ЕРТЕДЕГІ ТҰРАҚТАР

 

Қазақстан аумағындағы палеолит дәуірінің бірқатар тұрақтары туралы өткен сабағымызда айтылды. Палеолит кезеңінің елімізде орын тепкен белгілі ескерткіштерін тағы бір қайталап өтейік. Олар Оңтүстік Қазақстанда – Арыстанды өзенінің бойы, Бөріқазған, Тәңірқазған, Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ, Көшқорған кешені, Орталық Қазақстанда – Құдайкөл, Жаман Айбат, Обалысай, Өгізтау, Ақмая, Батпақ тұрақтары, Батыс Қазақстанда – Өңежек, Шақпақ Ата тұрақтары, Мұғалжар өңірі ескерткіштері, Шығыс Қазақстанда – Қанай, Үңгір, Свинчатка, Шульбинка, Қозыбай және басқа да ескерткіштер. Бұл тұрақ орындарынан палеолиттің әр кезеңдеріне жататын тас құралдары мен жануарлар сүйектері, от орындары т.б. артефактілер табылған.

Палеолиттен кейінгі келесі тарихи кезең – мезолит дәуірі б.з.б. 12–5 мыңжылдықтар аралығын алып жатыр. Дегенмен, Қазақстан аумағында мезолит ескерткіштері аз зерттелген. Алғашқы мезолит тұрақтары Қостанай маңы мен Торғай далаларынан табылса, қазіргі күнде бұл дәуір жәдігерлері Солтүстік, Оңтүстік, Орталық және Батыс Қазақстаннан табылған. Зерттелген мезолит тұрақтары Солтүстік Қазақстанда – Дачная, Евгеньевка, Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Тельман-7, 8а, 9а, 14а, Орталық Қазақстанда – Әкімбек, Қарағанды-15, Виноградовка-2а – 12, Торғай өңірінде – Дүзбай-6 тұрақтары. Қазақстанда барлығы 20 шақты ғана мезолиттік тұрақ белгілі.

Палеолиттен мезолитке көшу климаттағы өзгерістермен де байланысты болды. Бірінші кезекте бұл мұздықтардың еруімен байланысты еді. Табиғаттағы болған өзгерістер нәтижесінде флора мен фауна да өзгерді. Мамонт тәрізді жануарлар түрлері жойылып, нәтижесінде аң аулау тәсілдерін де өзгерту қажеттілігі туды, тамақ табудың бұрынғы әдістері жарамсыз болып қалды. Тіршілік етудің жаңа әдістерін іздестіру қажеттілігі туындады. Нәтижесінде бір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығы элементтері пайда болса, басқа өңірлерде балық аулау мен аңшылық кәсіптері қалыптасты. Мезолит дәуірінің ең үлкен жаңалығы – осы кезеңде садақ пен жебе ойлап табылды. Бұл аң аулау кәсібін барынша дамытты. Дегенмен, аңды қаумалап аулау тәсілі де кеңінен қолданылды.

Мезолит дәуірінде адамдардың бір жерлерден екінші өңірлерге қоныс аударуы ұлғайды. Бұл адам санының өсуіне байланысты жаңа аң аулайтын аумақтарды іздестіру қажеттілігінен туған еді. Адамдар оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге жаппай қоныс аудара бастады. Осының нәтижесінде мезолиттік тұрақтардың барлығы да бұрын палеолиттік орындар болмаған жерлерден табылды.

Мезолит дәуірінде адамдар өзендер мен көлдер жағасында орналасқан тұрақтарда мекендеген. Бірақ тұрғын үйлерінің орындары сақталмаған. Өте нашар сақталған қалдықтарына қарағанда олар бөренелерден салынған жеңіл тұрғынжайлар.

Мезолитте еңбек құралдарында да өзгерістер орын алды. Тас пышақтардың, жебе мен найза ұштарының саптары сүйектен және ағаштан жасала бастады. Ағаштар мен сүйектер ортасынан қиылып оларға тастардан өткір ұштар салынды. Мұндай құралдар бүкіл әлемде біркелкі тарады.

Неолит дәуірі – б.з.б. 6 – 3 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Бұл кезең тас құралдарының барынша көп қолданылған кезеңі болды, олардың түрлері молайып, сапалары да жақсарды. Еңбек құралдарын өндіру жетіле түсті. Жебе мен найза ұштары, балталар, пышақтар жасау жетілді. Тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келі мен келсаптар жасала бастады. Нефрит, яшма сияқты тастардан әшекейлер де жасалды.

