жұтап, не жау айдап кеткен қимақтар отырықшылыққа айналды, оларды жатақ деп атады. IXXI ғасырларда қимақтар Тәңіріге, ата-баба рухына, отқа, Күнге табынды. Сонымен қатар қимақтардың кей тобы сол кезде Шығыс Түркістан жерінде көп таралған манихей дініне де құлшылық етті. Сондай-ак қимақтар ақсүйектерінің арасында ислам діні де таралып келе жатты. Бейбіт замандарда қимақтар мен оғыздар бір-бірінің жерлерінде көшіп-қонып жүрген. Бұл шаруашылық-мәдени араластық қимақ-қыпшақтар мен оғыз тайпаларының тіл, тұрмыс, мәдениет жағынан жиқындасуына себеп болған. Мерв қаласында тұрған парсылық ақын әрі жиһангез, мемлекет шенеунігі Насыр Хосроу 1045 жылы Алтайдан Еділге дейінгі жерді Дешті Қыпшақ, яғни Қыпшақ даласы" деп атады. Бұған дейін бұл аймақты араб географтары "Оғыздар даласы" деп келген болатын.

1055 жылы Ресей жерінің оңтүстігін жаулап алған қыпшақтарды половцы деп атады. "Половец" деген сөз қыпшақтардың лақап аты "сарыдан" шығады. Сарыны орыстар "желтый", "половый" деп, содан "половец", "половцы" деген ат қалыптасты. Аты белгісіз парсы тарихшысы: "Еділ мен Дон өзенінің арасы бұрын осы жерде мекендеген хазарлар атымен "Хазар даласы"деп аталушы еді, енді бұл жер "Қыпшақ даласы" деп аталады", — дейді. Дунай бойындағы венгрлер қыпшақтарды олардың бір атасы "құнан қыпшақтардың" атауымен "құнан" деп атады. "Құнанның" бұрмаланған түрі "қоман" қыпшақтардың тағы бір атауына айналды. Қыпшақтар конфедерациясы Шығыс және Батыс қыпшақ бірлестіктеріне бөлінген. Шығыс бірлестік Қазақстан аумағында құрылды. Оған 8 ірі тайпа және 8 ру кірді.

·  Ең бірінші және басшы тайпа бөрілер (елбөрілер). Қыпшақ хандарының бәрі осы тайпадан шығып отырған. Бұл тайпа өздерін қасқырдан таралғанбыз деп есептеген. Аңыз бойынша, көне түркілер өздерін бөріден таралдық деп, бөрілі байрақ ұстаған, бөріге табынған.

·  Екіншісі — тоқсоба. Бұл тайпаның аты "тоғыз тайпалы" деген мағына береді, таңдаулы ата болып саналады.

·  Үшіншісі — йетитайпалы, "жеті рудан құралған" дегенді білдіреді.

·  Төртінші — төртоба, бұл "төрт тайпалы" — дегенді білдіреді.

·  Бесіншісі — әл-арс.

·  Алтыншы тайпа — біржоғлы, олар оңтүстік орыс далаларында қыпшақтардың үстемдігін құрған, Египетте өз ортасынан мәмлүк-сұлтандар әулетін шығарған.

·  Жетіншісі — маңқұроғлы, олар қимақтардың бір руы болса керек.

·  Сегізіншісі — имақ (қимақ) тайпасы.

  Қыпшақтардың батыс бірлестігіне 11 тайпа кірген. Олардың біразының аты Шығыс бірлестік құрамында да аталады. Қыпшақтар бірлестігіне кірген тайпалардың таза қыпшақтардан ғана емес басқа тайпалардан да енгенін байқаймыз. Қыпшақ қауымдастығының калыптасуына XII ғасырда Сырдың төменгі ағысы мен Арал маңында өмір сүрген қаңлылар белсенді қатысқан. Қыпшақтар құрамына сонымен қатар қарлұқтар, жікілдер, қайлар, баяттар, азкиштер (азкісі), түркеш топтары кірді.

 

Наймандар.

Наймандардың XIII ғасырда орналасқан жері.

