ЭНЕОЛИТ. БОТАЙ МӘДЕНИЕТІ

 

 Неолит дәуірінен соң келетін келесі тарихи кезең – энеолит дәуірі деп аталады. Ол мысты-тас дәуірі деген мағынаны береді. Осы энеолит дәуірінде адамдар мыс балқытуды толық игеріп, оны тұрмыста кеңінен қолдана бастады. Энеолит дәуірі б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар аралығын алып жатыр. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі, жоғарыда атап өткеніміздей – металл өңдеуді игеру болып табылды. Осы дәуірде тас құралдар жасау ісі құлдырап, олардың орнына мыс қосылған бұйымдар жасала бастады. Энеолит дәуірінде алғаш рет мыстан жасалған пышақтар, шаппа-шоттар пайда болды, мыстан инелер мен түйреуіштер де жасалды. Тастан жасалған шапқыға қарағанда мыстан жасалған шоттың немесе басқа да құралдардың жұмыс істеу тиімділігі көп есе артты. Мыстан жасалған құралдар тиімділігі нашар тас құралдарды жаппай ығыстырып шығара бастады. Мыс қалыптардың ойлап табылуы құралдарды көбейтіп шығаруға мүмкіндік берді. Мыстан жасалған өткір жүзді құралдардың пайда болуынан қармақ сияқты бұрын белгісіз болған құралдар да ойлап табылды. Осының бәрі энеолит дәуірінің басты ерекшелігі болып табылатын.

Энеолит дәуірі мал шаруашылығы басым дамыған Қазақстан далаларына да үлкен өзгерістер әкелді. Бұл дәуірде климат ылғалды болатын, сондықтан да мұндай табиғи орта сүт қоректі жануарлардың, әсіресе жылқы малының көбеюіне жағдай жасады. Бұрын бір жерден екінші жерге жиі қоныс аударатын аңшы тайпалар өздерінің көшу аумақтарын қысқартып, бір орында ұзақ уақыт тұрақтай бастады. Аң аулау алқаптарының босауы мал санының одан ары ұлғаюына әкелді. Ал энеолит тұрғындары төрт түлік малды, әсіресе жылқыларды көптеп қолға үйретіп, анағұрлым үлкен аумақтарда шаруашылықтың бір түрімен шұғылдана бастады. Осыдан олардың неолит кездегіден бөлек өз дербес мәдениеттері пайда болды.

Ботай мәдениеті. Бұл мәдениет Қазақстанның солтүстік өңірлерінің далалық энеолитін сипаттайды, мерзімі б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар арасы. Ақмола облысының Ботай қыстағы атымен аталған. Ботай мәдениетін қазақстандық археолог В. Зайберт ашқан. Ботай мәдениетінің үлкен ерекшелігі осындағы Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйегі табылған. Бұл оның тұрғындарының негізгі шаруашылығы жылқы өсіру болғанын көрсетеді. 2010 жылы британ ғалымдары ұзақ жылғы зерттеулер нәтижесінде, жер шарындағы жылқының алғаш қолға үйретілген жері Қазақстанның далалық аймағы, соның ішінде Ботай қонысы екенін анықтады.

Археологтар В. Логвин мен С. Қалиева Ботай мәдениетінің батыс жағынан зерттелген энеолит ескерткіштерінің ерекшеліктерін аңғарып, жеке Терсек мәдениетін бөліп көрсетті. Терсек мәдениетінде басқа мәдениеттің ықпалы айқын байқалған және кейбір ескерткіштері б.з.б. 4 мыңжылдыққа да жатуы мүмкін болған. Қостанай облысы аумағынан Ботай мәдениетіне ұқсас бірнеше қоныс ашылған, олар: Бестамақ, Тұздыкөл 1, Құмкешу, Қожай, Дүзбай 3, Ақмола облысынан – Ботай, Красный Яр, Васильков 4 қоныстары. Барлығы 20-дан астам қоныстар белгілі.

Қоныстар әдетте Торғай, Терісаққан, Тобыл, Обаған, Шағалалы сияқты шағын дала өзендерінің биік алаптарында орналасқан. Олардың көлемдері 2-3 гектардан 15 гектарға дейін жетеді. Бұл қоныстардың ішінде жақсы зерттелгені – Ботай қонысы. Ол шамамен б.з.б. 24-22 ғасырлар аралығында 200 жылдай өмір сүрген. Қазірге дейін 158 тұрғын үйдің орны табылған. Қоныстың тұрғын үйлері тығыз орналасып, бір-бірімен жалғасатын өзінше бір кварталдарды құраған. Бұлардың біреуінде 30-ға дейін үйлер болған.

Тұрғын үйлер жерден 1 метрге дейін шұңқыр қазылып, шығарылған топырақ оның жиегіне дуал етіліп үйілген және оған қабырғалар ретінде төбесі тарыла беретін бағаналар қойылған. Осы күмбез тәріздес құрылыс бұтақтармен және шым қабаттармен жабылған. Тұрғын үйлердің ішінде ошақтар және төбесінде түтін шығатын тесіктері де болған.

 Шаруашылығы. Қазақстанның энеолит дәуірінің тұрғындары мал шаруашылығымен айналысқаны жоғарыда айтылды. Мысты-тас дәуірі болса да олар әлі де өндірістік құралдарды тастан, сүйектен, саз балшықтан жасаған. Аттың жүгендері, кісендері сүйек бөлшектерін қосу арқылы жасалған. Бұл олардың жылқыны қолға үйреткенін тағы бір дәлелдейді. Тастан жасалған жебе, сүңгі, найза ұштары, пышақтар табылған. Бұлар аң және балық аулау құралдарына жатады. Ежелгі тұрғындар аң аулаумен де айналысқан, Ботай қонысынан мыңдаған жылқы сүйектерімен қатар бұланның, еліктің, зубрдың, турдың, аюдың, түлкінің, қоянның, қарсақтың, қабанның, құстардың сүйектері де көптеп табылған. Үй салу үшін ағаш өңдейтін балталар, шоттар, қырғыштар, кескіштер, қашаулар сияқты саймандарды пайдаланған. Тері өңдеу ісінде қырғыштар, қырнауыштар, жонғыштар, тері жұмсарту үшін сүйек келілер қолданылған. Киім тігуге қажетті инелер, тескіштер мен біздер де кездеседі.

Жерлеу ғұрпы мен басқа да белгілер энеолит тұрғындарында тотемизмнің, бабалар әруағына табынудың болғандығын көрсетеді. Адамдарды қоныстағы ескі тұрғын-жайларға жерлеп, қабірлерін айналдыра жылқының бас сүйектерін қойған. Тұрғын үйлердің бірінен, қабырғадағы сөреден ер адамның саз балшықпен мумияланған бас сүйегі табылған. Тұрғын үйлердің табалдырығы астына иттің көмілуі де жиі кездеседі, бұл да сол кезеңдегі рәсімдік сипат болып табылған. Жылқы бас сүйектерінің қойылуы жылқы тотемін, яғни жылқыға табынуды білдіруі мүмкін.

Энеолит дәуірінің жекелеген ескерткіштері Маңқыстаудан да табылған. Бірақ ғалымдардың пікірінше, ол б.з.б. 5 мыңжылдық аяғы – 4 мыңжылдық басында солтүстік және оңтүстік-шығыстан келген мәдениеті өзгеше екі толқыннан құралған.