Неолит дәуірінің ең маңызды жаңалығы – мал шаруашылығы мен егіншілік пайда болды. Бұл дәуірдегі адамдар енді табиғаттың дайын өнімдерін пайдалана бермей, оларды өздері де өндіре бастады. Бұрын хайуанаттарды тек аулап келсе, енді оларды қолға үйретті. Бұл тағам қорларын жинақтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, адамдар көктемде жерге түскен дәнді дақылдан жаңа дәндер өсіп шығатынын байқады. Енді олар қажетті дақылдарды еңбек құралдарымен қопсытылған жерлерге себе бастады. Бұлардың бәрі иемденуші шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа көшу болып табылды. Бұл өзгерістер ғылымда «неолиттік революция» деп аталады. Шаруашылықтың жаңа түрлерінің шығуы – адамзат қоғамының дамуы үшін маңызы орасан зор болды.

Неолит дәуірінде қыш құмыра жасау, тоқымашылық өнері дамыды. Кен өндіру кәсібінің бастамалары шықты.

Әлеуметтік жағынан алғанда неолиттік дәуір – рулық қауым дәуірі болып табылды. Еңбек құралдарына ортақ меншік әлі де үстем болды. Неолит дәуірінде тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас-туыстық және біртекті шаруашылық сипатына қарай біріккен рулық қауымдардан құрылды. Неолит дәуірінде егіншіліктің пайда болуы әйелдердің еңбегін арттыра түсті. Олар жер жыртып, егін екті, өнім жинады. Жүннен, теріден киімдер, балшықтардан ыдыстар жасады. Әйелдер атқаратын жұмыстардың көбеюі олардың қоғамдағы рольдерін де арттырды. Бұл аналық рудың пайда болуына әкелді. Аналық ру шеше жағынан туысатын жандардан тұрды. Метал қорытуды игеру ер адамдардың ролін арттырды. Қарапайым жер жырту құралдарымен жер өңдеу ісімен ересек ер адамдар да айналысты. Ер адамдар ролінің артуы – аталық рудың пайда болуына әкелді. Туыстық енді ата жолымен есептелді. Аталық ру бірнеше аталық отбасынан тұрды. Әр рудың өз ру атасы болды. Жалпы неолит дәуірінде қоғам егінші және малшы қауымдарға бөліне бастады.

Қазақстан аумағында неолит дәуірінің жүздеген ескерткіштері табылған. Неолиттік тұрақтар бұлақтар, өзен-көлдер бойлары мен үңгірлерде орналасты. Еліміз аумағында бұлақ бойындағы тұрақтар кең тараған. Неолит тұрақтары әсіресе Солтүстік Қазақстанда өте көп табылды. Солтүстік Қазақстанда В.Ф. Зайберт және Қостанай облысында В.Н.Логвин жүргізген археологиялық экспедициялары көптеген заттай материалдар тапты. Кейіннен ғалымдар сол табылған 300-ден астам тұрақтың заттай материалдарына талдау жасап Торғай үстіртінде неолиттік Мақанжар мәдениетін, Есіл өзені аңғарында неолиттік Атбасар мәдениетінің тарағанын бөліп көрсетті. Мақанжар мәдениетінің тұрақтары көбіне Торғай ойпатында орналасқан, олардың жақсы зерттелгендері Мақанжар, Тұздыкөл-2, Дүзбай-1-4,-12, Сор-2, Бестамақ, Амангелді тұрақтары. Атбасар мәдениетінің 200-ден астам тұрақтары белгілі болып, олардың 20 шақтысы қазылды. Бұл мәдениеттің ең жарқын ескерткіштері: Виноградовка-2 (жоғарғы қабаты), Тельман-1,-10, Явленка селосының маңындағы Қарғалы, Боголюбово, Жабай-Покровка-3 тұрақтары.

Неолиттік ескерткіштердің Оңтүстік Қазақстан аумағында жақсы зерттелгені Қараүңгір тұрағы. Үңгір екі бөлмеден тұрады, алдыңғы бөлменің ұзындығы 20 метр, төргі бөлменің ұзындығы 9 метр болады. Қазған кезде үңгірден көптеген тастан, қыштан, сүйектен жасалған құралдар табылды. Маңғыстауда б.з.б. V мыңжылдықта Ойықты және Төлес археологиялық мәдениеттері тарады. Неолит дәуірінің тұрақтарынан табылған заттарға қарап, сол кезде Қазақстан аумағындағы адамдар қыштан ыдыс жасап, жіп иіріп, тоқымашылықпен айналысқанын және бұйымдарды бояғанын көруге болады.