 

Орта ғасырларда өзінің мемлекеттігін құрған қазақ тайпаларының бірі. Наймандардың VIII ғасырдың орта шенінде мекендеген аймағы Монғолияның орталығындағы Хангай тауынан Тарбағатай, Алтайға дейінгі аралықты алып жатты. Наймандар кейін қазақ құрамына кірген тайпалармен тығыз қарым-қатынаста болған. Наймандар мен қаңлылардың тіпті VII ғасырдың екінші жартысында қатар өмір сүрген туыстас тайпалар екендігін ұйғыр саяхатшылары жазып кеткен. Наймандар, керейлер, жалайырлармен тығыз этникалық, мәдени, саяси қатынаста болған. Кейін XII ғасырда наймандар өз мемлекетін құрғанда, оның ұлысы құрамына қаңлылар, керейлер, жалайырлар, қыпшақтар, т.б. кірген. Наймандар бірлестігінің құрамында да болашақ қазақ халқының тілдік, рухани, материалдық, мәдени, саяси ортақтастығы қалыптасып келе жатты.                                                                                       Керейлер. Керейлер туралы мәліметтер XI ғасырдың соңғы ширегіне жатады. Олар наймандармен көрші, кейде тіпті аралас орналасқан. Шыңғыс хан үлкен мемлекет құрғанға дейін керейттер (керейлер) қазіргі Монғолия жеріне түгелдей және Алтай аумағында үстемдік еткен. Монғолдар да солардың қол астында болған. XII ғасырда керейлер де өзінің ұлыстық мемлекетін құрады. Керейлердің тілі, шыққан тегі жөнінде таласты пікірлер бар. Кейбір зерттеушілер оларды монғолдан шыққан, монғол тілдес болған дейді. Кейінгі кезде керейлердің түркітектес, түркітілдес екендігін көпшілік ғалымдар мойындайды. Жалпы бұл жерде мына бір жағдайға мән беру керек. Керейлердің де наймандар сияқты тілінде, ел басқару жүйесінде белгілі бір монғолдық нышандар болған. Бірақ бұл кейін, олардың монғол империясы ықпалына, қол астына кіргеннен кейін ғана пайда болған қасиеттер.                             Моңғол шапқыншылығы заманында керейлердің бір тобы Еділ бойына дейін барған. Керейт этнонимі тіпті Қара теңіз өңірі далаларындағы жер атауларында да кездеседі. Керейлердің бір үлкен тобы Солтүстік Қазақстан жерінде орнығып қалды. Туыстас халықтар өзбектер мен қырғыздардың арасында да керейт атауы кездеседі.

Жалайырлар. Жалайырлар — алғаш керей, наймандармен көршілес қоныстанған, дәлірек айтқанда, Хилок, Селенга өзендерінің бойы, қазіргі Монғолияның Селенга аймағы мен Бурятияның шегінде болды. Ортағасырлық парсы тарихшысы Рашид ад-Дин жалайырлардың шығу тегін ортағасырлық түркі тектес ұйғырлармен байланыстырады. Жалайырлар да найман, керейлер сияқты ұлыстық-феодалдық мемлекет құрды. Орта ғасырларда дулат, қоңырат, албан, суан қазақ тайпаларының өмір сүргендігіне еш шүбә келтіруге болмайды. Бұл тайпалардың атына ұқсас тайпалар атаулары қытай жазбаларында кездеседі.

Глоссарий:

Этногенез--қандай болмасын халықтың шығу тегін зерттейді.

Культурогенез- халықтың мәдениетінің шығу тегін зерттейді.

Глоттогенез- халықтың тілінің шығу тегін зерттейді.

Расогенез- халықтың түр-сипатының қалыптасуын зерттейтін ғылым.

Андрондықтар- Қазақстан аумағын және көрші аймақтарды б.з.д. 2-мыңжылдық мен 1-мыңжылдықтың арасында мекендеген тайпаларды олардың мәдениетінің атымен андрондықтар деп атаймыз.

Фин-угорлар дегеніміз — кейінгі финдер, марийлер, мордвалар, т.б. осы тілдес халықтардың ата тегі.

Пайдаланылған әдебиет

Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006.         

Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» баспасы 1994 жыл.